Тілді оқытудағы тіл мәденитетінің ерекшелігі туралы қазақша реферат
Мемлекеттік тіл – аса маңызды да өзекті мәселе, тіл – халықтың жан дүниесі, рухани негізі, ел еркіндігі мен ұлтты танытатын басты белгі. Ол – ұлт болмысын ұғындырып, төңірегіне жұртты топтастырушы, біріктіруші фактор. Сондықтан мемлекеттік тілді білу – өмір талабы, заман сұранысы, қоғам қажеттілігі. Олай болса, тілді өмірдің барлық саласында қолданып, аясын кеңейту жолында әрбір қазақстандық өз азаматтық міндетін атқаруға тиіс.
Ел тәуелсіздігін тіл тәуелсіздігімен астастыра қарап, туған тілдің тұғырын биіктету қамы қолға алынғалы да біраз уақыт болып қалды. «Қазақстан Республикасындағы тіл саясатының тұжырымдамасы», «Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы Заң» сияқты стратегиялық маңызы бар құжаттардың дүниеге келуі осы бағытта жасалған оң қадамдар.
Тіл қарым-қатынас құралы. Адамның ой-өрісін, мәдени дәрежесін, ақыл-парасатын, рухани байлығын көрсететін айна. Тіл мәдениетінің өзектілігі әрқашан ескеріліп, қай халық болса да бұл мәселені айналып өткен емес. «Өнер алды — қызыл тіл» деп қазақ халқы да сөйлеу шеберлігіне үлкен мән берген. Қазіргі таңда тіл мәдениетінің көкейтестілігі арта түсті.
Қазақстан Республикасы Президентінің «Тілдерді қолдану мен дамыту бағдарламасында»: «Тілді дамыту — Қазақстан Республикасы мемлекеті саясатының аса өзекті бағыттарының бірі» , сондай-ақ «Мемлекеттік тілді оқытудың саны мен сапасына көңіл бөлу керек» делінген. Елбасы Н.Ә.Назарбаев: «Қазақстанның болашағы қазақ тілінде» — деп тұжырымдайды.
Ал қазақ халқының тіл келешегі мектеп оқушыларында. Көптеген ғылыми-педагогикалық әдебиеттерді, мерзімді баспасөз ақпараттарын талдап-зерттей келе, бүгінгі күнгі оқушылардың сөз саптауы көңіл аударарлық көпшілігінің тіл мәдениеті төменгі деңгейде деген қорытынды жасауға болады. Олар өз ойларын дұрыс, түсінікті етіп жеткізе алмайды, басы артық бос сөздерді көп қолданып, ойын шашыратып жібереді. Кейбірі орысша сөздерді қосып, араластыра сөйлесе, бірі жаргонмен диалектілермен сөйлегенді сән көреді. Бұл мәселе туралы көптеп айтылып та, жазылып та жатыр. Мысалы педагогика ғылымының докторы И. Нұғыманов пен 3. Қашқынбаева: «Оқушының жеке тұлға болып дамуы мен алған білімін іске асыруда сөйлеу тілін, әрекетін, сөйлеу мәдениетін, әдебін қалыптастыру педагогиканың қазіргі кездегі көкейтесті мәселелерінің бірі болып табылады» — дейді. Бүгінгі таңда қазақ мектептерінің өзекті мәселелерінің бірі – оқушылардың тіл мәдениетін көтеру, сауатты жаза алатын, өз ойын айқын жеткізе алатын азамат тәрбиелеу.
Қазіргі заманымызда қойылған басты талаптардың бірі — өмірден өз орнын таңдай алатын, өзара қарым-қатынаста өзін еркін ұстап, кез-келген ортаға тез бейімделетін, белгілі бір ғылым саласынан білімі мен білігін көрсете алатын, өз ойы мен пікірін айта білетін мәдениетті жеке тұлға қалыптастырып, тәрбиелеу. Оқушының жеке тұлға болып дамуы мен алған білімін іске асыруда сөйлеу тілін, әрекетін, тіл мәдениетін, әдебін қалыптастыру педагогиканың қазірдегі өзекті мәселелерінің бірі болып табылады.
