Көркем диалог қызметі мен типологиясы: әдебиеттану ғылымының зерттеу нысанында

Көркем диалог қызметі мен типологиясы: әдебиеттану ғылымының  зерттеу нысанында туралы қазақша реферат

Диалог арқылы адамдар бір-бірімен тығыз қарым-қатынас құрып, рухани, мәдени байланыс орнатып, күнделікті өмір тіршілігінен хабардар болады, қоғамдағы өз орнын тауып, бағыт-бағдарын анықтайды. Роман жанрын зерттеуші М. Бахтин айтқандай: «Шындықты іздеудің диалогтық әдісі дайын шындыққа ие болғысы келетін нақты монологизмге, сонымен қатар, қандайда да бір шындықты білеміз деп ойлаған адамдардың сенімділігіне де қарсы қойылады. Шындық жеке адам басында туындамайды және болмайды, ол шындықты іздеуші адамдар арасында олардың диалогтық сөйлесуі кезінде туындайды» [1, 26 б].

Көркем туындыдағы кейіпкердің өзара тілдік қатынасының негізгі формасы, сөз жоқ, диалог болып табылады. Прозалық туындының үлкен бір бөлігі болып табылатын көркем диалог айқын түрде белгілі бір құрылымдарға бөлініп, өзіндік шекарасы болатындығы жайлы тұжырым осы орыс тіл білімі ғылымында қарастырылған. Көркем диалог құрылымының ауызекі диалог құрылымынан айырмашылығы байланыс, анықталған аралық және берілген диалогтың мақсат – бағдарына байланысты екендігі де айтылады.

«Көркем диалог – бұл адамдардың тілдік қолданыс шеңберін айқын береді. Көркем диалогтың тілдік құрылымы, бір жағынан, типтендіру қызметін атқарса, екінші жағынан, маңызды стильдік қызмет атқарады» [2, 3 б.].

Орыс тіл білімі ғалымдарының типологиясы негізінде жас ғалым                   Г. С. Имангалиева «Типология диалога» (На материале казахского и рус.яз.) [3] атты кандидаттық зерттеу жұмысында төмендегідей көптеген диалог түрлерін атап көрсеткен:

Диалог үлгілерін ғалым жинақтап үлкен үш топқа бөліп қарастырады:

а) ақпараттық диалог (информативный). Бұған: диалог – сұхбат, диалог –тергеу, хабарлама диалог және диалог – түсінісуді жатқызады [3, 64 б].

ә) прагматикалық диалог (прагматический). Бұл топқа: диалог – тартыс, диалог – дау, диалог – ой-талқы, диалог – өтініш, диалог – ұсыныс, диалог – ой-түрткіні топтастырады [3, 74 б].

б) модальдық диалогқа (модальный): диалог – үндестік, диалог – жинақтау, диалог – сәлемдесу, диалог – қоштасу сынды түрлерін топтастырады [3, 88 б].

1974 жылы жарық көрген «Әдебиеттану. Терминдер сөздігінде» диалогқа тек анықтама беріліп қоймай, оның әдебиеттің (орыс әдебиеті) барлық жанрларында да осы көркемдік құралдың көрініс табатындығы айтылған. «Диалог – ауызша сөйлеу түрі, екі немесе бірнеше адамдар арасындағы әңгіме» делініп, әр жанрдағы диалогтың атқаратын қызметі жеке–жеке айтылады.

Бұл айтылған жайлар орыс тіл ғылымы мен әдебиетіндегі диалогтың зерттелу жайынан хабардар етсе, өзге тіл білімі мен әдебиеттану ғылымында да диалогтың зерттелу жайы назардан тыс қалмаған. Айталық: неміс филологиясында диалогтың екі түрі берілген:

1)     поэтикалық диалог (образдылық қызметі басым)

2)     прозалық диалог, ол өз ішінен:

а) теориялық-танымдық  (ғылыми,  «сократтық»);

ә) философиялық (ауызекі сөйлеу  және характерологиялық) [4, 8 б].

Ағылшын көркем әдебиетіндегі диалогтардың мағыналық түрлері айтылмағанмен, шығармадағы диалогтық бірлікке баса назар аударылған.          Диалогтың тар мағынасында оған тән белгілері көрсетілген: әңгімелесуші кейіпкерлер саны екіден кем болмау керек; сөйлесушілер өзара кезектесіп отыру керек; диалогтың қандай тілде жүріп жатқанын диалогқа қатысушылар түсінуі керек; диалогқа қатысушылар бір-бірін көреді; ең кем дегенде бір-бірін естиді.

