Қазіргі қазақ прозасындағы фантастикалық антропологияның көріністері

Қазақ әдебиетінде М.Қабанбайдың аяқталмай қалған шығармасы «Кентавр», А.Алтайдың «Кентавры» мен «Түсігі»,А.Кемелбаеваның «Қоңыр қаз» әңгімесін қазіргі қазақ прозасындағы фантастикалық антропологияның үлгісін көрсететін туындылар деп айтуға толық негіз бар.

А.Асқардың «Түсік» атты әңгімесі қазіргі қазақ әңгімесіне қосылған антропологиялық негізде өзгеше пішінде жазылған көркем туынды болып табылады. Автордың алып отырған түсігі – кеше ғана жер басып жүрген, ғұмырында тарлық көрмеген, барлықта жалғанды жалпағынан басып жүрген тұрақсыз сезім иесі. Түсікке айналған адам түлкі бұлаңмен өткеніне көз жүгіртеді.

Шығарма өзегі – трагедия. Адамзаттың өз қолымен өзіне өзі жасап жатқан трагедиясы. Қоғам трагедиясы.

Қазіргі жас прозаиктердің шығармаларындағы мифологиялық образдардың бірі – Кентавр образы. А.Алтай әңгімесін «Кентавр» деп атапты. Жылқытұрпат қазақтың қаны мен жаны жайындағы Асқар Алтайдың кентавры – біздің түркілік болмысымыздың негізі. Қазақ пен жылқы бір тұтас. Біздер үшін  кентавр – Еуропаның көзіндегі номад, көшпенділер символы. Қазақтың архетипі. Автордың лирикалық кейіпкері ол таңғажайып болмыстағы кентаврға айналады.

Қаламгер «Кентавр» атты әңгімесіндегі көркем антропологиялық ерекшеліктерге тоқталатын болсақ, атап айтарымыз: құлын сәбидің дүниеге келуін шығармасына арқау еткен. Фантастикалық антропологияға жататын шағын әңгіменің ауқымына автор экологиялық, ата-аналық жауапкершілік, өмірге құштарлық, т.б. бірнеше проблеманы сыйдыра білген. Әңгіменің аты − «Кентавр», яғни жартылай адам, жартылай құлын пішінді адам турасында әлемдік  әдеби  үдерісте шығармалар аз емес. «…Особо яркое впечатление производят в искусстве существа химерические, сочетающие в себе элементы тела человеческого с частями тела животных, насекомых и каких-то фантастических существ. Такие существа часто являются в фантастических романах, в произведениях экзистенциалистов, сюрреалистов» [6].

Автор кейіпкері ертегідегідей тез өсіп-жетілуімен ерекшеленсе де, мифологиядағыдай түр-тұрпаты шығармаға ерекше реңк үстемелейді. Себебі, жазушының ұсынып отырған туындысы: Ертегі мен мифтің және әңгіменің қосындысы фантастикалық антропологияның белгілерімен тұтасып жатыр.

Қазақ прозасында айқындала көрінген бұл құбылысты архетип категориясы тұрғысынан талдаған А.Ісімақова: «Миф поэтикасы қазіргі әлемді ауқымды уақыттық мүмкіндіктер арқылы бейнелеулермен байытып, қолданыстағы мәдени метафоралар мен ассоциациялар қорын кеңейтеді. өз мағыналарын бұрын да танытып үлгерген поэтикалық формулалардың (архетиптердің) «қайта тірілуі» байқалады», – деген пікірді алдыға тартса [22, 38 б].

Қ.Түменбайдың «Періште» әңгімесі. Тақырыбы экологиялық апат болғанымен, мынау жалған қоғамдағы адам жалғыздығы. Қалыпты тіршілік сипатынан бөлек образдар арқылы ой айтудың астарында екі түрлі мән жатыр. Біріншісі, қазақ прозасындағы фантастикалық антропологияның көркемдік құбылыс ретінде көрініс табуы болса, екіншісі, жаңа пішін арқылы әлеуметтік өмір шындығын ашу. Мұнда қазақ халқының тарихындағы қасіретті тақырып − полигон зардабы көтерілген.

Бүгінгі қазақ прозасындағы фантастикалық антропологияның іздерін А.Алтайдың «Көз жендет» атты әңгімесінен аңғаруға болады. Автор әңгімесіндегі «Соқыр», «Соқырлық» ұғымдарына терең символика жүктеген. Қаламгердің «Көзжендет» атты әңгімесінде автор бір әулеттің басына түскен трагедияны жұдырықтай алақанат сауысқанға апарып тірейді. Жазушы кейіпкерін өткеніне көз жіберткізіп, шегініс жасайды. Суреткердің шеберлікпен алып отырған психологиялық параллелизмі: соқыр сәби – соқыр адам «А.Алтай мифопоэтикалық ой жүйесі арқылы тарих пен бүгінгі күннің оногенетикалық тамырластығын тануымен, астарлы «қара» мысқылымен дараланады» [18, 514 б].

