Мұғалімнің оқу процесін ұйымдастырудағы орны

Мектептегі бейнелеу өнері, басқа оқу пәндері сияқты, өзінің спецификалық ерекшеліктері, мақсаты мен жүйелі оқу курсы бар пән болып табылады.

Сурет салу бірінші сыныптан бастап ойын қызметінен оқу әрекетіне ауысады. Бірінші сыныптан бастап балаларды қарадүрсін сурет салудан бөлектеп, бейнелеу өнерінің білімдерін беріп, бейнелеу дағдыларын меңгерту кезеңі басталады. Мектептегі балаларға ғылымдардың негіздерін оқытуды бастағаны сияқты  бейнелеу өнері саласында  форманы жазықтықта  бейнелеудің  ережелері мен заңдылықтары туралы  дұрыс түсінік берілуі тиіс. Сондықтан оқу процесін дұрыс ұйымдастыруы, оқушылар зейінін ең басты нәрсеге бағыттау, оқу материалдарын тез меңгерудің  жолын көрсетуге  жетекші рөль мұғалімге жүктеледі.

Оқушыларға көркемдік білім беру ісіне мұғалім тарапынан кәсіби басшылық көрсету үшін, өнерді үстірт таныстырумен шектеліп қалмай, мүмкіндігіне қарай тереңірек білім мен дағды алуына ұмтылуымыз қажет. Адам білмейтін нәрсесін сүйе де білмейді, оның бұрын айналыспаған ісіне қызығушылығы да болмайды.

Балалар жас кезінде қандай іспен де болсын айналысуға дайын, олар қызығушылықпен қала тұрғызады, сурет салады, билеп, өлең айтады және т.б., бірақ оны әрі қарай жетілдіруге  келгенде жәрдем мен басшылықты қажет етеді.Егер оған осы кезде жәрдемге тәжірибелі жетекші келмесе, олар өзінің  бұрын жан-тәнімен  беріліп істеп жүрген әрекетін тастауға дайын келеді. Педагогикалық ойдың  даңықты ойшылдары әр уақытта сурет салуға оқытуды дұрыс жолға қою қажеттігін көрсеткен. Сондықтан жалпы білім беретін мектептегі бейнелеу өнері пәнін қарастыра отырып, біз оған бала ойыны ретінде қарауымызға болмайды.

Бейнелеу өнерінің әрбір мұғалімі оқу мен тәрбиеге жауапты болып табылады, ол оқушылардың іс-әрекетіне бағыт беріп, басшылық көрсетеді, жұмысты ұйымдастырады. Педагогтың басшылық пен бағыт берушілік рөлінсіз, әрбір оқушыны үнемі бақылаусыз мектептегі оқу-тәрбие жұмысының нәтижелі болуы мүмкін емес.

Мектептегі бейнелеу өнерін оқыту, жалпы білім беру мақсатын көздейді. Ол балаларды қоршаған ортаны тануға  көмектеседі, олардың байқампаздығын арттырады, зат формасы мен бояу түсін ажыратуға үйретеді, заттарды өзара салыстыруға дағдыландырады, олардың арасындағы ұқсастықтар мен айырмаларын көрсетеді.

Мұғалім мектеп оқушысының  алдында әлемдік әлемін ашып көрсетеді, эстетикалық талғамын дамытады, тануға, жоғары шеберлікке, қоршаған ортаны әдемі де әсем етуге үлес қосуға тәрбиелейді. Педагог бұл айтылғандарға, балаларды үлкен  өнердің  шығармаларымен таныстыру барысында жігер беру арқылы  ғана емес, бейнелеу сауаттылығына оқыту барысында жетуіне болады.

Оқушы бейнелеу сауаттылығының негіздерін тек қана мұғалімнің көмегімен меңгереді. Баланың сурет салуға деген алғашқы қадамынан бастап жетекші және тәлімгер өте қажет. Нұсқаға қарап сурет салуды бастағанда  оқушы, суретке қалай кірісерін білмейді, неден бастау қажет, таза қағазды қалай игеру керектігін ойланады. Тәжірибелі педагог оған, жұмысты бірнеше кезеңдерге бөлудің, қандай бірізділікпен оларды жүзеге асырудың жолдарын көрсетеді.

