Қазіргі қазақ прозасындағы жаңа туындылардың бірі – Әлібек Асқардың «Өр Алтай мен қайтейін биігіңді» повестегі әлеуметтік талдау барысында бірден көзге түсетіні жазушының стильдік ерекшелігі. Өр Алтай төріндегі бір кезде айдарынан жел ескен, төрт құбыласы сай болған ауылдың бүгінгі мүшкіл халін суреткер сатылап көрсетеді. Кеңсе, ауылдың мектебі, дүкен, дәрігерлік пункт жабылады, яғни әлеуметтік құлдырау жолымен тұрмыс тауқыметі үдемелі жолмен беріледі. Жазушы әр алуан кейіпкерлерін болып жатқан өзгерістерге қатыстырып, көзқарас пен дүниетанымық ерекшеліктеріне тереңдеп бойлау арқылы өтпелі кезеңнің шындығын аша білген. Тіл, образ, сюжет, композиция тұтас бір өрілімде берілген. Бір кездері азан-қазан боп жататын базарлы ауылдан небәрі жеті үй қалғанымен, осы азғана шоғырдан тұратын сегіз отбасының басынан өткерген қилы, мұңлы да мұңсыз тағдыры бір повеске толық жүк болған. Жұртта қалған жеті үйдің жыры да жеті түрлі. Жазушы бір кездегі базары тарқамаған ауылдың қалай жетімсірегеніне тоқталып, сюжет желісін жетім қыз Сәлиманың тағдырымен ұштастыра суреттеумен жалғайды. Қоғам назарынан тыс қалса да, Алланың кең пейілінен кенде қалмаған алақандай ауылдың өгей тірлігі пошташы Сәлима қыздың пайымы арқылы берілген.
Шығарманың негізгі арқауы – қазақ қоғамының тұтастығын құраған отбасылық ұғымнан ірілеу бірлестік, татулықтың құт мекені саналған ауыл мәселесі. Повесть ауыл жастарының жағдайын жақсартудың әлеуметтік өзекті мәселелерін көтереді. Қазақтың құт-берекесінің бесігі болған ауыл өмірінің кері кетуі, ауыл баласының атажұрттан безініп, өзіне жайлы қоныс іздеуі үлкен символикалық жүк арқалап тұр. Өркениеттің дәстүрлі өмірімен арақатынасын үйлестірмесе, ауыл мәдениетінің тоқырауға ұшырайтындығын қарапайым еңбек адамдарының психологиясына терең бойлау арқылы ашады. Жалпы зерттеу барысында шығарма өзегіндегі бүгінгі қазақ ұлты үшін ең өзекті мәселе болып отырған атажұртқа, туған топыраққа сүйіспеншілік, ауыл мен қала өмірінің алшақтық мәселелері жан-жақты талданады.
Бүгінгі әлеуметтік өмір шындығы Б.Қанатбаевтың «Ескі жұрт» әңгімесінде де шеберлікпен беріледі. Дүние өзгеріп, ұрпақ ауысқан кездегі ұлттық құндылықтардың жұтаңдауына назар аударады автор. «Тәуелсіздік кезеңі тіршілігіміздің алуан саласындағы жаңа да жарқын бетбұрыстарға, жаңғыруларға бастап отыр. Сондықтан өмір шындығын, өмірлік материалдарды авторлық концепция мен өткір проблемалдарға сабақтастыра таңдау мен толғаудың мән-маңызы айырықша» [8, 94 б].
Көсемәлі Сәттібайұлының «Жылқыбай жездемнің сақалы» атты әңгімесініңастары – бүгінгі ұсақталып кеткен қазақ қоғамының бейбіт күнгі мінез-құлқы, тыныс-тіршілігі. Жазушы қазақтағы ескіліктің қалдығын юмор арқылы шенеуге шебер. Мәтіндегі үш төбеге бөліну – қазақтың үш жүзге бөлініп, трайболистік ойларға ден қойғанын тұспалдап тұрғандай тәрізді. Шығармада қазақтың бүгінгі өмірінің ауыр сыйқы суреттеледі. Қазақ қызын қытай жігіті алған. Қазақтың ұлттық тұтастығына зияны тиетін көріністер көз алдыңызға тізбектеледі. «Бұрын орыс келін мен неміс күйеу балаға бет шымшитын апаларым, қазір африкалық абысындарының «амбициясына» да үйренген. Ол жазғандар да анда-санда ат сабылтып келіп тұрады. Мынау қақсаған ханзу бала да әлгі жампоздар шошып жүрген үдерістің біздің ауылға тән бір сипаты» [9]. Жаһандануға салмаса, әңгіме астарынан күрсініс аңғару қиын емес.
Туындыда дін тақырыбы да қозғалады. Қазақ қоғамының өркениет көшіне ілесе алмай, жақсы мен жаманның, асыл мен жасықтың арасын бөліп, ажырата алмай жүргенін жазушы ұлттық қасіретке балайды. Ұтыла беретініміз де сол жақсы, құнды дүниелерді өз деңгейінде бағалай алмай, соның себебінен қоршылыққа ұрынатынымыздан. Ұлттық идея бұл әңгімеде өте бір нәзік һәм сырты юмор, іші зар, астыртын ағыстармен көркем берілген. Бұл әңгімедегі оқиға – қазақтың әр ауылының басындағы хал. Жазушы мұны шебер жеткізе алған.
