Фразеологиялық единицалардың лексикалық единицалармен арақатынасы олардың қай сөз табына қатысты екендігіне байланысты.
Тұрақты тіркестерге тән ортақ қасиет бұлардың құрамындағы сөздер дараланбай мағынаның тұтстығы мен бірлігіне бағынышты, әрі тәуелді болады да, бір сөздің орнына жүреді.
Мысалы: «бүйректен сирақ шығару» деген идиомның мағынасы болымсыз нәрседен шатақ шығару, орынсыз жерде сөйлеу деген ұғымды білдіреді. Бұл ұғым ондағы жеке сөздерден туып тұрған жоқ, сондағы үш сөздің жалпы жиынтығынан шығып тұр. Сөйтіп, фразеологизмдер мағына жағынан бір ұғымды білдіріп, бір сөздің орнына жүргендіктен, әрі сөйлем ішінде бір ғана сөйлем мүшесінің қызметін атқаратындықтан, әрбір тұрақты тіркес белгілі бір сөз табына бағыныңқы болады [11, 24]. Фразеологизмдердің қай сөз табына қатыстығын анықтау үшін, негізгі сөз бен жалпы тіркестен туатын фразеологиялық мағынаны салыстыра отырып шешуді талап етеді. І.Кеңесбаев фразеологизмдерді сөз таптарына қарай классификациялау ең негізгі мәселелердің бірі дей келіп, мынаны ескертеді: «бұл тізбектердің ішінде мызғымастай болып қалыптасқан сөз таптары бар деп үзілді-кесілді тұжырым жасауға болмайды. …Олар зат есім, етістік, үстеу тағы басқа сөз таптарымен тең мағыналы емес. Себебі фразеологизмдердің тұлғасы мен семантикасы жеке сөз табына барабар келмейді. Белгілі бір сөз табының қызметіне жуықтайтын ғана фразеологизмдер бар, ал фразалық түйдек болса, ол белгілі бір сөз табының қызметінен мүлдем алшақ жатады» [12, 617].
Сөйтіп фразеологизмдерді белгілі бір сөз табына жатқызу мәселесі жөнінде біріншіден, компоненттер құрамының беретін мағынасына, екіншіден, морфологиялық табиғатына, үшіншіден, синтаксистік қызметіне қарап, шартты түрде топтастыруға болады.
Фразеологизмдерді сөз таптарына топтастыру жайы жазылған еңбектерде көбінесе бірізділік аңғарылады. Мәселен Ч.И.Сайфуллин фразеологиялық тұлғаларды сөз табына қатысты етіп, көбінесе төрт топқа бөледі.
1. Есімді фразеологизмдер.
2. Етістікті фразеологизмдер,
3. Үстеу мағынасындағы фразеологизмдер.
4. Одағай тұлғасындағы фразеологизмдер [13, 36].
Қазақ тіліндегі фразеологизмдерді қай сөз табына топтастыру туралы пікірлерді Ә.Қайдаров, Р.Жайсақова мен Ә.Болғанбаевтың еңбектерінен ұшыратамыз. Ә.Қайдаров, Р.Жайсақова фразеологиялық тұлғаларды сөз табына:
1. Есімді фразеологизмдер.
2. Етістікті фразеологизмдер.
3. Одағай түрі.
4. Адвербиальды түрі.
5. Сөйлеу штампы түріндегі фразеологиздмер [14, 2-3] деп бөледі.
Ә. Болғанбаев қазақ тіліндегі фразеологизмдерді сөз табына қатыстылығы жағынан төрт топқа бөледі.
1. Етістікті мағыналы фразеологизмдер.
2. Сындақ мағыналы фразеологизмдер.
3. Заттық мағыналы фразеологизмдер.
4. Үстеу мағыналы фразеологизмдер [15, 110-111].
Фразеологизмдердің құрамындағы сөздердің сөз табына қатысы деген мәселе өте күрделі. Қазақ тіліндегі фразеологиялық тіркестерді тұтас жинақтап, қайсысы қай сөз табына жатады деп есептеу мүмкін емес. Осы орайда Г.Смағұлова шартты түрде фразеологизмдерді мынадай топтарға бөледі:
1. Етістік мағыналы фразеологизмдер.
2. Есім мағыналы фразеологизмдер.
3. Үстеу мағыналы фразеологизмдер.
4. Одағай тұлғалы фразеологизмдер.