Кей зерттеулерде диалогтар түрлері және олардың типологиясы беріліп отырады. Әлеуметтік – қызметтік бағытта диалог: диалог тергеу, диалог – ой-талқы, отбасылық әңгіме диалог, диалог мінездеме; ал жанрлық тұрғыда комикалық диалог, трагедиялық диалог және т.б. құрылымдық және семантикалық жоспарда белгілі ағылшын ғалымы С. Беркнер диалогтық бірлікке баса назар аударған.

Х. Загс бастаған американ зерттеушілері диалогты өзара әрекетті әлеуметтік процесс деп қарайды. Диалог қос бағыттағы коммуникативті процесс, диалогтың әр қатысушысы субьект, және сол мезетте диалог әрекетінде обьектісі де болып табылады. Диалогтың басты белгісі сөйлеуші мен тыңдаушы кезегі ауысып отырады. Сөйлесім мен тыңдалым кезегінің ауысып отыруы американдық диалог теориясында басты болып табылады.  Көркем диалогқа  жай диалогтағы автор тәжірибесі де кіреді [4].

Жоғарыда келтірілген мысалдардан өзге тіл ғылымдарында көркем диалогтың сан-салалы қолданыс үлгілері бар екенін, олардың кейіпкер мінезін таныту, даралауда қаламгер шеберлігін көрсететінін, құрылым ерекшелігіне байланысты көркемдік құралды әрқилы қолдануын көреміз. Біз қарастырып отырған көркем диалогтың өзін қай тұрғыдан алсақ та, аспектісі өте кең, ауқымды зерттеуді талап ететін, ашылмаған сырлары өте көп, қызықты дүниелерге толы екенін ескерсек, оның зерттелуінің қырлары өзінше тың дүние болмақ.

« …Драма, повесть, роман өлеңдегі диалогтың характерологиялық және поэтикалық қасиеттері, репликалардың алмасу заңы мен эллипсис формалары сияқты көркем әдебиет пен театрдың барлық жанрларындағы диалогқа тән әрі төл сипаттардың көпшілігіне, лингвистерді былай қойғанда, әдебиет зерттеушілері мен өнер танушылар да жете мән бермей келе жатыр» [5, 69 б], — деген академик В. Виноградов пікірі көркемдік текстің бөлінбес бір саласын әр түрлі аспектілерде, әрқилы өнер, жанр түрлеріндегі функционалдық ерекшеліктері тұрғысынан қарастыру қажеттігін негіздейді. Әдеби туындының идеялық-эмоционалдық, сюжеттік-композициялық жүйесіндегі диалогтың орны ғаламат кең. Ол жайлы бұрын да әрекідік сөз болып келген, қазір де жеке бір автордың шығармаларына сүйеніп, ондағы көркемдік құбылыстарына жинақтай талдау беруге қоса, немесе, ғылым алдындағы дербес теориялық проблема ретінде жазыла бастағаны мәлім.

Біз диалогты оның қызметі зор драма және проза түрлері негізінде салыстырып қарастырып көрелік. Драмада диалог кейбір монологтардың араласуымен бүкіл баяндаушылық деңгейді тұтас алып жататынын білеміз. Авторлық ремаркалар әрекет ететін жердің жалпы көрінісі мен жағдайын танытып, актер ойынына нұсқау береді, кейіпкерлердің эмоционалдық, психологиялық әуенге дайындалуына кеңес қосады. Бірақ мұның бәрі де сахналық текстен тыс нәрселер. Сондықтан диалог сюжет, конфликт дамыту, характер ашуда айырықша сапаларға ие болуға тиіс. Бұған қоса драма қаһармандарының сұхбаты арқылы мезгілдік және мекендік өлшемдер көкжиегі кеңіп, соның нәтижесінде образдың қалыптасу тарихы анықталады, әрекет-қадамдардың психологиялық дәлелдемелері дайындалады. Кейде авторлық және лирикалық шегіністер бірлесе түсіп, сөз түрінде шығарманың идеясын ашады да, характерлер сол сәттегі диалогтармен ұштала дамып, жалғасын таба береді. Бүгінгі күн тұрғысынан істер сарапталып, болашақ бейнесі болжанады. Драмадағы диалог адамдар ойы мен сезімінің мәңгі қозғалысы, өмір символы іспетті.