Т.Шапайдың «Домбыра» атты әңгімесінде автордың дүниені қабылдау сезімі тұнық, нәзік иірімдерге толы мұңымен көңіл аудартады. Домбыра жансыз зат деген ұғым жоқ онда. Әсіресе, ұлттық дүниелерге ерекше елжіреп тұрады. Онысын қазақтығының кепілі дерсің. Кейіпкердің домбыраға деген сағынышы мистикалық сипат алған. Автор екі домбыраны ескі мен жаңаның мәңгілік тартысы, дилемма ретінде алған. Кейіпкер шеберден «домбыра жасап бер» деп сұрағанда, ол «әнші домбыра ма, күйші домбыра ма» деп айырып сұрайды. Бұл екеуі де деп қалады. Расымен сары домбыра ерекше әуезді, үнді болып шықты, шапқан сайын зырлаған Құлагер текті домбыра. Ең кереметі, жаңаға бауыр басқан сайын ескі домбыра құлазыған тәрізді болады, семіп бара жатты дейді. Бұл ненің белгісі? Қазақ халқының ұлттық құндылықтарының символы. Жаңа әлем кеулеген сайын, модернизация мен ғаламдану молынан енген сайын ескі дүниелер керексіз болып, ысырылып қала береді. Руханиятта да солай. Жаңаның кейде құны жоқ, бірақ оны мүдделі адамдар істейді, сондықтан ескіні асыл зат болса да, уақытша болсын, лақтыруға бейім тұрады. Автор бұл жаңа домбыраны «тылсым, аққу мойын домбыра» деп атайды. Жаңа домбыраға ескі домбыра қарама-қарсы тұрғандай: «дүмі жарық», «қаңсып қалған шанақ үмітсіз, жарықшақ дауыспен мағынасыз қаңқ-қаңқ етті. Домбырада күй жоқ еді» [10]. Тұрсынжан Шапайдың барлық әңгімелерінде лықсыған мұңнан көз ашырмайтын булығу бар. Оған жалғыздықты түпқазық қылған гротеск қосылғанда, тіпті үдеп кетеді.
Бұл әңгімедегі домбыра − тұлға. Ол зат емес, адам бейнелі. Жазушының табысы – осы. Домбыра − ұлттық ұғымның символы. Жалпы ұлттық әдебиет – ғасырлар куәсі, бабамыз бен кейінгі ұрпақтың жан сыры, келбеті. Ұлттық болмыс, ұлттық рух, эстетикалық күрделі құбылыс кейіпкер сипатына елеулі әсер етті. Әдебиетімізге М.Әуезов дәстүрінен нәр алған ұлтжанды кейіпкерлер тобы келіп жатты.
Жазушы Қ.Түменбайдың «Қобыз мұңы» атты әңгімесі де ұлттық таным тұрғысында жазылған туынды. Мұнда автордың баса назар аударатыны – жалғыздық мәселесі. Жалғыздық сипатын өзгеше көрсету үшін онда әкелі-балалы екі ұрпақ өкілінің көзқарас алшақтығы негіз етілген.
Н.Дәутайұлы соңғы кезде прозаның шағын жанры әңгімеге жиі қалам тартып жүр. Жазушының«Айғыркісі» атты көлемді әңгімесі ұлттық идеяның алтын қазығын айналшықтап шықпай қоюымен, қазақтықтың жаратылысын сүйіп жазуымен де дараланады.
Жылқы культі арқылы ұлттық рух асқақтайды. Ат мінсе, қазақ өз қалыбын сақтайды. Жаяу қазақ – жартылай қазақ. Әңгіме бір әулеттің өмір сүру пәлсәпасы арқылы ұлттық идеяның қайнар көзін ашады. Жылқы мен қазақ – бұл әңгімеде синоним, бір символға айналған, Жалғас Жылқыны құрту – қазақты ұлт есебінде құрту деген астарлы ойға жетектейді. Ауылдың күні батып барады. Урбандалу қазақты еңсеріп келеді, – дейді автор.
Әңгімедегі ұлының антиподы – әкесі. Жалғас пен Бұлди екеуі – екі түрлі адам. Қазіргі заманғы көкейін ақша тесіп, санасын тұрмыс билеген, ұлттық жаратылысын жатсынған, жат тұлыпқа емінген кейіпкер суреттеледі.
Жазушы М.Мәжитовтің «Әкім сайлау» атты әңгімесіндегі қоғамды жайлаған кеселдер аса бір әсіреленбей, өмірде қалай болса, солай, нақты суреттелінеді. Қалықбай әкім – типтік бейне. Жазушы М.Мәжитовтің ұтқан тұсы да – осы. Бармақ басты, көз қыстылық, өтірік ақпарат, өңін өзгерту, жағымпаздық пен екіжүзділік нормаға айналған. Жазушы осының бәрін айқын, мақтамен бауыздағандай етіп көрсетеді. Қалықбайды сол күйінше қалдырады. Неліктен? Себебі, Қойшыбай Қалықбайдың орнына әкім болып келсе, одан бетер жейді. Автор мұны оқырманға әлдебір тұспалдармен ұқтырады. Шәкәрім Құдайбердіұлының бір өлеңінде айтылғандай:
«Жандарал жүз елуге келсін! – дейді. –
Жасартып тағы да өмір берсін, – дейді. –
Бұл өлгенмен, келеді және біреу, дейді
Онан да осы-ақ ұлық болсын. [11], дейді.
Р.Отарбаевтың «Американың ұлттық байлығы» атты әңгімесіндегі әлеуметтік сарын қарапайым ауыл тірлігі арқылы беріледі. Бұл әңгімеде қазақта ұлттық идеология жоқтығы күлкілі оқиға, бір болмашы ситуация арқылы ашылады. Сарказм мен гротескінің көркемдік рөлі жоғары. Кейiпкердiң рухани дүниесiндегi, характерiндегi өрлеу мен әлеуметтік шындықты көрсету үстiнде бүгiнгi шығармаларымызда аз кездесетiн үлгi – гипербола элементтерiнiң ұшырасуы бұл әңгiменiң тәуiр табысы, бағалы тәжiрибесi.
