Халық жүрегіне ерекше қымбат тұлғалардың бірі – Міржақып Дулатұлы. Жақаңның бар ғұмыры халқымен тығыз байланысты. Осы арада бір ғана жәйтке тоқталсақ, қазақтың азаттық қозғалысының алғашқы сәулесіндей жылт еткен “Серке” газетіндегі “Жастарға” атты өлеңі мен жариялана түсіп жабылып қалған “Біздің мақсатымыз” атты мақаласына биыл аттай жүз жыл толады.
М.Дулатұлының есімі ақталып, бүкіл шығармашылық мұрасы халыққа қайтарылғалы жиырма жылға таяу уақыт болды. Содан бері оның әлеуметтік-саяси және әдеби-публицистикалық қызметін зерттеп, қоғамдық сананың игілігіне айналдыру жөнінде бірсыпыра істер атқарылды.
Бұл бағыттағы алғашқы тындырымды қадамдар ретінде 1988 жылы 4 қарашада Қазақ КСР Жоғарғы сотының шешімімен оның заң жүзінде азаматтық жағынан ақталуын және 1989 жылы 26 шілдеде М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ұсынысымен Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті комиссиясының қорытындысы бойынша қаламгердің шығармашылық мұрасы идеялық-саяси тұрғыдан ақталғанын атап көрсетуге болады.
Осыдан кейін-ақ Алаштың өзге қайраткерлерімен бірге Міржақып Дулатұлының да қоғамдық-саяси және әдеби-шығармашылық мұрасын жариялау және кең көлемде насихаттау жұмысы белсене қолға алынды. Тоқсаныншы жылдардың бас кезінде шығармаларының әуелі бір томдық, сонсоң екі томдық басылымдары жарық көрді. Тарихшы, әдебиетші ғалымдар оның саяси-әлеуметтік және әдеби-публицистикалық қызметтерін кең көлемде зерттей бастады. Мерзімді баспасөз беттерінде өмірі мен қызметі жайында тағылымды мақалалар жарияланды. Алғашқы ғылыми монографиялар жарық көрді. Кандидаттық диссертациялар қорғалды. Артында қалған жалғыз мұрагері Гүлнар Міржақыпқызының ерекше күш салып, қалам тербеуі арқасында “Шындық шырағы” атты екі томдық естелік еңбегі оқырман қауымға тарту етілді.
Осындай жүйелі жұмыстардың нәтижесінде 2002-2004 жылдары Алаш ардагерлері ішінде алғашқы болып М.Дулатұлы шығармаларының бес томдық академиялық басылымы жарық көрді. Солардың барлығының бір түйінді нәтижесі ретінде бір топ жас ізшілдердің табанды ізденісі арқасында сонау солтүстіктегі Карелия жерінде дамылдап жатқан ардагер аға мүрдесі Торғай жеріндегі өзінің туған топырағына әкелініп, қазақ дәстүрімен қайта жерленді.
Енді, міне, белгілі бір мөлшерлі мезгіл жеткенде, ел жадындағы жақсының ғибратты ғұмырына тағы бір көңіл көзімен барлай қарап, тағзым етудің сәтті орайы келіп тұрғандай.
Демек, бұл тұста Міржақып Дулатұлы кім деген сауал көлденеңдей алмайды. Оның халық деп соққан жүрегінің дүрсілі ғасыр сағатының тіліндей тырсылдап естіліп тұратынына ешкімнің күмәні болмаса керек. Ендігі мәселе – біз оның табиғи болмысына қаншалықты бойлай алдық деген сұрақтың төңірегінде ғана өрби алмақ. Сондықтан бұдан арғы әңгімені де біз осы бағытта жалғастырмақпыз.