Атақты жазушы Антуан Сент Экзюпери айтқандай: «… қарым-қатынас адам баласына тиесілі дәулеттің бірі болып саналады» [6, 415 б]. Ал қарым-қатынас мәселесі диалогқа келіп тірелетіні анық.

Диалог арқылы сыртқы әлем бейнеленетіндігі, пейзаж бен портрет сипатталатындығы, предметтік-заттық орта, жекелеген кейіпкерлер субьективті түйсінулер әсерімен суреттелетіндігі анық. Драмадағы диалогтың бұл қызметі шындықты обьективті тұрғыдан пайымдау міндетін толық атқара алмағанымен көрермен, тыңдаушыларға оқиға, құбылыстардың сырын дұрыс ұғуға біршама тура жол сілтейтіндігіне ғалымдарымыз баса назар аударған.

Қарым-қатынас жөнінде А. Хараш мынадай пікір білдіреді: «Басқа адаммен қарым-қатынас жасау дегеніміз – бұл оның өміріне ену, оның қоғамдық болмысына …оның санасына кірісу, оның психологиялық белсенділігінің шеңберіне тартылу болып табылады» [7, 52-53 бб]. Осы айтылған пікір де біз қарастырғалы отырған диалогтың қызметі жайында екені бірден аңғарылады.

Көркем проза өресіндегі диалогқа келмес бұрын жалпы диалогтың  әдебиеттің алтын діңгегі, қайнар көзі саналатын фольклормен байланысына тоқталмай өтуге болмайды. Белгілі ғалым Жұмабай Әбілов баспа бетін көрген мақаласында: «Фольклор – диалог комедияның репертуарлық тармағы» [8, 78 б] екендігін айтады.

Ғалым әдебиеттану ғылымында да, театртану ғылымында да фольклорлық театрдың құрылымы жайындағы теория жоқтығын, фольклорлық театр терминдік атауы ғылыми қолданыста бар екенігін және оның құрылымдық қағидалары туралы теориялық атаулар қалыптаспағандығын айта келіп, диалог комедия театры, диалог комедия жанры деген атаулардың келуі фольклор мен диалог комедия театрының арақатынасы деген тың проблеманы да алға қойғандығын баса айтады.

Диалог-комедия – фольклордан бөлек ұғым. Орындаушылар әуелі диалог комедияны жасаса, содан соң барып халық ауыз әдебиеті туады.

Ең алғашында фольклор диалог комедияның репертуарлық тармағы ретінде дамыған. Ғалым пікірі бойынша халық ауыз әдебиетінің өзі репертуарлық тармаққа жатады. Ауыз әдебиеті түрлерінің біртіндеп дамып, біртіндеп көбейгендігін айта келіп: «Оның жеке әдебиет түрі ретінде қалыптасуына диалог комедиядағы диалогтар жарыспалылығы мен диалог даралығының еткен әсері өте үлкен. Диалог комедиядағы рухани салтанаттық пен рухани салтанаттылықтық дәріптелуі ауыз әдебиетінің жаңадан пайда болған әрбір түрі үшін үздіксіз қызмет атқарып отырады. Рухани салтанаттылықты дәріптеушілер қашанда фольклорды таратушылар болып есептеледі. Диалог комедиядағы рухани салтанаттылықты дәріптеушілер болмаса онда халық ауыз әдебиеті құндылықтары сақталмас та еді. Тағы бір айтар нәрсе – фольклор түрлерінің барлығы бір мезгілде пайда болған жоқ, рухани салтанаттылық ретінде ел есінде сақталып дәріптелуі арқылы ғана сөз өнерінің тұтас бір түріне айналғандығын» [8, 79 б] баса көрсетеді.

Көркем проза жүйесіндегі диалогқа тиісті үлес, салмақ та зор. Егер драмада ол теңдесі жоқ қажеттіліктен туса, прозада оны түрлі авторлық баяндау тәсілдерімен алмастыруға болар еді. Бірақ мұндай біркелкі баяндау тәсілі өмір заңдылықтарына сәйкес келмейтіндігі белгілі.

