Қазақтың сыршыл Сәкені

                                                                                   Сыр сандықты ашып қара,

                                                                                 Ашып қара, сырласым,

                                                                                     Сым пернені басып қара,

                                                                                   Басып қара, жырласын.

                                                                                                            С.Сейфуллин

Қазақ кеңес әдебиетінің негізін қалаушы жалынды ақын, айбынды күрескер, қоғам қайраткері Сәкен Сейфуллиннің өмір жолы мен өнерпаздығына көз салғанда қазақ тарихының ұлы өзгерістерінің көп қырларын аңғарамыз.

Сәкен қайраткерлігіне бір арнадан қарап, бір жүйеде баға беру дұрыс болмайды. Қазақтың мақтанышына айналған азаматтың өр тұлғасынан талай өнер үлгілері тарамданады.

Коммунистік партия мен Кеңес өкіметіне сеніп, оның жолын әділдік, теңдік жолы деп ұққан Сәкен басшылық тарапынан саясатты бұрмалаушылық көрген тұста, өзінің ой сезімін іркіп қалмағандығына тарих тағылымы біздің көзімізді жеткізді.  Ол әрқашан пікірін ашық білдіріп отырған.Ол «ұлттардың өзін-өзі билеуі» деген Ленин қағидасына құлай сенген. Қазақстанда ұлт өкілдерін «ұлтшылдықпен» айыптап, қорытқысы келгендерге ашық наразылық білдірген. Бұған дәлел-оның 1923 жылы Ярославскийге жазған хаты. Ол Қазақстан үкіметінің басшысы боп жүргенде  қазақ тілін мемлекеттік тіл етіп жариялау, мемлекеттік іс қағаздарын қазақ тілінде жүргізу, қазақ тілінде кітаптар, газет журналдарды шығаруды ұлғайту мәселлерін көтерген.

«Қырғыз» аталып келген ұлттың «қазақ» екенін дәлелдеген де – осы Сәкен Сейфуллин. Ол 1923 жылы «Қазақты қазақ дейік, қателікті түзетейік» деген мақала жазды . Мақаласында ол: «бүгінге шейін қазақты орыстар киргиз деп келеді,… киргиз дегенде бір түрлі менмендік қиянатпен, қорлаған мазақпен айтатын» -деп ашына жазады.

1923 жылы 9 маусымда «Кеңсе істерін қазақ тілінде жүргізу керек» деген атақты мақаласын жариялады. Айтып –айтпай не керек…осы күнгедейін өз тіліміз өзімізге бұйырмай келе жатқандығы бәріңізге аян.

Голщекин саясатына ашық қарсы шыққан да- осы Сәкен.

Ақыры 1937 жылы 25 ақпанда  Алматы түрмесінде  кеше өзі орнатысқан, болашағына риясыз сенген өкіметтің қолынан атылған да- осы Сәкен.

Сәкен ең алдымен өзінің өмір сүрген дәуірін жырлап, оны қастерлеудің оңтайлы жолдарын таба білген жаңашыл ұлы тұлға. Құдай берген дарынын сәулелендіруге сазгерлігі едәуір демесін жасап, сал-серілігі ажарлай түскені тағы бар. Сәкеннің өзімен қатарлас қанаттас болған қоғам және мемлекет қайраткерлерінен бір ерекшелігі оның ұлы ақындығында. Ал ақындығының ең мәнді сыры жаңашыл реформаторлығында. Жаңашылдықтың ең негізігі арнасы өмір сүрген замананың образын жасауында. Ақын жазушылар қай-қайсысы болмасын өз заманының образын жасауға талпынады, бірақ ондай дүние кез-келгеннің маңдайына жазылмайтын бақыт.

Өзінің ақындық талантының үлкен бөлігін қоғамдық өзгерістердің жаңашыл сипатын ашатын саяси тенденциясы басым азаматтық әуенге арнағанмен, Сәкен поэзияда лирик ақын есебінде де әдебиетімізде елеулі орын алады.

Сәкен лирикасы тақырыптық және жанрлық сыр-сипаты жағынан әр алуан. Ол туған даланың табиғатын, өлмес махаббатты, көңіл-күй әсерлерін жырлады. Соның бәрінде ақын адамның сезім күйін қоғамдық өмірмен тығыз байланыста көрсетті. Бұған дәлел -оның төңкерістен бұрын жазған өлеңдері.

