Түркі тілдеріндегі сын аталымдарының жасалымы туралы қазақша реферат
Қазіргі кезде тіл мен мәдениет, этнос мәселесіне қатысты түрлі ғылым саласында кешенді түрде тіл деңгейлерінің түйіскен жерінде түркі тілдерін салыстырып, оның ұлттық танымы мен мәдениетін, рухын тануға негіздеп зерттеу бағыт алды. Түркі тілдерінің аталым (номинация) бірліктері туындауының уәждемесін(мотивация) қарастырғанда олардың тілдік сипатымен қоса танымдық танымдық (познавательный, познание) негізі де назарға ілігеді. Жалпы қай тіл болмасын, соның ішінде қазақ тіліндегі сын есімдер мағыналық жағынан зат есімдермен ұштасса, мәні мен функционалдық қызметі жағынан есімшелердің, үстеулердің кейбір топтарымен мәндес жататындығы айқын. Сын есімдердің кейбір түрлерінің (көбіне етістік негізді сын есімдердің) есімшелермен (немесе үстеулермен) байланысы да бірыңғай формаларының тілдің даму барысында әрі есімше, әрі сын есім, кейде үстеу ретінде қалыптасуына барып ұштасады. Мысалы: Көк – түс аты, аспан; -р:есімше тұлғасы, сын есім, -қы: шайқы – зат есім; -қыш: тұтқыш – зат есім, тапқыш – сын есім т.б.. Түркі тілдеріндегі сын есімдердің бір ерекшелігі – мүмкін тек қана түркі тілдеріндегі емес, жалпы алтай тілдеріндегі олардың басқа сөз таптарынан ерекшелейтін, басы ашық тек қана «сын есімдерге тән» деп қарауға болайтындай морфологиялық тұлғаларының өте аздығы (немесе тіпті жоқтығы) болса керек. Қазақ тіліндегі сын есім жасайтын қосымша -лы түп негізі жағынан —лық қосымшасының тарихи нұсқасы болып табылады. Ал, -лық көне түркі тілінің өзінде де таза сын есім жасайтын қосымша болмағаны тарихи деректерден белгілі. Ал, сын есім шырай түрлерін жасайды деп есептелетін тұлғалардың қалыптасуы ғалымдардың пікірінше тіл дамуының кейінгі дәуірлеріне қатысты. Келтірілген деректердің бәрін түркі тілдеріндегі сын есімдердің грамматикалық тобынның құрамында болды деп тұжырымдауға дәлел деуге болмайды. Сын есімдердің басқа топтарынан семантикалық және грамматикалық жағынан жіктелуі, өз алдына топ ретінде жекеленуі – тілдің даму барысында қалыптасқан құбылыс. Түркі тілдері құрамында сын есімдердің қалыптасуының екі түрлі жолын көрсетуге болады: 1. Есімдердің (зат есімдер де, қимыл есімдері де) контексте қолдану барысында сын есімге айналуы (трансформация); 2. Есімдердің басқа топтардан ерекшелейтін морфологиялық жүйенің қалыптасуы. Сын есімдердің қолданылу барысында қалыптасуы есім тұлғаларының әуелі анықтауыштық қызметке ие болуына, соның нәтижесінде сол тұлғалардың мән алып, сол мәнде тұрақталуына негізделеді. Бұл жолмен (трансформация) жасалғандарға қазіргі тілімізде негізгі деп қаралатын сын есімдердің көпшілігі – ақ жатады, яғни қазіргі түркі тілдерінің барлығында да с кейбір фонотикалық өзгерістермен қолданылатын көк, қара, қызыл, жасыл, сары, жас, кәрі, т.б. тәрізді сын есімдер осы жолмен қалыптасқан деп қарау керек. Бұл сөздердің арғы негізі әр түрлі есім де, етістік те болуы мүмкін. Мәселен, қара синкретті түбірін о баста есім де, етістік те болған деп айтуға негіз бар, есім түбір болған деуге дәлел қара сөзі зат есім мәнін дей береді. (қара көрінді); ал етістік деп қарауға дәлел – бұл сөздің етістік тұлғасы қарай, соңғы – тұлғаның көсемше тұлғасы деп қарауға болар еді. Ал көсемше тек етістік түбірден ғана жасалатыны белгілі (1. Бұл жерде -и – көсемшенің жұрнағы емес, -ар, -ер, -ржұрнағымен мәндес -ай, -ей, -й деген есім түбірден етістік тудыратын жұрнақ: сары-сарғай, көп-көбей, мол-молай, қара-қарай қоңыр-қоңырай, ала-алай (орта ғасырлық жазбаларда кездеседі) т.б.) [1,16].
