Қазіргі қазақ әңгімесіндегі өмір мен өлім концепті

Қазіргі қазақ әңгімесіндегі өмір мен өлім концепті (танатологиялық сарын) де қазіргі прозада баса назар аударатын сала болып отыр. Себебі, соңғы кезде көптеген қаламгерлер өлім тақырыбын (суицидті) өз шығармаларына арқау етіп алуы жиі кездеседі. Өмір сүре білу − әрбір адам үшін үлкен сынақ. Осы сынақта уақытша қиындықтар мен ауыртпашылықтарды көтере алмай, өзіне-өзі қол жұмсау қоғамымызда көп көрініс алуда.

Исламда өз-өзіне қол салу – үлкен күнә.  Бұл жөнінде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кім өзін темірмен жарып өлтірсе, темір ішіне қадалған күйі тозаққа кіреді. Ал, кім у ішіп өлсе, жаһәннамда мәңгі сол уды ішеді, кім жардан өзін тастап жан тапсырса, тозақтың түбіне мәңгілікке тасталады», – дейді.

«Танатолгия» (өлімді зерттейтін ғылым саласы) термині қазақ әдебиеттануында әлі күнге дейін толығымен зерттеле қойған жоқ.. Әдеби-көркем туындалардағы танатология ең алдымен, идеялық-тақырыптық (П.Бицилли, Ж.Нива, К.Макамура), құрылымдық (Ю.Лотман), нарративті (М.Бахтин) тұрғыдан қарастырылды. Әдебиеттегі танатологияға деген қызығушылықты Аристотельдің «Поэтикасынан» байқауға болады.

Қазіргі қазақ прозасындағы өлім тақырыбында жазған шығармалардың қатарына Т.Нұрмағамбетовтің «Күнді жек көру» әңгімесін алуға болады. Осы заманғы фон. Әңгімеде исламға шет суицид тақырыбы сеңдей сіресіп тұр. Авторлық тұжырымдама бойынша мынау Бекбай – қазақ ұлтының бейнесі. Амал жоқ, солай деуге тура келеді. Өз ұлтын неге сонша қаралайды? Автор сонда қазақтың болашағын осылай көре ме? Бекбайда жан жоқ сияқты, қуыршақ. Баласын құтқарушы періште көретіні де аса сендірмейді. «Бекбай өз әйелінен өзі шошып жүрді». Мынау − енді отбасы деуге ауыз бармайтын хал. Бекбай еркек пе, жоқ па? Неге сонша жігерсіз, бос белбеу? Қазақтың бәрі сондай ма? Автордың айтпағы не? Әңгіме соңында да автор біраз үміт шоғын қыздырғанмен, «Бекбай күнді жек көріп кетті» деуі арқылы сол әлсіз үміттің күл-талқанын шығарады. Бұл ненің белгісі? Қазақ прозасын шарттылық жайлап алды. Жаны жоқ құр дүниелерді көп қаузайды. Соның кесірінен көркем сөз қорланып жатыр. Жақсылықты емес, жамандықты шегіне апарып тірнектейді. Жазушының миссиясы төмендеп кетті. Бекбай шартты кейіпкер болғандықтан, ол туралы тұшынып сөз айту − қиынның қиыны. Тірінің белгісі жоқ. Суға кеткен тал қармайды дейтіндей ештеңе табылмайтыны  ұлтқа жабылған жала тәрізді ауыр әсері бар.

Д.Амантай «Мен сізді сағынып жүрмін» [32, 127] атты повесінде өлім мен өмір концептісін негізгі арқау етіп алған. Қаламгер кейіпкерінің «ой ағымын» күйінішке толы ауыр мұңның текетіресі арқылы пайымдаған. Ар тазалығын ой мен жады тазалығымен қатар қойып, пенде атаулы жүрексінетін «мәңгілік бар – шындық» үшін, кейіпкер өзін жазым етіп отыр. Автор шеберлігінің өзі кейіпкерінің суицидтік іс-әрекетін құптамағандығын, жақтамағандығын «Құдайды іздеп кеткен» пендесінің: «Менің өлгім келмейді екен», – деген ақтық сөзімен білдіруінде.