А.Кемелбаеваның «Қоңыр қаз» әңгімесі де А.Алтайдың «Кентаврындай» фантастикалық антропологияға жатады. Автор бұл жерде құс мүсіндерін көркемдік деталь ретінде алып отырғанымен, артынша бірден символдық рәмізге айналдырады. Қаламгер анасы мен қызының басындағы көрер көзге көрінбейтін трагедиясының, қасіретінің жан дауасын адамзат санасынан тысқары жұмбақ –  құстар әлемінен іздейді. Сюжет желісін де сол арнаға қарай бұрады.

Қорыта келгенде атап өтеріміз осы құрлымы да бөлек, сюжеті, оқиға желісі де өзгеше болып келген бұл үш әңгіменің басын біріктіріп тұрған ерекшелік – авторлық танымның фантастикалық антропологияға құрылуы болса, екіншісі – жоғарыда талданған шығармалардың негізгі өзегі обал, сауап, киеге әкеліп тірелетіні, үшіншіден, суреткер кейіпкерлерінің жан жалғыздығы мен жатсыну мәселесі. Тәуелсіздік тұсындағы көркем прозаның елеулі өзгерісі антропологиялық поэтика ықпалының айқындылығымен ерекшеленеді. Мифо-поэтикалық үрдіспен тығыз қабысып жататын фантастикалық антропологияның көркем антропологиямен ұласқан ізденіс іздері шығарма табиғатын ерекшелейді.

«Қазіргі қазақ повесі мен  әңгімесіндегі жаңа көркемдік өрнектер мен айшықтар» атты үшінші бөлімнің «Қазіргі айшықты (орнаментальды) қазақ прозасы» деп аталатын бірінші  тарауында қазіргі қазақ прозасындағы жаңа көркемдік ізденістер айшықты (орнаментальды) прозаның негізінде айқындалды.

Қазақ әдебиетіндегі өрнекті прозаның прозаның  көріністері фольклордан бастап, «Күлтегін», «Тоныкөк» жазбаларынан, жыраулар мен «зар-заман» поэзиясынан, Абайдың қара сөздерінен және ХХ ғасырдың басындағы Алаш әдебиетінен байқалады. Ең алдымен орнаментальді прозаға санаулы қаламгерлер ғана бара алғандығына көз жеткізуге болады.

Қазіргі қазақ прозасында өте сирек қолданылатын өрнекті прозаның үлгілерін М.Мағауин, Т.Нұрмағамбетов, Д.Әшімханов, Т.Шапай, А.Алтай, Г.Шойбекова, Д.Амантай шығармашылығынан  байқауға болады.

М.Мағауин әңгімелеріндегі айшықты прозаның ерекшелігі − композициядағы ішкі ырғақтың жасалымынан байқалады. Мысалы: «Коммунизм! Не ішем, не кием демейсің. Жаппай теңдік. Бәрі ақылды. Бәрі білімді. Бәрі –  бір тілде сөйлейтін бір ұлыс өкілі. Капитал әлемі қирап, аштан өліп жатқан кезде жер шарының алтыдан бір бөлігінде – Совет Одағында осындай пейіш орнамақ» [13, 41 б]. Бұл әңгімеде заман, қоғам екі уақыттық бөлікке бөлінген. Мысалы, «баяғыда», «өткенде» және «енді алда». Нешеме жыл  мызғымыстай болған  кеңес қоғамының, «Коммунизм» идеясының елесін суреттейді. Сондай-ақ композициялық ырғақ «Шипалы Арасан» хикаятында кеңістікті бейнелеуде «Гетенің қамалы» және «тас қақпа» деп беріледі.

Тас қамал – Үй – адамның жеке әлемі. М.Мағауин үшін  үй образы «тірі жан» сипатында. Ол қуана алады, қайғыдан жылай алады. Ол өзінде тұрған барлық адамдарды есінде сақтайды, солардың аруағымен, жанымен тығыз байланыста. Үй – биік өрелі, ұлы ақынның тұрған жері. Құрылым құраушы лейтмотивтікқызметтер көркемдік кілт (код) түрінде келіп, автордың ұстанымын, кеңірек алғанда, авторлық дүниетанымын танытады. Үйдің аса маңызды атрибуттарының бірі ретіндегі терезенің мәні үйді әдемілеп, жарық күнмен байланыстыратын семонтикамен өзектес. «Ашық терезе» − көптеген қаламгерлердің әңгімелерінде осы мағынада қолданылған. Мағауиннің үйді игеру, иелену, қоныстану (обретение) мотивінің ерекшелігі: үй − адам баласының кіндік қаны тамған жер немесе ыстық пен суықтан қорғайтын қорған ғана емес, ол адам жан-дүниесіне тұрмыстың, өмірдің үйлесімін сіндіретін қасиетке ие.