Нұсқаға қарап сурет салуға оқыту барысында педагог ең алдымен нұсқаны бақылау мен қабылдауға баса назар аударады. Дұрыс көре білу қабілетті адамға туғаннан беріледі. Сол үшін балаларды жастық шағынан бастап, заттарға мұқият қарауға үйретіледі. Олардың назары зат формасы мен бояуына, өлшемдер қатынастарына аударылады, заттың конструкциялық құрылымын талдауға үйретіледі.

Нұсқаны талдау алдында мұғалім оқушылардың назарын, салынатын затқа аударып: зат формасының сипаты қандай? өлшемдер қатынастары қалай? Қайсысы үлкен-биіктігі ме әлде ені ме? Заттың беті қалай жарықтанған? Оның түсі қандай? Осылай етіп оқушыларды нұсқамен алдын ала таныстыру, нұсқаны онан әрі оқып үйренуге негіз болып табылады. Мұғалім мұнан соң, онан әрі тереңдеп бақылауға көшеді: ол нұсқа құрылымының негізгі ерекшеліктерін көрсетіп, нұсқаны нақты ғылыми талдауға көшеді. Мұғалім зат формасының конструктивтік құрылым ерекшеліктерін, форма жазықтығының бетіне жарықтық бөліну заңдылығын, перспектива құбылысының заңдылығын түсіндіреді.

Оқушы оқу нысанын айқын елестету үшін, ол ең бірінші форманы тұтастай көре білуі қажет, мұнан соң бұл заттың маңызды бөліктерін, олардың маңызды элементтерінің орналасуын, яғни нұсқаның құрылымдық бірлігін нақты және айқын көре білуі тиіс.

Мұғалімнің түсіндіру сөзі барлығына түсінікті болу үшін, мұғалімнің сөзі суреттермен сынып тақтасына иллюстрациялармен немесе әдістемелік құралдармен көрсетілуі қажет.

Оқушы нұсқамен танысып болған соң, оның суретін салуға көшеді. Педагог олардың алдына жаңа оқу міндеттерін қояды, оны белгілі жүйе бойынша бейнені құрастыру үрдісінде бақылауды ұйымдастырады, нұсқа құрылым ерекшеліктеріне зейін аударылады.

Сурет салу кезінде педагог, оқушылардың ойлауына бағыт беріп, қолдау көрсетіп отырады. «Оқушы үшін ойлаудың», «Ол үшін сурет салып берудің» қажеті жоқ оқушы өзінің  ой жаттығуын жасап, өз дағдыларын арттырып отыруға тиіс бірақ, олардың бейнелеу еңбектерін, көзден таса етуге болмайды. Егер оқушы  бейнелеу барысында  қиындықтан өз бетінше шыға алмаған жағдайда, кезінде қосымша сұрақтар беру, тұспалдап айту арқылы уақытында жәрдем беріледі.

Бастауыш сыныптарда  балалар әлі нұсқаны талдауға  дағдыланбаған кезде, бейне құрылысын салу кезінде суреттен алғашқы алған әсердің  негізінде орындайды. Олар нұсқаға аз көңіл бөледі, тіпті нұсқаны суретпен салыстыруды білмейді. Оқушы назарын жанама бақылаудан бастай отырып, нұсқаны нақтылы талдауға біртіндеп үйретіледі. Сурет салу барысында оқушылар, асықпай, абайлап және бірізділікпен бір қиындықтан екінші қиындыққа өтіп отырады.

Егер оқушы сурет салу барысында бейне көрінісін дұрыс бере алмаса, педагог сол уақытында оны көрсетіп, түзетуге кеңес береді. Оқушы бұл кезде қаламсапты қағаз бетіне жеңіл тигізе отырып, мүмкіндігінше  өшіргішті пайдаланбай орындауға ұмтылады. Өшіргіш тек қана сурет өте қатты кір болған және жаңа түзету іздері білінбеген жағдайда қолданылады.

Мұғалім қатені жөндеу техникасын оқушының сурет дәптеріне салып көрсетеді. Қателерді жөндеу оқушы қатенің болу себебі мен оны жөндеу әдістерін түсінуі үшін, ол мұғалімнің  тыңғылықты түсіндіруімен қатар жүргізіледі.

Тәжірибеде бұл ереже үнемі сақтала бермейді. Мұғалім тек қана «дұрыс емес», «қате» деп айтып, қате қай жерде және оны қалай түзетуге болатындығын түсіндіре білмейді. Сондықтан қатені уақытында көрсетіп, уақытында оқушыға жәрдем берілуі қажет. Егер педагог кешігіп қалатын болса онда оқушыға оны түзету әлде қайда қиындай түседі.

