Жетісу ақындық мектебінің қалыптасу тарихы

ЖЕТІСУ АҚЫНДЫҚ МЕКТЕБІНІҢ ҚАЛЫПТАСУ ТАРИХЫ туралы қазақша реферат

Белгілі қазақ ақындарының бірі – Сүйінбай  Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Майтөбе жайлауында, 1822 жылы шілде айында туған. Өз әкесі – Арон Күсепұлы, арғы атасы – Жиенқұл деген кісілер. Сүйінбайдың аталарының көбірек тұрған ежелгі мекені – Қапал ауданындағы Көксу, Қараталға қатысты Екейқұм деген жерлер. Ол кедей отбасынан шыққан. Әкесі Аронның шаруасы тым шағын болып, кейде ішер ас, мінер атқа зар болған екен. Өзінің өмірі туралы айтқан өлеңдерінің бірінде ақын бұл жайды және екей елінің түгел кедей болғанын толық бейнелейді. Елінде билік құрған бір төреге айтқан толғауында ол:

Сол момынның біреуі                       Малға кедей жан едім.

Екей деген ел едім.                           Көже, қатық, қой сұрап,

Сүйінбай деген мен едім,                Дүйсен деген біреуге

Әкем Арон тұқымы.                         Кеше күндіз кеп едім, –

 

дейді.

Енді бір халық аңызында жоқшылық көрген Сүйінбай ауқатты ағайыннан мал дәметіп, оған жайын айтуға барса, ол малын ұрыға алдырып зарлап отырады. Сен ақынсың, сөз білесің, алынған малдың соңынан түс, — деп, одан дау-шараға араласуды талап етті. Өзін шауып кеткен жалайыр төресіне барып, ұрыларды айдап әкеткен жылқысын қайтаруды жүктейді. Сөзге жүйрік, албырт ақын бұл дауды қабылдап, жалайыр Солтан төренің еліне жалғыз барып, жалынды сөзін айтады. Оның бұл сапары сәтті аяқталады. Сөзден жеңілген төре Сүйінбайдың дауын қабылдап, ел-жұрттың алдында масқара болмау үшін оны ризалап аттандырады. Халық аңызы бойынша, Сүйінбай осы даудан кейін елге әбден танылып, алдына мал салады. Ал ақынның балалық шағы жоқтық азабында өтеді, шешесінен жастай айырылып, немере ағасының қолында тәрбиеленеді. Жетімдік азабын шегіп, зарығып өседі.

 

   Е, Құдай, тарылттың ғой мені жастан,

    Кем етіп, жетістірмей мал мен бастан.

                                                  Барайын деген жерге көлік таппай,

                  Отырмын енді, міне, жылжымастан [4,132 б.].

         Сүйінбайдың Тезек төремен кездесуі – кейінірек, ақынның ер жетіп, елге танылған шағы. Қалың бұқараға сүйенген ақын тайсалмай сөйлеп, Тезек төрені де жалайырдағы Солтанға ұқсатып ел алдында әшкерелеп, бас көтертпей жалынды сөзінің күшімен бөгеп отырады. Тіпті көрші қырғыз халқының қанды балақ, орақ ауыз Орман хан тұқымдарының орынсыз істерін де батыл сынайды. Ол шындық үшін күресіп, хан-төре тұқымдарының қылмыстарын бетіне басады. Әр түрлі дауға түсіп, әділ қазыдай әмірлі билік айтады.

Ақынның бұлайша ел ісіне араласуы оның қоғамдық бетін айқындайды, бетіне адам қаратпаған әрі ақын, әрі әкім төренің аузын буып, оның төріне именбей шығып, табағынан ас, малынан бас беруге мәжбүр еткен – Сүйінбайдың тас жібітер өткір де батыл тілі. Табиғатынан талантты ақынға ел артқан сенім, ол көрсеткен сый-құрмет өшпес даңқ әперіп, бойындағы сарқылмас талант бұлағының көзін ашты. Ақын енді үй айналасындағы әкесінің шағын шаруашылығымен айналыспай, ағайын арасы ұсақ дау-шараға бөгелмей, ел кезіп, өмір көру, ділмар-шешен ақындармен кездесіп, олармен дидарласу арманын алға қояды.

Болашақ талант иесінің ізденуі басталады. Оңтүстік, Шығыс, Орталық Қазақстан жерін ол түгел аралайды. Өз кезіндегі халық ақындарының біразымен кездесіп тілдеседі. Өзіне дейінгі ақындардан өз атасы Күсептің жырларын, Жанкісі жыраудың өлеңдерін жақсы білген. Аға буын ақындардан Қабан, Жанақ, Түбек, Шөжелермен кездескен. Ал, өзіне тұстас Майлықожа, Майкөт, Қаңтарбай, Тезекбай, Бақтыбай, Қатаған сияқтылармен кездескен, кейбірімен айтысқан [4,133 б.].

Сүйінбайдың соңғы кезде табылған өлеңдерінің ішінде оның өмір белестерін танытатын кейбір толғаулары кездеседі. Онда ақынның ата-бабасы мен ағайындары: Аран, Күсеп, Жиенқұл, жақын туыстары Жұмсақ, Оспан, Жаманшалар, әйелі Еңліктің (Жұпан деген бәйбішесі өлгеннен кейін алған) есімдері мәлім болды.

Ақынның өлер алдындағы айтқан тағы екі толғауы табылды. Онда акын өзіне өлім қаупі төнгенін біліп, өміріне тұжырым жасайды.

 

        Құлқайырдай ағарды сақал, мұртым,

   Өтіп кетті қатарлас талай жұртым.

Керуендей бір күні жөнелермін,

         Жан келіп кетпейді ме неше дүркін? –

деп басталатын осы өлеңнің үшінші шумағында ақын өзінің 73 жасқа келгенін хабарлайды. Ал осы күнге дейін біз Сүйінбайды 68 жасында (1823-1895) өлді деп келдік.

 

Жетпістің үшеуіне келгеннен соң,

       Тарғыл тартып кеттің-ау қайран күнім.

  Бұрынғыдан, Сүйінбай, бәсеңдедің,

                  Секілді биыл менің мүшел жылым [4,134 б.].

         Бұл сөздерге қарағанда, Сүйінбай 1827 жылы емес, 1822 жылы туып, 1895 жылы қайтыс болған. Сүйінбайдың сүйегі Қарақыстақ аңғарының жоғарғы саласындағы шағын обаның үстіне, көне бейітке қойылған.

Сүйінбай өлерде айтқан бір өлеңінде мұрасының қағаз бетіне түсіп, жазылып қалмағанына өкінеді. Өзі қайтыс болғаннан кейін өлеңдері елдің есінде қалмай, өзімен бірге жойылып кете ме деп қауіптенеді. Өлеңінде ақын кесір мінезді Жұмыққа реніш те білдіреді. Олай болуының себебін халық ақыны Ә.Сариев былай түсіндіреді: «Аурудың батқанын сезіп, енді айықпасына көзі жеткен Сүйінбай ағасы Жұмықты қасына шақыртып алып, өзінің өлеңдерін жаздырып кеткісі келгенін айтады. Ол үшін, – елден хат білетін төрт адам тауып әкел, солар менің айтқанымды жазып алсын», — дейді. Бірақ, тағдырға бас иген, өнерге бейтарап Жұмық бұл сөзге құлақ аспайды. Қайта оның сөздерін ауру сандырағы деп түсініп, Сүйінбайға: «Құдай алдында кінәлі болмай, жөніңмен жатып, тағдыр бұйрығын қарсы ал», — деп ақыл берді. Жұмықтың осындай тоң мінезін сынай айтқан Сүйінбайдың «Жұмыққа» деген өлеңі былай басталады:

 

Атың емес, Жұмық-ай, ойың жұмық,

Бір басыңнан шығады нелер қылық.

Сүйінбайдың аты бар, өлеңі жоқ,

Жүргендей боп кеттім-ау көзім жұмып,

Сүйінбайды апарып көмгеннен соң,

Отырарсың жотада жалғыз ұлып.

Өмірді келген, кеткен андамайсың

Адамның болашағын болжамайсың.

Асыл сөздің білмейсің қасиетін

Жаман ойға келгенде талғамайсың,

Қияс мінез, томырық от пен жалын

Қайтейін, осыныңа арланбайсың? –

деп, ақын Жұмықтың өнер қадірінен бейхабар, ұғымсыздығын бетіне басады.

Сүйінбайдың аталмыш өлеңдері – өзінің мәнімен де, көркемдігімен де елеулі шығармалар. Ақынға тән сыншылдық пен шыншылдық бұл өлеңдерде де айқын.

 

Сүйінбай Алатаудың, атым дардай,

Жатқанымда боламын шөккен нардай.

