Қазақстан Республикасында мұрагерлік құқықтың қалыптасуы және дамуы туралы қазақша реферат
Алдымен мұрагерлік құқыққа тоқталмас бұрын мұрға жалпы сипаттама бере кетсек. Мұра дегеніміз — бұл мүліктік немесе басқа да мүліктік емес құқықтар мен міндеттердің қайтыс болған адамның мұрагерлеріне заңды түрде қалуы. Ал, Мұрагерлік құқық дегеніміз — қайтыс болған адамның мүлкінің мұрагеріне көшу тәртібін белгілейтін құқықтық нормалардың жиынтығы. Мұра азаматтың қайтыс болуы немесе оны қайтыс болды деп жариялау салдарынан ашылады.
Азамат қайтыс болған ретте, оған тиесілі мүлікке меншік құқығы өсиетке немесе заңға сәйкес мұрагерлік бойынша басқа адамдарға беріледі. Көптеген әдебиеттерде мұра алғаш рет Ежелгі Римде «hereditas», — деп аталып, қолданылатын болған деген пікірлер бар [1. 10-11].
Мұралық мүлікке мұра қалдырушының заң бойынша тиесілі мүліктері ғана кіреді. Егер мұра қалдырушы мүлікті қылмыстық әрекеттер арқылы тапқан болса, мұндай мүлік мұра беруге жатпайды. Азаматтардың меншік оның ішінде жеке меншік құқығының объектілері мұрагерлік мүлік құрамына жатады.
Мемлекеттік заңдар-мүліктік қатынаста және азаматтардың құқықтарын қорғау саласындағы заңдылықты одан әрі нығайтудың маңызды құралы болып табылады. Меншік иесінің заңда белгіленген шекте мүлік иеленуге, пайдалануға және оған билік етуге құқығы бар. Азаматтардың жеке меншігін және оған мұрагер болу құқын мемлекет қорғайды. Мұрагерлік құқық жеке меншікпен басқа да мүліктердің мұра қалдырушы адамның мұраға ие болатын мұрагерлерінің қарауына өтуін реттейді. Мұрагерлік құқық жанұя құқығымен заңдылықты қорғайды, отбасылардың нығайып, одан әрі өсіп-өркендеуіне, кәмелетке толмаған балалар мен еңбекке жарамсыз отбасы мүшелерінің құқығын қорғауда бір-бірін толықтырып, мазмұнын аша түседі.
Мұрагерлік құқық азаматтық құқықтың бір бөлігі болып табылады. Қазақ отбасындағы көп балаларының ішінен кенже баласын ата-анасы қолында қалдырып, шаңырақ иесі деп есептейді.Осы кенже баланың тұратын үйін «Қара шаңырақ», деп атайды. Басқа балалары үйленіп, жеке отау тіккенде қара шаңырақтан енші алады. Қара шаңыраққа қазақ даласының жазылмаған заңы бойынша, әрқашанда үйдің кенжесі ие болып қалған. Отбасының үлкен балалары бөлінген еншіге көңілі толмай өкпелеуге барғанмен, қара шаңыраққа мұрагер болуға таласпаған. Салт бойынша кенже бауырын ата-аналарымен бірге қалдырып, өздері бөлек отау құрған. Бірақ жастары үлкен екендігіне қарамастан кенже бауырлары ие болып отырған қара шаңырақты ешқашан аттап өтпеген, әрліберлі жол жүргенде, алыс сапарға шыққанда қара шаңырақтан дәм татып, бата жасаған. Қазақтың бұл салты ағайын арасындағы мүлікке таласулардың, алауыздықтың болмауына бағытталған. Керісінше, ынтымақтастыққа, бірлік-берекеге шақырып, ауызбіршілікке тәрбиелейді. Қазақтың бұл салты біршама өзгергенмен, қазір де сақталған. Бұрынғы заманда әкесі көзі тірісінде балаларына енші бөліп, салт-дәстүр бойынша реттеп отырса, енді атадан балаға қалатын мирасты Азаматтық кодекстің баптары бойынша рәсімдеп, мұраға қалдыратын болды. Мұра азаматтың қайтыс болуы немесе оны қайтыс болды деп жариялау салдарынан ашылады. Мұра екі түрде қалдырылады: заң және өсиет бойынша. Мұра қалдырушы қайтыс болар алдында мүлкі жайлы ешкімге өсиет етпесе немесе өсиет еткеннен кейін де мүлік иесіз қалса, мұрагерлер заң бойынша мұраға ие болуға шақырылады. [2. 9-10].
