Криминалистиканың ұғымы, пәні, объектілері және мақсаттары мен міндеттері, қайнар көздері және қағидалары

Криминалистика – бұл  қылмыс  тетігінің  заңдылықтары,  қылмыс  және  оның  қатысушылары  жөніндегі  ақпараттың  пайда  болуы,  сонымен  бірге  дәлелдемелерді  жинақтау,  бағалау  мен  қолдану  туралы  және  қылмысты ашу,  тергеу  және  алдын  алуға  бағытталған  әдіс-тәсілдерінің  танымдылық  заңдылықтары  туралы  ғылым.

Криминалистикада  қолданылатын  тәсілдер  мен  әдістер  дәлелдемелерді   жинақтауға   бағытталған. Дәлелдемелерді  жинақтау  төрт  кезеңнен  тұрады, олар:

— дәлелдемелерді  немесе  іздерді  іздеп  табу;

— оларды  бекіту;

— оларды  алу;

— алынған  заттай  дәлелдемелерді  немесе  іздерді алу  барысы  мен  қорытындысын  рәсімдеу.

          Заттай   дәлелдемелерді  немесе  іздерді  табу  дегеніміз-ол тергеу  органдарының қылмысты  ашуға,  керекті   дәлелдерді  іздеуге  байланысты  жүргізілетін  жұмыс  әрекеті.  Айғақ  заттарды  іздеуге  арнаулы  әдіс-тәсілдер  және  техника-криминалистік  құралдар  қолданылмаса, арнайы  дайындықтан  өткен  маман  болмаса, қылмысты  дәлелдеуге  қажетті  іздерді,  микрообъектілерді  жай  көзбен  қарап тез  арада  тауып  алу  оңайлықпен  келетін  жұмыс  емес. (Мәселен,  қолдың  майлы  тер іздері).

           Дәлелдемелерді  зерттеу-деп   қылмыстық  іс  бойынша  жинақталған  заттай  дәлелдемелерді  немесе  іздерді  құзырлы  тұлғалар  заңды  түрде  қабылдап,  олардың  пайда  болу  тегін  және  қаралып  отырған  қылмыстың  басқа да  материалдарымен қарым-қатынасын  тексеруін  айтамыз. Іс  бойынша  заңды  түрде  жиналған  және  бекітілген  заттай  дәлелдемелер  криминалистік  тұрғыдан  жан-жақты  зерттеліп,  қайдан  қалайша  пайда  болғандығы  тергеудегі  қылмысты  оқиғаға  қандай  дәрежеде  қатысы  бар  екендігі  анықталады. Сонымен  қатар  жеке  іздерді, кейбір заттай   дәлелдемелерді тексеруге  арнаулы  білімділік  қажет  болған  кезде,  күрделі  криминалистік  техниканы  қолданып  сарапшы  зерттеуінен  өткізеді. Сарапшылық   зерттеуде  дәстүрлі   басқа  да  күрделі  физикалық, химиялық  әдістер  спектрографиялық  талдау,, газды,  сұйық  хроматографиялық  зерттеулер   және  басқа да  көптеген  ғылыми-техникалық  арнайы  әдістер  мен құралдар  бар.

Криминалистиканың   пәні қылмысты   сапалы  тергеу  мен  болдырмау  үшін  қажетті  білім  және  объективті   заңдылықтар  жиынтығы  болып  табылады. Криминалистиканың  пәнімен,  заңдылықтардың  негізгі  үш  тобы  қамтылады:

— қылмыстың   ішкі  механизміндегі  байланыс  пен  қатынастың  пайда  болу   және  даму   заңдылықтары: іс-әрекетпен   оның  салдары  арасындағы  байланыс,  әрекеттің  ұқсас  жағдайларда  қайталануы  қылмыстық  субъект  тәртібінің  көріністері  және  т.б. с.с;

— қылмыс  заңдылықтары,  қылмысты  жасау  мен  жасыру  әдістерінің  қалыптасуы  және  жүзеге  асуы,  қылмыскер   тұлғасы   мен  әдіс-тәсілдің   байланыстары,  қылмыс  істеу   тәсілінің  қылмыс  жасаудағы  нақты  жағдайларға  тәуелділігі  және т.б;

— тергеуде  маңызы  бар  қылмыспен  байланысты   пайда  болу  және  өтпелі  жағдай  заңдылықтары;  қылмысты  жасауға  жасырын  дайындық,  құралдарды   таңдау,  жағдайды  тексеру,  қылмыстық  қол  сұғушылық  пәнін   зерттеу  және  т.б. с.с.

