Әмір Темірдің жүргізген дипломатиялық қарым-қатынастары

Әмір Темір, Құтбуддин Темір Гүркап, Саһиб Қыран Ағзам Жанат Макан (9. 4. 1336, Қожа-Илгар Кеш, Түркістан — 18. 2. 1405, Самарқан қ.) — қолбасшы, мемлекет қайраткері. Барлас тайпасының биі Тарағай бектің баласы. Әмір Темір алғашында Қашқадария уәлаятының билеушісі болды (1361). Осы кезден бастап ол Моғолстан ханы Тоғлұқ-Темірмен, оның ұлы Ілияс Қожа және Балх пен Самарқан әмірі Хүсейнмен билік үшін күрес жүргізіп, 1370 ж. Мауераннахрды өзінің қолына алды. Жас кезінде Түркістан маңындағы бір шайқаста аяғынан жарақаттанған. 14 ғ-дың 70-жылдары оның қолбасшылық дарыны толық ашылып, атақ-даңқы жер жүзіне тарады. Осман империясы мен Орталық Азия аймағында ол «Аksak Timur» (Ақсақ Темір), ирандықтарға Тимурләнг, еуропалықтарға Тамерлан есімімен белгілі болды. Әмір Темірдің әскерлерінің тегеурінді шабуылдары арқасында Хорезм мемлекеті (1372 — 88), Шығыс Түркістан (1376), Герат (1381) Хорасан (1381), Қандағар (1383), Сұлтания (Оңт. Әзербайжан, 1384), Тебриз (1384), Иран және Ауғанстан толық бағындырылды. Бірнеше дүркін жойқын жорықтан соң, Алтын Орданы күйретті. Әмір Темір 1370 — 90 ж. Тоқтамыс хан мен Едіге әмірдің арасындағы алауыздықты шебер пайдалана отырып, Дешті Қыпшақ, Ақ Орда мен Моғолстанға 10-нан астам жойқын соғыс жорығын жасады. Әмір Темірдің Алтын Орданы талқандауы Ресейдің тәуелсіздік алуына оң жағдай жасады. 90-жылдары Әзербайжан, Дағыстан, Гүржістан (Грузия), Ирак Әмір Темір мемлекетінің құрамына енді. 1398 ж. Үндістан басып алынды. Сирия мен Лубнан (Палестина) мәмлүктері бағындырылды. Алдыңғы Азияның басқа мемлекеттері де Әмір Темірдің билігін мойындады. 1402 ж. жазда Әмір Темір Анкара шайқасында Осман империясының негізгі әскери күшін талқандап, түрік сұлтаны Илдырым Баязидті (Баязид I) тұтқындады. Әмір Темірдің үздіксіз соғыстарының нәтижесінде алып империя — Темір мемлекеті құрылды. Оның жалпы аумағы 14 млн км2-ге жетті. Әмір Темір 1405 ж. Қытайға жорыққа шыққанда жолай Отырарда қайтыс болды. Ол 68 жас, 10 ай, 9 күн өмір сүрді. Сүйегі Самарқандағы Гүр-Әмір кесенесіне жерленді. Әмір Темірдің 4 ұлы болды: Жиһангер (1356 — 1376), Әмір Шейһ (1356 — 1394), Мираншаһ (1366 — 1408), Шаһруһ (1377 — 1447). Темір әулетінен ұлы ғалым Ұлықбек (1394- 1449), Моғол империясын құрушы Бабыр (1483 —1530) сынды атақты адамдар шықты. Әмір Темір өлгеннен кейін мирасқорларының билікке таласуынан Темір мемлекеті ыдырап кетті. Ол әлемдік тарихта талантты қолбасшы, тегеурінді саясаткер ретінде қалған. Орталық Азиядағы бірқатар сәулетті ғимараттардың пайда болуы, қалалардың өркендеуі, шөл даладағы жер суландыру құрылыстарының салынуы, қолөнер мен сауданың дамуы Әмір Темір есімімен тығыз байланысты. Тарихи деректер оның қол астындағы аймақтардағы түркі, парсы, араб мәдениеті мен өнерінің өкілдері, ғалым-ойшылдары Әмір Темірдің тарапынан үлкен қолдау тапқандығын растайды. Әмір Темір қазақ жерінде мәңгілік өшпес ескерткіш — қасиетті Қожа Ахмет Иасауи кесенесін салып қалдырды. Сонымен қатар жаулап алынған елдердегі Әмір Темірдің шектен тыс қатыгездігі оны күрделі тарихи тұлға ретінде танытады.

Әмір Темірдің қытайға елшілігі — 1387 ж. Қытай императоры Тай-Цзуға (1368 — 98) жіберілген Әмір Темірдің молла Хафиз бастаған елшілігі. Мұның алдында Шығыс Түркістан мен Орта Азияға бірнеше рет келген Қытай елшіліктеріне жауап ретінде барған. Елшілікпен бірге үлкен сауда керуені де сапар шекті. «Мин ши» атты қытай деректсмесінде Темірдің Иранға жорығы кезінде (1392 ж. басталған) жіберілген. Қытай императорына шамамен 1394 ж. жеткен хатының мазмұны берілген. Құжаттан екі мемлекеттің де өзара қайшылықтарын соғысқа ұластырмай шешуге, уақыт ұтуға деген ұмтылысы байқалады. Хатта Әмір Темір тарапынан Мин империясына білдірілген достық, өзара сауда қатынасын орнату ниетін қолдайтыны айтылған. Әмір Темір өзінің Иранға жасаған «Жетіжылдық» жорығының (1399 ж. басталған) қарсаңында Қытаймен, Моғолстанмен бейбіт қарым-қатынас сақтауды көздеді. Темір мемлекетіне, әсіресе, Самарқанда Қытайдан әкелінген фарфор, шай, жібек, атлас, бағалы тастар көпшілік сұранысына ие болды. Темірден кейін олардың ұрпақтары Халил Сұлтан, Шаһруһ, Ұлықбек тұсында Қытаймен елшіліктер алмасып, сауда қатынасы дамыды.