Аттиланың (Еділ хан) дипломатиясы

Аттиланың (Еділ хан) дипломатиясы туралы қазақша реферат

Түркілердің ежелден-ақ дипломатиялық саясатты толық меңгергендігі тарихи жазбалардан белгілі. Түркі дипломатиясы түрлі қиындықтармен жүргізіліп отырған.

Әйгілі ғұн империясының билеушісі диплолматиялық шеберлігі ерекше сөз етуге тұратын жағдай. Аттила – аса айлакер саясатшы, тамаша дипломат, мәмілегер. Ол көптеген мәселелерді келіссөздер арқылы шешіп отырған. Аттиланың тарихта алатын орны, дипломатиялық таланты айрықша.

Аттила (Еділ хан) — әйгілі Ғұн империясының билеушісі.

Аттила, Еділ — әйгілі Ғұн империясының билеушісі. Оны Аттила деп сол кездегі латын тілінде, яғни Рим империясының мемлекеттік тілінде атағандықтан тарихта осы термин қалыптасты. Алайда оның есімін әр халық әр түрлі атайды. Ғұн ордасымен тығыз байланысты болған герман тайпалары тілінде оны Еңіл (Еtzеl), дат тілінде Артала , испан тілінде Атила (Аttila), қытай тілінде Әтил, қазақ және басқа түркі халықтарында Еділ — деп аталады. Әрине Аттила есімінің түбірі Еділ (орысша Волга) өзені атымен байланысты. Себебі түркі тілінің қайнар бұлағы болған ғұн тілінде Ател, Итил, Еділ деп осы өзенді айтқан болса, Днестр өзенін Уар (Вар) деп атаған [1].

Аттила патша баласы болғандықтан жас кезінде көп білім алған, бірнеше жыл Рим қаласында оқыған. Ғұн мен Рим империялары арасындағы достық қатынас яғни герман тайпаларына қарсы одақтастық Аттила туылмастан бұрын басталған еді. Римді Ғұн әскері вестготтардан әлденеше рет құтқарған себепті Рим басшылары Паннония (қазіргі Венгрия) провинциясын Ғұн ордасына 420 ж. сыйлыққа берген болатын. Сондықтан Ғұн ордасы астанасы сонда көшірілді және сол қала герман тілінде Еңілбург (яғни Еділқала, Аттилабург) деп аталды. Жас та болса Аттила Ғұн ордасының бір көл әскерін басқарды. 425 ж. оның ескері Батыс Рим қолбасшысы Ағцийге (Эций) вестготтарды талқандауға көмектесті. Сол жылдарда талантты қолбасшы ретінде Аттила жаңа көріне бастады. 434 ж. Ғұн империясының атышулы королі Руғила өлгенде мемлекет билігі оның немере інілері Бледа мен Аттила қолына тиді. Руғиланың өз балаларынан мемлекет басқаратындары болмаған себепті ол барлық үмітті Аттиладан күткен еді. Аттила оның інісі Мыңзықтың баласы болса, Бледа Ақтар деген інісінің баласы еді.

434-442 ж., яғни Аттила мемлекет басына келгеннен бастап Рим империясы мен ғұндар арасында тек бейбітшілік қатынастар болды. Аса айлакер саясатшы Аттила Римнің екі империясымен де достық қатынас жүргізді.

Ғұн империясының күннен күнге күшейе бастағаны Римнің екі империясын және герман тайпаларының корольдерін тыныш жатқызбады. Римнің әсіресе, Батыс Римнің өз әскері аз және әлсіз болғандықтан негізгі күштері жалдамалы герман жауынгерлерінен тұрды. Ал, герман тайпалары корольдеріне Рим империясының барлық байлығын иелеу үшін Ғұн империясы бақталас болды. Айлакер Рим басшылары империяны қалпына келтіру үшін ғұндар мен германдарды бірі-біріне айдап салу саясатымен айналысты.

442 ж. ғұн әскерлері римдік көп жерлер мен қалаларды басып алды. Римдіктер достық қатынастарды және келісімдерді бұзып, Ғұн империясынан қашқандарды паналатқан еді. Сол жылы Аттила сақадай сай көп әскермен дайын отырып Константинопольдегі Шығыс Рим императорына хат жіберді. Ол өктем түрде «қашқындарды тез арада қайтып бер, салықты уақытымен төле және алдағы салықтың мәселесін шешуге елшілерінді жібер» — деді. Римдіктер бұл талапты орындамаған соң, ол көп әскермен баса көктеп кіріп, көптеген қалаларды өзіне қаратты. Артын ойлайтын аса айлакер саясатшы Аттила Константинопольге жақыңдап келсе де қалаға кірмеген. Мәселені келіссөз арқылы шешіп, тиісті салығын  алып кейін қайтты.

447 ж. ғұндар мен римдіктер арасында үлкен қақтығыстар болды. Аттиланың атты әскері Дарданел бұғазына жақын жердегі Херсонес қаласы түбінде Рим әскерін оңай талқандап бытшытын шығарған. Осы жағдайдан соң римдіктер келісімге келіп, ғұн королінің талаптарын орындауға мәжбүр болды.

448 ж. Атилла Константинополые Едикон (Эдико, Едіге) бастаған елшілерді жіберді. Едикон белгілі қолбасшы, дипломат, Ғұн империясындағы министрлердін бірі және Аттиланың туысқаны болатын.

Римдіктер Едиконмен бірге Ғұн ордасына өз елшілерін жіберді. Олардың арасында белгілі тарихшы-жазушы Приск бар еді. Оның кітабы ғұндар мен Аттила туралы аса құнды естелік, алайда біздің заманға толық жетпей қалды. Соның бізге жетпей қалған кейбір мәліметтерін одан бір ғасыр кейін өмір сүрген вестгот жазушысы Иорданның кітабынан көруге болады. Жалпы Приск гұндар мен Аттила туралы ыстық ықыласпен шынайы мәліметтер жазған тарихшы. 448-449 ж. Рим басшыларының елшілері арқылы Аттилаға жасаған қылмыстары ашылып қалды. Аттила сонда Римнің екі империясымен де достық қатынаста тұруға болмайтынын түсінді. Ал герман тайпалары ше? Германдардың біраз бөлігі Аттиланың қол астында болғанымен әлі біразы ғұндармен тіл табыса алмады. Бургундия корольдігін 437 ж. Атилла  талқандаған соң, бағынбай кеткен жауынгерлері вестготтардың санына қосылды. Рим басшылары, Аттила қол астына кіріп үлгермеген германдықтар, Испанияны билеп тұрған вестготтар, Галлиядағы франктер, тюринг тайпасы, т.б. Аттилаға қарсы жасырын одақ құра бастады. Осындай жағдайда Аттила қалай қарап жатсын. Ғұндар жорыққа шығатын болғасын Рим басшылары қатты састы. Ал Аттила болса әлсіз Рим империяларын бағындыруды кейінге қалдырып, алдымен Еуропаның қалған бөліктеріндегі германдарды тізе бүктіруге кірісті [2].

