Реалия сөздер мәдени белгілер ретінде және оларды аудару мәселелері

Реалия сөздер мәдени белгілер ретінде және оларды аудару мәселелері туралы қазақша реферат

Аударма  теориясы  және  практикасы  саласында жұмыс істеген С. И. Влахов және С. П. Флориндердің пікірінше, реалия сөздердің аудармасы екі рет шартты: қағида бойынша реалия сөздер аударылмайды (сөздік тәртіп бойынша) және қағида бойынша ол аудару тәсілімен(контекстте) жеткізіледі [28, б. 26].

И. Левый реалия сөздерді «аудармашының азабы» деп атаған. Осыған қарамастан А. В. Федоров «басқа тілге аударылмайтын сөз жоқ, яғни, берілген тілдің көп таралған сөз тіркестерімен сипатталмайтыны жоқ» деген пікір айтады [19, б. 198].

Аудару кезінде реалия сөздерді жеткізуде негізгі екі қиыншылық кездесетіні туралы айта кету қажет: аудару тілінде сәйкес сөздің (эквиваленттің) болмауы, бұл осы тілде сөйлейтін адамдарда осы реалиямен белгіленген объектінің болмауына байланысты; реалияның заттық мағынасын (семантикасын) жеткізгенде оның нақышын (коннотациясын), ұлттық-тарихи ерекшелігін де жеткізу қажет [19, б. 87].

Көп уақыт бойы реалия сөздерді аудару кезінде ұлттық және тарихи өзгешелігін жеткізу маңызды мәселелердің бірі болып келді.

Кейбір лингвист ғалымдар өз ғылыми зерттеулерінде «реалия» терминін емес, «эквивалентсіз лексика» терминін қолдайды. Алайда «реалия» ұғымын «термин» ұғымынан бөліп қарастыру керек. Реалия сөздер көркем әдебиетте өте жиі кездеседі. Олар белгілі бір халықтың мәдениетімен байланысты. Осы халықтың тілі үшін жалпы қолданбалы, ал басқа тілдер үшін жат. Қандай да болса ұлттық бояусыз, ғылым саласына жататын терминдер жасанды түрде пайда болады. Олар тек қана затты не құбылысты атау үшін қолданылады. Енді «реалия» терминінің әр алуан анықтамаларын қарастырайық:

1) реалия – бұл ұғым, практикалық түрде басқа тілде сөйлейтін адамдардың өмірінде болмайтын    ұғым;

2) сыртқы лингвистикамен және аударматанумен зерттелінетін әр түрлі факторлар және олардың тілде бейнеленуі, сондай-ақ берілген елдің мемлекеттік құрылымы, халықтың тарихы, мәдениеті, тілі, берілген тіл меңгерушілерінің байланыстары және т.б.;

3) сөздің номинативті мәні үшін негіз болып табылатын материалдық мәдениеттің заттары;

4) өмірдің және тұрмыстың ұлттық ерекшеліктерін белгілейтін сөздер [29, б. 2].

Аудармашылармен, аударма теоретиктерімен және лингвисттермен қолданылып жатқан терминологияда айқындық болмағандықтан, аударматанудағы реалия және әдебиет тану ғылымындағы, лингвистикадағы реалия арасындағы шекаралар өте тұрақсыз.

«Реалия» сөзі – латын (realis, -e, көпше түрі realia- «зат, нәрсе») сын есімінің көпше түрінен шыққан. Сәйкес лексикалық категориялар ықпалының әсерінен (орыс және болгар тілдерінде) зат есімге айналды. Онымен (негізінен филология мәтіндерінде) материалды түрде болып тұрған немесе болған, көптеген жағдайларда мағынасы жағынан «өмір» ұғымымен затты, нәрсені байланыстырады; мысалы, «европалық (қоғамдық) өмірдің реалиялары». Сөздік анықтамаларына сәйкес – бұл «материалдық мәдениеттің кез келген заты», «классикалық грамматикада бұл осы тілде бейнелеу көзқарас тарапынан осы елдегі мемлекеттік құрылым, осы халықтың тарихы, мәдениеті, осы ана тілін білетін адамдардың қатынастары және т.б. әр түрлі факторлар», «сөздің атаулы мағынасы үшін негіз болған материалды мәдениеттің заттары» [28, б. 283].

А. В. Федоров реалияны түпнұсқаның сөзі ретінде анықтайды. «Ол тек қана аймақтық құбылысты білдіретін, басқа халықтың тұрмысында және түсінігінде болмайтын нәрсе» [19, б. 283].