Г.Шойбекованың да «Өмір сүру ережесі» атты әңгімесінің идеясы − суицид. Әңгіменің басты кейіпкері қылқаламмен сурет салатын бойжеткен ғана. Оның аты-жөні, кескін-келбеті жазылмаса да, дүниетаным дербестігі, тағдыр-талайы – тайталасқан жан әлемін алдымызға жайып салады. Оның шеше алмаған түйіні: «біреу жоғары, біреу төмен; біреу білімді, біреу топас; біреу өтірікші, біреу қатыгез», «адал аңдардан, жалғандықтан, денесіндегі тыртығын жасырып, әдемі көйлек киген қоғамнан жеритіндей». Мұның барлығы кейіпкер жанының қайшылықты, үйлесімсіздігінен дерек береді. Жазушы кейіпкерінің өмірден түңілуінің себебін анасымен тіл табыса алмауына әкеп тірейді. Бұл – «жәннат ананың аяғының астында» деген қазақы танымымызға тосын идея. Кеіпкер ана құрсағында жатқанында нағашы атасы мен қос нағашы ағасы дүние салғандықтан, шешесі мұның жарық дүние көруін қаламапты. Әкесінің ақ тілегімен ғана пәни ғаламның есігін ашса да, азапты жолы ана құрсағында басталыпты. Қолға алған ісін аяғына дейін апармайтын, болмашы сынға сіркесі су көтермейтін «боркемік, күйгелектігі» соның салдарынан деп ой түйдіреді. Автор танымы қоғамдық құбылыстан тысқары, айнымалы, тербелмелі, тұрлаусыз, толқымалы адам жанының қайшылыққа толы екендігін, адам жаратылысынан бара-бара жалғыздық тығырыққа тірейтін заңдылығын белгілеп тұр. Дегенмен, автордың жалғыздыққа бой ұрған, сәтсіздіктен, рухани жүдеушіліктен қажыған адамның бейнесін беруге ұмтылғандығымен суицидке бой ұрғандығына өрсей кейіпкер бейнесі жасанды шыққан. «Уақыт емші», − дегендей анасымен өмір бойы тіл табыса алмай, өзінен-өзі жеріп, ел-жұртты жатсынған кейіпкерді ақтау қиын. Өз кемшілігін көре алмай, көрсе де, білсе де мойындай алмай жүрген кейіпкерін жазушы басқа сипатта көрсетуге ұмтылған. Әлбетте ол − жалғыздық жанын жеген жан. Өзінің тұла бой толған күмән. Қадір түні мінәжат қылып, Құдайдан өзіне өлім тілейді. Қадір түні! Ол «Тіршілікке қарсы тіршілік» атты картина салған. Ана махаббатына да күдікпен қарайды. Қысқасы, мінезі суретшіден ғөрі тамұққа қуылған малғұндыққа ұқсас. Әңгіменің тұла бойы толы парадокс. Тым биік пафос, шарттылыққа толы. Әңгімеде жалғандық мол. Автор әлімсақтан адамзатқа аян шындықтарды қайталайды. Ажалды күтіп жатқанда келген мистикалық Дауыс иесі суретшіні қабірдегі Әңкүр-Мүңкірдей тергейді. Ол − әңгімеде Құдайдың тұлғалануы. Жалпы автор философиялық трактат жаздым деп ойлайды, бірақ бәрі жаттанды, жалпақшешей сөздердің жиынтығы. Логикалық тұрғыдан ақталмайды. Қазақ прозасындағы бір сарынды, біртекті проза осындай жаттандылықтан туады. Соны, көркемдік тәсілі өзгеше дүниелер сирек. «Көк жерге, жер көкке тәуелді». Ар соты − бұл да. Жалғыздық диалогы. «Жылылықтың да салмағы бар». Бұл енді сендіреді. Суретші Дауысқа: «өмір сүру ережесін үйрет», − деп өтінім жасайды. Суицидтен арылып өмір сүруге ол тез оралады. Қалай тіршіліктен тез жерінсе, солай тез сүйінеді. Психологиялық конфликт (дау) мен психологиялық ақталу әңгімеде атымен жоқ. Кейіпкер – шартты. Ол бақшадағы қарақшы сияқты, иығына жалбыратып киім ілгенмен, жан жоқ. Қоғамдағы адамдарды доңыздар мен тауықтарға теңеу де құрғақ уағыз ғана емес, мизантропия (адамды жек көру). Бұлай ойлау тегінде жазушылықтың кредосына жат. Шынайы жазушы мейірімді ұлықтайды.

