Құжаттарды ресімдеу барысында әскери терминдерге қосымшалардың жалғану тәртібін ескеру мәселесі
Құжаттарды ресімдеуде жауапты тұлғаға қойылатын негізгі талап – сауаттылық. Жауапты тұлғаның жазбаша сауаттылығының белгісі оның ресімдейтін қызметтік құжаттарындағы әрбір әріптің, сөздің, сөз тіркесінің сөйлемнің қазақ тілінің орфографиялық заңына сәйкес жазуынан көрініс табады. Әскери қызметтегі құжаттарды ресімдеуде жауапты тұлғалар көп жағдайда жалпыхалықтық кірме терминдерге төл қосымшаларымызды жалғауда немесе төл сөздерімізге кірме қосымшаларды жалғауда көптеген қиындықтарға тап болады. Төл тілімізде үндестік заңы бойынша түбір тұлғасы жуан болса, жуан қосымша, түбір тұлғасы жіңішке болса, жіңішке қосымша жалғай салады (адам-дар, үй-лер). Ал кірме сөздердің түбір тұлғасындағы буындары әр түрлі, яғни, түбірдің бірінші буыны жуан болса, екінші буыны жіңішке немесе керісінше болып келетіндіктен оларға қосымшаны жалғау қиынырақ болады (инс-ти-тут+қа). Осы қиындықтан шығу үшін көптеген құжат толтырушы жауапты тұлғалар соңғы буынның жуан-жіңішкелігіне қарай қосымшаны жалғай салады. Қызметтік құжаттарда, баспасөз беттерінде осы қателіктер жиі кездеседі.
Қазақ тіліне енген жалпыхалықтық көптеген терминдерге қосымшалар түбір тұлғасының жуан-жіңішкелігіне қарай жалғанғанымен, кейбір терминдерге қосымша жалғанғанда үндестік заңына бағынбайды. Кірме түбір тұлғаларға жалғанатын қосымшаларға профессор Рәбиға Сыздық «Қазақ тілінің анықтағышы» еңбегінде толық түсінік берген. Онда ғалым: «Тарихи-дәстүрлік принципке орыс тілінен және орыс тілі арқылы өзге тілдерден енген сөздердің қазақша айтылуынша емес, орыс орфографиясы бойынша жазылуы жатады: спорт, стадион, фестиваль, т.б. Бірақ бұларға қазақ тілінің қосымшалары фонетикалық-морфологиялық принциппен жалғанады, яғни сөздің соңғы буынының жуан-жіңішкелігі, сөз соңында қатаң дауыссыздардың ұяңдануы (бұл сөзге дауысты дыбыстан басталатын қосымша жалғанған күнде), дәнекер ы, і дыбыстарына иек артуы сияқты құбылыстар орын алады: банк-і-ге, фонд-ы-сы, т.б.» [1, 9].
Аталмыш мақаланы жазудағы мақсатымыз – әскери қызметте актив қолданылатын жалпыхалықтық термин сөздерге қосымшалардың жалғану тәртібін түсіндіре отырып, құжаттарды сауатты ресімдеуге өз үлесімізді қосу болмақ. Сондықтан келесі кезекте қазақ тілінің үндестік заңына бағынбай, өзіне қажетті қосымшаны таңдап алатын әскери ортадағы актив сөздерге тоқталайық.
1. Соңғы буынында у дыбысы бар орыс тілінен енген сөздерге қазақ тілі қосымшалары жуан жалғанады [1, 31]. Мысалы, курсқа, автобусқа, институтқа, каникулға, т.б. Әскери қызметте құжаттарда актив қолданылатын сөздердің реті: тубус-қа, шлагбаум-да, оқу корпус-ы, моторесурс-тар, механикаландырылған корпус-ты, жаяу әскерлер корпус-ы, әскери консул-дық, табиғи ресурс-тар, т.б.
Бұл ережеге г дыбысына аяқталатын сөздер мен жіңішкелік белгісіне аяқталатын бір буынды сөздер және бль, ль дыбыстарына аяқталатын сөздер бағынбайды, оларға қосымша жіңішке жалғанады: оругке, рульге, патрульге, т.б.
2. Соңғы буынында и дыбысы бар орыс тілінен енген сөздерге қазақ тілі қосымшалары жіңішке жалғанады: синтаксистік, магниттік, кальцийдің, Горькийге, т.б. [1, 31]. Әскери қызметте қолданылатын мұндай сөздердің келесі түрлерін көрсетуге болады: іздік режим-ді, шифр-ді шешу (расшифровать), реактив-ті снаряд, киім мундир-і, қайта оқтау механизм-і, магниттік азимут-ты, командир-ге, т.б.
ТМД елдерінің арасында визасыз қарым-қатынас режимі сақталған болатын (Шекарашы,№2-2012).