Реалия – зат, елтану ғылымының  шекараларында да кең мағынаны білдіреді. Кейбір кездерде ол тілдік емес ақиқаттылықтың ралия-сөз шекараларына сыймайды; реалия – берілген тілдің лексикасының элементі ретінде бір белгіні білдіреді. Осы мәселені нақтылау үшін В. Д. Андреев, В. Г. Гак, Б. И. Репин осы ұғымды дәлдеуге тырысады. Сонда «реалия» терминімен бірге «реалия-сөз» терминін қолданады.

Реалия сөздерге эквивалентсіз лексиканы да жатқызуға болады. Эквивалентсіз лексика:

1) Басқа тілдің лексикалық бірліктері арасында толық немесе жартылай эквиваленттері жоқ лексикалық бірліктер (сөздер және тұрақты тіркестер). Өте жиі эквивалентсіз лексикаға: реалия сөздер, уақытша эквиваленті жоқ терминдер, кездейсоқ эквивалентсіз сөздер жатқызылады.

2) Аймақтық құбылыстарды және ұғымдарды білдіретін берілген мәтіннің реалия сөздері, аударма тілінде сәйкестілігі жоқ сөздер.

«Реалия» ретінде, қателікпен қолданылатын тағы бір ұғым — «лакуна». Номинативті бірліктердің номинативті-мәдени ерекшелігі тек қана эквивалентсіз лексика ретінде байқалмайды. Сонымен қатар, осы тілде басқа тілдегі сөздердің, ұғымдардың болмауы. Яғни, лакуналар – тілдің семантикалық картасындағы ақ дақтар [30, б. 283; 31].

Жоғарыда айтылған барлық анықтамалар аудару практикасына жатады да, аударма тілінде басқа тілде реалия болатын сөздерге тұрақты элементтердің болмау фактісін белгілейді. Алайда, мәдени, ғылыми-техникалық, саяси дамудың қарқынына байланысты белгілі бір кезеңде осы реалия сөздер және оларды белгілейтін сөздер аударма тілінде болмауы мүмкін.

Ал басқа жағынан, реалия белгілі бір тарихи кезеңмен шектеулі болуы мүмкін. Сонда, реалия сөздер  тілде толықтауыш қызметін атқарады. Олар тек қана ерекше заттарды, құбылыстарды білдірмей, сонымен қатар олар белгілі бір тарихи кезеңімен ара қатынасын белгілейді. Мысалы: das Femegericht (жасырынды соттау XIV – XV ғасырлар).

Ал тілдік формасы жағынан, негізінен, реалия сөздер  зат есімдер (неміс тілінде өте жиі құрмалас зат есімдер), кейбір кездерде сөз тіркестері, аббревиатуралар, сын есімдер, етістіктер және зат есімдердің — реалия сөздердің  туындылары.

Реалия сөздер сипаттайтын факторларына сәйкес келесі топтарға бөлінеді:

1) заттық (географиялық, тұрмыс, киім, ақша, өлшеу бірлігі, сәулеттік, атақ және лауазым, партиялар, саяси-әлеуметтік қозғалыстар, әскери, әкімшілік-территориялық бірліктер, фольклор, ойыншықтар, ойындар, билер, жанрлар, мәдени реалия сөздер);

2) жергілікті (ұлтқа және тілге байланысты);

3) уақыттық (осы заманғы және көне реалия сөздер);

4) аудармашылық.

Енді әрбір топқа жеке-жеке тоқталайық:

 

Заттық топтау

Бұл топқа белгілі бір халықтың өмірінің тұрмыстық жақтары кіреді. Бұл топқа келесі реалия сөздер жатады:

а) географиялық реалия сөздер (топонимдер): дала, тундра, каньон, фиорд; die Hallig pl., Halligen – Солтүстік теңізіндегі тіршілік етілетін аралдардың тобы; das Watt – мұхиттан келетін тасуымен басалынатын, Солтүстік теңізіндегі таяздық, жағалау сызығы; der Warf, die Wurfte – халлигахтан жасалынған үйлер тұратын төбешіктер;

ә) болмыс реалия сөздер: тамақ: квас, щи, галушки, бауырсақ, қымыз, көже, бифстроган; der Hackepeter – татымдылықтар қосылған, бөліктерге кесілінген, шикі түрінде желінетін ет; der Eintopf – бірінші немесе екінші тағам ретінде қолданылатын, көкөністерден, еттен жасалынған қою сорпа; der Heurige – биылғы жылғы жаңа шарап; die Wettwurst – майлы емес еттен жасалынған сүрленген шұжық; die Praline – ішіне бірдеме салынған шоколадты кәмпит; der Pumpernickel – тұрпайы тыртылған қара бидайдың ұнынан жасалынған, тәтті дәмі бар, қыртысы жоқ қара бидай наны; das Pökelrippchen – тұзды сүрленілген кішкентай қабырғалар; die Stelze — шошқаның сан еті;