Г.Шойбекованың «Өмір сүру ережесі» атты әңгімесіндегі кейіпкері өз-өзінен, өсіп-өнген ортасынан жеріп жүрсе, А.Алтайдың «Сібір офицері» атты әңгімесіндегі Бурахан бүкіл саналы өміріне, адамдық болмысына, қазақы танымына төңкеріс жасаған Желтоқсан көтерілісінің елесінен құтыла алмай әлек. Сол бір қанды оқиғаның ізі жанына жазылмас жара салып, ақыры кейіпкер өмірмен өз еркімен қоштасуға бел буып отыр.

Қаламгер кейіпкерінің өзіне-өзі қол салуына қоғам, кеңестік саяси жүйе кінәлі десе, екінші бір «Альпинист» деген әңгімесінде автор тәккапарсынған талай таудың кеудесін басып, менменсінген талай шыңның ұшарын таптаған, өмірінің мәні де, сәні де тау деп түйсінген альпинист жігіттің азаматтық болмысын оқиғаны шиеленістіре барып, шешеді. Авторлық таным әңгіменің өн бойында: таулар ғана өз болмысын бұзбаған, таулар ғана тәңір алдында таулық мінезін сақтап тұр, таулық миссиясын адал атқаруда», − деп сендіргенмен, шығарма соңында өзінің адамдық болмысын таудан да биік ұстап, өмірден озған альпенист Тайшын бейнесі нанымды суреттелген.

Қасындағы серігі, бауырындай болған жас жігіттің өмірін сақтап қалу үшін арқанды қиып жіберіп, альпенист Тайшынның өзін-өзі өлтіруі арқылы автор танатологиялық сарында мүлдем басқа сипатты таңдап алған. Суреткер таудың биіктігі мен адами болмыстың биіктігін психологиялық параллелизм тұрғысынан қатарластыра алған. «Адам парасаты биіктігінің қасында таудың биіктігі бұйым емес», − деп ой түйдіреді авторлық таным.

Қорыта келгенде, қазіргі қазақ әңгімелеріндегі өмір мен өлім концептісі сан арналы түрлі пішінде бейнеленеді. Әсіресе, өзін-өзі өлтіру сарыны – шешуі жоқ күрмеулі тақырып болса да, қазақ қаламгерлері өзіндік көркемдік шешім табуға тырысқан. Аталмыш тақырыпта қарастырылған әңгімелер әртүрлі болғанымен, қаламгерлердің айтары бір. Ол − әрқашан да, тіпті өлім алдында өзінің болмысыңды төмендетпей биік ұстау. Авторлардың ұсынатын тұжырымдамасы – нендей жағдай болса да, осалдық танытып, күнәһар болып, өзіне-өзі қол салудан жирендіру.

Қорытындыда диссертацияның негізгі нәтижелері тұжырымдалып берілді. Қазақ қоғамының тарихи бетбұрыстағы кезеңі − тәуелсіздік тұсында туған прозалық туындылар табиғаты күрделілігімен назар аудартады. Бұрын болып көрмеген тосын көркемдік амал-тәсілдерге бару арқылы қаламгерлердің көпке белгілі жағдайлардың өзін жаңаша суреттеуі жаңа заман оқырманының талабынан туып отыр. Әсіресе, ұлттық идеяны берудегі әлеуметтік символиканың ролі басымдық алуда. Ұлттық идеяға негізделген біршама дүниелер өмірге келді. Қазіргі қазақ прозасында қазақ халқының жадын жаңаша толықтырған «қасқыр-бөрі», «ағаш-бәйтерек», «үй-Отан-туған жұрт» т.б. ұғымдар әр қаламгерде әр тарапта көркемдік мән иеленген. Көптеген жаңа тарихи оқиғалар, мысалы, Желтоқсан оқиғасы мен оның қазақ халқының тағдырындағы қасіретті таңбасы алғаш рет зерттеу нысанына алынып отыр. Тәуелсіздік кезеңіндегі қазақ прозасындағы үлкен бір жаңалық − дін тақырыбы. Бұл – туған әдебиетімізде үлкен шектеуге ұшырап, әдебиет ішінен өз орнын ала алмай жүрген тақырып. Міне, осындай рухани мешеулік жайлаған атмосферадан кейін С.Досанов, Т.Ахметжан, Д.Амантай, А.Кемелбаева, Д.Рамазан, Е.Әбікен, т.б. қазақ қаламгерлері өте жаңашыл, ірі қадам жасады. Қаламгерлердің бірқатары – А.Кемелбаева мен Д.Амантайлар өздерінің дінге бет бұруын жалған бояулармен әсірелемей, ішкі болмысты таза қалпында көрсеткісі келеді. Ал, Д.Рамазан сынды жазушыларымыз дін тақырыбындағы сонылықты Құраннан тікелей аударма жасап, ремиссенция әдісіне жүгінеді. Сонымен қатар, Құранның ең қадірлі, ірі маңызды сүрелеріне үлкен мән беріп, Құранға үстірт мойын бұрмай, үлкен суреткерлікпен қарап жазған көркемсөз шеберлері де баршылық. Құран сүрелерінен үзінді келтіру арқылы дүниеге келген туындылар − автордың бар идеялық-эстетикалық тұжырым, байлауын көрсетеді.

