Шығарма

Шығарма туралы қазақша реферат

Оқушылардың жазба жұмыстарына назар аударып, оны зерттеу, шәкірттерге шығарманы жаздырып үйретудің амал-тәсілдері орыс тілінде педагогикада ХҮІІІ ғасырдан басталған. Мектеп шығармасының, теориясы мен әдістемесінің ертеден келе жатқан тарихы бар.

Қазан төңкерісіне жақын жылдарда А.Д.Алферов оқушы шығармаларындағы шаблондық мазмұнды аңғара келіп, бұл үшін оқушыларды кінәлауға болмайтынын ескертіп, міндеттерді орындаудың мүмкін еместігі өзімен бірге немкеттілік пен формализмді алып жүретіндігін айтады және шәкірттерді шығарма жаздыруға төселдіре алмаған ұстаздар тәжірибесін сынайды.

Әдіскер В.П.Рыбаков мектепте шығарма жаздырту ісінің әдебиеті пән ретінде оқытудағы ең қиын міндеттің бірі екенін анықтай отырып, осы мәселеге қатысты біршама тың пікірлер білдіреді. Ғалым шығарма мазмұнының оның түріне сәйксс келу керектігін көздей отырып, шығарманы жазып-үйретуде оның мазмұны мен жолдарын көрсетуге тырысты (Обучение сочинениям в старших. классах. М., Учпедгиз, 1959).

Зерттеуші Н.М.Соколов өзінің «Оқушылардың жазбаша және ауызша сөзі» еңбегінде оқушылардың әдебиет теориясының элементтерін меңгере отырып, оны жазба жұмыстарында пайдаланудың қажеттілігін ұсынады. Сондай-ақ шығарма жазу барысында шәкірттердің көргендері мен бақылау нәтижелері бойынша ой түйіндеу мәселесіне ерекше көңіл бөледі (Устные и письменные слова учашихся. М., Л., 1927). Әдіскер Соколов жазба жұмысына жоспар құру керектігіне тоқталады. Автор жоспардың жазба жұмысына айтарлықтай рөл атқаратынына мән бере отырып, оқушының өз жоспарының қожайыны ретінде оны кез келген уақытта өзгерте алатындығы жөнінде ой қозғайды. Демек шығармаға жоспар құру мәселесі ертеден-ақ өзінше жолға қойылған.

Жоғарыда көрсетілген әдіскерлер пікірлері шығарма жаздыру мәселесінің маңызын айқындай отырып, келешекте бұл мәселені жан-жақты зерттеуге жол ашты. Әдіскер ғалым В.Б.Голубков ғылыми еңбектерінде сыныпта оқушыларды шығарма жазуға төселдірудің төмендегідей әдістерін ұсынады:

—         көркем шығарманың мазмұнын қысқа әңгімемен түсіндіріп, оның бас жағын сыныпта оқыту;

—         сұраққа жауап боларлық маңызы бар эпизодтарға көңіл бөлу;

—         туындының басты проблемаларын оқушыларға алдын ала таныту;

—         шығарма кейіпкерлерін топтау (О преподавание литературы в школе III ступени. «Вестник просвещение»,№ 7, 1925).

Орыс әдебиетін оқыту әдістемесінде шығарманың тәрбиелік жәнс білімдік мақсатына ден қойып, оның шығармашылық мақсатын түсінген, мектеп шығармасын жан-жақты зерттеген ғалым-әдіскер М.А.Рыбникова болды. Педагог-ғалым оқушыны шығарма жазуға төселдіру тәрбие мен білім берудегі ең белсенді, ең қуатты әдіс екенін жақсы түсінген. М.А.Рыбникова орыс әдебиеті әдістемесінде жазба жұмыстар әдістемесінің алғашқы әліппесін жасап, оны жүргізудің кейбір бағытын көрсетті. Ғалым сонымен бірге тақырып таңдай білу, көркем шығарманың мазмұндық ерекшеліктерін анықтаудың жолдарына назар аударды. Ғалым оқушыларды шығарма жазуға үйретудің өзіндік жүйесі ретінде шығарманың адамгершілік-эстетикалық тәрбие, тіл дамыту және адам сезімдерін қалыптастыру құралы екенін айта келіп, шәкірттерді шығарма жазуға төселдірудің әңгімелесу, сұраққа жауап, жоспар құру, конспектілеу тәсілдерін ұсынды. М.А.Рыбникова орыс әдебиетін оқыту әдістемесінде жазба жұмыстарын белгілі бір жүйеге салудың жолын көрсете келе шығарма жазу мен көркем туындыны меңгертудің тиімді сабақтастығын анықтап берді.