«– Аллам-ау, – деді амалы таусылған аңшы үні тозып, мұржаға сүйене кетіп. – Шәуіл деген жаман ши бөрі Американың ұлттық байлығы болсын. Мен сонда Қазақстанның кімімін?.» [12, 11 б]. Жазушы шибөрі мен ел-жұртты психологиялық параллелизммен қатар қойып салыстырады. Суреткердің қасқыр мен түлкінің ортасынан шыққан жаман шатаны, бөрідей азуы, айбаты, түлкідей айласы жоқ шибөріні шығарма өзегіне алуы тегін емес, бұл жерде мәселе шаталықта, шалалықта болып тұр. Көк түріктің бөрісі емес, қайдағы бір тегі жоқ, бөрі тұрмақ, қасқырдың тырнағына татымайтын Америка елі ұлықтайтын шибөріні енді келіп қазекем де құрметтеу керек екен. Мұнда шата шибөрінің бейнесінде қазақ жерінде тұрып жатқан қазақ емес ұлттарды әсірелеп төбемізге көтерудің тұспалы бар. Суреткер шығармасының атауында үлкен мән бар, бір елдің ұлттық байлығы көк түріктің көк бөрісі емес, қасқыр тұрмақ, шата шибөрі болса, ал біздің Тәуелсіз Қазақстанымыздағы ең үлкен, ең негізігі ұлтық байлығымыз – халықты кім қорғайды деген әлеуметтік астары бар сауал қоя отырып, оған жауап таппай қиналады.
М.Мағауиннің «Ұлт аралық жанжал» атты туындысының [13, 324 б] қаны қазақ, рухы қазақ сүйсініп оқитын шынайы әңгіме екендігі көркемдік қуатының кемелділігінен көрінеді. Шығармада сатиралық фон, емеурін, тұспал, символ, күлкі қатар өріліп отырады. Күлкі болғанда, гротеск, ирония мен ащы әжуа.
Әңгімедегі Алматы маңындағы кішкентай Рахман ата ауылы – Қазақстан мемлекетінің моделі тәрізді. Шығарманың басында-ақ автор өзінің танымын айқындау үшін «жол» мотивін таңдап алады. Автор «Анау Марат сияқты бұралқыны төрге шығарудың зардабын да көрсетеді, ұлтаралық келісім дегенді желеу етіп, ата жұрт иелерінің бөтендерге есесі кете беруінің қаупін де алға тартады автор. Тілді, елді, рухты қорлағысы келіп, менсінбеу, қазақтың кеңдігін ұдайы бас пайдаларына пайдалану, қазақтың қашан да ерен төзімділігі, балақтағы биттің басқа шығуы – бәрі сатиралық уытты тілмен әшкерелеген. Әңгімеде ирония құралын ұтымды пайдаланған. «Ал, қазақ… Тәуелсіздік алдың, енді атаңның басы керек пе?! Ел иесі екеніңді қашан ұғасың?» Әңгіме соңы осылай аяқталады. Оқыған жанның ұлттық намысының оянуына түрткі болатын бұл риторикалық сауал саналы әрбір қазақ жүрегіне ой салады. Демек, ұлттық идея қазіргі прозамызда жанама сипатта көркемдік мән иеленеді. “Ұлттық идея біздің ортақ тағдырымыздан туындайды. Ол ащы болсын, тәтті болсын-біздің бүгін де, ертең де өмір сүруіміздің бірден-бір шарты”, – деп түйіндейді Ш.Елеукенов. [14, 24 б.].
Еліміз тәуелсіздік алғасын, өткенімізге көз жіберу мақсатында бұрын айтуға тыйым салынған, «жабық» тақырыптардың бірі − Желтоқсан көтерілісі. Қазақтың қылшылдаған қыз-жігіттерінің көз жасынан тұратын бұл тақырыпты біраз қаламгерлер өз шығармаларына арқау еткені белгілі. Р.Нұрғалиевтың, Т.Сәукетаевтың «Ай қараңғысы» атты романы мен Н.Құнантайұлының «Қараөзек» романы бұл тақырыпты үлкен прозаға әкеледі. Әңгіме-повестерде бұл тың тақырыпқа – А.Алтай, М.Байғұтұлы, Ж.Қорғасбек пен Қ.Түменбайлар түрен салды.
М.Байғұттың «Жоғалған жұрнақ» [15, 188 б] атты әңгімесі оқыс хабардан басталады. «Жұрнақ көке жынданып кетіпті». Әңгіме оқиғаны оқушы баланың көзімен суреттеген. Жұрнақ – желтоқсан қасіретінің құрбаны болған жас жігіт. Бұл – жоғалған ұрпақтың символы. «Жынды Жұрнақ адамдарды бір-бірінен айырмайтын, кісі танымайтын, кімнің кім екенін мүлде білмейтін». Қазіргі қазақ баласының кейпіне ұқсайды, ана тілін білмейді, өзі мен жатты, ақ пен қараны ажырата алмайды. Бұл образ арқылы ұлтсыздану мен жаһандану дертіне шалдыққан ұрпақ қасіреті бейнеленген. Ұлтының қасиетін танудан қалып, қазақтықтан аулақ кетіп барады.
