Қазақтардың рухани өмірі тарихына 1911 жыл тұңғыш ұлттық бейресми мерзімді басылымдар шыққан жыл ретінде енді . Сол жылдың қаңтарынан бастап қазақ тіліндегі бірінші журнал “Айқап” , шықса , наурызынан бастап “Қазақстан” газеті шыға бастады . Бұл басылымдар туралы кеңестік тарихнамада біршама айтылды . Дегенмен олардың дерек көзі ретіндегі маңызы мен ерекшеліктерін , олардан алынған мәліметтердің ғылыми құндылықтарын анықтау үшін , жалпы газет-журналдардың пайда болуының алғышаттары , тарихи жағдайларымен қатар , нақты басылымның дүниеге келу тарихын зерттеудің де маңызы үлкен . Мысалы , “Айқап” туралы айтсақ , оның әрі шығарушысы , әрі редакторы , әрі негізгі авторларының бірі Мұхаметжан Сералиннің ұзақ жылдарға созылған ізденістері туралы да айтуға тиіспіз ..
М. Сералиннің 1906 жылдан бастап газет шығармақ болған бірнеше әрекеттері сәтсіз аяқталды . Тек , 1911 жылдың басына қарай ғана журнал шығару мүмкін болды . М. Сералинің өз ұлтының тарихындағы
ана тілінде бірінші рет журнал шығару сияқты үлкен іске жалғыз кіріскендігін оның замандастары да растайды .
“Алты миллиондай халықтың ортасында бір журналдың яки бір газеттің жоқтығы” М. Сералинді тәуекелге бел байлап , журнал шығаруды жалғыз бастауға итермелеген . Әрине , ол М. Сералинге журнал шығаруына және оны үзбей шығарып тұруына мүлдем ешкім көмектескен жоқ деген сөз емес . Жақсы істің басталуына , оның іске асуына әрдайым тілектестер мен мүмкіндігінше көмек көрсететіндер табылатындығы сияқты , М. Сералинге де тілектес болып , оған қол ұшын бергендер болды . Журнaл шығысымен халық оны жылы қабылдады . Жан-жақты көмек көрсетті . Көптеген адамдар журналдың үзбей шығып тұруына өз үлестерін қосты .
Журналдың шығуына бір жыл толуына арналған мақаласында М. Сералин : “Сөз соңында жыл бойынша журналдың тоқтамай шығуына себеп болған мырзаларға “Алла риза болсын” айтпай қала алмадық.
Әуелі, мәтбуға қожасы Сосновскийге арзан бағамен журналымызды басып һәм білген мәслихаттарын айтып жәрдемдескеніне . Екіншіден , Тәңірберген Тұрысбеков , Сәдуақас Шорманов , Ғабділрахман Жүсіпов … жәрдем еткен үміт иелеріне. Үшінші , бір жылдан бері тынбай сөз жазып келе жатқан шәкірттерге” — деп жазды . Бұл жолдардан М. Сералиннің “Айқап” журналын шығарып тұруға көмектескендердің ішінен бірінші етіп Сосновскийді атағандығын көреміз . 1907 жылы шыққан “Қазақ газетін” шығарушы да Х. Сосновский болғандығы белгілі . Олай болса қазақ тілінде шыққан тұңғыш бейресми газет пен журналдың шығуына көмектескен Х. Сосновский кім ? – деген сұрақтың туары заңды . Хаим Шулевич Сосновский , ұлты еврей . Троицкі қаласының мещаны . Алты жылдан астам Троицкіде шығып тұрған “Степь” газетінің редакторы болған . Сол қаладағы “Энергия” баспаханасының иесі .
Кеңестік тарихнамада айтылғандай , журналдың өзімен қатар шығып тұрған “Қазақ” газетінен басты айырмашылығы таптық идеялық позицияларында емес , олардың қаржылық негіздерінің екі түрлі құрылуында , қаржы көздерін екі түрлі іздестірілуінде болды . Басқаша айтсақ , басылымдарды қаржыландырудың уақыт талабына сай нарықтық негізде жүргізілуінде , немесе , керісінше уақыт талабына сай жүргізе алмауында болды .