Еңбегімнен екі ауыз із қалмастай,

Көктемдегі жер тартып кеткен қардай.

Ақылымды қараңғы басып қалған,

Сау күнімде құдайым еске салмай.

Ауру билеп бойымнан әлім кетті-ау,

Бауырсаққа иленген кескен нандай [4,135 б.].

Бұл келтірілген үзінділердегі өз есімін Алатауға теңеуі болсын, халі бітіп, тұруға зар боп жатқан кезін шөккен нарға салыстыруы болсын, өзінің дариядай талантын жерге сіңіп кеткен көктемгі қар суына балауы болсын, өз бойындағы әлсіздікті бауырсаққа илеген нанға салыстыруы болсын – бәрі орынды. Бұл теңеулер ақын тілінің суреттілігіне куә бола алады.

Сүйінбай – халқымыздың поэтикасына жетік шебер тілді, жүйрік ақын. Бұған оның билер мен төрелерді сынап, мысқылдап айтқан өлеңдерінің өзі дәлел. Ақынның «Кәрілік» атты өлеңін еске алсақ, бұл да оның адамның қартая бастаған өмір белестерін айқын бейнелеп, шендестіре сөйлеуге ұста екенін танытады.

 

Ақын боп жиырмада желдей болдым,

Отызда асқан биік белдей болдым.

Отыз асып қырыққа келгеннен соң,

Қаптаған жердің жүзін селдей болдым.

Қырықтан асып, елуге келгеннен соң,

Түбім терең, құрақты көлдей болдым.

Елу асып, алпысқа келгеннен соң

Салынды суға ілінген сендей болдым

Алпыс асып, жетпіске келгеннен соң,

Тап-тақыр ел жайлаған жердей болдым [4,136 б.].

 

Сүйінбайды тек қазақ елі ғана емес, көрші Орта Азия халықтары да жақсы білген. Әсіресе, оның есімі – туысқан қырғыз халқына жете таныс. Қырғыз ауылдарын өз аулындай аралап, олардың басындағы ауыртпалықтарды да жақсы ұғынған. Қырғыз кедейлері мен қазақ жатақтарының тағдырластығын түсініп, оларды қанап отырған хан, төре, датқаларды бірдей сынаған. Ел басына қырғыз ханы Орманбет пен оның інілері, кейінгі ұрпағы салған ауыр жағдайды әшкерелейді. Орманбет хан өлген соң, оның орнына хан болған баласы Үмбетті де Сүйінбай батыл сынайды. Әкесінің қылмыстарын бетіне басып, бөрінің бөлтірігі екенін ескертеді.

 

Әділет жоқ өзіңде,                           Есіткен жандар мұныңды

Ниетің жаман өзгерді.                     Әділеттік демеді.

Қойға қасқыр шапқандай,               Хан құдайдың ұлы емес,

Үмбетәлі, Шарғынның                    Құдайға да құл керек

Жаулағаны өз елі.                            Халықтың жоқ па керегі?

 

Осылайша қырғыз датқаларын қазақ төрелерінен кем сынамайды. Әсіресе, Қатағанмен айтысында қырғыз датқаларының ұрлық-сұмдықтарын аша түседі. Кейін табылып, басылым көрген қырғыздың Арыстанбек ақынмен айтысы да өткір, шешен.

Сүйінбай айтыстары ХIХ ғасыр ақындары айтыстары ішінде бір төбе жоғары тұрады. Бұл оның айтыстарының мәнділігі мен тіл өткірлігінен байқалады. Ол өзінің өлеңдерінде кейбір ақындарша өз елінің байларын бедел тұтып, тілге тиекті сол бай мен төрелер маңынан қарастырмайды. Ақынның сүйеніші қалың ел және Өтеген. Сұраншы, Сыпатай сияқты батыр атанған ел азаматтары болады. Осындай әйгілі адамдарды тірек тұтқан ақынды қарсы жыраулар кедейсің деп қанша жабысса да жеңе алмайды. Ол өз аяғымен келіп, босағада тұрып сөз бастаса да, төре ақындарын бұлтартпай шалып тастайды [4,137 б.].

Сүйінбай шығармаларының ішінде өзінің мәнділігімен ерекше көзге түсетіні – оның Тезек төремен кездесіп, дидарласуы. Мұның өзі әлеуметтік мәні жағынан екі ақынның айтысуы деуден гөрі, елдегі қоғамдық екі топ өкілінің саяси тартысы деуге тұрарлық шығарма. Себебі, айтыста екі ақын жарысқа түспейді. Мұнда бір-бірінен жыр өнерін асыру мақсаты қойылмайды. Ашықтан-ашық екі топ өкілі егеседі. Қара халық, еңбекші ел атынан бұқара тілегін көтере  Сүйінбай шықса, Абылайдай атақты атаның баласы, тегі төре Тезек өз табының туын ұстап, тіл безейді.

 

Албан, дулат, шапырашты ел емес пе?                  Бетіндегі көбігі төре емес пе?…

Шалқып жатқан ел деген көл емес пе?                  Қалың қазақ жиылып атқа мінсе,

Көл толқыса, көбігін кетер басып,                         Отыз үйлі төренің несі қалар? [4,138 б.]

 

Сүйінбай – хан-сұлтандар алдында қасқиып тұрып, батыл сөйлеген Махамбет пен Шернияз типтес талант иесі. Әсіресе, ол – Шернияз ақынмен тағдырлас. Екеуі де ел батырларын жақтап, ел мұңын жоқтаған. Екеуі де өз елінің хан-сұлтанын түйреген өлеңдерімен белгілі. Бірі Кіші жүздегі Баймағамбет сұлтанға барып, соған және оның үй ішіне арнап, оларды сынап сөз қозғаса, екіншісі Тезектей Ұлы жүз сұлтанына келіп, тап сол Шерниязға ұқсас жыр толғайды. Шернияз Махамбет пен Исатайды дәріптесе, Сүйінбай Өтеген мен Сұраншыны өз сөзіне өзек етеді. Бұл екі ақынның өлеңдері мазмұны жағынан үндесіп, тілі, стилі жағынан ұқсас келеді. Сүйінбай да Шернияздың Баймағамбет сұлтанға айтқаны сияқты Тезекті мақтап, жамандап және оның қызы мен әйелі туралы өте ұқсас өлеңдер айтады. Бұған сұлтан алдында сөйлеуге мәжбүр болған екі ақынның тағдырластығы негізгі себеп болса керек. Екеуі де кемтарлық көріп, төренің алдына келеді. Сұм сұлтандардың қаныптан суырған қанды қылышы астында тұрып жыр қозғайды. Сөйтсе де Сүйінбай мен Шернияз бірін-бірі қайталап отыратын ақындар емес, бұлардың үндестігі тек Тезек пен Баймағамбет үйінде айтқан кейбір арнау өлеңдерінде ғана байқалады.

Сүйінбайдың айтыстары ішінде оның Қаңтарбай ақынмен тілдесуінің мәні ерекше. Қаңтарбаймен Айтысқанда Сүйінбай да өз елін бай, өз рухын күшті етіп көрсетуге тырысады. Қаңтарбайды кедейсің деп кемітеді. Бірақ, бұл дәстүрлі айтыс әдісі ғана болатын. Айтыса келе ол Қаңтарбайды бұлай жеңе алмайтынын сезеді. Себебі, Сүйінбайдың өзін және екей сияқты кедей руды бай, мықты деп көрсетпек болғаны шындыққа сай келмейді. Қаңтарбайды өтірік, өктемдік айтып жеңу мүмкін емес. Бұл жайды әккі ақын бірден түсініп, тез жалтарып, өзге бағытқа, өзінің басқа айтыстарына тән үйреншікті әдісіне – батырларды бетке ұстауға көшеді. Албан, дулаттың көптігін айтып састырмақ болған Қаңтарбайға Сүйінбай екей аз болса да, оның Сұраншыдай батыры бар екенін, талай жауды тойтарып, ол дулатқа да қорған болғанын айтады. Мен ол тірі тұрғанда ешкімнен қорықпаймын деп, Сұраншыны мақтайды.

 

Қорықпаймын дулаттан Сұраншы өлмей,

Қара шұбар жігітке қаза келмей.

Мың кісіңе бір кісім болар, дулат,

Шуылдап Сұраншыны жерге көмбей.

Бұл айтыста Сүйінбай өзінің ақындық өнерін асырып, Қаңтарбайды жеңіп кетеді.