Мұңлық әкенің күйі ол болса, көтеріліске қатысқаны үшін жазықты болып, жынданған бейшара ұлының күні тіптен мүшкіл еді. Барынан айрылған, адамзат баласына тән ең ұлы қасиет – санасынан, ақыл-есінен айрылған, жарым ес атанып, көрінгеннің есігінде қу құлқыны үшін өлместің күнін кешіп жүр. Қаламгер кезінде оқу озаты болған Мәскеу оқу орны студентінің бүгінгі мүшкіл халін суреттеу арқылы тағдыры да, заманы да, солақай саясаты да аямаған жас жігітті туып-өскен ортасы, кіндік қаны тамған ауылдастары да аяды ма, мүсіркегендері бір күндік боқ дүниемен теңелгендігін шебер суреттеген.
Жұрнақ жынды бола тұра туған табалдырығына тізерлеп, кіндік кескен үйіне басын иген қалпы өмірмен қоштасады. Жалпы шығарманың әлеуметтiк мазмұнын, жазушы үй, қара шаңырақ мотиві арқылы айқындап отырады. Демек, қаламгер ұлттық танымға тән мотивтер мен дәстүрлі символдарды шебер пайдалану арқылы Желтоқсан қасіретінің қазақтың халықтық рухына тигізген зардаптарын аша білген.
А.Алтайдың «Прописка» [16, 299 б] атты әңгімесінің тақырыбы да желтоқсан. Урбанизация қалаға қуған қазақ ұлтының наласы мен шері, пропискаға отырудың соры. Қала қазақты қабылдағысы жоқ. Әңгіме жолға шыққан Арқат есімді жігіттің бір сәт басынан кешкен драмасына құрылған. Алайда бұл жеке бастың қайғысы емес, бүкіл қазақ қоғамының басына түскен ауырпалықты таңбалайды. Алтайда көктем келсе де, бораны басылмай тұрғаны – ол да – тұспал. «Бұландай жігіттер» деп автор тегін айтып отырған жоқ. Махамбетте «Бұландай ерді кескен күн» деген өлең жолдары бар. Үш жігіт – желтоқсан құрбандары. Сол боздақтарды тұспалдайды. Арқат қалаға пропискаға отыру үшін төрт ай қаңғиды. Қала қазақ баласына өгей шешеден бетер. Абайша айтқанда, бір қайғы мың қайғыны қозғайды. Ол – қазақ қоғамындағы шындық.
Желтоқсан тақырыбына арнап жазылған қазіргі қазақ әңгімелерінің ішінде А.Алтайдың «Сібір офицері» атты әңгімесінің түрі мен пішіні бөлек. Көбінесе бұл тақырыпта жазылған әңгімелердің көпшілігінің оқиға желісі желтоқсан зардабынан жапа шеккен Желтоқсанға қатысқандардың өмірін суреттеуге, сол қанды оқиғадан бір үзік сыр түюге құрылатұғын. Ал, аталмыш әңгімеде жағдай мүлдем басқаша суреттеледі.
Қаламгер қаһарлы суықта қарусыз қайрат көрсеткен жұртты жаппай қанға бөктіріп, өзін адал сезінетін, совет заманының азат азаматымын дейтін офицер Бураханның тағдырының тәлкекке ұшырауын шеберлікпен бейнелей білген. Асқар Алтайдың кейіпкері абақтыдағы өмірдің әділетсіз сипатын, кесінді биліктің кесірлі пендесі болып шыққан адам болмысының кері өзгерісін суреттейді. Автор өзінің осы шығармасы арқылы кісенді қоғамның зорлығын, аңқау офицердің әмірлі биліктің құрбанына айналғандығын: партиялық бұйрықтың қаталдығын, кеңес саясатының екі жүзділігін көрсеткісі келген. Отаны алдындағы әскери парызын адал атқарып жатқан кеңес офицерінің жазықсыз қолын жазалы еткен де – саясат. Кейіпкердің жанын жегідей жеген де, намысын жер қылған да – «желтоқсан». Бураханның көзін ашқан да, көңілін басқан да сол желтоқсан деп пайымдайды авторлық таным.
Жазушы Ж.Қорғасбектің «Желтоқсан» әңгімесі де осы тақырыптас [17, 124 б]. Әңгімедегі қисық мойын тракторист қарапайым көптің бірі. Автор арақ бөтелкесін «жан сауғасын тауып алып» деп кейіпкеріне тегін телімейді. Автор үшін де, әлгі тракторшы үшін де арақ жарық дүниеде болып жатқан сұмдықтан бас сауғалаудың құралы ретінде алынған. Әйтпесе, оның алапат уыты мен күйзелісіне төзу қиын. Адамдарды, дәлірегі, өрімдей жастарды ел жоқ айдалаға апарып, көміп тастап жатыр. Бірақ әңгімеде кім көмілгені түсініксіз. Құпия көму. Кейіпкерде ат жоқ. Ол қазақ деген ұғымға ие. Оның бауырмалдығы, жүрегі езілетіндігі біраз детальдардан білінеді. Кетіп бара жатқанда, арттарына қарап, еңіреп жылаған қыздарға қосылып ер адам да жылайды. Жол үстінде айтылған жоқтау бірақ, жол үстінде ұмыт қалды сол күйі. «Оны айтасыз, мына тұрған ауылға да үн-түнсіз барып кірді үшеуі». «Кімге жоқтау айтып отырғаны белгісіз», – деп түйіндейді автор. Бұл ұлт басына түскен қорлықты, жазықсыз мерт болған өрімдей жастарды жоқтау, бірақ үнсіз, ешкімге көрсетпей жоқтау. Қазақ басына түскен трагедия.
«Қазіргі қазақ әңгімесіндегі әлеуметтік символика» атты екінші тарауда прозалық туындыларда жаңаша мән иеленіп отырған фольклорлық образдар жүйесі – қасқыр-тотемі, ағаш-дүние тірегі, су-өлім, т.б. қазіргі тәуелсіздік тұсындағы өмір шындығын танытудың тәсілі ретінде тексерілді.