Көркем бейне жасау – үлкен жауапкершілікті қажет ететін іс. Көркем бейне – кейіпкерді тұлғалаудың амал-тәсілдері сан алуан болып келеді. Көрнекті әдебиеттанушы-ғалым З. Қабдолов “Сөз өнері” еңбегінде көркем бейнені жасау тәсілдері мен олардың қызметі жайлы: “Әдебиеттегі адамның ішкі бітімі тек мінездеу немесе жанама мінездеу арқылы ғана жасалмайды, тіпті тұлғалауға қажетті өзге тәсілдер де түгел осы мақсатта қызмет атқарып жатады. Адамның әлдебір күйініш-сүйінішін немесе кескін-кейпін, қимыл-әрекетін суреттеу, оның өз сөзін немесе өзгемен сөйлесуін келтіру, ең арғы жағы, түрліше табиғат құбылыстарын суреттеу…– осылардың  бәрі, сайып келгенде, әдебиеттегі адамның сыртқы түрін анықтап, ішкі сырын ашу керек” [9, 115 б] деп жазады.

Әр жазушы өз мүмкіндігі – шеберлігіне байланысты кейіпкерді сомдаудың  түрлі әдіс-амалдарын қолданатыны белгілі.Соған байланысты кейіпкер тілін даралау, характер таныту ерекшелігі де әр жазушыда түрліше көрінеді. Соның ішінде кейіпкердің төл сөзі – монолог пен өзге кейіпкерлермен қарым-қатынасқа түскен кезінде ішкі ой-толғаныстарының оның тілінде (сөзінде) көрініс табуы, яки диалог тәсілі адам тұлғасын танытуда қолданылатын бейнелеу құралдарының ішінде (портрет, мінездеме т.б.) ерекше орын алады. Басқа көркемдік амал-тәсілдердің барлығы да негізінен кейіпкер туралы тек жанама түсінік береді.

Қ. Әбдікова Ж. Аймауытов шығармашылығын қарастырған кандидаттық диссертациясында «романдағы («Ақбілек») характер сомдаудың, оны даралаудың тәсілдерінің бірі – диалог» [10, 59-60 бб] деп жазады.

Әдебиет зерттеушісі Қ. Әбдезұлы диалогтың көркем шығармадағы атқаратын қызметі жайында айта келіп, «бірде диалог арқылы кейіпкер мінезін іштен ашып, алдымызға салса, бірде диалог арқылы қаламгер оқиға желісін ширата, ширықтыра түсетіндігі» [11, 270 б] жайлы ой түйіндейді.

Белгілі зерттеуші Ә. Байтанаев та көркем шығармадағы диалогқа үлкен жүк артады. Ғалым «Шын шеберлік» атты (1969) еңбегінде өз ойын: «Диалог өз қызметін атқармаса, онда оны қолданудың қажеті жоқ, ал оның қызметі айтылып келе жатқан мәнінен тыс, соған қосымша мән әкелуі қажет» [12, 179 б] деп тұжырымдайды.

Қазақ әдебиеттану ғылымында диалогтың көркемдік қызметі арнайы зерттеу обьектісіне алынбағанмен, оның шығарма құрылымындағы қызметі алғаш рет А. Байтұрсыновтың «Әдебиет танытқыш» еңбегінде қарастырылды.   Шығарма мазмұнын берудегі «сөйлестірулердің»                (А. Байтұрсынұлы атауы бойынша) «әңгімелестірулердің» (М. Әуезов атауы бойынша) көркемдік мәні, диалогтың ауыз әдебиеті үлгілеріндегі қолданысы (Қ. Жұмалиев зерттеулерінде), диалогтың әдебиеттің өзге көркемдік амал-тәсілдерімен сабақтас қызметі (З. Қабдоловтың зерттеулерінде) нақты талданды. Диалогтың қазақ романдарындағы көрінісі және оның психологиялық қырларын анықтауда арнайы зерттеу жүргізген Б. Майтанов, Х. Әдібаев, Т. Рақымжанов  еңбектері бұл бағыттағы ізденістердің іргелісі.  Б. Майтанов, Т. Рақымжанов зерттеулерінде диалогтың поэтикалық сипаты мен кейіпкер характерін, мінезін ашудағы рөлі нақты мысалдармен дәлелденген.