Шығарма жазудың жүйесі туралы ойын «Жүйені әрбір -жұмыс түрінің қажеттілігін түсінген, оларды белгілі бір қиыншылығына қарай тәртіпке келтіре білген мұғалім ғана құра алады. Әр шығарманың нақтылығы мен белгілі мақсатқа бағытталуы – уақыт жағынан ұту, бұл — оқушы күшін үнемдеу, бұл — жүйе» деп жалғастырады (Избранные труды. М., «Просвсщенис», 1958).

Шығарма жазуға дайындау жолдары мен әдістері:

Ең алдымен «Осы шығарма жазу неге керек?» «Қалайда жаздыру керек пе?» деген сұрауларға жауап іздейік.

1.   Шығармадан баланың тілдік мәдениеті, сөздік қоры, теориялық білімі, әдеби ұғым-түсінігі, жазуға икемі мен ойлау деңгейі байқалады.

2.                                                                                                                      Шығарма — оқушының жеке тұлға ретінде өзін көрсете
алуының белгісі, дағдылы жұмыстың көрінісі. Оқушының
ауызша сөз саптауын қалыптастыруды біз қиын дейміз, ал ойын жазбаша түсіруге қалыптастыру одан да қиын. Олай болса, бұл — жүйелі түрде жүріп отыратын ұзақ үдерістің түпкі нәтижесі.

Нәтиже қай жұмыста да нәтижелілігімен бағалы. Алдындағы оқушысы ақ қағазға өз ойын, көзқарасын, пікірталасында туған шешімін түсіріп, тіпті өзіндік стиль айшығын танытып жатса, мұғалім жұмысының шынымен нәтижесі болғаны ғой.

Енді осы жұмысқа баланы қалай дайындап әкелу керек?  Алдымен, оқушы

сабаққа қызығу керек. Әсіресе, қазақ тілі мен әдебиет сабағының кіріспе және қорытынды кезінде оқушы белсенділігі басымырақ болатын жұмыстар ұйымдастырған жөн. Жұмбақ шешуге үйрету керек, оның да өзіндік құпия кілті бар жұмыс. Бір дыбыстан басталатын сөздерден тұратын
сөйлемдер жарысын беруге болады. Шағын әңгімеден мазмұнды, идеяны, тақырыпты таптыру, ойланту. Кейіпкер туралы ой қозғату, өзіндік пікірін қалыптастыру, өз көзқарасын айқындауға, қорғай білуге үйрету арқылы жазу жұмысына төселдіруге болады.

Шығармашылық жазба жұмыстардың мақсаты — логикалық ойлауды дамыту, шығармашылык, қиялды, нақты нәрсені еркін, қызықты түрде беруге ұластыру, әдебиетті іштей түсіне отырып, оның мәні мен құдіретті орнын өз дүниесінде көркемдеп бере алу.

Шығарманы жаздырудың бірінші міндеті — тақырыпты түсіну. Бұл үшін әуелі жоспар құрып, шығарманың негізгі ойын ұғыну керек. Оқушымен жұмыс белгілі тақырыптың негізгі ойын анықтаудан басталуы керек. Тақырып сұрақ бойынша шығарма идеясын қалыптастыруды үйрете отырып меңгертіледі.

Шығарма жазудың өзіндік біліктері: шығарманың негізгі ойын тану мен тақырыбын түсіну; шығарма жазу үшін материал жинау; жиналған материалды жүйелеу; әр жанрда шығарма жазу, шығарманың жоспарын құру, әдеби-сыни материалмен жұмыс; тілдік категориялар ережесін білу (сауаттылық); шығармада өзіндік көзқарас, ұстаным көрінуі.

Егер ұстаздар осы біліктерді оқушыларға меңгерте алса, шығармашылық жазба жұмыстардың сапасы жоғары деңгейге көтерілер еді.