«Мәдениет» деген түсінікке тоқталатын болсақ, мәдениет — деген ұғымға беті-қолын жуғаннан бастап, адамзат ақыл-ойының қазіргі жеткен ең соңғы биігіне дейінгі барлық ұғым енеді, — деп М.И.Калинин атап көрсетеді.
«Мәдениет», оқу-ағарту, ғылым, өнер т.б. рухани өмір табыстарының жиынтығы, — дейді тілші-ғалым М.Балақаев өзінің «Қазақ тілінің мәдениеті» атты еңбегінде [1, 10 б.].
Мәдениет туралы түсінікке де әр ғалым әр түрлі анықтама береді. Қарап отырсақ, мәдениеттің өзі екіге бөлінеді екен. Материалдық және рухани мәдениет. Соның ішінде тіл мәдениеті рухани мәдениетке жатады. Ендігі жерде тіл мәдениеті сөз болмақ.
Тіл мәдениеті оқушылардың тілін ұстарту міндетін жүзеге асырудың амал-тәсілдерін көрсетеді. Тіл мәдениетіне тән нормалар оқушылардың таза, нақты, лайықты әдеби тілмен сөйлеуге, диалект сөздер мен дөрекі сөздерді қолданбауға, сөйлеген сөздері жатық, әсерлі, түсінікті болуын қадағалайды. Сонымен қатар, олардың мәнерлеп оқуын, сондай-ақ өз ойларын логикалық тұрғыдан байланыстыра, жүйелі жазу дағдыларын қалыптастыруға тиіс.
М.Балақаевтың жоғарыдағы мәдениет туралы айтқан анықтамасын ары қарай тіл мәдениетімен жалғастырсақ ол өз ойын былайша көрсетеді: «Тіл мәдениеті дегеніміз — тілдік тәсілдердің ширау, жетілу дәрежесі. Сонымен қатар, ол тіл жұмсаудағы ізеттілік, сауаттылық қана емес, тілдік тәсілдерді, фонетикалық, орфографиялық, орфоэпиялық, морфологиялық, синтаксистік, стильдік құбылыстарды ұқыпты, дұрыс қолдану дағдысы» [1, 17 б.].
Тіл мәдениетіне тәрбиеленудің жолға қойылуы — бүгінгі қоғамдық-әлеуметтік сұраным талабынан туындап отырған мәселе. Мемлекеттік мәртебеге ие болған казақ тілінің қолданыс өрісінің кеңеюі, біршама жылдар бойы өзге тілдің өктемдігінен табиғи арналарынан ажырап қалған ана тілімізді өрістетуге деген талаптың күшеюі республикамыздағы білім беру жүйесінің негізгі буыны болып саналатын жалпы білім беретін мектептерде қазақ тілі пәнінің рөлінің, маңызының арттырылуына қажетті алғы шарттарды қалыптастыруды керек етеді. Бұл орайдағы негізгі шарттар — қазақ тілі пәнінің білім мазмұнын жаңарта отырып, оқушыға терең білім беру, олардың коммуникативтік біліктілігін арттыру, ана тілін сөз мәдениеті талаптарына сай дұрыс қолдана білу іскерліктерін жетілдіру.
Қазақ тілінің мемлекеттік жалпыға міндетті білім стандартында белгіленген талаптарға: жаңартылған білім мазмұнына, оқушы мең-геруге тиіс міндетті білім деңгейлеріне табан тірей отырып, тіл мәдениетін оқытуға катысты міндеттер мен нәтиже межелері белгіленеді.
Қазіргі таңда тіл мәдениетін оқытуда оқушының өзіндік ізденістеріне негіздей отырып білім алуына және біліктерді меңгеруіне қажетті жағдайларға молырақ мүмкіндік беру мәселесі ескеріледі. Бұл орайда, оқушының өздік, шығармашылық жұмыстарды орындауына мән беріледі. Яғни білім мен білік оқушының өздігінен ізденуіне, түрлі тілдік жағдаяттарды тіл жұмсауға төселуіне және оның лингвистикалық дүниетанымының кеңеюіне жол ашатындай тілді әр қырынан өздік әрекеті арқылы тану жолымен меңгертіледі.