б) киім: кимоно, пима, сәукеле, мәсі; der Kittel – китель; der Schillerkragen – ақ үлкен ашық жаға; die Uniform – униформа; der Tirolhut – қауырсыны бар тирольдік қалпақ; der Knickerbocker – шалбар – гольф;

в) ақша, өлшем бірліктері: ақша: рубль, доллар, марка, теңге; der Groschen – ескі неміс күмістен жасалынған тиын; der Kreuzer – ұсақ тиын, айналымда ХІХ ғасырдың соңына дейін қолданылды; der Gulden – алтын, содан кейін күміс Герман тиыны; der Taler – ескі неміс алтын және күміс тиыны; die Mark – 100 пфенингке тең. Ұзындық және аудан өлшейтін бірліктер: метр, километр, сажын, шақырым; die Lachter – шамамен 2 метрге тең; der Morgen – жер өлшемі, 0,25 – 1,22 гектарға тең; das Joch – ескі аудан өлшейтін өлшем бірлігі, 0,25 – 0,58 гектарға тең; der Zoll – 1/12 футқа тең. Көлем өлшемі: das Ahm – сұйықты өлшейтін ескі өлшем бірлігі, 130 – 160 литрге тең;  der Eimer – сұйықты өлшейтін ескі өлшем бірлігі, 29,0 – 68,7 литрге тең; das Fass – сұйықтың көлемін өлшейтін ескі өлшем бірлігі – Баварияда (сыра) 17,1 литрге, Лейпцигте (сыра) 3,6 литрге, Австрияда (шарап) 5,8 литрге тең; der Schoppen – шараптың, сыраның 0,5 литріне тең. Сусымалы өнімнің өлшем бірліктері: das Maß – ескі өлшем бірлігі (кейбір кездерде сұйық заттардың да) 0,33 – 1,98 литрге және жарты сапты аяққа тең; der Scheffel – дәннің ескі өлшем бірлігі, әр түрлі аймақтарда 23 – 233 литрге тең; das Lot – салмақтың ескі өлшем бірлігі, 12,79 – 17,5 грамға тең; die Mandel – ескі өлшем бірлігі, 15 данаға тең; das Schock – 4 мандельге тең, яғни, 32 данаға; das Pfund – 500 грамға тең; der Zentner – 50 килограмға тең; der Doppelzentner – 100 килограмға тең;

г) сәулет реалиялары: das Fachwerk, das Fachwerkhaus, der Fachwerkbau – құрылыс элементтердің жүйесінен тұратын, саз балшықпен, кірпішпен, таспен толтырылған орта ғасырлық архетиктурадағы көп қабатты үйдің негізгі қаңқасы; der Giebel – тар, жоғары қарай өте қатты ұшталған фронтон;  das Giebelhaus – қатты ұшталған үйдің төбесі; der Dachreiter – атша төбесінде орналасқан мұнара; das Reichenhaus – секциялардан тұратын, өз кіру есігі және нөмірі бар үй;

ғ) лауазымдар, дәрежелер: царь, король, шах, хан, би; der Herzog – ежелгі Герман халықтарда тайпаның бастығы, орта ғасырларда – үлкен феодал, орта ғасырлардың соңынан бастап – ақ сүйектердің жоғары атақтарының бірі; der Keiser – Герман императоры; der Junker – ақ сүйектерден шыққан көп жері бар үлкен диқан; der Geheimrat – жасырынды кеңесші; der Justizrat – заң кеңесшісі;

д) партиялар, саяси-қоғамдық қозғалыстар: коммунистік партия, тори, виги, демократиялық партия; die Sozialdemokratische Partei – саяси-демократиялық партия; die Christisch-Demokratische Union – христиан-демократиялық Одақ;

е) әскери реалиялар: орда, жүздік, Қызыл Армия; die Reichswehr – Герман қарулы күштердің аты (1919 – 1935 жылдары); die Bundeswehr – Германияның қарулы күштері; die Wehrmacht – фашистік Германияның қарулы күштері;

ж) әкімшілік-аумақтық бірліктер: губерния, облыс, штат; die Gemeinde – астыңғы әкімшілік-аумақтық бірлік, қауым; das Land — жер; der Bezirk – округ; die Marktgenosschaft – ауылдық қауым;

з) фольклор реалиялары, ойыншықтар, ойындар, билер, жанрлар, мәдени және мәдени-тарихи реалия сөздер: Соловей-Разбойник, серый волк, Ванька-встанька, Мальчик-спальчик, Алдаркөсе, матрешка, асық, қыз қуу, барыня, батырлар жыры; der Troll – гном, герман мифологиясында тау рух; der Hampelmann – қолдары, аяқтары жіп арқылы қозғалатын адам тәрізді ойыншық; der Gartenzwerg – бақшаны әдемілейтін боялған гном фигурасы; die Schultüte – бірінші сыныпқа бара жатқан балаларға бірінші оқу күні ата-аналары беретін, тәтті кәмпиттер салынған конус тәрізді түрлі түсті қағаз қапшығы; die Lorelei – неміс халық аңыздарындағы су перісі; das Nibelungenlied – Нибелунгтер туралы хикая.