Жаңа дәуірдің лирик ақыны ретінде Сәкен өз шығармашылығында осы халықтық гуманизм мен демократизмді дамытушы болды.Сәкеннің табиғат туралы өлеңдері қазақ кеңес әдебиетінде табиғатты жырлаудың жаңа ұстанымын қалыптастыруға ықпал етті.Ол табиғаттың әсем жыршысы атанды. Көкшенің сұлу суреті осы күнге дейін оқырман ұғымында Сәкен есімімен сақталып келеді. Бұл тақырыпқа ақын көптеген өлеңдер жазды.

Туған даланың сұлу табиғаты мен адал махаббатты бірлікте алып жырлауда Сәкеннің «Аққудың айрылуы» поэмасының ерекше маңызы бар. Үлкен гуманистік идеяны уағыздайтын романтикалық сарындағы махаббат туралы—бұл аңыз

«Аққудың айырылуы» поэмасы шын мәнінде кімнің болсада көркемдік талғамына жауап беретіндей деңгейде дүниеге келді. «Аққудың айырылуын» лирикалық поэма дейміз, себебі мұнда бір мезеттік сәт қана суреттеледі. Қос аққу айдын көлде мәз-мейрам болып жүргенде қаныпезер сұр мерген біреуін атып алып, сыңарын қайғы-қасіретке батырады. Шын ғашықтық сезімнің қуатты күші жалғыздық пен өмір сүре алмайтынын сезінген кезде екінші аққу сұр мергеннің алдына асапаннан құлдилап келіп құлайды. Сүйгеніне қош деп қанатын бір қағып мәңгілікке көз жұмады.Адал махаббат туралы осы аңыздың үлкен гуманистік идеясы шын сезімді, достықты қадірлеуде, сұлулықты сүюде жатыр. Лирикалық поэманың көркемдік қуаты күшті, әсері мол болды.

20-жылдардың екінші жартысы Сәкенге де, оның жақтастарына да жайлы болмады.

Сәкен өзі бұл туралы: «басқару қызметтерде Смағұл секілділер отырғанда менің саяси — әлеуметтік істерге араласуым мүмкін емес екеніне көзім жетті. Еш нәрсеге араласпайтын тұрмысқа көштім. «Аққудың айрылуы» және тағы бірнеше шығармаларым тап осы кезде жазылды» деді.

1929 жылғы «Әдебиет және сын мәселелері» жинағында Сәкеннің лирикалық дүниелерін сынап-мінейді. Тек Сәкендер ақталғаннан кейін ғана «Аққудың айрылуы» өзінің пәктігі мен сезімталдығы мен әдебиет тарихынан өзіне тиісті орын алды.

Сәкеннің поэмалар шоғырына көз салғанда 1925 жылдары басталып, 1928 жылы Ташкентте аяқталған, 1929 жылы басылып шыққан халықтық «Көкшетау» дастанының қазақ позиясындағы орны мүлде ерекше.

Поэмадағы лирикалық кейіпкер-Көкшетау. Барлық оқиға «Оқжетпес», «Жұмбақтас», «Жеке батыр» айқын суреттеліп, көркем образ дәрежесіне көтерілген Адақ пен тұтқын қыз бейнелерінің өзі де, Көкшетау образын ашып, күшейте түсуге жәрдем береді.

Жұмсамақ еңбек табы жігер-күшін

Жасамақ жер-дүниеге жаңа пішін.

Жоқ қылып қайғы, қасірет, жарлылықты

Жертобын ұжмақ қылмақ адам үшін- дейді. Бұл тұста ақын табиғаттың сұлу көркін халықтың еңбегімен байланыстырады. Поэмадағы терең романтикалық образдар, қазақтың елдігіне атын қалдырып кеткен даналар мен қайраткерлер туралы көзқарастарына, қастерлеген суреттеуі-қазақ совет поэзиясының қалыптасу процесін өткеріп, енді өркендеу процесіне көше бастағанының айқын және шешуші белгісі болғанын аңғартады.  Көкшетаудан тарайтын тарих пен табиғат көрінісінің қазақ әдебиетіне,поэзиясына бергені де, дарытқаны да ерекше. Туған жерді суреттеудің алғашқы бастамасы болғаны да сондықтан. Сәкен Абылайдың қалмаққа шабуылын, одан алып қайтқан орасан олжаларын нақты образбен көрсету үшін қолға түскен қалмақ қызын негізгі кейіпкер қылып алады. Бұл тарихи шындық болар, ал болмаған күннің өзінде шығарманың сюжеттік желісін өріп, көркем образ жасау үшін керек амал. Сондықтан қолға түскен қалмақ қызын талайлардың аузының суын құртатын деңгейде суреттеп қана қоймай, бүкіл қазақ тамсана, құмарнлана оқитын дастанға айналдырды.Ол адам таңданарлық әсем арна тапты.Қолға түскен қалмақ қызы арқылы Абылай өз батырларының пиғылын байқайын деді ме, әлде өнерлерін сынайын деді ме, әйтеуір таңдауды қызға береді. Қыз құтылудың соңғы амалы деп білген себепті үш шарт қояды. Қыздың бірінші шарты бойынша Оқжетпес аңызы туған. Оны ақын айшықты жырымен өрнектеген. Екінші шарты бойынша Жұмбақтас жыры туды.

