Қылмыстардың көптігінің ажыратылуы

Қазіргі қылмыстық заңдар бойынша қылмыстардың көптігінің төмендегідей түрлері айқындалып, ажыратылады:

1) қылмыстың бірнеше мәрте жасалуы;

2) қылмыстардың жиынтығы;

3) қылмыстың қайталануы.

а) Қылмыстардың бірнеше мәрте жасалуы

       Қылмыстардың бірнеше рет жасалуы дегеннің мағанасына тереңірек үңілер болсақ, ол – бір тұлғаның екі немесе одан да көп қылмыстар жасауы. Бұл әрекеттері үшін тұлғаның сотталған – сотталмағандығы ескерілмейді.

Теория жүзінде де, практика жүзінде де қылмысты бірнеше рет жасау екі түрге бөлінеді: жалпы және арнайы.

Қылмыстардың қайталануының кез келген түрі, оның қоғамдық қауіптілігінің сипаты мен деңгейіне қарамастан жалпы бірнеше рет қайталану деп табылады. Жалпы бірнеше рет қайталану қылмыстардың саралануына ықпал жасамайды, бірақ жаза тағайындау кезінде сот бұл жағдайды жауаптылықты ауырлататын мән – жай ретінде ескеруі мүмкін. (ҚК-тің 54-бабының бірінші бөлігінің “а” тармағы).

Кінәлі тұлғаның ұқсас немесе біртекті екі немесе одан да көп қылмыс жасауы арнайы бернеше рет жасалу деп танылады. ҚК-тің 11-бабының бірінші бөлігінде дәл осындай бірнеше рет жасалу туралы айтылған: «Осы Кодекстің Ерекше бөлімінің белгілі бір бабында  немесе бабының бөлігінде көзделген екі немесе одан көп әрекетті жасау – қылмыстардың бірнеше рет жасалуы деп танылады».

Нақты жағдайлар тұрғысынан өзара айырмашылықтары болғанымен, бірдей қылмыс құрамының белгілерінен тұратын қылмыстар, ұқсас (бірдей) қылмыстар деп есептеледі.

Мысалы, бір тұлғаның кісі өлтіру қылмысын екі рет жасауының бір – бірінен қылмыстың жасалған уақыты, орны және басқа да нақты жағдайлары тұрғысынан өзара айырмашылығы болуы мүмкін, бірақ бұл ҚК-тің 96-бабында қарастырылған қылмыс құрамының белгілері бойынша ұқсас (бірдей) болып келеді.

ҚК-тің ерекше бөлімінің бірқатар нормаларында ұқсас қылмыстардың бірнеше мәрте жасалуының орын алуы саралаушы мән-жайлар болып табылады. (ҚК-тің 96-бабының екінші бөлігінің “а” тармағы; 120-бабының екінші бөлігі және т.б.).

Заңмен тікелей қарастырылған жағдайларда біртекті қылмыстардың да бірнеше мәрте жасалуы ескеріледі. Белгілі бір объектіге немесе оған ұқсас объектіге қайталап қиянат келтіруші, кінәнің түрі бірдей және басқа да объективтік және субъективті ұқсас белгілерден тұратын қылмыстар (мысалы, ұрлық, тонау, қарақшылық, т.б.) біртекті қылмыстар деп танылады. Біртекті қылмыстарды есепке алу мүмкіндігі ҚК-тің 175-бабына қатысты 3-ші ескертуде тікелей қарастырылған, атап айтқанда онда былай делінген: «Осы Кодекстің 175-181-баптарындағы бірнеше рет жасалған қылмыс деп осы бапта, сондай-ақ осы Кодекстің 248, 255, 260-баптарында көзделген бір немесе одан да көп қылмыстардан кейін жасалған қылмыс танылады». Осыған орай, бөтеннің мүлкін ұрлау қылмысы, бұған дейін де мүлік ұрланғандықтан ғана емес, сонымен қатар, кінәлі тұлға жоғарыда аталған қылмыстардың бірін бұрын жасаған жағдайда да бірнеше рет жасалған деп танылатын болады.

