Кеңес дәуірінде таптарға бөліну жойылып, мектеп демократизацияланды, мектеп шіркеуден бөлініп, мектептегі оқыту ісі қайта құрылды. Халық ағарту қызметкерлері алдында оқытудың мазмұнын, формасын және әдістерін қайта құру міндеттері қойылды.
Бұл кезде формалистік өнер қайраткерлері көркемдік білім беру саласында көптеген зиян келтірді. Көркемсурет академиясында гипстен жасалған антикалық құймаларды лақтырып тастап, музейді құртып жіберді, сурет салудың теориясы мен әдістемесінде хаос орнады. 1921 жылы шыққан бейнелеу өнерін оқыту әдістемесінің бірыңғай еңбек мектебіне арналған бағдарламасында ғылыми жағынан елеулі қателіктер жіберілді.
Жаңа бағдарламаның негізіне бейнелеу өнерінің сауаттылығын оқыту емес, шығармашылық қабілетті дамыту әдістері біржақты алынды. 20 жылдардың алғашқы кезінде көптеген мектептерде балаларды сурет салуға дұрыс үйретілген жоқ. Суретті оқытудың маңызына көңіл бөлінбеді. Олар сурет баланың ақыл ойының дамуы үшін ештеңе бермейді деп ойлады. Шын мәнінде олар эстетикалық тәрбие беруге кедергі жасады.
Суретті оқытудың жағдайы (1923-1925) жылдары «комплексті» бағдарлама кезінде шиеленісе түсті. Комплексті бағдарламаны жақтаушылар, балалардың табиғаты, өмірдегі құбылыстарды әрбір пән бойынша берілген ерекше жүйелерге бөлуге қабілеті жете бермейді, оларды өмірдегідей етіп жеке бөліктерге бөліп қарау керек, олар өмірде қандай болса, оны сол күйінде оқып үйрену қажет деп есептейді.Осы жеке өмір бөліктерін «мемлекеттік ғылыми кеңес» бағдарламаларында «Деревнядағы күзгі жұмыс», «Біздің қала», «Денсаулықты сақтау» т.б. тақырыптарға бөліп берді. Осы тақырыптар бойынша балалардың бақылауы ұйымдастырылды, әңгіме жүргізілді, иллюстрациялық жұмыстар орындалды, оқулық кітаптардағы мақалалар оқылды, сонымен қатар қандай да бір қоғамдық пайдалы жұмыстар атқарылды.
20 жылдардағы суретті оқыту әдістемесінің талдаулары әр түрлі бағыттарда жүргізіле бастады, олардың ішінде әсіресе «еркін тәрбие» теориясының көрнекті өкілі А.В.Бакушинский болды. Ол балалар шығармашылығын зерттеуге дарынды адамдардың басын біріктірген көрнекті өнертанушы болған. Оның қызметі үлкен қателікпен сипатталады. Ол баланың шығармашылық қызметіне санадан тыс фактор әсер етеді» деп сендірді. Сонымен қатар ол баланың алғашқы шығармашылық іс-әрекетіне педагог аз араласуы тиіс. Баланың көркемдік қиялына, баланың көркемдік еркіне толық еркіндік беру керек деп есептеді.
Осы кезеңде А.В.Бакушиснкийдің ойын суретші-футуристер әрі қарай жалғастырды. Олар мектепте оқушыларды өнердің ережелерімен және заңдылықтарымен таныстырудың қажеті жоқ деп түсінді. Футуристердің балалардың көрініс бейнесін дәлме-дәл салу қажет емес, ол тіпті зиянды, ұқсатып салудың перспективаны үйретудің қажеті жоқ, бала суретті қисық қылып сала берсін, қисық сызықтардың өзі пайдалы, ол көңіл күйді көрсете біледі деп есептеді. Бірақ техника дәлдікті талап етеді. Қисық суретпен нақтылы бір нақтылыққа жетуге болмайды. Футуристер: «Бейненің нақты болуын сызу оқыта берсін, өнердің мақсаты басқа» дейді. Бұл дұрыс емес.
1931 жылы шығарылған бағдарлама оқу материалдарының мазмұнын және суретті оқыту әдістерін жаңаша анықтады. Оның негізіне нұсқаға қарап сурет салу алынды. Онымен қатар бағдарламада тақырып бойынша сурет салу және сәндік сурет салу орын алды. Өнер туралы әңгімеге маңызды орын берілді. Әңгіме оқушыларды бейнелеу өнері шығармаларымен таныстыруға тиіс болды.
