Шақ (ағылшын тілінде tense, француз тілінде temps, неміс тілінде tempus, испан тілінде tiempo) – іс-әрекеттің сөйлеу сәтіне қатысты анықталатын етістіктің грамматикалық категориясы. Орыс тілінің құрылымдық грамматикасында шақ категориясы «категория времени», ал функционалдық грамматикада «темпоральность» терминімен аталады.
Ы.Маманов еңбектерінде шақ темпоралдылық деп аталып, функционалды грамматика тұрғысынан арнайы зерттелмегенімен, шақ формаларының функционалдық аспектісі назардан тыс қалмады. Қазақ тіл білімінде дәстүрлі грамматика мәселелерінің функционалды аясын аңғара білген бірден-бір ғалым Ы.Маманов болды. Бұған қазақ және түркі тілдеріндегі шақ категориясын арнайы зерттеген ғалымдар еңбектеріне сипаттама беру арқылы көз жеткізуге болады…
Ғылыми ізденісіміздің негізгі арқауы болып отырған Ы.Мамановтың тұжырымдауынша, қимылдың, уақиғаның дәл өту мезгілін сөйлемде нақты түрде мезгіл үстеулерімен және жыл санын көрсететін сан есімдермен тіркеу арқылы ғана білдіре алады. Бұл тұжырымның функционалды грамматиканың зерттеу нысанына сай айтылғанын атап айту керек… Ы.Маманов болжалды келер шақты субъективтік мәнде сөйлеушінің бір іске көзқарасын білдіретіндіктен ашық райға жатқызбайды. Дегенмен, қазіргі қазақ тіл білімінде етістіктің шақ категориясы біршама зерттелгенімен, әлі де шешуін таппаған мәселелер баршылық. Оларды оқулықтарда, лингвист ғалымдардың монографияларында шақ категориясының әртүрлі топтарға бөлініп, түрліше аталып жүргенін байқаймыз. Бұл жөнінде Ж.Түймебаев өткен шақ формасы, оның жіктелуі, транспозициясы (шақ формаларының ауысып қолданылуы) және классификациялау принциптері туралы жарияланған бірнеше мақаласында оқулықтар мен зерттеу еңбектеріндегі өткен шақ түрлеріне берілген анықтамалардың тіл ғылымының қазіргі деңгейіне сай еместігін, өткен шақтың грамматикалық табиғаты жеткілікті ашылмағандығын т.б. шешімін таппаған мәселелерді сөз етеді [15]. Бұл аталған грамматикалық категорияның әлі де зерттеуді қажет ететіндігін көрсетеді.