Өткен ғасырдың ұшар басында Торғайдың екі басқыш қазақ-орыс мектебін және Қостанайда осындай мектеп жанынан ашылған бір жылдық курсты бітіріп, мұғалімдік куәлік алып шыққан жас жігіт туған елінде бір-екі жыл ауыл мектебінде бала оқытты. Үйез орталықтарында оқи жүріп, елдің әлеуметтік өмірінен азды-көпті хабардар болған көзі ашық жігіт ауыл тірлігімен томаға тұйық қала алмады. Әр түрлі салаға ой жүгіртіп, әлденелерге алаң болды. Сондағы оны ең мазалаған нәрсе, ауыл балаларына жүйелеп сабақ берерлік оқулықтар жоқ: әсіресе есеп шығартатын, әртүрлі мәтін оқытып жаттықтыратын оқу құралдары жетпейді, соларды өзіміз-ақ құрастыруымызға болар еді-ау деген ой мазалайды.
Көзіңді аш, оян қазақ, көтер басты,
Өткізбей қараңғыда бекер жасты.
Жер кетті, дін нашарлап, хал арам боп,
Қарағым, енді жату жарамас-ты.
(М.Дулатов, «Оян, қазақ»)
Адамзат тарихында қилы-қиямет оқиғалармен, дүбірлі даму үрдісімен ерекше орын алған ХХ ғасырдың басы қашаннан еңбегі еш, тұзы сор қазақ халқы үшін де сындарлы кезең болғаны белгілі. Осындай талма тұста, шешуші сәтте ұлт үшін қызмет көрсетудің үздік үлгісін көрсеткен алтын айдарлы арыстарымыздың қатарында Міржақып Дулатовтың есімі бұл күнде зор ілтипатпен аталады.
Сондай аумалы-төкпелі, аласапыран кезеңде халқының жоғын жоқтап, мұңын мұңдап, аузы алты қарыс патша өкіметіне қарсы бас көтерген қазақ азаматтарының іс-әрекеттерін ұлт азаттығы үшін күрес деп бағалаған жөн. Басым көпшілігі сауатсыз, қараңғыда бұйығып жатқан елді оятып, жаңаша өмірге, еркіндікке, елдікке тарту, әлбетте, оңай бола қойған жоқ. Соның үшін де А.Байтұрсынов ұйықтап жатқан елді оятар ма екен деп «Масасын» ұшырды. М.Дулатов «Оян, қазақ!» деп ұран салды. С.Торайғыров «Қараңғы қазақ көгіне, өрмелеп шығып күн болам» деп жалын атты. Ә.Бөкейханов орыс газеттеріне қазақ жерін қалай болса солай тартып алып жатқан, қазақтарды шоқындыруды көздеген патша саясатына қарсы мақалалар жазды.
Әрине, мұндай белсенділік, батылдық озбыр да өктем патша өкіметі назарына бірден ілігіп, қатты қысым көрді. Көптеген арыс азаматтар жауапқа тартылып, түрмеге жабылды. Елге «іріткі салуларына» қатаң тыйым салынды.
Осындай зорлық-зомбылықтардың кеңінен орын алғанын сол кездері қазақ даласын басқару орталықтары болған Омбы, Орынбор, Санкт-Петербург мемлекеттік мұрағаттарында күні бүгінге дейін сақталған құжат-қағаздар айғақтайды. ХХ ғасырдың оныншы жылдарында жарық көріп, қазақ даласына жаумай жасын түскендей әсер еткен Міржақып Дулатовтың «Оян, қазақ!» өлеңіне қатысты қозғалған өндірістік іс құжаттарын Омбы облыстық мемлекеттік мұрағатынан ұшырастырдық.
Жалпы, жоғарыда аталған мемлекеттік мұрағат үйлерінде ұлтымыздың тарихына қатысты көптеген құнды материалдар қордаланған. Оған өткен жылдың жаз айларында Санкт-Петербург университетінің мұражайында болғанымызда көзіміз тіпті қаныға түсті. Сол зерттеу, іздену жұмыстарының нәтижесінде дүниеге келген, халқымыздың тұғырлы тұлғалары Ж.Ақбаев, Р.Мәрсеков, Ж.Сейдалин, т.б. жайындағы мұрағат материалдарына сүйеніп жазылған мақалалар шоғыры оқырман олжасына айналып үлгерді («Жақып Ақбаев: Санкт-Петербург беттері», «Ұлт жанашыры Райымбек Мәрсеков жайында», т.б.). Көзі қарақты қауым өкілдерінен лайықты бағасын алуда. Ал Бақытжан Қаратаев, Барлыбек Сырттанов, Айдархан Тұрлыбаев туралы материалдар зерттелу, нақтылану, басқа қосымша құжаттармен, дерек-дәйектермен нақтылану үстінде. Бұл еңбектердің басты ерекшелігі де сонда — бұлтартпас дерек-дәйектерге сүйене отырып жазылуында болып отыр.