-ығ//-ығ. Бұл аффикс көнетүркі тілдерінде кеңінен тараған. Мысалы, сарығ~сары, хак. хатығ~қатты, ажығ~ашты, шор. қадығ~қатты, изиғ~ыссы т.б. шығу төркінін етістік деп айтуға дәлел – бұл сөздің көне түркі ескерткіштері тіліндегі тұлғасы сарығ, соңғы -ығ әдетте етістік түбірге жалғанатын қимыл-сын қосымшасы. Түркітанушылар -ығ//-ығ қосымшасының шығу тегі белгісіз деп қарайды. Бұл пікірлерден шығатын қорытынды: негізгі сын есімдер тарихи тұрғыдан әр түрлі есім тұлғалардың қолданысы негізінде қалыптасқан. Түркі тілдеріндегі тілдік деректерді салыстырып қарағанда, трансформация жолымен тек түбір сөздер ғана емес, туынды түбірлер де сын есімге айналған. Негізігі түбірлер сапалық сын есімдерге ұйтқы болса, туынды түбірлер көбінесе қатыстық сын есімдердің негізін қалады. Туынды түбірлер негізінде қалыптасқан сын есімдердің біраз тобы қазіргі тілдің өзінде шырай қосымшаларын қабылдамайды. Сын есімдер жасалуының екінші жолы – оларды басқа сөздер тобынан ерекшелейтін морфологиялық жүйенің қалыптасуы – туынды есім түбірлердің трансформация жолымен сын есімге айналуына негізделсе керек. Туынды түбірлердің мәтін құрамында қолданылу барысында сындық мән алып, орнығуы олардың форманттарының сын есімдік мән туғызу тәсілдері ретінде қайта ұғынуына жағдай жасады (аналогия). Қазіргі түркі тілдеріндегі сын есімдерді морфологиялық тұрғыдан екі топқа бөліп қарастыру қалыптасты. Ондай топтар: негізгі есімдер мен туынды сын есімдер. Негізгі сын есімдер тобында бүгінгі тіл құрамында бөліп қарауға келмейтін, түбір ретінде ұғынылатын тілдік бірліктер жатады да, туынды сын есімдерге қосымшалар арқылы басқа сөз таптарынан (есімдер мен етістіктерден) жасалған сын аталымдары жатады. Негізгі сын есімдер: ақ, қара, көк, қызыл, сары, ала, жақсы, жаман, зор, үлкен, кіші, т.б. Түр-түсті білдіретін сын есімдер бүгінгі түркі тілдерінде кейбір фонетикалық ерекшеліктермен түгел қайталанып отырады. Мысалы, қазақ: ала, ноғай: ала, ұйғыр: ала, алтай: ала, түрікмен, әзербайжан: ала, т.б. Сол сияқты заттың ерекшелігін білдіретін сөздер де көпшілігіне түркі тілдерінің барлығына дерлік тән, мысалы, қазақ: жаңа, ноғай: йаңы, құмық: йаны, ұйғыр: йени, түрік: йени, әзербайжан: йени, чуваш: джіні, қазақ, ұйғыр, қарақалпақ: көк, түрік: гөк, татар: кук, саха: күрк, чуваш: кывак, түрікмен: гөөк, т.б. Сонымен бірге негізгі сын есімдердің кейбір түрлері, әсіресе заттың әр түрлі сапалық ерекшеліктерін білдіретін сын есімдер, жеке тілдердің қалыптасу, даму ерекшеліктеріне лайық өзгеше де болып отырады: әсіресе чуваш тілін еске алу керек болады. Мысалы, чуваш ваты – қарт, кәрия, віті – ұсақ, майда, хырах – жалғыз, лутака – аласе, домалақ. Бұл ұғымдар көпшілік түркі тілдерінде басқа сөздер арқылы беріледі. Чуваш тіліндегі – лытқы, тыныш, лутра – аласа, жатаған, янкар – шірік, щулятра – үлкен, дәу, т.б. сын есімдер, өзбек тіліндегі араб, парсы, тілінен енген сын есімдер, т.б. осы жол арқылы қалыптасқандар [2,113-115].