Кеңес дәуірінде суретті оқыту әдістемесі бірқалыпты дамып отырды, ол үнемі тартыста болды. Осы кезде, балалардың дамуы биологиялық және әлеуметтік факторларға, тұқымқуалаушылыққа тәуелді екендігін дәлелдеуге тырысатын педгогтардың теориясы кең көлемде таралды. Бұл да істі сурет салу ережелерін балаларға үйретудің қажеті жоқ дегенге әкеліп тіреді. Олардың ойынша баланың туған-туыстары немесе ата-анасының ішінде өнерге қабілетті адам болмаса, оны оқыту тек қана уақыт өткізу деп есептеді. Осындай күрес жағдайында суретті оқытудың жаңа әдістемесі туындады.
Бейнелеу өнерін оқыту әдістемесінің даму барысында 1933 жылы ұйымдастырылған «балаларға көркемдік тәрбие берудің орталық үйінің», оның ішінде «Көркемдік-әдістемелік кеңестің» ролі ерекше болды. БКТБОҮ негізінен сыныптан, мектептен тыс жұмыстар мәселелерімен айналысқаныменен, ол балалардың көркемдік тәрбиесінің барлық мәселелерін қарастыратын жалғыз ғана ғылыми-әдістемелік орталық болып табылды.
Жалпы білім беретін мектептердегі суретті оқыту әдістемесінің дамуына ерекше үлес қосқан белгілі суретші-педагог Д.Н.Кардовский (1866-1943) және К.Ф.Юн (1875-1958) болды. Д.Н.Кардовский жоғарғы оқу орындарында сурет мұғалімдерін дайындауды бастаушы ретінде танылды. Д.Н.Кардовский мен оның шәкірттері 1939 жылы бірінші Мұғалімдер институтының жанын, 1942 жылы В.П.Патомкин атындағы Москва қалалық педагогикалық институтынан ашылған көркем-графика факультетінің негізін қалаушылар болды. 1955 жылға дейін бұл көркемсурет – графика факультеті Кеңестер Одағындағы бейнелеу өнері мен сызу мұғалімдерін дайындайтын жалғыз факультет болды.
Бұл факультетте көркемдік білім беру жүйесі Д.Н.Кардовскийдің педагогикалық принциптері мен әдістері бойынша алынды. Бұл жүйені оның шәкірттері мен ізбасарлары, сонымен қатар көркем графика факультеттеріндегі оқытушылар жалғастырды.
Кеңес сурет мектебінің көрнекті өкілі Д.Н Кардовский даңықты П.П. Чистяковтың академиялық сурет мектебінен өтті, Мюнхенде белгілі суретші-педагог Антон Ашбеден дәріс алды, сөйтіп орыс және европа сурет мектептерінің таңдаулы тәжірибесін жинақтауға мүмкіндік алды.
Д.Н.Кардовский педагог ретінде реалистік өнер позициясын ұстанып, жастарды формализм ықпалынан қорғады. Қатал сенім мен өзі жасаған суретті оқыту жүйесінің өміршеңдігі арқасында Д.Н.Кардовскийдің шәкірттері мен ізбасарлары көп болды.
Кардовский сурет салу барысында көз бен қолдың жаттығуына зор мән берді, оқушылардың көркемдік мәдениетін көтеруге күш салды. Ол реалистік суреттің мәнін дұрыс түсіндіріп, табиғат пен өнерге деген сүйіспеншілікті тәрбиеледі, ғылыми білімді құрметтеді. Ол ұстазы Чистяковтан үйренген суреттегі көлемді форманы тану, құрастыру және талдау әдістерін өз шәкірттеріне жеткізді.
Д.Н.Кардовский өзіне дейінгі суретті оқыту әдістерін жинақтап, өзінің әдістерін өткеннің сапалы дәстүрлеріне сүйене отырып жасады. Д.Н.Кардовскийдің өзінің суретті оқыту әдісінің негізіне заттардың күрделі формаларын, қарапайым етіп қысқартуға дейін жеткізуі алынған. Өзінің көп жылдық педагогикалық қызметінің нәтижесінде Кардовский, жаңадан сурет салушыға заттың күрделі формасын бейнелеу қиынға соғады, сондықтан сурет салу алдында оқушыға тапсырманы жеңілдету керек, форманы қарапайым етіп түсіндіре білу қажет, сонда ғана бала заттың құрылымдық негізін түсінеді, осыдан соң оған нақтылауға көшуге рұқсат беру керек деп түсінді. Ол тірі модельді салғанның өзінде оны шар мен кубты салғандағыдай қарапайымдылық пен нақтылыққа жеткізу қажеттігін көрсетеді. Заттың күрделі формасын оқушы ең алдымен майда жазықтықтарға бөлуі тиіс. Мысалы, мұрынның суретін салу үшін, ойша оны төрт жазқытыққа бөліп көрсетеді. Мұнан соң оны форма ерекшелігіне қарап, біртіндіп ол қажетті ұқсастыққа жеткізіледі.