 

 

 Жергілікті топтау

«Жергілікті» топтау шартты болып табылады, өйткені реалия сөздер  қандай да бір бөлімге жергілікті нышан бойынша жатқызылмай, бір-бірімен шартты қатынаста және тығыз байланысты белгілер бойынша жатқызылған:

1) реалия белгілейтін объектінің – оның референтінің ұлттық қатыстылығы;

2) аудармаға қатысқан тілдер.

Аударма ерекшелігін негізге ала отырып – «екі тілдің жазықтықтағы қатынас құралы» және «қабылдау – қайта құру»   сияқты аудару үдерісінің логикалық жүйелілігі – реалия сөздерді бұл сияқты бөлуге жергілікті нышан бойынша жатқызылмай, экстралингвистикалық, яғни, тілдік қағида (принцип) бойынша жатқызылып тұр. Ол реалия сөздерді бір және екі тіл жазықтығында қарастыруға мүмкіндік береді.

Бір тіл жазықтығында өзіндік және жат реалия сөздерді қарастыруға болады. Ал олар ұлттық (мемлекеттің барлық тұрғындарына, бүкіл халыққа белгілі), жергілікті (бір диалектіге жататын), микро жергілікті (белгілі бір аймаққа жататын) болып бөлінеді.

Екі тіл жазықтығында реалия сөздер ішкі және сыртқы реалия сөздер болып екіге бөлінеді. Сыртқы реалиялар екі тіл үшін де жат (мысалы: самурай – қазақ және орыс тілдері үшін жат, жапон тілін есептемегенде) болады. Ішкі реалия сөздер екі тілдің біреуіне жатады, яғни, басқа тіл үшін бөтен, жат болып келеді (мысалы: фиорд – орыс және украин тілдері үшін сыртқы реалия болады да, орыс және норвегия тілдеріне, немесе болгар және норвег тілдерінеол сөз ішкі болады).

Бірнеше тілдерді қарастыра отырып, аймақтық (мысалы: «евро» — осы валютаны ұлттық ретінде қабылдаған мемлекеттер үшін) және интернационалды, көптеген тілдердің лексикасында, олардың сөздіктеріне кірген, бірақ бастапқы мағынасын сақтаған реалия сөздерге бөлінеді (мысалы: ранчо, текила) [28, б. 66].

Сонымен, жалпы реалия сөздерді ұлтқа тиісті бірлік ретінде қарастыруға болады. Ал екі тіл жазықтығында – берілген және аударма тілдері үшін реалия сөздерді берілген үшін ішкі, ал аударма тілі үшін сыртқы болады. Сонымен, жергілікті топтау, біріншіден, аудару теориясы және практикасы үшін өте маңызды.

Уақыттық топтау

Уақыттық белгісіне қарай жалпы реалия сөздерді шартты түрде қазіргі  кездегі реалия сөздер және  тарихи реалия сөздер деп екі топқа бөлуге болады. Осындай топтау нақты болу үшін  уақыт факторымен белгіленген келесі мәселелерді қарастыруға болады: 1) реалия сөздердің затқа және уақытқа байланысы, 2) реалия сөздердің орынға және уақытқа байланысы, 3) жат реалиялардың тілге енуі, 4) реалия сөздердің көркем әдебиет арқылы тілге енуі, 5) реалия сөздердің таныс/бейтаныс болуы.

Реалия сөздердің затқа және уақытқа байланысы

Реалия сөздер уақыт өтуіне байланысты терминдерге және керісінше, терминдер реалия сөздерге айналады. Кейбір терминдер, қандай да бір себептерге байланысты, әдетте референттің өзгеруіне байланысты ақырындап тарихқа еніп, тарихи реалияларға айналады. Ал кей кездері қарама-қарсы үдеріс те референтпен байланысты: жаңадан құрылған құрал үшін, заттың кейбір бөлігі үшін ескі, жылдармен қолданылған реалия сөздерді қолданады. Ескі сөз жаңа өмірді термин ретінде бастайды. Мысалы: шлем, бригадир, легион сөздері.

