Ақшалай қаражат кассадағы және банктегі шоттардағы қолма-қол ақша ретінде белгіленген. Ақшалай қаражат қозғалысы – олардың операциялық, инвестициялық және қаржылық қызметінің нәтижесіндегі түсімімен жұмсалуы.
Кассадағы ақшалай қаражатты сақтау, жұмсау және есептеу тәртібі есеп саясатына сәйкес шаруашылық жүргізуші субъект дербес жасайтын Кассалық операцияларды жүргізу ережелері белгіленген.
Касса – бұл ақша сақталуын қамтамасыз ететін арнайы жабдықталған бөлме.
Кассалық операцияларды құжаттық рәсімдеу мен есептеу. Кассалық операциялар қолма-қол ақша қабылданған соң бухгалтер немесе өкілетті тұлға қол қойған кірістік кассалық ордермен (ККО) (ф.№ КО-1) рәсімдейді.
ККО-ны бухгалтерия қызметкерлері бір данамен жазады, оған бас бухгалтер немесе уәкілетті тұлға және кассир қол қояды, кассирдіңмөрімен куәландырылады, кірістік және шығыстық кассалық құжаттарды тіркеу журналында тіркеледі және ақша тапсырушының қолына беріледі, ал ордер кассада қалады.
Қолма-қол ақша берумен байланысты операциялар шығыс кассалық ордермен (ШКО)(ф. № КО-2) немесе басқа құжаттармен (төлем тізімдемесі, ақша беру туралы өтініш) және фискальды коды бар бақылау-кассалық аппарат арқылы жүргізіледі.
ШКО-ны бухгалтерия қызметкері бір данамен жазады, оған бас бухгалтермен ұйым басшысы немесе соған уәкілетті тұлға қол қояды, кірістік және шығыстық кассалық құжаттарды тіркеу журналында тіркеледі.
Ақша беру туралы құжаттарға басшы және бас бухгалтер қол қояды. Бұл құжаттардың түзетілген жері, түзетуі болмауы керек. ККО, ШКО-де оны жасау үшін негіз көрсетіледі және оларға тіркелетін құжаттар аталады.
ККО,ШКО кассаға тапсырылуға дейін бухгалтерияда кірістік және шығыстық құжаттарды тіркеу журналында (ф.№ КО-3) тіркеледі.
Кассалық ордерлер бойынша ақша қабылдау мен беру оларды толықтырған күні ғана болады. ККО, ШКО-ді алған кезде кассир мыналарды тексеруге міндетті:
— құжаттарда бас бухгалтердің қолы бар-жоқтығын, растығын; ал ШКО-да басшының да қойылған қолы бар екендігін тексеру;
— құжаттарды рәсімдеудің дұрыстығын;
— құжаттарда аталған тіркемелердің бар-жоқтығын.
Егер осы талаптардың бірі орындалмаса, кассир құжаттарды бухгалтерияға қайтарады.
Түсу мен жұмсау бойынша барлық операцияларды кассир 1 жылға ашылатын (ф.№ КО-4) кассалық кітапқажазады. Оны ашқан кезде кітаптың барлық парақтары нөмірленіп, жіппен қайымдалуы (прошнуровано) тиіс және парақтардың жалпы саны кассалық кітаптың соңғы бетінде көрсетілуі тиіс. Кітап мөрмен мөрленіп, бас бухгалтер мен басшының қолдарымен бекітіледі. Кассалық кітаптағы жазбалар көшірме арқылы 2 дана болып жүргізіледі. ККО,ШКО жазбалары басталмас бұрын кассалық кітапта күн басындағы ақша қалдығы көрсетіледі. Жұмыс күнінің соңында кассир күні бойғы операциялардың қорытындысын есептейді және күн соңындағы ақшаның алған қалдығын шығарады. Кассалық кітап беттерінің екінші даналары жыртылады және кассирдің есебі болып қызмет етеді. Есеп оған тіркелген бастапқы құжаттармен (ККО,ШКО) бірге бухгалтерияға тапсырылады. Кассалық операциялардың синтетикалық есебін 1001 «Кассадағы қолма-қол ақша», 1005 «Кассадағы қолма-қол шетелдік валюта» шоттары кіретін 45 «Кассадағы қолма-қол ақша» бөлігінде жүргізіледі.