Сол кезде Шығыс Рим императоры Теодор өледі, оның орнына жаңа император Марсиан отырады. Ол империяны германдықтардан, ғұндар мен Аттиладан қорғау үшін көптеген шаралар қолданды. Империяның басқа проблемалары мен өз жоспарларын ысырып тастап күшті Батысқа жібереді. Сондай-ақ ол 15 жылдан бері резервте ұстап отырған Батыс Рим императоры Валентианның қарындасы Онорияны Аттилаға қарсы пайдаланбақшы болды. Онория көп жылдан бері Аттилаға ғашық болатын. Не істерін білмей жанталасқан Марсиан, шешесі мен ағасының және Римнің талай төрелерінің қарсылығын біле тұра Онорияның неке сақинасын құпия түрде Аттилаға жеткізеді. Ал, Онория болса аса бай қалыңдық болатын. Ол шын мәнінде Батыс Рим империясының жартысына жуық (яғни Италияның жартысы) территориясының мұрагері еді. Әрине бұл жағдайлар Валентианға ұнамады. Аттила герман тайпаларын және вестготтарды жазалауға жорыққа шықты. Сол кездегі аңыздарға қарағанда Аттиланың қол астында 500000 әскер болды дейді.

Ұлы қолбасшы жер қайысқан әскермен Рейн өзеніне дейін келіп, одан өтті. Қаншама халықтар мен қалалар тізе бүкті. Айлакер Атилла «Мен тек вестготтарды ғана жазалаймын. Империяны тек солардан тазалаймын» деп жариялады. Көп қалалармен бірге Галлияны түгел алды. Көптеген қалаларға ғұн әскерлері кірген жоқ. Алайда олардың қорқыныштары мен үрейінің шегі болмады. Париж қаласы тұрғындары қаланы тастап қашпақшы болған еді.

Атилла вестготтарды жазалау үшін оңтүстікке қарай асықты. Жол бойындағы көп қалаларға көңіл бөлмей Ремстен Орлеанға сапар шеккенде Шальн-Марле, Троя, Санс сияқты үлкен қалаларға тіпті қол тигізбеген. Ол өз мақсатын жақсы білгендігі соншалық, барлық нәрседен бұрыннан хабардар болса керек. Өз әскерін азық-түлікпен және басқа керек жарақпен ұқыпты қамтамасыз етіп отырған. Орлеан стратегиялық аса қажетті қала болатын. Халқы мен әскері бес аптадан артық қорғана алмады, қақпасын ғұндарға өздері ашып берді. Осы кезде Галлияны билеуге Рим императоры жіберген белгілі қолбасшы Аэций келе сала көп шаралар қолданып жатыр еді. Мұның ақыры әйгілі Каталуния шайқасына жалғасты. Римнің белгілі қолбасшысы Аэций вестгот, алан, франк корольдерімен тіл табысып, Аттилаға қарсы көп әскер шығарды. Бұл шайқас бұрын сонды болмаған үлкен қырғын еді.

Шайқастан соң майданда 165 мың жауынгердің өліктері қалды. Оның үстіне франк пен гепидтердің 15 мың жауынгер қаза болды. Рим жағында соғысқан вестготтар бұл шайқаста шешуші рөл атқарды, алайда оларға аса қымбатқа түсті. Олардың королі Теодор шайқас кезінде қаза тапты. Шайқас кезінде Аттиланың басына да көп қауіп төнді… Бұл шайқасты көзбен керіп, басы-қасында болған грек тарихшысы Прискінің жазбалары бізге жеткен жоқ алайда бір ғасыр кейін өмір, сүрген вестгот жазушысы Иордан жазбалары осы оқиға туралы негізгі дерек болып қалған.

Римдіктер мен вестготтар әскерінің қалдығы кейін шегінді, ғұндар үлкен жеңіске жетті. Енді Рим империясы жерінде Аттила басқарган ғұн әскерлеріне қарсы тұрар күш қалмады. Сондықтан Аттила келесі көктемнен бастап Италия қалаларын емін-еркін ала бастады. Алдымен Аквилей қаласын біраз уақыт қоршаудаң соң алды. Одан соң ешқандай қиындықсыз басқа қалаларды алды. Шығыс Рим императоры кәрі Марсиан ең болмаса мәңгі астана Рим қорғанын қорғау үшін жанталасып біраз әскер жинады. Аттиланың қалың әскері Римге жақындап келгенде, қарсыласуға дәрмен жоқ империя басшылары, ғұн басшысына елші жіберіп аяғына жығылады. Кезінде Аттиламен келіссөз жүргізуге көнбеген өзімшіл Рим басшылары, жау іргеге келгенде, не сұраса да беруге, қандай талап қойса да дайын болды.

Бірақ Аттила қасиетті Рим қаласына кірген жоқ. Аттила Рим түбінен аттанғанда барлық шартқа көнетін болған римдіктер оған император Валентианның қарындасы әйгілі сұлу Онорияны өздері әкеліп беретініне сенген болатын. Ол келесі жылдың қысын Дунай жағасындағы өз ордасында өткізеді. Әскерін толықтырып, Орда күшін күннен күнге нығайта берді. Онорияны римдіктердің оған әкелуі ұзаққа созылды.

452 ж. Атилла Дунай бойындағы ғұндар астанасы Этзелбургке (сол кездегі герман тілдерінде осылай аталады, біздіңше Еділқала) үлкен салтанатпен келді. Себебі оның жеңімпаз әскері соңғы жылдары қаншама жеңіске жеткен еді. Аттиланың кеңесшілерінің бәрі келесі жорықты Шығыс Римге жасау керек деп ұсыныс жасады. Әсіресе, оның үлкен баласы Эллақ осынау жорықтың аса қажеттігін қызу қолдады. Эллақ Еділ-Жайық пен Днестрге дейінгі территорияның билеушісі аса талантты қолбасшы болатын. Аттиланың Галлия мен Италия жорықтарына ол шешуші рөл атқарған еді.

Осылай келесі жорық туралы, яғни бұрын Шығыс Римге қараған Кіші Азия жерін түгелдей бағындыру туралы дайындық жүріп жатты. Герман тайпаларын бағындырып жүргенде Аттила бургундия принцессасы Идилка атты қызға ғашық болып қалған еді. Жігіттің сұңқары ғұн короліне ғашық болған талай принцессалар болды. Бірі Рим принцессасы Онория болатын. Алайда Идилканың асқан сұлулығы әсер етті ме, әйтеуір Ғұн королі оған үйленбей тынбайтын болды. Осы мерекеге көп дайындық жасап, Идилкаға арнап сарайлар салғызды. 453 ж. Идилкаға үйленген соң Аттила яғни Еуропаны түгелдей бағындырған ғұн королі кенеттен қайтыс болды. Оның қайтыс болған жылын зерттеушілер бірде 453 ж., бірде 454 ж. деп жазады. Оның артында жеті баласы қалған еді. Олар: Эллақ, Денгизик (Теңіз), Емназар, Ұзынтұра, Өте Есқалма, Ернақ (Ирнақ). Үлкен баласы Эллақ белгілі қолбасшы Еділ-Жайық пен Днепрге дейінгі үлкен территорияны билеген және Аттила тірі кезінде оны өзінің мұрагері етіп белгілеген. Оның шәкірттері ішінде тарихта аты қалғаны Одоакр Едігеұлы 476 жылдан 493 жылға дейін Италияны жалғыз өзі биледі.