Реалия сөздердің орынға және уақытқа байланысы   

Тарихи реалиялар өзінің тарихи көзінен өте сирек қол үзеді. Ондай жағдай, мысалы, реалия өте көне заманға қатысы бар болса ғана болуы мүмкін. Мысалы: тога, амфора, губерния, дума, дьяк және т.б.Көптеген сондай реалиялар уақыт өтуімен басқа мағынасына ие болып, фразеологияға ауысады.

Реалияның орынға және уақытқа байланысты мағынасының  өзгеруі өте маңызды ерекшелік. Осы ерекшелікті білмеу аудармашының ақиқаттылықты қабылдауын бұрмалап, аяғында сипатталатын  шындық оқырмандардың көздерінде де бұрмаланады.

Жат реалия сөздердің тілге енуі

Белгілі бір тіл лексикасының жат реалиялармен толығуы жүйелі және бір қалыпты түрде өтеді. Бірақ кей кездері мемлекет өмірінің саяси-тарихи, қоғамдық қақтығыстарымен, әдебиетте жаңа ағыстардың пайда болуымен және адамдардың талғамдарының өзгеруімен байланысты реалия сөздер де  еніп отырады. Осыған байланысты аудару кезінде осы сөздерге баса назар аудару керек.

Аудармада үлкен қиыншылықты реалия сөздер туғызады. Өйткені аудармашыларда олардың нақты аудармасы бола болмайды. Сонда, олар реалия сөздерді қалай, қандай тәсілмен аудару қажет екенін ойлауға мәжбүр болады. Жоғарыда айтылғандай реалия сөздер эквивалентсіз лексика тобына жатады. Яғни, аудару тілінде, басқа халықтың сөздігінде реалия сөздердің дәл аудармасы жоқ. Алайда, қатынас деңгейінде реалия сөздерді аудару үшін тілдік тәсілдер бар. Эквивалентсіз лексика қатыстық және кейбір кездерде уақытты сипаттамаға сай.

Реалия сөздерді жеткізу негізінен аудармашының фондық біліміне байланысты. Бұл жалпы адамзаттық мәдени-тарихи (кең мағынада) және  белгілі бір ұлттық-тілдік қоғамның ұлттық мәдениеттің бөлігін құрайды. Ал олай болса, осындай білімге шет тілдерді оқып жүрген аудармашылар да сай болу қажет (аударматануда осындай білімді фондық мәлімет, фондық білім деп атайды). «Фон» терминінің мағынасы: басқа елдің, халықтың өмірі, мәдениеті туралы білім [19, б. 145].

С. И. Влахов және С. П. Флоринге сәйкес, біз зерттеу жұмысымызда реалия сөздер деп белгілі бір ұлтқа немесе белгілі бір елге  ғана тән, олардың тұрмысынан, қоғамдық өмірінен, мәдениетінен хабар беретін сөздерді ұғамыз.

Көптеген аудару теориясы және практикасы көздерінің мәліметтерін жүйелеген кезде біз реалия сөздерді аударудың келесі негізгі тәсілдерін анықтадық. Олар: транслитерация, транскрипця, калькалау, тілде бар болған элементтердің арқасында жаңа сөздерді тудыру, ұқсас аударма, контекстің ішінде дәлденетін грамматикалық ауыстыру. Енді осы тәсілдерге жеке-жеке тоқталайық:

Транслитерация, транскрипция

Транслитерацияда аударылатын тіл құралдарымен бастапқы тіл сөзінің графикалық формасы, ал транскрипцияда оның дыбыстық формасы беріледі. Бұл тәсілдер шет тілдік жалқы есімдерді, географиялық атауларды, әртүрлі компаниялар, фирмалар, пароходтар, газет, журналдар және т.б. атауларын бергенде қолданылады. Қазіргі кезде көркем әдебиетті аударғанда транслитерация мен транскрипция тәсілі бұрынғыға қарағанда анағұрлым сирек қолданылады. Оның негізі бар – шетел лексикалық бірлігінің оқырманға мұндай сөздерді түсіндірмейінше түсініксіз болып қалады.

Толық транслитерация: (орыс тілінен қазақ тіліне) король – король, вассал – вассал, камердинер – камердинер; (ағылшын тілінен орыс тіліне) boss – босс, (неміс тілінен қазақ тіліне) Herzog герцог, Kanzler – канцлер, Skat – скат, Oktoberfest – октоберфест.

Аудару тілінің сөз жасау және морфология ережелеріне сәйкес, шет түбірінің жұрнақтары немесе жалғаулары арқылы транслитерация жасалады: Nazi – нацист, Gestapomann – гестапашы, Marke – марка, Kegeln – кегли, Uniform – униформа т.с.с.