1006 шоттарындағы операцияларды жазу үшін кассалық есептер (кассалық кітаптың екінші данасының жыртылған парақтары) негіз болып табылады.
Есеп айырысудың қолма-қол ақшасыз түрі.
Ағымдық және жинақ шоттары – жеке және заңды тұлғалардың жекелеген бөлімшелерінің банктік шоттары.
Корреспонденттік шоттар — банктік операциялардың жекелеген түрлерін атқаратын банктер мен ұйымдардың банктік шоттары.
Ағымдағы немесе корреспонденттік шоттарды ашқан кезде банк клтенттің пайдасына түскен ақшаны қабылдауға, клиенттің клиентке немесе үшінші тұлғаларға тиісті ақша сомасын аудару туралы ұйғарымын орындауға және банктік шот шартында қарастырылған (ҚР АК 747 бап) басқа да қызметтерді көрсетуге міндеттенеді.
Банктік шотты ашу үшін клиент банкке мынадай құжаттар ұсынады:
1. ҚР Заңды тұлғалары – резиденттер мен олардың жекелеген бөлімшелері (филиалдары мен өкілдіктер):
— қаражат берушілердің (басшы, бас бухгалтер) қойған қолдарының үлгілері бар құжат және нотариалды куәландырылған, екі дана мөр бедерлемесі;
— клиенттің салықтық есепке (СТН) қойылған фактісін растайтын салық қызметі органы берген құжаттың түпнұсқасы;
— мемлекеттік тіркеуден өту фактісін растайтын уәкілетті орган берген, белгіленген формадағы құжаттың көшірмесі;
— фирмалар мен өкілдіктер үшін — ҚР заңды тұлға – резиденті филиал немесе өкілдік басшысына берген сенімхаттың көшірмесі;
— жарғының нотариалды куәландырылған көшірмесі, не болмаса клиенттің үлгі жарғы негізіндегі қызмет фактісін растайтын құжат;
— банк белгілеген үлгідегі өтініш.
Қолма-қол ақшасыз есеп айырысудың мынадай негізгі формалары ұсынылады:
1. Төлем тапсырмасы.
2. Чек.
3. Вексель.
4. Төлемдік талап-тапсырма.
5. Аккредетив.
6. Инкассолық өкім, салық қызметі органдары мен кеден органдарының инкассолық өкімі.
7. Ұлттық банктің құқықтық-нормативтік актілерімен белгіленген басқа да құжаттары.
Төлеуші мен алушы арасындағы қаражат есептеу формалары шартпен немесе келісіммен белгіленеді.
Банктік шоттардағы ақшалай қаражатты есептеу үшін субъектінің қаржы-шаруашылық қызметі шоттарының Үлгі жоспарының 4- бөлігі шоты арналған. Ағымдағы шоттағы операцияны көрсету үшін 1007«Ағымдық, корреспонденттік шоттардағы ұлттық валюта ақша» шоты қолданылады. Бұл шоттың дебеті бойынша ақша қаражаттарының түсуі, ал кредиті бойынша – шығуы көрсетіледі. Үзінді көшірмелердің 1007 шот кредиті бойынша №2 журнал-ордерге қосымша №2 тізімдеме жүргізіледі, онда 1007 дебетіне жатқызылған барлық сома есептеледі.
Аудитор төлем мен ақша қозғалысы циклін функционалды аудитін өткізгенде мыналарды анықтайды:
— касса-банк операцияларын атқаратын қызметкерлердің сандық және сапалық құрамы;
— касса- банк құжаттарын жасап, өңдейтін адамдар үшін есеп пен ақша бақылауды әдістемелік және ереже белгілейтін (нормативті) қамтамасыз етудің бар-жоғы;
— бұл жұмыс учаскесінің қызметкерлері кімге есеп береді;
— касса-банк және басқа ақшалай операциялардың дұрыстығын кім, қашан және қалай тексереді?