Аттила жүргізген дипломатиялық қарым-қатынастар және жорықтары. Біздің жыл санауымыздың 434 жылы Руғила аяқ асты қаза болды. Ол өзінен кейін таққа Аттила мұрагер болып қалуын өсиет еткен. Аттиланың әділ патша боларын білген халық Руғиланың бұл шешімін түгелдей қолдады.

Руғила өмірден қайтқаннан кейін ғұн ордасы мен Рим империясы арасындағы жаңадан басталып келе жатқан келісімдер бітпей қалған еді. Алайда бұл игілікті істі Аттила толырымен аяқтады. Арада елшілер біраз қатынаған соң екі ел келісімге келген. Ол келісім тарихта «Маргус келісімі» деген атаумен қалды. Маргус қаласы Шығыс Римнің Иллирия аймағында, Моравы өзенінің Дунайға құятын тұсында орналасқан [3].

Маргус келісімі 434 жылдың соңы, 435 жылдың басында болды. Оның негізгі мазмұны мынадай:

1. Екі ел арасындағы қашқындарды түгелдей қайтарып беру, яғни оларды ешқашан жасырмау.

2. Екі ел арасында тең дәрежелі сауда-саттық жасау, яғни екі елдің саудагерлері шекарадан кедергісіз өте алады.

3. Шығыс Рим ғұн ордасына жыл сайын 700 фунт алтын салық төлейді.

Міне осы келісімнің негізінде Шығыс Рим ғұн ордасына Мами, Атакам атты ғұн басшыларының қашқын балаларын қайтарып берді. Оларды Аттила мен Бледа өлім жазасына бұйырды [4].

Римнің қос империясында да ғұн жігіттері ержүректілігіне қарай басқа жауынгерлерден жоғары бағаланды. Римдіктер тұтқынға түскен ғұнды ойланбастан әскер қатарына алған. Ал готтардың тұтқынға түскен адамдары құлдықта ұсталған. Осыған қарап ғұн жауынгерлерінің империя үшін аса қажетті әскер санатын толықтыратын теңдессіз адамдар болғанын білуге болады. Мысалы, тұтқынға түскен Хелхал атты ғұн жігіті Рим әскерінің қолбасшысына дейін көтерілген еді.

Рим басшылары жақсы жауынгерлерінен айырылып қалмау үшін әр түрлі сылтаулар айтып, ғұн қашқындарын қайтарып бере қоймады. Осылайша созбалақтатып жүргенде арада бірнеше жыл өтіп кетті. Ғұндар сол кездері Рейн өзенінің алқабындағы герман тайпаларымен, оның ішінде Бургунд корольдігімен қарым-қатынастарын реттеген. Содан соң барып Шығыс Римге көңіл бөле бастаған. Ал римдіктер келісімді орындамағанымен қоймай, ғұн жігіттерін әр түрлі жағдайлармен қызықтырып, араларына іріткі салып, өз жаңтарына тартуын тоқтатпады.

Алайда шыдамның да шегі бар емес пе? Оның үстіне Шығыс Рим бір оспадар қылық, кешірілмес күнә, сүйекке таңба болар қылмыс жасады.

442 жылы Маргус қаласының епископы ғұн батырының зиратын тонайды. Батыр зиратында алтын заттар мен қымбат бағалы бұйымдар көп болған. Діндар болып жүрген аяр адамның бет пердесі осылай ашылады. Бұл оқиға ғұндардың ашу-ызасын келтіреді.

Аттила Рим халқын аяймын деп жүріп, өз қол астындағы қалың елді өкпелетіп алатын түрі бар. Сондықтан ол Маргус қаласы мен оның төңірегіндегі аймақты басып алып, ғұн ордасының құрамына кіргізді. Ғұн империясының құдіреті мен күші одан бетер ұлғая түсті.

Сол уақыттарда Аттиланың ағасы Бледа аяң астынан қайтыс болады. Оның өлімінің себебі әлі күнге дейін белгісіз. Біреулері оның өлімінің жаласын Аттилаға жапса, ал ғұндар бұл қастандықты римдіктерден көрген. Себебі Рим елшілері тек Аттилаға ғана емес, Бледаға да барып жүрген. Ал Бледа Аттила секілді ақылмен шешіп, дипломатиялың жолды ұстанатын адам болмаған, сондықтан римдіктерге қауіп төндірген. Римдіктердің ғұндардың көзге ілігер беделді адамдарына қастандың жасауы жалғыз бұл емес. Ертеректе, яғни 412 жылы олар ғұндардың қолбасшысы Донатусты өлтіріп, Аттиланың өзіне де әлденеше рет қастандың жасаған.

Римдіктердің өз қашқындарын бермейтінін біліп Аттила Иллирик пен Фракия аймақтарының біраз жерін басып алады. Содан кейін ол Қара теңіз жағалауындағы Одесса (Одесса қаласы VII ғасырдан бастап ғұн тілінде Уарна делінді. Қазір Болгария жерінде болғандықтан, болгар тіліне ыңғайластырылып Варна деп аталады) қаласында Шығыс Рим елшілерін қабылдайды. Осынау дипломатиялық келісімнің арқасында ғұндар шабуылы біраз уақытқа толастады. Алайда бір жылға жетпей келісім қайта бұзылды.

Фракия аймағына қарасты Херсонес қаласы маңында 447 жылы Шығыс Рим әскері мен ғұндар арасында үлкен шайқас болды. Аттила басқарған ғұндардың атты әскері Шығыс Рим әскерін оп-оңай талқандайды. Бұл римдік әскер деп аталса да, әр түрлі тайпалардан жасақталған құрама болатын.

Аттила, егер қаласа, Римнің астанасы Константинопольді де оп-оңай басып алар еді. Алайда ол ешқашан Рим империясының астаналарына шабуыл жасаған емес, тіпті қалаларға кірмеді де.

Міне, осы шайқастан кейін барып екі ел тағы да келісімге келді. Бұл келісім-шарт Шығыс Рим үшін өте ауыр болды. Баяғыдан бері жасаған қылмыстары үшін және 435 жылғы Маргус келісімін орындамағаны үшін, яғни 435 жылдан бері жылдық салығы 700 фунт алтынды төлемегені үшін Аттила Константинопольге 8 жылдық салықты біріктіріп өтеуге қатаң талап қойды. Демек, Шығыс Рим ғұн ордасына тез арада 6000 фунт алтын және әр жылғы салықты үш есе көбейтіп, 700-дің орнына 2100 фунт алтын төлейтін болып келісті. Бұл келісім-шарт Константинопольдің қабырғасын қайыстырып-ақ кетті. Салықтан басқа олар ғұндарға қашқындарын қайтарып беруге тиісті болды.

