Тыныштықбек Әбдікәкімов поэзиясындағы суреткерлік шеберлік

Тыныштықбек Әбдікәкімов поэзиясындағы суреткерлік шеберлік туралы қазақша реферат

Тыныштықбек Әбдікәкімов өлеңдеріндегі ғажап суреткерлік туралы айтқан кезде оның табиғат лирикасы жайлы сөз қозғамау мүмкін емес. Бұл тақырыптағы өлеңдерінің барлығында дерлік ақын сөзбен сурет салады. Адамзат тіршілігі қашанда табиғатпен байланысты ғой. Сонау ықылым заманнан бері адамдар өздерін табиғаттың бір бөлшегіміз деп өмір сүріп, оның сұлу бейнесін поэзияға айналдырып келген. Сондықтан да болар, сұлу табиғат көрінісін жырға қоспаған ақын жоқ. Бірақ Тыныштықбек Әбдікәкімов табиғатты өзінше, өзгеше жырлайды. «Табиғат – поэзияның объектісі ғана емес, оның бойына қуат бітіретін, өңін кіргізетін сұлулықтың арсеналы тәрізді. Тіпті көркемдік-бейнелеу амалдарының неше амал түрлерін ақындардың табиғаттан алатыны белгілі» [1, 4 б.], — деп жазады зерттеуші Ә.Нарымбетов.

Жүрегімізге терең үңіліп, ойымызға салмақ салсақ, поэзия мен табиғаттың бір-бірімен ажырамас дүние, тамырлары тереңде, бір арнада тоғысқан тұтас жүйе екеніне ешкім шүбә келтіре алмаймыз. Табиғат – тұнып тұрған тыныштық ұясы ғана емес, тылсым, жұмбақ дүние. Тылсым дүниенің сырын ашу көкірегінде көзі бар, сезімі ояу адамның ғана қолынан келеді.

Ауылым, болушы еді күнде боран…

Өзгеріп кетті қазір мүлде балаң.

Қаздардың қаңқылынан қаймақ жалап,

Түнде сәл Ай сәулесін тыңдап алам.

 

Мендегі сөз-құлынды, көз-боталы,

Бұл дәурен қайталанса жазда тағы!..

Мамырдың майын бұлттар бүркіп өтіп,

Топырақ жапырағын маздатады.

 

Бір білсе жер қадірін, тау қадірін,

Білер ме жусан емген марқа түлі…

Қыз-Көктем көл басына асығады,

Бұрымы бұлт ішінде тарқатылып.

 

«Сезімнің сынықтарын құрсар күйді

Сен маған осы қазір қисаң қидың!» —

Деп түнгі құрбым отыр,

Омырауынан

Бүр жарған жұлдыздардың иісі аңқиды [2,3б.].

Деген жолдарды жазу үшін ақынға тән жүрек пен әсемдікті бейнелейтін асыл сөз, сергектік пен серпінділік сипаттар көп болуы шарт шығар. Ақын мұраты, өлеңнің өріс-өрісі де осында.

 

Қастерлеген хатыңды, бағалаған,

Аман-есен мұндағы жаман ағаң.

Қақпақылдап тынымсыз жел-уақыт,

Қаңбақ күндер келмеске домалаған.

 

Төлдеп болды қолдағы ырысты мал,

Жүрегіңді тербетер тыныштық-ән.

Бүгін Аспан боталап, Тау тамсанды,

Бүйен-сайға құйылып уыз тұман.

 

Қойшы аянбас сіздердей қонағынан,

Не серке сойылар, не бағлан…

Жаз жазмышын сезесің, қарап жатып,

Жадыраңқы іңірдің қабағынан.

 

Болмаса егер бойдағы сабыр-ұстам,

Саған деген өлер ме ем сағыныштан.

Көгілдір нұр төгіп тұр көкте жұлдыз,

Қой көзіндей, сәулеге шағылысқан [2,4б.].

Байқап отырсақ, ақын көз алдымызда тұрған табиғат құбылыстарының астарын ашып, айнала дүниемен салыстыра отырып, әрі айқын, әрі образды түрде жырлай біледі. Тіршіліктің әр құбылысына ақындық сезіммен қарайды. Табиғат лирикасын жырлаудағы ақын Т.Әбдікәкімовтің бір ерекшелігі – ол айналадағы құбылысқа қарап, жай қызыға тебіреніп қана қоймайды, сол құбылысты өмірмен, адам көңілімен ұштастырады. Ойды, сезімді жалаңаштамай, поэзияға тән ақындық тілмен образды түрде бейнелеп отырады. Осы орайда белгілі ғалым Р.Сыздықованың: «Өлең тіліне пайдаланатын сөздер, ең алдымен, образды дәл беретін және оқырман сезіміне әсер ететін болуы керек. Бұл-аян нәрсе. Бірақ әсерлілік, образдылық үшін де жеке сөздердің өз бойындағы мағынасы, экспрессивтік бояумен қатар, олардан тыс өзге шарттар да қажет. Сөйлеу тәжірибесінде, әсіресе көркем әдебиетте сөздер тек бір нәрсені (затты, сынды, қимылды) атап қана қою қызметін атқармайды, айналадағы басқа сөздерге де қызмет етеді» [3, 19 б.], — деген пікірі назар аударарлық.