Бірнеше рет жасалу ұғымы, кінәлі тұлғаның сотты болған қылмыстарымен қатар, оның қылмыстық жауаптылыққа әлі тартылмаған әрекеттерін де қамтиды. Аяқталған немесе аяқталмаған қылмыс деп саралануына, кінәлі тұлғаның бұл қылмыстардың орындаушысы немесе оған бірлесіп қатысушы болуына қарамастан, бұл әрекеттер – бірнеше рет жасалған деп танылады.

Бірнеше рет қайталанудың заң тұрғысынан алғандағы мәні мынада: біріншіден, жоғарыда айтылғанындай ҚК-тің 54-бабының бірінші бөлігінің “а” тармағына сәйкес сот оны жауаптылық пен жазаны ауырлататын жағдай ретінде қарастырылатындығында. Екіншіден, ҚК-тің 11-бабының бесінші бөлігіне орай «Қылмыстардың әлденеше рет жасалуы осы Кодексте неғұрлым қатаң жазаға әкеп соқтыратын мән-жай ретінде көзделген жағдайларда адамның жасаған қылмысы осы Кодекстің Ерекше бөлімінің қылмыстарды бірнеше мірте жасағаны үшін жазалауды көздейтін бабының тиісті бөлігі бойынша айқындалады» деп көрсетілетіндігінде.

 

б) Қылмыстардың жиынтығы.

ҚК-тің 12-бабының бірінші бөлігінде айтылғандай «ҚК-тің түрлі баптарында немесе баптарының бөліктерінде көзделген, адам солардың бірде-біреуі үшін сотталмаған немесе заңмен белгіленген негіздер бойынша қылмыстық жауаптылықтан босатылмаған екі немесе одан да көп әрекеттерді жасау қылмыстардың жиынтығы деп танылады». Қылмыстардың жиынтығында адам, егер жасалған әрекеттердің белгілері ҚК-тің бір бабының немесе бабының бір бөлігінің неғұрлым қатаң жаза қолдануды көздейтін нормасымен қамтылмаған болса әрбір жасалған қылмыс үшін ҚК-тің тиісті бабы немесе бабының бөлігі бойынша қылмыстық жауапқа тартылады.

Басқаша айтқанда, кінәлі тұлғаның жасаған қоғамдық қауіпті әрекеттерінің жиынтығы кезінде, қылмыстың екі немесе одан да көп құрамдары орын алады. Және де ескерілетін жай – кінәлінің жасаған істері ҚК-тің Ерекше бөлімінің түрлі баптарында немесе бір бабының әр түрлі бөліктері мен тармақтарында қарастырылған қылмыстардың белгілеріне сай болуы керек. Тұлғаның біртекті әрекеттер жасауы, ол әрекеттердің кейбіреулері аяқталған қылмыс, қалғандары қылмыс жасауға даярлану, оқталу немесе бірлесіп қатысу сияқты болып сараланса да – қылмыстардың жиынтығы болып табылады. Құрамына кіретін істердің ешқайсысы үшін тұлға бұрын сотталмаған жағдайда ғана қылмыстар жиынтығы орын алады. Ал бұдан өзге жағдайларда ол қылмыстың жиынтығы емес, қылмыстың бірнеше мәрте жасалуы немесе қайталануы болады. Іс жүзінде, субъектінің қылығында қылмыстың көптігінің бірнеше түрлері, атап айтқанда, қылмыстардың бірнеше мәрте жасалуы мен жиынтығы, қылмыстардың жиынтығы мен қайталануы бірден байқалатындығы жиі ұшырасады. Қылмыстардың жиынтығының түрлерінің әрқайсысының заңды салдары дербес туындайды. Бұдан басқа, жиынтықтың құрамына енетін қылмыстар бойынша, жоғарыда айтылғанындай, қылмыстық жауаптылыққа тартылудың ескіру мерзімінің өтіп кетпеуі, осы қылмыстардың біреуі бойынша қылмыстық жауаптылықтан заң жүзінде тағайындалған негіздер арқылы бұрын босатылмағандықтан болуы қажет.