Көрсетілген  заңдылықтардағы  әрекеттер,  байқалған  деректер,  құбылыстар,  процестер  криминалистикалық  ғылым  объектісі  болып  табылады: қылмыстық  әрекет,  қылмыстың  пайда  болуы,  ашу  және  тергеу  бойынша  жасалынатын  әрекет  қылмыстық  іс  бойынша  заттық  дәлел  ретінде  көрсетілген  материалдық  объектілер,  куәгерлердің,  сезіктілердің, айыпкерлердің  көрсетпелерін  қалыптастыру  және  беру  процесі,  осы  көрсетпелерді  алу  әдіс-тәсілдері т.б. Құқық  қорғау   органдарының  қылмыспен  күестегі  ықпалы  криминалистиканың  жалпы  мақсаты  болып  табылады.

Криминалистиканың  негізгі  мақсаттары:

а) криминалистика   пәнінің  негізін  құрайтын  объективті  заңдылықтарды   жалғастырып  зерттеу  оның  жалпы  және  жеке  теориясын,  қылмысты  ашу,  тергеу және  болғызбау  бойынша  құралдарды,  әдістер  мен  ұсыныстарды  қайталап  қарау  базасы  ретінде  дамыту;

ә) техникалық,  жаратылыстану  және   гуманитарлық  ғылымдарды  пайдалану  арқылы  қылмыстық  тергеуді  техника-криминалистикалық  қамсыздандыру  мақсатында  қарастырып,  дамыту;

б) алдын  ала  және  соттық  тергеудің  ұйымдастырылуы,  тактикалық  және  әдістемелік  негіздерін  қарастыру  және  қатыстыру;

в) қылмысты  алдын-алудың  криминалистикалық   тәсілдері  мен  әдістерін қарастыру,  осы  мақсаттарда  тергеу  және  сот  практикасын  зерттеу  және  қалыптастыру;

г)  шетелдік  криминалист  ғалымдардың  жетістіктерін  оқыту  және  оларды  қылмысты  тергеуде,  ғылыми  зерттеулер  жүргізуде  пайдалану.

Криминалистиканың  міндеттері  жалпы, арнаулы  және  нақты  болып  үш  топқа  бөлінеді.

Криминалистиканың  жалпы  немесе  басты  міндетті  құқық  қорғау  органдарына  қылмыспен  күресуде  қылмыстық  құқық,  криминология,  қылмыстық  іс  жүргізу құқығы  және  басқа  да  ғылымдар  саласы  сияқты  өз   тұрғысынан  көмектесу.

Әрбір  ғылымның  пәндік  сипаттамасы,  мазмұны  ол  ғылымның  міндеттерімен  тығыз  байланысты,  сондықтан  жоғарыда  талдаған  криминалистиканың  пәндік  сипаттамасы  оның  арнаулы  міндеттерін  анықтауға  мүмкіндік  береді.

Криминалистиканың  арнаулы  міндеттері  мыналар:

— криминалистика  пәнінің  негізін  құрайтын   объективтік  заңдылықтарды  одан  әрі  кеңейтіп  оқып  зерттеу,  осы  ғылымның  жалпы  және  жеке   теорияларын  дамыту,  олардың  жалпы  әдістемелік  негіздерін  жасау.

— Заттай  дәлелдемелерді,  іздерді  тауып  алу,  бекіту,  зерттеу  үшін  керекті  жаңа  криминалистік  әдістер  мен  тәсілдерді одан  әрі  өңдеп  жетілдіру  және  осы  әдістерді  пайдалануға  лайықты  жаңа  техникалық  құралдар  жасап  шығару;

— алдын  ала  тергеу,  сот  тергеуінің  және  криминалистік  сараптаманың  ұйымдастырушылық,  тактикалық  және  әдістемелік  негіздерін  жетілдіру. Әрбір  тергеу  әрекеттерінің  тактикалық  әдістерін   өңдеу  арқылы  олардың  нәтижелігін  арттыру;

— қылмыстардың   жекелеген   түрлерін   тергеудің  әдістемесін  өңдеп  жетілдіру  үшін  жаңа  ұсыныстар  енгізу.

— қылмысты  азайту  үшін  криминалистік  сақтық  шараларын  құқық  қорғау  органдарына  ұсыну.

— шет  елдердегі   криминалистика  ғылымы  жетістіктері мен  тәжірибелерін  қылмысты ашу, тергеу  және алдын  алу  үшін  пайдалану.

Криминалистиканың нақты  міндеттері  тез  уақыт  аралығында  орындалатын  сипатта  болып  келеді;  мәселен,  осы  ғылым  алдында  өзінің  кейбір  кезеңінде  қылмыстың  жаңа  түрлерін  немесе  топтарын (тапсырыспен  адам өлтіру,  компьютерлік ақпаратқа   байланысты  қылмыстар)  тергеу  әдістемесін  шығару  міндеті  қойылады.  Сонымен  қатар,  нақты  міндет  саласында  соңғы  кезде  көтеріліп  жүрген  мәселеге, криминалистика  жүйесіндегі  бөлімдер  санын   төрттен  беске  дейін  көбейту  де  жатады.