Шығармашылық жұмыс табиғаттың төл перзенті адамның көңіл-күй, ой-толғам, болмысына, сыртқы дүниені танып білу, ұмтылу мүмкіндігіне де байланысты. Осыған орай кейде ойтолғау түрінде оқушыларға «Мен кіммін?», «Робот пен нағыз адамның айырмашылығы» деген тақырыптарды жазуға тапсырма беру қажет. Бұл арадағы ұстаздық міндет — жұмбақ дүние сырын меңгеру барысында әрдайым дамып-жетіле беретін жекелік қасиеттерді шәкірт бойына дарыту, дара тұлғаның пікірі арқылы адам психологиясы мен қоғам өмірін жақындастыру, баланың өз шығармасы арқылы өмірмен байланыстыру.

Жоғарыдағы тақырыпқа жазылған жазба жұмыстары бір-біріне ұқсамайтын ерекшелігімен, шындығымен, өзіндік пікірімен көңілге қонып еді. Кейде еркін тақырыпта жазылған шығарма, ойтолғауларда демократияның лебі әбден сезіліп тұрады, сондықтан бала шығармашылығын дамытқысы келген ұстаз әуелі шәкірттерді еркін тақырыпта шығарма жазуға бейімдеп алып, бірте-бірте көркем туындыға шығаруы керек деп ойлаймыз.

Көркем әдебиеттің мақсаты — қоғам мен адам, халық пен жеке адам арасындағы жанды әлеуметтік, психологиялық байланыстарды табиғи суреттеу, ал шәкірт шығармадағы кейіпкердің жан дүниесін түсінбесе, олар туралы жақсы сипаттама, шығарма, ойтолғау олардан шықпас еді. Сондықтан тәжірибелі ұстаз туынды кейіпкерінің ішкі әлемін сипаттайтын мәтінге, штрих, детальға терең назар аударуды оқушыға міндеттейді. Осы арада Жүсіпбек Аймаутовтың «Ақбілегіндегі» Ақбілек монологі, Бейімбет Майлиннің «Айранбайындағы» Көкек әнін салуы, «Шұғаның белгісіндегі» «Ой, өзі де Шұға десе, Шұға еді-ау» деген бір ғана сөйлем, «Абай жолындағы» Құнанбай портреті шығарма тақырыбы мен идеясын терең түсінуге бағыттайтын, кейіпкердің ішкі әлемін ұғуға жетелейтін жанды детальдар.

Ұстаздар оқушысына жүрек сырын шерте білетін шығарма жаздырғысы келсе, үлкен туындыдағы негізгі нәрсені — көп ойдың кішкене түйінін аңғартатын осындай портреттік сипаттаманы, монолог-диалог, деталь, штрихтарды-психологиялық жәйттерді көріп білуге, одан ой түйінін жасатуға, үйретуге жол салмақ. Осы арада Л.Толстойдың » Көркем шығармадағы басты нәрсе — автордың жан дүниесі» деген сөзі де еске түседі.

Оқушыларға бойында қарама-қайшылығы мол, ішкі сезімін терең көрсететін кейіпкерлер көбірек ұнайтын сияқты, себебі олар өз ойтолғауларында көп жағдайда сондай кейіпкерлер туралы жазғанды ұнатады. Әр ақын-жазушының шығармашылығы бойынша өзіне ұнаған кейіпкерлерге ойтолғау жаздырту қажет. Шәкірттер ақын-жазушы шығармашылығын ерекше ықыласпен, айрықша толғаныс-сезімдермен жазып шығады себебі әркім өзінің жанына жақын кейіпкерлермен сырласады, оны өзгелерге танытуға тырысады, сол жолда барын салады.

Оқушыларды жазба жұмысына бейімдеудің бір тәсілі ретінде ойдан сюжет құрау әдісін жатқызуға болады. Кейде қазақ тілі мен әдебиет сабағын сырласу кезеңіне айналдыруға болады. Бұл жердегі мақсат: шәкірт іштегі ойын сыртқа шығарса, сезімін, ой-қиялын ұстазбен бөліссе, өзіндік жақсы пікірлер қалыптасар еді. Ойтолғау тақырыптары «Хат жаздым қалам алып», «Оңаша сыр айтамын өзіңізге», «Тек сізге арналады», т.б. деген мазмұнда болып келеді.

