Криминалистика

Криминалистика басқа да   ғылымдар  сияқты  объективтік  құбылыстар   заңдылықтарының  жиынтығы  болып  табылады. Бірақ та  осы  көптеген  жиынтықтардан  криминалистиканың айырмашылығы, ол қылмысты  ойдағыдай  ашуға, тергеуге және алдын  алуға қажетті  заңдылықтарды  оқытады. Бұл  заңдылықтардың  қалыптасуы  әрбір  қылмыстың  қоршаған  ортамен  байланысына   және  материалдық  әлемдегі  заттардың,  жағдайлар  мен   іс-әрекеттердің   өзара  байланысы  мен  өзара  қатынастылығы  туралы  диалектика  заңына  сәйкес. Осы  заң  негізінде  міндетті  түрде  қоршаған  ортада  іздер  мен  көріністер  қалады да әрбір   қылмыс  объективтік  болмыста  әр  түрлі:  идеалдық немесе  заттың,  құбылыстың  ойда  қалған  түрінде  және  материалдық  немесе  материалдық  іздер  түрінде  бейнеленеді.

Қылмысты  оқиға  адамдардың  әрекет-қимылдарынан   болатындықтан  қоршаған  ортада,  әсіресе қылмыс  орнында  көптеген  іздер  қалады да,  қылмыскер  туралы  мәлімет  көзіне  айналады. Ал,  осы  іздердің  пайда  болу  үрдісі  объектінің  қасиеті,  белгілері  және  бейне  түсіру  ерекшеліктері  негізінде  қажетті бір  заңдылықтарға   бағынады. Іздерді, басқа да  айғақ  заттарды оқиға  болған  жерден  тауып,  оларды  салыстыру,  талдау,  тексеру  нәтижесінде  қылмыстың  тетігін  анықтаймыз.

Криминалистика  пәні  іздерді,  айғақ  заттарды іздеу, табу,  бекіту, зерттеу әдістерінің  және сол үшін  қажетті  техникалық  криминалистік  құралдары  пайдалану  жолдарын  оқытып  үйретеді.

Криминалистика  зерттейтін  қылмыс  тетігі  деген  ұғым бар-ол  күрделі  динамикалық  жүйе  болып  саналады. Бұл  жүйе  қылмыстық  әрекет  затынан; қылмыс  субъектісінен  және  оның өз  іс-қимылымен, өзге  қатысушы субъектілерімен қатынасынан; қылмыс жасауға  дайындалу, оны іске  асыру және  жасыру  жолдарынан; қылмыстық  нәтижеден; қылмыс  жағдайларынан  (уақыты, орны, жағдайы  және с.с.)  және  басқалардан  тұрады.

Қылмыс   іздері  тергеу  жүргізіп  отырған  қылмыстық  іс бойынша  дәлелдеме  тұрғысында  көрінуі  үшін олар  құдіретті  тұлғалармен  заңды  түрде  жинақталуы,  сарапталуы,  бағалануы  және  пайдаланылуы  қажет. Бұл  жұмыстар  да өз  кезегінде  криминалистика  зерттеп  оқытатын  белгілі  заңдылықтарға  бағынады.

Криминалистиканың  практикалық  маңызы да аталған  заңдылықтар  негізінде  қылмысты ашу, тергеу және алдын  алу  мақсатына   қажетті   техникалы-криминалистік құралдарды,  әдістермен   тәсілдерді  өңдеумен,  жетілдірумен және  дамытумен   байланысты.

Осы  кезге  дейінгі   жарық  көрген   заң  әдебиетінде  криминалистикаға  пәндік  сипаттама   беру   мәселесіне  үлкен  назар  аударылып,  көп  пікір  таластар  болғандығы  байқалады. Ол  орынды  құбылыс,  себебі  әр  пәннің  мағынасын  терең  түсіну  арқылы  ғана  оның  маңызын  біліп,  негізгі  қағидаларын  дұрыс  та  тиімді  пайдалануға  болады. Берілген  түрлі   пәндік   сипаттамаларды  қорыта келгенде,  олар  негізінен  криминалистиканың  қылмысты   ашуға  және   тергеуге  қажетті  ақпаратты, заттай  дәлелдемелерді  іздеп  тауып, бекіту,  зерттеу  үшін  қолданылатын  әдістер  мен  тәсілдер,  сол  үшін  қылмысты-іс  жүргізу  заңға  сәйкес   пайдаланылатын  техникалық  құралдары,  әдістер  мен   тәсілдерді  оқытатын  ғылым   екені  айтылады. Сонымен қатар, криминалистік  тәсілдер  мен  әдістер  тек  қылмысты  тергеу  мен  ашуда  ғана  емес, қылмыстың  алдын  алуға  бағытталған және  олар  алдын  ала  тергеуде,  сот  мәжілісінде, кейбір  сот  іс-әрекетін  жүргізуде  қолданылады.

Жоғарыда  айтылған  заңдылық  элементтерін  толығымен  қамтып, жан-жақты    тұжырымдай  келіп,  заманымыздың  белгілі  де  беделді  криминалист  ғалымы, заң  ғылымдарының  докторы,   профессор,  академик Р.С.Белкин  криминалистика  пәніне   төмендегідей  пәндік  сипаттама  берген.