Мұрагерлік құқық жеке меншік құқығымен тығыз байланысты. Мұрагерліктің негізгі объектісі – мұра қалдырушының өмірі кезінде мұрагерлер пайдаланылатын мүлік, азаматтардың жеке меншігі. Мұрагерлік құқықтың маңыздылығы жеке меншіктің тұтынушылық сипатымен анықталады. Мұра ретінде өтетін мүлік – бұл олардың материалдық және рухани сұраныстарын қанағаттандыратын азаматтардың жеке меншігі. Егер де азамат қайтыс болған жағдайда ешқандай өзінің мүлкіне қатысты өкім жасамаған болса, онда заң мұрагерлікке балаларын, жұбайын, ата-аналарын, жақын туыстарын шақырады. Сонымен мұрагерлік құқық қайтыс болғанның мүлкін отбасында оның мүдделерін қамтамасыз етіп сақтайды және пайдалану мүмкіншілігін тудырады. Бұл азаматтардың жеке меншік құқығын толықтырады және бекітеді, оның қорғауына қызмет етеді. Мұра қалдыру құқық қатынастары басқа қатынастар сияқты дамыған. Олар қоғамның экономикалық даму өнімі болып табылады. Материалдық құндылықтар өндірісіндегі процесте адамның қарым-қатынасы қоғамның экономикалық базисі болып табылады. Өндірістік күштердің дамуымен бірге экономикалық құрылыс та өзгереді. Экономикалық құрылыстың өзгеруімен қоғамның көзқарасы да өзгереді. Өндірістік күштердің дамуы құқықтың өзгеруіне алып келеді, жекелеп айтқанда мұра қалдыру қатынастарына.
Мұра қалдыру және өзге де қатынастардың өзгеруі, тек қоғам нысанының ауысуы нәтижесімен ғана емес, сонымен қатар бір экономикалық құрылыстың өзі өндірістік күштердің дамуымен белгілі бір өзгерістерге ұшырайды. Құқық нормаларының өзгеруіне және қалыптасуына соның ішінде мұра қалдыру тәртібін реттейтін нормаларына тек экономикалық базис әсер етіп қоймай, сонымен қатар қоғамдық құрылымдарының әр түрлі бөліктері әсер етеді: мемлекет, дін, философия, мораль және тағы басқалар.
Азаматтық кодесінің 1040-бабына сәйкес мұра қалдырушының жеке басына тығыз байланысты мына құқықтар мен мiндеттер кірмейді:
1) егер заң актiлерiнде немесе шартта өзгеше белгiленбесе, заңды тұлғалар болып табылатын ұйымдарға мүше болу құқығы;
2) өмiрiне немесе денсаулығына келтiрiлген зиянды өтеу құқығы;
3) алименттiк мiндеттемелерден туындайтын құқықтар мен мiндеттер;
4) зейнетақы төлеу, жәрдемақы және еңбек пен әлеуметтiк қамсыздандыру туралы заң актiлерiнiң негiзiнде басқа да төлемдер төлеу құқығы;
5) мүлiктiк құқықтармен байланысы жоқ жеке мүлiктiк емес құқықтар мұраның құрамына кiрмейдi [3. 18-19].
Заң бойынша азаматтардың меншік құқығының объектілері: интеллектуальдық және материалдық қызмет өнімдері, кәсіпорындар, өндіріс құрал-жабдықтары, патенттер, лицензиялар, ақша, тұрғын үйлер, пәтер, саяжай, бау-бақша, өндірілген өнім, одан алынған кіріс және басқа да болып табылады. Өзіне пайдалануға берілген пәтер, саяжай, гараж, өзге де мүліктерге өзінің үлесті жарнасын толық өткізген тұрғын үй құрылыс кооперативінің мүшесі сол мүлікті меншіктену құқығына ие болады. Сонымен қатар пәтерді жалдап алушы адам немесе оның отбасы мүшелері осы пәтерді иемдену құқығына ие болады. Егер ол азамат осы пәтерді сатып алатын болса, онда пәтерді өз қалауынша пайдалануға, сатуға, уақытша жалға беруге, мұрагерлікке қалдыруға және басқа да келісімдер құқығы болады.
