«Қазақ» – қоғамдық –саяси және әдеби газет 1913 жылы 2 ақпаннан бастап Орынборда аптасына бір рет, 1915 жылы аптасына екі рет шығып тұрған. Тиражы –3000, кейбір мағлұматтарда 8000-ға жеткен. Бірінші редакторы белгілі ғалым, жазушы, қоғам қаураткері Ахмет Байтұрсынов, екінші редакторы қоғам қайраткері, жазушы Міржақып Дулатов бастырушы «Азамат» серіктігі. Кәрімов баспаханасында басылып тұрған. Газеттің 1918 жылғы сандарының редакторы Жанұзақ Жәнібеков.
Газетте XX ғасырдың басындағы қазақ елінің саяси-әлеуметтік өмірінің ең түйінді мәселелеріне, қазақ шаруашылығының жағдайына, жер мәселесіне, басқа елдермен қарым-қатынасына, оқу ағарту, бала тәрбиесіне, әдебиет пен мәдениет, әдет-ғұрып, салт-санаға, тарих пен шежіреге арналған құнды мақалалар жарияланды [46]
XX ғасырдың бас кезіндегі қазақ өміріндегі екінші бір күрделі мәселе оқу –ағарту ісі болды. Қазақ даласында заман талабына сай жалпы білім беретін негізінен орыс-қазақ мектептері болды. Мұндай алғашқы бастауыш орыс-қазақ мектебі 1841 жылы Жәңгір хан ордасында ашылды. Екінші мектеп Орынбор шекаралық коммисиясының жанынан 1850 жылы ашылды.Ол негізінен орталық аппараттың төменгі орындарына писарлар мен тілмаштар даярлау мақсатын ұстанды.Алғашқы 30 баланың бірі ретінде онда қазақтың тұңғыш ағартушысы Ыбырай Алтынсарин оқыды.Ал үшінші осындай мектеп Омбы қаласында Сібір қазақтары облыстық басқармасының жанынан 1865 жылы ашылды. Оған жиырмаға жуық оқушы қабылданды. Осылайша бірте-бірте мектеп ашу ісі бел ала бастады. Бірақ бұл негізінен орыстың ықпалды күшейте түсуге бағытталған оқу жүйесі болатын. Орыс-қазақ мектептерінің басты көздеген мақсаты жалпы қазақ балаларының ой санасын, таным-түйсігін жетілдіруге, оларды білімділікпен біліктілікке ұмтылдыру емес, өз кеңселеріне қажетті төменгі дәрежелі қызметкерлер даярлау және ел арасында солардың тәлім -тәртібі арқылы орыстандыру саясатының нарқын арттыру еді [6].
«Қазақтың» басты бағыты ағартушылық мәселесін қамтыды. Өнер, білім жағынан қалың қазаққа бас көз болды. Мысалы: «оқу жайы», «Қазақша оқу жайы» атты мақалалар оқудың мән жайын, маңызын, әсіресе, «Қазақтың шаруасына, бір жақтан надандықтан кемшілік келген де, екінші жақтан білімсіздігін көріп тұрғандар басынып, елдігнен , теңдігіне қалдырып, тиісті сыбағасына қиянат істеп тұрғаны санасы бар қазаққа ескерерлік іс еді. Бұл заманда қол жетпегендерді теңдікке жеткізетін, әлсіздерге күш беретін өнер-білім, сол өнер –білімге мезгіл өтпей тұрғанда үйренсек, тұрмысымызды түзетіп, басқалардың аяқ астында шаншылмас едік, бізде өз алдымызда бір жұрт екенімізді білдірер едік» – десе, «Орысша оқу орыс қолтығында тұрған жұртқа керек, қазақша оқы, жаза білген соң, шама келсе орысшада білу керек», -дейді. Газет 1913 жылы жарияланған матеиалдарында оқудың мән жайын, маңызын айтып көпке түсіндіруге тырысса, екінші 1914 жылғы «Бастауыш мектеп» (№61), «Мектеп керектері» (№62), «оқу мезгілі» сияқты мақақаларында мектеп, медересе жайларын нақты көрсетіп мұқтаждарын айтады.
Оқу- ағарту мәселесіне «Қазақ» газеті көп көңіл бөліп, қазақ даласында жаңадан мектеп медреселер салудың қажеттілігі осы істің барысы туралы хабарларды кеңінен жариялап отырды. Сондай-ақ қазақ тілінде шыққан кітаптардың бағыт-бағдары, алатын орны жөнінде қысқаша сын мақалалар өте көп жазылды [27].