-лығ//-лиғ˂-лы:г//-лиг. Туынды сын есім жасайтын аффикстің бірі және осы қызметте ең жиі қолданылатын —лық, -лік (фонетикалық нұсқалары: -лығ, -ліг, -лы, -лі). Бұл аффикске қатысты ескеретін бір жай – көне түркі, ескі түркі (орта түркі) тілдерінде бұл аффикс көбіне -лығ (соңғы дыбысы ұяң -ғ) сипатында айтылған да, әрі зат есім, әрі сын есім жасаған. Бұл аффикстің -лық нұсқасының қалыптасуы – фонетикалық өзгерістердің нәтижесі. Бұл аффикстердің тектестігі бүгінгі тіл қолданысынан да байқалады. Мысалы, қазіргі қазақ тілінде -лы орнына -лық, немесе керісінше қолданылу кездесіп отырады (ауылдық жер – ауылды жер). Қазіргі түркі тілдерінде -лық және -лы аффикстері арқылы жаңа сөз тудыру қатыстық сын есімдер (яғни туынды сын есімдер) жасалуының ең өнімді тәсілдері болып табылады. Тыва: даштығ (тасты), дағлығ (таулы), суғлығ (сулы), өзбек: куркинчли (қорқынышты), хақас маллығ (малды), тоннығ (тонды, киімді), башқұрт: ішлі (етті) т.б. Қатыстық сын есімдердің қазіргі түркі тілдеріндегі семантикасы мен қолданысы көбіне ыңғайлас болады, түркі тілдерінде бұл жөнінде өзгеше құбылыс байқалмайды.
Қазіргі кейбір түркі тілдерінде бұл тұлғалы сын есімдердің өзгеше қолданысы да (көне түркі тілімен салыстырғанда) байқалады: -лы//-ли. тұлғалы сын есімдер кісінің ұлт, мекенге қатыстылық мәнінде білдіреді. Мысалы, қарашай: қытайлы (қытайлық), оруслу (ресейлік), карачайлы (қарашай, қарашайлық), түрік: ыстанбуллы (стамбулдық), түрікмен: ақыллы-ақылды, морылы (морайлық), өзбек: күчлі-күшті, самарқанділік (самарқандық), т.б. Бұндай қолданыс ғ˃қ: -лы:ғ˃-лы:қ˃-лы тұлғалы сын есімдердің семантикалық дамуының нәтижесі екені белгілі. Бұл аффикстер қатыстық сые аталымдарын жасайды. -қы//-ки: кырғ. жазғы, гаг. қышқы, саха. са:скы (көктемгі) т.б. Осы жолмен есімдерден сын есім жасайтын -лы және -лық (бір аффикстің екі нұсқасы) етістіктерден сын есім жасайтын -қын,-ар,-қыр, т.б. аффикстерде құралған, сын есім жасаудың морфологиялық жүйесі қалыптастқан. Түрікмен, ұйғыр тілдерінде осы мәнде -лық, -лек аффиксі де қолданылады: ітлек (етті), музлақ (мұзды). Саха тілінде осы мәнде -тах, -тәх аффикстері айтылады: аттах(атты), оғолох(ұлды) [3].