Меншік құқығының мазмұнын — меншік иесіне тиесілі иелену, пайдалану және билік ету тәрізді өкілеттіктер (элементтер) құрайды. Бұл өкілеттіктердің әрқайсысы меншік құқығының қажетті элементтері болып табылады. Сондықтан жоғарыда көрсетілген жеке меншік құқығының объектілері азаматтың мұрагерлік мүлкінің құрамына кіреді, ал азамат қайтыс болғаннан кейін заң бойынша мұрагерлеріне өтеді.
Мұраға ие болу кезектегі мен үлестеріне қарамастан, кәдімгі үй жиһаздары мен бұйымдары мұра қалдырушы ол өлгенге дейін кемінде бір жыл бойы бірге тұрған мұрагерге көшеді. Үй жиһаздары мен бұйымдарына күнделікті тұрмыста пайдаланатын заттар, мысалы: жиһаз, ыдыс-аяқ, көрпе-төсек кіреді. Мұра қалдырушы азаматтың теңге, алтын, күміс, хрусталь бағалы металдар мен қымбат тастар және інжуден жасалған бұйымдары мұрагерлік мүліктің құрамына кіріп, заң бойынша мұрагерлерге тең үлеспен бөлініп беріледі.Ал, автомашина, мотоцикл және басқа да транспорт түрлері қайтыс болған адамның меншігінде болып, сол адамның атына тіркелесе ғана мұрагерлік мүлік болады [4. 15-16].
Көп жағдайда тұрғын үй отбасы мүшелеріне ортақ мүлік болып есептеледі. Сондықтан қазіргі күші бар заң бойынша, кәмелетке жастары толған бірнеше баласы бар отағасы баспананы балаларының біріне мұрагерлікке қалдыра алмайды. Өйткені ол ортақ мүлік болып саналады. Отбасына ортақ меншікке қатысы бар адамның қайтыс болуы оның меншіктегі үлесін айқындау және ортақ мүлікті бөлу Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексі негізінде жүзеге асырылады. Мұндай жағдайда мұра қайтыс болған адамның ортақ мүліктегі үлесіне, ал мүлікті заттай бөлу мүмкін болмаған кезде үлестің құнына қатысты белгіленеді. Отағасы қайтыс болғаннан кейін ортақ мүліктегі өз үлесіне өсиет қалдыруға құқылы .Мұрагерлік мүліктің ең көп тарағаны-тұрғын үй. Егер мұралық мүліктің құрамына тұрғын үй болса, нотариус үйдің мұра қалдырушының жеке меншігі екені туралы құқық белгілейтін құжатты, техникалық инвентаризация бюросының анықтамасын талап етеді. Сондай-ақ, тұрғын үй орналасқан жердегі нотариалдық кеңсесінің құжаттары бойынша үйден айыруға тыйым салынғандығын немесе мекен-жайдың бар жоқтығын тексереді. Егер тыйым салыну сауда алуға байланысты болса, нотариус сауда берген мекемеге сауда алушының мұрагерлеріне мұрагерлік құқық куәлік берілгендігін хабарлайды. Тұрғын үйдің мұра қадырушының жеке меншігі екені туралы құқық белгілейтін құжат техникалық инвентаризация бюросында міндетті түрде тіркелуі қажет.
