Филолог студенттердің шешендік шеберлігін жетілдіру әдістері дипломдық жұмыс

КІРІСПЕ

І. СТУДЕНТТЕРДІҢ ШЕШЕНДІК ШЕБЕРЛІКТЕРІН АРТТЫРУДЫҢ ТЕОРИЯЛЫҚ АСПЕКТІЛЕРІ
1.1. Шешендік өнердің тарихи парақтары
1.2. Пікірталас мәдениеті, оның талаптары, шарттары және түрлері
1.3. Пікіралмасу (дискуссия), оның мақсаты мен тілдік нормалары
1.4. Коммуникативтік мүмкіндіктерді дамыту әдістері
1.4.1. Еркін пікіралмасу
1.4.2. Коммуникативтік ойы
1.4.3. Семинар пікіралмасу
1.4.4. Жеке тәжірибе

ІІ. СТУДЕНТТЕРДІҢ ШЕШЕН СӨЙЛЕУ ДАҒДЫЛАРЫН ҚАЛЫПТАСТЫРУДЫҢ ӘДІСТЕМЕЛІК ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
2.1. Қазақ шешендік өнерінің қалыптасуы
2.2. Қазақ тілін оқыту барысында оқушылар тілін дамытудың әдіснамалық және әдістемелік негіздері
2.3. Филолог студенттердің шешендік шеберліктерін жетілдірудегі тәжірибелік жұмыстар
2.4. Шешендік сөздерге тән ерекшеліктер
2.5. Шешенге қойылатын талаптар
2.6. Шешендік – жарыстағы күштілік

ҚОРЫТЫНДЫ
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

КІРІСПЕ

Қазақстан Республикасында мемлекеттік тілмен қатар басқа да тілдерді, бүгінгі таңда етегін тереңге жайып келе жатқан үш тұғырлы тіл саясатын дамытудың іргесі ертеден қаланғаны біз айтпақ болып отырған ойдан белгілі болады. Әрине, саясат бағыты жас ұрпақты сара жолдан адастырмайтыны мәлім. Тек сол ұрпақ сөздердің басын біріктіріп, айтар ойын ұшқыр жеткізе білсе болғаны. Дана Абай мен қасиетті қазақ тілінің киесін жоймаған сөз зергері Мұхтардың ұрпағы екенімізді ұмытпай, бай тіліміздің қадірін қашырып, қарнын ашырмай келер ұрпақ еншісіне аманаттасақ болғаны. Осы жолда қазақ тілі, яғни «филология» мамандығы студенттерінің тіл шеберлігін арттырып, шешендік өнерді қалыптастыруға бағытталған өзіндік ойымызды тізбектеп көрмекпіз. Тілім дейтін, тілім үшін жаным садаға дейтін өр намысты қайсар ұлттың ұрпағы бола тұра, бұл мәселені қозғамай кету үлкен сын болар еді.

Осы бағытта пайда болған тілдерді қолдану мен дамытудың 2001 – 2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының басты мақсаттарының бірі – қазақ тілін жоғары оқу орындарында оқытуды жетілдіру, жақсарту. Оның бағдары – «дүниеге жауапкершілікпен қарайтын, инновациялық, шығармашылық пен ойлауға дағдыланған, мәдениеті жетілген, адамгершілігі мол, білікті мамандардың жаңа ұрпағын қалыптастыру» [2], шебер сөйлейтін шешен мамандарды дайындау.

