Шәкәрім Құдайбердіұлы тарих шындығы мен махаббат шындығын еркін меңгеріп жырлаған ақын халқына «Қалқаман – Мамыр» атты поэмасын ұсынды.
“Қалқаман-Мамыр” – өте күрделі шығарма. Күрделі болатыны, ең алдымен туынды арқауы аңызға айналып кеткен, ХVІІІ ғасырда қазақ жерінде өткен нақты оқиғаға құрылған. Олай болса, нақты оқиғаның ізінен ауытқы май, халқымыздың салт-дәстүрінің өзіндік бояу-нақышын сақтай отырып, Қалқаман мен Мамыр сынды қос ғашықтың тағдырын бү гін гі күн көрермендерінің көңіліне қонақтата білу үлкен шеберлікті талап ететіні айтпаса да белгілі. Расында да, бір жағынан қазақ ара сындағы сол кездегі түсінік-танымға да баттас ты рып қара бояуды жаға салуға болмайды. Өйт кені, жеті атаға дейін қыз алыспау дәстүрі қазақ үшін халықтық генофондты таза сақтаудың сенім ді жолы еді. Екінші жағынан, еш бұйрыққа көнбейтін махаббат құдіретіне бас имеу тағы да мүмкін емес. Міне, осындай қиюы қиын тұстан Балнұр қиыстырып жол тауып өткен. Содан да ғой, дала заңынан да аса алмай, көзінің ағы мен қарасындай жалғыз қызы Мамырды (Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Жаннат Бақ тай) жамандыққа қия алмай, екі оттың орта сын да қалған Көкенайды (Ескендір Әбжа нов) сіз жек көре алмайсыз. Қайта жа ныңыз езіліп, онымен бірге қайғы рып, бірге от болып жанасыз. Өсек-аяң желдей есіп, басы әңкі-тәңкі болған Көкенайдың ашу үстінде жалғызы Мамырды атып қалғаны, одан кейін қайғыдан белі бүгіліп, қызының жан сыз денесін құшақтай құлағаны ақтауға келмейтін іс болса да көңіліңізде аяныш сезімін тудырады. Тіпті, сол спектакль дің бар шешуі Көкенайдың қолында тұр ғанын іштей сезіне отырып, оның бұ дан кейінгі қимыл-әрекетін қалт еткіз бей қадағалауға көшесіз. Үн ырғағын да әлдеқандай үреймен көңілге тоқисыз.
Сахнаға шыққан кейіпкерлер арасында Әнет баба да (Өміржан Қадыров) ерекше есте қалатын бейненің бірі. Ел арасының ынтымағы да, қос ғашықтың тағдыры да оны қыспаққа алып тұр. Қазақша айтқанда, былай тартсаң – арба сынады, былай тартсаң — өгіз өледі. Ал Көкенай болса жалғыз қызының өліміне тек Қалқаманды кінәлі деп таниды. Кек алмаққа, оны өлтірмекке бекінген. Міне, осы тұстан жол тауып шығу Әнет бабаға да оңай емес. Дала заңынан да аттау қиын, жазықсыз қан төгу де обал. Олай болса, көкжиектің ар жағында не барын көңіл көзімен көре білген абыз қарияның, елді аузына қаратқан бидің екі жасқа ара түсіп, айып төлеу арқылы сауға сұрауы өте орынды әрі табылған шешім екенін айтуға тиіспіз. Алайда Әнет баба кеш қалады. Мамыр әке қолынан қаза тапқаннан кейін, ол енді Қалқаманды ажал тырнағынан арашалап қалуды ойлайды. Сөйтіп, Олжай жаушы (Берік Халелов) арқылы басқа амалы қалмаған ол өз кесімін айта ды. Амалсыз Қалқаманды оққа байлайды. Әйтсе де, қайтсем ер жігітті тірі алып қалам де ген үміт дүниесімен ол Көкенайға шарт қоя ды. Оның шарты бойынша жүйрік атпен Қал қаман шауып өтуге тиіс. Сол кезде Көкенай мергеннің оғы Қалқаманға тисе, кегі нің қайтқаны. Ал тигізе алмаса… Әрине, бұл ой спектакльде айтылмайды. Оны ішің сезеді.