Д.Н.Кардовский ұсынған суретті оқыту әдістемесінің қағидаларын көркемсурет, педагогикалық, жалпы білім беретін мектептің сурет мұғалімдері дамытып, отырды. Жалпы білім беретін мектептің сурет мұғалімдерін дайындауда Кардовский жүйесінен, қағидаларынан бастау алды.
Жалпы білім беретін мектептерде сурет салу әдістерінің дамуына Константин Федорович Юон белгілі үлес қосты. Юон көркемсурет мектептеріндегі суретті оқыту әдістемесі мәселелеріне зор көңіл бөле отырып, ол белгілі дәрежеде жалпы білім беретін мектептерде суретті оқытуға қызыға қарады.
«Мен осы тамаша пәнге осы кезге дейін дұрыс баға берілмей келе жатыр деп айтқым келеді. Егер оған көбірек уақыт беріп, оның оқыту әдістемесінің талдауларын дайындаса, онда басқа пәндердегі білімдерді қабылдауды жеңілдетер еді және бұл пәндерді өзара байланыстыру звеносы қызметін атқарар еді, сурет қоршаған дүниені дұрыс түсініп, жеке тұлғаны дамытуға жәрдемдеседі» деп жазған (Юон К.Ф. Об искусстве М, 1959,-297 с.).
Ол «менің негізгі тезисім үнемі, бұлтарыссыз көру әлемінің заңдылығын оқыту» деп есептеген. Сонымен қатар ол перспектива туралы, горизонт сызығы туралы негізгі түсінікті бере білу керектігін, мысалдар келтіру арқылы горизонт сызығы туралы түсіндіруге болатындығын көрсеткен.Оқушылар бояумен жұмыс істеу барысында, оларға спектр туралы, бояулардың өзара әсері туралы түсініктер беруге кеңес берген.
Оқыту әдістерін ғылыми негіздеуге мән бере отырып, Юон сурет салудың техникалық мәселелерінің өз ғылыми таным тұрғысынан қарауға көңіл бөледі.Ол «Менің өнер мен ғылымның байланысы туралы бірқатар сөз айтқым келеді» бұл екі жақты байланыс, деп көрсеткен. Бірінші жағынан, өнер, сурет география, тарих, жаратылыстану ғылымдары–зоология, ботаника, геология, сондай-ақ, физика, химия, математика ғылымдарын оқыту әдістемесімен байланысты болса, екінші жағынан, фактура сияқты ғылымның белгілі бір саласындағы құбылысты, ғылыми танымды айтқым келеді. Фактураның өзі әр түрлі. Бірі–табиғатта, екіншісі–суретте болады деп көрсетті.
Табиғатта фактура өзінің материалдарымен байланысты (бархат-бір фактура, жүн-басқа фактура). Бұл фактуралардың әр түрлі қасиеттері болады, және олар жарық құбылысын әр түрлі қабылдайды деп көрсеткен.
Мұнан соң ол «сурет фактурасы, сурет техникасы туралы айту қажет. Бұл салада да айтып отырғанымыз көркемдік құбылысқа жатады. Ғылыми дүниеге қатысты жеке құбылыстарды да ғылыми тұрғыдан ашып көрсету маңызды» деп ойлаған. (Юон К.Ф. Об искустве т.1. 302с).
20 ғасырдың 40 жылдары сурет мектебі реалистік суреттің берік жолына түсті. Суретті оқытудың дұрыс принциптері мен оны оқытудың әдістері бекіді.Оқулық суреттің мәселелерін терең ғылыми негізде шешу қажеттігі көріне бастады.
Жалпы білім беретін мектептегі суретті оқыту әдістемесінің әрі қарай дамуына жаңадан ашылған РСФСР педагогика ғылымдарының Академиясы (1943) және КСРО Көркемсурет Академиясы (1947) үлкен ықпал етті. 1944 жылы РСФСР педагогика ғылымдары Академиясы жанындағы педагогика теориясы мен тарихы институты жанынан эстетикалық тәрбиенің арнайы кабинеті құрылды. Кейінен (1947)ос кабинет негізінде көркемдік тәрбиенің ғылыми-зерттеу институты ашылды. Бұл институттың қызметкерлері балалар шығармашылығын ғылыми зерттеумен айналысты.Олар мектептерге арналған оқу бағдарламасын жасап, мұғалімдер үшін әдістемелік нұсқаулар дайындады.