Сол кездері Батыс Риммен дипломатиялық қатынастарды жалғастырған ғұн ордасының елшісі Есіл болса, ал Шығыс Римге, яғни Константинопольмен елшілік қатынастарға Едіге барып жүрді. Едіге — Аттиланың туысқаны әрі ұстазы, белгілі қолбасшы, ғұн ордасындағы министрлердің бірі.

Жыл өткен сайын ғұн империясы әбден күшейді. Оған керісінше Римнің екі империясы да күннен күнге нашарлай берді. Бұл кездегі екі Рим империясының басшыларының үміті — герман тайпаларын, яғни империяның талай жерін (Африканы, Испанияны, Галлияны қазіргі Франция) басып алған жауынгер корольдіктерді ғұндарға қарсы қойып, варварларды бір-бірімен қырқыстырып, жан сақтау еді. Сондай-ақ Аттила сынды әйгілі патшаны есебін тауып өлтірсе, ғұн империясы тарап кетеді деп те ойлады.

Шығыс Рим басшысы Феодосий II ғұн патшасы Аттиланы өлтіруді бірнеше рет ұйымдастырды. Біраң ешқандай нәтиже болмады. Бірде феодосий ІІ-нің досы Христафий ғұн ордасының елшісі Едігені Аттиланы өлтіруге көндірмек мақсатымен ұзақ үгіттейді. Оған сыйлыққа алтын береді және одан да көп сый уәде етеді. Алайда олар Едігенің қулығына түсінбеді. Едіге алдап көп сыйлықтарды алған соң, олар құрған жоспарды Аттилаға баяндап береді. Осылай Константинополь басшыларының ғұн ордасына жасаған және бір қастандығы ашылып қалды [5].

Едіге римдіктер мен ғұндар арасындағы қарым-қатынасқа өз үлесін қосты. Мысалы 448 жылы ол Константинопольге барған сапарында мынадай келісімдер жасады. Біріншіден, Дунай өзенінің алқабы, яғни Паннония аймағынан Фракияға дейінгі жерлер ғұн ордасы иелігінде болғандықтан, римдіктерге ол жерлерде егін егуге тыйым салынды. Екіншіден, ғұн ордасынан азғырып, өз жағына шығарып алған жауынгерлерді тез арада қайтару керектігі айтылды. Егер бұл шарттар орындалмаса, ғұн ордасы Римге соғыс ашатынын ескертті.

448 жылы мынандай бір оқиға болған еді. Рим тарихшысы Прискус Феодосий ІІ-нің Аттилаға елшілікке жіберген адамы Максиминнің өтініші бойынша, олармен бірге жолға шығады. Араларында ғұн ордасының елшілері де бар. Жолаушылар Константинопольден 13 күндік жердегі Сардик қаласына келіп тоқтайды. Қала тұрғындары оларды жақсы қарсы алады. Бірнеше қой мен сиыр сойып, қонақасы береді. Прискус, Максимин мен оның жанындағылар Едіге бастаған ғұн жігіттерімен бір дастарқанда отырады. Тамақ алдында ғұн жігіттері Аттила есімін атап сыйынса, дастарқандастары өз патшаларына сыйынады. Араларындағы Вигил ғұндарға әзілдеп:

— Феодосий — құдайдың аты. Аттила адам емес пе? Адам мен құдайды салыстыруға бола ма? — деп күледі.

Оның бұл оспадар сөздері ғұндардың қытығына қатты тиеді. Өре тұра келген ғұн жігіттерін қарсыластары жылы сөздерін айтып, кешірім сұрап, зорға дегенде сабасына түсіреді.

Ақыры не керек елшілікке бара жатқандар да, елшіліктен келе жатқандар да ғұн ордасына жетеді. Прискус пен қасындағылар көптеген жауынгерлер күзетіп тұрған сарайға келіп кіреді. Осы кезде Аттила ағаш орындықта отырған еді. Қонақтар кірген жерде тұрып қалады. Максимин жаңындап барып ғұн басшысына сәлем береді. Феодосий беріп жіберген қағаздарды тапсырып тұрып, оған:

— Император сізге және сіздің отбасыңызға денсаулық пен бақыт тілейді, — дейді.

Сонда Аттила таза латын тілінде:

— Мен де императорға дәл сондай тілектемін, — деп жауап қайтарып, жанында тұрған Вигилге көзін қадайды. Оған деген ызалы ашуын жасырмай, күтпеген жерден айқайлап ұрса бастайды. Вигилдің ұятсыз хайуан екенін және қай бетімен ордаға келіп тұрғанын айтып сөгеді.

Арадағы келісім бойынша, Шығыс Рим империясы ғұн қашқындарын қайтарып беруге тиісті болған. Бұл келісім-шарт түгелдей орындалмайынша, ғұн ордасына ешқандай елші келмеуі керек еді. Қатты ашуланған Аттила осы жағдайларды айтып Вигилге шүйлігеді. Вигил болса, ұялған тек тұрмас дегендей, Константинопольде ғұн қашқындары қалмағанын, бәрінің қайтарылып берілгендігін айтып жалтарады. Мұны естіп, Аттила одан бетер қаһарланды.

— Мен сенің осынша иттігің үшін өлімтігіңді далаға тастап, жыртқыш құстарға жем қылар едім. Әттең, елшілік дәстүрді бұзғым келмейді. Біздің қашқындар Константинопольде көп, — деп ол жанында тұрған хатшысына қашқындар аты жазылған қағазды оқуды бұйырады.

Қағаздағы қашқындардың аттары оқылып болған соң, ол Вигилге ешқандай кідіріссіз Константинопольге қайтуды бұйырады. Оның жанына өзінің бір офицерін қосып жіберетінін айтып, Шығыс Римнен қашқындарды қайтарып беруді талап етеді. Аттила сөзін:

— Қашқындар ешкімге де пайда келтірмейді. Егер біз шабуылдай қалатын болсақ, олар сендердің қалаларыңа қорған бола алмайды, — деп аяқтайды.

Осы кездесуден кейін Вигил дереу Аттиланың бұйрығымен Константинопольге жүріп кетеді. Оның жанына қосып жіберген офицер ғұн ордасының белгілі елшісі, латын тілінде жақсы сөйлейтін баяғы Есіл еді. Ол бұрын Константинопольге көп барған, тек соңғы кездері Батыс Риммен арадағы елшілікті басқарып жүрген.

Бұл Феодосий ІІ-нің Аттиланы өлтіру мақсатында жұмсаған елшісі еді. Прискус императордың бұл істеріне қатты қынжылады. Аттилаға жасалған қастандық жоспары кейіннен ашылғанмен, ғұн басшысы дипломатиялық қатынасты бұзбас үшін, қылмыстыларды жазаламайды. Аттиланың бұл кішіпейілділігіне, дархандығына Прискус құрметпен бас иіп, өз жазбаларында Шығыс Рим императорын сынай отырып, Аттила секілді ұлы қолбасшының адал саясаты мен дипломатиялық қызметін аса жоғары бағалаған [6].

