ТӘРБИЕ МЕН ҒЫЛЫМИ-ЗЕРТТЕУ ЖҰМЫСТАРЫНЫҢ БІРЛІГІ

ТӘРБИЕ МЕН ҒЫЛЫМИ-ЗЕРТТЕУ ЖҰМЫСТАРЫНЫҢ БІРЛІГІ туралы қазақша реферат

Болашақ мамандарға әлемдік ғылым мен прогресс деңгейіне сәйкес білім мен тәрбие беру, оның рухани байлығы мен мәдениеттілігін, зерттеу мүмкіндігін, өзін-өзі тәрбиелеу жолдарын жетілдіру қоғамның басты міндеттерінің бірі болып табылады. Қазақстан Республикасының “Білім туралы” Заңында “Білім беру жүйесінің басты міндеттерінің бірі: жеке адамның шығармашылық, рухани және күш қуат мүмкіндіктерін дамыту, адамгершілік пен салауатты өмір салтының берік негіздерін қалыптастыру, даралықты дамыту үшін жағдай жасау арқылы ой- өрісін байыту”,- [1] деп атап көрсетілген.

Тәрбие – көпаспектті үздіксіз процесс. Қазіргі таңда тәрбие ересектердің жастарға өз тәжірибесін жеткізуі ғана емес, сонымен қатар оқытушылар мен студенттердің оқу және оқудан тыс уақыттағы бірлескен әрекеті мен ынтымақты еңбек қатынасы деп сипатталады. Студенттер тәрбиесінің аса мәнді субьектісін тәрбиелік ортаны құрайтын  жоғары оқу орнының барлық қызметкерлері болғандықтан онда қарқынды ғылыми-зерттеу атмофераны орнатудың мәні зор. Мұнда әсіресе профессорлық-оқытушылар құрамының алатын орны ерекше. Қазақстан Республикасының гуманитарлық білім беру тұжырымдамасында: “Білім берудің гуманитарлық сипаты, онда адам тек зерттеу объектісі ретінде ғана емес, ең алдымен, шығармашылыққа құлшынысымен оқушылардың баурап кететін субъектісі ретінде көрінуімен бедерленеді, — [2] деп белгіленген.  Педагогикалық процесте студент оқытушының объектісі ғана емес, білімді меңгеруде жеке субъект ретінде көрінеді. Болашақ маман ретінде студенттердің өзін-өзі тәрбиелеу мүмкіндіктерін қалыптастыру үшін кафедраның профессорлық-оқытушылар құрамының белсенділігі, шығармашылық ізденісі, білім алушылардың жас және жеке ерекшелігімен қатар оның неге қызығатынын жете  білуі маңызды болмақ. Педагогика тарихы тәрбие мәңгі бақи категория қатарына жататындығын ғылымда әбден анықтап берді:

Тұлғаның қандай да болмасын іс-әрекетін қолдау, дамытуға қатысты мәселелер  ұлт ғұламалары әл-Фараби, Ж.Баласағұн, Х.Дулати, М.Қашқари, А.Яссауи шығармаларында өз бастауларын алған. Ал әдіснамалық, теориялық негіздері философия ғылымында  Д.Кішібеков, Ә.Нысанбаев, А.Айталы, Ғ.Есім, М.Орынбеков, Ә.Тұрғынбаев, және шетел философтары И.Кант, Платон, Г.Гегель, Д.Дьюи, И.Фихте  А.Спиркин, Б.С.Гершунский, т.б. еңбектерінде әр қырынан зерттелген. Қазақстандық әлеуметтанушылар Ж.Алтаев, Н.А.Аитов, А.И.Артемов, Р.Әбсаттаров, М.Дәкенов және т.б. тұлғаның жалпы іс-әрекетке бейімділігін оның әлеуметтенуімен байланыстыра отырып, зерттеу нысанына айналдырған.