Тіл мәдениетіне тәрбиелеу сөз мәдениеті негіздері туралы және тіл туралы жан-жақты ұғым беруден басталады. Сөз әдебі, әдетте, ауызша сөйлеу тілі мәдениетімен тұтастықта танылатындықтан, адамның айналасындағылармен табыса білуінің құпиясы қарым-қатынастың әлеуметтік-тұрмыстық және іскерлік секілді түрлерімен сабақтастық сараланды. Осы қатынас түрлерінің мақсатына қарай тілдің қолданыс аясының өзіндік ерекшеліктеріне көңіл аударылды. Ал, жазба тіл мәдениеті аясында, негізінен, іс-қағаздары стилі мен оқушылардың шығармашылық бағыттағы жазба жұмыстарының үлгілері топтастырылды. Осы тақырыптар бойынша берілетін білім мен іскерлік-дағдылардың шығармашылық бағытта кең өрістеуіне шешендікке баулу арқылы мүмкіндік туғызылады. Одан кейінгі кезекте жұрт алдында сөйлеуге машықтану жолдары, нақты сөзге дайындықтың сатылары, сөз құрылымы (сөздің кіріспесі, негізгі бөлімі, қорытындысы), тыңдарманмен байланыс жасаудың шарттары туралы мағлұмат беріліп, практикалық тапсырмалар мен тақырыптар көрсетіледі, пікірталасының түрлері, олардың әрқайсысының ерекшеліктері, пікірсайысындағы өзін-өзі ұстау, сөйлеу мәдениеті туралы, оның талаптары мен шарттары ұлттық және мәдени дәстүрге негізделе отырып ұсынылады. Өз пікірін қорғаудың, қарсыласын мойындатудың түрлі тәсілдері оқушы ұғымына ыңғайластырылған. Сұрақ қою, сұраққа жауап берудің әдіс-амалдары нақтыланып беріледі. Айтысу шеберлігін жетілдірудің негізгі жолдары анықталып көрсетілген. Әдістемелік жағынан, осы тақырыптарға орай ұсынылатын жұмыстарда мазмұн бірлігін сақтай отырып, грамматикалық талдаулардың да жүйелі берілуіне баса назар аударылады. Практикалық жұмыстар оқушы өміріне, қазіргі заманға ыңғайландырылуы керек. Білім мазмұнын анықтауда, оқу материалдары жүйелілік, коммуникативтік, белсенділік, практикалық бағыттылық, тілдік қызметтің барлық түрін өзара байланыста оқыту, қоғамдық қажеттікті ескеру, интеграция т.б. ұстанымдар басшылыққа алынады.
Оқытудың, білім берудің тініне, өзегіне сөйлеу мәдениеті деңгейін көтере отырып, оқушының жеке тұлғалық мәдениетін қалыптастыру негіз етіп алынады. Тілді білген адамның рухы биік, дәстүрге, әдет-ғұрыпқа адал болатынын үйлестіре, баршаға талап қойып, сезіндіре білу керек. Сонда ғана өз ниетімен тілге қызмет етіп, азаматтық міндетін орындайды. Талап болғанда ғана жауапкершілік артып, іс арнасын тауып, жүйеге түсіп, жүзеге асады.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Балақаев М. Қазақ тілінің мәдениетінің мәселелері / М.Балақаев.-
Алматы:Қазақстан,1965.-186 б.
2. Абалкова Б., Игібаева А.К. Интерактивті әдіс арқылы тіл
мәдениетін дамыту / Б. Абалкова, А.К. Игібаева // С. Аманжолов атындағы ШҚМУ –дың жас ғалымдары конференциясының баяндамалары.-Өскемен: С. Аманжолов атындағы ШҚМУ баспасы,2004.-392 б.
3. Тілдерді қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы.
4. Уәлиев Н. Сөз мәдениеті / Н. Уәлиев.-Алматы,1984
5. Балақаев М., Серғалиев М. Қазақ тілінің мәдениеті: Оқулық
/ М.Балақаев, М. Серғалиев.-Алматы:Зият Пресс,2004.-140 б.
Г.Ш.Мизанбаева
Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды Мемлекеттік университеті