Оқушылар сурет салуды бастағанда мұғалім сыныптағы өз жұмысын қалай ұтымды ұйымдастыруына болады? Ол 2-3 минут түсіндіруден соң сыныпты аралап шығып, балалардың жұмыстарын бақылайды. Қателердің бар екенін байқаса оған балалардың назарын аударады. Сонымен мұғалімнің бірінші аралауынан соң әрбір бала ескерту алып жұмысты әрі қарай қалай дұрыс алып бару туралы кеңес тыңдайды. Ол бірінші аралаудан соң, қайтадан, аралауды бастаған бірінші балаға қайта оралады. Егер мұғалім барлық оқушыға тән қатені көретін болса, балалардың бейнелеу жұмысын тоқтатып, олардың  назарын жаңағы қатеге аударады. Мұндай түсіндіру мәні тақтаға көрсетіледі. Алдымен мұғалім қатенің жіберілу себептерін нақты түсіндіріп алып, онан соң тақтаға түзету жолдары көрсетіледі.

Оқу материалдарын түсіндіргенде  мұғалім алдында бір ғана міндет болған тиіс – ол оны барлық оқушы түсіну үшін барлық мүмкіндіктерді жасау. Мұғалімнің әрбір сөзі балаға түсінікті болуы шарт.Оқу материалдарын баланың қабылдауына жеңіл болатындай баяндалуы тиіс. Сол үшін балаға түсініксіз сөздерден аулақ болғаны дұрыс. Ал егер ондай сөздерден айналып өтуге болмайтындай жағдай болса, (мысалы: колорит, валер, лиссировка) онда сол бойда ол сөздерге түсініктеме беріп, олардың мәні туралы қарапайым да түсінікті тілмен айтып беру қажет. Бірақ, түсіндіретін материал баланы жалықтырмайтындай, қызғылықты болуы тиіс.

Егер педагог материалды  қарапайым  және тартымды түсіндірсе, барлық оқушы оны мұқият назар сала тыңдайды. Ал егер мұғалім материалды түсініксіз мәлімдесе, оларды шатастырып алса, оқушылар біртіндеп оны тыңдауды доғарады.

Педагогикалық практика кезінде біз оқушы мен мұғалімнің ара қатынасындағы мынандай құбылысты байқауға тура келеді. Мұғалім сыныпқа кіргеннен барлық балалардың назарын өзіне аударады. Олар мұғалімнің қарамағында, ендігі жерде оқушылардың  назарын өзіне қаратып ұстап тұра ала ма немесе бұл мүмкіндіктен айрылып қала ма ол өзіне байланысты.Тәжірибелі мұғалім оқушылардың  зейінін өзіне қарата отырып, оны төмендетіп алмай, ұтымды түрде сабақтың тақырыбына өтеді. Тәжірибесі аз педагог өз оқушыларының жұмылған назарын назарынан жиі айырылып қалады. Кейде сабақ тақырыбын түсіндіруге мән бермейді,  кейде балаларды қызықтыра алмайды, кейбір жағдайда оқу материалдарын түсініксіз етіп, береді. Мұның бәрі оқушылардың оны  тыңдамауына алып келеді.

Көп жағдайларда сабақтың төмен деңгейде өтуі, балаларға емес, мұғалімге де байланысты. Мысалы: бейнелеу өнері туралы әңгіме сабақта көптеген балалардың оны дұрыс тыңдамай отырғанын байқайды. Ол сабақты үзіп, қажетті тәртіпті орнатып, қайтадан бастайды. Бірақ тағыда сол нәтиже. Мұғалім бұл оқушыларды ештеңемен қызықтыра алмайсың деп ойлайды. Бірақ оның себебі басқада.Бұл жерде мұғалім балаларға түсініксіз сөздер мен терминдерді көп қолданды. Ол өз сөздерінде «эксперсия», «фактура», «суретші заттарды тонда жақсы шешеді», «суретші лиссировканы пайдаланады» деген сөздер қолданылып, ол терминдердің мәндерін ашып көрсетуді, қажет деп ойламады. Мұның бәрі балаларды жалықтырып, оларға түсініксіз болды, мұнан соң оларға қызықсыз болып көрінеді.