Әнет баба амалсыздан барып отырған осынау шешімін Қалқаманға да айтады. Сол кезде өз үкімінің қаусап тұрған қарияны да бой-бой етіп сөгіп өткені оның дауыс ырғағынан айқын байқалады. Ал Қалқаман (Қияқбай Асанбаев) болса, сардардан кезекті тапсырма алып, соны орындауға асыққан сарбаздай үн-түнсіз бұрылып кете барады. Осы бір тұсты бүге-шігесіне дейін айтып отырғанымыз, тап осы сәтте жұрт Қалқаман нан “Амал қанша, ел бірлігі бұзылмас үшін айтқаныңызға көнбеске шара жоқ” деген тәріздес бір лебізді күткен-ақ еді. Тіпті осы тұс Қалқаман сынды қайратты жігіттің қабырғасы сөгілсе де сынбай, ерік-жігерін бойына жиып алатын тұсы десек, оның жан әлемі дәл осы сәтте ән болып төгілуге сұранып-ақ тұрғаны анық. Олай болса, композитор алдағы уақытта дәл осы тұста Қалқаман айтар арияны ойластырса, бәлкім, артық болмас та… Опера либреттосына арқау етіп алынған Шәкәрімнің осы аттас дастанының өзінде де Қалқаманның: “Ей, жұртым мен өлемін, сендер қалдың…” деп бастап, “Мамырдан қалған жанның керегі не, ісім ақ, қосылармын, еш нәрсе етпес”, деп аяқталатын монологы тұрған жоқ па?
Бұл туындыда опера мен балет жанры бір-бірімен астасып, бірін-бірі толықтырып жатқаны, яғни сахнаға синкретті өнердің келгені, мұның өзі оқиға барысын барынша жарқыратып ашуға оң ықпал еткені анық. Әрине, бұл әлем сахналарында бұрыннан бар үрдіс. Ал қазақ сахнасында мұндай тәсілмен дүниеге келген шығарма тұңғыш рет қойылып отыр. Және ол өзін-өзі ақтаған да. Сөз жетпейтін тұсты қимылмен бейнелеу арқылы спектакль көріністері мейлінше байытылған. Балеттік көріністерде сәмбі талдай сұлу жас тардың теңіздей толқып билеуі, қос ғашық Қалқаман (Жандос Әубәкіров) мен Мамыр (Гүлфайрус Құрманқожаева) бейнесі қиялыңды шарықтатып, өзіңді сонау бір жастық шақ атты ғажайып әлемге жетелей жөнелгенін аңғармай да қаласың.
Қазақта “Бесіктегі баланың бек боларын кім білген, қарындағы баланың хан боларын кім білген” деген қанатты сөз бар. Егер осы сөзді сәл бұрыңқырап айтсақ, бұл спектакльде екінші пландағы кейіпкерлер алға шығып, ал негізгі партиялар соның тасасында қалғандай әсер аласың. Бұл арада Мамыр бейнесін сахнаға шығарған Жаннат Бақтайдың кәсіби шеберлігіне де, үлбіреген сырт бейнесіне де көзің де, көңілің де тояды. Ендеше, мәселенің бір тіні – Қалқаманда жатқан сияқты. Себебі, театрға келген адам әртістің тек дауысын тыңдап, оның кәсіби шеберлігіне ғана тәнті болмайды. Сондай-ақ ол бейнелеген кейіпкердің сырт сымбатын да көңіл таразысына салып отыратыны даусыз…
Бұл – өнерге деген көзқарастың оңалып келе жатқанының бір көрінісі. Президенттің тапсырмасы бойынша Мәдениет және ақпарат министрлігі бұрынғы репертуарлық кеңесті қайта қалпына келтіріп отыр. Со нау кезеңде бірқатар талант ты жастардың шет жұртқа кетіп қалғаны да рас. Бір ғана Канаданың өзінде төрт-бес қазақстандық жас компо зитор жүрген көрінеді. Олардың өз еліміздің игілігіне қызмет ететін кезі ғой, қабылдауында болғанымда Президентке осы талантты жастарды елге қайтару жайын айтқан едім. Президент өткенде сол жастардың бірқатарын елге шақырып, оларға Астанадан пәтер берді. Сол жағалауда опера театры салынып жатыр. Демек, алдағы уақытта талай-талай жақсы дүниелер өмірге келер деген үміттемін.