5. Әр тарапты сөздерден жасалған фразеологизмдер.
6. Сөйлеу дағдысында қолданылатын фразеологизмдер [11, 25].
Біздің бұл айтқандарымыздың бәрі жалпы фразеологизмдердің сөз табына қатыстылығы болып табылады. Фразеологизмдерді нақты бір сөз табына жатады деу – қате түсінік. Олар контекске, яғни сөйлемдегі беретін мағынасына, қызметіне байланысты болып келеді. Етістікке жатады деп дәлелдеген фразеологизміміз сөйлем ішінде зат есім болып шығуы әбден мүмкін. Ал енді өз тақырыбымызға оралар болсақ, қазақтың салт-дәстүріне байланысты қолданылатын фразеологизмдерді қай сөз табына жатқызуға болады, сол мәселе төңірегінде ойымызды жинақтай түсейік.
Ертеден және қазір де жалғасын тауып келе жатқан жақсы әрі жарасты дәстүрлердің бірі – құда түсу.
Жігіттің әкесі немесе оның жақын туыстары қызы бар үйге құда түседі, яғни бойжеткен қызын сұрайды. Құдалар құрметке лайықты сыйлы адамдар деп саналады. Қыз әкесі келісім берген соң құдалықтың жөн-жоралғыларын жасайды. Оның түрі өте көп…мысалы: құда аттанар, құда тарту, ат байлар, құйрық-бауыр тағы басқа ырымдар мен кәделер, алымдары болады [16, 48]. Бұл тұста біз «құда түсудің» мағынасынан, ол қалай жүретіндігінен хабардар болдық. Ал енді «құда түсудің» қандай сөз табына жататындығын келесі мысалдар арқылы дәлелдеп көрелік.
Әкесі төрде сілейіп әлі тұр. Кемпірі: «Оу, сен сабазға не болған?» — деп еді, сонда барып тіл бітті. «Е, қатын, Қыдырбайға құда түстім, ырзық дарыған үй еді, қызын беретін болды» — деді [10, 5].
Бірақ Балпан байдың құлағы тыншымады. Күніне екі-үш ауылдан құдалық түседі [10, 7].
Онан да ойлан. Саған атасыз, дәулетсіз кісі құда түсіп жатқан жоқ [10, 8].
Жиырма бес жасар Шәңгерек ноян Сыбан Раптанның үзеңгілес серігі, Жоңғар хандығының ең бір бай адамы Меркіт руының баһадүрі Дода Жорджидың жалғыз баласы болатын. Былтыр әкесі Сыбан Раптанға кеп құда түскен [5, 290].
Бұл келтіріліп отырған мысалдардың бәрінде де «құда түсу» өзінің негізгі сөз табы, яғни етістік мағыналы сөз табында жұмсалып отыр. Ал енді осы «құда түсу» субстантивтеніп барып, яғни заттанып зат есімге айналатын кездері болады. Оған дәлел ретінде мына мысалдарды келтіре кетейік.
Бірақ, кімге… Енді құда түсе келген біреуіне беріп жіберсе, бұған дейін құда түскендер одан сайын өшікпей ме… [10, 8].
Әжем күліп алды:
— Алдымен мына шүйкебастарға құда түскендерден қалыңмал алайын. Қабырғамызға шыр байлап, әлденіп алайықшы. Сонан соң іздеп жүріп, сұлу қалыңдық тауып берем [4, 70].
Бұл мысалдарда «құда түсу» зат есімнің сұрағына жауап беріп, зат есім болып тұрғанына анық көзімізді жеткізе аламыз. Бірақ, көп жағдайда «құда түсу» етістік мағыналы фразеологизм болып табылады. Негізі етістік мағыналы фразеологизмдердің құрамындағы компоненттердің қай сөз табынан екендігін анықтау үшін олардың мағыналарына жүгінуіміз керек. Етістік мағыналы фразеологизмдер зат есім мен етістік, есім мен етістік, сын есім мен етістік, етістік пен етістік сияқты конструкциялардан жасалады. Ал «құда түсу» осылардың ішінде зат есім мен етістіктің тіркесуінен барып етістік мағыналы фразеологизмдерді құрап тұр. Сонымен қатар, «құда түсудің» «құда болу» деген сияқты варианттары да тілімізде жиі кездеседі.
«Ұлын – ұяға, қызын – қияға қондыру» ата-ананың тілегі әрі парызы. Сол парыздардың бірі – қыз ұзату.