Үшінші шарттың қойылуымен поэманың ширатылуына әкеледі. Қыз өз тағдырын «Кептер кебі» деген сырлы жұмбаққа айналдырғанда, даңғой батырлардың ақылы жетпейді. Сана жарысынан ұтылып,елдің намысы кетіп бара жатқанына шыдамаған Адақ деген ер жігіт Абылайдан рұхсат сұрап, қойған шарттың бәрін орындайды. Әсіресе ақыл санаға жүк түсіретін «Кептер кебі» жұмбағын шешуі жиналған жұртты таңқалдырады. Сәкен ер намысы емес, ел намысын ардақтауды мақсат тұтқан. Поэманың негізгі идеялық желісі елдің ішінен шыққан қарапайым Адақ арқылы адамгершіліктің де, әділеттіктің де, мейірбандықтың да үлгісі екендігін көрсетпек болған.Сәкен «Көкшетау» поэмасында «Жеке батыр», «Бурабай», «Оқжетпес», «Жұмбақтас» хикаяларымен тек сюжеттік желіні өрбітіп қана қоймай, олардың жаны бейнесін сөзбен салып берді. Сонда әсем көрініске көз қуанады, қызықты хикаялар жаныңды баурайды.

Жағалай тау мен орман анталасып,

Ортада жатқан жасыл мөлдір айна,

Ойнайды сол айнадан жүзін көріп,

Кеш болса сансыз жұлдыз, алтын ай да.

Бұл нағыз табиғат лирикасы. Сәкен  аңызды баяндағаны болмаса, әрбір қимыл, іс-әрекетке мән дарыта бермейді. Ол көз қуантар табиғат келбетін оқушыға сөз

қасиетімен танытады, сүйсіндіреді. Автор құдды бір «Көкшетау» деп пейзаждық галерея жасап қойған секілді.

Мына суреттеуге қараңызшы:

Үйшік бар әлгі құзда үңгірлеген,

Ішіне кірсең үйдей күңгірлеген.

Аталған «Кенесары үңгірі» деп:

Көрсеңіз тәрізді іші дым кірмеген.

Әрине, ақынның қазақ әдебиетіне сыйлаған керемет дастандарынан талай әсемдік пен сұлулықты, керемет ажарлы сөз бояуын, таң қалдырар керемет образды, оқыс характерді кездестіреміз.Сұлу Көкшенің табиғаты мен ел тарихын Сәкен мен Мағжан жарыса дәріптеген деген пікірлердің шығуы заңды. Дегенмен Мағжан поэмалары ерте, 1923 жылы жазылғанын, ал Сәкен «Көкшетау» дастанын 1925 жылдан бастап, 1928 жылы аяқтағанын білеміз. Олай болса, Мағжан уақыт факторы жағынан ұтқандығын байқаймыз. Мағжан Сәкен тарапынан осындай сыр мен әсемдікке толы көркем жауап болады деп ойлаған  жоқ шығар, бірақ мөлдіреген, жан тебірентер, іш толғантар жыр Сәкенді қамшылап, шығармашылық бәсекеге шақыруы дау туғызбасы анық. Екі ақының тұлғалары өз қалпында, туындылары өз дәрежесінде екендігі көзге анық көрінеді. Шығармашылық бәсеке арқасында әдебиетіміздің көркем шығармаға байып, тағы бір ұлы олжалы болғанына қуанамыз.