Міне бұл – сол кездегі халықаралық жағдай мен Еуропадағы аса құдіретті болып тұрған ғұн ордасы жайлы дерек берер бір ғана көрініс. V ғасырдың 40 жылдарында Аттила басқарған ғұн империясы ең күшті мемлекетке айналды. Еуропадағы барлық мемлекеттер мен халықтар ғұндармен міндетті түрде санасуға мәжбүр еді.

Сондай-ақ Аттила халықтан шыққан өнер адамдарын, ақын-жырауларды, шешен сөздің майталман шеберлерін құрметтеді. Тіпті ғұн емес, герман тайпаларының өкілдері болса да, ерекше бағалайтын болған.

Шығыс Рим елшілігімен келген Максимин мен Прискустың Аттила жасаған тойларға қатысып, байқағаны — дастарқан басында патшаның жақын адамдары мен балаларының және қонақтардың орын тәртібінің қатаң сақталуы екен. Ол әркімнің шені мен дәрежесіне байланысты.

Дастарқанда отырғандардың алдындағы ыдыс-аяқтар, қасық, шанышқылар – алтын мен күмістен жасалған хас ұсталар мен зергерлердің қолынан шыққан бұйымдар. Ал Аттиланың алдындағы ыдыстар тек ағаштан жасалған екен. Себебі ол өнер, ғылым, білімді қатты қадірлеп, патшалардың патшасы болса да, жас кезіндегі қарапайым қатардағы жауынгер дағдысынан айнымаған.

Аттила өз балаларын қатаң тәрбиеде ұстаған. Оның үлкен баласы Эллақ (Еділ мен Днепр аралығындағы өлкенің билеушісі) әдеп сақтап әкесіне тіке қарамайды екен. Даңқы жайылған батыр, билеуші бола тұрса да, әке алдында ибалы мінез көрсетіп, жүзін тіктемей, жанарын жерге салып, әдептен озбай отырған. Ал Аттила болса, кіші баласы Ернақты жақсы көретінін білдіріп, оны еркелетіп, айналып-толғану үстінде болған.

Көп ұзамай Рим мен ғұн империясының арасындағы жағдай нашарлай бастады. Батыс және Шығыс Римнің императорлары Феодосий мен Валентиниан қатты састы. 450 жылы Аттиланың жалғыз өзі екі бірдей империяға және герман корольдіктеріне қауіп төндірді [7].

Он екі ғасыр өмір сүрген Рим империясы герман тайпаларының талай шабуылын көрген. Тіпті Римді 410 жылы басқыншылар түгін қалдырмай тонады да. Ең бастысы олардан сыйлық, алтын беріп құтылуға болар еді. Ал ғұндардан қалай құтылмақ? Өйткені ғұндардың алдында Римнің талай қылмысы бар.

450 жылы Шығыс Рим императоры Феодосий өліп, оның орнына император Марциан отырды. Оның ең бірінші қолға алған мәселесі — ғұндармен баяғы достық қатынастарды орнату. Сол үшін ол көп шаралар қолданды. Батыс Рим императоры Валентинианның қарындасы Онорияны Аттилаға қарсы пайдаланбақшы болды. Не істерін білмей жанталасқан Марциан шешесі мен ағасының және Рим төрелерінің қарсылығын біле тұрса да, Онорияның неке сақинасын құпия түрде Аттилаға жеткізді.

Онория неше жылдан бері Аттилаға ғашық, сонысы үшін де Константинопольде қамауда отыр. Ол — өте бай қалыңдық, яғни Батыс Рим империясының жартысына жуығының мұрагері еді.

Бұл жағдайлар Валентинианға жай түскендей әсер етті. Дегенмен, Рим империясы қарап жатпай, герман тайпаларымен бірігіп, Аттилаға қарсы одақ құра бастады.

Галлияны, Испанияны, Солтүстік Африканы күні кеше тартып алған ата жауларымен ауыз жаласып, ғұндарға қарсы тұрғалы жатқан императорларға Аттила да өз сыбағасын дайындады.

Галлия көп уақыттан бері Римге бағынбайтын және 437 жылра дейін ғұн әскерінің көмегімен Аэций сол арадағы герман тайпаларын талқандаған болатын. Валентиниан Аэцийге егер ол Галлияны шапқыншылардан босатып, Римге қаратса, Галлияның билеушісі болатынын айтады. Бұл 451 жылдың басы еді. Аэций мен вестготтардың королі Теодор көптеген герман тайпаларын біріктіріп, Аттилаға қарсы орасан зор қол жинады. Мұндай шиеленісудің ақыры әйгілі Каталауния шайқасына әкеп соқты. Көптен бері Испанияны билеп тұрған вестготтарда үлкен әскер болды.

Көп ұзамай ұлы қолбасшы Аттила жер қайысқан қолымен Рейн өзені арқылы Галлияға қарай аттанды. Ол осы жорығы туралы: «Мен тек вестготтарды жазалауға бара жатырмын», — деп жариялады. Қаншама халықтар мен қалалар тізе бүкті. Галлия мен Бельгияның көптеген қалаларына ғұн әскері жақындап келгенде, көтерілістер бұрқ ете қалды. Әсіресе Париж бекінісіндегі көтеріліс ауқымды болды. Бірақ Аттила бекініс ішіне өтпеді. Дегенмен ғұн сарбаздары Галлияны түгелдей өз қол астына қаратып, ол арадан вестготтарды қуып шықты. Көптеген қалаларға ғұндар кірмегенімен, ғұн дегенде қала халңының қорқынышы мен үрейінің шегі болмады.

Аттила вестготтарды жазалау үшін оңтүстікке асықты. Ремстен Орлеанға дейінгі жол бойындағы Шальн-Марле, Троя, Сана секілді үлкен қалаларға да тиіспей өткен. Алайда «бөрінің аузы жесе де қан, жемесе де қан» десетін батыстың әділетсіз тарихшылары көзді жұмып қойып, «Аттила жүрген жеріндегілердің бәрін қырып-жойды» деп жазды.

Ұлы қолбасшы Аттила өз әскерін азық-түлік және басңа да керек-жарақпен уақтылы қамтамасыз етіп отырды. Ғұндардың жойқын күшіне ешнәрсе төтеп бере алмады, тіпті мықты деп саналатын Орлеанның өзі шешуші қорғаныс бекінісі болса да, бес аптадан артық шыдай алмады. Ғұндарға қала халқы қақпаны өздері ашып берді. Осылайша ғұндар римдіктермен болатын аұтық шайқасқа табан басып жақындай түскен.

Аквилей қаласын алу. Аквилей қаласы ғұн әскеріне ерекше қарсылық көрсетіп, көп уақытқа дейін берілмеді. Қолбасылар кеңесіне жиналған бір кеште жас қолбасшылардың бірі Аттилаға:

— Патша ием, осы қалаға неге сонша бөгеле береміз. Бұдан басқа да қалалар бар емес пе? — деді.