Осы  жерде  криминалистика  пәнінің   міндеттерімен  қатар оның  негізгі  қызметтерін (функцияларын)  қарастыра  кету  төмендегідей  болып  келеді:

— танымдық  қызметі,  яғни  криминалистикамен  жалпы  таныстыру;

— әдістемелік  қызметі, бұл  криминалистика  ғылымы  мен  пәні  арасындағы  қарым-қатынасты,  ғылыми  және  тәжірибелік  мазмұндарын  дұрыс   тұжырымдау;

— түсіндірмелік  қызметі,  криминалистика  пәнінің  ғылыми  бейнесін,  оның  болмысын  және  элементтерін ашып  көрсету;

— жүйелендіру  қызметі,  бұл  осы  кезге  дейінгі  жиналған  ғылыми  және  тәжірибелік  материалдарды  бір  жүйеге  келтіру;

— құрастырмалық  қызметі,  яғни  практикалық  із  танудағы  құрал-жабдықтарды  дамыту  және  жетілдіру;

— криминалистік  зерттеу  қорытындыларын   практикаға   енгізу  қызметі;

— болжау  қызметі,  бұл  қылмыспен  күресте  криминалистикаға  ғылымында  жинақталған  деректерге,  ақпараттарға қарап, болашақта  қылмыс  жасаудың  қандай  жолдары мен тәсілдері  көбейетіндігін  алдын  ала  болжап  көрсету   болып  табылады.

Криминалистикалық  зерттеу  ақпаратының  негізгі  қайнар  көзі  мыналар  болып  табылады:

а)  құқық   бұзушылықпен   күресті  қалыптастыратын  заңдар  мен  басқа да  нормативтік  актілер,  қылмыстық  іс  жүргізуде  тергелетін  әрекеттер  мен  қатынастардың  басқа да өрісі;

ә) қылмыстық,  моральдық  және  статистикалық  жағдайлары;

б) қылмысты  ашу,  алдын  алу  және  қылмыскерлерді  табу  бойынша  жүзеге  асырылатын  іс-шаралар,  қылмыстық  және  басқа  істердің,  құқық  қорғау  органдарымен  жүргізілетін  әр  түрлі   тексерістердің  материалдары,  тергеу,  сараптамалық,  жедел  іздестіруші-сот  практикасының  басқа  құжаттары,  сонымен   бірге  қадағалаушы  органдардың   құжаттары  мен  берілген  анықтамалары;

в) заңды  және  заңды  емес  салалардағы  теориялық,  әдістемелік,  анықтама  әдебиеттері,  ғылыми-техникалық  жетістіктер,  басқа да  ғылыми  шығармашылық  өнімдері,  сонымен  бірге  оларды  практика   жүзінде  қолдану  тәжірибесі  мен  қорытындысын  мінездейтін  белгілері;

г) тергеушілердің,  прокурорлардың,  сарапшылардың,  соттардың,  анықтау  органдары  жұмысшыларының  қылмыспен  күресуден  алынған  қорытындыларын  енгізу  мен  ғылыми  зерттеу  шаралары  бойынша  қылмыс  пен  күреске  пайдасы  бар  көзқарастары, қорытындылары,  ойлары,  ұсыныстары  және т.б.

Криминалистика  қағидаларының  қатарына

келесі  мәселелер  кіреді:

— құқыққа   қарсы,  қоғамға  қауіпті  қылмыстар  мен  күресті  жүзеге  асырушы  құқық  қорғау  органдарының  талаптары  бойынша  криминалистикалық  зерттеулердің  қорытынды  жағдайлары;

-бұрын  болған  немесе  қазіргі  кезде  және  пайда  болған  криминалистикалық  тұжырымдамалардың  арасындағы  байланыс  және  қатынас  қағидасы;

— заңды  және  заңды  емес  көріністегі  басқа   ғылымдардың  жетістіктерін   криминалистермен   белсенді,  белгілі  бір  кезеңге  бағытталған,  шығармашылық  зерттеу  қағидалары   және  оларды  жеке  өзіндік  ғылыми  мақсат  үшін  қалыптастыру;

—  жедел  іздестіру,  сараптамалық,  тергеу,  сот  практикасының  жетістіктерін  тәжірибелерін  зертеу  қағидасы  және  осы  бағыттағы  ғылыми  жұмыстарды  пайдалану;

— криминалистикалық  зерттеу  еліміздегі   және одан  тыс  жерлердегі  қоғамға  қауіпті  әрекеттердің  даму  жағдайы,  құрамы,  өзгерісі,  тенденциясы   және  басқа да  зерттелуші  әлеуметтік  процестер  туралы  көрсеткіштерді  пайдалану   мен  тіркеу  қағидасы;

— қылмыспен   және  басқа да  оған  ұқсас құбылыстармен  күресті  бағыттаушы  заңдар   мен  басқа  да  нормативтік  материал  ережелерін  ғылыми  реттеуде,  сонымен  бірге  оны  практика  жүзінде  ұтымды  қолдану  жайлы  қағидасы.