Бұл күні ата-ана әрі қуанады, әрі жылайды. Қуанатыны – қыз өсірді және құтты жеріне қондыру, жылайтыны – әрине қимастық сезімі. Қызды алуға құда (тақ санмен) бес не жеті, кейде одан да көп адамдар келеді. Мұның ішінде бас құда, құдалар және күйеу жолдас болады. Солтүстік және Орталық Қазақстанда тек ер адамдар барады. Құдалар әдетте кешкілік баруы керек. Мұнда ойын-сауық, құдалық рәсімдер мен кәде-жоралар жасалады. Жақын адамдар құданы үйіне шақырады [16, 52-53]. «Қыз ұзатуды» «құтты жеріне қондырды», «қызын қияға қондырды» деген сияқты фразеологиялық синонимдерімен де айтамыз.
Сол Айтжанын құтты жеріне қондырып жалғыз өзі іші пысып, ұрынарға қара таба алмай жүргенде, мына хабар Бозінгенге құдайдың үйге айдап әкеп берген дәулетіндей көрінді [8, 197]. Мұнда етістік қызметін атқарып тұр. Енді «қыз ұзатудың» басқа сөз таптарына жататындығына келер болсақ, оны төмендегі мысалдармен дәлелдей аламыз.
Сәскеге таман екі домалақ төбенің арасындағы қасқа жыраның бойынан айналадағы ел-жұртты Балпан байдың қыз ұзату тойына шақырғандай сылаң қағып, ашық аспанның бауырын жалап, көк найза түтіндер көтерілді [10, 25]. Бұл сөйлемде «қыз ұзату» үстеу қызметін атқарып тұр. Сырт тұлғасы жағынан етістік мағыналы фразеологизм сияқты болып көрінетін «қыз ұзату» мәтінде «қалай?» деген сұраққа жауап беріп, қимыл-сын үстеуі болып тұр.
Ажардың қасындағы нөкер қыздардың өзіне екі үй толмақ. Патшағар, тап мұндай дарқандықты жұрт қыз ұзатқанда түгілі, әкесіне ас бергенде де көрмеген шығар [10, 22]. Бұл жерде де солай, яғни «қашан?» деген сұраққа жауап беріп, мезгіл мәнді үстеудің қызметін атқарып тұр.
Қыз ұзату тойы қоңыр күзге қарай, жиын-терін біткен соң басталмақ [4, 94]. Ал бұл жерде «не?» деген сұраққа жауап беріп, зат есім қызметін атқарып тұр. Жалпы келтірілген мысалдардан байқағанымыз, салт-дәстүр әдет-ғұрыпқа байланысты қолданылаты фразеологизмдерді нақты бір сөз табына жатқыза алмаймыз. Оның қай сөз табына жататындығы тек қана мәтіннен, яғни контекстен ғана көре аламыз.
Қазақ халқы ас, тағам атауларына да ерекше мән берген.
Құлын байлап, бие сауылып оның сүті қорланып ашытылған соң екі-үш күн бойы жиналған қымызға ақсақалдар мен көрші-көлемдер «Қымыз мұрындыққа» шақырылады. Яғни алғашқы қымыз адамдарға салтанатпен ұсынылып, «көпке бұйырсын» деген тілекпен қымыз беріледі. Ақсақалдар үй иесіне рахмет айтып, батасын береді. Халықтың бұл дәстүрі де қонақжайлық, мәрттік, ұлттық ерекше қасиеттерін арттыра түседі [16, 104].
«Қымыз мұрындық» есім мағыналы фразеологизмдер тобына жатады.
Есімді фразеологизмдер негізінен екі салаға бөлінеді:
1. Заттық мағыналы (субстантивтенген) фразеологизмдер.
2. Сындық мағыналы (адьективтенген) фразеологизмдер [11, 28].
«Қымыз мұрындық» осылардың ішінде заттық мағыналы фразеологизмдер тобына жатады. Енді осы ойымызды дәлелдеу үшін мысалдарға жүгінейік.
Ертең Итбай қымыз мұрындық бермекші болды. Серғазының бұлайша жанын салып сүбелеуі – уәдесіне жетсе, Қожаш ертең кешке, болмаса үш күн өтіп төртінші күні келмек еді [3, 49].