Сүйінбайды жалайыр, албан, дулат елдерінің ақындары ұстаз тұтып ардақтаған. Бақтыбай деген жалайырдың жас ақыны Сүйінбайдан бата алып, өнер жолына түскен. Аға ақын жас қыранның талантын танып, оған елдегі уақ-түйекті термелемей, мәнді жыр шертуді үйреткен. Шын ақын өнердің өрісі жолына түсіп, қоғамдық, әлеуметтік мәселе көтеріп, ел керегіне асар халыққа рухани тәлім берер туындыларға әуестенуі керек екенін айтқан. Өзінің көп елді аралап, талай ақындармен кездескенін, сол кездесулерден түйген тәжірибелерін ұстаз ретінде Бақтыбайдың құлағына құйған:

 

Мен бармаған елім жоқ,                              Ақын бар жерде нақыл бар.

Баспаған тағы жерім жоқ.                           Ел мұқтажын айтқанның

Қазақ пенен қырғыздың                              Артығы не, кемі не?..

Бәрінің дәмін таттым-ай.                             Сол ақынды ақын дер,

Бақтыбай шешен, сен едің,                          Сол ақынды мақұл дер —

Сүйінбай деген мен едім…                          Жарасса сөзі елінің [4,139б.].

Ел болған соң ақын бар,

Келтірілген үзінділер Сүйінбайдың жас ақындарға берген тәлімінің бет алысын байқата алады.

Сүйінбайды білетін қария адамдар ел ішінде әлі көп.

Ойылдың халық ақыны Төкешев Қазтай Сүйінбай өлеңдерін жазып алып сақтап келген. Асылы, ол Сүйінбайды Шернияздан естіп білсе керек. Ол өзінің қолжазбаларының кіріспесінде Сүйінбай өмірін өлеңмен баяндайды:

 

…Сүйінбай он жасында қалды жетім,

Жылаумен сепкіл басқан екі бетін.

Жәметке, Қартыбаймен бала болып,

Күні үшін істеп жүрді қызметін.

Жетімді жетілдіріп, жүйрік еткен,

Алланың көремісің құдіретін, —

дейді. Жетісу елінің ақындары Қабан жырау мен Сүйінбайды ұстаз санап, «пір» тұтқан. Заманымыздың алып ақыны Жамбыл да оны ұстаз тұтып, өнерін жетілдірген-ді.

 

Менің пірім – Сүйінбай,

Сөз сөйлеймін сыйынбай, —

деп толғайды Жәкең. Тегі, Сүйінбайдың, ағалық ақылы мен ақындық тәлімі мол тиген болса керек. Сүйінбайдың ақындығын Жамбыл аса жоғары бағалаған. Бұл ретте Жәкеңнің мына бір өлең жолдары көбірек еске оралады:

 

Ақындардың ақыны,

Айдын көлдей ақылы,

Жыр тұлпары – Сүйінбай.

 

Жамбылдан басқа ақындар да Сүйінбайды өздеріне ұстаз тұтып, оның таланты алдында бас иген. Сүйінбай қайтыс болғаннан кейін, бір топ ақын оған арнап жоқтау өлеңдерін шығарған. Мысалы, Үмбетәлі ақынның жоқтауы 1935 жылы шыққан Сүйінбай өлеңдерінің алғашқы шағын жинағында басылады. Сүйінбайдың кейінгі ақындарға осылай үлгі-өнеге болғанын айта келіп, профессор Е.Ысмайылов былай дейді: «Сүйінбайдың бүкіл Жетісу ақындарына, әсіресе, ең талантты шәкірті, келешегінен зор үміт күткен Жамбылға берген ақындық, ұстаздық жолында екі үлкен ерекшелік бар. Бірі – айтыста болсын, шындықты жеткізіп, өткір, шешен, тапқыр тілмен тыңдаушыға құмарландырып сөйлеуі, екіншісі – тарихта болған батырларды үнемі желілі жырға айналдырып айтуы [4,140 б.].

Сүйінбай – халық батырларын үлгі етіп, қаһармандық жырлар толғаған эпик ақын. Сұраншы, Саурық, Сыпатай, Тотан, Ботпай, Бөлтірік, Жабай, Өтеген батырлар туралы жырлар шығарған. Бірақ олар бізге түгел жетпеген. Тек кейбір үзінділері мәлім. Оның «Тотан батыр» жырын халық ақыны Әбдіғали Сариев жырлап келген-ді. Жамбылдың айтуынан С.Сейфуллин жазып алған ноғайлы батыры Жабай туралы жырдың үзіндісі де назар аударарлық.

Ақынның төрелерді сынаған жолдарынан шындық образдар елес береді. Кейде тұтас тұлға жасағандай әсер қалдырады. Адамның кескін-келбеттеріне лайық психологиясы, ішкі жан дүниесі суреттеліп, сол адамды көріп, тілдесіп отырғандай боласың. Төрде отырған төрелердің шектен тыс шіренген кескін-келбеттері, олардың жай адамдарды менсінбей тіксіне қарап, тұрпайылықпен тілдейтіндері, жазықсыз жанды жазалауға дейін баратын әдепсіз әдеттері сынға түседі. Оның шығармаларында өткір сын, ақыл-нақыл, батырлық дәстүрлер баса жырланады. Халық өмірін кең қамтиды. Қоғамдық, әлеуметтік, мәселелерді батыл көтереді. Кейде табиғи өмір заңдылығы, азамат тіршілігі жайлы, жақсылық пен жамандық туралы терең толғап, ойшылық түйіндер жасайды. Өлең деген өнердің қадір-қасиеттерін баяндап, өнер туралы өзіндік түсініктерін, ақындық талғамдарын, дүниетанымдарын айқын танытады. Өмірдің өткініштілігі, өлімнің хақ екені, бірақ әркімге де тіршіліктің қымбаттылығы оптимистікпен түсіндіріледі. Өмірдің қызығы – татулық, бірлік ізеттілікте екені көрсетіліп, адамгершілікке үндейді. Көркемділікті, табиғилықты дәріптеп, адамның рухани азығы – өнер, өлеңді жоғары бағалайды. Бұған «Жақсы мен жаман адамның қасиеттері», «Жұмыққа», «Құлқайырдай ағарды сақал-мұртым», «Сүйінбай Алатаудай, атым дардай», «Кәрілік» тәрізді өлеңдер циклын жатқызуға болады. Аталған шығармалардан оқушысын терең ойға меңзейтін, өмірдің заңдылығына жіті көз тастайтын, барлық сырына түсінгісі келетін қырағы адамның ой түйіндері, пікір қорытындылары танылады. Жақсылық, адалдық, кішіпейілділік қасиеттері термеленіп, адамгершіл нақылдар ұсынады.

Сүйінбай – өзі туып-өскен халық ортасында жасап, сол ортадан тәлім алып, жетілген өнер саңлағы, дәуір қайшылықтарын аша да, жырлай да білген шыншыл ақын. Оның шығармалары – өзінің өміршеңдігі, көркемдігімен құнды [3,132-154 бб.].

Қазақ әдебиеті тарихында шығармашылық қызметі арнайы, кең талдауға ілінбей жүрген ХІХ ғасыр әебиетінің ірі өкілі, төкпе ақын Майкөт Сандыбайұлының әдеби мұрасы.

         Майкөт(1837-1902) – аса ірі, өте шебер ақын екені Құлмамбетпен айтысынан да, өзі жырлаған «Алпамыс» қиссасынан да анық білінеді. Ол неше алуан эпостарды, қиссаларды жырлап, байтақ аңыз-әңгімелерді баян еткен. Жамбыл «Көрұғлы сұлтанды» Сарыбайдың асы өткен соң, Әулиеатаға арнайы іздеп барып осы Майкөттен үйреніпті. Майкөт «Көрұғлыны» қырық күн жырлайды екен.

Атақты ақын дүниеге келгенде қазақ даласы үш жақты билік жүйесіне негізделген, Қоқандық отарлаудың «қамал салу арқылы бекіту» әдісінің күшейе түскен кезімен тұспа-тұс келеді. ХІХ ғасырдың бас кезінде Қоқан ханы қазақтың Оңтүстік өлкесін түгелдей дерлік өзіне қаратып, қанаудың «сауда және салық отарлауын» енгізіп, діни ықпалдастықты бетперде етіп, рушылдық отына май құйып, ашкөздене ұмтылған, елді ауыр алым-салық арқылы тұқыта ұстап, рухани езгіге түмірген кезі болатын. 1821 Қоқандықтарға қарсы Тентек төре бастаған көтерілістің ұмытыла қоймаған кезінде дүниеге келген ақынның туған кезі әлі толық  анықталмай келеді. Дер кезінде жанашыр іздеушісі болмаған ақын мұрасының көпшілі ұмытылған. Майкөт Сандыбайұлының туған жылы түрлі дау-дамай туғызып жүргенімен, ол алдынғы ғасырдың отызыншы жылдарына тұтас өміріне келген болып шығады, — деген ақынның «Жампос» жинағын құрастырушылар пікіріне ден қойған жөн секілді.

ХІХ ғасыр әдебиетін талдауға алғанда осы өңірден шыққан ақындар шығармашылығын сол кездегі қоғамдық-әлеуметтік мәселелер тұрғысынан қарастырғанымыз жөн. Қайталау мен қателесу өзегі кейбір ақындар шығармашылығының жалпы ағымдар аясында, тар өлшеммен қарастырылуы себепті, кейде қателікке ұрынып, бір жалға құрылатыны болады. Қоқан хандығы туғызған әлеуметтік әділетсіздіктерді жырлаған Оңтүстік ақындары мұраларының діни-танымдың бөлігінің басым болатыны да, Қоқандық отарлаудың өзгешелігінде жатқандай. ХІХ ғасырда күшейе түскен Қоқандық отарлау идеологиясының шындығы осы өлке ақындарының жыр өзегіне айналған тақырып тамызығына айналды. ХІХ ғасырағы қазақтың ұлттық санасын көмескілендіру бағытындағы орыс-қытай, қырғыз-орыс, орыс-қоқан, қоқан-қырғыз қарым-қатынасы кейде біріккен саяси қитұрқылықтан да хабар береді [5,38 б.]. Тіпті бұл әрекеттін барынша құпиялығы сонша, мұнын салдары «жауырды жаба тоқу әдісімен» жүргізілген, сана отарлауындағы әлде жалғасып келе жатқан жымысқы әрекеттердің әлі де қалың көпшіліктің аңғара алмауынан да көрінеді. ХІХ ғасырда Оңтүстік өлкесіндегі ақындық өнердің барынша қарыштап дамуының сырлары, атап айтқанда азаттық пен ахлақ идеясына келіп тіреледі. Сондай отты өлеңдері мен айтыстары арқылы жарқырай көрінген ХІХ ғасыр ақындарының бірегейі Майкөт Сандыбайұлы. Қарапайым тұрмысы қасіретке ұласқан кезеңде жасаған ақынның –

…сол момынның біреуі,

Малға кедей жан едім – дегені – әлеуметтік қайшылық пен рухани ұстанымның көрінісінін беретіндей. Ол Қоқан хандығы дәуірдегі азатшылдықты аңсаған датқалық билік кезіндегі әдебиеттің басында тұрған Жанкісі жыраудың өлеңдерін, ақындық қарымын жақсы білген. Аға буын ақындар Жанақ, Түбек, Шөжелермен кездескен. Өзімен тұстас Сүйінбай, Майлықожа, Құлмамбет, Қаңтарбай, Тезекбай, Бақтыбай, Қатаған секілді ақын, жыраулармен сөз жарысып өскен Майкөттің ақындық мектебінің қайнары да осал емес.

«Майкөт ешқандай ақынға қосылмай, зар заман ақындарының тобын көбейтпей, оңаша да дара күн кешті» деген пікірге де қосылу қиын. Бұл – аймақтық мектеп дәстүрінің терең зерттелмегендігінен. Болашақ ақын жасөспірім кезінде Шаяндағы Аппақ ишан медресесінде оқып, ескіше сауатын ашса да, көп уақыт шайырлық шабытына онша мән бермей көкірек кезіндегі сырлық бұлаққа мойын бұрмай жүреді. Басқа өзімен тұстас ақындардай, алғашқыда ауыл арасындағы қағытпа қалжың, жеңіл-желпі желбуаз сөз, өткір әзіл, әрі нұсқа, әрі қысқа айту ұсталығы мен ұшқырлығынан аса алмағаны да рас, дәстүрлі ақындыққа тән белгі. Бүгінге жетімсіреп жеткен оның өміршен өлеңдерінен-ақ ақынның алысқа сілтер қарымы байқалып, дастаншылдық дарыны аңғарылады. «Өкінішке қарай, өткен ғасырдың басында көз жұмса да бізге Сандыбай баласының бар өмірі жөнінде жеткен мәліметтер тақыл-тұқыл, там-тұм, сақталған аз-мұз еңбектері оның ақындық та, азаматтық та тұлғасын тұтас түгел ашып бере алмайды» деген Аян Нысаналин пікірі тиянақты зерттеушілікті аңғартады.

Тіршілік түйткілдерінде толымды да өнімді тәжірибе жинаған Майкөт өз замандастарымен бас қосуларға қатысып, сөз жекпе-жегінде сұр жебедей суырлып шығып, шарболаттай шыңдалады. Түбек, Майлықожа, Құлыншақ, Сүйінбай, Бақтыбай, Мәделі, Бұдабай, Зұлыпқармен айтыстары оны өз қатарынан топ жарғызып алғы лектен көрінуіне алғышарт болды [5,39 б.].

Бізге жеткен құндылығы сол – осы аста Майкөттің Жетісудың атақты жетпіс жеті адамына жыр мен сәлем берген екі толғауы жетіп отыр.

Сарыбайдың жақын туысы ақынға ас берген елдің ақсақалы болып отырады да, асқан келгендерді Саржанмен бірге жүріп, ақын болып қарсы алу кезегі Жамбылға тиеді. Ол:

 

Алыстан нәсіп айдап Майкөт келді,

Бір сөзі бір сөзінен қайта өтпейді.

Сағынып бала құстай жеттім зорға,

Саңлағын Жетісудың көргім келді, —

 

деген, суырыпсалма жырдың тұнығы болған ақынды өз көзімен көреді. Жамбыл Майкөт тобынан келіп: Ассалаумағалейкум, Майкөт аға!

 

Есітіп даусыңызды келдім жаңа.

Алдынан үлкендердің өтпейін деп,

Аялдап әдеп еттім біраз ғана,…

Сіз бе еді, ақын аға Майкөт деген,

Бір сөз бір сөзіне қайшы өтпеген.

Саңқылдап сарайыңнан өлең шықса,

Именіп өзге ақындар бәйпектеген.

Келіпсіз біздің елге әдейі іздеп,

Мейманды құрметтейтін кәдеміз ед.

Сүйрендеп алдыңызда сөз сөйлемей,

Етейін деп ойламадым әдеп-ізет — [5,40 б.]

 

деп аса зор ылтипатпен шұбырта жөнелді, Майкөтті ұстаз тұтар пейілін байқатады. Жамбылға риза болған Майкөт:

 

Бәрекелді Жамбылым,

Сөз жүйесін келтірдің.

Аңғарыңды таныдым,

Көтеріліп желпіндім.

Аталы сөз –мәні мол.

Жылағымды келтірдің,

Тал бойында бар екен

Алыс шабар серпінің –

 

деп, ақиық ақындықтың алғырлығын байқайды, алғыс-батасын береді. Аста Жамбыл Сарыбайды дәріптеп жырлайды. Ардақты адамдарының асында атақты ақындардың ұзақ жырмен азалы жоқтау айтуы Ұлы жүз қазақтар мен қырғыз халқының әрден келе жатқан дәстүрі болған. Сол дәстүрді ұстаған Жамбыл да осы аста:

 

Қас жүйрікті айтамын,

Шапқан сайын өрлеген:

Қас сұңқарды айтамын

Алыстан тоят тілеген…- [5,41 б.]

деп, Сарыбайды жоқтап жыр айтады. Өлген кісінің адамгершілік, кісілік қасиетін, оның ерлігін айтып жырлау үстінде Жамбыл өзінің ақындық қабілетімен ғана емес, өзіндік үні, батыл ойы семсер тілі бар, әлеумет жүгін арқалай алар үлкен ақын екендігін танытады.

«Шәкіртсіз-ұстаз тұл» деген қағиданың қанатты сөзге айналғандығының көрінісі көп. Майкөттің көп ақынға жолбасшы болып, құтты қадамдарын бақылап, керек кезінде жөн сілтеп отырғаны ешкімге дүдәмал ой туғызбаса керек. Оның батасын алып, тәрбие-тәлімін өнеге өрісін көрген жалғыз Жамбыл емес. Ол Оңтүстік өңірімен Сыр бойын, Қаратаудың арғы және бергі бетін аралап, өзбек пен қырғыз халықтарының арасында болып, өнер ұрығын шашқаны, тәлім бергені рас. Сол ұлы мектептен тәлім алған Жамбылдың Бақтыбайдың айтысындағы: Майкөт ақын, Құлмамбет, Орын берді қасынан.

Егер Майкөтті Жамбыл Жабайұлы және өзгелер ұстаз тұтса, өзінің бел баласы Арқабай да эпикалық дәстүр-дастаншылықпен айналысып, Ұлбике, Қылышпай, Сауытбекпен айтысында бұл қиын өнердің қыр-сырын недәуір меңгергендігін, ел арасында атағы кеңінен жайылып қалғанын мәлім деген. Ол жырлаған «Қобыланды», «Алпамыс», «Қыз Жібек», «Нәрік батыр» да қазақтың рухани құндылықтарын байыта түскені кәміл. Сәт, Саймасай мен Саржан болыстарға айтқан арнаулары өлең өлкесіндегі өзіндік өресін танытады. Майкөт ақынның К.Әзірбаев өткізген «Жетісудың игі жақсыларымен жүздесуі», Ғылым Академиясы қорына Ж.Жантөбетов, Қ.Байболұлы мен Ф.Ғабитова өткізген нұсқаларындағы «Құлмамбет пен Майкөт » айтысы қайсы бір жыраулық құдіретін қуатын байқатқанымен, ішінара өзгерістеріне қарамай Майкөт тануда әлі жетімсіз жатыр. Бұл бағыттағы зерттеудің мұз көбісі сөгіліп, енді ғана сең бұзыла бастағандай.

Алатаудың күнгейімен теріскейін тел емген, қарт Қаратау мен Қазығұртты медеу тұтқан заманы бір Құлыншақ, Майлықожа, Мәделіқожа, өзінен кейінгі Шәді төре, молда Мәди, Нұралы, Орынбай мен Қазанғап тәрізді тамаша тұлғалар Майкөттер салған үлкен өмір мен өнер мектебінен өтті. Майкөт өз кезенінің керемет ақтангер ақыны болса да, осы күнге дейін өте аз зерттеліп, орынсыз ұмтылып келе жатқан үлкен тұлға, поэзия алыбы. Оның төселген жаныры – толғауға қоса айтыс пен хиссашылық.

Майкөт шырқау шеберлігінің танылатын тұсы түйіндей айтқанда, Құланаяң Құлмамбетпен айтысы және Мәделімен үндес «Жиырма жастан жүзге дейін» дейтін философиялық толғауы. Ақынның шығармашылық қыры (өмірі мен шығармашылық қызметі, арнаулары мен толғаулары, айтыстары, дастандары) жеке-жеке зерттеулерге әбден лайық. ХІХ ғасырда белгілі айтыс мектебінің қкілдері Орынбай, Шөже, Кеншімбай, Төбек, Жанақ, Ақан сері, Біржан, Сара, Айсұлу, Әсет, Ырысжан, Сүйінбай, Майлықожа, Құлыншақ тағы басқа көптеген ақындар қатарында лайықты орны бар Майкөт мұрасын кейінгі деректер негізінде қайта саралау ізденістері басталып та кетті [4,42 б.].

Қырғыз әдебиетінің классигі Тоғалақ молда «Қазақ ақындары» деген толғауында Мәулікей, Жүсіпбек, Сүйінбай, Қуандық, Майкөт ақындарға ерекше зор баға береді. Фрунзеде (қазіргі Бішкек) 1970 жылы басылған шығармаларының екінші томының 131-бетінде Тоғалақ молда:

 

Тоқпақта, үлкен жиынды,

Майкөтті көрдім көзіммен.

Байқатып өттім сөзіммен,

Қаршығадай шүйілген,

Өзі салдай киінген,-

 

деп бастап, әрі қарай Майкөттің жиырма жастан жүзге дейін жырлаған жырын келтіреді.

Майкөт Сандыбайұлы шамамен 1837 жылы Қаратаудың теріскейі, Шабақты өзенінің бойында дүниеге келеді. Саудакенттегі ел жақсыларының ақылымен зерек баланы әкесі Шаян медресесіне оқуға береді. Сол кездің өзінде-ақ Майкөт Рабғузидің «Қиссасул – әнбиесін», «Қожа Ахмет Яссауидің «Хикматын», Фердоусидің «Шахнамасын», «Мың бір түнді» құмарлана оқып, «Алпамыс» қиссасын, «Қазықұрт» хикаясын, «Көрұғлы» жырын жатқа айтып жүреді. Албырт жастықтың:

 

Өсіпсің, құдашалар бірдей болып,

Аршыған сабағынан гүлдей болып.

Болды ма сағынғаннан, сарғайғаннан

Көзіме көрінесің үрдей болып,

Көйлегің үстіндегі жанар гүл-гүл,

Шыбықтай тоғайдағы шашың сүмбіл,

Біз келдік қонақтауға бұтағыңа,

Жайқалған биіктегі мен бір бұлбұл,- [6,83 б.]

 

тәрізді әдепкі өлеңдерін дәптеріне түсіреді.

Майкөттің айтыстары өте көп, ол алдымен Таласта түлеп келе жатқан ақын қыз Ошақты Ақханыммен айтысады, кейінгі айтысы әйгілі Құлмамбетпен өткені белгілі.

Майкөт жасы отыздар шамасында Әулиеатаның іргесіндегі Кіші бұрылға, ел жақсылары Сеңкібай, Бүркітбай ауылына келіп қоныс тебеді. Оңтүстік, Жетісу өңірлерін Арқаны тегіс аралап, ақындықтың салтанатын құрған Мәйекең 1902 жылы сол жерде дүние салады. Майкөттің баласы Арқабай да арқалы ақын болған. Жамбыл, Кенен қатысқан қырғыз ханы Шәбденнің асында Арқабайдың ақындық атағы шыққан.

         Жамбылға оң батасын беріп ұстаз болған Майкөт – қырғыз-қазаққа даңқы тегіс жайылған ХІХ ғасырдың ірі айтыс ақыны әрі асқан жырау. «Алпамыс» қиссасын Майкөттен асырып жырлаған қазақта ақын болған жоқ. Оның Құлмамбетпен, Бөлтірікпен, қырғыз ақындары Есенаманмен, Арыстанбекпен айтыстары бұл жанрдың аса көрнекті үлгілерінен саналады. Сүйінбай да, Құлмамбет те, Жамбыл да, Тоғалақ бастаған қырғыздың көп ақындары да оны ардақтап өлеңіне қосқан [6,84 б.].

         Бақтыбай Жолбарысұлы (1842 – 1902)- Талдықорған облысы, Текелі жерінде дүниеге келген. Жеті жасынан жетім қалып, Балқашты жайлаған нағашыларының қолында өскен. Жаттамалы өлеңдер айтып, сауықтарға араласып, айтыс өнеріне жетілген. Кейін еліне мәлім ақпа ақын танылған. Қабан ақынның аруағына сыйынған. Қыпшақбай, Арыстан, Түбек, Жүсіпбек, Әсет, Кәйкен қыз, Бәйімбет, Тезек, т.б. ақындармен айтысқан. Өткір тілді табан асты сөз тапқыш жүйрік – деп саналған. Сүйінбай мен Бөлтірік шешендерден бата алған. Оның өлеңдері 1987 жылы «Жазушы» баспасынан жинақ болып шықты. Оған ақынның толғаулары, айтыстары және бір дастаны енген.

Бақтыбай – айтыс ақыны. Ол жастайынан жетімдік пен жалшылық зардабын тартып өскен. Бұл да Сүйінбай сияқты Тезек төреге барып, соны мақтап сый-сияпат көрген. Тезектің тоқалы Дәнекер сұлуға арнаулар айтқан. Түбек, Бәйімбет, Назымдармен айтысқан. Нарманбай, Ырыстыларды өлеңмен сынаған. Ақынның жоғарыда аталған арнаулары жеке адамдар атына байланысты болғанымен елдегі кейбір шындықтардың бетін ашар сипаты бар, әлеуметтік мәні жоғары шығармалар. Ақынға тән сыншылдық өмір шындығына  ұштасады, көбінесе қоғамдық мәселелерді қозғайды [6,90 б.].

Тезекке айтқан сөзінде оны мақтай отырып, зорлықшылығын бетіне басады. Оны мысқылдай сөйлейді. «Мақтамен бауыздау» әдісін қолданады:

 

«Айналайын» хан Тезек                         Арғымақ ат ар дедің,

Жарлық айттың талайға.                        Тақсыр-ай, пейілің тар ма еді?

Байлықпен кірдің жалғанда,                  Алдыңа келген пақырға

Алтыннан соққан сарайға.                               Осынша зорлы көрсеткен,

Осы қылған сұмдығың                           Қыңырлық затың бар ма еді?

Мен байқұсқа жарай ма?

 

Тезек, Дәнекер сұлуды мақта деп бұйырғанда, Бақтыбай мақтау орнына даттап шығады. Мазақ-мысқыл айтып, оны мақтаудан бас тартады:

 

Үйректің жүні дымқыл көлден шыққан.

Жер алыс жеткізбейді белден шыққан.

Өлсем де Дәнекерді мақтамаймын,

Секілді қашақ байтал елден шыққан.

Өлсем де Дәнекерді мақтамаймын,

Малыңдай барымтаның мініп шыққан…

 

Тезек Бақтыбайға тап беріп, оған күш көрсетеді. Өр мінез көрсетіп, өзінің ата-бабасын мақтан етеді. Сонда Бақтыбай Тезекті жерден алып, жерге салады. Сен тек біздей әлсіз, жарлы-сорлыларға ғана мықтысың. Мықты болсаң басқа елде кеткен ата-бабаңның өшін алар ер деп сынайды.

 

Баласы Абылайдың Тезек төре

Қоймаған елден жылқы кезеп төре.

Бұл күнде ел жылатып алғанменен,

Берерсің тәңір алдында кезек төре…

Қазақтың қой, жылқысы аз болды деп,

Жұттың ғой жерін елдің адамымен.

Алдыңа кәріп, мүскін арыз айтса,

Құртасың қордандаған жанжалыңмен [6,91 б.].

Бақтыбай он жасынан жетім қалғандықтан «Қызыл тас» деген жерде Еренші деген байдың ешкі лағын жайып жүреді. Бір күні қарны ашып қалжырап, жылап бір тастын көленкесінде отырып, ұйықтап кетеді де, түс көреді. Түсінде астында ақ есегі бар ақ шалмалы қожа болып Қабан ақын түсіне аян береді. «Балам өлең аласын ба, көген аласын ба?» депті. Сонда Бақтыбай «Бай болып мал жинаған Қарынбай не көріп кетті дүниеден, маған байлықтың керегі жоқ, өлең аламын» дейді. Ақ шалмалы Қожа: «Ендеше, бала қолынды жай деп қолындағы ақ таяғын балағабереді». Ақ шалмалы Қожа жоқ болып кетелі. Ояна кетсе түсі екен, тау да өлең, тас та өлең, үйіне келіп қуанып: «Мен бір жақсы түс көрдім» деп шешесінің жанына жата кетіпті. «Жортқанда жолын болсын, жолдасың қыдыр болсын», — деп шешесі батасын береді. Сөйтіп, Бақтыбай мал бағудан құтылып, жер-жерде жиын-той, думандарда өлең айтып жүріп, бала ақын атанады. Жалайыр ішіндегі Төлек, Бөлек, Ерболған, Құтымназар бастаған еті тірі, өлеңде айтқыш әрі әлді адамдар Бақтыбайға тиісіп оның ақындығын Тезек төренің ақындығынан төмен қояды. Бақтыбайдың Тезек төремен айтысуға жарамайтын айтып, оның намысына тие сөйлейді. Тезектің мінезінің содырлығын білетін әлді топ Бақтыбайды оған әдейі қайрап салады. Бақтыбай 1882 жылы Үйсін-Жалайыр бас қосқан үлкен жиында өлең айтып, ол өлеңі атақты әрі әділетті би Қожмамбетке ұнайды. «Әй, Бақтыбай, сенің сиқың мынау, көруге көркін жоқ, бірақ көрерге көзің бар сөйлерге сөзің бар бала екенсің. Осында Абылайдың Тезек төре деген ханы бар, соған барып өлең айтып, сөзінді сынатсаң, жолының болғаны. Ол сенің басына  үй тігеді, жарылқайын десе жарылқайды, қарғаймын десе қарғайды. Мен шілде айында Тезек төренің үйінде боламын, сонда келіп өлең айтқайсын, менсіз жерде өлең айтамын деп пәлеге ұшырап қалма», — дейді. Болжаулы күн жақындағанда Бақтыбай астына қоңыр шолақ ат мініп, Тезек төренің үйіне келеді, кірейін десе төренің күтушілері жібермейді, үйде қонақ бар, — дейді, сөйтсе қонағы Қожмамбет екен. Бақтыбай есік алдына келіп ат үстінен өлеңді қоя береді.

Бақтыбай – айтыс ақыны. Оның Күшік деген елден шыққан ақын Бәйімбетпен айтысы мәлім. Бұл әлеуметтік мәні зор шығарма. Онда адал еңбек дәріптеледі. Кедей жатақтардың егіншілікпен айналысып, еңбек етіп, ел қатарына қосылып жатқанын сүйсіне әңгімелейді. Бақтыбай егіншілік өнерді жақтайды, еңбек адамдарын мадақ етеді [6,92 б.].

Бәйімбет:

Шұбарда егістікке не болып,

Бидаймен тапқан малды көрсет бізге?

Дауылдап барған сайын мақтанасың,

Отарда қанша ешкің бар бұдан басқа?

Баққаның ылдидағы бес-ақ ешкі,

Кебенек қандай күйге салар күзге?-

деп сынамақшы болғанда, оған қарсы, Бақтыбай:

…Аралап көр Бәйімбет,                      Шұбардан егіс ал деген,

Келіп біздің ел ішін.                          Ақ бидайды сал деген.

Берекелі біздің ел,                              Ақ бидайды салып, нан жеген.

Еңбектің жейді жемісін…

Бақтыбай егіндік жерді игеруде орыс шаруаларының үлгі болғанын да сезеді. Солармен теңдесер жол осы еңбек, кәсіп жолы екенін аңғарады:

 

Көксудан алған бір тоған                  Орыс деген ел келген.

Егістігі мол деген.                              Сол орыспен терезем,

Қыдырлы тоған болған соң,              Қанша айтсаң да тең келген [6,93 б.].

Ақ патша біліп,

Айтыстың аяғы Бақтыбайдың ұзақ толғауына (460 жол) ауысып, жер өндеу жайы кең сөз болады. Бақтыбай жеңеді.

Бақтыбай орыс халқы туралы дұрыс пікір ұстаған ақынға ұқсайды. Оларды еңбекқор, ақ адал адамдар деп біледі. Тезекке ұрлықты қойып, адалдықты солардан үйрен деп ақыл береді.

 

Бақтыбай ақын аңлайды,                   Еш нәрсесін ешкімнің

Сөйлер сөзге талмайды.                    Жолда жатса алмайды.

Орыс деген жұрт келді,                     Оған көзін салмайды.

 

Бақтыбайдың сөзге жүйріктігін Түбек пен оның келініне айтқан сөздерінен де көруге болады. Түбекке:

Бақаның жиырма екіге шықты жасы,

Болып жүр жаста болса, топтың басы.

Әсемдеп құлағына үкі таққан.

Қолында қызыл өрік домбырасы…

Тартынбай жаста болса, топта сөйлеп,

Үш жүзді түгел кезіп, толған шағы…

Келіншекке айтқан сөзінде Бақтыбай ғашықтық, жастық жайлы сөз қозғап, өзінің осы мәселе жөніндегі түсініктерін танытады.

 

Ажайып, Машайықтар, Ғабділ, Қани,

Ғашықсыз неге болсын мынау фани.

Жігітке екі үзеңгі тең тағылса,

Жастықтың кеудесіне кірер жаны.

Атамыз Адам ата жаралғанда,

Жаратқан не себепті Хауа ананы?

Түсіне тумай тұрып ендіріпті,

Жүсіпке ғашық етіп Зылиханы…

Ғашытар Ләйлі, Мәжнүн, Қақасар, Уәли,

Мәзбура, Қыз Дүрбәнә – бұларда өткен

Қызжібек Төлегенсіз болмас сәні,

Ішінде сол ғашықтық менде бармын,

Әсерін жас жүректің білсең оны.

Келіншектің жауабы:

Әркім-ақ домбыраны алар қолға,

Әй, құрбым, тым жеңілтек, аңғал болма.

Қарны аш, қара бүркіт секілденіп,

Қызығып, қызыл көріп, түспе торға!.. [6,94 б.]

Бақтыбай көп ақындармен айтыстарға түскен, айтыс өнерін жете меңгерген суырып салма ақын. Сөзге шешен, табан асты сөз тауып, қарсы ақынға мін тағып, аузын бууға күші жеткен ділмәр. Ол Тезекті, осылайша, өнерін асырып, бөгеп, одан сый-сыяпат көрген. Бақтыбай арнау өлеңдерді де көп шығарған. Өмірді өзінше болжап, дін-дүние туралы да пікірлер айтқан.

Дүние бір қызыл жел соғып тұрған,

Адамды қызықтырып, опықтырған.

Қызыл түлкі секілді қызықтырып,

Бір күні қазған орға жолықтырған…

Дүние сен бір жүрген бір сұлу қыз,

Қырыңнан қысып тұрып бет берерсің…

Жалғанда қанша досты көрсендағы,

Басыңнан ақыр бір күн өткерерсің [6,95 б.]

Жамбылдың бата алуына қарағанда, Бақтыбай да өз заманында өткір тілді ақындардың бірі болған. Ол XIX ғасырдағы айтыс өнерінің дамуына едәуір үлес қосқан, дәстүрлі әдебиетіміздің белді өкілінен саналады. Тек зерттелу жағының кенжелігі ғана оның шығармашылығын толық танытуға бөгет жасап отыр.

Сарбас ақынның есімі көпшілікке Жамбылмен айтысы арқылы, Кенен Әзірбаевтың «Аңыздар сыры» кітабы арқылы таныс. Ол Кененнің ұстазы, аталас ағасы. Әдебиетшілердің еңбектерінде де оның аты Жамбылға қатысты аталып отырады. Нағашысы – Қабан, өлеңді қолын аспанға көтеріп, құлағын бұрап айтады екен. Қабан жыраудың бұл әдеті Жетісудың көп ақындарына жұққан. Сүйінбай да солай айтқан. Көзіміз көрді, Кенен де дәл осылай айтатын.

Қуандықты (1831-1919) жалпы көпшілік біле бермейді. Ақын Смайыл Қалипаев: «Мен Қуандық ақынды 1917 жылы көрдім, өлеңін тындадым, толғаумен айтады екен, жасы сексеннің шамасында, қартайған кезі екен», — дейді. Қуандық Ыстыдан шыққан, есімі Жетісу өңіріндегі қырғыз-қазаққа тегіс мәлім. Қырғыз ақыны Тоғалақ молданың «Қазақ ақындары»  деген өлеңінде аталады. Қуандық – әлі зерттелмеген, тілді, шешен ақындардың бірі. Біздің қолымызда ақынның біраз өлеңдері және Сарбаспен айтысы бар.

Қуандық көсе болса керек. Сондықтан да Шөжемен айтысқан ақын біткеннің бәрі Шөженің соқырлығынан бастайтыны сияқты, Қуандық пен айтысқан ақынардың бәрі де сөзін Қуандықтын көселігінен бастайды екен. Бірақ Шөже сияқты Қуандық та ешкімге дес бермеген.

Қуандықтың Турлыбай деген ызақор, ұр да жық көсені ел қатарына қалай қосқаны жайында ұзақ өлеңі бар [6,96 б.].

Тұрлыбай деген бай көселігіне намыстанып, ызақорлықпен жиын-тойда бетіне келгенді жатып сабайды екен. Ауылына барған екі-үш ақынды да сабап жіберіпті деген дақпыртты естіп, қасына екі жігіт ертіп, Қуандық күн бата Турлыбайдың ауылына келіпті. Келсе көсе үйінде екен, атын байлап ішке кіреді. Тұрлыбайдың шешесі ақынды көріп қуанып қалады:

–  Дарынды дауыл едің, бір емі сенен болар, жалғыз бала жайсыз болды, ағайын-туыс, ел-жұрттан кетіп болдық, — депті.

Қуандық өлеңді ағытып қоя береді:

 

Екі мықты көсеміз,

Әйел жақсы көрсін деп,

Көсе десе ұялып,

Суға сақал шықпайды,

Лаж жоқ, оған не етеміз,

Көсе десе ұялып,

Елден қайда кетеміз,

Не қылсан да Тұрлыбай,

Көсе деген бір ел жоқ,

Байғұс-ау, қайда көшеміз.

Көмгенде де көп жақсы,

Көппен жүрсек, өсеміз.

Ызақор Тұрлыбай баяғы үйреншікті әдетіне басқысы келген екен, ақынның жанындағы еңгезірдей екеуден қаймығып, орнынан бір тұрып қайта отырыпты. Қуандық зуылдата береді:

 

Көсе келді Ыстыдан,

Көрейін деп көсені.

Өтірік пе, рас па,

Елдің айтқан өсегі,

Көсе десе бір адам,

Сабайды бас сап деседі.

Қуандық ақын белгілі,

Көпті көрген көшелі,

Көсеге тәуіп мен едім,

Жазамын болса кеселің.

Кесірлі болсан, задында,

Өлеңім қылыш – кеседі.

Әкен тәуір кісі емес,

Құлағына құм құйған,

Көкірек еді кешегі.

Шашубайдай ақынның

Домбырамен бір ұрып,

Басын жарған деседі [6,97 б.].

 

Әрі қарай Қуандық: «басынды таз қылып, ақылынды аз қылып, әйелінді біреу азғырып, өзін қаңғырып жүрсен не етер ен, шүкіршілік қыл», — дегенде, Тұрлыбай жылап жіберіп, кешірім сұрапты. Сөйтіп көселігіне намыстанбайтын болыпты. Қуандықтың осындай содырды, тентекті жөнге салған ақыл-нақыл өлеңдері көп болған.

Қуандық пен Сарбастың айтысы 1855 жылдың жазында өтеді. Сол жылы Шу бойында Қаржау деген байға ас беріліп, асқа Ыстыдан – Мажыра би, Шапыраштыдан – Шалтабай, Қасқараудан – атақты Кебекбай мен Ноғайбай шешендер, Қарғалыдан Сәт бастап келеді. Ежелден Байғараны қыстайтын Екейлерден Сүйінбай шақырылады, бұл асқа атасы Ыстыбайға ілесіп тоғыз жасар Жамбыл да келеді.

Қуандық пен Сарыбас екеуі екі үйде игі жақсылардың құрметіне таңатқанша өлең айтады. Қуандық Сарбасты бұрыннан-ақ әр жерде меңдетіп, сүріндіріп жүреді екен. Қуандық таң ата шаршап, киімімен жантайып, көзі жұмылы, ұйқылы-ояу жатыпты. Жаныстың жігіттері Сарбасқа:

– Ұйқылы-ояу жатқан Қуандықты қапыда басып жық, өшіңді ал, — деп

қарайды. Сарбас осы сөзді мақұл көріп, таң қылаң бере Қуандық жатқан үйге кіріп келіп, өлеңнің тиегін ағытады.

Ұйықтап жатырмысың Ысты көсе,

Тілім қышып кетеді көсе көрсе.

Кездеспей кең далада жүруші едің,

Құмар боп іздеп едім әлде неше.

Бәйгеге қосылуға жарар ма еді,

Шобырды жабу жауып жетелесе.

Қуандық асқа келмей қойып жайып,

Түйемен жараспай ма көше берсе,

Қуандық, өлімісің, тірімісің,

Қаңғырған көп ақынның бірімісің.

Жиынды жөндегелі келгенің жоқ,

Өзіңнің келіп жүрсің күнің үшін.

Түрегел, тірі болсаң, алғын кезек,

Жайынды келіп едім білу үшін, —

сияқты сөздерді айтып, тынығып жатқан Қуандықтың мазасын алып, намысына, қытығына тиеді. Бұлығып жатқан Қуандық:

 

Ыстыны көсе деме, мен көсемін,

Сақалды көп ақын мен кездесемін.

Менімен айтысуға дәтің болса,

Ел тұрсын, көп алдында белдесемін.

 

Менің ақын екенімді жұрт біледі,

Сенің ақындығынды қатын мен ит біледі,

Сені барып менімен айтысқан деп,

Көтіңнен қандай шайтан түрткіледі.

Тиістің өзің келіп жатқан жерде,

Шыдасаң мен айтайын, күткін енді.

Өлеңімен қасқыр алған қанды қақпан,

Қарсақтай қаңғалақтап түстің енді, — [6,98 б.]

 

деп борандата жөнеледі. Әрі қарай Қуандық: «Ыстыдай бейбіт жатқан жалпақ елге тіл тигіздің, әруақ аттаған оңбайды, есті ақын ел намысына тимейді, беталды бақырып өз абыройынды өзің төктің» дегенді айтады:

 

Атынды қатын қойған Сарбассын,

Мен айтсам орнын тауып, тарынбассың.

Бақытсыз әрпіл-тәрпіл сөз сөйлейсін,

Тіліне көшелі сөз дармассың.

Ыстыға ауыз салдың мені қойып,

Кеміген ақыл-есі жарым бассың.

Атаға ауыз салма айтыс үшін,

Сыйласан әруақты налымассын.

Ыстыдан Майкөт деген ақын шыққан,

Орныннан жайын айтсам табылмассың, —

 

деп бергенде, даладан даяршылар келіп, атшабыс басталғанын хабарлайды. Ақындар айтысты тоқтатып, елмен бірге ат жарысты, ойын-тамашаны көруге шығады.