Аттила асықпай-саспай, байыппен түсіндіріп:

— Ғұндар! Алға басқан қадамыңды ешқашанда тоқтатпаңдар! Ата-бабаңның Батысқа бет түзегендегі мақсаты — ілгері басып, көкжиектен асып түсу емес пе еді? Сол жолдан қия баспаймыз десек, біздің де жолымызда көлденең қалып қойғаны дұрыс па? Бәріміз де алдымызда тұрған мақсатымызды орындауымыз керек. Аквилей қаласын тізе бүктірмей, бұл арадан қозғалмаймыз. Алайда көп шырынға ұрынбауға тырысып, сақ болу керек, — деп жауап береді.

Кеңес бір ауыздан осыған тоқтасып, тарайды.

Ертесі күні бірі қорғанып, бірі шабуылдап жүрген қала сыртындағы абыр-сабырға қарап, Аттила жанындағы кешегі наразылық білдірген қолбасыға бұрылды да, қала үстінде ұшып жүрген құстарды құсқап:

— Ана аққұтандарды көрдің бе? Олар қала мұнараларындағы балапандарын алып кетіп жатыр. Демек, бұл – қала көп ұзамай құлайды деген сөз. Өз басына төнген қатерді сезген құстар балапандарын қауіпсіз жерге апарады, — деді.

Аңқаусызда жаңсақ сөйлегенін түсінген жас қолбасшы:

— Қателігімді кешіріңіз, патша ием. «Албырт — алдырады» деген емес пе. Асығыстықпен айтылған сөз болды, — деп Аттиланың көрегендігіне тәнті болып басын иеді.

— Жә, не іс жасасаң да, ақыл таразысына салған жөн алдымен. Осыны ұмытпасаң болды. — Содан соң басқаларға бұрылып: — Тасатқыштарды іске қосып, қала қабырғасын қақпаға таяу жерден талқандаңдар, — деп сөзін жалғастырады.

Өзінің оң қолы болып жүрген қолбасшысына қарап, қала қақпасының сол жаң тұсын нұсқайды да:

— Ана бір ара маған осалдау көрінеді. Барлық күшті сол жерге жұмсаңдар. Сәл болса да сызат түсірсеңдер болды, әрі қарай қабырға өз салмағымен құлайды, сол кезде әскерлер ес жиғызбай қалаға лап берсін, — дейді.

Әскербасы басын иіп, көреген қолбасшысының бұйрығын орындауға дайын екенін білдіріп қолын кеудесіне қояды да, қысқағана «құп!» деп үн қатып шегініп кетеді.

Міне, осылай Аквилей қаласын алу Аттила жоспарлағандай жүзеге асады. Қала қамалын алуда тасатқыш қондырғыларды қолдануды тарихта алғаш енгізген ғұндардың дарынды қолбасшысы осы Аттила болған еді.

Қамал қабырғасы құлап, қала түгелімен ғұндар қолына өткен соң тұтқынға түскен адамдардан жауапты Аттиланың өзі ала бастады. Ең алдымен Ғұн ордасынан қашып, Рим империясына қызмет істеп жүрген қашқын жауынгерлерді әкеледі.

— Қашқан өзің бе, әлде басқа бір себеп болды ма? — деп Аттила олардан жеке-жеке сұрап шығады.

Қашқын жауынгерлердің бірі алтын мен жақсы жалақыға қызығып келгенін, ал біреулері басқа себептерді айтып ақталып жатады. Бәрін тыңдап болған Аттила орнынан көтеріліп, барлығына естілетіндей дауысын зорайтып:

— Алтын берсе арбалып, жан қысылса жалтарып шыға келетін жан кімге опа берген? Жем берсең ит те қолыңды жалайды. Қызықтырар қызылың біткен соң, жалт беретін жалдама адал болар деп алданба. Абыройды жанын пида ететін ерлер ғана сақтамақ. Жұдырықтай жұмылып, намысыңды солар ғана қорғамақ. Туған жеріне емес, тойған жеріне қызмет қылар адамдардың жазасы — өлім! — деп өз үкімін айтады.

Дұшпанға қызмет етіп сатқындық жасап жүрген өз руластарына қаншалықты қатаңдық көрсеткенімен, тұтқынға түскен қала халқына келгенде, Аттила олардың бәріне ерік беріп, босатады. Сонда Аттилаға көптеген қолбасылар наразылық білдіріп:

— Осы қаланы алу үшін қаншама қанымыз төгілді. Оларды неге қоя береміз? — дейді.

Сонда Аттила:

— Бұлар Рим басшыларынан аз қорлық көріп жүрген жоқ. Олар герман тайпалары емес шапқыншылықтан басқаны білмейтін. Күнін зорға көріп жүрген қара халықты ешқашан жазалауға болмайды, — деп сөзін бітіреді.

Біраздан соң Аттиланың алдына Каталауния жазығында болған шайқаста жараланып, римдіктерге тұтқынға түскен ғұндарды алып келеді. Ғұн ордасындағы тізім бойынша олар қаза тапты деп жазылған екен. Аттила олардан:

— Одан бері бір жыл өтті, неге қайтып келмедіңдер? — деп сұрайды.

— Бізде туған жерге қайтып келуге ешқандай мүмкіндік болмады, — дейді олар.

— «Ит тойған жеріне, ер туған жеріне» оралушы еді. Ер болып туған жерлеріңе қайта алмасаңдар, Римнің жұғындысын жалап қарын тойғызып жүре беріңдер, — деп, Аттила есік алдында тұрған сарбаздарға бұрылады да, — бұлардың бәрін Римге қарай қуып жіберіңдер, — дейді бұйырып.

Бұдан кейін Аттиланың алдына жас келіншек пен оның шешесі келеді. Олар талан-тараж болған Аквилей қаласының тұрғындары екен. Екеуі Аттиланың алдына тізерлей отыра кетіп, жылай бастайды.

— Жә, менің алдыма жылау үшін келмеген боларсыңдар? Не себепті көз жастарыңды төгіп отырсыңдар? — дейді Аттила жекіп.

Сонда келіншектің шешесі басын иіп тұрып, бір ғұн жауынгерінің қызына зорлық көрсеткенін айтып шағымданды.

— Жеңімпаз патша Аттила, ел арасында әділдік, ерлік, батырлық, ер жігітке тән қандай жақсы қасиет болса, соның бәрі бір басыңнан табылады деуші еді. Рақым күтіп келіп тұрмыз өзіңе. Әділеттің ақ жолынан таймаған боларсың деп сенемін. Өз намысын өзі қорғай алатын еркек кіндік емеспіз, қолымыздан бар келетіні – жылау. Қорған тілеп, арыз айта баратын ешкімім жоқ, тек сенің әділеттілігіңнен үміттенем, — деп ақ шашты ана сөзін аяқтайды.

Түнеріп кеткен Аттила есіктегі жасауылға:

— Табыңдар, сол жауынгерді, — деп бұйырады.

Үстінен шағым жасалған жауынгерді алып келгенде, Аттила оған түйіле қарап:

— Бұған айтар не уәжің бар? — деп сұрайды.

