Мақсаты: Топырақтың су көтергіштік қасиеттерін анықтау жолдарымен танысу.
Қажетті құралдар мен заттар: Көзі 1 мм елеуіш арқылы еленген топырақтың әр түрінің 4-5 үлгісі, диаметрі 3см, ұзындығы =50-60 см 4-5 шыны түтік, штатив, стақан, сүзгіш қағаз, дәке, жіп, сызғыш, сағат.
Тапсырмаға түсінік: Топырақтың суды көтергіштігі немесе капиллярлық топырақтың капиллярларының көлеміне байланысты, олай болса оның бөлшектері мен құрылымы арқылы анықталады. Саз топырақтарда су баяу, бірақ өте биікке көтерілсе, құмда жылдам, бірақ өте аз биіктікке көтеріледі. Құрылымсыз топырақтарда құрылымды топырақтармен салыстырғанда су капиллярларда тез қозғалып, ауаға ұшып кетеді. Тығыз топырақтарда бос топырақпен салыстырғанда, капиллярлық өте жоғары болады. Топырақтың су көтергіштік қасиеті арқасында өсімдіктер топырақтың төменгі қабатындағы суларды пайдалануға мүмкіндік алады.
Жұмыс реті:
- Шыны түтіктердің бір жақ басын сорғыш қағазбен және дәкемен орап, жіппен байлаған соң, топырақтың үлгілерімен толтырылады;
- Шыны түтіктерді штативке бекітіп, байланған басын су құйылған стақанға 1 см батырып, орналастырған соң уақытты белгілейді.
- Төменгі үлгіге сәйкес түтік ішіндегі топырақпен судың көтерілу биіктігін мезгіл -мезгіл өлшеп отырады.
Топырақтың үлгілері. |
Судың топырақтың бойымен минут сайын көтерілу деңгейі, үдеме есеппен, мм. |
24 сағат |
|||||||||||
1 | 5 | 10 | 15 | 20 | 25 | 30 | 40 | 50 | 60 | 120 | 180 | ||
4.Анықталған нәтижелердің негізінде график сызыңыздар. Ол үшін ординат бойынша судың көтерілу биіктігі мен жылдамдығын, ал абсицсса бойына уақытты кескіндеңіздер.
Топырақтың химиялық қасиеттері.
Топырақты талдау барысында химиялық зерттеу жасаудың маңызы зор. Топырақтың химиялық ерекшеліктері, топырақтың өсімдіктің қоректенуіне қажетті элементтермен қамтамасыз етілуі , сол сияқты зиянды қосылыстардың бары немесе жоғы химиялық зерттеу жасау арқылы анықталады.
Топырақта әр түрлі геохимиялық және биохимиялық үрдістер жүреді. Бір жағынан қарағанда топырақ геологиялық дамудың нәтижесінде топырақ түзуші тау жыныстарындағы элементтерге мұрагерлік жасаса, екінші жағынан оны гипергенез факторларының ықпалымен жылдам ыдыратады.
Өсімдіктер мен жануарлар қалдықтарының ыдырауы кезінде немесе органикалық заттардың минералдануымен бір мезетте топырақта күрделі органикалық заттар түзілу құбылысы — шірінді түзу жүреді. Шіріндінің химиялық құрамы, алғашқы шірінді түзілетін органикалық заттардың құрамынан күрделірек болады. Шіріндінің құрамында гумин және ульмин, фульво және амин қышқылдары т.б. кездеседі. Шірінді ыдыраған кезде көміртегі, нитраттар, фосфаттар т.б. бөлінеді. Шіріндінің құрамына 5%-ке дейін азот кіреді. Әр түрлі топырақтардағы шіріндінің мөлшері әр қилы болады. Мысалы, қара топырақта 8-12-15 % дейін, сұрғылт тоғай топырағында 3-5%, сұрғылт топырақтарда 1-3 %, құм топырақтарда 0,5% болады.
Топырақтың басты химиялық қасиеттерінің бірі — оның қышқылдығы. Топырақ қышқылының артуы өсімдіктің өсіп-өнуімен топырақтағы пайдалы бактериялардың өмір сүруін қиындатумен бірге ондағы пайдасыз(өсімдіктерді ауруға шалдықтыратын) саңырауқұлақтар мен микроорганизмдердің дамуын қамтамасыз етеді. Мұның өзі топырақтың физикалық және химиялық құрамының нашарлауына әкеп соғады. Топырақтың қышқылдығының экологиялық әсерін әр бір өсімдіктің белгілі бір рН мөлшерінде ғана жақсы дамитындығынан білеміз. Қышқылдық межесіне (рН) қарай топырақ төменгі топтарға бөлінеді.
1. Өте қышқыл топырақ — 4,5
2. Орташа қышқыл топырақ — 4,6-5,0
3. Сәл қышқыл топырақ — 5,1-5,5
4. Қышқылтым топырақ — 5,6-6,0
5. Бейтарап топырақ — 6,1-7,0
6. Сілтілі топырақ — 7,1-8,0
7. Өте сілтілі топырақ — 8,1
Топырақ қышқылдығы екі түрге ажыратылады: айқын және көмескі (потенциалды) қышқылдылық. Айқын қышқылдылық деп топырақ ерітіндісіндегі сутегі иондарының межесін айтады. Ол топырақтағы органикалық және минералдық қышқылдардың деңгейімен айқындалады. Ал көмескі қышқылдылық — топырақ бөлшектерінің тұздармен әсері кезінде пайда болатын қосылымдардың ерітіндіге қышқылдық қасиет беруімен ерекшеленеді. Топырақ қышқылдылығын, ондағы минералдық элементтердің мөлшерін аналитикалық химия тәсілдерін пайдалана отырып, топырақтың судағы ерітіндісін зерттеу арқылы анықтауға болады.