Кешке Сүйінбай, Кебекбай, Ноғайбай, Шалтабай, Ыстыбай, Мажыра би тәрізді ел жақсылары жиналып, Қуандықты Сарбасты айтыстырмақ болып шақырады. Алдымен Қуандық келеді. Жайғасқан соң Қуандық бұл өңірден Өтеген, Райымбек, Сұраншы, Сыпатай, Бұғыбайдай батыр, Қабанбай жырау, Сүйінбай, Бақтыбай, Майкөттей ақын, Бөлтірік, Кебекбай, Малдыбай, Ноғайбай тәрізді көшелі шешендер шыққанның, елдің берекелі ынтымағын жарастыра жырлап, осында қатысып отырған Кебекбайға, Мажыра биге ұзақ-ұзақ қошемет сөздер арнайды, әсіресе, Кебекбай мен Ноғайбай шешендерді көп мақтайды [6,99 б.].

Ноғайбайдың басына бақ қонып, қызыр дарығанын, отыз жасында орда бұзып, жеті жарғы атанып, талай елді бітімдей келтірген көсемдігі мен шешендігін, Қарақалпақ Байсейіт батырдың теңдесі жоқ сұлу қызы Әселді құшқанын, қара қылды қақ жарған әділдігін, қазақ-қырғызға бірдей танылғанын, Малдыбайдай әділ де атақты бидің тұқымы екенін кең сипаттап, Ноғайбайды басындағы құндызға, маңдайдағы жұлдызға тенейді.

Іздеушілер Сарбасты тауып келген соң Сүйінбай:

– Екеуің құлқынсәріден айтысып, ақынның әдетінде жоқты іспетсіндер, ұры мен баланың ісін істемей, топтын алдында айтысындар түге, таңертеңгі айтыстан сөз кезегі кімдікі? — депті.

Қуандық:

–  Кезек Сарбастыкі, — дейді.

Кезек алған Сарбас Дулаттың салқын шында жатқанын, Ыстының шөлейт

Құмда жатқанын, талайлардың айтысам деп жеңіліп тыраң қаққанып, елінің

ылғи жорға мінген байлығын айта келіп:

 

Басыңа құламастан кетсең олжа,

Өзінді байқұс көсе өзің болжа.

Мінгені өгіз, түйе Ыстылардың

Еліңнен көрінбейді мінген жорға.

 

Өлеңді жіберейін төгілдіріп,

Айтысқа қайтіп келдің көріп жүріп.

Менімен ненді айтып айтысасың

Топарда билерің жүр өгіз мініп, —

 

деп Ыстының кедейлігін мін ете сөйлейді.

Сонда Қуандық:

 

Не пайда құрғақ сөздер жалаулатқан,

Елімде батыр бар, шешен де бар қоңыраулатқан.

Өлеңімен – бойға біткен ірі бағым,

Сендейге бой бермейді омыраулатқан,

Қонысың – Құлжабасы, Мәтібұлақ,

Берейін көрейін айтып, тұрғын шыдап,

Сарбас, өлең-жырың мәлім болды

Кедейдің шапанындай құрақ-құрақ, — [6,100 б.]

деп, болымсыз ақындығымен өтірік айтып өрге шаба алмайсын, ат төбеліндей аз ғана байларынды мақтай берме, сенің де еліңнің жарымы бес ешкілі кедей, одан да байтақ өлкеде жарасып, сыйласып жатқан Дулат – Ыстының бірлігін, батырдың ерлігін, жақсылардың нұсқалы сөзін айт, байлықты айтып өрекпи берме, білсең байлық түбі – бақыл, қазына түбі ақыл, — дейді.

Қуандықтың осы сөзінен кейін Кебекбай би тұрып:

–  Жеңілдің, Сарбас, — депті. Сарбастың сөзінің төмен болғанына

ашуланып отырған Ноғайбай:

–  Енді айтысты тоқтат, Сарбас, бұдан былай көп ішінде айтысушы

болма, — деп үкім айтыпты. Ел жақсыларының өтінуі бойынша Қуандық сол жерде қорытынды сөз айтады. Онда ақын Ысты, Дулат, Шапыраштының бір атадан, бір анадан тарағанын, түбінің бір туыс екендігін таратып, елдігінің де, ерлігінің де кемдігі жоқ екенін, Ыстыдан шыққан Бұғыбай батырдың қалмаққа қарсы ерлігін, Бөлтіріктің өрттен де, судан да, жаудан да қайтпаған батырлығын, шешілмеген ел дауын, кесілмеген ел дауын бітістіретін билігі мен шешендігін дәріптейді.

Ұзақ айтыс Қуандықтың жеңісімен аяқталады. Қуандық топ алдында Сарбастың ақындық өрісінің биік екендігін байқатып, әділеттің, бірлік-ынтымақтың туын көтеруші, батырдың ерлігін, шешеннің көсемдігін қадірлеуші ретінде танылады.

Бұл айтысты Смайыл Қалипаев 1920 жылы Шоқпар тауындағы Қуандықпен аталас Бақберген молданың кітабынан жазып алады. Біздің қолымызға сол Смекеңнің қолжазбаларымен бірге келіп түсті.

Жоғарыда келтірілген көсе жайындағы өлеңнен, Сарбаспен айтысынан Қуандықтың өткір, тапқыр, айтулы ақын екендігін аңғарамыз. «Сол кезде бала болсам да Қуандықтың Сарбастан көш ілгері ақын екендігіне көзім жетіп еді. Шынында да Қуандық – арқалы ақын», — дегенді Жамбыл Кененге талай айтыпты. «Сарбас ұстазым әрі туысым болса да, мен бұл сөзге намыстанған емеспін. Өйткені, Қуандық сөзге ұстатпайтын қашаған ақын еді…» дегені Кенекеннің өз аузынан талай естілген [6,101 б.].

Қуандық пен Сарбастың сөзге жүйрік, жол мен жөнге бай қасиеттері мол көрінген осы айтысы Жамбылдың ойына үлкен қозғау салады. Әсіресе, жас ақын Қуандықты жеңіске, Сарбасты жеңіліске алып келген себептер төңірегінде көп ойланды. Екі ақынның айтысы туралы ел арасындағы әңгімелерді тындап, айтыстың үзінділерін жатқа айта жүріп, Жамбыл Қуандықтың Сарбасты жеңгендегі артықшылығы оның қалың елге арқа сүйегендігінде, қалың елдің мүддесін қорғап шыққандығында екенін ұғынады.
Жамбыл ең алдымен халық ауыз әдебиеті қазынасынан мол сусындады. Онан соң ол өнерлі, өнегелі ортада өсіп, ер жетті. Жетісу елі ертеден-ақ, ақын жыршылық пен ән-күйдің алтын діңгегі, өнерлі мектебі болғаны белгілі. Жамбыл жас кезінен-ақ халқымыздың сол тұстағы Сүйінбай, Шөже, Майлықожа, Құлыншақ, Майкөт, Бөлтірік, Қуандық сияқты ірі ақындарынан тәлім алды. Бұлардың бәрі де кезінде халық қадір тұтқан, шыншыл да, бұқарашыл, ділмар да шешен ақындар болған еді. Міне, Жамбыл осындай өнерлі ортада өсті. Өз халқының ең асыл қасиеттерін бойына сіңірді. Еңбекші халықтың өмір-тұрмысын, арман-тұрмысын, ерлік пен елдікті, өзін өсіріп ұшырған ақындық мектептің көркемдік жырауы болып қалыптасты. Ақынның өлең-жыры, толғау, дастан, айтыстары шешен де тапқыр, әділ де алғыр, әсерлі де әуенді, көркемдік-бейнелеуіш құралдарға өте бай. Сондықтан да ақын жырын халқы ұйып тындады. Жадында сақтап, елден елге таратады. Рухани қажетіне жаратады [6,102 б.].

         Қорыта келгенде, айтыс жанрының ақындық өнер, импровизация өнері ретінде дамуы, біржола қалыптасулары да осы дәуір поэзиясының үлесіне молырақ тиеді. Ақындық мектебін одан әрі қалыптастырған Жамбыл Жабаев, Сара Тастанбекқызы, Кенен Әзірбаев шығармалары алдынғы Жетісу ақындық мектебін дамытқан ақындардың жалғасы іспетті. Сол ХІХ ғасырдың екінші жартысы алдынғы кезенінің ерекшеліктерін, дәстүрін мол сақтаған, мазмұны соған сәйкес туындылар болып келеді және де өзіндік ерекшеліктері байқалады.

Ұқсас реферат

 Жетісу ақындық мектебінің даму, өркендеу сипаты

Қазақ халқының ақындық өнерінің қалыптасу тарихында Жамбыл Жабаевтыңалатын орны айырықша зор. Жамбыл және қазіргі халық поэзиясы немесе Жамбылдың асқан ақындық өнері, оның тамыр тартқан тереңі мен даму, жалғасу жолдары – қазіргі әдебиеттану ғылымының үлкен де күрделі, маңызды да мәнді мәселелерінің бірі