Тұлғаның таным іс-әрекетін қалыптастыру мен дамыту мәселесінің психологиялық аспектілерін отандық  психолог-ғалымдар Ж.Аймауытов, Ә.Алдамұратов, С.Қ.Бердібаева, Қ.Б.Жарықбаев, С.Жақыпов,  М.Мұқанов, Ж.Намазбаева, Т.Тәжібаев,  Х.Т.Шерьязданова және т.б. зерттеген болса, шетелде психологтар Б.Г.Ананьев, А.В.Брушлинский, А.А.Люблинская, А.В.Петровский,  Л.С.Рубинштейн, Л.В.Занков,  В.В.Давыдов, Н.Ф.Талызина, О.К.Тихомиров, В.К.Шабельников,   И.С.Якиманская, т.б. арнайы зерттеу объектісі етіп алған.

Білім алушылардың танымдық шығармашылық іс-әрекетін қалыптастыруды педагогикалық тұрғыда  А.Байтұрсынов,  М.Дулатов,  К.С. Мусин, Н.Д.Хмель, М.Ә.Құдайқұлов, Т.С.Сабыров,  С.Рахметова, А.Е.Әбілқасымова, С.А.Ұзақбаева,   М.Әбдікәрім,  Р.Қ.Дүйсембінова, Ж.А.Қараев, Т.Ә.Қышқашбаев,  Л.Х. Мажитова, Ж.Б.Мырзабаев, Б.А.Тұрғынбаева,  Н.Н.Хан, және т.б. еңбектерінен таба аламыз.

Жалпыадамзаттық құндылықтар мен ұлттық ерекшеліктерді ескере отырып тәрбиелеуді В.Сухомлинский, К.Д.Ушинский, А.С.Макаренко, Ш.А.Амонашвили, Ю.К.Бабанский, Л.И.Божович, М.А.Данилов, Б.П.Есипов, З.Зак, И.А.Зимняя, Я.А.Коменский, В.С.Кукушина, И.Я.Лернер, М.И.Махмутов, В.Оконь, П.И.Пидкасистый, А.М. Пышкало, М.Н.Скаткин,  В.А.Сластенин, Т.И.Шамова, Г.И.Щукина  және т.б. әр қырынан зерттеген.

Келешекке бағдарланған жан-жақты дамыған, мемлекет адамын, өз Отанының азаматы мен патриоты болуға лайық, жоғары адамгершілікті мамандарды дайындау үшін тәрбиені шын мәнінде бірінші кезекке шығару қажет. Студенттер ортасында патриотизм мен азаматтылықты, тарихи, мәдени, философиялық, экономикалық, саяси, құқықтық білімге қол жеткізу міндеттерінің шешілуі  бәсекелестікке төтеп бере алатын маман тұлғасының қалыптасуының кепілі.

Ал студент жастардың тәрбиелеу, өзін-өзі тәрбиелеу міндеттерінің оң  шешімін табуда оқудан тыс жұмыстардың өзіндік орны бар [3].  Осы жұмыстардың жүйелі ұйымдастырылуы арқылы  студенттердің дамуына жағдай жасау және оның тиімді жолдарын іздестіру күрделі проблемалардан саналады.  Оқудан тыс жұмыстар студенттердің шығармашылығы мен таланттарын шыңдауға, ұйымдастырушылық, басқарушылық дағдыларын жетілдіруге бірден-бір мүмкіндік беретін фактор.

Қазақстан Республикасының жоғары білім беру жүйесінің кредиттік оқу үдерісіне көшуіне байланысты оқудан тыс жұмыстардың мазмұны мен ұйымдастыру формаларын қайта қарап  өңдеу,  жетілдіру, дамыту қажет.  Бірінші және екінші курс студенттерінің әлеуметтік ортаға, жоғары оқу орнының талаптарына бейімделулерін белсендіру мақсатында оқудан тыс жұмыстарды олардың дайындалап жатқан мамандықтарына сәйкес жеке академиялық топтармен ұйымдастыруға баса мән берілуін қолдаймыз. Өйткені қазіргі кезеңде он бес мыңнан астам білім алушыларды қамтитын жоғары оқу орындары кездесетіндіктен жеке студенттің қызығушылығын ескеріп жұмыс жасау қиындық туғызады. Бұл жағдайда маман дайындайтын кафедраның профессорлық-оқытушылар құрамының басшылығы мен белсенділігіне сүйенуге тура келеді. Мұнда әсіресе, әрбір студенттің жеке оқу жоспарын құруға басшылық жасау арқылы олардың даралықтарын білетін,  кафедрамен байланыс жасаушы дәнекер эдвайзер, тьютордің орны ерекше.

