Мазмұндама

Мазмұндама туралы қазақша реферат

Оқушылардың тілін дамытуға, олардың өз ойын ауызша және жазбаша дұрыс әрі тартымды баяндай білуге үйрететін шығармашылық жазба жұмыстың бірі – мазмұндама. Жаңа бағдарламаның талаптарына сәйкес мазмұндама түрлері оларды қалай жаздыру керектігі мәтін соңындағы сұрақтар мен тапсырмаларда көрсетіліп отырылады. Мұндай тапсырмалар кейбір мәтіндерге үлгі ретінде ғана беріледі. Өйткені тіл дамыту жұмысы тіл сабақтарының тақырыптарымен ұштастыра, байланыстыра жүргізілуі керек. Сондықтан да мұғалімдер мазмұндама жинағымен жұмыс істегенде тіл тапсырмаларының қалай берілгендігі туралы үлгіні басшылыққа алып, басқа мәтіндердің материалдарын да пайдаланғаны жөн.

Мазмұндамалар жинағының мұғалімдердің пайдалануына қолайлы болу жағын ескеріп, мәтіндерді мөлшерменәр сыныпқа жеке-жеке бөліп береді. Жинаққа қосымшаретінде V—IX сыныптарды жүргізілетін шығарма жұмыстарының үлгі тақырыптары ұсынылады.

Жинақтағы материал V—IX сыныптарды жүргізілетін тіл дамыту жұмысының төмендегідей түрлеріи қамтиды:

1) ауызша әңгіме өткізу;

2) берілген сұраққа ауызша-жазбаша жауаптар қайтару;

3) жай және күрделі жоспар жасау;

4) мәтіннің көркемдік ерекшелігін және шығарманың; тіл, стиль ерекшелігін сақтай отырып, мәтінге жақындата ауызша және жазбаша мазмұндау;

5) мәтіннің формасын өзгерте мазмұндау, яғни I жақ, осы шақ формасындағы мәтінді III жақ, өткен шақ формасында немесе керісінше мазмұндау;

6) қысқарта     мазмұндау,   яғни   берілген мәтіндік тек түйінді, негізгі мәселелерін ғана мазмұндау;

7)  мәтіннен цитата және эпиграф келтіре отырып мазмұндау;

8) берілген мәтін туралы өз ой қорытындысын қоса мазмұндау;

9)  шығарма жұмыстары;

10)  сөздік жұмыстары;

11) берілген мәтін бойынша шәкірттердің өз беттерімен немесе мұғалімнің  көмегімен    сұрау-тапсырмалар құруы   және   әдеби-теориялық    ұғымдарды    пайдалана білуі.

Әр сыныпқа  арналған жеке бөлімдерде хабарлау-баяндау, суреттеу және байымдау-мінездеу түріндегі шығармалардан тиісті үзінділер берілді. Шығармалардың бұл түрлері мазмұндама жұмысында сыныптың жалпы дайындығына, оқушылардың   басым көпшілігін көбірек қызықтыратын тақырыптарға, мұғалімнің алдына қойып отырған мақсатына қарай V—IX сыныптардың қай-қайсысында болсын белгілі бір дәрежеде қамтылып отырылуы керек. Негізінде, V—VI сыныптар үшін хабарлау-баяңдау, VI сыныпта — суреттеу, VII және IX сынаптарда — байымдау-мінездеу түріндегі шығармалармен жұмыс жүргізу негізгі орын алуға тиіс.

Оқушыларды шығарманың жоспарын жасауға жаттықтыру жұмысы ерекше және елеулі орын алуға тиіс. Бұл — оқушылардан көп жаттығуды және мүғалімнің өзінің ізденіп, еңбектенуін талап етеді. Сонымен бірге жоспар жасау оқушылардың берілген мәтінді тереңірек түсінуіне, логикалық ойлау дағдыларын қалыптастыруға, мазмұндама жұмысын дұрыс орындауға   көмектеседі,   яғни жұмыстың нәтижелі орындалуын қамтамасыз етеді. Мемлекеттік бағдарлама V сынып оқушыларының, өздеріне көлемі шағын шығармалар мен жеке үзінділерге жай және күрделі жоспар жасай білуді, жоспардың әрбір тармағын сөйлемнің бір ғана түрімен де, цитаталар арқылы да жаза білуді міндеттейді. V—IX кластарда бұл жұмыс тереңдей түседі, бұл сыныптарда шығарманың, күрделі жоспарын жасауға көбірек көңіл бөлінеді.