«Тәуелсіздік жылдары» деп аталатын кезеңнен басталған жаңашыл пайымдаулар рухани түлеудің жаңа бір кезеңі болды да, қазақ әдебиетіне көркем ойлаудағы жаңа ұстанымдарды алып келді. М.Мағауиннің «Құмырсқа қырғын», «Коммунистік реализм», «Қасқыр – Бөрі», «Қисық ағаш», «Қос Ағаш», Т.Нұрмағамбетовтің «Кене», А.Алтайдың, т.б. шығармалары әлеуметтік өмірдің ең бір өзекті мәселелерін, сыншылық-философия саралайды. Жазушыларымыз өз шығармаларындағы айтар ойын, суреткерлік көзқарасын тұспалдап, психологиялық тұрғыда жеткізуі немесе әлеуметтік символикаға ден қоюы – заңдылық. «Астарлап, ишарамен сөйлеу, сөзге сараңдық, үкім айтудан, соңғы ақиқатпен кездесуден қашу – постмодернистік рухтағы бүгінгі қазақ прозасына тән басты қасиеттердің бірі» [18, 515 б].
Жаңашылдық қашан да соны идеялық-көркемдік ізденістермен толығады. Тақырыптың жаңалығы барша табысқа кепіл емес. Жаңалық жазушының өмір құбылыстарына келу тұрғысынан, көз көрген, құлақ естіген фактілерді қорыту, ойлау ұстанымы мен суреттеу принциптерінен, белгілі бір идеяны жеткізу ерекшелігінен, әлеуметтік талдау пайымынан аңғарылмақ. Бұған кейіпкер таңдау, сюжет, композиция құру тәрізді суреткердің дара стиль өзгешеліктері де қосылады. Алайда, әр автордың қайталаудан алыс, жаңалығы мол тың шығарма беруге ұмтылысы әрдайым дәстүр сабақтарымен астасып жатқанда ғана жемісті.
Қазақ прозасында символды қолданудағы шеберлікті Ғ.Мүсіреповтің «Өмір жорығы», «Қыран жыры», М.Мағауиннің «Құмырсқа қырғын» аттыәңгімелерінен көруге болады. «Құмырсқа қырғын» атты философиялық ойға құрылған әңгіме табиғат құдіретіне бас июді ғана емес, өмір үшін күрес, қазіргінің жалғасы, болашақтың тұтқасы – жас ұрпақ пен ертеңіміздің кепілі – жер-анамызды қастерлеу туралы сыр десе де, болады. Автор-кейіпкер құмырсқа илеуін көркемдік деталь ретінде ала отырып, оны бір қауым елдің, тіпті мемлекеттің символдық (рәміздік) белгісіне айналдырады. М.Мағауиннің бұл әңгімесіндегі көзге түсетін, көңілге ұялайтын ерекше жәйттар – символикалық пен философиялық сипаттардың берік жымдасып, табиғи кіріге түсуі. «Құмырсқа қырғынындағы» өзгешеліктің бір ұшығы осында. Қаламгер бұл шығармасында тырнақ ұшындай көзге көрінер-көрінбес құмырсқалар тіршілігін адамдар өмірімен қатарластыра алады. «Жекелеген құмырсқалар ішке кіріп, тары дәнінен сәл ғана үлкен, сопақша жұмыртқаларды тістеп алып шыға бастады. Мұндағы ең үлкен олжа – болашақ ұрпақ өндімек панасыз жұмыртқалар. Өз илеуіне апарады. Шайқап шығарады. Содан соң… ата-тегін білмейтін жетімдерді түгел жұмыскер – мұндағы билеуші жұртқа тегін азық-түлік жинайтын құл-құтан немесе басқа бір, жат әулетпен соғысқа, тіпті, кешегі өз нәсіліне қарсы майданда алға салатын жанкешті жауынгер етіп шығарады. О, құдірет! Тура өзіміздің мәңгүрттер!» [19, 103 б] – деп, терең философиялық тұжырымның да мәнін ашады. Дүниедегі ең кішкентай жәндіктер тіршілігіндегі әділетсіздік, теңсіздік арқылы адам баласына ой салу, мәңгүрттік сананың тамыр-тегін ұқтырудағы авторлық қолтаңба барлығы да бүгінгі прозаның ерекше бітімі ретінде зерделенді. Қазақ халқының ғасырлар бойғы жаратқан ең аяулы қасиеті – өзара ауызбіршілік пен өзін-өзі құрметтеу, жатқа берілмеу, ұрпақ болашағын ойлау мұраты тұспалданғандығы талданды.