3. Ог, уг дыбыстарына аяқталатын терминдерге қосымша жіңішке жалғанады. Мысалы, педагог-ке, психолог-ке, кинолог-ке, әскери округ-ке, т.б. Әдетте огбуын құрайтын дыбыстары жуан естілетіндіктен, көптеген жауапты тұлғалар құжаттарда оған қосымшаны жуан жалғауы мүмкін. Бұл жағдайда біз «Қазақ тілінің анықтағышына» сүйене отырып, ог, уг дыбыстарына кірме сөздер аяқталатындықтан, кірме сөздердің қажет ету қабілетіне қарай қосымшаларды жіңішке жалғауымыз керек.
4. Орыс тілінен енген рк, рг, ск, кт, кс, нк, нг, лк, нкт деген дыбыстар тізбегіне аяқталған сөздерге қазақ тілінің қосымшалары жіңішке жалғанады. Мысалы,паркке, полктер, пунктіне, т.б. Ал нд, нз, нк, нг, мп, мб, мт, кт, ск, вт, фт, пт дыбыстарына аяқталатын орыс тілінен енген сөздерге қазақ тілі қосымшалары ы, і,дәнекер дыбыстары арқылы жалғанады. Мысалы, митинг-і-ге, Омск-і-ге, формацевт-і-ге, т.б. Әскери қызметте мұндай дыбыстық тіркестерге келесі сөздер мен сөз тіркестері аяқталады: сараптама актісі, оқу-жаттығу пункті, танкіге қарсы авиабомба, бақылау-өткізу пункті, тірек пункті, алдамшы объекті, қылмысты айқындау фактісі, компастық пеленгіге, ұрыс машиналарының паркі, т.б.
Ақжар ауылында орналасқан дербес байланыс полкінде абыроймен қызмет атқарып келе жатқан қос шекарашы әкесі майор Қуаныш Иманбаев пен анасы аға прапорщик Шапағат Иманбаевалар балаларының бұл талабына қарсы бола қоймаған (Шекарашы, №1-2007).
Контрабандалық тауар тасушыларды тұзақтағандығын дәлелдейтін қаншама фактілер бар (Шекарашы №4-2008).
5. Жіңішке ль дыбысына аяқталатын сөздерге тәуелдік жалғаулары сөздің соңғы буынының жуан-жіңішкелігіне қарамай, тек қана жіңішке жалғанады. Ал қалған қосымшалар жуан-жіңішкелігіне қарай жалғанады. Мысалы, фестиваль – фестивалі, мораль – моралі, т.б. Әскери қызметте актив кездесетін сөздер:госпиталь – госпиталі, табель – табелі, патруль – патрулі, пароль – паролі, китель — кителі, медаль – медалі, т.б. Қалған қосымшалар соңғы түбірдің жуан-жіңішкелігіне қарай жалғанады: фестивальда, моральдық, госпитальда, т.б.
Банды топтарымен болған түрлі қақтығыстарда көрсеткен жанқиярлық ерліктері үшін 37 шекарашы «Қызыл Жұлдыз» орденімен, тоғызы «Отан соғысы» орденімен, үшеуі «Ленин» орденімен, 10 шекарашы «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды (Шекарашы №1 – 2006) .
6. Орыс тілінің түбір тұласында л дыбысынан кейін ь жіңішкелік белгісі бар сөздерге қазақ тілінің қосымшасы жалғанғанда сол күйінде сақталып қалады. Мысалы, мораль – моральдық, ансамбль – ансамбльдің, т.б. Ал л дыбысына біткен орыс тіліндегі ный жұрнағы жалғанған соң ь жіңішкелік белгісі пайда болса, ондай сөздерге қазақ тілінен қосымша жалғанғанда ь жіңішкелік белгісі түсіп қалады. Мысалы, материальный – материал – материалдық қамтамасыз ету, коммунальный – коммунал – коммуналдық қызмет көрсету, т.б.
Тәртіп пен тәрбие әскери ұжымдағы моральдық-психологиялық ахуалдың жақсаруына және барлық қызметтік міндеттердің сапалы орындалуына оң әсерін тигізетіні анық (Шекарашы, №2-2012).
7. Соңғы буынында ю, ё, э кірме дауысты дыбыстар келетін орыс тілінен енген сөздерге қазақ тілінің қосымшалары жіңішке жалғанады: магниттік полюстер, мотоманеврлік топ, маневрлі соғыс, зеңбірек салюті, парашютшілер, капсюльге, люкке, вертлюгтер, саперлік топ, т.б.
«Боран» десанттық-шабуылдау маневрлік тобы өз істерінің хас шеберлері, қай қырынан болмасын үздік екені сөзсіз ( Шекарашы №1 – 2011).
