Жазылбек Қуанышбаев туралы қазақша реферат
Жаз дидарлы ата жайында айтсақ…
Екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаевтың туғанына – 110 жыл
Даналар көп менің мына даламда,
Атағы аян осынау кең ғаламға.
Дәріс алған табиғаттың өзінен,
Жүгінбеген қағаз бенен қаламға.
Жақсылық Сәтібеков
Берікбай ҚАДЫҚОВ,
Қазакстан Журналистер Одағының мүшесі.
Қазақ қашаннан төрт түлік малды береке мен байлықтың басы санап, көп игілігін көрген. Маңғаз жатқан маң дала — Мойынқұмда да ата-бабаларымыз ежелден мал өсіріп, оны тікелей тірлік-тіршіліктің тиімді көзіне айналдыра білген. Иә, «Мал — елге құт» деген сөз бар дана халқымызда. Оның шындығына осы өркені өскен өңірде өмір сүріп, ерен еңбек еткен азаматтарымыздың іргелі істері дәйекті дәлел бола алады.
Бұл ретте алдымен ауызға алатынымыз — қазақтың қасиет қонған шалының бірі, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаев. Иә, кәдімгі жайдары мінезді, жарқын жүзді Жаз-ата атанған, «Дала академигі», «Малшылардың маршалы» деп есептелген, бүкіл ғұмырын ақтылы қой өсіруге арнаған, Мойынқұмның гүлденіп, көркеюіне үлкен үлес қосқан Жазылбек Қуанышбаев! Ол жарты ғасырдай адал еңбегімен шалғайда жатқан ауданның атын аспандатып, мерейін көтерді. Оның даңқы кешегі Одақ көлеміне дейін белгілі болып, біздің ғана емес, барша қазақстандықтардың мақтанышына айналды. Қашанда, қай жерде болсын Мойынқұм десе ілкі сәтте тек Жазекеңнің есімі еске түсетіні де сондықтан.
Адам өмірінің мәні мен мағынасы неде? Әрине, оны алдымен артына өшпестей өнегелі із қалдыру деп түсінеміз. Ал, Жаз-ата, міне, осындай орнықты биіктен жұлдыздай жарқырап көрінген тағлымы мол тамаша тұлға еді.
Қазақстан шопандарының атасы, қой өсірудің шынайы шебері Жазылбек Қуанышбаев 1896 жылы аудандағы Жамбыл ауылының жерінде дүние есігін ашқан. Жастай жетімдік зардабын
көріп өскен ол бай малын бағып күн көрген. Кейіннен Кеңес өкіметі
орнағанда, Мойынқұм өңіріндегі тұңғыш ауылшаруашылығы артельдерінің бірі — «Кеңеске» малшы ретінде мүше болып кіреді.
Қырқыншы жылдардың басында Қазақстанда қаракөл қойын өсіру қолға алынғанда, тап осы Жазекең онымен алғаш айналысқандардың бірі еді. Аға шопанның, әсіресе, соғыс кезіндегі еңбегі елге ерекше үлгі болды. Сол шақта ол қаракөл қойының басын өсіріп, оны асылдандыру, өнімділігін арттыру жолында аянбай жұмыс істеп, көптің көзіне ілінді. Алапат соғыс аяқталған соң да абыройлы ісімен алға шығып, жұмысын жақсы жалғастырды. Нәтижесінде 1948 жылы кеудесіне алғашқы алтын жұлдыз тағылып, Социалистік Еңбек Ері атағына ие болды. Осыдан кейін деоның табысты еңбегі мен жемісті ісі көбейіп, елін сүйген ардақты азамат жаңа бел-белеске көтеріле берді. Осылайша ол араға он жыл салып, 1958 жылы екінші рет Социалистік Еңбек Ері атанды. Жаны жақсылықка жақын Жазекең сол тұста өр жүз саулықтан 140-145-ке дейін қозы алып, әрбір қойдан 4 келіге дейін жүн қырқыпты. Жалпы, мал баққан жылдар мұғдарында оның алдынан ондаған мың қой мен қозы өріп, қыруар елтірі мен жүн, ет өндірілген. Малын өрі үнемі үкілеп күтіп, аман сақгап отырған.