Ұлт әдебиетіне ортақ жаңа сапалар, өлшемдердің елеулісінің бірі – қазіргі қазақ прозасының символикалық сипаты. Біздің басты назар аударатынымыз да бұрыннан бар тәсілдің қазіргі заманғы жаңа болмысты прозадағы өзгеше жаңғыруы мен түрленуі болмақ. Осы тұрғыдан алып қарағанда, М.Мағауиннің тағы бір алып отырған символикасы – Қасқыр – Бөрі. «Қасқыр – Бөрі» [19, 329 б] атты шағын әңгімесі өзінің құрылымдық жағымен ерекшеленеді. Шағын әңгіменің «Қазақтың қасқыры – қасқыр емес, шене, құрт кезінде, яғни бағзы заманда әлемдегі ең айбарлы аң болған» дейтін бастауынан бастап бабамыздың байрағына түсіп, жүрек пен рухтың, қайтпас ерліктің ұранына айналған боз құрт, шене туралы толғанысы назар аудартады. Бөрінің орнына қасқыр келді, бірақ шын мәнісінде екеуі – бір-ақ аң: бөрі деген – қасқыр, қасқыр деген – бөрі. Сырттай қарағанда, атау ғана ауысқан тәрізді болып көрінеді. Ал, шын мәнісінде… бәрі өзгерді. Кейінгі қасқыр бұрынғы бөрідей бола алмады. Абыройсыз істің бәрі қасқырға телінді. Баяғы құрт пен шенеден, кешегі бөріден қалған бақ, көшкен рух қасқырға қонбапты. Бұрын батырды бөріге теңесе, енді қадыр-қасиеттен ада зұлым адамды қасқырға теңейтін болыпты. Дегенмен, қасқыр мен бөрі – атауы бір, түп негізі ортақ, бір-ақ мақлұқ емес пе? Қасқыр қанша азса да, оның бөрі атауының ескірмеу себебі неде, қасқырға қашан, қалай айналғаны туралы ой толғайды. «Ал мен көрген сияқтымын. Бөрінің қасқырға емес. Қасқыр атанған бөрінің қайтадан әуелгі – бөрі кейпін тапқанын» [18, 330 б], – деп әңгіменің ішіндегі әңгімені бастайды. Ырсиған, арық, қу сүйек қасқырдың жалаңаш денесі мен иленген теріні бір-біріне антитеза пішінінде қарама-қарсы алады. Ырсиған қасқырдың жалаңаш денесі қандай аянышты болса, жаны жоқ, тіпті ішкі мүрдесі де жоқ иленген тері сондай. Мұхтар Мағауиннің «Қасқыр – Бөрі» атты әңгімесі қазіргі қазақ әңгімесіне құрылымдық, түрлік өзгешелік әкелген соны туынды болып табылады. Сондықтан бұл әңгімені – аманат әңгіме деп пайымдауға толық негіз бар. Біз өткен ғасырдың 20-ыншы жылдарында дүниеге келген «Көксерек» повесін қазіргі қазақ прозасындағы «қасқыр-бөрі» бейнесін ашу мақсатында салыстырдық. Асқар Алтайдың «Алтай элегиясы (Қызыл бөлтірік)» повесть-притчасының, Думан Рамазанның «Көкжалының», Жанат Ахмадидың «Кезінгеннің кезі», «Ажал аузында», «Кие» атты әңгімелерінің негізінде іздену жалғастығы мәселесін қарастырдық.
М.Әуезовтің соңғы сөйлемі, Көксеректі басқа тебуімен аяқталды. Өлі қасқырды басқа тепсе, ал керісінше Жанат Ахмадидің «Кие» әңгімесінде авторлық ой басқаша өрбиді. Автор хайуанаттар паркіне қамауға түскен Қызылшолақтың іс-әрекетінің өзін өзгеше суреттеп кесек бейнелейді. М.Мағауиннің «кейінгі қасқыр – бұрынғы бөрідей бола алмады…» дегеніндей Қызылшолақ қасқыр өзінің бөрі қалпын сақтап қалған – кейінгі қасқыр. Оны мынадан көруге болады. Қызылшолақ өзінің тектілігін көрсетіп, хайуанаттарды бағып-күтетіндердің берген тамағын кісі көзінше жемейді. Еті бар кесек сүйектерді алдына тастағанда оған көз қиығын ғана салып қойып, мойнын қырыс бұрып жатып алады. Жаратылысынан сонша ашқарақ жыртқыш әшейінде өлгенше күресуге бар тамақ үшін басын да игісі келмейді. Автор Қызылшолақтың қайсар қиқарлығынан нағыз бөріге тән тектілікті көрсеткендей. Қырыс, қияс – деп қасқыр мінезін портрет арқылы берген жазушы Көкшұңқырдай көк мұнар тауын аңсаған көкжал тұтқынның қамауға көнгісі келмей, тамағы тоқ болса да ыстық қамау жеп қойған арып-аршыған жабағы түрі – табиғаттың өз таразы өлшемі бұзылғандықтан деп пайымдайды. Қызылшолақ бейнесі осы зоопарктегі аңдар патшасы деп саналатын арыстан мен жолбарыстардың, түлкінің өзімен психологиялық паралеллизмен қатарластыра алады да бір-біріне антитеза тәсілі арқылы қарсы қояды. Автор осы үш түз тағысының тас қамауда өздерін қалай ұстайтындарына оқырман назарын аудара отырып салыстырмалы-салғастырмалы түрде өз ойын ортаға салады. «Қасқыр атаулының зоопаркте ұйығып, бөлтірік ертіп күшіктегенін көрген кісі бар ма екен? Ұрпағын қасіретке бөлегісі келмегендіктен бе, әлде кекшіл, қайсарлығынан ойынды қойып, ұйығуға да қырыстана ма екен?» – деп автор риторикалық сұрақ қояды. Қасқыр өзінің еркіндігіне, еркіне шек қойғызбайтындығының бір мысалы: цирк өнеріне қасқырдан басқа жыртқыш біткеннің бәрін де, тіпті аң патшасы арыстанды да, сонан кейінгі жолбарысты да баулуға болады екен. Тек қасқыр ғана адам баласының айтқанына көніп, айдауына жүрмейді екен.
Автор бұл шығармасында кие концептісін негізгі арқау етіп алған. Ш.Уәлиханов «Қазақтардағы шамандықтың қалдығы» атты еңбегінде: «Қазақтар киеге үлкен мән береді. …Кейбір жануарлар мен құстар, көшпелі тұрмысқа қажет заттарды киелі деп қастерлейді. Жан-жануарлардың киесін қадірлемеу киенің қаһарын туғызады. Киенің ашуы, қаһары кесір деп аталады» [20, 302 б], – деп түсініктеме берген. Қазақ халқындағы «киіктің де киесі бар», «иттің иесі болса, қасқырдың тәңірі бар» деген мақал-мәтелдер – соның айғағы. Қызыл шолақты құрықпен ұстаған Адырқұлды қасқырдың киесі атады. Ж.Ахмадидің Қызылшолағы жоғарыда атап өткен М.Мағауиннің қасқыр бөрісіне айналғанын, кешегі тектілікті бойына жиған бөрілердің символын береді.