Мұраға ауысу – жер учаскесіне жеке меншік, ұзақ мерзімді жер пайдалану және уақытша қысқа мерзімді жер пайдалану құқығы бар азамат қайтыс болған жағдайда жеке меншік немесе жер пайдалану құқығының (егер уақытша жер пайдалану шартында басқаша көзделмесе) басқаға ауысуы. Мұраның құрамына мұраға берушіге тиесілі, оның қайтыс болуына байланысты тоқтатылмайтын, құқықтар мен міндеттер де кіреді. Мұра қалдырушының барлық құжаттары мұрагерлік арқылы беріле бермейді. Мысалы, мұра қалдырушының отбасылық некелік қатынасқа жататын мүліктік емес құқықтары адам қайтыс болысымен жойылады. Мұрагерлік бойынша қайтыс болған адамның жеке басымен байланысты құқықтары немесе өзіндік меншік құқығы заң бойынша заңды мұрагерлеріне өтеді. Мысалы қайтыс болған адамның авторлық және өнер табыс қатынастарынан туындайтын құқықтары мұрагерлеріне мұралық жолмен ауысады. Авторлық құқыққа қысқартылған мерзім қолданылған күнде, онда авторлық құқық мерзімінің қалған бөлігі мұрагерлерге заң бойынша ауысады.
ҚР «Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы» Заңынын 30-бабына сәйкес авторлық құқық мұрагерлiк тәртiбiмен заң бойынша немесе өсиет бойынша ауысады. Шығарманы бастырып шығарғанда шығарманың өзіне, оның атына және автордың атын көрсеткенде де автордың ризалығынсыз қандай да болсын өзгерістер енгізуге тыйым салынады. Автор өлгеннен кейін оның шығармаларын басқалардың қол сұғуынан қорғауды оның мұрагерлері жүзеге асырады.
Қазақстан Республикасы Азаматтық Кодексінің 982- бабына сәйкес, авторлық құқық автордың бүкіл өмір бойына және ол өлгеннен кейін автор өлген жылдан кейінгі жылдың бірінші қаңтарынан бастап 50 жыл бойына күшінде болады. Осы уақыт өткеннен кейін кейбір шығармалар сатып алу арқылы мемлекет қарауына жатқызылуы мүмкін [5. 10-11].
Қазақстан Республикасы Азаматтық Кодексінің 1080-бабы бойынша мұра қалдырушының қайтыс болар алдындағы науқасы туғызған қажетті шығындарды, мұра қалдырушыны жерлеуге арналған шығындарды, мұраны қорғауға, басқаруға, өсиетті орындауға, содай-ақ өсиетті орындаушыға немсе мұраны сенімгерлікпен басқарушыға сыйақы төлеуге байланысты шығындарды өтеу туралы талаптар ол мұрагерлер арасында бөлінгенге дейін мұра есебінен қанағаттандырылуға тиіс. Бұл талаптар барлық басқа, оның ішінде кепілмен қамтамасыз етілген талаптардың алдында мұраның құнынан басымдықпен қанағаттандырылуға тиіс. Ал, мұра қалдырушының кредит берушілері өздерінің мұра қалдырушының міндеттемелерінен туындайтын талаптарын өсиет орындаушыға (мұраны сенімгерлікпен бсқарушыға) немесе әрбір мұрагерге ауысқан мүлік құнының шегінде ортақ борышқорлар ретінде жауап беретін мұрагерлерге қоюға құқылы.
Заң бойынша қайтыс болған адамның жұмыс орнындағы жалақысы қайтыс болған күнге дейін алынбаса, онда жалақы қайтыс болған адамның бірге тұрған отбасы мүшелеріне беріледі. Егер жұмысшы немесе қызметкерге қайтыс болғанға дейін уақытша жұмысқа жарамсыздығына байланысты жәрдемақы төленетін болса, онда ол мұралық мүліктің құрамына кірмейді. Бұл жәрдемақы қайтыс болған адамның бірге тұрған отбасы мүшелеріне немесе қарауында болған адамдарға төленеді.