Қылмыстар жиынтығының екі түрі болады: идеалды және нақты.

Кінәлі тұлға өзінің бір ғана әрекеті арқылы, қылмыстық заңның әртүрлі баптары бойынша сараланатын екі немесе одан да көп қылмыс жасаған жағдайда идеалды жиынтық орын алады. Қылмыстар жиынтығының бұл түрі ҚК-тің 12-бабының екінші бөлігінде тікелей қарастырылған. Идеалды жиынтық әрекеттермен қатар, әрекетсіздіктен де құралуы мүмкін. Идеалды жиынтық үшін кінәлінің жасаған ісінің бір-ақ рет орын алуының, немесе ол істің әжептәуір ұзақ уақыт аралығында жасалып келгендігінің еш маңызы жоқ1.

Үйдің ішіндегі адамды өлтіру мақсатымен сол үйді өртеп жіберу – идеалды жиынтықтың айқын, нақты үлгісі. Бұл мысалда жалғыз әрекет арқылы бірден екі қылмыс, яғни бөтен мүлікті қасақана жою немесе бүлдіру (ҚК-тің 187-бабының екінші бөлігі), әрі кісі өлтіру (ҚК-тің 96-бабы) жасалып  отыр. Бұл жерде, кінәлі адамның үйдің ішіндегі болу-болмауы істің айқындаушысы болып табылады. Егер де кісі өлтіру жөнінде ниет болмаған жағдайда, бұл іс өзіне тиісті жағдайларға қарай бір ғана қылмыс ретінде сараланады, атап айтқанда, бөтен мүлікті қасаөана жою немесе бүлдірудің абайсызда адам өліміне әкеліп соқтыруы (ҚК-тің 187-бабының үшінші бөлігі).

Тұлғаның өзінің әртүрлі әрекеттері арқылы қылмыстық заңның түрлі баптарына (бір баптың бөліктері мен тармақтарына) сай келетін бірнеше қылмыс жасауы нақты жиынтық деп қарастырылады. Мысалы, адам алдымен ұрлық, содан кейін құрақшылық жабуыл жасайды.

Нақты жиынтықтың идеалды жиынтықтан айырмашылығы – тұлғаның жасаған қылмыстарының арасында уақыт үзілісінің болу – болмауында. Бұл үзіліс тіпті азғандай ғана болып, бір қылмысқа екінші қылмыс ұласып отыруы мүмкін.

Қылмыстар жиынтығының идеалды және нақты болып бөлінуінің теориялық ғана емес, практикалық тұрғыдан да маңызы зор.

Біріншіден, нақты жиынтықтың болуы, әдетте, қылмыс жасаған адамның қоғам үшін анағұрлым қауіпті екендігін дәлелдейді. Ал мұның өзі жаза тағайындау кезінде соттың неғұрлым қатаң шара қолдануына әкеліп соқтырады, себебі алғашқы қылмыстың жасалуы екінші қылмыс үшін жаза тағайындау кезінде ауырлатушы жағдай ретінде танылуы мүмкін (ҚК-тің 54-бабының бірінші бөлігінің “а” тармағы).

Екіншіден, қылмыстық жауаптылыққа тартудың ескіру мерзімі идеалды және нақты жиынтық кезінде әрқалай есептеледі.

____________

                    1 Куринов Б.А. Научные основы клалификации преступлений. М. МГУ. 1984, С.174.

Үшіншіден, нақта жиынтық заңмен көзделген жағдайларда бірнеше мәрте қайтлаудың саалаушы белгілерін құрауы мүмкін (ҚК-тің 175-бабына қатысты 3-ші ескерту). Ал идеалды жиынтық кезінде бұл жағдай мүлдем болмайды.