Ел егемендігін алып, демократия кең өрістей бастаған қоғамда, әлемдік қауымдастыққа ұмтылып, бәсекелестік өмір сүрудің басты шартына айналған бүгінгі өзгермелі дүние жағдайында адамның мәні мен әлеуметтік рөлі жаңа сипатқа ие болып отыр. Соған сай рухани құндылықтар әлемі де түбегейлі жаңарып, адамның ақыл-ой қуаты мен интеллектуалдық әлеуетін қалыптастырудағы білімнің маңызы туралы қағидалар түбірімен өзгерді. ХХІ ғасырдың оқыту жүйесінде  меңгерілетін білімнің түпкі нәтижесі ең тұғырлы мәселеге айналды. Сондықтан жоғары оқу орындарындағы әрбір пән білімгерлерді дара тұлға ретінде жетілдіруге, оның шығармашылық қабілеттерін дамытуға жағдай жасауы қажет деген қағида берік орнықты. «Білім – тұл, тілден шығып есілмесе», — дейді Жүсіп Баласағұн. Тілдік білімді студенттің саналы әрекетін дамытатын, өмірлік қажеттілігін ақтайтын тегеурінді тетікке айналдыру үшін сол білімнің өзегінде, біріншіден, өзіндік көзқарас, дүниетаным мен сенім қалыптастыратын, екіншіден, ортаға тез бейімделіп, жаңа ақпаратты түсіну, қабылдау, өзгелермен қарым-қатынас жасай алу қабілеттерін дамытатын компоненттердің қатар қамтылуына назар аударыла бастады. Сондықтан егемендіктің алғашқы жылдарынан-ақ Қазақстанның білім жүйесін реформалауда білімгерлердің  дара тұлғалық қабілеттерін дамыту проблемасы күн тәртібіне қойылды.

Соңғы жылдары елімізде әлдеқашан ұмыт болған ғылым, өнер салаларына дұрыс көзқарас қалыптасып, бірте-бірте оңды өзгерістер өрбіп келетінін айтуымыз керек. Бұл заңды да, себебі тілдік қатынастың барлық түрлерін игерген жоғары мәдениетті адамдарды қоғамның қажетсінуі айқын аңғарылуда. Нәтижеде қайта оралған тиімді қарым-қатынастың жағдайы мен түрлері туралы шешендіктану ғылымы қоғамдағы сөйлеу мәдениеті деңгейін көтеру мен мықты «шешен тұлғаларды» тәрбиелеу мәселесін шешу жолдарын ұсынуы тиіс. Шешендіктанудың қайта оралу үрдісі гуманитарлық білім беру жүйесінде енді сезіле бастағаны ақиқат. Десек те, шешендіктанудың жоғары оқу орындарының гуманитарлық бөлімдері бойынша міндетті пәндердің біріне айналуы әлі де уақытты талап ететіні мәлім. Бүгінгі таңда баса ескерер ерекше тұс – егер де адамның жалпы мәдени деңгейі жеткілікті дәрежеде жоғары болса ғана, жинақталған кәсіби білім мен дағды жемісті жетістікке жеткізе алатынын болашақ мамандардың терең түсінуінің қажеттігі. Соңғы жылдары білім саласын ізгілендіру идеясының алғы лекке шығуының өзі осыны аңғартады. Бұған қоса жоғары мектеп оқытушылары арасында гуманитарлық және техникалық білімді интеграциялау қажеттілігі, оның жолдарын жинақтау белсенді талқылануда.

Кейінгі жылдары көптеген жоғары оқу орындарының гуманитарлық бөлімдерінде міндетті гуманитарлық курстардан (тарих, философия, мәдениеттану, саясаттану) өзге ғылым тарихы, іскерлік қарым-қатынас мәдениеті, сөйлеу мәдениеті, шешендіктану бойынша арнайы курстар енгізілуде. Біздіңше, білім беру саласын ізгілендірудің басты бағыттарының бірі белсенді оқытудың формалары мен әдістерін жетілдіру (мәселен, оқыту үрдісінде субъектінің субъектіге қарым-қатынасы ұстанымын жүзеге асыру) болғандықтан да, жоғары оқу орындарының бағдарламасына шешендіктануды енгізу мүмкіндігінің болуы мен болмауына қарай емес, ауадай қажетті екендігі басты шарт болуы керек. Демек, сөйлеу өнерін оқыту аса керекті іс. Бұл ретте тек шешендіктану ғана емес (бұл негізгі бағыттардың бірі ғана), бұған қоса білім алушы қауымның тілдік ойлау іс-әрекетін белсендіру бағытындағы үздіксіз жүргізілетін жүйелі де салмақты жұмыстары есте ұсталуы абзал.

Қоғам қашанда дарынды қабілетті адамдарға мұқтаж. Дарынды адамдар қатарын көбейту үшін олардың сөйлеу тілі және танымын дамыту керек. Сондықтан біз, мұның негізі халқымыздың даналықпен айтқан шешендік сөздерінде жатыр деп қарастырдық. Қазіргі кездегі оқу-тәрбиенің міндеті осы тың жатқан дүниені, даналыққа құрылған қанатты сөздерді, мақал-мәтелдерді, шешендік өнерді жас ұрпақтың бойына қалыптастырып, сол арқылы рухани байлығын арттыру.

