ӘЛЕУМЕТТІК ПСИХОЛОГИЯДАҒЫ ТҰЛҒАНЫҢ ӨЗІН-ӨЗІ ТАНЫТУ МӘСЕЛЕСІ

ӘЛЕУМЕТТІК ПСИХОЛОГИЯДАҒЫ ТҰЛҒАНЫҢ  ӨЗІН-ӨЗІ ТАНЫТУ МӘСЕЛЕСІ туралы қазақша реферат

Әлемдік жаһандану үрдісінің әрі қарай өрлеу заманында әлеуметтік психологтар үшін үлкен әлеуметтік топ — этностық топтың ұлттық-психологиялық болмысын сақтай отыра, әлемдік өркениетке енуі және әлемдік аренада әр мемлекеттің өз ұлттық ерекшеліктерінде көріну мен өзін-өзі таныту мәселесі қызығушылық тудырады. Осы орайда қазіргі әлеуметтік психологияда этностық тұлғаның мультимәдени ортада өзін-өзі таныту мен өзін-өзі жүзеге асыру мәселесі үлкен көкейтестілікке ие. 

Жалпы, тұлғаның дамуында, сондай-ақ оның өзін-өзі дамытуында этномәдени фактордың атқаратын рөлі зор.

Ұлттық тәлім–тәрбиенің психологиялық аспектісі ұлттық психология болып табылады. Ұлттық психология көп жақты, көп қырлы, түрлі реңкті, тікелей және қарсы әрекеттердің, өзара ыөпалдардың, түрлі күштердің, үрдістер мен оқиғалардың шексіз қиысуларының жемісі.

Ғылыми әдебиеттерде ұлттық психологияның құрылымын ұлттық мінез, ұлттық сезім, ұлттық өзіндік сана құратыны белгілі. Ұлттық сана пайда болмаған жағдайда ұлттық сезім де, ұлттық мінез де қалыптаспайды деп есептейміз. Біздің бұл көзқарысымыз Н.Елікбаевтың «…белгілі бір ұлт өкілі болып табылмайтын адам жоқ. Соған сәйкес ол ұлттық психологиясын алдымен өз ұлтын сезінуден, оған жауапкершілікпен қараудан бастауы тиіс» деген қорытындысына және ресейлік бірқатар ғалымдардың тұжырымдарына негізделеді.

Этностық өзіндік  сана – психологиядағы ең күрделі әрі маңызды мәселелердің бірі. Оның пайда болуының психологиялық жағдайларын анықтау мен дамуындағы ұнамсыз ауытқулардың басты себебін табу жастар тұлғасын дұрыс қалыптастыру үшін ерекше маңызды.

Бала санасының ұлттық рухта қалыптасып, оларда ұлттық мәдениет пен рухани құндылықтар туралы тұтас ұғым түзілуіне түркі әлеміне ортақ ежелгі әдеби мұраларда тұлғаның қалануын оның ұлттық өзіндік санасының қалыптасуымен бірлікте іске асыруды көздеп, онда баланың жас ерекшеліктерін ескеруге және оқыту мен тәрбиелеудегі әдіс – тәсілдерге үлкен көңіл бөлген. Олар ұлттық өзіндік сананың қалыптасуына бастауыш мектепте тәрбиелеу мен оқытуға ерекше рөл береді.

Философиялық, психологиялық, социологиялық т.б. ғылыми әдебиеттерді теориялық талдау және Б.А. Әмірованың эксперименттік зерттеулеріне сүйене отырып, мектепке дейінгі 6-7 жастағы баланың өмір тәжірибесінің көлеміне қарай оның этностық өзіндік санасының пайда болуының негізгі көрсеткіштері мен өлшемдері болып табылатындар:

1)                    өз халқының рухани және материалдық салт-дәстүрлері туралы білім көлемінің болуын (ұлттық тұрмыстық заттар мен бұйымдардың атаулары мен қызметін, туған елі мен жерінің табиғатын, ата кәсібін, мәдени дәстүрлерін білуі, өзге мәдениетпен салыстырғанда оның өзіндік ерекшелігін танып, ажыратуы);

2)                    оларға деген оң қатынасын ( өз халқының мәдени мұрасын өзіне жақын қабылдауы, одан әсер алып, мақтаныш тұтуы, туған елі мен жеріне, оның табиғатына деген сүйіспенешілік сезімінің көрініс беруі);

3)                    этностық дүниетанымның қалыптасуы  (өзінің және өзгелердің этностық әлеуметтік Менін түсіну; қарым-қатынаста өзінің ұлттық мәдениетін, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін басшылыққа алу; өзге ұлт мәдениетіне толеранттық (төзімділік) қатынаста болу) басты өлшемдер мен көрсеткіштер деп санаймыз.

Этностық өзіндік сананы қалыптастыру күрделі әрі көпқырлы үрдіс. Дегенмен бұл үрдісте оны қалыптастырудың негізгі кескінін, моделін құрайтын, өзара байланысты, басты үш құрамдас бөлігін көрсетуге болады:

Этномәдени сәйкестену. Мектеп жасына дейінгі балаларда этностық өзіндік сананың пайда болуы «ұлт», «ұлттық» ұғымдарын меңгеруден, ұлттық материалдық және рухани мәдениет құндылықтары мен оларды этнобіріктіру және этнобөлу белгілерін түсіну арқылы, өзін және өзгелерді нақты бір ұлттық мәдениетпен сәйкестендіруден бастау алды.

Этномәдени бағыттылық. Этностық білімдерінің негізінде 6–7 жаста балада өзіне, өзге адамдарға, қоршаған дүниеге, мәдениет құндылықтарына ерекше (жартылай ұғынылмаған және ұғынылған) қатынасы – эмоциялық–бағалау сезімі пайда болып, этностық автотаптаурындар қалыптасады.

Ұлтық–мәдениетке сәйкес түсініп, әрекет ету. Баланың этностық–танымдық, эмоциялық–мотивациялық және сезімдік сферасының дамуы оның өз шамасына лайық дүниені түйсінуі мен этностық дүниетанымын қалыптастырады. Сонымен қатар, мектепке дейінгі жастың соңында өзін әрекет субьектісі ретінде саналы ұғынаты бала, ұлттық тәлім–тәрбие арқылы белгілі бір ұлттық мінез–құлық нормалары мен ережелерін орындаушы субьект ретінде де түсіне алады. Екінші кезекте ол өзін этносаралық қарым–қатынас субьектісі (әлеуметтік субьект) ретінде де саналы ұғына бастайды. Өзінің осы этностық әлеуметік Менін түсіну және осының негізінде пайда болатын ішкі бағдары этностық дүниетанымға сәйкес қажеттіліктер мен ұмтылыстарды тудырады.

Этностық тиістілігін таңдаудың еркіндігі жаңдайында ұлттық салт–дәстүр тұрғысынан әрекет етуге ішкі қажеттілігі қалыптастырылады. Осының нәтижесінде:

а) балада жалпы ұлттық құндылықтарға бағытталудың адекваты мотивтерінің және екінші сатыда пайда болған жаңа құрылымдар: өз ұлтының құндылықтарын өзіне жақын қабылдау, жағымды әсер алу, сүйіспеншілік сезімдерінің негізінде ұлтішілдік және ұлтаралық қарым–қатынастарда нақты ұлт өкілі ретінде әрекет ету қажеттілігі қалыптасады.

б) ұлттық қатынастарға дұрыс бағыттана алу қабілеті рефлексияны – қамтамассыз ету арқылы «ұлт», «ұлттық» бұл кеңістіктен және уақыттан тыс өмір сүретін абстрактылы адамдар емес, ұлттық мәдениетті (эмоциялық ассоциациялар тілді және тілдік шығармашылықты, дағдылар мен әдеттерді еңбек іс–әрекеті мен көркемдік кәсіп, балаларды тәрбиелеу дәстүрлері) нағыз алып жүрушілер екендігі туралы дүниетанымы (этностық дүниетанымы) дамиды. Осының негізінде олардың өзіндік санасында аса маңызды бағдар – өзімен тепе–тең ретінде адамның адамға қатынасы қалыптасып, балалар оң ұлтаралық қатынасқа бағытталады.

Тұлғаның өмір жолындағы тіршілік әрекетінде өзін-өзі таныту феноменінің атқаратын рөлі ерекше зор. Өзін-өзі танытудың тұлға өміріндегі рөлін осылайша түсіну оның мәнін, бұл ұғымның мазмұны мен психологиялық және әлеуметтік психологиялық детерминанттарын толық ашуға көмектесетін психологиялық категориялар жүйесін құруға мүмкіндік береді.

Біз өзін-өзі танытуды тұлғаның өзін-өзі дамытуының ажырамас атрибуты ретінде қарастырамыз. Тұлғаның өзін-өзі таныту мәселесін зерттеуге қатысты әдіснамалық принциптер мен тұрғыларды, ұғымдық схеманы құру, яғни берілген ұғымның анықтамасы мен негізгі критерийлерін анықтау, тұлғаның өзін-өзі танытуының механизмдері мен деңгейлерін, сәйкес детерминанттар мен кедергілерді, өзін-өзі таныту жолында тұлға пайдаланатын стратегияларды айқындау тұлғаның өзін-өзі таныту психологиясының тұжырымдамалық-теориялық негіздерін қалауға мүмкіндік тудырады.

Түрлі тіршілік аумақтарында тұлғаның өзін-өзі таныту ерекшеліктерін зерттеу ракурсы ғана адамды оның өмірлік тіршілік әрекетінен ажыратпай, оның түрлі көріністерінде тұтастықта қарастыруға ықпал ететін зерттеу жолы болып табылады.

Тұлғаның өзін-өзі таныту мәселесін зерттеудегі тұжырымдамалық және терминологиялық ажыраулар мен оның тұлғаның әлеуметтік ортада дамуындағы рөлін ескеру негізінде өзін-өзі танытуды психиканың психофизикалықтан бастап, әлеуметтік-психологиялыққа дейінгі түрлі ұйымдасу деңгейінде ашылып, әртүрлі тіршілік әрекеті саласында көрініс табатын тұтас құбылыс ретінде қарастыру орынды болып табылады. Өзін-өзі танытуды детерминациялайтын тұлға дамуының қозғаушы күштерін зерттеу мен өзін-өзі танытуға кедергі келтіретін психологиялық бөгеттерді, сондай-ақ әртүрлді этнос өкілдерінің өзін-өзі таныту ерекшеліктерін зерттеу өзекті болып табылады.

Өзін-өзі таныту адамның тұлғалық мүмкіндіктеріне ұмтылу, оны жүзеге асыру үрдісі және нәтижесі, оның өз потенциалын ең толық және оңды пайдалануы, толыққанды даму, өзін-өзі дамыту, өзін-өзі тану, өзін-өзі жетілдіру үрдісі, тұлғаның барлық аспекттерінің теңдестіріле және үйлесімді дамытылуы ретінде анықталады.

Біздің зерттеуіміздің өзектілігіне себепші болып отырған келесі сәт этникалылықтың тұлғаның дамуындағы рөліне қатысты даулардан тұрады. Біреулер қазіргі жаҺандану заманында этностық сәйкестілік адамның жеке тағдырындағы өзінің жекедара рөлін жоғалтып бара жатыр деп есептейді. Екінші біреулер, керісінше, қазіргі қоғам мен тұлғаның бір ізге салынуы психикалық және рухани даму мәселелерін ушықтыра түсетіндігін атап көрсетеді. Жалпы алғанда, қоғам өміріндегі де, жеке тұлғаның өміріндегі де этностық факторлардың рөлінің арта түскендігін атап өте отырып,  этникалылықтың тұлғаның дамуындағы елеулі рөлі туралы болжам қисынды болып табылады.

Тұлғаның қалыптасуы әлеуметтік құндылықтармен байланысты болып келеді және «Мен» бейнесінің кез келген элементтері тікелей этномәдени қоршаған ортаның, тұлға дамып отырған этностық кеңістіктің әсерімен қалыптасады. Тұлға құрылымындағы этностық құрамдас бөлікті елеп-ескермеу этностық дәстүрлердің, құндылықтардың тегістелуіне себепкер болады, бұл адамның мәнін түсінуді қарапайым ете түседі.

Сол шақта, отандық және шетелдік психологтар жүргізген, тұлғаның танытуын зерттеулерде тұлғаның қалыптасуына этностық ерекшеліктердің әсер етуі туралы мәселеге жеткілікті көңіл бөлінбеді. Қазіргі жағдайларда жоғарғы мектеп бүгінгі таңда тұлғаның қоғамдық өндірістің белсенді субъекті және қоғамдық құндылықтарды таратушы ретінде әлеуметтенуіне әсерін тигізетін аса маңызды әлеуметтік институт болып табылады. Қазіргі студенттің алдында оның қоғамның әлеуметтік-кәсіптік құрылымына интеграциялану үрдісі ретіндегі кәсіптік өзін-өзі анықтау мәселесі тұр. Бұл үрдіс тұлға деңгейінде жүзеге асырылады. Кәсіпті таңдап алу қандай да бір жоғары оқу орнын таңдап алумен, тек кәсіптік іс-әрекет, қызметте ғана емес, басқа да салаларда: қоғамдық қызметте, отбасы өмірінде, өз әуестіктерінде өзін-өзі таныту болашағымен байланысты болып келеді.

Аталған проблематикада алға жылжу үшін әртүрлі этностық топтардағы студенттер тұлғасының өзін-өзі таныту ерекшеліктерін зерттеу айтарлықтай маңызға ие. Мұнда алынған нәтижелер этностық біртекті ұжымдарда да, полиэтностық ұжымдарда да тәрбие жұмысын мақсаттырақ етуге мүмкіндік береді.

Әлеуметтік өмір салты жағдайларында жетекші құндылық болып адамның тұлғасы табылады. Дәл сондықтан адам потенциалын пайдалану мәселесі адам прогресінің, тұлғаның және жалпы алғанда қоғам дамуының факторларының бірі болып табылады. Мейлінше көбірек жүзеге асырылуға және қоғамға пайда келтіруге қабілетті дербес, белсенді, мақсатты, творчестволық адамдар қажет. В.Ф. Сафиннің пікірінше, бұл жағдайда субъектінің өз-өзіне қатысты творчестволық бастауы айтарлықтай маңызға ие болады [1].

Осыған байланысты адам туралы ғылымдарда, оның ішінде психологияда, тұлғаның өзін-өзі дамыту, өзін-өзі жүзеге асыру және таныту мәселесі жиі-жиі қызығушылық тудыруда. Өзін-өзі дамыту және өзін-өзі жүзеге асыру идеясы адам туралы көптеген тұжырымдамалар үшін өте маңызды болып табылады.

А.А. Реанның пікірінше, өзін-өзі дамыту мен өзін-өзі жүзеге асыруға деген көкейтесті қажеттілік кемелденген тұлғаның негіз қалаушы қасиеті, адамның ұзақ жыл жасауының, оның ішінде кәсіптік ұзақ жұмыс істеуінің қайнар көзі [2].  Осыған орай тұлғаның өзін-өзі танытуының әртүрлі қырларын зерттеу ерекше өзектілікке ие бола бастайды .

Жеке басының өзіндік келбетінің және әлеуметтік орта ерекшеліктерінің негізінде тұлға ішкі потенциалын ашуға, яғни танытуға қабілетті. Өзін-өзі таныту – бұл адамның өзін-өзі жүзеге асыруға, өз потенциялдарын мүмкіндігінше толығырақ дамытуға деген ұмтылысы (А. Маслоу).

Психологияда мазмұны бойынша өзін-өзі таныту ұғымына жақын бірнеше термин қолданылады, олар өзін-өзі таныту ұғымын толықтырып, оның мәнісін түсінуге көмектеседі. Кей кездері таныту мағынасы бойынша жақын осы ұғымдардің көмегімен түсіндіріледі. Олардың арасынан «өзін-өзі жүзеге асыру», «трансценденция», «өзін-өзі бекіту», «өзін-өзі көрсету», «өзін-өзі жетілдіру» секілділерін бөліп көрсетуге болады.

Адамның өзін-өзі таныту феноменіне қатысты тұжырымдамалар өзін-өзі таныту мен өзін-өзі жүзеге асыруды мәні бойынша жақын, синоним ұғымдар деп сипаттайды. Адамның өз мүмкіндіктері мен қабілеттерін толықтай анықтауға және дамытуға ұмтылысы (гуманистік психологтар), өз дамуының ішкі тенденциясын толықтай анықтауға және дамытуға ұмтылысы, адамның өзі бола алатын тұлға болып шығуға ұмтылуы және басқа да тұжырымдамалар осы екі түсінікті бір кешенде қарастыру керектігін айтады. Олар бірін бірі толықтырып отырады және көптеген жағдайларда синонимдер секілді қолданылады. Л.А. Коростылеваның пікірінше, «өзін-өзі таныту» және «өзін-өзі жүзеге асыру» терминдерінің интерпретациясындағы кейбір айырмашылықтар тұлғаның көрініс табуының әртүрлі жақтарымен байланысты. Оның пікірінше, тұлға тіршілік етуінің ішкі (субъективті) және сыртқы (объективті) жағынан байқалады. Бұл жағынан алғанда таныту үрдісі тұлғаның ішкі аспекті ретінде, ал таныту сыртқы аспект ретінде көрініс табады. Онымен қоймай, Л.А. Коростылева өзін-өзі таныту ұғымын өзін-өзі жүзеге асырудың жоғарғы деңгейі ретінде суреттейді. Оның пікірінше, «ең толық өзін-өзі жүзеге асыру мән-өмірлік және құндылық бағыттарын жүзеге асырудан тұрады, яғни мәндік, аутентикалық өзін-өзі жүзеге асыру – танытуға деген қажеттіліктерді өзінің қабілеттері мен дарындарын жүзеге асыруға ұмтылу ретінде жүзеге асыру орын алады. Мұндай өзін-өзі жүзеге асыруды өзін-өзі беру, өзін-өзі іске асыру деп атайды [3, 25 б.].

Өзін-өзі трансценденциялау адамның өз «Менінің» шегінен шығуымен, оның қоршаған адамдарға, өзінің әлеуметтік іс-әрекетіне, басқаша жеткізер болсақ, қалай да болсын адамның өзімен ұқсастыруға болмайтынның бәріне басым бағыт-бағдар алуымен байланыстырады. Қалай болғанда да, алайда екі альтернатива ретінде өзін-өзі трансценденциялау мен танытуды үзілді-кесілді қарсы қою, А.А. Реанның пікірінше, мақсатқа лайықты іс емес. «Гуманистік қараудың күші және оның дамуының болашағы осы екі бастауды етене байланыстырудан тұрады» [2, 36 б.]. Батыс психологиясында гуманистік тұжырымдаманы жақтаушылар (А. Маслоу, К. Роджерс, В. Франкл және т.б.) әдетте таныту және өзін-өзі көрсету ұғымдарін анық ажыратпайды. Олар көбінесе синонимдер ретінде қолданылады және айтарлықтай мағыналық айырмашылықтарға ие болмайды. Отандық психологияда осы екі түсініктің айырмашылығына К.А. Абульханова-Славская акцент жасауда, ол өзін-өзі таныту тек қана тұлғада тұрақты Мен-тұжырымдамасы, Мен-бейнесі қалыптасқан кезде, тұлға өзінің қабілеттері мен мүмкіндіктерін толығымен ұғынған және түсінгенде ғана жүзеге асырылады деп есептейді. Ішкі дүние сезімін және дүниені қабылдауды негізге ала отырып, тұлғаның сыртқы танытуы (өзін-өзі жүзеге асыруы) немесе өзін-өзі көрсетуі де ықтимал. Алайда өзін-өзі көрсету, ішкі тұлғалық алғышарттарға ие болмай, танытудың сыртқы атрибуты ретінде көрініс табуы мүмкін [5].

К.А. Абульханова-Славскаяның пікіріне сәйкес, танытуды өзін-өзі жетілдірусіз қарастыру мүмкін емес, тек олардың диалектикалық бірлігінде ғана қарастыруға болады. Өзін-өзі жетілдіру деп К.А. Абульханова-Славская мәдениетке қосылу үрдісін, өз мүмкіндіктері мен қабілеттерін үнемі дамытып отыруды, өз білімдерінің деңгейін көтеруді түсінеді [5].
Л.А. Коростылёва, осы ұғымдардің бірлігін баса көрсете отырып, танытуды (өзін-өзі жүзеге асыруды) өзін-өзі жетілдіру арқылы анықтайды. Ол былай деп жазады: «өзін-өзі жүзеге асыру – бұл бір өзін-өзі жетілдіруге ұмтылу, яғни тұлғаның … өз мүмкіндіктерінің үнемі өсуіне, осының негізінде жоғары жалпы адамзаттық құндылықтар жатқан өз іс-әрекетінің сапасын арттыруға бағытталған ең жоғарғы қажеттіліктерінің бірі » [3, 38 б.].

Осылайша, қазіргі әлеуметтік психологияда этностық тұлғаның өзін-өзі таныту мәселесі өзінің жан-жақты зерттелуін қажет етіп, Қазіргі Қазақстанның ЖОО-рында жүргізілетін ұлттық білім беру сақсатын жүзеге асыруда өзіндік үлес қосады. Сонымен күрделі және көпқырлы құбылыс ретінде тұлғаның өзін-өзі танытуы оны тұтас зерттеуде әр түрлі, соның ішінде этномәдени факторлардың әсерін жан-жақты айқындауды талап етеді.

Әдебиеттер:

1.        Сафин В.Ф. Психология самоопределения. — Свердловск, 1986. —  186 с.

2.   Реан А.А. Самоактуализация и самотрансценденция личности // Психология личности в трудах отечественных психологов. — Спб., 2000. — 480 с.

3.        Коростылева Л.А. Психология самореализации личности: затруднения в профессиональной сфере. — СПб.: Изд-во «Речь», 2005. – 222 с.

4.        Франкл В. Человек в поисках смысла. — М.: Прогресс, 1990.- 366 с.

5.        Абульханова-Славская К.А. Стратегия жизни. — М., 1991. – 299  с.