Жинақтағы мәтіндердің басым көпшілігіне мазмұндау жоспары берілді. Оларды мұғалімдердің міндетті түрде қолдануы талап етілмейді. Ол оқушыларға шығарманың әр түріне қарай қалай жоспар жасау керектігін үлгі ретінде көрсету, жоспардың әрбір тармағын әр түрлі сөйлемдермен құрастыру үлгілерімен таныстыру мақсатын көздейді.

Оқушыларды көрнекті жазушылардың шығармаларындағы жеке тарау, тақырып аттарымеи және қысқа шағын шығармаларға қойылған атаулармен таныстырудың, олардың неліктен солай деп аталғандығын түсіндірудің мәні зор.

Оқушыларды шығарманың жоспарын жасауға дағдыландыруда жинақтағы үлгі есебінде берілген жоспарды немесе мұғалімнің өзі құрастырған жоспарын оқушыларға тақтадан көшірте салу, яки бұл шығарманың жоспары мынадай болуға тиіс деп үнемі айтып беріп отыру дұрыс болмайды.

Олай болса, оқушылардың шығарманың жоспарын жасауға үйрету алғашқы кезде мұғалімнің тікелей басшылығымен және сыныптағы оқушыларды толық қатыстыра отырьш, бірлесіп жоспар құрастырудан бастаған жөн. Ол үшін мұғалім мәтін мазмұнына қарай сыныпқа сұрақ бе-ріп, бірнеше оқушыдан жауап алады, солардың ішіндегі ең дәл, тұжырымды айтылғанын тақтаға жазып қояды немеее оқушыларға айтып беріп жаздырады.

Әдетте, оқушыларды мазмұндау жоспарын өз бетінше жасай білуге үйретуде, жеңіл материал алып, оның мазмұндау жоспарын сұраулы сөйлеммен құрастырудан бастаған жөн. Бірте-бірте күрделірек мәтін  алынып (суреттеу элементтері аралас), оны жоспарлауды сөйлемнің әр түрімен, яғни хабарлы, сұраулы түрлерін араластыра қарастыру қажет.

V—IX сыныптардың қай-қайсысында болса да мәтінді мазмұндау жоспарының екі түрі де (жай және күрделі жоспарлар) аралас не қатар жүргізіліп отырылады.

Жай жоспарда мәтінде баяндалатын негізгі оқиғалар мен суреттемелерді ғана алып, соған сұрақ беру немесе сол оқиға мен суреттемеге ат қою түрінде жоспар жасалады.

Ал күрделі жоспарда алдымен негізгі оқиғалар, суреттемелер алынып, одан кейін оларды ішкі мазмұнына қарай ұсақтап, бөлшектейді. Алдымен негізгі мәселеге атау беріліп, одан соң соның ұсақ бөліктеріне ат қойылады. Сөйтіп, бір мәтіннің өзі алдымен бірнеше негізгі бөліктерге бөлінеді де, соңынан ол әлденеше тармақтарға жіктеледі. Жоспарлаудың бұл түрінде мәтін мазмұнынан қалып коятын бірде-бір әсерлі суреттемелер мен негізгі оқиғалар болмайды. Мәтіннің мазмұнын оқушылар естерінде толық сақтайды, оқушы мазмұндауы мәтінге  тіпті жақын болады. Бұл — ауызша, жазбаша, тіл   дамытудың   ең   тиімді тәсілдерінің бірі болып есептелінеді. Жинақта жоспар жасаудың бұл екі түрінің де үлгілері берілді.

Бұл жинақтағы мәтіндері әрбір сыныпқа әр түрлі көлемде, жарты беттен үш бетке дейінгі мөлшерде ұсынылады. Ү-IX сыныптардың қай-қайсысында болсын жүргізілетін жұмыс түрлеріне және мәтіннің мазмұндық ерекшелігіне қарай оның көлемі де өзгеріп отыруы керек. Демек, қысқаша түрде мазмұндау үшін берілетін мәтін көлемдірек болуы керек те, мәтіннің  ізімен автор сөзіне жақындата мазмұндау үшін берілетін мәтін шағындау болу керек. Сондай-ақ оқушылар мазмұндама жазу жұмысына біраз жаттығып төселгенше, мазмұны тартымды, тілі жеңіл, көлемі де шағындау мәтіндер  беріп, оқушылар жаттыға келе жоғарыдағы аталғандардан күрделірек мәтіндер ұсынып, мәтіннің  көлемін де бірте-бірте кеңейтіп отыру керек, Бұл принцип әрбір мәтіннің соңында берілген тапсырмаларда, міүмкіндігінше, көрсетіліп отырылады.