Азаматтық кодекстің 1044-бабына сәйкес мұра ашылған кезде тірі жүрген, сондай-ақ мұра қалдырушының тірі кезінде іште қалған және мұра ашылғаннан кейін тірі туған азаматтар өсиет және заң бойынша мұрагер бола алады. Егер қайтыс болған адам құқық және міндеттерінің өлімінен кейінгі тағдырын белгілеп кеткен болса оған, өсиет қалдырушы дейміз. Осы орайда анықтай кететін жәйт, қайтыс болған, деп жарияланған соттың шешімі де адам өлімі салдарын (зардабын) туғызғандықтан осылай жарияланған жеке тұлғалар да мұра қалдырушы болады. Мұрагер болудың ендігі шарты лайықсыз мұрагер болмауы керек. Бұны мұрагерлік құқығымыз мұрадан лайықсыз мұрагерлерді шеттету тақырыбымен Азаматтық кодекстің 1045-ші бапта белгілеген. Аталған баптың 3-бөлігінде балаларына ата-аналық құқықтарынан айырылған және мұра ашылған кезде бұл құқықтарын қалпына келтiрмеген ата-аналардың балаларынан қалған мұраны заң бойынша алуға құқығы жоқ екені анықталған. Осы мән-жайлар соттың растауын қажет етпейді және бұл үшін балаларына ата-аналық құқықтарынан айырылу фактісінің өзі жеткілікті болып соттар лайықсыз мұрагерлердi мұрадан шеттету мәселелерін реттейтін АК-нің 1045-бабының нормаларын негізінен дұрыс қолданады. Лайықсыз мұрагерлерге өсиет бойынша да, сондай-ақ, заң бойынша да мұрагерліктен шеттетуге болатын, мұра қалдырушыны немесе мұрагерлердiң бiреуiн қасақана өлтiрген немесе олардың өмiрiне қастандық жасаған, мұра қалдырушының соңғы еркiн жүзеге асыруына кедергi келтірген және сол арқылы олардың өздерiн немесе оларға жақын адамдарды мұрагерлiкке шақыруға не мұраның оларға тиесілі үлесін көбейтуге ықпал жасаған адамдарды жатқызуға болады. Бұл мән-жайлар сот арқылы расталуы тиіс 6. 25-26].
Мұра қалдырушыны күту жөнінде заң күшімен жүктелген міндеттер орындаудан жалтарған ата-аналардың (асырап алушылардың) және кәмелетке толған (асырап алынған) балалардың заң бойынша мұраны алуға құқығы жоқ (ҚРАК-тің 1045 бабының 3-тармағы). Ата-аналардың балаларына қарсы міндеттері «Неке және отбасы» туралы Заңның 62-64-ші баптарда, ал кәмелетке толған балалардың ата-аналарына қарсы міндеттері аталған заңның 131-ші бабында айтылған. Осы және тағы басқа заңдарда айтылған міндеттерді орындамағандар жоғарыдағы тәртіппен заңды мұрагер бола алмауы әбден мүмкін. ҚР АК-тің 1045 бабында айтылған лайықсыз мұрагерлерді мұрагерліктен шеттеу ережелері міндетті үлесі бар мұрагерлерге де қолданылады.Құқығымызда сол сияқты, заңды мұрагерлерді мұра қалдырушы өсиетімен еш себебін көрсетпестен мұрадан айыруы мүмкін. Мұнда міндетті үлесі бар мұрагерлер міндетті үлесін талап ете алады. Бұлайша мұрадан айыру, өсиетте өзгеше көзделмесе, негізгі заң бойынша мұрагердің ұсыну құқығы бойынша мұрагерлерінің мұрадағы құқына әсер етпейді. Бірақ мұра қалдырушы мұрадан айыру өсиетінде мұрадан айрылған мұрагердің үлесіне өсиет бойынша мұрагер тағайындаса немесе мұрадан айрылған заңды мұрагердің ұсыну кұқығы бар мұрагерлерінің де мұрадан айрылғандығын айтса ұсыну құқы бар мұрагерлер де мұрагер бола алмайды.
Біздің мұрагерлік қүқығымызда заңды мұрагер мұра қалдырушыдан бұрын қайтыс болғанда ғана ұрпағы ұсыну құқығы бойынша мұрагер бола алады (ҚР АК 1067/1). Яғни заңды мұрагер лайықсыз, шеттетілген, бас тартқан мұрагер болса, оның ұсыну құқығы бар балалары ұсыну құқығы бойынша мұрагер бола алмайды. Себебі біздің мұрагерлік құқығымызда балалары негізгі мұрагерді ұсынғандықтан, негізгі мұрагер мұра қалдырушыға мұрагер болу құқығын жойса оның баласының оны (мысалға әкесін) мұрада ұсыну құқынан сөз етуіміз мүмкін емес. Мүның тек айрықша жағдайы, мұрагерлерді мұрадан айыру (ҚРАК 1046/4), осылайша мұра қалдырушының өсиетінен өзгеше туындамаса, ұсьну құқы бар мұрагерлер, негізгі мұрагерді ұсынып мұрагер бола алады.
