Қазақ халқының елдігі мен еркіндігін қорғау жолында жоңғар шапқыншылығына қарсы ерең ерліктер жасап, иісі қазаққа даңқы жайылған батырлардың бірі. Байғозы батырдың туып өскен жері Арқаның Ортау, Қызылтау деп аталатын сілемді тауларының арасы. Топырақ бұйырған жері Қарағанды облысының Жаңаарқа және Шет аудандарының жапсарындағы Жаман Сарысу өзенінің бойы. Батырдың бейіті тұрған жер «Батыр басы» деп аталады.
Байғозы батырдың шыққан тегі Орта жүздің ноқта ағасы Тарақты руынан. Шежіре дерегі бойынша 12 ата тарақтының бір атасы Қыдыр болса, одан Қаржау, одан Есенкелді, одан Байғозы батырдың шешесі Шолпан-Кіші жүздің жеті руын билеген тархан Есет батырдың (1667-1749) туған қарындасы.
Тәуке ханның бас батырларының бірі болған Наймантай (сүйегі Ахмет Иасауи кесенесінденгі қорымда) баласы Байғозыны жауынгерлікке өзі баулып, әкелі-балалы батырлардың даңқы жоңғар шапқыншылығына қарсы азаттық күресінде қатар шыққан. Халық жырларында:
«Қолында қамшысы бар айбалтадай
Батыл бол батыр болсаң Наймантайдай»
«Тарақты да Байғозы,
Бұ да асқан ер еді.
Ел шетіне жау келсе,
Мен барайын дер еді» — деп айтылады. [9, б.55]
Қазақ пен қалмақ жасақтарының болған Бұланты, Қарасире, Талқы, Қозымаңырақ, Қалба, Терісаққан, Аңырақай, Хантау, Қызылтау, Ерейментау, Түркістан, Қарқаралы, Ыстықкөл шайқастарының Байғозы батыр бел ортасында болып, ерең ерліктер көрсеткен. Ол ерліктердің небір ғажайып оқиғалары Шоқан Уәлихановтың, Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің еңбектерінде, Жаңақ, Шөже сияқты ақын-жыраулардың жыр-толғауларында кездеседі.
Қан майданда талай-талай сыннан өткен Байғозы батыр Абылай ханның ту ұстаушы батырларының бірі болған. Шоқан Уәлиханов ХVІІІ ғасырдың батырларына арналған очеркінде Жәнібек, Баян, Жанатай сияқты әйгілі батырлармен бірге Байғозы батырдың ерліктерін қызықты баяндайды.
ХVІІІ ғасырдағы көп батырлардың арасынан көзге түскен жас Байғозының жауды барлап, қалмақтың ту ұстаған басшы батырын садақпен атып түсіріп, жаудың бетін қайтарғаны, сөйтіп Абылай хан мен Шақшақ Жәнібек батыр бастаған қазақ қолын жеңілістен сақтап, күтпеген жеңіске жеткізеді. Содан бастап Байғозының атағы жұртқа мәлім болады.
Хантауындағы бекінген Үсен-Серен деген қалмақ қонтайшысының шапқыншылары Арқадағы қазақ ауылдарының адамдарын байлап, малдарын айдап әкетіп маза бермейді. Соңсоң Байғозы батыр мен Керей Жарылғап батыр Көкшетаудағы Абылайға барып, жағдайды айтыпты. «Хантауында қалмақтың күшті қарулы әскері жатыр. Оған тиісу үлкен соғысқа ұласады. Одан гөрі шағын қолмен қалмақтардың ордасын қамап алайық. Қолды дұшпанның көзіне түсірмей, соған кім бастап барады?» — депті Абылай хан.
-Көзге түсірмей мен бастап барамын, — дейді Байғозы.
Абылай хан үш жүз кісілік қолымен Арқадан аттаныпты. Әскері бірінің артынан бірі түнде жүріп, күндіз жатады. Жарылғап батыр әскердің алдында барлаушы. Байғозы батыр артында бақылаушы болып, қолды Хантауында бейқам отырған қалмақ ордасының үстінен түсіріпті. Абылай хан қалмақтың қол басшысы қонташының үрейін ұшырып, айдап әкеткен адамдарын, малдарын қайырып, хонтайшы айыбына ханға қызын береді. Бұдан былай бір-біріне тиіспеуге бітім жасап қайтады.
Қазақ ордасы Ұлытауға қалмақтар келді деген хабар Байғозыға жетеді. 1743 жылы Байғозы батыр сауыт киімдерін киіп, қолына шашақты найзасын алып, жасақтармен Ұлытауға аттанып, қалмақтарды жеңіп қайтқан. Ел арасында Байғозы батыр туралы:
Тарақтыда Байғозы,
Бұ да асқан ер еді.
Ел шетіне жау келсе,
Мен барайын дер еді
Ауызша, жазбаша жеткен тарихи деректерге сүйене отырып академик Р.Б. Сүлейменов пен тарихшы ғалым Р.В. Мойсеев былай дейді: «Алғашқыда жоңғарлармен, кейін манжүр-қытай жаулаушыларымен күрес барысында Бөгенбай, Малайсары, Жәнібек, Баян, Байғозы, Жанатай, Оразымбет, Тұрсынбай сияқты ержүрек батырлардың, білікті әскербасылардың қалын легі ел ішінен суырылып шықты» (Из истории Казахстана ХVІІІ века. Ал., 1988 136-бет).
Байғозы батыр өз кезінде Болат, Әбілмәмбет, Әбілқайыр, Абылай сияқты хандардың алдың көрді; Төле, Қазыбек, Едіге, Бұхар сияқты би жыраулардың ұлағатты сөзін естіді; Бөгенбай, Қабанбай, Жәнібек, Жаңатай, сияқты батырлардан тәлім алды; Керней, Жарылғап, Әлтеке Жидебай, Шаңышқалы Бердіқожа, Шапырашты Наурызбай сияқты батырлармен төс тигізген дос болды. Байғозы батырдың Баяу деп аталатын жақын әпкесінен Қанжығалы Бөгенбай батыр туады. Сондай-ақ Байғозы батырдың Шәкі деген немере қызынан әйгілі қобызшы Ықылас Дүкенұлы туса, батырдың өз кіндігінен туған Қойсана деген қызы Шұбыртпалы Ағыбай батырдың туған анасы. Белгілі тұлғалардың өміріне қатысты мұндай деректер де елдік тарихтың қызықты беттері болып табылады.
Байғозы батырдың ұрпағы өсіп-өнген, қазір Қарағанды, Ақмола, Жамбыл, Шымкент облыстарында көптеп кездеседі. Солардың бірі батырдың алтыншы ұрпағы, белгілі жазушы, филология ғылымының докторы Ақселеу Сейдімбек.