Қылмыстардың жиынтығын бір қылмыстың ҚК-тің Ерекше бөлімінің бірнеше баптарымен бірден қамтылатын кезіндегі нормалардың бәсекелестігінен ажырата білу керек. Жиынтықпен салыстырғанда, нормалар бәсекесі кезінде бір ғана қылмыс жасалады және сот ҚК-тің баптарының ішінен осы әрекетті саралайтындай біреуін ғана таңдап алуы тиіс.

Ал норманың жалпы және арнайы түрлерінің бәсекесі кезінде арнайы норма қолдануы тиіс. ҚК-тің 12-бабының үшінші бөлігінде былай делінген: “Егер белгілі бір және нақ сол әрекет осы Кодекстің тиісті баптарының жалпы және арнаулы нормаларының белгілеріне сәйкес келсе, қылмыстардың жиынтығы болмайды және қылмыстық жауаптылық осы Кодекстің Ерекше бөлімінің арнаулы норманы қамтитын бабы бойынша туындайды”. Мысалы, судьяны оны заңды қызметіне кедергі жасау үшін өлтіруді ҚК-тің қызметтік іс — әрекетін жүзеге асыруына байланысты кісі өлтіру үшін жауаптылық көзделген 96-бабының екінші бөлігінің “б” тармағына сәйкес емес, ҚК-тің сот төрелігін немесе алдын – ала тергеуді жүзеге асырушы адамдардың өміріне қол сұғу үшін жаза тағайындайтын 340-бабы бойынша саралау керек, себебі екінші норма біріншіге қатысты арнайы болып табылады.

Егер де арнайы нормалардың өзара бәсекесі туындаса, жазаның қандай түрі қарастырылатынына қарамастан, арнайы норма қолдануы тиіс. Сараланған және ерекше сараланған құрамдардан нормалардың бәсекесі кезінде, қылмыстың ерекше сараланған нормасынан тұратын норма қолдануы тиіс. Мысалы, ұйымдасқан топтың бірнеше рет жасаған ұрлығы саралаушы белгі ретінде бірнеше рет жасалуды қарастыратын 175-баптың екінші бөлігі мен осы баптың ерекше саралаушы белгі ретінде қылмысты ұйымдасқан топтың жасауын қарастыратын үшінші бөлігінің жиынтығы арқылы сараланбауы тиіс. Бұл жер де кінәлінің әрекеттері аталған баптың едәуір сараланған құрамнан тұратын үшінші бөлігі бойынша саралануы тиіс. Ал айыптау қорытындысы саралаушы белгілердің бәрінде яғни әрі сараланған, әрі ерекше сараланған құрамдарды құрастырушы белгілерді қамтуы тиіс. Артықшылықты екі құрамның бәсекелестігі кезінде (жеңілдетуші мән-жайлары бар) артықшылығы басым құрамға жол беріледі. Мысалы, жан күйзелісі жағдайында қажетті қорғаныс шегінен шығып, осының салдарынан, өзіне шабуыл жасаған адамды өлтірген тұлғаның әрекеттері бірден екі бап бойынша, яғни ҚК-тің 98 және 99-бабы бойынша саралануға тиіс, себебі оның жазалаушы шарасы жеңілдеу.

Сараланған және артықшылықты бар құрамдардан тұратын нормалардың бәсекесі артықшылықты құрамнан тұратын норманың пайдасына шешіледі. Мысалы, кенет пайда болған жан күйзелісі жағдайында, жәбірленушінің заңға қарсы әрекеттеріне байланысты субъекті екі адам өлтірсе, оның әрекеттері 96-баптың екінші бөлігінің “а” тармағы бойынша емес, ҚК-тің 98-бабының екінші бөлігі бойынша саралануы тиіс1.

____________

1 ҚР Жоғарғы Соты Пленумының 1994 жылғы 23 желтоқсандағы қаулысы.