Сәкеннің көңіл күйі лирикаларының ішінде «Сыр сандық» атты өлеңі көрнекті орын алады. Адамдар арасындағы адал достық пен сезім тазалығын шерткен бұл шығармада ақын адамның рухани дүниесін биік құздың басына тығылған кілттеулі сыр сандығына балайды. Екінің бірі сол құздың басына шығып, сыр сандықты аша алмайды. Оны жан сырын терең ұғынған адал достар ғана аша алмақ. Сыр сандығын ашып, адам жанының сым пернесін басқанда ғана дос көңілі, сыры шертіледі.

өлеңді ойға құру, мазмұнды түрмен ашу сияқты ізденістерді дамыта келіп,

сылқым сылдыры ойнақы өрнегі бар «Сыр сандықты» дүниеге әкелді.

Сыр сандықты ашып қара, /8/

Ашып қара сырласым. /7/

Сым пернені басып қара, /8/

Басып қара жырласын. /7/

Өлеңді өрнектеуі де қазақ поэзиясы үшін тың жаңалық болумен қатар сөздердің сазы көңіл қошын тез тауып еріксіз би билеткендей.

Сәкеннің ізденістері осындай өлең түрлеріне жеткізіп халықтың эстетикалық талғамын қалыптастыруға жәрдемін тигізді.,

Сәкен сөз құдіретін еркін меңгерген суреткер.

Қара жерден аспан асып ұшайық,

Жерді, аспанды біріктіріп құшайық.

Аспан жерді қуыршақтай қапсырып,

Алып қолға ырғап-шайқап қысайық, — бұл өлең жолдарындағы бейнелі образ ақынның қиялының ұшқыр екенін дәлелдейді. Аспандағы қызыл

жұлдызды жердің сәніне айналдыру ниетінің өзі өрелі болса, жер мен көкті қуыршақтай ойнату сөз құдіретін меңгергендігінің көрінісі.

Бұл айтылғандар Сәкеннің лириканың шекарасын батылдықпен кеңейте алғанын, оны тек нәзік сезімнің көрінісі түрінде қалдырмай, оған азаматтық әуен, ойлы мазмұн бере дамытқанын дәлелдейді. «Ананың хаты», «Анаға жауап» сияқты өлеңдерінде ол ана мен бала арасындағы сағынышты сезімге жаңа қызметшісі- баланың салиқалы ойын қосады. Ол сағынып, «елге қайт» деп үгіттеген анасына тоқтау айтады. Бұл өлеңдерде ескі өмір мехнатын көп тартып, баласын өмір үшін күреске тәрбиелеген ана мен күрескер, жаңа қоғам иесі баланың нақты образдары жасалған. Сөйтіп, Сәкен лирик- ақын есебінде ізгі адамгершілік мінездерді, айнымас достықты, ана деген қасиетті сезімдерді қастерлеуші болды

Мұхтар Әуезов ол туралы былай деген: «Сәкеннің ақындық асуларында әр жотадан атой бергендей тәкәппар сөз үндері «жабы емеспіз, тұлпармыз», «құладын емес, сұңқармыз», — деп, бұрынғы өткен тарихқа бүінгі оянған табына дабыл ұрады. Оның шығармаларына біткен сезімнің барлығы да айқын ашық. Тұтас бітімді жоталы тұлғадан туатын көрнекті бүтіндігі бар сезімдер. Оның шыншылдығы қозып, жанып отыратын, буы білініп тұрған барынша нық сезім. Шын жүрек шыншылдығы. Сондықтан мұның жолы әр адымын санап басқан кісінің жолы емес, ылдиы бар, өрі бар шын өмір жолы, ыстық қанды нағыз Ақын жолы. Тегінде мағыналы, өрісті, көш бастар, белге шығар үлкен еңбек туса,осындай қайнар көзден шығуға лайық», — деген кемеңгер ой Сәкеннің ұлы ақындығын қалтқысыз түсініп әдебиеттегі орнын айна-қатесіз белгілейді.

Демек, өмір шындығына негізделген шығарманың қайсы болса да, қандай деңгейде жазылса да елеусіз қалмайтындығын көреміз. Бұл енді табиғатынан туатын құбылыс.

Сонымен, шын ақындық қуатпен жазылған шығармалар, әсіресе поэма-дастандар қазақ поэзиясына Сәкеннің қосқан інжу-маржандары еді. Сол туындылардың қадір-қасиеті уақыт озған сайын құрметтеле береді, жаңа ұрпақпен табыса береді.