Жалпы кез келген суреткер көркем образ жасай отырып, онда қажетті ерекшеліктерді жымдастырып, біріктіреді, оларды жеке даралайды, көрініс табатын құбылыстың жеңіл-желпі болып кеткен тұстарын алып тастайды. Сондықтан оның творчествосы – жоғары мәндегі толғаныстың жемісі. Тіпті табиғатты суреттеуде де суреткердің шындыққа қарым-қатынасы арқылы оқырманда автордың өз күйзелісіндей көңіл-күй оятуға тырысуы қатты сезіледі. Оқырманға суреткердің ойы мен сезімі бұған дейін дәл бұлай суреттелмегендей болып көрінеді. «Қазақ лирикасында адам мінезімен, еңбек адамының психологиясымен байланысты поэтикалық шығуын мінездің ашылуымен байланыстыру тенденциясы, әсіресе, табиғатқа деген қарым-қатынастары өте анық көрсетілген» [4, 13 б.].  Шығарманың көркемдігі, ең алдымен, оның бірінші құралы – тіл көркемдігімен, екіншіден, мазмұн мен түрдің арасындағы үйлесімділікпен дәлелденеді. Ал тіл көркемдігі дәлдік, ықшамдылық, бейнелілік, нақтылықпен белгіленеді. Басқаша айтқанда, ой айқындығы, дәлдігі, сезім сұлулығы, нәзіктік, оқиға желісінің суреттілігі, жинақы, ықшамдылығы –көркемдіктің негізгі шарттары. Өйткені, көркемділік формасынан да, дұрысырақ айтқанда, мазмұн мен жарасымды бірлігінен танылады.

Барлық өлеңдеріндегі Тыныштықбек Әбдікәкімовтің ақындық шеберлігі табиғат лирикасында да ерекше көрінеді. Ол жылдың қай мезгілінен болсын көз тоятын көрік көреді. Дегенмен, ақын өлең сөзбен салған суреттеріне сезім бояуын үстемелемей, сөзден сөз, жолдан жол, шумақтан шумаққа көшіп отырған сайын жарықтандырып, аша түседі. «Көктем» өлеңдегі сөзбен салған образды тамаша суреттер жаныңды еріксіз баурап, жүрегіне жылы тиеді.

Болмаса да тым шұғыл орындар түк,

Ерте тұрам (төлдегі тәлім-тәртіп).

Қаңқылдаған әуеде сары ала қаз

Тауға қарай өтеді горн тартып.

Иірілер шаруаның ұршығы-мен,

Сақманға әу баста құлшынып ем.

Қошақандар тойып ап,

Балықтардай

Балтырымды түртеді тұмсығымен.

Батыста-мал мыңғырған, шығыста – мал,

Мыңғырынан көңілің тынышталар.

Иін әбден қандырып илеуінің

Ширатысар мұрттарын құмырсқалар.

Мұңның мені мүмкін бе иектері?

Мұндай бола қоймайды күй өтпелі!

Құшағына қыз-самал енген сайын,

Балқи түсер таулардың сүйектері.

Айналаны алғанша ымырт қамап,

Гүлдеп жатқан кең дала түлікке бап.

Қалпағыңа, шешсең-ақ, бұл маусымның

Үлгереді торғайы жұмыртқалап [2, 5б.].

Ақын адам мен қоршаған табиғат арасындағы көптеген байланыстарды көркем ой мен сөз арқылы қорытуға тырысады. Қиялы ұшқыр, фантазиясы бай ақынның мұндай жырларының эстетикалық талғамы жоғары болып келеді. «Ақын ат ізін салмаған тақырып тапшы. Өз аспанының бұлтынан бастап, туған жерінің жыбырлаған құртына дейін түгендейді. Тақырға шөп егіп, шөліне көл орнатуға дейін армандап, алқымы кебеді. Шындығында, ақын жыр жазып отырған сәтте дүбірлі дүниені ұмытып жазбаса, жазғаны жүрегінен шықпаса керек»[5.6б.],-деп Д.Стамбеков жазғандай, шын мәнінде ақынның табиғат көркін тек суреттеп қана емес, бейнелеп, құбылтып жібере алатын     қасиеті бар. Қошақандардың тойып алып, балықтардай тұмсығымен балтырын түрткенінде әдемі бір үйлесімділік бар екенін мойындатпай қоймайды.