Сапар, жол ұғымдары Т.Нұрмағамбетовтің «Туған ауыл түтіні» мен «Айқай» повестері мен Д.Әшімханов шығармашылығында үлкен маңызға ие. Жол шегу − уақытты ауыстыру, өмірді тану, сонымен бірге уақытты, кеңістікті шектеушіліктен арылудың жолы екендігін тұжырымдайды. Д.Әшімхановтың «Жер аңсаған сары атан» повесі − орнаментальды-өрнекті прозаның стилімен жазылған шығарма. Автор өрнекті прозаның стиліне «сары» сөзін икемдеп алады.

Автор оқиға желісін өткенге көз  жүгірту арқылы шегініс жасау арқылы әңгіменің ішіндегі әңгімені бастайды. Қаламгер бұл жерде де детальға жүгінеді. Жазушы өрнекті прозаның стилімен мамаағашқа екпін түсіре, алдағы келе жатқан трагедиялық жағдайды тұспалдайды.

Т.Нұрмағамбетовтің шығармаларындағы [25, 82 б] «иіс» аса маңызды, «Туған үйдің түтінінің иісі», «Ата қоныстың, кіндік қаны тамған жердің», «жалғыз ұлдың иісі» атрибут ретінде алынады. Баланың иісі, әке үйінің иісі (нан, ананың киімі, оның қабірінің бір уыс топырағы) − бұлардың барлығы кейіпкер жан дүниесінің тереңіне бойлап, көмескіленген анаға, туған жерге деген махаббатын қайта жаңғыртады. Иіс мотиві өзіндік авторлық ремаркамен беріліп «туған үй иісі» бүгінгі замандастарға адамның қасиеті туралы ой түсіріп, жан әлеміндегі тылсым, тұнық сезімдердің оянуына түрткі болады.

Ал. Т.Шапай шығармашылығындағы айшықты прозаның көрінісін беретін тағы бір атрибут − айна. «Айна сарай» мен «Әулие» әңгімесіндегі айна лейтмотиві – адамның әлемді оның алғашқы танымдык қасиеттерін тануын мегзейді. Бұл символ − «жарык дүние бастауынан, күннің шығысынан көрге дейінгі түсініксіз, беймәлім жайттардың» рәмізі.

Д.Амантай прозасындағы «ақ түс» ғажайып құбылыстарды тануға жұмсалған (әйел образы, түс, Ыстықкөл және қар, ақ түс және өлім). Ең алдымен «ақ түс» түс (ұйқы) образында табиғат тамашасынан эмоционалдық, сезімнің оянуы арқылы, қызға деген махаббаты оянуы арқылы кейіпкер күнделікті өмірдегі күйкі тірліктен биіктейді. Кейіпкер жан түкпірінде өзіне өзі есеп береді, өзіндегі өзгеріс себебінің таңғажайып сәтін, рахатын жібергісі келмейді. Сондықтан оның ернін жымқырып, үнсіз отыруына мән берілген. Дидардың кейіпкерлері әрдайым жалғыз, тек бір сәт қана өзге адамның жан дүниесімен шарпысып қалады. Сондай-ақ жазушы шығармашылығында қара су, қарағайлы орман, күн сәулесі, түн, жаңбыр негізгі рөл атқарады. Қар мен жаңбыр ­ жазушы өмірінің тұрақты атрибуты. Қардың өзінің әр түрлі мағынасын кұлпырта пайдаланады. «Бір уыс топырақ» әңгімесіндегі қар ұшқыны, қалың қар т.б. Жазушының көптеген шығармаларына ене отырып, қар образы кейіпкердің жан түпкіріндегі сырын ашудың лейтмотивіне айналды. Ал, «Қасқыр құйрық қарағай» Алтай орманының, Қарқаралы өңірінің белгісі ретінде алынған.

Көпеген қаламгерлер шығармашылығында ішкі сюжет динамикасы жоқ болғанынан ол бір еске түсіруден екінші еске түсіруге көшу арқылы жасалады. Кейіпкер өз жан-дүниесіндегі қайғылы сәттерін еске түсіру арқылы жанын тазартады, айналасындағы бақытты адамдарға қарап қызығады, өмір мәнін түсінеді. Монтажды композицияда бейнелеудің рақурсы өзгеріп отырады. Мысалы, М.Мағауин «Тағдыр жазуы» және Т.Шапайдың «Жазу» ракурс ұшқан кұс биіктегенде көрінсе, уақыт пен кеңістік космостық кеңдікте алынып, кейіпкер жердің қозғалысын сезінеді. Кейіпкер санасында уақыт екі жақты көрінеді, жай және тез, қас-қағым сәт немесе жайбарақат қалып.