А.Асқардың «Қызыл бөлтірік» атты шығармасының оқиға желісі тылсым табиғаттың қойнындағы суретке құралған. А.Алтайдың шығармасындағы табиғат пен адам бейнесінің, олардың қайшылықтары мен ішкі дүниесінің тартысы екі аңыздың желісінің негізінде толық ашылған. Бірінші аңызда градациямен берілген авторлық таным төгілген тілмен шебер берілген. Пейзаж көрінісі психологиялық паралеллизммен тірі суретті көз алдына алып келеді. Демек табиғаттың, яки жаратылыстың өз шындығы бар, ал, адамдардың өз шындығы бар дегенге саяды. Адам табиғатқа үстемдік етіп, ойлағанын жүзеге асыра алмайтыны – А.Алтай шығармасының тұжырымдамалық ойы. Монологпен беріліп, қиялындағы қызыл бөлтірікпен іштей тілдесіп, сырласқан, мұңын шаққан бала танымы, психологиясы нанымды шыққан.
Қанды қол қырғыннан аман қалған қос бөлтіріктің көзін ашпай жатып, қаталдық көруі сан түрлі тарих соқпағынан аман жеткен қазақ жұртының тағдыры іспетті. Ал, оның киесіне жолыққан мергеннің өз баласын өзі жазым етуі – фольклорлық дәстүр қалыптастырған көне мотив. Жазушы бұл мотивті айтпақ идеясына шебер қиюластыра білген. Шығарма оптимистік рухта,оң шешімімен бітеді. Ал, жазушы болса, баланың тазалығын адам рухының тазалығына дейінгі деңгейге көтереді. Бір-бірімен ымыраға келмейтін екі дүниені біріктіргісі келеді.
Соның тағы бір мысалы ретінде Д.Рамазанның «Көкжалында» адам және табиғат арасының арпалысы ешбір бояусыз, бар қалпында суреттеледі. Олардың байланысының үзіліп қалуы адамның кінәсынан екенін ашып айтылады. Мұнда да астар байқалады, демек, табиғатты күштеп бағындыруға болмайды, оның да өз заңдылығы бар, онымен санасу керек.
С.Сағынтайдың «Тұмақ елесі» атты әңгімесінде қасқыр – бөрі бейнесі өз болмысын танытады. Бұл әңгімеде жас жазушы – С.Сағынтай қазақ даласының экологиялық апаттар алаңына айналғанын мистикалық оқиғалармен береді.
Сонымен қорыта келгенде, жоғарыда талданған бірнеше автордың алып отырған тақырыптары да ұқсас шығармаларының негізі де бір, айтпақтары да бір – ортақ арнаға құйылады. Ол – ежелгі ата-баба қастерлеген құндылықтардың бағасын, парқын білу. Бүгінгі рухани дағдарыс тұсында өскелең ұрпаққа өнегелі тұстарын үлгі ету. Табиғат-Адам бірлігін, тұтастығын сақтаған алғашқы адам сезімінің артықшылықтарын алға тарту. әрине бұл мақсаттардың әртүрлі қаламгер шығармаларында әр қилы дәрежеде көрініс тауып жатуы – заңдылық. Сол арқылы қазіргі қазақ прозасының жаңарған көркемдік бітімі де бірте-бірте қалыптаспақ.
Адамға тән ой-сезімнің ағашқа телінуі дүниенің бәрін жанды деп есептейтін мифтік санаға, ағашты кие тұтатын тотемдік түсінікке байланысты. Осы түсінікті тірілте отырып, талантты жазушылар ұлттың өзекті мәселелерін қозғай білгендігі байқалады. Қазіргі қазақ әңгімесіндегі – Ағаштың фольклорлық сипатын сан түрлі тұрғыдан көруге болады. Мәселен, М.Мағауиннің «Қисық ағаш» повесі, «Қос ағаш» әңгімесі, Р.Отарбаевтың «Бәйтерек», Н.Ораз «Теріс ағаш» әңгімелері бір қарағанда экологиялық тақырыпқа арналған сияқты. Ал, шығарманың түпкі идеясына терең үңілсек, ежелден келе жатқан «ағаш – дүние тірегі» дейтін ұғым жаңғырған.
