Жердің құрамы, құрылысы, қасиеттері жөніндегі мәліметтер жер қыртысының үстіңгі қабаттарын тікелей бақылау, серпінді толқындардың таралу жылдамдығына негізделген сейсмикалық әдістер арқылы жанама деректер. Осы деректерге байланысты жер негізгі үш геосферадан тұрады: жер қыртысы, мантия және ядро. Бұл геосфералар сейсмикалық толқындардың жылдамдығына және олардың тереңдік бойынша өзгеруіне байланысты сегіз сейсмикалық қабатқа бөлінеді: А, В, С, D’, D”, E, F, G. Сонымен қатар жерде жоғарғы қатты қабаты литосфера мен төменгі жұмсақ қабаты астеносфера бөлінеді. А – жер қыртысы. В, С, D’ және D” қабаттары – жер мантиясы. В – қабаты Мохоровичич бетінен 400 м тереңдікке дейін бойлайды. В қабаты мен жер қыртысының арасында қарқынды зат алмасу жүреді. Бұл қабатта сейсмикалық толқындардың жылдамдығын төмендететін белдемдер бар. Олардың тереңдігі құрлықта 100-220 км. Бұл белдемдердегі толқындардың жылдамдығының төмендеуі жоғарғы температурамен оған сәйкес қысымға байланысты. С қабаты 400-900 км тереңдікте қамтиды және бұл қабат минералдық зат тығыздығы артып басқа түрлерге алмасуына байланысты толқын жылдамдығының тез өсуімен сипатталады. D’ (900-2700 км) қабатында толқындардың жылдамдығы біртекті заттардың нығыздалуына байланысты өседі. D” қабатында (2700-2885 км ) заттардың құрамы әртекті және температураның жоғары болуына байланысты сейсмикалық толқындардың жылдамдығы тұрақсыз. E, F, G қабаттары жердің ядросын (радиусы 3486 км ) құрайды. Ол сыртқы ( Е қабаты) және ішкі (G қабаты ) ядроға (субядроға) бөлінеді. Бұл екеуінің арасында сыртқы ядро құрамына кіретін аралық белдем (F қабаты) бар. Ядро шекарасында бойлық сейсмикалық толқындардың таралу жылдамдығы 13,6 км/с –тен 8,1 км/с –ке дейін кемиді., субядро шегіне таяу 11,2 км/с-ке дейін артады. Субядродағы сейсмикалық толқындардың таралу жылдамдығы тұрақты. Жердің физикалық қасиеттері мен температурасы тереңдеген сайын өзгереді. Жер қыртысының орташа тығыздығы 2,8т/м3. Жер қыртысының шөгінді қабатындағы орташа тығыздығы 2,4-2,5 т/м3 , “граниттік” қабатта 2,7 т/м3, “базальттық” қабатта 2,9 т/м3, мантияда 3,6-4,5 т/м3, ядро шекарасында 5,6т/м3, ядрода 10,0 т/м3, жер центрінде 12,5 т/м3. 2500 км- ге дейінгі тереңдікте ауырлық күші үдеуінің шамасы 10 м/с2-ке, ядро шекарасында 10,7 м/с2, жер центрінде нөлге тең. Тығыздық пен ауырлық күші үдеуінің мәндері бойынша есептелген қабаттардың қысымы құрлықтық жер қыртысына табынады 1 Гн/м2-ге, В қабаты табанында 14 Гн/м2-ге, С қабаты табанында 35 Гн/м2-ге ядро шекарасында 136 Гн/м2-ге, жер центрінде 361 Гн/м2-ге тең.
Жерді көптеген ғалымдар зерттейді. Геодезия жердің мөлшері мен пішінін зерттесе, астраномия оны аспан денесі ретінде зерттейді; геофизика жер геосферасындағы физикалық процесстерді және заттық күйін, геохимия – химиялық элементтердің жер қойнауында таралуын, геология – жердің даму тарихын, құрылымын, физикалық география мен биологиялық география – қабықтағы және биосферадағы табиғи процесстер мен құбылыстарды зерттейді.