8. Сс, лл, тт, пп, ст, кст, сть, зд, кк дыбыстарына біткен орыс тілінен енген жалпы есімдер атау күйінде өзгеріссіз жазылады да, оларға қазақ тілі қосымшалары жалғанғанда соңғы дауыссыз дыбысы түсіп қалады. Мысалы, грамм – грамға, металл — металды, ведомость – ведомосқа, съезд – съезге, т.б.
Шекарашылар металдан жасалған бақылау мұнарасына шығу және одан түсудің талаптарын сақтай отырып, қызмет атқарады (Шекарашы, 1998 — №1)
9. Төл тіліміздегі ә әрпіне аяқталған немесе соңғы буынында ә әрпі жазылған сөздерге қосымшалар жуан жалғанады. Мысалы, кінә – кінәлау, күнә-күнәсыз, күмән-күмәндану, куә-ландыру, т.б.
10. Қысқарған сөздердің әріптеріне қазақ тілінің қосымшалары соңғы әріптің немесе соңғы цифрдің айтылу әуеніне қарай, ал олардың ішінде дауысты дыбыс болса, сол дыбыстың айтылу әуеніне қарай жуан не жіңішке жалғанады да, дефис арқылы жазылады. Мысалы, ТМД-ға, ҰҚК-ге, ҚР-ға, ҰҚК ШҚ-ға, 82-ге, т.б.
Кеңес Одағы сарапшыларының айтуына қарағанда сол кездерде КСРО-ға идеологиясы жақын, мүддесі бір одақтас қажет болды. Ақыры Саяси бюроАДР-ға уақытша әскер енгізуге шешім қабылдады (Шекарашы №1 – 2011).
11. Процентті (%), градусты (◦) белгілейтін таңбалары бар сөздерге қосымша пайыз, градус деген сөздердің соңғы буынының әуенімен, см, мм, км, га сияқты қысқарған белгілерге жалғанатын қосымшалар да дефис арқылы жазылып, осы белгілер таңбалайтын сөздердің соңғы буынының жуан-жіңішкелігіне қарай жалғанады [1, 35]. Мысалы, 100%-ы, 5 мм-ге, т.б.
12. Фамилия жасайтын ев, ов кірме қосымшалары адам есімдеріне жалғанғанда буын үндестігіне бағынбайды (яғни адам есімінің соңғы буынының жуан-жіңішкелігіне қарамай жалғанады). Егер адам есімі и, ш, а, ы дыбыстарына аяқталса, ев қосымшасы жалғанады (Нұрмаш+е-Нұрмашев, Мамай+ев-Мамаев, Абдолла+ев-Абдоллаев, т.б.); адам есімі басқа дыбыстарға аяқталса, ов қосымшасы жалғанады (Қайрат-ов, Сұлтан-ов, Жұман-ов, т.б.).
Ов, ев жұрнақтары арқылы жасалған фамилияларға қосымша адам есімінің соңғы буынының жуан-жіңішкелігіне қарай жалғанады. Мысалы, Нұрмаш-евфамилиясына адам есімінің соңғы буыны маш-тың жуандығына қарай –тың болып жалғанып, Нұрмашевтың болады.
Амангелді Байменовтің әкесі Жасай Оразалыұлы — Ұлы Отан соғысына қатысқан қарт майдангер (Шекарашы №1 – 2012).
Міне, қызметтік құжаттарды ресімдеуде осындай жалпыға ортақ талаптар сақталуы тиіс. Осы талаптар сақталса ғана құжаттар орфографиялық нормаға сай сауатты толтырылады. Ғалымдарымыз әскери қызметте күнделікті қолданылатын ғылыми әдебиеттерді ресімдеуде (әскери кірме терминдерге қосымшаларды жалғағанда), тілшілеріміз бұқаралық ақпарат құралдарында публицистикалық мақалаларды жариялауда (адам фамилияларына қосымшаларды жалғағанда, т.б.) кірме сөздерге қосымшалардың жалғану тәрібін ескергені жөн. Өйткені, бұлар қызметтік құжаттарды ресімдейтін әскери қызметшілердің (жауапты тұлғалардың) құжаттарды ресімдеудегі және терминдерге қосымшаларды жалғаудағы негізгі көрсеткіші, нұсқаулығы болып табылады.
Жалпы алғанда, әскери қызметте қолданылатын кірме сөздерге қосымшалардың жалғану тәртібін қызметтік құжаттарды сауатты ресімдеу мақсатында жалпыға ортақ нормаға түсіріп, құжаттарды ресімдейтін барлық жауапты тұлғалар терминдерге қосымшаларды жалғауда бірегей форманы сақтауы тиіс.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1. Рәбиға Сыздық, Қазақ тілінің анықтағышы, Астана, «Елорда», 2000 жыл, 532 бет.
2. «Шекарашы» журналының 2007 жылғы №1 саны.
филология ғылымдарының кандидаты
Мамаева Гүлжан Бүркітбайқызы
(Қазақстан, Алматы)