Суретті оқыту әдістемесінің теориялық мәселелерімен көптеген мамандар айналыса бастады. 1951 жылы «Өнер» баспасынан Е.С.Кондахчанның «Орта мектепте суретті оқыту әдістемесі» жарыққа шықты. Бұл кітаптың жарыққа шығуын, азғана сын айтылғанымен мұғалімдер мен мамандар жақсы қарсы алды. Кітап кемшіліксіз болмағанымен Е.С.Кондахчанның принциптік ұстанымдары дұрыс болды. Бұған сурет мұғалімінің реалистік өнерге бағыт ұстауының, өткендегілердің мұраларын оқып үйренуі қажеттігіне көңіл бөлуін айтуға болады. Кондахчан суретті оқыту нұсқаға қарап сурет салуға, бақылауға, өмір шындығын оқып үйренуге негізделуі тиіс екендігін көрсеткен. Ол сонымен қатар балаларды, заттар мен реалдық өмір шындығын дұрыс көре білу мен оны дұрыс бейнелеу қажеттігіне баса көңіл аударған. Ол қоршаған ортаны танып білу негізінде оқушылардың дүниетанымын қалыптастырып олардың тәрбиесі мен дамуына игі ықпал ететіндігін көрсеткен.
20 ғасырдың 50-60 жылдары оқыту әдістемесінің теориясын байыта түсетін бірқатар ғылыми зерттеу жұмыстары пайда болды. Бұл жұмыстар сурет әдіскерлеріне өз мәселелерін дұрыс шешуге жол көрсетті.
Мектептегі әдістемелік жұмыстарды ретке келтіру мақсатында 50 жылдары суреттің арнаулы оқулығын жасау идеясы туындады. Бұған дейін орта мектептерге арналған суреттің оқулығы Ресейде, де шет елдерде де болған жоқ.
1957 жылы алғаш рет бірінші және екінші сыныптарға арналған, 1961 жылы үшінші және төртінші сыныптарға арналған Н.Н. Ростовцевтің оқулықтары жарыққа шықты. Бұл оқулықтардың негізіне оқытудың алғашқы басқышында, балаларды нұсқаға қарап сурет салуға үйрететін П.П.Чистяковтың оқыту жүйесі алынды.
Осы кезден бастап – 60 жылдардың басында суреттің эксперименттік оқулықтары жұйелі түрде шыға бастады. Олардың авторлары В.В.Колокольников, Е.Е.Рожкова, Е.Л.Херсоньская, С.А.Федоров, М.Н.Семенова, Л.Л.Макоед, т.б. болды. Осы жылдары мектептегі бейнелеу өнерін оқыту әдістемесінің теориялық мәселелеріне арналған В.В.Алексееваның «Мектептегі бейнелеу өнері»; В.С.Шербаковтың «Бейнелеу өнері – оқыту және шығармашылық»; А.Г.Шиманскаяның «Мектептегі перспективалық сурет»; Г.И.Орловскийдің «Сурет мұғаліміне көркемдік білім беру» атты еңбектері жарық көрді.
1966 жылы РСФСР ағарту министрлігі жанынан бейнелеу өнерін оқыту әдістемесін зерттеу бағытындағы арнаулы лабороториясы бар, Мектепті ғылыми – зерттеу институты ашылды.
1959 жылдан бастап КСРО бойынша педагогикалық институттардағы көркемсурет-графика факультеттерінің жүйесі кеңейе түсті. Бұл институттарда, көркемсурет академиясында, КСРО педагогика ғылымдарының Академиясында мұғалімдердің білімін жетілдіру институттарында суретті оқыту әдістемесінің талдаулары жасала бастады.
Суретті оқытудың әдістемелік талдауларын жасау мен оның дамуына деген, бай мүмкіндік жалпы білім беретін мектептер тарихында болған емес. Жалпы білім беретін мектептердегі суретті оқыту әдістемесінің өзінің дамуында қарқындап алға жылжуымен сипатталады, ол жылма жыл жетілдіріліп, ғылыми-теориялық негіздеме ала бастады.
1970 жылы бейнелеу өнерін оқытудың мақсаты мен міндеттері айқындалған, оқу материалдарының мазмұны анықталған, жаңа оқу бағдарламасы толықтырылып қайта бекітілді. Бағдарламада эстетикалық тәрбие беру белгілі кеңес суретшілері мен бұрынғы ұлы суретшілердің шығармашылығымен таныстыру міндеттерімен кеңейтілгендігіне байланысты бұрынғы «сурет» пәнінің орнына жаңа оқу пәні «бейнелеу өнері» пәні пайда болды.
Бастауыш сынып төрт жылдық білім беруден, үш жылдыққа көшірілді, жеке пәндерді тереңдетіп оқыту мақсатында факультативтік курстарды оның ішінде бейнелеу өнері бойынша ұйымдастыру сияқты жалпы білім беретін мектептердің жалпы жүйесіне көптеген жаңалықтар ендірілді.
Мұның бәрі мұғалімнен оқыту әдістемесі мен педагогиканың жалпы қағидаларынан білімдерін арттырып, тыңғылықты және терең дайындықты қажет ететін болды.