ХХ ғасыр басындағы ұлт алдында тұрған мәселелерді ұлттық деңгейде көтеріп , ұлттық көлемде қоя білген , сондықтан ұлттық басылым деген ұғымға толық сай келетін екі басылымның бірінің әлемдік соғыстың басталуына байланысты туындаған қиыншылық қыспағына шыдай алмай өз шығуын тоқтатуы , екіншісінің , сол қиыншылыққа қарамастан шығуын жалғастыруы қайсысының дұрыс жол таңдай білгендігін көрсетіп берді .
“Айқап” журналы М. Сералиннің бастамасымен соның ерлікке тең еңбегінің арқасында және соның қаражатына 1911 жылдың 10 қаңтарынан бастап Троицкі қаласында Х. Сосновскийдің “Энергия” баспаханасында шыға бастаған . Көлемі 4-5 баспа табақ , таралымы 900-1000 дана . 1915 жылдың қыркүйегіне дейін барлығы 88 саны жарық көрген. Кей жылдары 12-14 , кей жылдары 24 нөмірге дейін шыққан . Тұңғыш журналдың неліктен “Айқап” атануы туралы М. Сералин: “Біздің қазақтың неше жерде “қап” деп қапы қалған істері көп . “Қап” дегізген қапияда өткен істеріміз көп болған соң журналымыз да өкінішімізге ылайықтап “Айқап” болды” — дейді . Журналға келіп түскен хаттарға қарағанда ол қазіргі Қазақстан , Қырғызстан территориясына түгел дерлік және Ресейдің біраз бөлігіне тараған .
“Айқап” журналын дерек көзі ретінде талдауда , ондағы мәліметтерді
тарих дерегі ретінде қарастыруда Ү. Субханбердина дайындаған “Айқап” бетіндегі мақалалар мен хат-хабарлар” атты мазмұндалған библиографиялық көрсеткішінің алар орны ерекше екендігін айтуымыз керек . Ә. Марғұланның сөзімен айтсақ , көрсеткіш: “Революцияға дейінгі мерзімді басылымның мазмұнымен танысып , бай да ерекше деректер әлеміне енуге көмектеседі” .
Көрсеткіш бірінші рет 1961 жылы жарияланды. Ол Ү. Субханбердинаның осы салада жарияланған алғашқы еңбегі еді . Бір қызығы , егер журнал патша өкіметінің жергілікті әкімшілік орындарының қатал бақылауымен шыққан болса , оның тура жарты ғасырдан соң жарияланған библиографиялық көрсеткіші кеңес өкіметінің одан да қатал бақылауымен шыққан . Осылай журнал мен оның көрсеткішінің арасында өзіндік тарихи сабақтастық пайда болды . Егер , журнал авторларды кезінде өз ойларын мақалаларында ашып айта алмай қиналса , көрсеткіште сол авторлардың біразының атын да атауға тыйым салынды .
1999 жылы шыққан “Қазақ халқының атамұраларында” , “Айқап” бетіндегі мақалалар мен хат-хабарлардың” библиографиялық көрсеткіштерінің толықтырылып екінші рет басылуына байланысты Ү. Субханбердина: “1961, 1963 жылдары “Айқап” журналы мен “Түркістан уалаятының газеті” , “Дала уалаятының газеті” , “Қазақстан” газетінің бетінде басылған материалдарының мазмұндалған библиографиясы басылып шыққан болатын . Бірақ өкінішке орай , ол көрсеткіштерде Байтұрсынов Ахмет , Бөкейханов Әлихан , Дулатов Міржақып , Аймауытов Жүсіпбек , Жұмабаев Мағжан , Құдайбердиев Шәкәрім, Қарашев Ғұмар , Ақпаев Жақып , Баржақсин Ахмет , Жанайдаров Мейрам,
Жұбанов Құдайберген , Досмұхаметов Халел , Ермеков Әлмұхан , Қоңыратбаев Қалжан , Мәрсеков Райымжан , Сейтов Асылбек , Тынышбаев Мұхаметжан , Шоқаев Мұстафа т.б. жазған ең құнды материалдары қысқартылып берілген едi” , — дейді /39/.
Ұлттық бейресми басылымдар арасынан Қазақстан тарихнамасында жиі айтылған басылымдардың бірі – “Қазақстан” газеті . М. Ысмағұловтың , Х. Бекхожиннің , Е. Нығметовтың , Қ. Аллаберген , Ж. Нұсқабайұлы , Ф. Оразайдың т.б. еңбектерінде “Қазақстан” газетінің шығу тарихы , авторлары , көтерген мәселелері т.б. туралы біршама айтылған . Дегенмен газет туралы жазған әр түрлі әдебиеттерді бір-бірімен салыстыру газет тарихына қатысты кейбір мәліметтерді анықтай түсудің қажеттілігін көрсетіп отыр . Осындай әр жылдары шыққан еңбектерде әр түрлі айтылып жүрген мәліметтердің бірі “Қазақстан” газетінің шыққан жалпы саны туралы мәлімет .
Мысалы , зерттеушілер М. С. Бурабаев пен О. А. Сегізбаев ұлттық бейресми басылымдар арасындағы өзіндік орны бар “Қазақстан” газетінің 15 саны шыққан десе , З. Тұрарбеков газеттің қазақ және орыс тілдерінде шыққан сандарын қосып 36 рет жарық көрген дейді . Бұл , әрине , шындыққа ешқандай сай келмейді . Себебі , газеттің орыс тіліндегі беттері жеке нөмір ретінде емес , қазақшасына қосымша ретінде беріліп отырған . Сондықтан оларды жеке нөмірге санау дұрыс емес .
“Қазақстан” газетінің қай жылы қанша нөмірі шыққандығы туралы Е. Нығметов: “Қазақстан” газетінің 1,2 нөмірлері 1911 жылы март , май айларында Орда қаласында жарыққа шықты . Сонан кейін осы жылы редакциясы Орал қаласына көшті де , Оралда газет нөмірін қайтадан 1–ші нөмірден бастап ноябрь , декабрь айларында № 1,2 сандары жарыққа шықты , сонымен 1911 жылы “Қазақстанның” барлығы 4 нөмірі шықты . 1912 жылы январь айында 3 нөмірі шықты да , осы жылдың июнь айына дейін барлығы 9 нөмірі жарық көрді . 1913 жылы январь-февраль айында 1,2 нөмірлері шықты” — дейді /40/. Егер , Е. Нығметов көрсеткен сандарды қарапайым түрде бір-біріне қоссақ (4+9+2=15), онда “Қазақстан” газетінің 15 нөмірі шыққан .
Дегенмен , зерттеушілердің көпшілігі “Қазақстан” газетінің 18 нөмірі шыққан деген пікір айтады . Мысалы , Қ. Бекхожин “Қазақстан” газеті туралы айта келе: “Не бары 18 нөмірі шығып тоқтатылды” десе , Қ. Аллаберген , Ж. Нұсқабайұлы , Ф. Оразай: “Басылымның үш жыл ішінде 18 нөмірі жарық көрді”- дейді . Соңғы жылдары жарық көрген С. Өзбекұлының еңбегінде де: “Көп жылдар бойы “Қазақстан” газетінің саяси-құқықтық бағытын зерттеу барысында , біз Санкт-Петербург , Москва қалаларының кітапханаларында сақталған осы газеттің 18 санын ғана анықтадық” — делінген /41/. Бірақ , бұлардың ешқайсысы да газеттің қай санының қай жылдары шыққандығы туралы ешнәрсе айтпайды .
Ал , шындығында “Қазақстан” газетінің бастапқы екі санының Ордада шыққаны , Оралда қайтадан бірінші нөмірінен бастап шыға бастағаны рас . Бірақ , 1911 жылдың қараша-желтоқсан айларында Е. Нығметов айтқандай , Оралда екі емес, үш саны шыққан (15 қараша , 1 және 15 желтоқсан). Ал, 1912 жылдың 2 қаңтарынан бастап шыққаны газеттің үшінші емес , төртінші нөмірі . Сол жылдың 31 мамырына дейін барлығы 9 нөмірі шыққан /42/. Газет қаражат жетіспеуіне байланысты біраз уақыт шығуын тоқтатып , тек 1913 жылдың 27 қаңтарында ғана қайта шыға алды . Ол туралы жаңа шыға бастаған “Қазақ” газеті: “Оралский
қаласында он шақты нөмірі шығып тоқтаған “Қазақстан” жаңадан шыға бастады…
“Қазақстанның” 27 қаңтарда шыққан бірінші нөмірі басқармамызға келді” — деп жазды /43/. Бірақ , газеттің қайта шыға бастауы да ұзаққа бармады .
Сол жылдың 16 ақпанында шыққан екінші нөмірінен кейін газет өзінің шығуын біржола тоқтатты.
Сонымен , “Қазақстан” газетінің 1911 жылы 5 , 1912 жылы 9 , 1913 жылы 2 нөмірі шыққан . Газеттің әр нөмірінің шыққан жылы мен күнін көрсетіп , ондағы мақалалардың мазмұндалған библиографиясын жасаған Ү. Субханбердинаның еңбегі де соны дәлелдейді . Демек , “Қазақстан” газетінің барлық шыққан саны — 16. Газет бетіне жарияланған мақалаларға жасалынған барлық шолулар да сол нөмірлердің негізінде жасалынған . Бұл “Қазақстан” газетінің басқа нөмірлерінің болмағандығын толығымен дәлелдейді . Ал , газет таралымы туралы ешқандай мәлімет әзірге жоқ .
Жалпы , алғашқы қазақ басылымдарына қатысты әр түрлі көрсетіліп жүрген мәліметтер басқа да газет-журналдарға тән .
Бір уақытта дерлік шыға бастаған “Айқап” журналы мен “Қазақстан” газетіне дерек көздері ретінде талдау жасау екеуіне де тән көптеген ортақ нәрселердің болғандығын көрсетеді . Ең бастысы олардың тек қазақтың тұңғыш бейресми мерзімді басылымдары ғана емес , сонымен қатар , бағыт-бағдарлары да ұқсас , бір-бірімен үндес , және тағдырлас басылымдар болғандығын , көтерген мәселелерінің де , ұлт алдында тұрған міндеттерді шешудегі ұсынған жолдарының да бір болғандығын байқау қиын емес .
Мысалы , “Айқап” журналы өзінің 1912 жылы алдында тұрған міндеттері туралы: “Биылғы жылы “Айқап” журналының алдымен қолға алатұғын мәселесі былтырғыдай жер мәселесі болар… Жерден соңғы
журналымыздың көп ой жүргізетұғын мәселесі таласу һәм партия болуды жоғалту хақында болар… Үшінші мәселеміз , оқу һәм оқыту хақында қалайынша тәрбиелер жасау керек , соларды қарастыру .
Төртіншіден , қатын-қыздарымыздың кемшілікте тұрғандықтарын халыққа ескерту” — деп жазса , “Қазақстан”: “Газеттің мақсат-міндеті: кәсіп айту , ғылым , өнер тұрғысында” — деп жазды .
Журнал мен газеттің мақсат-міндеттерінің бірлігі олардың мазмұн жағынан да жақын болуына әсер етті . Екі басылымға да тән ортақ тақырыптар: оқу-ағарту , білім беру , ғылым , өнер үйрену , жер , отырықшылдық , әйел теңдігі , шаруашылық жүргізу , әдет-ғұрып , салт-дәстүр мәселелері , надандыққа және партиялық бүліншілікке қарсы күрес т.т. болды . Екеуінің де ғасыр басында ұлт алдында тұрған отырықшылдыққа көшу , қала болып тұру , бас қосу сияқты қазақ зиялыларының арасында талас тудырған мәселелерде бір позицияда болғандығы белгілі . Және екеуі де қаражат жетіспеуіне байланысты өз шығаруларын тоқтатты .
Келтірілген мысалдар “Айқап” журналы мен “Қазақстан” газетінің бір бағытта болған , мақсат-міндеттері мен тарихы ортақ басылымдар болғандығын толығымен дәлелдейді ғой деп ойлаймыз . Оның тағы бір дәлелі кеңестік тарихнамада бұлжымас шындықтай берік орнаған және журнал мен газет туралы жазуға , олардың беттерінде жарияланған материалдарға (таптық тұрғыдан болса да) біршама талдау жасауға мүмкіндік берген: “Қазақ баспасөзінің тарихында негізінде екі бағыт болды . Бірі – қазақ ағартушылары бастаған прогресшіл-демократиялық бағыт . Екіншісі — буржуазиялық-ұлтшылдық реакцияшыл кертартпа бағыт. Демократ ақын-жазушылар “Қазақстан” газеті мен “Айқап” журналының төңірегіне топталды , буржуазияшыл — ұлтшылдар “Қазақ” , “Алаш” газеттерін және басқаларын өздерінің кертартпалық идеяларының қаруы етті” , — деген тұжырымның қалыптасуы . Әрине , ақпан төңкерісіне дейін
қазақ тілінде шыққан не бары төрт басылымның екеуін “прогресшіл- демократ” , екеуін “ұлтшыл-кертартпа” деп бұлай бөле жарып қараудың уақыт талабынан туындаған , шындықтан тым алыс жатқан тұжырым екендігі түсінікті . Дегенмен , мына бір фактіні ескермеуге болмайды .
Ұлт дамуын жол айрығына әкеп тіреген 1917 жылдың соңы мен 1918 жылдың басында , тұтас бір империя азаматтары бір-бірімен қарама-қарсы екі лагерге бөліне бастаған тұста , Ресей орталығында басталған ол бүліншіліктің қазақ даласын да қамти бастаған кезінде , “Айқап” журналы мен “Қазақстан” газетінің бұрынғы шығарушылары мен редакторларының және негізгі авторларының басым бөлігінің большевиктер партиясының жел сөзіне еріп , елде кеңес өкіметін орнату ісіне белсене араласқандары да , керісінше “Қазақ” газетінің маңына топтасқан ұлт зиялыларының большевиктер тарих аренасына шыққан күннен бастап , олардың сандырақ идеяларын әшкерелеп , кеңес өкіметіне қарсы соңына дейін күрескендері де рас .
Демек , “Қазақ баспасөзінің тарихында негізінде екі бағыт болғаны” тарихи шындық . Бірақ , кеңестік тарихнамада айтылғандай бағыттар емес, тіптен басқа , одан әлдеқайда тереңде жатқан , қазақ зиялыларының ішкі дүниетанымдарынан туындаған бағыттар болған сияқты . Біздің ойымызша , бұл өзін әрі терең зерттеуді қажет ететін күрделі қоғамдық құбылыс .
“Айқап” журналы мен “Қазақстан” газеті қазақтың шын мәніндегі тұңғыш бейресми мерзімді басылымдары бола білді . Екеуі де баспасөзге деген ұлттық қажеттіліктің , қоғамдық сұраныстың нәтижесінде пайда болды . Және екеуі де бүгінгі ғасыр басындағы қазақ тарихының өзіндік ерекшеліктері бар қайнар көздерін құрап отыр .