Әруағыңнан айналайын деп жалпақ жұрты жабыла құрметтейтін Жаз-ата тек мал бағуды ғана білмеген. Алдындағы отарының қат-қабат шаруасының ығымен кейде елден шығандап шығып кетсе де, құлағын түрік ұстап ел жайына елеңдеп отырған. Көкірек көзі ояу атамыз жалпының жұмысына, қоғам ісіне де белсене қатысты. Кезінде екі мәрте Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне II депутат болып сайланды. СОКП-ның
XXI съезіне, Қазақстан Компартиясының XI съезіне делегат болып сайланып, сонымен қатар, шопандардың одақтық және республикалық алқалы жиындарна қатысты.
Оның қаракөл қойлы отарынан орнықты еңбекпен өсіріліп, өндірілген көді жаулап, талайды тамсандырған елтірілері Дели, Бухарест, Познань, Нью-Йорк жәрмеңкелері мен аукциондарында өте жоғары бағаланған.
Жазекең 1963 жылы зейнеткерлікке шықса да байыз тауып, қол қусырып отыра алмады. Өйткені, бүкіл өмірі еңбекпен өрілген, бар ғұмырын малға арнаған оның шау тартса да шаруаға қарай бүйрегі бүрыла берді. Көп үзамай сүйікті көсібіне қайта оралды, бүл кезде де өзгелерге өнеге боларлықтай көп іс тындырды. Ал, дербес зейнеткер атанғаннан бастап Қазақ КСР ауылшаруашылығы министрлігінің кой шаруашылығы жөніндегі қоғамдық негіздегі инспекторы міндетін атқарып жүрді.
«Шопан атаның құтты таяғын жарты ғасырдай астам ұстадық, төскейді ақтылы қойға толтыруға азды-көпті атсалыстық. Шүкір, абыройсыз болғанымыз жоқ. Мұны және Мойынқұм ғана емес, ныспы қазақ жұрты біледі» — деп ағынан жарылады Жазекең өзінің «Ұрпаққа ұлағат» деген кітапшасында. Бұл сөзден шынайы шындықтың шырайлы лебі есіп тұрған жоқ па!
Ерін қадір тұтып, қастерлеу, төбесіне көтеріп, төрге шығару — қазақ халқының қашаннан қанына сіңген қасиет. Ал, жаз дидарлы Жазылбек атамыздың жөні, тіпті бөлек кой! Сондықтан алысқа аңыздай таралған ерен еңбегімен туған жұртының мәртебесін асырып, мерейін өсірген ерін елі де ерекше сыйлай білді. Көктеректің көк жазық даласы мен «Тұлпарсаздың» жасыл жайлауында Жаз-атаның 70,80,90,100 жылдық тойлары дүркіреп өтіп, дүйім жұртқа ортақ мереке болғаны да қазір өзіндік бір тарихқа айналды.
Есімі көпке әйгілі, әнші, термеші, ақпа ақын, Шу-Мойынқұмға ортақ ұл Аяз Бетбаевтың төгіліп-төгіліп түскен мына олең жолдары сондай салтанаттардың бірінде туған еді.
Ал, ақынның жырласын,
Тойына келген көп халық,
Ән-жырымды тыңдасын.
Мойынқұмда ауылың,
Талдыөзек, Жамбыл, Айдарлы.
Төрт түлік мал өсірген,
Бұл ауданның аймағы.
Сауса сүтім мол болып,
Бұзылмаған қаймағы.
Қос жұлдызы жарқырап,
Жазекең тұр басында,
Қызу еңбек қайнады.
Бесжылдықты орындап,
Айтқан серттен таймады.
Міне, бүгін қарасаң,
Егіні елдің айдалды.
Жүгерісін суарып,
Артық су кетпей далаға,
Қажетіне байланды.
Әр салада еңбекте,
Көңілдері ерлердін,
Жайма-шуақ жайдары.
Беткейінде Хантаудың
Жайылған сансыз қойлары.
Еңбегін ердің бағалап,
Депутатқа сайлады.
Өкінгені баяғы,
Шығып кетті ойдағы.
Жазекемді құрметтеп
Бүгінде Кеңес Одағы,
Келіп жатыр бұл тойға,
Шартараптан қонағы.
Еңбек етсе ерінбей,
Ер еңбегі жанады.
Сәулетті кеңес елінде,
Көңілің рахат табады.
Бақ-дәулеті қыдырдың
Қолыңа келіп қонады.
Міне, осындай ұлы той,
Ер елінде болады.
Қос жұлдызды Жазылбек,
Жазекемнің өргізген,
Елі үшін малы көп.
Сұрапыл сонау соғыста,
Жаумен тылда шайқасып,
Дұшпанға атты жалынды оқ.
Қазіргі бейбіт елімде,
Құрылып жатыр әр жерден,
Комсомол-жастар бригада,
«Ұшқын», «Сұңқар», «Жалын» боп.
Шәкірттері Жазекем,
Одаққа бүкіл мәлім боп,
Жырланады жыршының,
Ақындардың әні боп.
Совхозында Мойынқұм,
Аманкелді, Көктерек,
Ет пен жүнді Отанға
Елтірісін, қаракөл,
Жыл сайын мол көп беред.
Жазекемдей ерлерім,
Ел сенімін өткеред,
Жасына Жамбыл жеткенше,
Жасына Жамбыл жеткенше,
Әлі де талай тер төгед…
Айтқандай, Аяз ақын жырлағандай, сол жылдары жалынды жастықтың отын маздата жағып, жауқазын гүлдей жарқырап шыққан «Сұңқар», «Шалқар», «Тұлпар», «Шұғыла» жастар бригадаларын қалай еске алмаймыз! Иә, ондағы өрімдей қырмызы қыздар мен жігерлі жігіттер қолдарына шопанның құтты таяғын ұстап, мал бағуға өз еріктерімен келіп, келешек үшін еңбек етіп еді, Жазекең салған сара жолды ары қарай абыроймен жалғап, жалғастырып әдемі жеткен болатын. Ал, мұндай орнықты істердің оңға бастауына мектеп бітірушілер слетін өткізу өріс ашты. Жалынды жас түлектердің осындай бас қосулары сол кезде жыл сайын ұйымдастырылатын.
Сол сияқты атақты малшының озат тәжірибесін кеңінен тарату үшін аудандағы әр шаруашылықта «Жазылбек меқтебі» ұйымдастырылды. Өйткені, онын өмірі, еңбек жолының өзі үлкен мектеп қой! Олардағы сабақ барысында жас малшыларға мал бағудың қыр-сыры байыпты үйретіліп, оның қиындығы мен қызығы, табысқа жетудін жолдары сараланып көрсетілді. Шаршамайтын, шалдықпайтын Жазекең көбіне өз атындағы мектептерге барып, аз сөзіне көп мағына сыйғызып, қатысушыларға аянбай ақылын, кеңпейілдікпен кеңесін айтатын. Мұндай мектеп алғаш рет 1966 жылы «Айдарлы» кеңшарында ашылған еді. Ол аз жылдың ішінде қанатын кеңінен жайып, орнықты отауын көбейтті. Тіпті, осындай мектептер ашу облыс көлемінде де қолға алынып, ол талай жас малшыға үлгі-өнегенің төлімгерлік төжірибенің байыпты бағдаршамындай болды деп те айта аламыз.
Осы жерде Жаз-атаның да өмірі, еңбек жолы киногерлердің «Ұстаз» атты деректі фильміне арқау болғаны, оның даусы мен Шәмші Қалдаяқовтың «Мойынқұмда» әні бірігіп бір күйтабақ болып шыққанын айта кеткен ләзім. Сол сияқты оның үлкен ісі мен адамгершілік кескін-келбеті Әзілхан Нұршайықов бастаған, Нұртай Айдаров қостаған қазақтың талай-талай қаламгер, журналистерінің кітаптары мен мақалаларына арқау болды.
Ерлік іспен жалындаған жанымыз,
Жазылбектің шәкіртіміз бәріміз.
Шаттанайық, мақтанайық сол үшін,
Шартарапқа шарықтасын өніміз! —
деп Мэлс Өзбековтың «Жазылбекшілер маршында» айтылғандай, Жаз-атанын жолын қуған ізбасарлары мен шәкірттері тұтас бір үлкен лекті құрайды. «Жалғыз екенсің, артыңнан ерген ізбасарың жоқ екен, онда құның шамалы, шәкіртсіз ұстаз да бұтақсыз ағаш сияқты» — депті кезінде Жазекең өмір бойы сыйлап өткен тағы бір қасиетті қара шал, атақты диқан, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Ыбырай Жақаев. Иә, шопанның табысқа бастар таяғын ұқыпты ұстап, ұстап қана қоймай, осы қадірлі кәсіпте ұлағатты мол ұстаз атанған ардақты атамыздан үлкен үлгі, өрісті өнеге алғандар Мойынқұмда ғана емес, бүкіл казақ елінде молынан саналатын.