Реалияларды аудару кезінде транслитерация өте шектеулі қолданылады. Ол туралы негізінен қоғамдық-саяси ұғымдарды немесе жалқы есімдерді аударғанда ғана айтуға болады. Кейбір кездерде транслитерация және транскрипция тәсілдерінің ұқсастығына байланысты оларды ажырату қиыншылық тудырады.

Транскрипция – бұл аударма мәтінге аудару тілінің графикалық амалдары арқылы енетін реалия сөздер. Ол фонетика жағынан максималды түрде түпнұсқада берілген фонетикаға жақын болады: Würstchen – вюрстхен, Ländler – лендлер, Fähnrich – фенрих, Wehrmacht – вермахт т.с.с.

Транскрипция көбінесе кең таралған публицистикада және көркем шығармаларда мәтіннің сипаттамасына қарай қолданылады. Автордың сөзінде және толық сипаттаумен берілген мәтінде транскрипция ең жақсы шешім болып табылады. Өйткені сондай мәтіндерде реалия сөздерді кеңірек ашу мүмкіндігі туады.

Көбінесе транскрипция таныс реалия сөздер үшін: интернационалдық, аймақтық, өз реалиялары үшін қолданылады. Бірақ та, басқа тілде сәйкестігі бар реалия сөздер кейбір кездерде дәстүрлі түрде транскрипциямен беріледі (мысалы: «станица» неміс тіліне «Staniza» ретінде аударылады).

Транскрипцияның аудару тәсілі ретінде негізгі құндылықтардың бірі максималды түрдегі ықшамдық. Осыған қарамастан басқа бір аудару тәсілі сияқты транскрипцияны байқап қолдану қажет. Кейде ұлттық нақышты жеткізгенде реалияның мағынасы екінші орынға жылжиды да, аударманың коммуникативті мәселесі жүзеге асырылмай қалады.

Транскрипцияланған сөздердің көп болуы мәтіннің реалиямен асып толуына әкеледі. Ал ол оқырманды түпнұсқамен жақындатпай, керісінше қашықтатады.

Кейбір кездерде транскрипцияны басқа талдау амалдармен бірге қарыстыру қажет. Әсіресе, бұл «аудармашының құрмалас достарына» (реалия сөздерге) байланысты. Мысалы, неміс сөзін «Pfund» (500 гр.) қазақ тіліне «фунт» (409,5 гр.) сөзімен аударғанда, сілтемеде осы айырмашылықты жазып белгілеу керек.

Транскрипция туралы айтқанда, тіл аралық омонимияны да ұмытпау қажет. Омонимия – бұл фонетика жағынан реалия сөздердің аудармасына жақын сөздер.

Транскрипция және транслитерация формальді, аудармалық қателерді болғызбайтын реалия сөздерді аудару амалдары. Алайда, осы амалдарды қолданған кезде аударма мәтініне жаңа сөздер енгізіледі де, оқырман үшін ол белгісіз және белгілі бір денотатпен ара қатынасын белгілемейді немесе зат әлде құбылыс туралы шамалаған түсінік береді. Ал егер де мәтін мазмұны реалияның мәнін ашпаса, онда аударма үшін қосымша амал ретінде сілтемені қолдану қажет. Сондықтан осы тәсілдерді қолданған кезде фондық мәліметке ие болу қажет.

Жаңа сөздің /сөз тіркесінің пайда болуы

Неологизмнің енгізілуі – реалияның мазмұнынын және ұлттық нақышын сақтау үшін (транскрипциядан кейін) қолданылатын тәсілдердің бірі. Алайда  жаңа сөздің (сөз тіркесінің) пайда болуы кейде түпнұсқадағы ұлттық бояуы қалың сөздерді аударма тілге жеткізудің өнімді тәсілі емес. Дегенмен де кей реалия сөздердің баламасын жасауға тура келеді. Мысалы: самолет – ұшақ, вертолет – тік ұшақ, пенсионер – зейнеткер т.с.с. Осындай жаңа сөздер калькалар және жартылай калькалар болуы мүмкін.

Калька – бұл бір сөздің немесе сөз тіркесінің бөліктерінің морфемаларын аударма тіліндегі олардың эквиваленттерімен ауыстыру арқылы шетел реалия сөздерін беру. Бұл тәсілдің де жоғарыда айтылып кеткендей кемшілігі бар. Мысалы: Museeninsel – Мұражайлар аралы, Sandmännchen – құм адам. Көптеген жағдайларда калькаларды түсіндіру қажет. Мысалы: Sandmännchen – құм адам мағынасын ашпайды. Сондықтан «құм адам» — бұл ертегідегі кейіпкер. Ол балалардың көздеріне құм шашады да, балалар ұйықтап қалады.