Тұлғаның коғамдық сана-сезімінің дамуының белгілі бір сатысында, өзінің жеке басы үшін тек сыртқы мақсаттарды ғана емес, сонымен қатар өзін-өзі тәрбиелеу мақсаттарын қабылдайды. Ол өзіне-өзі тәрбиенің субъектісі ретінде қарап, өзінің тұлға ретінде қалыптасуы, оның жеке белсендігінсіз мүмкін еместігін ұғына түседі[4].
Өзін-өзі тәрбиелеу – адамның өз тұлғасын қалыптастыруға, өмірдегі өз орнын өзі белгілеуіне, өзін-өзі дамытуға, өз қабілеттерін өзі іске асыруға бағытталған мақсатты, саналы, жүйелі түрде өздігінен жүргізетін іс-әрекеті. Өзін-өзі тәрбиелеу тәрбие процессінің құрамды бөлігі және тұлғаның өзін-өзі дамытуындағы ең маңызды күш болып саналады.
Тәрбиелеу мен өзін-өзі тәрбиелеу тұлғаны қалыптастырудағы тұтас процесстің екі жағы болып саналады. Студенттер оқу және оқудан тыс жұмыстарды мамандық алудың жолы дегенмен шектелмей, сонымен қатар өзін-өзі тәрбиелеудің әлеуметтік-психологиялық механизмдерін жақсы түсінуі керек. Психологиялық зерттеулерде әр адамда өзін-өзі тәрбиелеуге деген қажеттілік әр-түрлі жас кезеңдерінде байқалады. Осы қажеттілік әсіресе жасөспірімдік, жастық  шақта анығырақ байқалады.

Өзін-өзі тәрбиелеу өте ұзақ және адамның бүкіл өмірі бойы жалғасатын процесс екенін айта кету қажет. Өзін-өзі тәрбиелеу адамнан көптеген күш-қайратты жоғары дәрежедегі ұйымдастырушылықты, өзіне деген сын көзбен қарауды талап етеді. Өзін-өзі тәрбиелеу адамның рухани қажеттіліктерін қалыптастыруға бағытталған [5]. Адамның өзін-өзі жетілдіріп, өзімен жұмыс істеуінде кітаптардың маңыздылығы зор. Өйткені, кітап оқуды дағдыға айналдыру үлкен зейінділікті, шыдамдылықты, төзімділікті, еңбекқорлықты талап ететін процесс. Ал, өзін-өзі тәрбиелеудің маңызды бөлігі -мотивтерді, ынтаны дамыту. Жақсы, ақ ниетті болуға талпынбай, адамзаттың білімдер байлығын, адамзат мәдениетін игеруге тырыспай жан-жақты тәрбиелі және білімді адам болу мүмкін емес. Психологиялық-педагогикалық ғылымдарда өзін-өзі тәрбиелеудің кең қолданылатын тәсілдері болып өзіне-өзі баға беру, өзіне-өзі бұйыру, өзін-өзі құптау, өзін-өзі түзету және т.б. саналады.
Студенттерді өзін-өзі тәрбиелеуге бағыттау мақсатында жүргізілетін оқудан тыс жұмыстар жүйесі төмендегідей түрде болуын ұсынамыз:

—          факультет көлемінде студенттердің қалаған тақырыптары бойынша конференциялар ұйымдастыру;

—          республикалық, халықаралық ғылыми, ғылыми-практикалық конференцияларға қатысу, баяндама жасау;

—         Ғылыми жобалар мен ғылыми үйірмелерге қатысу;

—          кәсіби және ғылыми шығармашылық қызығушылықтарын арттыру мақсатында мамандармен, түлектермен  және ғылым мен өнер тұлғаларымен, кездесу;

—         адамзат құндылықтарының жетістіктерін  насихаттау үшін тақырыптық кештер мен байқаулар, конкурстар ұйымдастыру;

—         студенттердің редакциялық шеберліктерін қалыптастыру мақсатында ЖОО-да газет пен журналдар шығару;

—         жеке, сонымен қатар топтық мәселелерді шешуге көмек көрсету бағытында психологиялық, әлеуметтік педагогикалық қызмет кабинеттерінің болуы және т.б.