— банкте кассадағы ақшаның бар-жоғын кенеттен тексеруді жүйелі жүргізуге арналған тұрақты жұмыс істейтін комиссияны тағайындау туралы басшының бұйрығы бар ма ?
— бұл бұйрық орындала ма, кассаны кенеттен тексеру актілері бар ма және олардың мазмұны қандай?
-аналитикалық және синтетикалық есеп ,шаруашылық-ішілік бақылау мен ақшалай операцияларды жедел қолдау жолға қалай қойылған
Бұрмалаулар мен теріс пайдаланулардың алдын-алу үшін мыналар талап етіледі:
— банктегі есеп шот бойынша жазбаларды көшірмелерге тіркелген ннегіздемелермен үнемі салыстыру;
— жабдықтаушылармен құжаттарды қарама-қарсы тексеру өткізіп, құжаттарды рәсімдеуге талапты арттыру;
— дебиторлармен және кредиторлармен, қызметкерлермен және басқа контрагенттермен есеп айырысуларды қайта тексеруді жүйелі жүргізу.
Кассалық операциларды тексеру.
Кассадағы сақталатын ақша 1001 «Ұлттық валюта түрінде кассадағы қолда бар ақшалар» және 1001 «Шетелдік валюта түрінде кассадағы қолда бар ақшалар» 45 бөлімшесінің «Кассадағы қолда бар ақшалар» шотында ескерілуі керек. Осы шоттардың дебитіне кассаға түсетін ақша, ал кредитіне – кассалық есептен шығатын ақша жазылады. Бұл шоттар бойынша жазбал ар кірістік және шығыстық кассалық ордерлер негізінде жасалады.
Ақша жалған құжатсыз тікелей ұрлау ісі кассаны тексергенде кассадағы барды түгендеу жолымен анықталады.
Ақшаның кем шығуы бөгде адамдардың кассаны бұзу арқылы ақшаны ысырап қылу мен ұрлауы салдарынан ғана болмауы мүмкін, ол басқа заңсыз операцияларды уақытша заңсыз қарызға ала тұруымен де байланысты болуы ықтимал. Мұндай бұрмалаулар мен өызметті теріс пайдаланулар кассирді дұрыс таңдамау, кассаны жүйелі түрде тексермеу және ішкі бақылаудың нашарлығының салдары болып табылады.
Есеп шоттан алынған ақшаны кассаға кіріске алмау жағдайлары өте жиі кездеседі. Аудитор банктен чек бойынша алынған ақшаны кіріске алудың толықтығы мен уақыттылығын чек түбіртектерінде жазылған ұқсас сомамен, банк көшірмелерімен және кірістік кассалық ордерлермен салыстыру жолымен тексерілуі тиіс. Егер көшірмелерде тазартып өшіру, түзеу іздері бар болса, сондай-ақ қалдықтар айырмасында банктен ағымдағы немесе немесе есепшоттан көшірмелер алып, тексерілетін кәсіпорынның бухгалтериясындағы жазбаларды көшірме мәліметтерімен салыстыру керек.
Кассалық тәртіпті бұрмалау жағдайлары байқалғанда ол міндетті түрде тексерілуі керек. Сонымен бірге, едәуір сомадағы қолма-қол ақша алған немесе салған кәсіпорындармен есептесуларді салыстырған жөн.