— Ертең Итбайдікі қымыз мұрындық береді, кешке келсін, Қожашты өзің ертіп келерсің, — деп Серғазы Жүністі қайырды [3, 50].
Мұсылман елінің ең басты әрі қасиетті тойы, әрі мейрамы – құрбан айтында Мұхамбеттің әр үмбеті дін құрметіне, әруақтарға бағыштап (арнап) мал сойып, құрбандық шалады. Алғаш құрбан шалу Алла бұйрығы бойынша Ибраһим пайғамбар тұсында болған. Алла оған сүйікті ұлы Смайылды құрбандыққа шалуға бұйырған. Мұны әке де, бала да құп алады. Алла тағала әкелі-балалы екеуінің шын берілгені және адалдығы үшін рахым жасап, жұмақтан көк қошқар түсіріп, ол құрбандыққа шалынады.
Құрбандық шалу ғұрпы сол заманнан бастап сақталып келеді. Бұл да мұсылмандықтың басты бір парызы. Әрбір пенде өзінің Алла тағалаға рухани да, дүниелік те жақындығын, яғни қалтқысыз адалдығын көрсету үшін белгілі бір уақытта аты аталып шалынатын мал құрбандық делінеді («Мұхтасар»). Құрбанға жарайтын хайуандар: қой ешкі, сиыр және түйе. Бұлардан басқа хайуандардан құрбан болмайды («Ғылымхал»). Қой, ешкі сияқты ұсақ малды бір адам, сиыр, түйені жеті адам бірігіп құрбанға шалуына болады. Ауру, ақсақ, соқыр, жаралы, қотыр малдар құрбан шалуға жарамайды. Құрбанға шалынатын малға бата беріледі. «Құрбан қабыл болсын» деу керек. Құрбандық еті көпшілікке беріледі. Құран оқылады, тілек, бата беріледі. Түнде құрбан шалынбайды [16, 108].
С.Кенжеахметов өзінің «Ұлттық ғұрпымыздың беймәлім 220 түрі» деген еңбегінде осындай мәлімет береді. Онда «құрбандық щалудың» шығу тегі, ереже, заңдары осылай көрсетіледі. Енді осы «құрбандық шалу» тіркесінің сөз табына қатыстылығына мысал келтіріп, ойымызды нақтылайық.
Біреу пышақ қайрап, бір жігіт семіздеу қызыл өгізді ұстап тұр.
Шеттен келген адам:
— Құрбандық қабыл болсын! – дейді.
— Әмин! Айтқаның келсін! – дейді щалдар.
— Неғып кеш қалып жатырсыңдар!
— Малдың табылғаны-ақ осы болды… шетінен ұстап соятын бұрынғы дәуір қайды.
Жұмағазы Зәйкүлмен шетте сөйлесіп тұр…
— Сен шалсайшы, мен кәйтейін.
— Қой, ойбай, өзің кір, мен ренжімеймін.
— Кір, кемпір, Жұмекең рұқсат берген соң, несіне тоқталасың.
— Иә, шын айтам. Шала ғой, мен бұрын да шалып жүрмін ғой.
Құдай қабыл қылса махрұм қылмас…
— Қой, мені әуре қылма…
— Неге?
— Сол құрбандықты қалай шалатынын да, намазын қалай оқитынын да білмеймін [7, 96].
Бұл мысал барысында сырт тұлғасы жағынан қарағанда етістік мағыналы фразеологизмге жақын болып түрған «құрбандық шалу» сөйлемде субстантивтеніп, зат есім болып тұр.
— Маған сатшы, әжеме құрбан шалдырайын.
— Ақша дабай.
— Күз аларсың.
— Болмайды [7, 97].
Сол кештен бстап ел бір апта бойы құрбандық шалып, құдайы таратумен болды. Үлкендер «құдайың қабыл болсын» деп, дәмді етке кекіре тойып жүрді [4, 48].
Ал бұл мысалдарда «құрбандық шалу» етістік мағыналы фразеологизм болып тұр. Яғни мұнда да бірізділік жоқ, нақты қай сөз табына жататындығын дөп басып айту қиын екендігінің тағы бір айғағын осы мысалдың бойынан көре аламыз.
Қазақ халқы ұлан-асыр той-думандармен бірге «көңіл айту» сияқты салттарды да меңгере білген. Қайғыға да, қазаға да қабырғалары қайыспай, «көңіл айтып» жақын туыстарына дем бере білген.