Студенттің өзін-өзі тәрбиелеуде ғылыми-зерттеу жұмысына тартудағы негізгі міндеттер:

—         студентерді ғылыми-зерттеушілік қызығушылықтарын дамыту;

—         ғылыми-зерттеушілік қызметі мен оқу қызметінің тұтас процеске айлануына мүмкіндік беру;

—         студенттің өзін-өзі тәрбиелеуі, өзін-өзі реттеуі негізінде тұлғалық дамуының алғышарттарын нақтылау;

—         студенттердің теориялық жан-жақтылығы мен ғылыми эрудициясын кеңейту.

Студенттің өзін-өзі тәрбиелеудегі оқудан тыс жұмыстар жүйесінде негізгі мақсат білім алушының  ғылыми-зерттеу жұмысына тарту болып саналады. Бүгінгі күнгі маман –өз ісін жетік білетін мобильді, өз беттілікті шебер ғана емес, бірінші кезекте ол, кең ауқымды ғылыми-техникалық ақпараттық қоғамда қажетті бағдарын анықтауға сергек қабілетті зерттеуші. Білім қоғамында өзін-өзі тәрбиелеу негізінен оқу, іздену, зерттеу  арқылы жүзеге асатыны белгілі. Мысалы, студенттің ғылыми-зерттеу жұмысымен айналысуы, оның өз бос уақытын ұйымдастыра білу сауатын арттыруға, ал ол өз кезегінде оқу үдерісіне бейімделуінің қарқынды жүруіне әсер етеді, сондай-ақ, студенттер үйіндегі тәрбие жұмыстарының сәтті болуының құралы бола алады. Ол үшін жоғарыда атап өткен қазіргі заман талаптарына сәйкестендірілген жұмыс формаларын ұйымдастыруды демократилық стиль негізінде құру және студентпен жеке жұмыс жүргізу  жұмыстың нәтижелі болуын қамтамасыз ететін педагогикалық шарт деп қараймыз.

Демократиялық стиль негізінде ұйымдастырылған жұмыстарда студенттердің атқаруға міндетті іс-шараларды талқылау, орындау барысында белсенділігі артады. Атқарылған жұмыстар нәтижесін көру олардың өз-өзіне деген сенімділігін арттырады да өзін-өзі тәрбиелеуге ұмтылдырады. Студенттің өзіндік жеке іс-әрекетінің нәтижесінде дербестік әрекетінің деңгейі артады, ал мұның өзі олардың қызығып, өз ықыласымен жасайтын әрекетіне ұштасып, соның нәтижесінде оны өзін-өзі тәрбиелеуге жеткізеді[4].

Қорыта келе, студенттердің өзін-өзі тәрбиелеуге бағыттауда оқудан тыс жұмыстарды ғылыми-зерттеу жұмыстарына тарту, оларды демократиялық стильде жүргізіп және әрбір студентпен жеке жұмыс формасында ұйымдастыру мынадай нәтижеге қол жеткізеді демекпіз:

—         оқыту-тәрбие жұмысы мен ғылыми-зерттеу қызметінің алшақтығын жою жолдарын жетілдіруге;

—         ғылыми қызығушылықтары бойынша ғылыми мектеп жұмысын араласу;

—         түлектің еңбекке араласуында өндіріске енуде адаптациядан өтуге уақыт жоғалтпау.

Пайдаланған әдебиеттер тізімі:

1.Қазақстан Республикасының “Білім туралы” Заңы 2007ж.

2.Қазақстан Республикасының гуманитарлық білім беру тұжырымдамасы 2004 ж.

3.Андреев В.И. Диалектика воспитания и самовоспитания творческой личности. Основы пед. творчества. – Казань: Казанского ун-та, 1988. –С.236.

4.Левина М.М. Технологии профессионального педагогического оброзования: // Учеб. Пообие для студ. высших пед. учеб. заведений. – М.:Академия, 2001. –С. 85-108.

5.Кузьмина Н.В. Акмеологическая теория повышения качества подготовки специалиств образования. – М.: Исследовательский центр проблем качества подготовки специалистов, 2001. – 149 с.