Жартылай калька – бұл ауысып алынған сөздер және сөйлемшелер. Олар жартылай бастапқы тілінен, жартылай аударма тілінің элементтерін алады. Мысалы, сондай қазақ тіліндегі жартылай калька неміс тілінің реалиясы «үшінші рейх» — «Das Dritte Reich» сөйлемшеге аналог болып тұр.

Меңгеру – бастапқы тіліндегі бар материал негізінде аудару тілі үшін сөзге ана  тіліндегі сөздің кейіпін беру.

Семантикалық неологизмдер деп біз жеткізіліп жатқан реалияның мазмұнын, мағынасын түсінуге мүмкіндік беретін  жаңа сөздердің немесе сөйлемшелердің жасалуын айтамыз. Алайда, реалия сөздерді неологизмдермен аудару тәсілі өте сирек қолданылатынын айта кетуіміз керек. Себебі, тіл иесі – халық.

Ұқсас аударма

Осы аударма тәсілі өте жиі қолданылады. Мысалы, көп таралған тәсіл функционалды эквивалентті таңдау. Бұл тәсіл бойынша аударма оқырманда түпнұсқа оқырманыңда туатын ассоциацияларыға сәйкес ассоциациялар туғызады.

Контекстуалды аударма

Бұл тәсіл өз қағидасы бойынша ұқсас аударма тәсіліне ұқсайды, бірақ сөздік аудармаға қайшы. Өйткені осы тәсілдермен аударылып жатқан сөздің мағынасы сөздікте берілген оның эквивалентінің мағынасынан тыс болуы мүмкін. Сонда аудармашы негізінен контекстке бейімделеді. Бұл тәсілдің мәні – сөздікте берілген сөзді контекстке, логикалық жағынан байланысты сөзбен алмастыру.

Реалияны алмастыру

Кейбір ғалымдар (мысалы, Влахов және Флорин) бастапқы мәтінде берілген реалияны аударма тіліндегі реалиямен алмастырып, «реалияны алмастыру» тәсілін қолдануды ұсынады. Алайда, осындай алмастыру реалияны бүкіл мәтіннен оқшаулайды. Осындай жағдайда шартты аударылып жатқан немесе аудармашымен ұсынылған сөздің ұлттық нақышы жоғалады.

Басқа реалия сөздерді қолданған кезде ұлттық нақыш өзгеріліп, оқырмандар өз назарларын автордың ойынша маңызды емес және ешқандай маңызы жоқ  ұсақ бөлшектерге аударады.

Сипаттамалы аударма

Сипаттамалы аударма қолданылған кезде реалияның мазмұны ашылады. Егер аудармашыда басқа елдің заты немесе құбылысы туралы мәліметі, білімі жеткілікті болса, егер де ол осы реалия нені белгілейтінін білетін болса, онда сипаттамалы аударма дұрыс болады.

Реалиая сөздерді аударудың барлық тәсілдерін келесі схемамен белгілеуге болады:

1) транслитерация, транскрипция;

2) калькалау, жартылай калькалау, семантикалық неологизм;

3) ұқсас аударма;

4) контекстуалды аударма.

Сонымен, реалияны аударғанда белгілі бір тәсілді таңдау үшін, аудармашы оның алдында тұрған мақсатты нақты анықтау керек: тіл бірлігінің ұлттық нақышын сақтап, семантикаға кемістік келтіру немесе реалияның мағынасын жеткізіп, ұлттық колоритті жоғалту. Көркем шығарманы аударған кезде тағы бір тәсіл қолданылады – бұл түпнұсқа тіліндегі берілген мәтіннің реалия сөздеріне қоғамдық-мәдени түсінік беру. Газет-журнал мақалаларын аударғанда да қоғамдық-мәдени түсініктемелерді қолдануға болады.

С.Г. Тер-Минасова пікірінше, реалиялары бар түпнұсқа мәтіннің аудармада барабарлы қабылдауы мүмкін. Бұл үшін аударма тілінде «қоғамдық-мәдени түсініктемелер берілуі керек. Алайда аударма амалдары осы тілде сөйлейтін адамдар үшін түсінікті болу қажет.

Қоғамдық-мәдени түсініктеме

Көркем мәтіндерді және оларды түсіну, түсініктемесіз түсіну оңай емес. Бірақ та, қазіргі әдебиет те кейбір кездерде түсініктемелерді беруді қажет етеді. Ал шетел оқырмандары үшін ол тіпті қажет. Ертектер де сондай түсініктермен қамтамасыз етілген болу керек.