Аттила сөйлей бастағаннан-ақ басын төмен салып тұрған жауынгер үнсіз ғана асынған қаруын шешеді. Мұнысы — кінәсін мойнына алғаны еді. Көшпелілер заңы бойынша, би алдына кірерде қаруыңды алса, қорғануға шамаң жоқ, үкімің кесілді, ал қолыңдағы қамшыңды алса, сенен жауап сұралмайды, сөз де берілмейді дегенді білдіретін. Осыны ескерген жауынгер өзінің ешқандай ақталып, қорғанбайтындығын білдіріп, қаруын жерге тастайды. Аттила өз жауынгерім деп аянып қалмай, өлтіруге бұйрық береді.

Одан соң жасауыл Аттиланың алдына бір ғұн жауынгері мен Рим қызын алып келеді.

— Жұрт қырылысып, шайқасып жатса, мына екеуі тығылып алып көңіл қосып жүр, — дейді жасауыл әміршісіне қарап.

Аттила жігіт пен қызға байыппен көз тастайды. Екеуі де жап-жас. Сонан соң олардың бір-біріне деген сезімдерін сынамақшы болып, қызға қарайды да:

— Қыздың жолы – жіңішке. Сен өз абыройыңды сақтай білмегенсің. Сондықтан саған өлім жазасын бұйырамын. Ал сен, жауынгер, жүре бер, — деп әдейі айыптай сөйлейді.

Мұндайды күтпеген қыз көз жанары шарасынан шыға үрейленіп, үнсіз қалады. Ал жауынгер жігіт Аттиланың аяғына жығылып:

— Патша ием, ендеше бұл қыздың орнына мені өлтіріңіз. Мен оған шын ғашықпын. Маған оның тек бақытты болғаны керек. Ол өліп мен аман қалғаныммен, маған өмір жоқ, — деп жалбарына бастайды.

Бағанадан сыртқа сырын бермей қабағын түйіп түксиіп отырған Аттиланың жігіт сөзін естігеннен кейін жүзіне қан жүгіре бастайды. Ол жауынгерінің мәрттігіне аса разы болады. Сарбаздың адамгершілігі мен адалдығына масаттанып, қызға да, жігітке де еркіндік беріп, еш жаза қолданбайды. Керісінше оларға тілеулес болып, бата беріп, бақыт тілейді. Егер жігіт қара басының қамын ойлап, қызға ара түспегенде, сезімінің қорғаушысы бола білмегені үшін оны сол жерде өлтіртетін еді [8].

Бұдан соң барып Аттила тұтқынға түсіп, алдына әкелінген римдіктерге жаза кесе бастайды. Олардың арасындағы римдік құл Кайге бостандық береді. Осы құлды алдына алып келгенде Аттиланың есіне баяғыдағы Руғиланың адам бостандығы туралы айтқан сөздері түседі. Содан кейін оның алдына қол-аяғы байланған тұтқын римдік жас батырды алып келеді. Ол шайқаста ғұндарға қарсы жан аямай соғысқан екен. Аттила тұтқыннан:

— Ғұндарға қарсы неге соғыстың, әлде олардан жамандың көрдің бе? — деп сұрайды.

— Жоқ, ғұндардан еш жамандық көрген жоқпын, мен туған қаламды қорғап, міндетімді орындадым, — деп жауап береді тұтқын.

Көп ұзамай ғұндар Милан, Равенна қалаларын алады. Сол күні Аттила әскербасылармен кеңес құрады. Кеңесте Римге қашан кіретіндерін сұраған шәкірттерінің біріне қадала:

— Ғұн әскері еш уақытта Рим секілді мәдениет ошағына басқыншы болып кірмейді. Кірсе, тек бейбіт келісімге келу үшін кіреді. Осыны әрқашан есте саңтаңдар. Бұдан 42 жыл бұрын Аларих бастаған вестготтар Римді тонап бассыздың жасаған еді. Ғұн әскері ондай жабайылыңқа бармайды, — дейді де, содан кейін Баламірге қарап: — Сенің сарбаздарың бүгін бассыздың істеді. Аквилейді күшпен алдың, ал Милан соғыссыз берілді. «Иілген басты қылыш кеспес» деген бар. Жігіттеріңнің зорлық жасап жүргендері қалай? Онсыз да мойыны Рим қамытына қажалған қара халыққа солар қожаңдамақ па? Жеңіске жеткен әскер адал болу керек. Тәртіпсіздік жасаған жауынгерлеріңді кешке дейін тауып, жазала. Елді тек қылыштың күшімен, қорқынышпен ғана емес, сеніммен де билеген жөн. Халық адал, әділетті басшыға сенеді, — деп сөзін аяқтайды.

Бұрынғы кездері айқара ашылып қонақжай мінез көрсететін Рим қақпасы жабық тұр. Бүгінгі күннің өзі де қожайындарының қабағын қапысыз түсінетін қара құлдай түнеріңкі. Қамал қабырғасының арғы жағына тығылған Рим халқы бұл күннің өздеріне не сыйлайтынын білмей ақтарылып қарап тұр. Аңырап қалған ертегі шаһарындай болған қорған бекінісінен тырс еткен белгі білінбейді. «Екі өгіз сүйкенсе, ортасындағы шыбын өлеңінің» кері келіп, басшыларының бассыз әрекетінен жазыңсыз жандардың қаны төгілгелі тұр. Жолындағының бәрін жайпап, жалынға орайтын ғұн сарбаздары Аттиланың қалт еткен қимылы болса, қалаға лап еткелі тұр.

Түксиіп, жан баласының қимылы білінбеген Рим қақпасына қарай Аттила атын аяқ бастырып, жақындап келді. Атой салынар сәтті аңдып қала халқының зәреқұты қалмай, иманын үйіріп отырғанын ол жақсы түсінді. Тым болмаса бой көрсетіп қараңдаған ешкімді байқамаған соң, римдіктер оған бетін басып бүгежектеген қорқақ болып көрінді. Ызадан тістенген Аттила қолға ұстаған найзасын Рим қақпасына қарай толғай лақтырды. Арқырай ұшқан ақ найза арындаған бетімен қақпаға келіп қарш қадалды. Қаланы қорғауға қалдырылған Рим легиондарының әскерлері дір етіп, бозарып кетті. Қала сол күйі тымтырыс. Артына жалт бұрылған Аттила:

— Ғұндар! Азаматтың ақ өлімі – борышын адал атқарғаны, — деп саңқ етті. — Қызыл қаныңды ақ жолда төкпесең, еңсеңді бастырып, езгіде жүрсең, ер атыңнан не пайда? Өр кеудені аяққа бастырып, өз құтын өзі қашырып сасқан адам санатта жоқ. Мінген көлік, тұлпарың – ер қанаты, қасарысқан жауыңа қасқайып тұрып қарыссаң, сонда болар ер санаты. Басыңды бұғып бұқпалап көрген күнің кімге өнеге, кімге болар ғибрат? Асырып сөз айтпасаң, алаңқай болған майданда менменсіген кеудені аяққа таптап баспасаң, одан өзге не мұрат? Көздерің көрген дұшпаның шалқайып жүрген күнінен етегіңе еңкейіп, жер құшып жатыр баспалап. Кесімін өзің айтыңдар, жараса ма хас ерге «қашқан жауға қатын ер», «бұққан жауға бала батыр» қылыш сұғып, былғамақ?