Жақын адамы қайтыс болғанда оның туған –туысқандары мен таныстары, іліктері қазалы үйге әдейі барып бата жасап, көңіл айтады. Көңіл айтудың мәні – мұңды адамды жұбату, сергіту, «өлгеннің артынан өлмек жоқ» деп уайымға берілмеу жөнінде жанашырлық ақыл-кеңестерін айтып, қайрат береді. Қайғыға берілген адамдарды кейбір өткір шешендер әрі мінеп, әрі сынап, әрі ұрсып тоқтатқан. Мысалы, Бағаналы Ерденнің баласы өлгенде басын көтере алмай қалғанда Таз Шоқай би былай деген екен:
— Уа, Ерден!
Басыңды көтер жерден!
Осы балаң өлмегенде
Кетіп едің кердең.
Өзі беріп, өзі алды
Нең бар еді құдайға берген?!
Балаң түгілі
Әкең Сандыбай да өлген.
Оны Шоқай көрген.
Жақсының басына іс түссе
Бойлай береді.
Жаманның басына іс түссе
Ойлай береді.
Көкті бу көтереді,
Жүйрікті ду көтереді,
Жүкті нар көтереді,
Өлімді ер көтереді.
Жақын-жуық немесе білетін адамдар қайтыс болған кісі орнына әдейі барып көңіл айтпаса, ол үлкен мін әрі ұят. Мұндай жағдайда қайтыс болған кісінің жақындары оған өкпелеуі, ұялтуы да мүмкін. Көңіл айта білу де – көргенділік [16, 119-120].
Бұл жерде «көңіл айтудың» мағынасы, қызметі туралы айтылса, оның сөйлемде қай сөз табына жататындығын келесі мысалдар арқылы дәледейміз.
Ауылдың адамдары жиылған қалпымен келіп Әбдірахманға естіртті. Әбдірахман жыламады, сұп-сұр болып қатты да қалды. Бәріміз де көңіл айтқан болдық [7, 26].
Сөйлемде «көңіл айту» етістік қызметін атқарып тұр. Осы орайда сөйлем бойында кездескен «естірту» дәстүріне де тоқтала кеткенді жөн санадық.
Ата-анасы, баласы немесе жақын-жуығы қайтыс болған жағдайда оны айтып жеткізуді «естірту» дейді. Естіртуші адам әлгі кісіге сыпайылап, тұспалдап жеткізіп, тоқтам айтып, оны бекем болуға шақырады. Қайғылы қазаны орынсыз жерде немесе жол-жөнекей, жеңіл-желпі айта салуға болмайды. Халқымызда естіртудің үлкен психологиялық, философиялық, классикалық үлгілері бар. Мысалы «Жиреншеге Қарашаш сұлуды естірту», «Шыңғысқа Шоқан өлімін естірту», «Абылайға Бөгембай батырдың өлімін естірту» сияқты. Естірту қазаға байланысты жерде ғана қолданылады.
Жандос ұлы Келдібек Шоқан өлімін Шыңғысқа былай естіртіпті:
— Ұлы өлмеген руда жоқ,
Қызы өлмеген қырымда жоқ,
Қатыны өлмеген халықта жоқ,
Ағасы өлмеген аймақта жоқ,
Інісі өлмеген елде жоқ,
Әкесі өлмеген әлемде жоқ,
Шешесі өлмеген пенде жоқ,
Аққу ұшып көлге кетті,
Дуадақ ұшып шөлге кетті,
Құдай бізге бір гауһар тас беріп еді,
Оны иесі өзі әкетті.
Шоқан деген балаңыз
Бәріміз баратын жерге кетті…
Естірту көпті көрген, жөн-жосық пен сөзді білетін адамдарға тапсырылады [16, 119].
Мұның бәрі данышпан халқымыздың асқан көрегендігі деп білеміз. «Көңіл айтуға» тағы да біраз мысалдар келтірейік, ойымызды дәлелдейік.
Бұл кісілер ертерек келіп, бәйбішеге құран оқып, Тұрлықұлға көңіл айтып қайтқан болатын [3, 8]. Бұл мысалда да етістік мағыналы фразеологизм болып тұр.
1943 жылы ауылға демалысқа келгенде, қайтыс болған бір ағайынымның үйіне көңіл айтуға кірдім [4, 83]. Ал бұл сөйлемде «көңіл айту» мақсат үстеуінің қызметін атқарып тұр, яғни үстеу мағыналы фразеологизм болып табылады.