 

Бөлшек пен бүтіннің бәсекелестігі кезінде де қылмыстардың жиынтығы болмайды (бір қылмысты әрекет басқа қылмыстың міндетті белгісі болып табылған кезде). Әдеттегідей мысал ретінде қарақшылықты айтуға болады (ҚК-тің 179-бабы). Шабуыл кезінде жәбірленушінің өмірі не денсаулығы үшін қауіпті болып табылатын күш қолдану оның міндетті белгілерінің бірі болып табылады. Егер де қарақшылық шабуыл жасау барысында кінәлі жәбірленушінің денсаулығына залал келтірсе, оның әрекеттері ҚК-тің осындай залал тигізгендік үшін жауаптылық қарастыратын баптарының жиынтығы арқылы саралануды қажет етпейді. Бұл жағдайда істелгеннің бәріне неғұрлым толық заңды саралаушы норма, яғни ҚК-тің 179-бабы қолданылады.

Егер де басқа қылмысты жасаудың тәсілі болып табылатын әрекет, бұл қылмыстың заң арқылы қарастырылатын міндетті белгісі болып табылмаса, мұндай әрекет жеке қылмыс ретінде танылып, істелген әрекеттердің барлығы ҚК-тің Ерекше бөлімінің тиісті баптарының жиынтығы бойынша сараланады. Мысалы, сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иеленіп алудың немесе ысырап етудің жолы болып табылатын қызметтік жалғандық жасау, ҚК-тің мұндай мүлік ұрлау үшін жауаптылық қарастырылатын баптарының (ҚК-тің 176, 180-баптарының) белгілерімен қамтыла алмайды, сондықтан ол ҚК-тің 314-бабы бойынша қосымша саралануы тиіс. Қылмыстардың жиынтығының заң тұрғысынан алғандағы мәні, оның орын алған кезінде, ҚК-тің 12-бабының бірінші бөлігіне сәйкес тұлғаның әрбір жасалған қылмысы үшін ҚК-тің тиісті бабы немесе бабының бөлігі бойынша қылмыстық жауапқа тартылатындығында.

в) Қылмыстардың қайталануы.

Қайталану – қылмыстың бірнеше мәрте жасалуының бір түрі болып табылады. ҚК-тің 13-бабының бірінші бөлігіне сәйкес қылмыстардың қайталануы бұрын қасақана қылмыс жасауы ретінде түсіндіріледі. ҚК-тің осы бабының төртінші бөлігінде 18 жасқа толмаған адамның жасаған қылмысы үшін соттылығы, сондай-ақ Кодексте белгіленген тәртіп бойынша алынып тасталған немесе жойылған соттылық қылмыстың қайталануын тану кезінде ескермейді делінген. Қылмыстардың қайталануы қылмыскердің қоғам үшін қауіптілігінің жоғары екендігін білдіреді, себебі бұл – оған алғашқы қылмысы үшін қолданылған жазаның мақсатының орындалмағандығы. Қылмыстың қайталануының орын алуы, кінәлі қылмыстық жауаптылыққа тартылар кезде міндетті түрде ескерілуі тиіс.

ҚР Жоғарғы Соты Пленумының 1994 жылғы 25 мамырдағы «Соттардың қайталанған қылмыстар туралы қылмысты істерді қарастыру тәжіребесі туралы» №1 қаулысында бұрын болған соттылық, бұған дейін тағайындалған және шын мәнінде өтелген жазалар, жазадан босатылу негіздері туралы мәліметтер жан-жақты және мұқият тексерілуі керектігі, сонымен қатар, сотталушымен жеке басы туралы басқа да деректерді анықтап, білу керектігі атап көрсетілді1.

_____________

1 Сб. Пост. Пленума Верховного Суда РК (Казахской ССР) 1961-1997. Алматы, «Санат», Т.1. С. 220.

Жасалатын қылмыстардың сипатына қарай қайталану – ж а л п ы  және       а р н а й ы  болып бөлінеді.

Жалпы қайталану – бұрын соттылығы бар тұлғаның кез келген жаңа қылмыс жасауы. Мысалы, алаяқтық үшін сотталған тұлға бұзақылық жасауы мүмкін.