Жазекеңнің Мойынқұмдағы ізбасарлары мен шәкірттері дегенде ең алдымен ауызға онымен қанаттас, қатарлас жүрген Социалистік Еңбек Ері, марқұм Ділдаш апа Итбасова алынады. Ер-ана, Ел-анасы атанған ол да орнықты ісімен, ерен еңбегімен үлкен құрметке бөленді. Сол сияқты Социалистік Еңбек Ері Құдайберген Біртаев және Дүрдімұрат Нұрғалиев, Әлтай Төлепбергенов, Мешітбай Қойшыбеков, Күлзада Тілеубаева, Нүржамал Туғанбаева да Жаз-атаның жолын куып, шопанның қүтты таяғын қолдарына үстады. Марқүмдар Мешітбай мен Нүржамалдың және қазір шаруа қожалығына жетекшілік ететін Күлзаданың кезінде КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болғаны да белгілі. Оның шәкірттерінін санатында Социалистік Еңбек Ері, республика мемлекеттік сыйлығының иегері Шоман Шәріпбаев та бар. Елге сыйлы, көпке құрметті Шокең әлі де тың, зейнеткерлік демалыста болса да, шаруа қожалығын ашып, мал ұстайды, бау-бақша өсіреді.
Шокең майталман малшы болумен қатар, ойындағысын орнықты түрде қағазға түсіріп жүретін, елдің, жердің тарихы дегенде ерекше елеңдейтін көзі ашық, көкірегі ояу азамат. Оның 1982 жылы «Хантауы қойнауында» атты кітабы шыққан. Ал, 2005 жылы «Биназар батыр» деген кітабы жарық көрді.
Өзінің ең алғашқы еңбек жолының қалай басталғанын, Жаз-атаны калай үлгі тұтқанын ол жоғарыда аталған «Хантауы қойнауында» кітабында жақсы жазған. Себебі, Жазекең жайлаған, Хантауындағы «Жыланды», жайлауына, шәкірті ретінде, нақ осы Шоман алғаш барып қоныстанып еді. «Жазылбек Қуанышбаевтың озат тәжірибесін оқып-үйрену маған үлкен көмегін көрсетті. «Мал бақса», өрісін тап», «Шелді мал — төлді мал», «Шопан күн сайын күрескер, жыл сайын дәулеткер», «Қойшы болу — қой соңында салпақтау емес, өзің қой соңында жүргеніңмен, көзің отарда, ойың өрісте болсын» деп Жазекең айтатын даналық сөздер жадымда жатталып қалды» дейді ол өз кітабында.
Ол кісі ауданымызды жиырма жылдан аса басқарған Айтекеңмен — Айтбай Назарбековпен қатты сыйлас болды. Олар бір-бірін қадірлей, қастерлей білген. Айтекең Жазекеңнің еңбек жетістіктерін кеңінен насихаттайтын. Сөйтіп, Жаз-ата Ленинград, Мәскеуде, республиканың ірі қалаларында, жоғары оқу орындарында, Жазушылар одағында және т.б. жерлерде болды.
Жазекең ұрпағы дегенде Қойшыбай, Тойшыбай деген егіз ұлы бар екенін де ел біледі. Қойшыбай қазір Тараз қаласында тұрады, ал, Тойшыбай аудандық ішкі істер бөлімінде қызмет етеді. Олардың аналары Әлімхан апамыздың, құдайдан сұрап алғандай болған екеуінің және немерелерінің тілеуін тілеп отырған жайы бар.
Сөз соңында мына жайды да айта кетсек дейміз. Мойынқұм ауданының орталығы Мойынқұм ауылы деп аталады, яғни, атаудың қайталанып кеткен жайы бар. Осы ауылды Жазылбек ауылы деп атау жөнінде бірнеше жылдан бері жоғары жаққа ұсыныс жасалып келсе де, әлі күнге ол оң шешімін таппай отыр…
Ақ жол.-2006.-28 наурыз.- 3б.