Қазіргі қазақ прозасының көркем және фантастикалық антропологиялық түрлік ерекшеліктерін жоғарыда қарастырылған Д.Досжанның, Г.Шойбекованың, Т.Шапайдың, М.Қабанбайдың, А.Алтайдың шығармашылығынан талдап тексердік. Әр жазушының суреткерлік қырын дәстүр мен жаңашылдық арақатынасында ашып көрсетуге тырыстық. Шығарманың көркемдік әлемінде бұрындары тек портреттік жанама сипатта ғана қолданылатын адамның дене мүшелері мен ағзаларының (мәселен: жүрек, бауыр, бүйрек, ұлтабар, шаш, т.б.) қазіргі қазақ прозасында сюжеттік, оқиға желісіне құралып, туындының негізгі өзегі мен шығарма арқауына айналуына баса назар аударылды. Авторлық таным мен кейіпкер характерін ашудағы осы көркем антропологиялық ерекшеліктердің тигізетін әсері мен олардың алатын орнына мән берілді. Сонымен бірге қазақ прозасының жаңаша сипаты виртуальдық, мистикалық сарындардың енуімен де ерекшеленетіндігі сараланды. Адам болмысындағы дерексіз ұғымдарды деректендіру арқылы Адам тұлғасының күрделі қайшылығын ашу – виртуальды шығармалардың негізгі өзегі. Бұл дәстүрдің алғашқы арналары қазақ фольклорында, 20-30- жылдардағы Алаш әдебиетінде болғаны рас. Бірақ социалистік реализм әдісінің басымдық алуына байланысты үзіліп қалған. Жаңа ой-сезім еркіндігі арқасында қиял мен шындық синтезі арқылы символдық ой айтуға ұмтылыс тәуелсіздік жылдарындағы прозадағы соны жаңалықтардың бірі болып отыр. Жаңа заман прозасының жаңалығының бірі – прозалық туындылардағы мистикалық сарынның көрініс табуы. Мистика қалыпты жағдайдан ауытқып, адам қиялының ең түкпіріне бойласа, көркем шығармадағы бұл сипат Өлім мен Өмірдің мәнін айыруға жұмсалады. Өлім мен Өмірдің диалектикалық бірлігі, көркем прозаның да табиғатына тән. Сондай-ақ зерттеуде қазіргі қазақ прозасының мистикалық сарынында жетекші рөл атқарып, жиі қолданылып жүрген «айна» сарынының көркемдік қолданысы да сараланды.

Тәуелсіздік тұсындағы шығармалар тек тақырыптық, образдық тұрғыдан ғана емес, көркемдік ерекшелік, поэтикалық стиль тұрғысынан да жаңарып, түлегені байқалады. Жаңа тақырып пен өмір құбылыстарын бейнелеудегі тілдік айшықтар (орнаментальді) арқылы да қаламгерлердің даралық қолтаңбасы айқындалады. Адам және оның өмір сүріп, тіршілік етер ортасындағы заттық әлем арасындағы қарым-қатынасты суреттеу көркем әдебиетте үзіліп қалған үрдіс болатын. Бұл кемшілік, әсіресе, ұлттық әдебиеттерде туған жер, өскен орта, ұлттық ерекшеліктерін тануды тұмшалау салдарынан орын алды. Біз осы олқылықты жоюға тырысқан қазіргі қазақ прозасындағы «үй мотивінің» көркемдік мәнін қарастыруға талаптандық. Нәтижесінде бұл мотивтің өзі түрлі сипатта: «киелі орын, адам баласының жалпы мекені» дейтін оң бағытпен қатар, гротескілік, аллегориялық, сатиралық фон ретінде де алынатындығы мәлім болды. Қазақтың жаңа прозасындағы жиі кездесетін жалғыздық, айқай, айна сарынының қолданысына, тақырыптық ерекшеліктеріне талдау жасау арқылы философиялық және психологиялық ой-түйіндер мен дәстүр жалғастығы жөнінде ой қорытындылары жасалды. Сонымен қатар тәуелсіздік кезеңіндегі әңгіме-повестердегі «өлім» концептісінің көркем суреттелу ерекшелігіне назар аударылды.

