Кезекті аударма туралы қазақша реферат
Кезекті аударма-оратор сөзінің бір бөлігін немесе түгел сөз сөйлеуін аяқтағаннан кейін аудармашының аудару процесін бастайтын ауызша аударманың бір түрі. Аударылатын мәтін бөлігінің көлемі әр түрлі болуы мүмкін: жеке сөйлемдерден бастап аударма басталғанға дейінгі ұзақ уақытты қамтитын түпнұсқаның көлемді бір бөлігіне дейін. Аударманың бұл түрі аудармашыдан аударма басталғанға дейінгі ұзақ уақыт аралығында түпнұсқадағы маңызды сегменттерді есте сақтауды талап етеді. Егер түпнұсқаның көлемі бірнеше сөйлемдерді қамтыса, аудармашы тыңдалған мәтінді есіне қайта түсіруіне көмектесетін мәтін құрамының негізгі кезеңдерін жазып отырады.
Ауызша аударма кезінде аудармашы коммуникантпен тікелей сөздік қатынаста болады, әсіресе, тіларалық қатынастың қатысушыларымен кері байланыс туындаған кезде. Ол ауызша сөз сөйлеуді оның дұрыстығынан, екпінінен, айтылу ерекшелігінен немесе оратордың сөйлеу мәнерінен тәуелсіз қабылдауы тиіс, сөз сөйлеуші мен тыңдаушының арасында өзара түсінісушілікті қамтамасыз етуі керек. Оратормен кері байланыстың болуы аудармашыға кері сұрастыруға, айтылған ойды анықтауға, таныс емес терминдердің мағынасын біліп алуына мүмкіндік туғызады. Ал тыңдаушылармен кері байланыстың болуы олардың реакцияларын бақылауына, аударманың ұғымдылығына, аудармашының, ал кейде оратордың да сөйлеу екпінін реттеуіне жағдай туғызады. Аудармашының байланысушылармен жеке байланысында ол ымдардың, көрнекті құралдардың немесе қосымша түсініктемелердің көмегіне жүгіне алады. Осындай жағдайларда аударма ісі қосымша элементтермен жиі толықтырылады, ал, кейде аудармашы сұрақтарға жауап беріп және тыңдаушылардың өтініштерін орындай отырып байланысушылардың бір қосымша мүшесі ретінде рөл атқарады.
Кез-келген сөздік қатынас (соның ішінде тіларалық) ақпарат алмасудың тек бір бағытын (дерекнамадан рецепторларға) ғана жүзеге асырады. Сол себепті аударма процесі әрдайым дерекнамадан құрылған түпнұсқа мәтіннен рецепторларға арналған аударма мәтінге дейін жүзеге асырылады. Аудармашы түпнұсқа тілден аударылатын тілге аударады. Жазбаша аудармада тіларалық қатынастағы тілдердің байланысы әдетте өзгерілмейді, ал, аудармашы тек бір нақты тілден екінші бір нақты тілге аударуға мамандандырылады. Ауызша аударма кезінде әр тілді байланысушылар тікелей қатынас орната отырып, Рецептор және Дерекнама ретінде кезекпе-кезек ақпарат алмасады. Бұл жағдайда аудармашы кезекпе-кезек «екіжақты» аударманы жүзеге асырады. Бастапқы тіл әрдайым ауысып тұратындықтан, аудармашы бір тілден екінші тілге тез ауыса отырып, байланысушылардың қолданып отырған тілдерін аударуына тура келеді.