Сәндік және тақырыптық сурет салу сабақтарындағы оқу үрдісін ұйымдастыру әдістемесіне ерекше көңіл бөлуді қажет етеді. Көптеген мұғалімдер бұл сабақтарда оқушыларға толық еркіндік беріп, өзінің белсенділігін төмендетіп алады. Бұл мұғалімдер оқушылар бұл сабақтарда тапсырмаларды өз бетінше орындауы тиіс деп есептейді. Кейбір мұғалімдер екінші сыныптағы сәндік сурет салу сабақтарында, алдымен ою-өрнектерді халық қолөнері бұйымдарынан қарап салса немесе мұғалім ұсынған схема бойынша құрастырса, екінші сабақта олар өз бетінше шығармашылықпен  сәндік сурет салуы керек деп ойлайды. Бұл дұрыс емес. Мұғалім оқушылардың  бейнелеу әрекетінен бөлініп қалуына болмайды. Керісінше ол балаларға басшылық жасап, күрделі шығармашылық міндеттерді шешуге көмектеседі.

Ритм, симметрия және ассиметрия ережелері мен заңдылықтарымен сәндік сурет салу сабақтарында балаларды таныстыру барысында педагог балалардың шығармашылық инициативасын жоғалтпайды, керісінше шығармашылық фантазиясын белсенділендіре түседі. Егер балалар мұғалімнен мына түсініктерді алатын болса, олар шығармашылық жұмыстарының сапалы шығуына ықпал етеді, симметрия заңдылығына сүйеніп құрылған композиция; бейнелеу элементі белгілі ритммен қайталануы бойынша құрылған композиция; күрделі элементтің белгілі ритммен қайталануы; белгілі форманың сызықтар бойына тоналдық қатынастармен кезектесіп берілуі; гүлдер мен өсімдік жапырақтарының, құстар мен жануарлар, адамдар көріністерін, геометриялық және табиғат формаларын ою-өрнек бейнесінде ритмдік обой, маталардағы өрнектер кілем, түрінде қайталануы.

Мұндай жаттығулар оқушылардың ойы  мен шығармашылық қиялын арттырады. Сонымен қатар композициялық ережелері мен заңдылықтарын мұғалімнің білуі оған оқу тәрбие үрдісін дұрыс жолға қоюға жәрдемдеседі, ал оқушылар көркем өнерпаздың деңгейден алып шығып, сауатты бейнелеуге жол ашады.

Тақырып бойынша сурет салу сабағын оқыту бейнелеу өнері мұғалімінің ерекше қызмет формасы. Мектептегі практика көрсеткендей, кейде бейнелеу өнері мұғалімдері тақырыптық сурет салу бойынша сабақтың тақырыбын айтумен шектеледі де, балалар өз білгендерін бейнелеумен шектеліп  қалады.

Бастауыш сынып оқушыларын тақырыптық сурет салуға жігерлендіру педагог онша қиындық туғызатын жағдай емес.

Балалардан жазда не көргендігін сұрасақ болды, олардың суға шомылу, балық аулау, даладағы еңбек туралы еңбектерін ойына түсіреді. Бұл балаларды бейнелеу іс-әрекетіне жігерлендіру үшін жеткілікті, бірақ мұғалім балаға бақылаушы ретінде қарап, оларды басшылықсыз қалдыруға болмайды.

Тақырыптық композиция бойынша жұмыс сюжетті іздеуден басталады, ол мұғалімнің міндеті – сол жастағы балалардың  жасына лайық, соған қызығатын композиция сюжетін таңдауға көмектесуі тиіс. Композиция тақырыбын таңдауға ең алдымен баланың бұрын көргендері, қоршаған орта туралы елестеулері жәрдемдеседі.

Адам  бұрын көрген қабылдау мен елестету тәжірибелерін қолданбайынша шығармашылықпен жаңа нәрсені жасау, қиялдау мүмкін емес.

Суретшілер мен жазушылар жаңа шығарма жасау барысында, өмірден алынған нақты образдар арқылы шығып отырады. Тіпті фантастикалық образдарды жасау барысында да суреткер өмір шындығынан алынған адамға белгілі образдық элементтеріне сүйеніп отырады.

Тақырыптық сурет салу сабағында шығармашылық қиялды дамыта отырып, осы айтылғандарды есепке алуы тиіс. Сондықтан оқушылардың ой белсенділіктерін арттырып,  композициялық ойды табудан бастап, суретті аяқтағанға дейін олардың жұмыстарына жәрдемдесіп отырады. Сонымен қатар бұл жағдайда  мұғалім картина композициясының, сюжетті айқын ашып көрсетуге, өзінің сол оқиға немесе құбылысқа деген қатынасын, ой сезімін білдіретіндігін түсіндіреді.