Қатыстық сын есім жасайтын аффикстердің бірі —шақ,/-шек (-чан,/-чен,/-ча). Бұндай тұлғалы сөздер белгілі бір іске, әрекетке, әдетке ыңғайлылықты, икемділікті білдіреді. Қазақ: бойшаң, алтай: соғушчан (төбелесшіл, ұрысқақ), татар: талайчән (талайшыл), өзбек: сүзчан (сөзшең) т.б. Қазақ тағы басқа тілдерде бұл мәнде-қақ, -кек аффикстері айтылады (ұрысқақ). Бұл айтылғандардың басқа есім түбірлерден сын есім жасайтын аффикстер мыналар: —қы, -кі қысқы, жазғы, әзербайжан:ахшамқы (ақшам уақытындағы, кешкі), түрік: сабаһқы (ертеңгі), чуваш: сурки (көктемгі), тыва: часқы (көктемгі) т.б. Қазіргі түркі түлдері құрамында сын есім жасайтын аффикстердің жалпы саны біраз. Қазіргі тілдің синхрондық деңгейінде туынды сөздер құрамында кездесетін жұрнақтардың біразы шырайдың құрамынан шығып, сөзжасамдық жұрнақтардың қатарында кездеседі. Мысалы: —қай//-кәй, -ғай, -дай, -қыл//-кил, -ғыл-гил,-ғылт т.б. аффиксі қазақ тілінде қапсағай тәрізді сөздер құрамында ұшырайды. Ал, татар тілінде айтылатын —лач, -ләч аффикстері (итләч-етті, йынлач-жүндес) қазақ тілінде кездеспейді. Қарашай-балқар, түрік тілдеріндегі (ақылман, қараман), алтай тілдеріндегі —сығ (дашсығ-тас сияқты, кіззізіг-кісілік), қазақ тіліндегі -гөй (ақылгөй) тәрізді аффикстер көбінесе сол аталған тілдерде және бірен-саран сөздер құрамында айтылады. Мысалы: қазақ тілінде -ман аффиксі сын есім жасамайды, ал қарашай-балқар, түрік тілдерінде сын есім жасайтын аффикстер қатарына жатады. Сол сияқты -сақ аффиксі қазақ тілінде кейбір есімдерге қосылып, субъективтіні басқалардан ерекшелейтін қылық, мінезге үйірлігін білдіретін сын есімдер жасайды: сусақ, малсақ, т.б. [4,120-121].
Екінші сөзбен мұндай қолданыс қазақ тілінде норма емес, ал, алтай тілінде арақызақ (араққұмар), үйқузақ (ұйқышыл), тыва тілінде айунзақ (ойынға құмар),чайымсақ (шайқұмар), балығымсах (балыққа құмар), саха тілінде әтімсех (етке құмар, етқұмар), т.б. Қазақ тілі мұндай жағдайда -шыл, -хор, -құмар тәрізді қосымшаларды қолданылады. Қолданысқа байланысты мұндай ерекшеліктер көбіне әдеби тілдің даму ерекшеліктерімен ұштасып жатады. Сын есімдер белгілі бір белгінің, сынның қасиетінің жоқтығын да білдіре алатыны белгілі. Түркі тілдерінде бұл мән —сыз//-сіз аффиксі арқылы беріледі. Бұл аффикс чуваш тілінде ғана басқаша з~р сәйкестігінің негізінде -сър/-сір: чуваш: утсър (атсыз), тіпсір (түпсіз) түрінде дыбысталады: әзербайжан: йағсыз (майсыз) сусуз (сусыз), түрік: татсыз(дәмсіз). Бұл аффикс екі тілде – саха, шор тілдерінде жоқ. Ол тілдер сын-сапаның жоқтығын синтаксистік оралымдар (конструкция) арқылы білдіреді.
Пайдаланылған әдебиеттер
1.Саменова С.Н. Заттанған сындардың танымдық және функционалдық қызметі. АКД. –Алматы, 2010. –25 б.
2. Серебренников Б.А., Гаджиева Н.З. Сравнительно-историческая грамматика тюркских языков. –М.: Наука,1986. –302 с.
3. Қасым Б.Қ. Қазіргі қазақ тілінің теориялық және қолданбалы аспектісі. . –Алматы: ЖК Волкова А.В., 2010. –371 б.
4. Томанов М. Түркі тілдерінің салыстырмалы грамматикасы. –Алматы:Қазақ университеті, 1992. –192 б.