«Отан отбасыдан басталады» деген мақалға сүйене отырып, келесіге тоқталсақ.
Отбасы белгілі дәстүрлердің, жағымды өнегелердің, мұралардың сақтаушысы. Онда бала алғашқы рет өмір жолымен танысады, моралдік нормаларды игереді. Сондықтан үйелмендік өмір жеке адамның азамат болып өсуінің негізі.
Мынау жарық дүниеге шыр етіп келген нәрестенің жөргегінен басталатын күтімі мен тәрбиесі оның тәуелсіз еліміздің айтулы азаматы болып өскенше жалғасатынын ескерсек, ең үлкен жауапкершілік алдымен өмірге ұрпақ әкелген ата-ан.аға жүктеледі. Аяғын тапыл-тапыл басып, тілі жаңа шығып, енді ғана сөйлей бастаған сәбиге деген мейірімі мен әке қамқорлығы өз алдына.
Отбасы ең алғашқы жастарды тәрбиелеу ортасы. Сол себепті де әрбір отбасында балаларды еңбексүйгіштікке, отансүйгіштікке тәрбиелеу – бұл қазақтың салт-дәстүрімен тығыз байланысты. Отбасыда ана өзінің баласын шебер, ақылды, озат етіп тәрбиелеуге арман етті.
Кең байтақ қазақ даласында өмір сүретін балалардың тәрбиесі олардың ата-аналарының күнделікті іс-әрекеттері мен көшпелі тұрмыс салтына байланысты болған. Балаларды жастайынан тіл алғыштыққа, тәртіптілікке, жалпы адами қасиеттерге, үлкенді сыйлап, өз дініне, ұлтына сыйластықпен қарауды үйреткен.
Үйелменде тәрбие беретін келесі тұлғалар – ата мен әжелер.
Ұлы орыс педагогы К.Д.Ушинский: «Аталар мен әжелер – табиғи педагогтар!» — деп санады. Ал Ш. Айтматов болса, өзінің әжесін «үлкен тәрбиешім» деп есептейді. «Әжем қонаққа, тойға, өлікті шығаруға және жерлеуге барғанда мені ертіп жүретін. Аңыз-жыр айтушылар және ақындармен кездескендерін айтып, менің балалық шағымды халық ертегілерімен, өлеңдермен, мақал-мәтелдермен байытты» деп өзінің әжесінің өнегелі қасиеттерін қалыптастырудағы тамаша іс-әрекеттерін еске түсіреді.
Қазақ халқы «Отан отбасыдан басталады» дейді, олай болса, отбасы — тәрбиенің негізгі көзі, түп қазығы. Қанша заман өтсе де, бабалардың мол тәжірибесіне, тағылымы мен дәстүрлеріне және отбасы тәрбиесінің негіздеріне сүйене отырып, әке мен ана, ата мен әже ұрпақтары шын азамат болып өсуіне қамқорлық жасаған. Ғасырлар бойы қазақ отбасылары хастарды тәрбиелеуде көптеген әдістерді қорлданып келген. Олар: түсіндіру, үйрету, насихат, жазалау т.б. болып табылады.
Біздің елімізде ертеңгі болашағымыз – бүгінгі жас ұрпақ тәрбиесіне мемлекет тарапынан ерекше мән беріліп отырғаны белгілі.
Күні кеше ғана, дәлірек айтсақ, ақпаннның 28-жұлдызында Астанада өткен Қазақстан Республикасы Ғылым және Білім министрлігінің «2004 жылы атқарған жұмыстың қорытындысы және 2005 жылға арналған міндеттері» — ауқымын қамтыған алқа отырысында да жеке тұлғаны қалыптастырудың алғашқы сатысысынан басталатын тәрбие мен білім берудің жай-жапсары жүйелі түрде әңгіме болды. Өзінің білімі мен тәжірибесін халық ағарту мәселесіне бағыттаған министр Ш.К.Беркімбаева өзінің баяндамасының беташарын балаларды отбасыда тәрбиелеу және оқытудың озық технологияларын белсенділікпен енгізу қажеттігінен бастауы да тегіннен тегін болмаса керек. Өйткені жас ұрпақтың жан-жақты қалыптасуының негізі – отбасы тәрбиесінен бастау алады.
Министр Шәмша Көпбайқызы өз сөзінде: «бүгінгі күнде ҚР Конституциясында «Отбасы туралы» заңына және «Жанұя» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес Қазақстандық тәлім-тәрбие беруді ұйымдастыру жүйесінің ұлттық үлгісін дамыту үшін жағдайды қалыптастыру жөніндегі жұмыстар жоспарлы түрде жүзеге асырылуда.
Тәлім-тәрбие берудің ұлттық үлгісінің негізгі өзегі оның құрылымдық бөлімдерінің сабақтастығы мен үздіксіздігі болып табылады».
Өмір көрсеткендей балаларды отбасыда тәрбиелеу және оқыту барысында жіберілген қателіктер немесе олқылықтар келешекте ел үшін, әсіресе оның экономикалық, сондай-ақ әлеуметтік қатынастарында қымбатқа түседі. Шындығында жас ұрпақты аяққа тұрғызуда жеке тұлғаны қалыптастырудың алғашқы сатысы ретінде отбасыда тәрбиелеу мен оқытудың қаржы мәселелерін шешуде селқостықпен қарау тек қана әлеуметтік саланың мәселелері болып қалмағанын түсінетін мезгіл жетті.