Біз бүгін жоғарыда аталған «Оян, қазақ» өлеңіне қатысты құжаттар төңірегінде сөз өрбітпекпіз. Ол үшін М.Дулатов өміріне қысқаша шолу жасай кеткен орынды болмақ.
М.Дулатов 1985 жылы 25 қарашада бұрынғы Торғай облысы Торғай уезіне қарасты Сарықопа болысында, қазіргі Қостанай облысы, Жанкелдин ауданы, «Қызбел» колхозының жерінде туған.
Әкесі Дулат ескіше оқыған, өз дәулеті өзіне жетерліктей шағын шаруашылығы бар, көзі ашық адам болса керек. Балаларының үлкені Асқарды әуелі мұсылманша, сонсоң орысша оқытып, заң қызметіне бейімдеп үлгерген Дулат кіші баласы Міржақыпты да сол үрдіспен ал дегенде ауыл молдасына береді.
Бірақ Жақаңның (Міржақыпты кейін ел осылай атап кеткен. — Н.О.) өз айтуынша, екі жыл азап шеккеннен басқа ештеңе ала алмағаннан кейін, әкесі оны молдадан шығарып алып, ауылдық мектепте орысша оқытатын Мұқан Тоқтабайұлы деген мұғалімнін тәрбиесіне береді. Сөйтіп, Жақаңның өнер-білім жолындағы ұзақ жылдар бойғы жемісті ізденістері бастау алады.
Бұл ретте айта кету керек, жаңағы Мұқан мұғалім де, одан кейінгі Ахмет (Байтұрсынов), Асқар, Міржақыптар да халықтың шын жанашыры болып туып, оның нұрлы болашағын ойлап, жанкештілікпен атқарған алып қызметінің арқасында мәңгілік маңызы бар іс тындырған, Торғай топырағына сарқылмас білім нәрін сеуіп кеткен Ыбырай атамыздың, ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсарин мектебінің түлектері еді.
Екі жасында шешеден, он екі жасында әкеден жетім қалған жас өскін Міржақып Асқар ағасының қамқорлығында, тәрбиесінде болады. Ол 1902 жылы жоғарыда аталған Торғай қаласындағы уездік орыс-қазақ мектебін ойдағыдай бітіріп шығады. Содан алты-жеті жылдай ауыл мектептерінде бала оқытады, ағартушылық ісімен айналысады.
Көзі ашық, көкірегі ояу, қабілеті кемел азаматтың кейінгі өмірінде кеңінен өріс алған белсенді, әлеуметтік, саяси шығармашылық қызметі, міне, осы кездерден басталады.
Бұл кезең XX ғасырдың басы. Талайдан бері өз ырқы өз қолынан шығып, телімге түсіп кеткен қазақ халқының томаға-тұйық қалыптан оянып, бас көтере бастаған шағы. Әлеуметтік-саяси жағынан алғанда, бұл кезең патша өкіметінің қазақ даласында отаршылықты күшейтіп, шаруашылық жағдайы онсыз да оңала алмай жүрген панасыз елге езгісін асыра түскен жылдар еді.