Сәл-пәл үнсіз қалған ғұн жауынгерлері бірауыздан «Жо-оқ!» деп жауап беріп, күркіреген күндей гүр-р етісті.

Осыдан кейін Аттила сарбаздарын соңына ертіп аяңдап жүре берді. Біраз жер ұзаған соң, ат үстінен артына бұрылды. Қорқыныштан дірілдеп, құтылғанына қуанып, әлі қыбыр білдірмей жатқан, күні кеше айбыны асқан, бүгінгі күні жүні жығылып жасыған Римге қарап кекесінмен мырс етті де қайтып бұрылмастан кете барды [9].

454 жылы Аттила кенеттен қайтыс болды. Оның өлімін әркім әр түрлі жорамалдап жүр. Ал шын мәнісінде ғұн империясының әйгілі билеушісінің өмірден қайтуының себебі әлі күнге дейін біз үшін жұмбақ.

Аттиладан кейін ғұн ордасы ыдырайды. Бірақ олар Еуропадан кеткен жоқ.

Жаңадан құралған соңғы ғұн мемлекеті Уархун (Арғын) қағанаты деп аталды. 730 жылы қайтыс болған Баян хан уақытындағы ең күшті мемлекет болған. Ол VIII ғасырдың аңырына дейін өтір сүрді. Уархун қағанатының орнындағы мемлекет әлі күнге дейін ғұндар атымен Хунгрия (Венгрия) деп аталады.

Батыс Рим басшысы Аэций өлді. Себебі жер-жаһанның қаһары болған Аттила жоқ. Ендігі Рим басшысының орнына иек артатын жалғыз адам Аэций еді. Сондықтан Рим императоры Валентиниан Аэций орнымды тартып алады деп қорықты. Аэцийдің өмірмен қоштасуына ықпал етті… Көп ұзамай, Валентинианың өзі де өз адамдарының қолынан қаза тапты.

Сол жылы Генсерик (французша Жансерик) бастаған вандалдар Рим қаласына баса-көктеп кіріп, тонады. Олар 410 жылғы Аларих бастаған вестготтардың жасағандарын қайталады.

Бұрын Генсерик Аттиладан қорқып Римге кіре алмай жүр еді. Ендігі уақытта оның бетінен қағар, қаймығып қысылар ешкім қалмағаннан кейін, Римге кіріп, бассыздың істеп оны аяусыз таптады. Аттила мен Аэций өлген соң Римнің шын жанашыры қалмаған еді [10].

Аттила – адамзат тарихында ерекше орын алған ірі тарихи тұлға. Бұл туралы француздың белгілі тарих зерттеушісі А. Тиерри (1797-1873) өзінің «Аттила және оның мұрагерлерінің тарихы» (1856 ж. Париж) атты кітабында «Адамзат тарихындағы Аттила есімі А. Македонский мен Ю. Цезарь қатарынан орын алды» — деп жазды. Еуропа халықтары мәдениетінде Аттила туралы бірнеше поэма бар. Германия және Скандинавия халықтарының батырлар жырында, аңыз әңгімелерінде Аттила негізгі кейіпкер. Ағылшын ақыны Херберт Атилла туралы үлкен поэма және ғылыми еңбек жазған (19 ғ.). Сол сияқты Еуропа театрларының сахналарынан да Аттила бейнесі үлкен орын алады. Ең алғаш Аттила бейнесін сахнаға шығарған Испания драматургтері (Кристобал Вируес (1550-1609) «Қаһарлы Аттила» төрт актілі трагедия; Луис Велес де Гевара (1579-1644), «Аттила – Тәңір құты» 5 актілі трагедия), одан соң Франция драматургтері (Пьер Корнель (1906-1684) «Хун патшасы – Аттила» атты 5 актілі грагедияны 1667 жылы Париж театрлары сахнасына қойды; Генри Борниер (1825-1901) «Аттиланың үйлену тойы» атты тамаша пьесаны Парижде 1880 ж. сахнаға шығарды). Неміс драматургтерінің де еңбегі ұшан теңіз (Вернер Цахариас (1768-1823) «Хун патшасы – Аттила» атты 5 актілі романтикалық трагедияны 1808 жылы сахнаға шығарды. Аттила туралы шығармалар ішінде ең құндысы осы). Неміс халқының «Нибелунг жыры» тақырыбына көптеген драмалық шығармалар жазылды. Бұл жырдың негізгі кейіпкері ғұн королі Аттила болғандықтан барлық драмалық шығармаларда да солай болды. (Э.Раупах (1784-1852) Австрия астанасы Вена қаласының Бургтеатр сахнасында 1845-46 жылдары «Нибелунгтер байлығы» атты драманы қойды; Г. Эмануйль (1815—84) белгілі неміс ақыны, драматург 1857 ж. «Брюнхилда» атты әйгілі трагедияны сахнаға шығарды; Ф. Геббель (1813-63) 1861 ж. «Нибелунгілер» атты трилогияны сахнаға шығарды). Сондай-ақ, Аттила бейнесі Еуропа халықтарының музыка өнерінде қомақты орын алады.

(Волфранг Франк (1641 ж. туған — қайтыс болған жылы белгісіз) «Хун королі Аттила» атты операны 1682 ж. Гамбург театрында қойды; Рихард Вагаер (1813-1883) «Нибелунгтер сақинасы», «Рейн алтыны» (1854), «Зигфрид» (1874) атты көлемді музыкалық шығармаларды сахнаға шығарды). Аттиланың Еуропа сахнасындағы бейнесін дамытуға Италия композиторлары да үлес қосты.

(Франциско Малипиеро (1824-1877), «Бургундиялық принцесса – Хилдегунда» атты операны 1845 жылы Венеция қаласы театрларында қойды; Джузеппе Верди (1813-1901) 1846 ж. «Аттила» атты операны Милан қаласы театрларында қойды).

Орыс жазушыларының ішінде алғаш рет Евгений Замятин (1884- 1937) «Аттила» атты драма жазды (1927). Алайда бұл шығарма тек 1996 ж. Алматыда қазақ драма театрында қойылды. Сондай-ақ, оның «Тәңір құты» (Бичь божий) атты романы да осы тақырыпқа арналған [11].

Түкия жазушылары да Аттиланың сахнадағы бейнесіне елеулі үлес қосты. (Пейами Сафа «Аттила» (1931); Бегзат С. «Аттиланың үйлену тойы» (1934); Нәжі Танжели «Аттила» (1948), т.б.).

Атилла және ғұндар бейнесі Еуропа бейнелеу өнерінде де ерекше орын алады (Рафаэл Санти (1483 — 1520). Фердинанд Делакруа (1798 — 1863), Чека Улпиано (1860 — 1916). Еуропа мемлекеттерінде 6 ғасырдан соң Аттила бейнесі жасалған көптеген алтын, күміс ақшалар шығарылған. Венгрияда Аттила есімімен аталатын көшелер, оқу орындары, т.б. көптеп кездеседі.