Мектеп тәжірибелерінде, тіпті VI—VII сыныптарға мазмұндау үшін, көлемі тым шағын мәтіндер беріліп, оның өзін мұғалім 2-3 рет қайыра оқып бергеннен кейін, оқушылар мәтінді сөзбе-сөз естеріне ұстап қалу, мәтінді  оқушылар өз сөздерімен мазмұндаудың орнына дайын фразаларды «көшіріп» бере салушылық жиі ұшырайды. Мұндайда бірсыпыра оқушылар мәтіндегі  ұмытып қалған кейбір сөйлемдерді екінші сөйлеммен дұрыс жалғастыра алмай, оларды бір-біріне ешбір байланыссыз тіркей салуға мәжбүр болады. Сондықтан мазмұндама жаздырту жұмысының алғашқы сатысында, берілген мәтінді жазуға кіріспестен бұрын, белгілі бір дәрежеде дайындық жұмыстарын, атап айтқанда, сұрақтарға жауап қайтару, мәтінді бірер оқушыға ауызша мазмұндату, мәтінде кездескен түсініксіз сөздер мен фразалардың мағынасын ашу, берілген тақырыпқа ұқсас, яки  соған байланысты басқа да шығармалардан, газет, журналдардан оқушылардың алған мәліметтері бойынша және шығарманың жоспарын жасауға байланысты әңгімелер өткізу, т. б. жұмыс түрлерін жүргізіп отыру керек. Бұл аталғандар оқушылардың өздігінен сөйлем құрай білуге, өзі білетін сөздік қорын дұрыс пайдалануға, сондай-ақ мәтіннің идеялық мәні мен мазмұнын тереңірек түсінуге баулиды. Сонымен бірге мазмұндау жұмыстарының сапасын арттырады.

VII класс үшін берілгеп материалдың ішінде жоғарыда көрсетілген мақсаттарға сәйкес суреттеу түріндегі шығармалар көбірек орын алды. Бұған қарай, осы сыныпта жүргізілетін жазу жұмыстарын тек жинақта берілген материалдармен ғана шектеп қоюға болмайды. Оқушыларга жыл мезгілдеріне байланысты табиғаттың әр түрлі құбылыстарын, жануарлар тіршілігін, адам өмірін, сынып бөлмелерін, мектеп, қабілет суреттерін, өздеріне таныс бау-бақша, өзен, көл суреттерін, т. б. жағдайларды бақылай жүріп, зерттеген объектісін суреттеп жазып келу үшін тапсырмалар (мұндай жұмыстарды үйде де, сыныпта да істеуге болады) беріп отыру керек. Бұл сияқты жұмыс түрлері, біріншіден, оқушылардың байқағыштық қабілетін арттыратын болса, екіншіден, кітаптан алған мәліметтерін өздері зерттеп, бақылаған объектісін суреттеуде қалай  пайдалану керектігіне үйретіп, дағдыландырады, үшіншіден, шығарма жаза білуге жаттықтырады.

Бұл сыныпта оқушылар суреттеу түрінде жазуға біраз жаттыға, төселе келе, әдеби кейіпкерлерге мінездеме беру түрінде жазылатын жұмыстарға (мазмұндама, шығарма) бірте-бірте көше бастау керек. Әрине, VII сынып оқушыларынан жан-жақты мінездеме беру жұмыстарын күтуге болмайды, бұл сыныпта оқушылар кейіпкерлердің сырт пішінін (портретін), мінез-құлқын, сол кейіпкердің басқа адамдармен қарым-қатынасын, басқалардан өзгешелік кейпін көрсетуге берсе де болады.

Ал VIII және IX сыныптарда ол жұмыс тереңдей түсу керек. Бұл сыныптарда жеке әдеби кейіпкерлерге мінездеме берумен қатар, бірнеше кейіпкерге салыстырмалы мінездеме беруге де елеулі орын алуға тиіс.

V—IX сыныптардың қай-қайсысында болсын әдеби кейіпкерлерге жай және салыстырмалы мінездеме беру түрінде жазылатын жұмыстардың баспалдағында мұғалім тікелей басшылық етіп, шығарманың күрделі яки жай жоспарын жасап, көмектесіп отыруы керек.

Мәтінді  тұтас мазмұндау, қысқаша мазмұндау бұл сыныптарда  жүргізілетін жазу жұмыстарының елеулі және мазмұнды түрінің бірі болып табылады. Бұл арқылы оқушылар шығармадағы негізгі мәселелер мен екінші қатардағы мәселелердің   айырмашылықтарын,   оқиғаның себебі мен салдарын, сондай-ақ шығарманың композициялық құрылысын талдап, айыра білуге жаттығады. Сонымен бірге олар өз ойындағысын тұжырымдап, жинақтап жаза білуге дағдыланады.