Дамыған елдер қатарына қосылуға арналған бәсекелестік өмір сүрудің басты шарты болып отырған өзгермелі кезеңде жоғары білім беру жүйесіне қойылатын талаптар да күшейіп отыр. Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасында айтылғандай, жоғары білімді дамытудың негізгі үрдісі мамандар даярлау сапасын арттыруға ерекше көңіл бөлінуде. Осы ретте мұғалімдер даярлайтын жоғары оқу орындары алдында үлкен де салмақты міндеттер тұр. Бұл міндеттердің шешімі студенттерге мемлекеттік стандартқа, оқу бағдарламаларына сәйкес ғылым салаларынан білім берумен ғана шектелмейді. Жоғары мектепті бітірушілер болашақ кәсібін терең түсінетін, меңгерген білімін мазмұнды, дәлелді түрде, әдеби тілмен шебер жеткізе алатындай, тіл байлығы мол маман болып шығуы тиіс. Сондықтан жоғары оқу орнында оқытылатын қазіргі қазақ тілінің салалары арқылы студенттерді өз ойларын жүйелі, түсінікті етіп, шебер сөйлеу үрдісіне дағдыландыру маңызды мәселе болып табылады. Осы тұрғыдан келгенде, болашақ қазақ тілі маманы терең кәсіби білімімен бірге, шығармашылық ойлау қабілеті жоғары, пікірін жүйелі түрде жеткізе алатын, сөйлеу шеберлігі қалыптасқан тұлға болуы тиіс.

Бүгінгі таңда «филология» мамандығы бойынша білімдерін жетілдіріп жатқан студенттерге казіргі қазақ тілінің салаларын оқыту барысында әрбір студенттің кәсіби-әдістемелік даярлығын қалыптастыру тіл дамыту мәселесін де басты назарда ұстауды қажет етеді. Сөздердің грамматикалық сыр-сипатын, сөз тұлғаларының модельдерін дұрыс танып, талдай алатын, яғни меңгерген білімін іс жүзінде орынды пайдаланатын студент тыңдаушыға өз ойын айқын, анық етіп жеткізе алады. Бұл студенттің қазақ тілінің күрделі морфологиялық құрылымын тіл дамыту жұмыстары негізінде меңгеруі арқылы жүзеге асады. Сондықтан қазіргі қазақ тілінің морфология саласын оқыту арқылы студент тілін дамытуды бүгінгі қоғамдық-әлеуметтік сұраныммен сәйкестендірудің басты шарты ретінде ғылыми-әдістемелік тұрғыдан зерделеу қажеттігі туындап отыр.

Ертеңгі қазақ тілін өскелең ұрпақ бойына дарытатын ұстаздың, бүгінгі тәлім алып жатқан студент тілін дамыту тілдік қатысымдық іс-әрекет арқылы нәтижелі жүргізіледі, өйткені тілдік қатынас – сөйлеу тілі арқылы түсінісу дегенді нақтылай келіп, жай ғана қарым-қатынас дегеннен гөрі тамыры тереңге жеткен, өмірде өзіндік орны бар, қоғамның дамуы үшін ең қажетті қоғамдық-әлеуметтік ақпараттардың жиынтығы арқылы адамдардың бір-бірімен пікір алмасуы, адамдар қатынасының түп қазығы дегенді білдіреді. Тіл дамытудағы мақсат – қоғамда қазақ тілі арқылы еркін қарым-қатынас жасауды қамтамасыз ету. Сондықтан тілді қарым-қатынас құралы ретінде оқытуда, үйретуде  грамматика қарым-қатынасты жүзеге асыратын тетік қызметін атқарады.  Олай болса, студенттің ғылым саласынан игерген білімін тілдік қатынаста тиімді, орынды пайдалана білуге дағдыландыру – қазіргі уақыт сұранысынан туындап отырған өзекті мәселе.