Оқушылар композицияның эскизін жасардан бұрын мұғалім суреттегі бейнелеу обьектілерінің көптігі тақырып мазмұнын ашуға септігін тигізе бермейтіндігін ескертеді. Композициядағы артық нысандар идеялық мазмұнды  ашып көрсетуге кедергі келтіруі де мүмкін.

Балаларды композиция негіздеріне  оқыту оларға композициялық ережелері мен заңдылықтарын оқытудан басталады. Кейбір суретшілер, өнертанушылар, педагогтар композицияның нақты да қатал заңдылықтары жоқ, сондықтан оған оқытудың қажеті де жоқ, композиция деген суретшінің  табиғи дарынымен оның интуициясына байланысты жеке адамның іс-әрекеті деп есептейді.

Бірақ Көркемөнер академиясында өз шәкірттеріне композицияның ережелері мен заңдылықтарын оқытқан. Қазіргі күнде де суретші-педагогтар осы суретті оқыту дәстүрін жалғастырып келеді. Сурет саласындағы  академиктер М.Т. Манизер композицияның он ережесін, А.М. Лаптев – бес ережесін, академик А.А.Дейнека – бес ережесін көрсеткен.  Академик В.Н. Яковлев біздің бейнелеу өнерінде тақырыптық картина композициясының жиырма заңдылығы мен қырық жеке ережесі бар екендігін айтқан.

Осы мәселеге байланысты бір қатар композиция тақырыптық картиналарда кездесетін заңдылықтарын қарастыруға болады. Олар: симметрия және ассиметрия, тепе-теңдік және ритм, статика және динамика, қосалқылардың бастыға бағынуы, көру орталығын бөліп көрсету және картина композициясындағы ең бастыны бөліп көрсету.

Композициядағы симметрия заңдылығы композицияның оң және сол бөліктерінің тең болуын қажет етеді.

Ассиметрия бейне обьектілерінің композициялық орналасуындағы тепе-теңдіктің бұзылуын көрсетеді.

Композициядағы симметриялық тепе-теңдіктің бұзылуы, композициядағы қозғалысты тудырады, картинаға құбылыстың элементін кіргізеді.

Тепе-теңдік картинаның композициялық беріктілігін көрсетеді.Бұл жағдайда картинаның оң және сол жақ беттеріндегі көріністердің  бірдей (яғни айнаның шағылысуындай) болуы шарт емес, бірақ ол болуға тиіс. Бұл тепе-теңдік мынадай түрлерде болуы мүмкін. Мысалы, картинаның бір бөлігі адам фигураларымен толтырылса, басқа бөлігі үйлермен ағаштармен толтырылады; түстер мен тоналдық қатынастарды шешу барысында – бір картинаның жоғарғы бөлігі жарық түстермен, төменгі бөлігі қараңғы түстермен теңестірілуі мүмкін.

Композициядағы ритм бір ғана зат бейнесінің қайталанып келуінен, немесе бір ғана фигура қозғалысына қайталанып келуінен құралады. Ритм заңы суретшіге қозғалыстың құрылымдылығы мен үздіксіздігіне жәрдемдеседі.

Статика заңдылығы дене мен сызықтардың қозғалыстарының тұрақтылығын, композицияны вертикаль және горизонталдық жағдайлардағы қалпын нақты мүшелеуді талап етеді.

Динамика заңдылығы, керісінше, дене қозғалысы бағыттарының күрт өзгеруін, картинадағы фигуралардың диоганал, спирал, зигзак  қозғалыстарымен орналасуын қажетсінеді.

Қосалқылардың  ең бастыға бағынуы заңдылығы бойынша суретшіге картинадағы заттар бейнесінің біреуі арқылы көрермен назары ерекше аударылып, барлық заттар басты зат бейнесіне бағындырылуы тиіс.

Көру орталығын бөліп көрсету заңдылығы бойынша басты элементті әдеттегідей емес орналасуымен айқындалады. Бірақ ол көрерменге әдейі жасалған сияқты болып көрінбеуі тиіс. Мысалы, суретші А.К.Сабрасовтың «Ұзақтар ұшып келеді» атты картинасында орталық вертикаль композиция осі білінеді. Перспектива  заңдылығына сәйкес көру орталығы горизонт сызығының бойында орналасуы тиіс.Бірақ суретші картинада көру орталығын горизонт сызығынан жоғары, ұзақ  қарғалар бейнесіне апарып орналастырған.