Азаматтық кодекстің 1043-бабына сәйкес, мұра қалдырушының соңғы тұрған жерi, ал егер ол белгiсiз болса, мүлiктiң немесе оның негiзгi бөлiгiнiң орналасқан жерi мұраның ашылу орны болып табылады. Мұра қалдырушының тұрған жерін анықтау кейіннен мұрагерлердің мұраға құқығы туралы куәлігін алу үшін қажет. ҚР мұрагерлік кұқығымыз мұраның ашылу уакытында «күнді» негіз алғаны кейбір қиыншылыктарға себеп болуда. Күн жоғарыда айтылғандай 00:00 сағаттан басталып 24:00 сағат толуымен бітеді. Күн дегеніміз белгілі бір уақыт жиынтығы (сағат, минөт, секундтар жиынтығы) болғандықтан, мұрагерлердің өздеріне тиесілі үлесіне қай мезеттен бастап ие болатындығын (АК-тің 1072- бабы) немесе бір күннің ішінде мұрадағы затта ортаға шыққан пайда, зиянның салдары мен зардабын кім шегетіндігін (АК-тің 123), мұраның құрамын белгілеуде көптеген қиындыктар туғызады (АК-тің 1040) [7. 35-36].
Мұраның ашылу уақыты өлімнен басқа Азаматтық кодекстің 31-ші бабында айтылған жағдайларда сот адамды өлді деп жариялауы мүмкін. Осылай жариялау өлімнің салдарын туғызады. Бұл жерде талқыланатыны, адамды өлді деп жариялағанда мұраның ашылу уақытын анықтау. АК-тің 1042 бабының екінші тармағы сот шешімінде баска күн белгіленбесе, сот шешімінің күшіне енген күні мұраның ашылу уақыты болатындығын айкындайды. Айтылған баптың «сот басқа күн белгілемесе» деп нені айтқысы келгендігі. Бұған жауапты азаматтық кодексіміздің 31-ші бабының үшінші тармағының екінші сөйлемі, егер адам өлім қатері төнген немесе жазатайым окиғада каза тапты деп жорамалдауға негіз болатындай жағдайда хабар ошарсыз жоғалып кетсе, сот осы оқиғаның болған күнін адамның өлген күні деп тануы мүмкін деген жауабын, беруде.
Мұраның ашылу орны мұра калдырушының соңғы тұрған жері ал, ол белгісіз болса мүлкінің немесе оның негізгі бөлігінің орналасқан жері. Бұл жердегі тұрған жерден, Азаматтық кодекстің 16-шы бабында айтылған тұрған (тұрғылықты) жерді түсінуіміз керек. Он төрт жасына толмаған адамдар немесе қорғаншылықтағылардың тұрғылықты жері олардын ата-анасының, асырап алушылырының немесе қорғаншыларының тұрғылықты жері болып табылады. Осымен байланысты соңғы тұрған жерді анықтауға Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының маусым 2004 жылғы №11 нормативтік қаулысы көмектесуде. Қаулының екінші тармағында: «Мұра қалдырушының уакытша басқа жерге кету, мысалға, әскери қызметі, оқу, жүмысының жағдайы мен ерекшеліктері, іс саяхаты және емдеу мекемесі, бас бостандығынан айырған жер сияқты жағдайларда мұраның ашылу орны, кетуге дейінгі тұрғылықты жері.» деп айтылған. Осы орайда айта кететін жәйт, азаматтың тұрған немесе тұрғылықты жері мен тіркелген жері әрдайым бір болмауы мүмкін. Сондықтан маңыздысы, мұра соңғы тұрған (тұрғылыкты) жерінде ашылады. Ал соңғы тұрған жері белгісіз болса мұрадағы мүліктің орналаскан жері мүлік әр жерде болса негізгі бөлігінің орналаскан жері, мұраның ашылу орны болып есептеледі.