Ертеден дана халқымыздың шеберлігін арттырып, халық тілінің қайнар бұлағына айналған – шешендік сөздер, бейнелі сөздер, мақал-мәтелдер арқылы студенттердің сөздік қорын байыту тіл дамыту жұмыстары арқылы іске асады. Ғасырлар бойы жинақталған тіліміздің байлығы студенттің ана тілін қастерлеп, тілдегі ұлттық рухты терең тануына мүмкіндік береді. Қазіргі қазақ тілінің морфология саласынан теориялық білім берумен қатар тіл дамытуды басты назарда ұстап, оны оқытуды тұтас әдістемелік жүйе ретінде зерделеу қазақ тілін оқыту әдістемесіндегі маңызды мәселелердің қатарына жатады.

         Дипломдық жұмыстың өзектілігі. Қазіргі заман жағдайында жоғары білім беру жүйесі университет қабырғасында алған білім, білік пен дағды-машықтың негізінде дербес, әлеуметтік және кәсіби біліктілікке қол жеткізу мақсатын көздеп отыр. Бұл мақсаттың түпкі шешімі студенттің игерген базалық білімін мазмұнды да дәлелді етіп, әсерлі сөз орамдарымен жеткізе білуіне келіп тіреледі. Сондықтан жоғары мектепте студенттің қазақ тілінің салалары бойынша меңгеретін білімдері ауызша да, жазбаша да әдемі сөйлеуге дағдыландыратын тіл дамыту жұмыстарымен ұштасқанда ғана нәтижелі болады. Олай болса, студенттің тілін дамытуды кәсіби біліктіліктің негізгі көрсеткіші ретінде дәйектеу зерттеудің өзектілігін нақтылай түседі.

Жоғарғы оқу орындарында өндіріс пен нарықтың жылдам өзгеріп жатқан жағдайына бейімделген жаңа үлгідегі мамандар даярлауда оқытудың жаңа әдіс-тәсілдермен жүргізілуі басты меже болуы тиіс. Сондықтан оқытуды ұйымдастыруда студенттің сөйлеу белсенділігін арттыратын, өз ойын ашық айтуға, пікір алысуға жетелейтін әдіс түрлерін қолдану тіл дамыту мәселесінің дұрыс шешілуіне жағдай жасайды. Бұл студенттің қазақ тілінің морфология саласынан меңгеретін теориялық білімі мен сөйлеу шеберлігінің тығыз бірлікте жүзеге асуының қажеттілігін айқындай түседі. Алайда, ғылым салалары мен тіл дамыту арасында тұрақты әрі табиғи байланыс болуға тиіс. Бұл өскелең жаңа өмір мұқтаждығы деген  тұжырым  күні бүгінге дейін өз дәрежесінде шешімін таппай келеді. Жоғарғы оқу орнында оқитын студенттер арасында тілдік нормаға сәйкес сөйлей алмайтындары кездеседі. Оның басты себептері – жоғары оқу орнында «қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы қазіргі қазақ тілінің морфология саласын оқытуда тіл дамыту жұмыстарына өз мәнінде көңіл бөлінбеген, бағдарлама, оқулықтар мен оқу құралдарында да тіл дамыту мәселесі нақтыланбаған. Бұл жоғарғы мектепте, яғни жоғарғы оқу орындарында  тіл дамытуды ғылым салаларын оқытумен байланыстыра зерттеудің әдістемедегі өзекті мәселе екендігін анықтай түседі.

Сонымен бұл  тұжырымдар болашақта мектептің белді тұлғасы болатын бүгінгі студенттің ғылыми білімді сапалы меңгеруі мен сөйлеу шеберлігінің тығыз бірлікте қалыптасуының әдістемелік негіздерін анықтаудың өзекті екенін дәлелдей түседі.

Дипломдық жұмыстың негізгі мақсаты. Жоғары оқу орнында қазіргі қазақ тілі, яғни филология мамандықтары бойынша оқитын  студенттер тілін дамытудың ғылыми-әдістемелік негізін тұжырымдау, шешен сөйлеу шеберлігін қалыптастыру, қазақ тілі мен әдебиеті бөлімінде жаңа технологияға сай тіл дамытудың әдістемелік жүйесін ұсыну, оның тиімділігін эксперимент арқылы дәйектеу.