Ертектер тілі мәдени, ұлттық, тарихи жағынан белгіленген лексикалық бірліктермен толықтырылып жатады. Бұл өмірдің және мәдениеттің өзгергенімен өте байланысты [32, б. 143; 33].

Яғни, мәдениетаралық қатынас немесе олардың арасындағы дау өз және жат мәдениеттер аралығында ғана емес, сонымен қатар өзге мәдениеттің ішінде де болуы мүмкін. Бұл қоғам өміріндегі өзгерістер жаңа деңгейге көтеріліп, келесі ұрпақ өзінің арғы аталарының дүние тану жөніндегі түсініктерін ұқпауымен, білмеуімен байланысты [34, б. 67; 35].

Басқа мәдениеттің өкілдері үшін арнаулы қоғамдық-мәдени түсініктемелер өз мәдениетіндегі және тілдегі өзгерістерді айна ретінде белгілейді. Шетел оқырмандарына (аударма тілде сөйлейтін адамдар үшін) арнаулы қоғамдық-мәдени түсініктемелер мәдениеттер арасындағы түсініксіздікті көрсетіп, оны реттейді [36, б. 267]. Сонда да бұл тек қана өз және шет мәдениеттер арасындағы түсініксіздік емес, сонымен қатар бір халықтың әдеби шығармаларында тіркелген өткен заманның және қазіргі заман мәдениеті арасындағы түсініксіздік.

Қоғамдық-мәдени түсініктеме біздің мәдениетімізді оқып жүрген шетел оқырмандары үшін де, өз оқырмандарымыз үшін де өте қажет.

Қоғамдық-мәдени түсініктеменің ішіне  мыналар кіреді:

1) историзмдер – қарым-қатынас кезінде адамдармен қолданылмайтын заттарды немесе құбылыстарды білдіретін сөздер, және халық өмірінде, тілде қолданыстан шыққан реалия сөздер;

2) архаизмдер – қолданыстан шыққан көне сөздер;

3) қазіргі қазақ тілінде өз мағынасын өзгерткен сөздер;

4) шет және қазіргі қазақ оқырманымен реалия сөздерге, аллюзияларға қажет етілетін қоғамдық-мәдени түсініктемелер.

Сонымен, осындай түсініктемелер автор және басты кейіпкерлер сияқты бір мәдени топқа жататын адамдар үшін қажет. Өйткені қазіргі оқырманның фондық білімдері өзгерді. Осындай түсініктемелер көне сөзді қазіргі тілге тек қана аудармай, сонымен қатарар автордың ойын толығырақ ашуға мүмкіндік жасайды.

Яғни, қорыта келгенде аударма – бұл тіларалық қатынас үшін  пайдаланылатын жалғыз ғана тәсіл. Оның негізі мақсаты — әр түрлі тілдерде сөйлейтін кісілердің қатынасын максималды түрде бір тіл ширегінде сөйлейтіндей ету.

Гете айтқандай, «Аудармада аударылмайтынға жету қажет. Сонда ғана басқа халықты, жат мәдениетті білуге болады». Гетенің сөздерін реалия анықтамасына жатқызуға болады. Өйткені реалия тек қана аймақтық құбылыстарды және ұғымдарды білдіретін берілген, басқа халықтың тұрмысында, тілінде жоқ сөздер. Алайда, аудармашылар реалия сөздерді аударған кезде оларға эквиваленттерді немесе аударма тәсілдерін қолдануға тырысады.

Аударма мәселелері бірнеше кезеңдерден тұрады. Көптеген аудармашылар «реалия» сөзінің мағынасы туралы әлі күнге дейін таласуд; реалия сөздер топтамасы туралы көптеген қарама-қарсы пікірлер бар (негізінен қарастырылып жатқан сөздерді қандай қасиеттеріне байланысты топтарға бөлу қажет). Алайда  тағы бір талас реалия сөздерді аударған кезде қандай тәсілдерді қолдану қажет деген мәселе төңірегінде туады. Сонымен, реалия сөздерді аударған кезде қандай тәсілді таңдауы қажет деген сұрақ аудармашы алдында тұрған  сұрақтардың бірі және ол аудару мақсаттарына байланысты болады.

Дұрыс аударма жасау үшін аудармашы фондық білім мен мәліметтермен қамтамасыз  етілген болу керек.

Реалия сөздерді жеткізу үшін, мәтіннің жанрына қарап, талдап, ойлану қажет. Егер де бұл ертек болса, онда ұлттық ерекшеліктеріне қарау қажет, егер бұл этнографиялық очерк немесе басқа елдерге, аудандарға саяхат туралы әңгімелер болса, онда реалия сөздер максималды түрде жеткізілуі керек.