Мұраның ашылу орнын анықтау, мұрадан бас тарту арызын беруде немесе мұрагерлікке кұкық туралы куәлік беруде қай нотариус кұзыретті екендігін белгілеуде, әлде мұрагерлік құқығынан туындайтын талаптарда қай соттың жер жөнінен соттылығын және т.б. жағдайларды анықтауда маңызы зор. Мұраның ашылған уақыты жергілікті азаматтық хал актілерін жазатын бөлімдерінің (АХАЖ) қайтыс болу туралы берген куәлігі мен Қазақстан Республикасы “Неке және отбасы” Заңының 197-бабына сай, жергілікті АХАЖ бөліміне қайтыс болу туралы мәлімдемені өлген адаммен бірге тұрған адамдар, ал, ондай адамдар болмаған жағдайда көршілері, тұрғын үй-пайдалану ұйымдарының қызметкерлері немесе адам қайтыс болған жердегі мекеменің әкімшілігі немесе өлікті тапқан ішкі істер органы жазбаша немесе ауызша түрде хабарлайды. Қайтыс болу туралы мәлімдемені жеті тәуліктен кешіктірмей, ал, адам зорлықпен өлтірілсе, өзін-өзі өлтірсе, жазатайым жағдайдан өлсе, сондай-ақ, өлік табылған жағдайда өлген немесе өлік табылған кезден бес күннен кешіктірмей берілуге тиіс. Егер мұра қалдырушының өлген күні Қазақстан Республикасының Азаматтық іс жүргізу Кодексінің 244—бабының 3 тармағына сәйкес көрсетілетін болса, онда мұраның ашылған күні соттың шешімінде көрсетілген мұра қалдырушының өлген күні болып есептеледі.
Қазақстан Республикасының Азаматтық Кодексінің 31-бабына сәйкес, егер азаматтық тұрғылықты жерінде ол туралы үш жыл бойы деректер болмаса, ал егер ол өлім қатері төнген немесе жазатайым оқиғадан қаза тапты деп жорамалдауға негіз болатын жағдайларда алты ай бойы хабар-ошарсыз жоғалып кетсе, мүдделі адамдардың арызы бойынша сот оны өлді деп жариялауы мүмкін. Ал, егер соғыс кимылдарына байланысты хабар-ошарсыз жоғалып кеткен әскери қызметші немесе өзге адам соғыс қимылдары аяқталған күннен бастап кемінде екі жыл өткеннен кейін өлді деп жариялауы мүмкін. Өлді деп жариялау туралы сот шешімі заңды күшіне енген күні деп жарияланған адамның өлген күні болып есептеледі. Адамды өлді деп жариялау туралы заңды күшіне енген сот шешімінің негізінде азаматтық хал актілерін жазу кітаптарына оның өлгені туралы жазылады. Қазақстан Республикасы Азаматтық Кодексінің 32-бабына сәйкес, өлді деп жариялаған адам тірі оралған немесе оның тұрған жері мәлім болған жағдайда сот тиісті шешімнің күшін жояды. Азамат өзінің қай уақытта оралғанына қарамастан, кез-келген адамнан азамат өлді деп жариялағаннан кейін сол адамға тегін көшіп, сақталып қалған мүлік қайтарып беруді талап ете алады [8. 18-19].
Егер өлді деп жариялаған адамның мүлкін оның заңды мұрагері үшінші бір адамдарға беріп, олардың мүліктің сатып алу бағасын адам тірі оралған кезге дейін толық төлемеген болса, төленбеген соманы талап ету құқығы тірі оралған адамға көшеді. Мұрагерлік құқықта мұраның ашылған жерін анықтау үлкен роль атқарады. Мұраның жері-мұра қалдырушының соңғы түпкілікті тұрған жері, ал егер түпкілікті тұрағы белгісіз болған жағдайда, мүліктің немесе оның негізгі бөлігінің тұрған жері – мұраның ашылған жері деп танылады. Мұра қалдырушының тұрақты мекен-жайынан уақытша кетуіне байланысты: мысалы, әскери қызметіне оқуға, жұмыс жағдайына іс-сапарына кеткеніне, емдеу мекемесіне орналасуына, бас бостандығынан айыру орнына қамалуына байланысты және тағы басқа да жағдайларда-мұранын ашылған жері болып, оның соңғы түпкілікті тұрағы есептеледі.