М.Мағауиннің «Қисық ағаш» [19, 247 б] повесі «…Міне қызық. Оң қанат – аллеяның парк жақ беті – биік, сымбатты қарағай. Самсай тізіліп тұр. Сол қанат – Дзержинский көшесіне қараған беті – қиқы-жиқы, қисық-қыңыр қара ағаш», – деп авторлық пайымын осы бір көшеің екі жақ бетінде өскен ағаштардың екі бөлектігін суреттеу арқылы, бір елдің басынан өткерген екі түрлі бір-біріне кереғар екі өмірін алып көрсеткендей. Бірі қазіргі түзу жолдың бойындағы сымдай тартыла самсаған қарағай тәрізді тәуелсіздік алып, еңсесі биіктей түскен елдің рәмізін білдірсе, екіншісіне өкінішті өткені бұлыңғыр елеске айналса да, көлеңке құсап арыла алмай келе жатқан кеңестік солақай саясат ізіне қиқы-жиқы, қисық-қыңыр қара ағашты алып отыр. Жазушының қарағай мен қисық өскен қарағашты біріне-бірін қарама қарсы алуының да өзіңдік мәні бар. Қисық өскен қара ағаш – оңынан емес, қисық қыңыр келген заманды бір кезең сипатындай. Қазақта «керісінше», «қисық», «теріс-қағыс» деген сөздерге де аса мән берген. Мәселен, Қ.Түменбайдың «Адамның тууы» атты әңгімесінде де осы мәселе сөз болады. Жарық дүниеге келген адамның басымен шығып, ал, өмірден озып, ақтық сапарға аяғымен шалқалап шығатыны бәрімізге мәлім. Қ.Аманжоловтың «Шалқалап әкем шықты үйден» демекші, «не нәрсе болса да» бұл дүниеде өзінің ретімен, Алланың жаратқан табиғи болмысы, жаратылысы бұзылмай берілгенге не жетсін дейді авторлық таным. Адам болашағының кілті осы оң мен теріс келудің өзінде екен теріс келген адамның ісінің бәрі терісінен келіп, оңбайды», – десе, ал, М.Мағауин қисық өскен ағашты сол о баста теріс келген бала тәрізді басынан оңбай қыңыр келген заманның рәмізі деп түйіндейді. Екі жазушы екі түрлі тақырыпты жаза отырып, бір-ақ өзекті мәселені қозғап тұр. Ол бәрі оңынан, түзу болсын деген тілектен туындаған мөлтек сыр.
Автордың суреттеп отырған ағашы − ағаш болғанда қисық біткен ағаш. Жоғарыда айтып өткендей, қисық өскен ағаш арқылы суреткер өзінің барлық айтпақ ойын осы «қисықтыққа» әкеліп тіреп, үлкен салмақ салып отыр. Табиғаттың жаратылысын бұзып, жоғарыға, көкке ұмтылатын ағашты көлденеңінен келтіріп тұр. Қазақта кесе-көлденең тұрма, көлденең келді деген сөздер мәні осы әңгімені оқу барысында ашылады. Автордың айтпағы: түзу емес қисық біткен нәрсе әрқашан да көзге қораш көрінері анық. Сонымен суреткер қисық ағашты деталь ретінде ала отырып, қыңыр заманың символы ретінде алып отыр. М.Мағауиннің «Қисық ағаш» повесі басынан-аяқ тұнып тұрған астарлы мағынада, символдық рәмізбен жазылған туынды деп қорытуға толық негіз бар. Сонымен бірге ұлттың ұлттылығын айқындап, бедерлей түсетін этнографиялық сипаттардың молдығы да М.Мағауин шығармашылығына тән эстетикалық факторлардың бірі болып табылады.
М.Мағауиннің “Қисық ағаш” повесіндегі өзекті ой Н.Ораздың “Терісағаш” әңгімесінен өз жалғасын тапқандай. Авторлық таным жас шыбық пен жеткіншек баланы психологиялық параллелизммен қатарластыра алып отыр. Негізгі өзекті ой “терісінен” қадалып отырғызылуында деп түйіндейді. Ағаш теріс отырғызылғанымен, өсіп-өніп, зәулім қарағашқа айналып отыр. Теріс те болса, ағаштың шын ниетпен, таза көңілмен отырғызылуында деп пайымдайды автор.
Ал, М.Мағауиннің «Қос ағаш» әңгімесі мүлде басқа ойды қозғайды. Ұлттық, ұлттық рух тұрғысынан киелі ағаш культін ұсынады. Автор кейіпкерінің Қосағашты көрген кездегі алған әсерімен суреттейді. Суреткер осы бала көзімен берілген Қос Ағаштың портретінің әсем көрінісін градация әдісімен бейнелейді. Қаламгер бала көңілімен, бала қабылдауымен танылған алтын мен күміске малынған Қос Ағаш бейнесі – қазақтың құт-берекесінің символын берген тәрізді. Ары қарай жазушы осы бала танымындағы Қос Ағаш бейнесінің жомарттығы мен паңдығын, бірегей қасиетті Қос Ағаштың енді құлдырау үрдісі де градациямен беріледі. Зәулім бәйтерек өткен мен бүгінді және ертеңді жалғастырып тұрған көркемдік образ түрінде де алынған. Жазушы әңгіменің сюжеттік құрылымын шиленістіру арқылы ауыл маңындағы алдыңнан асқар таудай менмұндалап тұратын Қос Ағаштың жоқтығы кейіпкеріне қаншалықты ауыр тигендігін психологиялық талдау жасай отырып суреттеген. Шегініс жасау арқылы әңгіменің ішіндегі әңгіме шертіліп, Қос Ағаштың жоқ болу себебі кейіпкер ойымен қорытылып, түйінделіп отырады. Асқар таудай деталь қылып алған Қос Ағаш ақыры ұсақталған, азып-тозған ұрпақтың символына айналған. Көбіне қаламгерлер ұсақ нәрсені деталь ретінде алады да, оны үлкен, кең мағыналы символға айналдырады. Ал, мына шығармада бір кездегі бүкіл мұсылманның, қазақ түгілі, қалмақ сыйынған биіктіктің, алыптықтың, асқақтықтың символы, белгісі болған Қос Ағаш ұсақталып, қарапайым отынға қажетті ағаштың қатарына енген. Бұл да болса автор шеберлігінің бір қыры дер едік.
Суреткердің бұл туындысын – М.Мағауиннің қазақылықты жоқтауы дер едік. Бұл туынды турасында Т.Жұртбай: «Қос Ағашта» бүкіл дала философиясының тамырының үзілуі мен қазақтың тағдыры тұспалданған», – деп тұжырымдайды [21].