Моғолстанның құрылуы, жер аумағы

Моғолстан (1346 – 1514жж) 

XIV  ғасырдың ортасына қарай Шағатай ұлысы ыдырап,  Шағатай ұлысының шығыс бөлігі – Оңтүстік шығыс Қазақстан мен Қырғызстан аумағында Моғолстан мемлекеті құрылады.  Ал ұлыстың келесі бөлігі – Мауараннахрдың батысында Әмір Темір мемлекеті құрылған. Моғолстан аталу себебі,  Шығыс деректерінде «монғол» сөзіндегі «н» әрпі түсіп қалып,  «моғол» немесе «моғолстан» сөзі қалыптасып кеткен.

Мемлекетті кезінде Шағатай ханға адал қызмет еткен дулат тайпасының әмірі Поладшы басқарған. Әмір Поладшы бастаған дулат ақсүйектері Поладшының хан болуға құқы болмағандықтан,  өздерін тыңдайтын,  Шағатай ұрпағы Дува ханның немересі,  он алты жасар Тоғылық-Темірді 1348 жылы Моғолстан ханы етіп сайлайды. Ал негізгі саяси билік осы Әмір Поладшының қолында болған. Әмір Поладшы Моғолстанды Мауараннахрдан біржола бөліп алып,  тәуелсіз,  жеке хандық құруға бар күшін салды. Дулат тайпасы шонжарларының жаңа құрылған бұл өкіметте беделдері  бұрынғыдан да күшейген. Жалпы,  дулаттардың беделі Шағатай ханның кезінен белгілі. Атақшы тарихшы Мұхаммед Хайдардың жазуы бойынша,  Шағатай хан өз мемлекетін үлестерге бөлгенде,  өзіне адал қызмет еткен дулат әмірі Поладшыға Маңлай-Сүбе жерін берген. Маңлай-Сүбе Шығыс Түркістаннан Ферғанаға дейінгі кең-байтақ жерді алып жатқан. Осы аумақта Шағатай кезінен бері өз биліктерін жүргізіп келген дулат тайпасының өкілдері Моғолстан хандығының құрылуына да белсене араласқан.

«Тарих-и Рашиди» еңбегінде былай деп көрсетілген: «… қазіргі Моғолстан деп аталатын аумақтың ұзындығы мен көлденеңі 7-8 айшылық жол. Шығыс шеті (Моғолстанның) қалмақтардың жерімен шектеседі және Барыскөл,  Емел және Ертісті өзіне қосады.  Солтүстігінде оның шекарасы Көкшетеңіз (Балқаш),  Түркістанмен және Ташкентпен шектеседі,  оңтүстігінде Ферғана уәлаятымен,  Қашғар,  Ақсу,  Шалыш және Тұрфанмен шектеседі». Моғол мемлекетіне Қазақстанның Оңтүстік және Жетісу аймақтары кірген.