Тексерудің келесі кезеңінде мыналарды анықтау керек: бұл ұйымда кірістік және шығыстық ордерлерді тіркеу журналы белгіленген түрде жүргізіле ме, барлық кассалық құжаттар журналда тіркелген бе, кассалық ордерлерде қалдырылып кеткен нөмірлер жоқ па, ақшалай қаражаттың түсуі мен жұмсалуы туралы операциялардың барлығы нөмірленуге, жіппен қайымдалуға, сургучты мөрмен басылуға тиісті парақтар саны кәсіпорын басшысы мен бас бухгалтердің қойылған қолдарымен куәландырылуға тиісті кассалық кітапта жазылған ба? Кассир жұмыс күні соңында сол күнгі операциялардың жиынтығын кассалық кітапта есептеуге және келесі күнге ақша қалдығын ығаруы тиіс.
Ақша қаражаттары аудитінде банктік операцияларын тексеруге көп назар аударуды талап етеді.Қолданыстағы заңнамаларға сәйкес кәсіпорындар өзінің ақша қаражаттарын қызмет көрсететін банк мекемелерінде сақтауға міндетті. Банк мекемелерімен есеп айырысу ағымдағы (есептік), корреспонденттік, жинақ шоттарында ақша сақтауға, қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді несиелер алумен, оларды өтеумен және қайта рәсімдеумен, шоттарда жаңылыс жазулар туралы талап-тілекпен байланысты туындайды. Кәсіпорындар арасындағы банк мекемелері арқылы есеп айырысулар есептесудің қолма-қол ақшасыз түрі бойынша атқарылады.
Ағымдағы ( есептік) шоттағы операциялардың аудитінде келесі жағдайларға назар аудару қажет:
1. Ағымдағы шот ашылған банк мекемесі.
2. Соманың банк көшірмелері бойынша, оларға тіркелген бастапқы құжаттарда көрсетілген сомаға сәйкестігі.
3. Көшірмелерге тіркелген бастапқы құжаттарда банк мөртабанының бар болуы; жасалған операциялардың дұрыстығын анықтау мақсатымен банкте қарама-қарсы тексеру ( не болмаса сұрау салу) ӨТКІЗГЕН ЖӨН.
4. Банкке тапсырылған қолма-қол ақшаның және басқа да ақша қаражаттардың кәсіпорынның ағымдағы шоттарына дұрыс және толық есепке алынуы.
5. Ақшалай қаражатты акцептелген төлем тапсырмаларымен байланыстың пошта бөлімшесі арқылы ( депозитке салынған еңбекақы, алименттер және т.с.с.) аударудың дәйектілігі, сондай-ақ аударым алушылардың тізбеде көрсетілген пошталық мекен-жайының анықтығы.
6. Теңгені конвертациялауға байланысты операцияларды есепте көрсетудің дұрыстығы.
7. Бухгалтерлік проводкалардың банктік операциялар бойынша дұрыстығын, операциялар бухгалтерлік есепте тиісті шоттарда көрсетілген бе ? Бухгалтерлік есеп бойынша өндіріс шығынына есептен шығару операцияларына ерекше көңіл бөлу керек.
8. Банк көшірмелерінің және парақтық нөмірленуі мен шоттағы қаражат қалдығын ауыстыру бойынша анықталатын құжаттардың толық сенімділігі. Банктің бұррынғы көшірмесіндегі кезең соңының қаражат қалдығы шот бойынша келесі көшірмедегі кезең басының қаражат қалдығына тең болуы тиіс. Егер банк тізімдемесінде ескерілмеген түзетулер мен тазартып өшірулер табылса, банк мекемесінде ыңғайласпа ( встречная проверка) өткізу керек.
Аудитор жол-жөнекей ұлттық және шетелдік валютадағы қаражаттың кәсіпорынның ағымдағы шотына немесе басқа шотқа есепке қосу үшін банк кассасына, жинақ кассасына немесе пошта бөлімшесінің кассасына салынған, бірақ белгілеуі бойынша әлі есепке алынбаған ақшалай соманың қозғалысы туралы ақпаратты оқып – білуі керек. 1004 «Жолдағы ақша» шоты бойынша есепке алу үшін банк мекемесінің, пошта бөлімшесінің түбіртектері, банк инкассаторларына тапсыруға арналған ілеспе тізімдеме көшірмелері негі болып саналады.