Дипломдык жұмыстың нысаны – жоғары оқу орнының «қазақ тілі мен әдебиеті», «филология: қазақ тілі» мамандықтары бойынша білім алатын студенттерге риторика  саласы арқылы  тіл  дамыту үдерісі.

Дипломдық жұмыстың  міндеттері:

  • Ø Жоғарғы оқу орнында риторика немесе шешендіктану саласын оқытуда студенттер тілін дамытудың әдіснамасын айқындап, ғылыми-теориялық негіздерін дәлелдеу;
  • Ø Шешендіктануды оқыту арқылы студенттер тілін дамыту мәселесінің ұстанымдарын белгілеу;
  • Ø Шешендік сөздер, мақал-мәтелдер, афоризмдер сынды тілді байыту, дамыту  арқылы студенттердің сөздік қорын байытудың жолдарын анықтау;
  • Ø Студент тілін дамытатын кешенді жұмыс түрлерін айқындау;
  • Ø Студент тілін дамытуда жаңаша жаңғыртып оқыту әдістемесін пайдаланып, студент белсенділігін арттыратын іскерлік ойындар, ойбөліс, ойталқы әдістеріне бағытталған тапсырмалар жүйесін жасау;
  • Ø Студент тілін дамыту әдістемесінің ұтымдылығын эксперимент нәтижелеріне сүйеніп дәлелдеу.

Егер шешендіктануды оқыту арқылы студенттер тілін дамыту белгілі бір жүйемен  үздіксіз жүргізіліп, оларды шебер, жүйелі сөйлеуге дағдыландыру кешенді жұмыстар мен жаттығулар негізінде ұйымдастырылса, оқытудың жаңа технологияларын қолдану арқылы күтілетін білім нәтижелері студенттердің кәсіби сөйлеу шеберлігін дамытуға негізделсе, онда студенттердің тілін дамытудың, сөздік қорын байытудың нәтижесі мен мүмкіндігі арта түседі, өйткені шешендіктану саласын оқыту арқылы ойлана шебер сөйлейтін, қазіргі заман талаптарына сай, бәсекеге тұра алатын, қабілетті жеке тұлғаны тәрбиелеу, қалыптастыру жүзеге асады.

Дипломдық жұмыстың негізгі  идеясы. Жоғарғы оқу орнында ғылым салаларын оқыту тіл дамытумен тығыз бірлікте жүргізілгенде, студент қоғамдық-әлеуметтік ортада ойын еркін жеткізуге, әдеби нормада жүйелі, шебер сөйлеуге дағдыланады.

Дипломдық жұмыстың жүргізілу әдістері. Зерттеу жұмысында баяндау, бақылау, салыстыру, сипаттау, жүйелеу, жинақтау, талдау, тұжырымдау, талқылау, қорыту, эксперименттік әдістер қолданылды.

Дипломдық жұмыстың  ғылыми жаңалығы:

  • Ø Жоғарғы оқу орнында шешендіктану саласын оқыту арқылы тіл дамытудың ғылыми-әдістемелік негізі тереңдетіліп, оның басты мақсаты студенттің шебер сөйлеуін дамыту нәтижесінде кәсіби сөйлеу дағдыларын қалыптастыру екені дәлелденді;
  • Ø «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша шешендіктануды оқыту барысында студенттер тілін дамытудың әдістемелік жүйесін сараптау арқылы студенттерді кәсіби шебер сөйлеуге үйретудің ұстанымдары ғылыми тұрғыда негізделді;
  • Ø Студенттің болашақ кәсіби мамандығына сәйкес сөйлеу дағдыларын қалыптастыру бағытындағы тіл дамытудың жаңа әдістемелік жүйесі ұсынылды. Студенттің өзін жеке тұлға деп сезінуін қалыптастыру, белсенділігін күшейту, қызығушылығын арттырудың маңызы зор екені айқындалды;
  • Ø Студент тілін дамытуда қолданылатын әдіс-тәсілдер нақтыланып, олардың түрлері, қолдану жолдары белгіленді;
  • Ø Студент тілін дамытуда тілдік қатысым әдісі үлкен қызмет атқаратындығы анықталды;
  • Ø Шешендіктануды оқытуда би-шешендер сөздерінің үлгісі арқылы студенттер тілін дамытудың ұтымдылығы дәлелденді;
  • Ø Студенттерді ғылыми жұмысқа баулу арқылы ғылыми стильге жаттықтыруға, тіл терминдерімен сөздік қорын байытуға болатындығы және ол жұмыстардың студенттердің жазба тілін дамытуда маңызды екендігі анықталды;
  • Ø Студенттің кәсіби тілін дамытуда, қалыптастыруда іскерлік ойындар, ойбөліс, ойталқының белсенді әдіс ретіндегі мүмкіндігі тәжірибе арқылы дәлелденді;
  • Ø Жоғары оқу орнында шешендіктануды оқыту арқылы студенттер тілін дамытудың ғылыми-әдістемелік жүйесі эксперимент арқылы тексеріліп, дәлелденді.