Жалпы қайталанудың заңдылық тұрғысынан маңыздылығы – оның қылмыстардың саралануына әсерін тигізбестен, жеке жауаптылықты анықтау мен жаза тағайындау кезінде ескерілетіндігі (ҚК-тің 54-бабының бірінші бөлігінің “а” тармағы бойынша жалпы қайталану жауаптылық пен жазаны ауырлататын жағдай болып табылады). Егер де қылмыстың қайталануы бұрынға жасалған қылмыс үшін жазаны өтеу кезінде орын алса, жаза ҚК-тің 60-бабымен үкімдердің жиынтығы үшін бекітілген ережелер бойынша тағайындалады. Егер бұрын жасалған қылмыс үшін сотталушы бас бостандығынан айыру жазасын өтеген болса, қайта жасаған қылмыс үшін бас бостандғынан айыру қатаң режимдегі түзеу колониясына тағайындалады.

Соттылығы бар тұлғаның ұқсас немесе біртекті жаңадан қылмыс жасауы арнайы қайталану болып танылады.

Арнайы қайталанудың заңды тұрғыдан алғандағы мәні мынада: біріншіден, ол заңмен қарастырылған жағдайларда саралаушы немесе ерекше саралаушы жағдай болып табылады (ҚК-тің 170-бабының екінші бөлігі,175-бабының үшінші бөлігі т.б.). Екіншіден, жалпы қайталану сияқты, арнай қайталануды да егер де ол ҚК-тің Ерекше бөлімінде саралаушы белгі ретінде көрсетілмесе, сот жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жайлар ретінде ескереді. Және де, үшіншіден, егер де арнайы қайталан сотталушының бұрын жасаған қылмысы үшін субъект бас бостандығынан айыру түрінде жазасын өтеген болса арнайы қайталану да жалпы қайталану сияқты салдарға әкеліп соқтырады.

Қоғамдық қауіптілігінің деңгейі бойынша  қайталану   қ а р а п а й ы м  ,         қ а  у і п т і   және  ө т е    қ а у і п т і  болып бөлінеді.

Қарапайым қайталану – бұл қауіпті және өте қауіпті қайталанудың белгілеріне сәйкес келмейтін қайталану.

ҚК-тің 13-бабының екінші бөлігіне сәйкес қылмыстың қайталануы төмендегідей жағдайларда қауіпті қайталану деп танылады:

а) егер адам бұрын қасақана жасаған қылмысы үшін екі рет бас бостандығынан айыруға сотталған болса, осы адам қасақана жасаған қылмысы үшін бас бостандығынан айыруға сотталған жағдайда;

ә) егер адам бұрын ауыр қылмыс жасағаны үшін сотталған болса, ол ауыр қылмыс жасаған жағдайда.

Қылмыстың қайталануы ҚК-тің 13-бабының үшінші бөлігіне сәйкес мынадай жағдайларда өте қауіпті қайталану деп танылады:

а) егер адам бұрын ауыр қылмыс немесе ауырлығы орташа қасақана қылмыс жасағаны үшін кемінде үш рет бас бостандығынан айыруға сотталған болса, осы адам қасақана жасаған қылмысы үшін бас бостандығынан айыруға сотталған жағдайда;

ә) егер адам бұрын ауыр қылмыс жасағаны үшін екі ретбас бостандығынан айыруға сотталса немесе аса ауыр қылмыс жасағаны үшін сотталған болса, осы адам жасаған ауыр қылмысы үшін бас бостандығынан айыруға сотталған жағдайда;

б) егер адам бұрын ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасағаны үшін сотталған болса, ол ауыр қылмыс жасаған жағдайда.

Қылмыстың қайталануының қарапайым, қауіпті және өте қауіпті болып бөлінуінің заң тұрғысынан алғандағы  мағынасы – ҚК-тің 59-бабының екінші бөлігіне сәйкес, қайталанудың қандай да бір түрі орын алғанда, соттың жазаның мерзімі мен мөлшерін осы жасалған қылмыс үшін заң жүзінде көзделген ең қатаң жаза түрінің еі жоғарғы мерзімі мен мөлшерінің шегінен төмен тағайындай алмайтындығында.