Облыс әкімдігінде аймақтағы мемлекеттік тіл саясатын одан әрі жетілдіру жөніндегі жұмыс тобының кезекті отырысы болып өтті. Оған аймақ басшысы Ерлан Арын қатысты.
Тіл мәселелерін қаузаған жиында Баянауыл, Успенка, Ертіс аудандарының әкімдері және бірқатар облыстық мекемелердің басшылары осы бағытта атқарылып жатқан іс-шараларды ортаға салды. Аудан әкімдерінің мәліметтеріне сүйенсек, тоқсан сайын тексеріс жүргізіліп, олқылықтардың орнын толтыруға мән беріледі. Мемлекеттік тілдегі кіріс-шығыс құжаттарының үлес салмағы да — басты назарда. Мәселен, Баянауылда 2010 жылы кіріс құжаттарының 63,1 пайызы мемлекеттік тілде түссе, 2012 жылдың алғашқы бес айында бұл көрсеткіш 64,8-ды құраған. Ал шығыс құжаттары 2010 жылы 72,1 пайызды құраса, 2012 жылы 90 пайызға жеткен. Аталмыш бағыттағы жұмыстар Ертіс ауданында да біршама ілгерілеген. Аудан әкімі Б.Ақжановтың айтуынша, тыңғылықты істердің арқасында шығыс құжаттары 99 пайызға жетіп отыр. Успенкалықтар да «көштен» қалмауға тырысып, 91 пайызды еңсеріпті. Осы орайда аймақ басшысы шығыс құжаттарының үлесін жүз пайызға жеткізу аудан әкімдері мен басқарма бастықтарының өз қолдарында екенін айтып, бүгінгі межеден төмендемеуді тапсырды.
Сонымен қатар, аудандарда «Тіл тазалығы» акциясы аясында көрнекі жарнамалардың сауатты жазылуы әрі жіберілген қателерді түзету мықтап қолға алынған. Облыстық тілдерді дамыту басқармасы тарапынан жасалған сын-ескертпелерге де құлақ асуда. Мемлекеттік қызметшілердің қазақ тілін меңгеру деңгейлері назардан тыс қалған жоқ. Баянауылда барша мемлекеттік қызметшілер қазақ тілін жетік білсе, Успенкада бұл көрсеткіш 58 пайыздан аспай тұр. «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның Павлодар жол бөлімшесі филиалы да — осы меже шамасында. Ал Ертіс ауданында 147 мемлекеттік қызметшінің 126-ы қазақ тілін меңгерген. Аудан басшылығы мұны алдағы жылдары 95 пайызға жеткізуді көздеп отырғандарын мәлімдеді.
Аудандардағы мемлекеттік тілді қолдану аясы қазақ тілді мектептер, балабақшалар мен оқушылар санымен де өлшенетіні белгілі. Баянауылда соңғы оқу жылында 33 мектеп жұмыс істесе, оның 29-ы — таза қазақ тілінде. Алайда, қазақтың қаймағы бұзылмаған ауданда 15 өзге ұлт өкілі қазақша «тіл сындырып» жүргенде, 552 қазақ баласының әлі де орыс тілінде білім алып жатқаны жұмыс тобының назарына ілікті. Қуаныштысы, мұнда шағын орталықтардың барлығы мемлекеттік тілде тәрбие береді. Ертіс ауданында да өзге ұлттың 22 баласы қазақ сыныбында білім алып жатса, 63 бүлдіршін мемлекеттік тілде тәрбиеленуде. Бірақ, мұнда қазақ тілінде жұмыс істейтін балабақша үлесі көңіл көншітпейді. Ауданда бар-жоғы 4 балабақша болса, соның 1-уі ғана мемлекеттік тілде тәрбие береді. Успенка ауданының әкімі Н.Әутәліпов мектепке дейінгі мекемелерде мемлекеттік тілде тәрбиеленетіндер қатарының артып келе жатқанын атап өтті. Мәселен, 2010 жылы небары 50 бүлдіршін қазақ тілінде тәрбиеленсе, биыл олардың қатары 122-ге жеткен. Өзге ұлт өкілдерінің 6 баласы мемлекеттік тілде білім алуға ниет білдірген. Успенкалықтар көпұлтты аудан үшін мұны айтарлықтай көрсеткішке балап отыр. Аталмыш ауданда оқушылардың 19,9 пайызы ғана қазақ тілінде оқиды. 20 мектеп жұмыс істесе, оның небары біреуі ғана қазақ тілінде, үшеуі аралас болып саналады. Облыс әкімі Е.Арын аудандарда мемлекеттік тілде қызмет ететін балабақшалар мен мектептердің үлесін арттыру бағытында сауатты әрекеттер жүргізуге кеңес берді. Мұны жан-жақты талдау жасай отырып, жүзеге асырған жөн, — деді.
Ал отырыста есеп берген облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның Павлодар жол бөлімшесі филиалы, «№1 автобус паркі» КМК, «Автовокзалсервис» ЖШС сынды тұрғындармен тікелей жұмыс істейтін мекемелердің басшыларына облыс әкімі мемлекеттік тілде қызмет көрсету деңгейін жақсартуды жүктеді. Аталмыш мекемелерде мемлекеттік тілді дамыту бағытында ілгерілеу бар, алайда әлі де тер төгу қажет, деді Е.Арын. Сондай-ақ, әрбір азамат «үйретпеді» деген сылтаудан арылып, өзі ниет танытса деген тілек айтылды. Жұмыс тобының мүшесі Т.Кентай қоғамдық көліктерде аялдамаларды хабарлау кезінде халқымыздың ұлы азаматтарының есімін айтуда өрескел қателіктерге бой алдырып жатқанын сынға алды. Жауапты орган қызметкерлері жуырда барлық қоғамдық көліктерге аялдамаларды хабарлайтын құрылғылар орнатылып, олқылық жойылатынына сендірді. Аймақ басшысы осы орайда тілі жатық, дикциясы анық мамандарды тартуға мән беру керектігін баса айтты. Сонымен қатар, облыс әкімі қазақ тілі, орыс тілі кабинеттерін жабдықтауды бір ізге салу керектігін де тілге тиек етті.
Отырыс соңында, әңгіме ауаны тілден мәдениетке ойысты. Нақтырақ айтсақ, комиссия мүшелері қоғамдық көліктерде қызмет көрсету мәдениетін қалыптастыру үшін жүргізушілерге бірыңғай арнайы киім үлгісін қолдану қажеттігін сөз етті. Облыс басшысы ұтымды ұсынысты тиісті мекемелерге пысықтауды тапсырды.
Жиын соңында аймақ басшысы Е.Арын тіл жанашыры Тоғайбай Кентай ағамызды 75 жылдық мерейтойымен құттықтап, оған «Облыс алдында сіңірген еңбегі үшін» белгісін салтанатты түрде табыстады.