Әбілқайыр Тарланкөкке мініп, қалың нөкерлері мен «хан қорғаны» жауынгерлерін ертіп, қазақтың көне дәстүрін сақтап, Ақжол ауылына көңіл айтуға аттанды [5, 84]. Бұл сөйлемде де мақсат үстеуінің қызметін атқарып тұр. Бұдан байқайтынымыз, «көңіл айтудың» өзі кейде үстеу, кейде етістік қызметін атқарады екен. Мұнда да қатып қалған қағида жоқ. Негізінен «көңіл айту», «естірту» қаза ғұрыптары болып табылады. Қаза ғұрыптарына келесі тарауда толығырақ тоқталатын боламыз.
Қазақ халқының әр күні – той, мереке, думан. Сондай тойлардың бірі – қыз ұзату екендігі баршамызға мәлім. Қыз ұзату салтына, ондағы істелетін ырым-жоралғылардың бәріне біз жоғарыда нақтырақ тоқталып кеткен болатынбыз. Енді олар қай сөз табына жатады деген сауалға жауап беру үшін бірлі-екілі салттарымызға қайта тоқтала кеткенді жөн санадық. Солардың бірі – қол ұстату. Ерте заманда қыз бен жігіттің ең алғаш бір-біріне жақындауы – осы қол ұстату кеші болатын.
Бұрын «қол ұстатқанды» көрмегендігі ме, мынау жібек шымылдық, күлім сәуле, қызылды-жасылды киім, сыпайы ырым-жырымдардың жаттығы ма, қалайда бұл істеліп жатқан жоралғылар Күнікейге әлдебір ертегі әлемінде елбелектеген жанды сурет тәрізді боп көрінді [8, 389].
— Білмеймін… – деп тағы күлді. Әйтсе де апасына сездірмейін деп, түндегі «қол ұстатардың» ерсілігін сөз қылды: күйеудің, Шәмшидің өп-өтірік мөлие қалғанына күлген кісі болды [8, 391].
Бұл келтірілген мысалдарда «қол ұстату» субстантивтеніп, зат есім болып тұр.
Сөйтіп жүргенде Күнікейдің күйеуі Тұяқ «мырзаның» да қол ұстайтын мезгілі жетті [8, 396]. Ал бұл сөйлемде «қол ұстату» есім мағыналы фразеологизм болып тұр. Есім мағыналы фразеологизмнің өзі заттық және сындық болып бөлінеді деген болатынбыз. «Қол ұстату» мұнда есім мағыналы фразеологизм болып табылады.
Екі жақтан табысқан ата-ана әуелі осы келудің үлкен тойын жасау керек. Той оңай емес. Көп қиын қаммен асықпай істеледі. Сол тойдың артынан барып қана қол ұстату кеші болады [9, 247]. Мұнда да солай, сын есім қызметін атқарып, есім мағыналы фразеологизм болып тұр.
Асының артынан екі жеңге ақырын күлісіп кеп, Абай мен Ділдәнің алдына қарсы отырып, екеуінің де оң қолдарын алып, біріне-бірін ұстаттырды [9, 250]. Ал бұл мысалда «қол ұстату» етістік мағыналы фразеологизм болып тұр. Құрамындағы сөздер зат есім мен етістік компоненттерінің тіркесуі арқылы жасалып, бір ұғымды білдіріп тұр.
Біз қарастырып отырған салт-дәстүр, әдет-ғұрыпқа байланысты қолданылатын фразеологизмдердің көбінесе есім мағыналы фразеологизмдер мен етістік мағыналы фразеологизмдерге жататынына көз жеткіздік. Кей жағдайда ғана контексте басқа сөз табынан үстеуге ауысып, үстеу мағыналы фразеологизмдер жасайтынын да байқадық. Ғалымдардың классификациясында кездесетін одағай тұлғалы, әр тарапты сөздерден жасалған, сөйлеу дағдысында қолданылатын фразеологизмдерді біз кездестірмедік. Қазақ тіліндегі фразеологиялық тіркестерді, соның ішінде салт-дәстүр, әдет-ғұрыпқа байланысты қолданылатын фразеологизмдерді де тұтас жинақтап, қайсысы қай сөз табына жатады деп есептеу мүмкін емес, алайда негізгі сөз табына орайлас келіп, сөйлемдегі бір мүшенің қызметін атқарады.