Өлеңдегі сырлы суреттің ғажаптығына таң қаласыз. Ақын фантазиясы мен   қиял ұшқырлығында шек жоқ. Аппақ жұмыр білегінен ұстасаң, саған еріп кеткелі тұрғандай әсер беретін қайың туралы осы жолдар-қозғалып кетуге рет. Ақынның байқампаздығына еріксіз тәнті боласыз. Оның табиғатқа деген махаббаты жай ғана абстракция емес, ақындық болмыс-бітімнен туған көрегендік екені дау туғызбайды. Автор адам мен табиғаттың үйлесімін іздеп, бір-біріне тұтастыру  арқылы ерекше образдар жасайды.

Ауылдың тіршілігін бақылаңыз,

Әр күні жомарт ертек, ақын аңыз…

Ащы-ащы шай ішіп кешкілікте,

тәтті-тәтті ой ойлап отырамыз.

Мұндайда әңгіме көп, түн-көңілді,

Тыңдайсың кішіменен үлкеніңді.

Әзілқой, әпенділеу қойшымыз бар,

Қой көзді, теке танау, жылқы ерінді.

Қиын –ақ таудағы бір қыстақ үшін,

Қойшымыз теперішті көп көрген-ау,

Қасқырлар жазда – қысым, қыста –қысым.

Табиғаттың мөлдіреген сұлу ажарын әрі суретті, әрі сәулетті жандандыра бейнелеудің әдемі үлгісі осындай-ақ болар. Өмірдің, тіршіліктің сұлулығы да, арманның, бақыттың ұясындай жан сүйсінген тыныштық та осында. Сол тыныштықты ақынның барынша тұнық үнмен, сұлу сырмен кестелегені соншалық, өлеңнің ішіне енген, оның мәнін ұғынған оқырман бір сәт сол сұлу тыныштық құшағында ұйқылы-ояу балбырап бақытты күй кешкісі келеді. Өлеңнен ақынның әлемдік әдебиеттің озық үлгілерін жақсы  меңгергені, солармен үндестігі  байқалады. Бұлайша жыр жазу, табиғат тамашасына тамсанып, оның тамашасын өз ойының, өз жанының жарығымен ажарландыра, нұрландыра жырлау, сөйтіп, өлеңі мен өнеріне оқырмандарын түгел тәнті  ету ірі ақынның ғана бақылау жазбалары емес, бейнелі суретке айналған. Онда табиғаттың әр тынысы адам ұлылығымен қабысып жатады. Бұл тақырыптағы көптеген өлеңдері жаратылыстың ғажайыптарын, жыл мезгілдерінің құбылысын адам әлемімен өзара сәйкестікте суреттейді. Табиғат арқылы адам әлемін аялау мен бағалаудың мол мүмкіндіктері бар екеніне көзімізді жеткізеді. Ақын табиғат тылсымына үңілу негізінде адамзатқа ортақ мәселелерге назар аударады. Адам мен табиғатты қатар сөз етеді. Ортақ тұстарына ден қояды. Сол арқылы табиғатқа адам қолымен жасалып жатқан қиянат-кедергілерге қарсылық білдіріледі. Бұл тұрғыдағы ақынның ерекшелігі сол-ол адам бойындағы, жан әлеміндегі тек түйсікпен ғана сезіне алатын құбылыстардың да «тірі» суретін сала алады.

Бүкіл ғалам шыр айналып дамылсыз қозғалуда. Сол сияқты өмір де, өнер де табиғатпен бірге үнемі қозғалып, жаңарып, ескіріп, қайта жаңғырып, түрленіп, түлеп, отырады. Біз сөз етіп отырған поэзия да дәл осындай дамылсыз қозғалыста. Адам баласы о бастан-ақ данышпан, ойшыл, кемелденген кемеңгер болғанына таңданбасқа шараң жоқ.

Пайдаланған әдебиеттер

1.     Нарымбетов Ә. Қазақ поэзиясындағы дәстүр тұтастығы // Кітапта: Өазаө поэзиясындағы дәстүр ұласуы. –Алматы: Жазушы, 1981.-4 б.

2.     Т.Әбдікәкімов Ырауан. – Алматы: Атамұра, 2000.- 94 б.

3.     Сыздықов Р. Абай және поэзия тілі// Қаз.ССР ҒА Хабарлары.Тіл, әдеб.сериясы. -1985.-№4. -19 б.

4.      Сұлтанғалиев Ж. Қазіргі қазақ лирикасындағы мінез мәселелері: филология ғылымының кандидаты. Автореферат: 10.01.08. – Алматы, 1998. – 10 б.

5.      Стамбекұлы Д. Арғымақ мінген ақын // Қазақ әдебиеті. — 1995.- 25 мамыр.