Мүндай жағдай сол кездері көздері ашылып, сана-сезімдері оянып, халқының қамын ойлай бастаған қазақтың алдыңғы қатарлы, озық ойлы азаматтарына қозғау салды. Олар адамзаттың тарихи көшінен қалтарыс қалып, тымырсық жатқан елдің тығырықтан шығар жолын іздестіріп шарқ ұрды. Бастапқыда таза ағартушылық сарында туындап, сонан соң барып саяси сипат алған бұл қозғалыс патшалық биліктің саяси дағдарысқа ұшырауы, елдің түрлі аймақтарында, әсіресе түркі тілдес халықтар арасында ұлт-азаттық, либералдық-демократиялық тұрғыдағы сана-сезімнің ояна бастауы жағдайында анық әлеуметтік құбылыс дәрежесінде бой көрсетті.
Міне, осындай тарихи ахуалда, жас ұрпаққа білім беріп жүрген Міржақып сияқты көңілі сергек, көкірегі ашық жас мұғалімнің халықтың тағдырына байланысты саяси-әлеуметтік мәселелерден тыс қала алмағаны заңдылық еді. Осы орайда жасы жиырмаға толмаған балаң жігіт тынымсыз ізденіс үстінде болып, көңілге түйгенін де, күн сайын көре жүріп, өзгеге айтқысы келген жан сөзін де жұрт жүрегіне қонымды өлең шумақтарымен жеткізе алатын, Алланың берген сыйындай арда өнер — ақындық дарынымен де таныла бастаған-ды. Қысқасы, өрелі ой мен өршіл талап өн бойынан сәтті сабақтастық тапқан жас жігіт үлкен өмірден рухани өріс іздеді, ұлы мақсаттар мен асыл мұраттар жолында құлаш сермейтін кеңістікке қарай асықты.
Ол кезде Міржақып осынау тың сонар, соны соқпақта із салып кеткен Ахмет (Байтұрсынов) ағасының атын еміс-еміс естіп жүретін. М.Дулатов 1904 жылы алыс сапарға аттанып, сол кезде Арқадағы қазақ зиялыларының бас қосатын бір орталығы — Омбы қаласына тартады. А.Байтұрсынов бұл кезде бүкіл қыр еліне әлеуметтік-саяси қозғалыстың беделді басшысы ретінде танылып қалған болатын. Содан былайғы бүкіл өмірлерін бір мақсат-мүддеге арнап, ақтық демдері біткенше жұп жазбай өткен екі есіл ердің алғаш рет жүздесіп, арман-ой біріктірген жері осы Омбы қаласы болады.
Содан Міржақып Ахмет ағасына еріп, Омбыдан Қарқаралыға беттейді.Осында әуелі астыртын жұмыстан бастау алып, кейін жария сипат алған революциялық жұмысқа белсене араласады.
М.Дулатовтың шығармашылық мұрасы жөніндегі Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің қорытындысында: «1905 жылғы оқиғалар тұсында ол Қарқаралыда шеруге қатысқандар қатарында болды» деген мәліметтер бар.
Осындай қызу қимылмен көзге түскен жиырмадағы жас жігіт осы сапарында қазақ конституциялық-демократиялық партиясының Оралдағы съезіне қатысады да,соның делегаттарымен бірге 1906 жылы Санкт-Петербургке барады.
Күні кешегі ауыл мұғалімінің әлеуметтік-саяси көзқарасының қалыптасуына, ой өрісінің кеңейіп, ішкі сенімдерінің беки түсуіне бұл сапардың айрықша маңызды болғаны, өз-өзінен түсінікті. Саяси күрескерліктің алғашқы сабақтарын Омбы мен Қарқаралы, Ә.Бөкейханов пен А.Байтұрсынов мектебінен алған М.Дулатов астанаға барғанда оны одан әрі дамытып, жетілдіре түседі.
1907 жылы Санкт-Петербургте шыққан «Серке» газетінде Міржақыптың «Жастарға» деген өлеңі басылады. Ал осы газеттің қатталып, бірақ жарық көре алмай қалған екінші санында М.Дулатов қаламынан туған «Біздің мақсатымыз» атты бас мақала болады.
Осыдан екі жыл кейін жарық көрген «Оян, қазақ» атты өлеңдер жинағы тәркіленіп, патшалық әкімшілік тарапынан қуғынға ұшыраған кезде, жандарм қызметкерлерінің таққан негізгі кінәсі де осы — сол Санкт-Петербургте тұтқындалған газет мақаласының идеясын әрі қарай уағыздағаны болады.