Дипломдық жұмыстың теориялық маңызы. Зерттеу жұмысы жалпы тілді оқыту әдістемесін толықтырады, осы мәселеде оны байытуға жаңа үлес болып қосылады. Зерттеу жұмысы жоғары оқу орындарында келешекте түрлі мамандық бойынша жүргізілетін тіл дамыту жұмысының әдістемесіне теориялық-әдістемелік негіз қызметін атқарады. Ғылыми еңбек жоғары оқу орындарында мамандардың тілін дамыту әдістемесінің дамып, жетілуіне әсер етеді, мәселенің дамуына жол ашып, үлгі болады.

Дипломдық жұмыстың тәжірибелік маңызы. Зерттеу жұмысын жоғары оқу орындарында арнайы курс оқуға, арнайы семинар сабағында қолдануға болады. Еңбектегі өзекті мәселелер әдістеме саласы бойынша оқулық, оқу құралдарын жазуға септігін тигізеді деп ойлаймыз.

Дипломдық жұмысымызда төмендегідей бірқатар тұжырымдарды корғауды жөн көрдік:

  • Ø Жоғары оқу орындарында шешендіктануды оқыту арқылы студент тілін дамыту қазақ тілі маманын даярлаудың сапасын арттыруға, білікті, іскер, сөзге  шешен, шебер  маман әзірлеуге мүмкіндік береді;
  • Ø Шешендіктануды оқыту барысында студенттер тілін дамыту үшін оқытудың жаңа әдістерін қолдану қажет. Тіл дамытуда қатысымдық әдіс, көрнекілік әдіс, саяхат әдісі т.б. әдістерді кіріктіре пайдалануға мүмкіндік мол;
  • Ø Студенттердің кәсіби шебер сөйлеу дағдыларын қалыптастыруға бағытталған әдістемелік жүйе дидактикалық ұстанымдармен қатар, тіл дамытудың арнайы ұстанымдары арқылы жүргізілсе, нәтиже сапалы болады;
  • Ø Тіл дамыту жұмыстарын түрлендіріп отыру студенттердің сөйлеу шеберлігін жетілдіруге ықпал етеді;
  • Ø Шешендіктануды оқытуда студенттерді ғылым жаңалықтарымен таныстыру олардың сөз шеберлігін қалыптастыруға бағытталуы тиіс;
  • Ø Жоғары оқу орнында тіл дамыту тіл білімінің барлық саласымен байланысты болғандықтан, тіл дамытуды тіл теориясымен де, практикалық сабақпен де байланысты жүргізуге болады;
  • Ø Шешендіктануды оқытуда студенттердің тілін билердің шешен сөздерінің үлгісімен, ғылыми жұмысқа баулу барысында, іскерлік ойын, ойбөліс, ойталқы арқылы дамыту  жақсы нәтиже береді;
  • Ø Шешендіктануды оқыту барысындағы тіл дамыту жұмысын білім беру, тәрбие жұмысымен байланысты жүргізу қажет;
  • Ø Білікті, іскер әрі сауатты, шебер сөйлейтін, қазіргі заманның талабына сәйкес ісіне сөзі сай маман дайындау тіл дамытудағы кешенді жұмыстар арқылы іске асады.

         Дипломдық жұмыстың құрылымы. Дипломдық жұмыс кіріспеден, негізгі бөлім, қорытындыдан және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.

Дипломдық жұмыс / 72 бет