Мұраның ашылған жері мұраны қалдырушының түпкілікті тұрағымен сәйкес келуі мүмкін, егер мұраны қалдырушы уақытша басқа тұрақта тұратын болса, онда уақытша тұрақ мұраның ашылған жері болып танылады. Егер тұрғын үйдің бағасы теңге жиынтығынан мөлшері болса, онда мұраның ашылған жері Қазақстан Республикасының “Тұрғын үй қатынастары туралы” заңында көрсетілгендей оның соңғы түпкілікті тұрағы болып табылады. Жоғарыдағы көрсетілген азаматтардың әскери борышын өтеу немесе оқу орындарында оқыған уақыттарында тұрғын үйді пайдалану құқығы сақталады. Сондықтан Қазақстан Республикасы Азаматтық Кодексінің 16-бабына сәйкес бұл азаматтардың ұдайы тұрағы болып табылады. Егер азамат шет елде қайтыс болатын болса, онда мұраның ашылған жері Қазақстан территориясында мүліктің тұрған жері болып табылады. Егер азамат бас бостандығынан айырылып, бас бостандығынан айыратын орындарда отырған болса және сол жерде қайтыс болған болса, онда мұраның ашылған жері болып, сол азаматтың соңғы түпкілікті тұрағы болып есептеледі. Ал, егер мұра қалдырушы қарттар үйінде қайтыс болса, онда мұраның ашылған жері-қарттар үйі тұрған елді мекен болып табылады [9. 15-16].
Мұрагердің жазбаша арызы бойынша мұра ашылған жердегі нотариалдық кеңселер мұрагерлік құқық туралы куәліктер береді. Мұраны қабылдау туралы, одан бас тарту туралы немесе мұраға құқық жөніндегі куәлікті беру туралы арыздар жазбаша түрде жасалуға тиіс. Осы қарастырылған барлық ережелер мұрагерлік құқықтың міндетті талаптар болып табылады. Бұл ережелерді сақтау барлық мұрагерлердің құқықтарын қорғау болып табылады.
Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алған кезден бастап Елбасымыз адам құқықтарын қорғауды негізгі қағида ретінде ұстанып келеді. Бұл мемлекеттің өркениеттілігінің бір айғағы және азаматтардың меншік құқығының қаншалықты деңгейде қорғалатындығымен де сипатталады.
Мемлекеттік заңдар-мүліктік қатынаста және азаматтардың құқықтарын қорғау саласындағы заңдылықты одан әрі нығайтудың маңызды құралы болып табылады. Азаматтардың жеке меншігін және оған мұрагер болу құқығын мемлекет қорғайды. Мұрагерлік құқық жеке меншікпен басқа да мүліктердің мұра қалдырушы адамның мұраға ие болатын мұрагерлерінің қарауына өтуін реттейді.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
- Батырбаев Н.М., Аманқожаев А. «Мұрагерлік құқық». Оқу құралы. Алматы. 2006 ж.
- Қазақ әдет-ғұрып заңдарындағы мұра мен мұрагерліктің қоғамдағы рөлі А. Смағұлова. — // Заң. — 2005. — №9.
- Төлеуғалиев Ғ. ҚР Азаматтық құқығы. Оқу құралы. Алматы 2001 ж.
- Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексі /ерекше бөлім/, 1 шілде 1999 ж.
- Соттардың мұрагерлік құқық нормаларын қолдану жөніндегі сот практикасына шолу. Жоғарғы Соттың азаматтық істер жөніндегі алқасы. 2006 ж.
6. Мұрагерлік мұраты — бірлік. Тарих тағылымы / А. Смағұлқызы // Заң газеті. — 2005. — №125, 13 қазан. Қазақстан Республикасының Жер кодексі, 20 маусым 2003 ж.
7. Қазақстан Республикасының «Неке және отбасы туралы» Заңы, 17 желтоқсан 1999 жыл.
- Қазақстан Республикасының Азаматтық істер жүргізу кодексі, 13 шілде 1999 жыл.
- Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 9 қыркүйектегі № 1346 қаулысымен бекітілген «Қамқоршы және қорғаншы органдары туралы Ережесі».