М.Дулатов Санкт-Петербург сапарынан Торғайға белсенді қайраткер, саяси күрескер ғана емес, сонымен бірге шабытты ақын да болып оралады. Айрықша қарқынмен, жылдам жазып, түрлі тақырыптар төңірегінде ой толғаған тебіреністері бірер жылдың ішінде толыққанды жинақ болып түзіледі. Ақын оны Уфа қаласындағы «Шарқ» баспасынан «Оян, қазақ!» деген атпен 1909 жылы бастырып шығарады.
Қазақ халқының рухани өмірінде дәл сол, 1909 жылы Санкт-Петербургте Кәкітай бастырып шығарған Абай өлеңдерінің жинағы, Крылов шығармаларынан аударылып басылған АБайтұрсыновтың «Қырық мысалымен» қатар, «Оян, қазақтың» да маңызы ерекше болды. Сондықтан алдыңғы екеуі сияқты «Оян, қазақ» та қолдан қолға, ауыздан ауызға тарап, шамалы уақыт ішінде ақынның атақ-даңқын алты Алашқа әйгілі етті.
Бірақ бұл кітап жас авторға осындай абырой-беделмен бірге, патша әкімшілігі тарапынан қуғын-сүргінді де ала келді. Басы тергеуге түсіп, «Оян, қазақ» жаппай тәркіленді. Жандармерияның Ахаң мен Жахаң, Әлихан аға Бөкейханов жайындағы жазғандары 1917 жылы «Қазақ» газетіңде жарияланған. Онда Орынбор жандарм мекемесінің бастығы полковник Кашинцев 1916-жылы Орынбор губернаторына былай деп жазған екен:
«Орал губернаторының телеграммасы бойынша «Қазақ» газетін шыгарушы Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Ғалихан Бөкейханов үшеуінің өкіметке қарсы істеріне қатысты мағлұмат беремін: Ахмет Байтұрсынов 1909 жылы Қарқаралыда өкіметке қарсьі іс істегені үшін абақтыга жабылган, министрдің жарлыгы бойынша екі жылга жер аударылған. Орал губернаторының телеграммасында Байтұрсынов 25 жарлығына қарсы қазақты құтыртты дейді.
Міржақып Дулатов 1911 жылы маусым ішінде «Оян, қазақ» атты кітабын таратқаны үшін Семейде абақтыға жабылып, 103 һәм 129 статъялар бойынша айыпталып, Окружной соттың үкімі бойынша 19 ай қамауда отырды. Орал губернаторының телеграммасы бойынша Дулатовтың үйіне және редакцияда тінту болды, бірақ ештеңе табылмады.
Ғалихан Бөкейхановтың 1911, 1912 жылдары с.р. партиясына қатынасып жүргені сезілді. Орал губернаторының телеграммасы бойынша Самара жандарм мекемесіне білдірдім, олардың сыртынан бақылап жүрміз деген хабар алдым».
Губернатордың атына берілген және бір мәлімдемеде былай деп жазылған: «Қазақ» газетін шығарушы Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатов өздерінің агенттері һәм школдағы шәкірттері арқылы қазақ халқын үкіметке қарсы тұруға құтыртып жатыр. Түрік пен неміс орысты жеңіп тұр, қамсыз қалмаңдар, кез келді, қимылдап қалыңдар деп жел береді. Байтұрсынов абақтыга түсті дегенде қуанып едік. Бірақ Самарадан бірінші мемлекет думасы мүшесі Ғалихан Бөкейханов келіп Байтұрсыновты шығарып алыпты. Төменшілік жүзінен өтінеміз, Ахмет Байтұрсыновты және Міржақып Дулатовты Омбыдан айдап жіберсеңіз екен».
Бұған қарағанда бұл адамдардың аяқ басқанын үш губернатордың бірдей бақылап отырғаны байқалады. Ал енді біздің қолымыздағы мүрағат қүжаттарын сөйлетіп көрейік: