Батыр жөнінде деректер жоқтың қасы, дегенмен де, ел аузында жүрген аңыз нұсқалар ұшырасады. Әйтей ХVІІ ғасырда ғұмыр кешкен тұлға болуы керек, руы арғын ішінде бәсентиін, тіпті шежіреде әйтей Әйтей – бәсентиін деген аты да сақталған. Осы жерде революцияға дейінгі уақытта қоныстары болған. Бұған дәлел мұрағат материалдары да бар. Қазіргі Лебяжі ауданының бір кездері Сталин, Ленин атанып келген ауылы, ертеректе 1930 жылға дейін Әйтей батыр есімімен аталған.
Қазақ-қалмақ қатынастарының шиеленіскен уақыты. Қазақ бір төбе, қалмақ бір төбе болып, шеп құрып соғысқан кезең. Бәсентиін ішінен шыққан Барлыбай батыр Әйтейдің інісі екен. Ағасы қалмақтарға қарсы жорыққа кеткенде, айналасындағы өзі сияқты қылшылдап тұрған жас жүректерді жинап алып, жауға тұтқиылдан «Барлыбайлап» ұран салып шыққан делінеді. Жау жеңіліс тауып қашқаннан кейін, Әйтей батыр Барлыбайға «Менің атымды неге ұран қылып шаппадын» — деп налыған деседі. Бұл халық аузында сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа таралып жүрген аңыздың бір нұсқасы.