Шығармашылық жұмыс адам жанының психологиялық әрекеттеріне байланысты. Кездейсоқ тақырыптың өзі шәкірттің өзіне беймәлім болған сырларын да ашып береді. Қиялы ұшқыр, сезімтал ұстаз кез келген нәрседен жағдай туғызып, бала сезіміне нәр береді.

Дегенмен мынаны да ескерген дұрыс. Әуелі баланы мазмұндама жазуға үйрету керек.

Кей бала тыңдаған мазмұнын сол күйінде қағазға түсіре алады.

Кей бала мазмұнды тұтас бере алмайды, жекелеген бөлімдерін нақты, әдемі береді, ал кейбір жерлерін аттата, шалағайлау жазуы мүмкін.

Кей бала тілі мазмұнды есіне сақтай алмайды, не жүйелі жеткізе алмайды, не сөйлем құрай алмайды.

Кейбір бала мазмұндаманың өзін түрлендіре, әсерлендіре, тіпті кейде өз ойын, пікірін қосып та жазуы мүмкін. Міне, бұл – шығарма жаза аларлық қабілетін танытқан бала.

Енді сіздің жұмысыңыз екі түрлі бағыт алады:

1) жаза алмайтын баланы жаза білуге жеткізу;

2) жақсы жазатын баланы әңгімелеуге, шағын мәтін құрастыруға, шығармаға пікір жазуға баулу.

Сол сияқты жоспар құрғызу барысында да 2 түрлі нұсқа жасап, күрделі жоспарды кімге беру керектігін шешіңіз.

Мысалы, 5-сыныпқа «Түлкінің айласы» деген мәтінді

мазмұндамаға беріңіз.

Жай жоспар                      Күрделі жоспар

1) Күннің райы                 1) Аңшылық

2) Аңшының көңіл күйі    2) Орман ішінде

3) Орман іші                     3) Түлкінің қулығы.

4) Байқалған құлақ

5) Атып алынған түлкі

6) Аулауға әкелінген түлкі

7) Зейнұрдың әрекеті

8) Түлкінің әрекеті.

 

Нені байқау керек?

1)  Алдымен күрделі жоспарды ғана ұсынып көріңіз. Айтуға
қол көтерген бала саны аз болады. Дегенмен айтылады.

2) Содан соң жай жоспарды көрсетіңіз.

3) Әдейі бір қатардың бір жағында отырғандар жақсы
оқитындар болғандықтан, оларға осы күрделі нұсқаны
ұсыныңыз. Қалғаны жай жоспарды алсын. Тақтаны сүртіп
тастаңыз.

4) Егер жай жоспарды ғана ұсынсаңыз, сынып түгел жақсы
жазып шыға алады екен. Ауызша айтқанда аттап кеткен
тұстарын толықтырып жазып шығады. Мынадай сөйлемдермен
қорытындыланған жұмыстар болады: «Түлкі деген сондай қу
аң ғой. Соны аңшы неғып ескермеді екен?» «Әй, Зейнұр-ай,
түлкінің үстіне әуелі қап не киім жауып қалмадың ба?»
«Түлкінің айласы көп қой, соның біреуін ол, міне, осылай
көрсетті». «Түлкінің аяғынан тағы ату керек еді». Ал осы
аталған жұмыстар әлгі күрделі жоспар алған топтан шықты.
Сонда мынадай ой туады: «Мазмұндаманың аясын
кеңейте берсе шағын шығармаға ұласады екен».

Ал енді әңгімені талдау барысында өзіміз практикалық жұмыс жасап көрейік. Мен сіздерге «Пістенің кесірі» деген қысқа әңгімені оқиын (өзімнің туындым).

1)  Мазмұнын: біліп алдыңыз.

2)  Енді осыдан қаңнай ой түйіндеуге болады, еркін жазып
шығыңыз. 2-3 сөйлем жазыңыз.

3)  Дәл осы сәтте баланың бойындағы қай қасиетті сіз
анық байқадыңыз?

4)  Шынында кінәлі кім? Тек кінәлі бейнені ғана іздесітріп
көріңіз.

5) Енді осыдан қандай шағын шығармалардың
тақырыптарын тудыруға болады? Сізше ше? Әуелі жобаңызды
айтыңыз.

6) Ал енді мен ұсынатын тақырыптарға назар аударыңыз. Ішінен қалағаныңызды жазып алыңыз. Міне, бұл — үйге тапсырма болады.

А) Көше тазалығы — сауаттылық кепілі.

Ә) Оқушы тәртібі — өзекеті мәселе.

Б) Жәндіктерге де қамқорлық керек.

В) Егер торғайларға жем табылмаса….

Г) Аяушылықтың негізі адамшылықта.

Байқайсыз ба, айтылған тақырыптар — мәтіннен шыққан қорытындылар. Сонымен жоғарыда айтылған ойларымызды қорытындыласақ, біз мынадай тұжырымға келеміз.

Мазмұннан идея туды, идеядан тақырып туды.

Ойға алған жұмысты атқару үшін мүғалімнен демеушілік, кеңес беру және ойтүрткі жасау ғана байқалды. Ал негізгі жұмысты оқушы атқарды.

Егер де сіздің алдыңызда күрделі тақырыптың соңын
қорытындылау тұрды делік. Көркем шығарманың не
кейіпкеріне, не тіліне, не автордың шығармашылығына талдау
жасалу керек. Одан соңғы сабақ — екі сағаттық шығарма.
Осының алдында қандай дайындық жүру керек?!

1) Мазмұн түгел түсінікті болуы керек.

2) Сол көркем шығарманың идеясы мен тақырыбын бала
біле алуы керек.

3) Талдау барысында қорытыңды түйін жасалынуы керек.

4) Сондағы басты бейне — қаһарман тұлғасы ашылуы керек
несімен қызықтырды; өнегелі қандай қасиеттерімен ерекше.

5) Осы шығармадағы өздеріне ұнаған сөздер мен
сөйлемдерді тырнақшаға алып, жазып алу керек.

6) Жоспар құруға лайықты тірек сөздер табуы керек, болса
сол кітаптың өз сөздерінен алуы керек.

7) Ең бастысы оқушы ойын қозғайтындай нақты тақырып
беру керек, бір сөзбен жауап беретін сұраулы сөйлемнің қажеті
жоқ.

8) Бір шығармадан (романнан, поэмадан) бірнеше тақырып таңдатып үйрету керек.

Сіз осы жерде бір жазушының бір романы туралы жазылатын әлденеше сынды, пікірді, монографиялық еңбекті, диссертациялық қорғауды еске алыңыз.

Олай болса, шығармаға дайындау деген — баланы зерттеуге жетелеу деген сөз. Алатын нәрсесін, жазатын тақырыбын ойша елестетіп, жазып, түзеп, өңдеу арқылы күрделі жұмыс орындалады.

Міне, бұл үдерісте мұғалім мынадай екі жақты жұмысты басты нысана етеді, етуі керек.

Шыгармаға дайыңдау   1) Сөз уйрету

Сөздің мағынасын білдіру

Сөздерді таңдай білу

2)Ой тастау

Сөзден идея тудыру

Әр шығарманың әр бөліміне лайықты сөз(дер) қолданысын  меңгеру.

Шығармаға қойылар талап әр түрлі, тіпті көп болуы мүмкін, бірақ мақсат — біреу: негізгі тақырып не, соны басты бағдар ету керек. Жоспарлау соның айналасында ғана болуы керек. Мысалы, «Даланың дана ұстазы» (Ыбырай Алтынсаринның ағартушылығы туралы). Кіріспе ұстаздық, даналық, Ыбырай туралы жазу керек. Негізгі бөлімде Ыбырайдың ағартушылығы туралы мақсатын, соған ұмтылысы мен табысын, кедергілер мен әр түрлі көзқарастарды жеңе білгенін, еңбегі мен жемісін, сол кезде алған бағасын, ізі мен өнегесін жазу керек.

Қорытындыда Ыбырай ағартушылығы туралы бүгінгі, сол кездегі кереғар пікірлерді қорытып, өз ойын жазу керек.