Әрине балалар мұндай күрделі міндетті шеше алмайтыны белгілі. Дегенмен, әрбір жастағы оқушыларға өздеріне лайық білім көлемі мен дағдыны меңгерту, оқу материалдарын берудің әдістері болатындығын айту орынды. Бірақ мұғалім қай жерде бейнелеу сауаттылығына тартып оған жетекшілік көрсетсе, үлгерімі көзге бірден көрініп тұрады.

Оқу үрдісін ұйымдастырудың негізгі формасы сабақ болып табылады.Оқу материалдарын оқу жылының белгілі күндеріне, айларына, тоқсандарына бөлу оқу жоспарының сапасын қамтамасыз  етеді. Әрбір сабақтың қарқындылығы, жаңа оқу материалының сапасымен, 45 минут бойы әрбір оқушыға берілетін физикалық жүктеменің  мөлшерімен анықталады. Мұндай жүйе оқушыға артық жүк түсірмей, оқуға берілетін уақыт мөлшерін ұтымды пайдалануға жол ашады. Сабақтардың қатал апталық сабақ кестесі бойынша анықталады. Бұл мұғалімге  оқу бағдарламасы бойынша жұмысты жыл бойына жоспарлауға жәрдемдеседі.

Оқу-тәрбие жұмыстарын жоспарлауға кіріспес бұрын, мұғалім бейнелеу өнерін оқытудың бағдарламасын оқып танысуы міндетті. Бағдарламада негізгі тапсырмалар мен нұсқалық қойылымдардың тізімі беріледі, бейнелеу өнерін оқыту курсының әрбір жыл бойынша, әрбір тапсырмаға берілетін сағаттар саны, орындау мүмкіндіктері айқындалады.

Оқушылардың әрбір тоқсанда, әрбір сыныпта алатын бейнелеу өнері білімдері мен меңгеретін бағдарламаларының көлемі бөліп көрсетілді.          Педагогикалық қызметті жаңа бастаған педагогтар бұл оқу бағдарламаларында бар, мұны бөліп көрсетудің  қажеті жоқ деп есептейді. Оқу бағдарламасында әрбір жылға бөлінген оқу тапсырмаларының бірізділікпен күрделенуі көрсетілгенімен, оқыту әдістемесінің көптеген жеке сұрақтары қарастырылмайды. Педагогикалық үрдіс – шығармашылық үрдіс.

Сондықтан оқу бағдарламасы  қатып қалған нәрсе емес, іс-әрекетке деген жалпы басшылық бағдар ретінде тану қажет. Бағдарламада тек қана негізгі бағыт беріледі, ал оны жүзеге асыру, көптеген жеке мәселелерді шешу, жұмысты ұйымдастырушының, мұғалімнің өзінің ісі.

Кейбір жас мұғалімдер,  бағдарламада орындауы мүмкін емес нұсқаулар берілсе оны қалай іс жүзінде асырамыз деп сұрайды. Мысалы, бейнелеу өнері туралы әңгіме сабақта қолдануға, дүкеннен тауып алуы мүмкін бола бермейтін  картина репродукциялары беріледі. Немесе бағдарламаның нұсқаға қарап сурет салу бөлімінде ауылдық жерлерде табыла бермейтін заттарды натюрморттық қойылымға қоюы ұсынылады.

Оқу бағдарламасы көрсетілгендердің бәрін бірдей орындауды талап етпейді. Ол оқушыларды қандай суретшілермен таныстыру қажеттігін және оның қандай шығармасы, шығармашылық келбетін айқын ашатындығын көрсетеді. Егер мұғалімде бағдарламада көрсетілген қандайда бір суретшінің картинасының репродукциясы табылмаған жағдайда, оны сол суретшінің басқа шығармасымен ауыстыруына болады.

Натюрморттың қойылымдарға байланысты да осыны айтуға болады. Бағдарлама тек қана зат формасының күрделік деңгейін көрсетеді, егер мұғалімде көрсетілген заттар болмаған жағдайда оны осы күрделілік деңгейіндегі басқа формамен ауыстыруға мүмкіндік беріледі.