Есмұқан Обаев, Қазақстанның халық әртісі, профессор: “Қалқаман-Мамыр” – Балнұрдың опера өнеріндегі тырнақалды туындысы. 2005 жылы опералық шығарма жазатын композиторлар конкурсы өткен болатын. Сол байқауда осы шығарма жүлделі орын алғаны есте. Енді, міне, сахнаға да шығып отыр. Ең алдымен бұл туынды осы театрда қойылған тұңғыш төл туындымыз. Оның үстіне опера мен балет өнерінің синтезі. Соған орай, бұл еңбектің сахнаға шығуынан театр ұжымында ешкім сырт қалған жоқ. Әрі жастардың өз қарымын танытуына да мүмкіндік ашылып, Ескендір Әбжанов, Қияқбай Асанбаев, Байғали Момбеков және т.б. қыз-жігіттерге кең тыныс сыйлады. Өзіңіз көрдіңіз, Мамырдың бейнесін бұл жолы Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Жаннат Бақтай сомдаса, келесі жолы жас дарын, студент Айзада Қапонова ойнайды. Мамыр партиясы оның да тырнақалды табысы. Бұл еңбек дирижер Әлихан Ыдырысовтың да дебюті.
Риза болғаным, ешкім аянып қалған жоқ. Балетмейстер Тұрсынбек Нұрқалиев те, хормейстер Ержан Дәуітов те талантты адамдар, осы азаматтармен бірігіп, жастармен жұмыс істей жүріп бір байқағаным, олардың өнерге деген құлшыныстары ерекше екен. Көбінің үйі-күйі жоқ. Сол жастарға сүйеу болып жүрген өнерге деген махаббат қана. Елордадағы театрдың жүдеу күй кешуі сүйекке таңба емес пе. Жүдеп барады дегенім сол, мұнда бүгінде бар болғаны 17 солист бар. Ал олардың саны кемінде 60-тан кем болмауы керек.
Тұрсынбек Нұрқалиев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, балетмейстер: Елорда театры өз сахнасына ұлттық туындыны шығаруы бәріміз үшін мереке. Оның үстіне бұл синтездік өнер болғандықтан, бәріміз де қойылымға атсалыстық. Әрине, театрда талантты бишілер аз емес. Әйтсе де, олардың барлығы дерлік әлемдік көрерменге таныс классикалық туындыларда ойнап жүрген жастар ғой. Міне, осы жастардың ұлттық танымды, ұлттық музыканы түсініп, оны өз өнерлеріне арқау етуіне күш салдық. Жастар да аянып қалған жоқ. Өздеріңіз білесіздер, балет өнерінде қи мыл-қозғалыстың бәрі еуропалық көзқарастан туындап жатады. Соны, яғни қимыл-қозғалысты қазақ биінің элементтерімен байытуға тура келді. Балеттік көріністерде Мамырды сахнаға әкелген Гүлфайрус пен Қалқаман болып ойнаған Жандос өнерін жұртшылықтың жақсы қабылдауы да осындай еңбектің нәтижесі.
Сонымен, ұлттық сахна өнеріміз тағы бір туындымен толықты. Толғағы қиын, толғауы терең жанр – операда әр жаңа қойылым қай елдің мәдениеті үшін де елеулі оқиға саналады. Соңғы ширек ғасырда бізде екі-ақ жаңа опера жазылғанын ескерсек, бұл спектакльдің музыкалық мәдениетімізде алар орны өзінен өзі жоталанып көрінеді. Ал оның кемеліне келген шеберлікпен жазылғаны, сәтті қойылғаны жаныңды жарық нұрға бөлейтін, қандай қиын кезеңдерде де талант қуаты сарқылмайтын елің үшін мерейлендіретін жай.
“Қалқаман-Мамыр” — ел бірлігі, ұлт тұтастығы, ағайын арасының амандығы үшін, киелі салтымызды, қазақы қалпымызды сақтау үшін қандай құрбандыққа да бара алатын халықтық қасиетімізді асқақтата айтатын ардақты туынды.