Диалогтың көркемдеу тәсіл ретінде қолдану ерекшелігі жоғарыда аталған еңбектерде поэтикалық тұрғыда талдау барысында айтылып кетсе, ал біз өз еңбегімізде осы мәселені жалпы жазушынының нақты шығармалары негізінде анықтауға тырыстық. Диалог кейіпкердің рухани әлемін терең әрі жан-жақты ашу құралы ретінде зерттеліп, жазушы романдарындағы диалогтың кейіпкер бейнесін сомдаудағы, характер ашудағы қолданысы айқындалды. Монолог мәселесі әдебиетші ғалым Г. Пірәлиева зерттеулерінің басты тақырыбы болса, диалог және оның Ж. Аймауытов шығармаларындағы көрінісі Ш. Әбішеваның зерттеу  жұмысында ғылыми тұрғыдан арнайы талдау жасалды. Зерттеу нысаны осы еңбектермен кеңірек салыстырылды. Ғалым диалогты кейіпкер бейнесін, психологиясын ашуда басты құрал ретінде Ж. Аймауытов романдары, әңгімелері негізінде қарастырады. Орыс тіл ғылымы мен неміс  филологиясында диалогтың тек түр жағынан емес, мазмұн, мағыналық тұрғыдан өзгеше келетіндігі анықталды. Ал біз өз зерттеуімізде («С. Мұқанов романдарындағы диалог қолдану ерекшелігі («Ботагөз», «Сырдария», «Аққан жұлдыз» романдары бойынша») С. Мұқанов романдарындағы диалогтардың мағыналық түрлерін топтастыруға алғаш рет талпыныс жасап, олардың мағыналық айырымдарына, көркемдік қызметіне  талдау жасаған болатынбыз.

Қазақ әдебиетіндегі көркем диалог проблемасы өзге әдебиеттану ғылымындағыдай жете зерттелмеген. Диалогқа арналған құнды теориялық зерттеулер қазақ әдебиеттану ғылымында аздық етеді. Көркем шығармадағы диалог проблемасы сандаған ғылыми зерттеу еңбектерге нысана боларлық күрделі әлем. Ал оның сан-салалы қырларын жан-жақты зерттеп-зерделеу, олардың көркем шығармадағы функционалдық қызметін айқындау – зерттеуші ғалымдар еншісіндегі үлкен міндет.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

 

1.                   Бахтин М. Проблемы поэтики Достоевского. 7-е изд. – М.:

Современная  Россия, 1979. – 318 с.

2. Интернет материалы. №2. Hess – Luttich E. Per Literarische Dialog // Literatur und Konversation. Wiesbaden, 1981. S 10-17.

3. Имангалиева Г. Типология диалога: Дисс.: канд. филол. наук: 10.01.01. – Алматы, 1999. – 121 с.

4. Интернет материалы. №1. Hess – Luttich E. Per Literarische Dialog als Gegenstand empirischer text – wissenschafd. // Literatur und Konversation. Wiesbaden, 1980. S 5-22.

5. Виноградов В. О теории художественной речи. – М.: Высшая школа, 1971. – 240 с.

6. Андреева Г. Социальная психология. – М.: МГУ, 1988. – 429 с.

7. Межличностный контакт как исходное понятие психологии устной

пропоганды // Вопросы психологии. – 1977. – №4. – с. 52-55.

8. Әбілов Ж. Фольклор – диалог комедияның репертуарлық тармағы // Түркология, №3, 2005. – 78-80 бб.

9. Қабдолов З. Сөз өнері. – Алматы: Қазақ университеті, 1992. – 350 б.

10. Әбдікова Қ. Ж. Аймауытов туындыларындағы тұлға: Филол.ғ.к. дисс.: 10.01.02. – Алматы, 1998. – 142 б.

11. Әбдезұлы Қ. Т. Әлімқұлов шығармашылығы және 60-80 жылдардағы қазақ прозасы. – Алматы: Ғылым, 2001. – 270 б.

12. Байтанаев Ә. Шын шеберлік. Алматы: Жазушы, 1969. – 220 б.

Рита Сұлтанғалиева,

                                                   М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың

                                                   қауымдастырылған профессоры,

                                                    филология ғылымдарының кандидаты