Сондықтан, бағдарлама бойынша оқу жұмысын жоспарлау барысында, мұғалімге біріншіден, оқу материалдарының негізгі мазмұнын бөліп көрсету қажет; екіншіден, оның өзінің қолында бар дидактикалық материалдардың мүмкіндіктерімен санасуы тиіс.

Мектептегі бейнелеу өнерінің  мұғалімі өзінің жеке жұмыс жоспарын жасау барысында әрбір сыныпқа арнап жылдық жоспар жасауы қажет. Мұндай жылдық жоспарлардың ең дұрысы жылдық иллюстративтік жоспар етіп, жасау. Бұл жылдық жоспар жыл бойғы жұмыс мазмұнын көрнекті түрде елестетуге мүмкіндік береді.

Иллюстрациясыз жылдық жоспар жасау барысында мұғалімдер кейбір сабақ түрлерін тоқсандарға бөлуде өнер туралы әңгіме немесе тоқсан соңына нұсқаға қарап сурет салу сабақтарын жіберу сияқты сәтсіздіктерге жол береді. Мұндай жоспарларды ұтымды деп ойлауға болмайды. Балалар мектептегі  сабақтарды бітіріп, жазғы демалысқа бейнелеу өнерінен әрі қарай жұмыс істеуге көңіл күйі болмай шығады. Егер соңғы сабақтар сәндік сурет салу немесе тақырыптық сурет салу болса, онда балалар каникуль кезінде осы жұмыстарды әрі қарай жалғастыруға деген ынталары арта түскен болар еді. Балалар әдетте «Жазғы каникуль», «Жаңа жыл», «Бірінші мамыр», «Жаз» т.б тақырыптарға байланысты тақырыптық композициялар жасап, сәндік жұмыстарды қызыға орындайды.

Иллюстрациялық жоспар осындай кемшіліктерді бірден көруге мүмкіндік  береді. Мұнымен қатар иллюстративтік жоспарда оқу қойылымдарының сипаты және оның әдістемелік бағыттылығы көрінетін болады.

Жылдық оқу жоспарын бәрінен бұрын таблица түрінде, әрбір сабақ, әрбір тоқсан, әрбір оқу материалдары клеткаларға бөлініп жасалынады. Әрбір клеткада, сабақ түрі, сабақ тақырыбы, және жұмыс мазмұны көрнекті түрде беріледі. Кейбір әдіскерлер иллюстративтік жоспарды орындау артық уақытты алатындығына байланысты мұндай жұмыс түрі артық деп есептейді.Практика мұның керісінше екенін көрсетті.

Мұндайлар жыл бойына бірнеше  рет жоспарына өзгертулер мен толықтырулар енгізуіне тура келеді. Сөйтіп көптеген уақытын осы жұмыстарға кетіреді. Иллюстративтік жоспар көз алдында болған жағдайда мұғалім, қай жерде оқушыларға қандай бір немесе басқа тапсырманы беру қажеттігін айқын бағдарлай алады. Сонымен қатар иллюстративтік жоспар оқу материалдарын әрбір жылға, әр сыныпқа күнтізбелік жоспар, тақырыптық талдаулар мен сабақ конспектілерін жасау жұмыстарын жеңілдетеді.

Оқу жоспарын жасаумен қатар мұғалім сабаққа қажетті дидактикалық және әдістемелік материалдар жинақтайды. Бұларға әдістемелік және арнаулы әдебиеттер, олардан цитат түріндегі көшірмелер, аннотациялар, иллюстративтік материалдар, әр түрлі әдістемелік материалдар (схемалар, плакаттар, приборлар) халық шығармашылығының үлгілері жатады.

Көлемі шағын оқу- әдістемелік материалдар тақырыптарға бөлініп, жеке папкаларда немесе конверттерде сақталады. Өлшемі үлкен материалдар (репродукциялар, плакаттар, әдістемелік таблицалар) үшін арнаулы папка арнау қажет болады.

Мұғалімнің сабаққа дайындығының белгісі, оның тақырыптық талдаулар жасауынан көрінеді. Онда әрбір сабақтың  нақты мазмұны анықталып, оқу материалдарын меңгеру мен пысықтауға арналған оқу процесінің  құрылымдық әдістері көрсетіледі.

Жоғарыда көрсетілгендердің бәрі мұғалімге сабақ конспектісін құрастыруға сенімді мүмкіндік туғызады.