Қорыта келгенде, тәуелсіздік тұсындағы қазақ прозасы жаңа көркемдік белеске көтеріліп, өзгеше өрнек қалыптастыру жолына түсті деп ой түйіндеуге болады.

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР 

1. Қирабаев С. Көп томдық шығармалар жинағы. 8-том.– Алматы: Қазығұрт, 2007. – 48 б.

2. Елеукенова Г.Ш. Казахский художественный рассказ. – Алматы: 2008. – 432 б.

3. Асылбекұлы С. Қазақ повесі. – Алматы: Үш қиян, 2008. – 296 б.

4. Алтыбаева С.М. Основные тенденций развития казахской прозы периода

Независимости. – Алматы: 2010. 298 с.

5. Қазақ әдебиетінің тарихы. 10-том. – Алматы: Ғылым, 2004. – 3 б.т.

6. Савельева В.В Художественная антропология. Тело человека и поэтика телесности. – Алматы, 1999. – 254 с.

7. Сафронова Л.В. Автор и герой в постмодернистической прозе. Монография. 2007. – 238 с.

8. Әбдіғазиұлы Б. Шәкәрім әлемі.  – Алматы: Раритет, 2008. – 408 бет.

9. Сәттібайұлы К. «Жылқыбай жездемнің  сақалы» әңгімесі //Қазақ әдебиеті. – 2008. – №13, – Б. 90-95.

10. Шапай Т. Қазақтың жаны. Астана: Елорда, 2001.  – 284 б.

11. Құдайбердіұлы Ш. Үш анық. – Алматы: Жазушы, 1990. – 640 б.

12. Отарбаев Р. Дауысыңды естідім. – Алматы: Өлке, 2008. – 240 б.

13. М.Мағауин. Ұлт аралық жанжал. 13 том шығармалар жинағы. – Алматы: Қағанат, – 454 бет.

14. Елеукенов Ш. Әдебиет және ұлт тағдыры. – Алматы: Жалын ЖСШ, 1997. –368 б.

15. Байғұт М. Салқын масақ. – Алматы: Жазушы, 2008. – 272 б.

16. Алтай А. Казино. – Алматы: Атамұра, 2008. – 368 б.

17. Қорғасбек Ж. Жынды қайың. – Алматы: Қаз-Ақпарат, 2009. – 284 б.

18. Майтанов Б.Қ. Мұхтар Әуезов және ұлттық әдеби үрдістер. – Алматы: Жібек жолы, 2009. – 544 б.

19. Мағауин М. Құмырсқа қырғын. – Астана: Аударма, 2004. – 352 б.

20. Уәлиханов Ш. Қазақтардағы шамандықтың қалдықтары // Алтын шаһарға сапар. – Алматы: Атамұра, 2006. – 302 б.

21. Жұртбай Т. Қос Ағаш // Орталық Қазақстан. – 2008. – 26 қараша, № 48.

22. Ісімақова А. Асыл сөздің теориясы. – Алматы: Таңбалы, 2009. – 376 б.

23. Шойбекова Г. Өмір сүру ережесі. – Алматы: Құс жолы, 2008. – 240 б.

24. М.Балмолда «Көшпендінің жүрегі» // Қазақ әдебиеті. 2009. №31 (3142). – Б.45-49.

25. Нұрмағамбетов Т. Кене. Айқай. – Алматы: Өнер, 2001. – 440 б.

26. 26. Петрушевская Л.С. Где я был. Рассказы из иной реальности. – М: – Вагриус.  2008. – 328 с.

27. Бахтин М.Эстетика словесного творчества. М: Искусство, 1979. – 124 с.

28. Қойшыбек М. От ару. Алматы: 2009. – 120 б.

29. Пірәлиева  «Көркем прозадағы психологизмнің кейбір мәселелері» (түс көру, бейвербалды ишараттар, заттық әлем). Монография. – Алматы: Алаш, 2003. – 328 б.

30. Сарыбай Б. Рауғаш ерте гүлдейді. Алматы: Жалын, 2009. – 160 б.

31. Амантай Д. Қарқаралы басында. 1-том. – Алматы,  2010. – 396 б.