Оқушыларға эстетикалық тәрбие берудің керкем өнер білімдерін меңгертудің, білімді өмірмен байланыстыра жүргізудің жолдары мен әдістері жылдан жылға дами түсуде. Жалпы білім беретін мектептерде оқушыларды оқыту мен тәрбиелеуді онан әрі жетілдіру мектеп мұғалімдеріне жаңа талаптар қойып отыр. Мұны жүзеге асыруда бейнелеу өнері туралы сыныптан тыс әңгімелесу, өнер туралы кештер өткізу, өнер адамдарымен кездесу, оқушыларды сурет көрмесімен музейлерге апарып, орайы келгенде суретшілер шеберханасында болу аса маңызды.
Мұндай жұмыстарға оқушылар қызыға қатысады. Осы орайда Суретшілер одағының мүшесі, ою-өрнектер салудың шебері Ғани Иляевтің шеберханасында өткен кездесуді айтқан орынды. Кездесу барысында суретші өзінің өмірінен қызықты әңгімелер айтып, салған ою-өрнектерінің тарихына тоқталып, шығармашылығының қалыптасу кезеңдерін көрсетті. Халық қол өнерінің тұрмысымызда алатын орнын айтып түсіндірді. Халық шеберлері жайлы әңгімеледі.
— Мен жасымнан халық өнерін сүйіп өстім, анам кілем тоқитын, нағашым күміс белдік, білезік, тұмарша, сырға жасайтын айтулы шебер болатын. Кейін мен де қол өнер бұйымдарының, ою-өрнектерінің үлгілерін жинап, өз еңбегімнің алғашқы нұсқаларын жасай бастадым.Ойымды жеткізетін мазмұнды суреттер салумен шұғылданып, онда ескі мен жаңаның үндесуіне назар аудардым, — дейді Ғани Иляев. Айтса айтқандай. Суретші бейнелеген «Космонавт бейнесі», «Біржан мен Сараның айтысы», «Шопан», «Қысқы пейзаж» туындылары оқушыларға айтарлықтай әсер қалдырды. Бұл оқушылардың әсемдік сезімінің дамуына ықпал етті. Кездесуде оқушылар сәндік қолданбалы өнер туралы көптеген мағлұматтар алып, өнерпаздың архивінде бес мыңнан астам ою-өрнектердің үлгісі бар екендігін, еңбектері республикалық, одақтық, әлемдік көрмелерде жүлделі орын алғандарын білді.
Оқушыларды суретшілер шеберханасына экскурсияға апарудың тәрбиелік мәні зор екендігін ескерген мұғалім К. Мошкалов оқушыларын одақ көлеміне танымал мүсінші Рысбек Ахметовтың шеберханасына апарды. Мүсінші оқушыларды республикамыздың үкпір түкпіріне қойылған ескерткіштерінің эскизімен таныстырып, Ғани Мұратбаев пен Қарсыбай Сыпатаевтың ескерткіштерінің көркемдік ерекшеліктерін түсіндірді.
— Мен сурет салуды бала шағымнан ұнатамын, — деді ол. Саз балшықтан әр түрлі ойыншықтар жасап, малдардың, адамдардын бейнелерін жасауға талаптанатынмын. Мұнан соң мектептегі қабырға газеттеріне арнап сурет салдым. Менің өнер жолымның қалыптасуына өнер қайраткері Филипп Иванович Грищенко зор еңбек сіңірді.
Р. Ахметов Ташкенттегі көркемөнер институтының скульптура бөлімін 1968 жылы ойдағыдай бітірді. Мүсінші халық өнерін қадірлеп өсті. Өнер адамдары оның шығармашылығынан ерекше орын алады. Суреткердің бұл бет алысы институт бітірердегі дипломдық жұмысы – Құрманғазы бейнесін салудан басталды. Сонан бері салған жеке адамдардың мүсіндері идеялық мазмұнымен композициялық ерекшелігімен, шеберлігімен айрықшаланады.
Өмірдеті таныс көріністер өнерпаздың шеберханасында жаңа мазмұнға ие болуы оқушыларды қатты қызықтырды. Мүсінші оқушылардың сұрақтарына жауап беріп, өз ойын жүзеге асыруда техникалық құралдарды қалай пайдалануқажеттігін көрсетті. Рысбек өнерді сүйген, білімді еңбекқор жан. Қазір ол шығармашылық кемел шағында.
Оқушыларға патриоттық тәрбие беруде Рысбектің «Сүйінші» атты туындысын ерекше атауға болады. Ұлы Отан соғысында бүкіл кеңес халқымен қатар Қазақстан жауынгерлері де асқан ерлік көрсетті. Халықтың осындай табандылығы мен жанқиярлық тылдағы еңбегінің нәтижесінде соғыс жеңіспен аяқталды. Халық бұл күнді асыға күтті. Соғыс бітті деген хабар жетісімен жас бала сүйінші сұрап ауылға шауып келді де, ат тізгінін тартып жауымыздың жеңілгендігін хабарлады. Мен бұл еңбегімде қазақ жеріндегі жеңістің хабаршысын бейнелеуге талпындым, — деді.
Бұл ескерткіш фонына қос жарты шеңбер салынған. Оның біріндегі бейнелер жауынгерлердің майдандағы ерлігін көрсетсе, екіншісінде тылдағы халықтың еңбегін жыр етеді. Ал шеңбердің ішкі бетіне: Туған жерді азат еткен, Тыныштықты қорғап қалған. Ерлігімен маздап өткен, Елде бақыт орнатқандар. Біз сіздерді мәңгілік паш еттік! — деген сөздер жазылған. Шеңбердің ортасына мәңгілік от жанып радио торабынан Құрманғазы мен Дәулеткерейдің күйлері орындалып тұратын болады, — дейді мүсінші.
Әңгімесінің соңында одақтық және халықаралық көрмелерде көрсетілген «Ағайындылар», «Қонақжайлылық», «Ақсақалдар», «Дала бояулары», «Келіншектер» атты шығармаларының ерекшеліктеріне тоқталды. Мұнан соң оқушылар мүсіншіге алғыстарын айтты. Мектептегі бейнелеу өнері үйірмесінің жұмысын жетілдіру – жас өспірім талантын ашудың ұтымды жолдарының бірі. Сондықтан бейнелеу өнері туралы сыныптан тыс жұмыстарды дұрыс ұйымдастыру, оқушылар арасынан шығатын болашақ А. Қастеев, К. Телжанов, X. Науырызбаев, С. Мамбеев сияқты талантты суретшілерді тәрбиелеуге жол ашылды.
Суретшілер шығармаларымен оқушыларды жүйелі түрде таныстыру көркемдік тәрбие берудің ерекше мүмкіндіктерінің бірі болып табылады. Мұндай шығармалар оқушылардың өмірді түсінуіне, өмірдегі сұлулықты көре білуге үйретеді. Көркем шығармаларды қабылдау мен оларды бағалай білуі – оқушылардың мәдени рухани деңгейін көтереді. Жүйелі таныстыру негізінде картиналарды жәй қараудан бастап, оның мазмұны мен көркемдеу мүмкіндіктерін түсінуге дейін білім деңгейі мен дағдылары дами түседі.