Жер бетіндегі тіршілік иесі еркіндік үшін жаратылған. Өсімдік екеш өсімдік те қалағанынша өркен жайып, өз қуаты жеткенше күнге қарай бой созуға ұмтылады. Жан-жануар атаулының да аңсары сол. Ал, адам ше ?! Шыр етіп дүние есігін ашқаннан бастап, құндақтауға көнбей еркіндіккее талпынған тірі пенде қашан жер қойнына кіргенше өз мүддесі жолында тырмысып, тырбынып өтпей ме?! Тіпті, нағыз тәубәшіл де төзімді кісінің жан сарайына үңіліп қарасақ, оның да көкірегі еркіндікке бұлқынған арман мен мұратқа толы.
Шыққан тегі мен өскен тарихының, әдет-ғұрпы мен мінез-құлқының, табиғи ортасы мен шаруашылығының, ең соңында, тілі мен дүниетанымының ортақтығы бір ұлт етіп ұйытқан кез келген халық та әлгі жеке адам сияқты ғұмыр бойы азат ел болуды, жұмыр жер бетінен, адамзат тарихынан өзіне лайықты орнын алуды армандап өтеді. Арманынан айырылған, мұратын жоғалтқан адам да, халық та дара тұлғалық қасиетінен айырылып, азып-тозып, ақырында жоғалып бітеді.
Үш жүз жыл бойы бодандық бұғауында тұншыққан қазақ халқының қайтадан дербес мемлекеттік орнатып, айналасы төрт-бес жылдың ішінде төрткүл дүниеге танылуына жеткізген қандай ұлы күш еді,-деп таң қалатындар болса, сол ұлы күш осы ғасырлар бойы халқымыз көкірегінен өшпеген азаттық рухы.
«Заманына қарай амалы» деген сөз бар. Мұның мағынасы – заманның түріне қарап іс- істеу. Төңірекке қарасақ, түнерген-түнерген бұлттар көрінеді, түбі қандай белгісіз, не боларын білмейміз. Нұр болып жауып, жерімізді көгертіп, несібемізді молайтар ма?
Болмаса, дауыл болып соғып,үйімізді жығып тастар ма? Көзіміз бұған жетпейді. Жалаң аяқ, жалаң бас, жеңдеріміз қиюсыз, етектеріміз жиюсыз ашылып, шашылып қамсыз жатқан халықпыз. Күннің не боларынан ешкімнің көзі жетпейді. Дауылды жауын ету қолымыздан келмейді, үйлеріміздің қирамаи қалуына амал ету керек. Сол амалға кіруге жұртқа мұрындық болатын нәрсенің бірі газет. Халыққа газеттің керегі қандай? «Айқап» журналында қазақ халқының әдет-ғұрып, тәрбие мәселелеріне арналған Жақып Ақбаевтың «Туысқан бауырларына бір насихат», Шәкәрім Құдайбердиевтің «Біздің мұқтаждарымыз», «Сөз таласы», Мұқамеджан Сералиннің «Біздің бұрынғы һәм қазіргі халіміз» сияқты бірқатар еңбектері жарияланған.
Бұдан біздер әсіресе, XX ғасырдың басында шыға бастаған биресми ұлттық басылымдарда әдет-ғұрып, оқу-тәрбие мәселелерінің бірте-бірте алдыңғы қатарға шығып, халықтың рухани байлығын бұрынғыдан да байыта түсуге, отарлықтың кесірінен барынан айырылғандардың санасын оятуға барынша күш салғандығын байқаймыз [46].
XX ғасырдың басында қазақ халқының көзі мен құлағы және тіліне айналған тағы да бір басылым, ол – «Қазақ» газеті. Мұнда желкен деген бүркеншік атпен жазған автордың «Өтінішке жауап», Х. Досмұхамедовтың «Тамыр дәрі қақында» және тағы да басқа көптеген авторлардың ұлттық әдет-ғұрып , оқу-тәрбие мәселелеріне арналған мақала, очерк, әңгімелері жарияланған.
Қасақстанның Россияға ерікті қосылуы нәтижесінде орыс халқы мен ќазаќ халқының алдыңғы қатарлы өкілдері арасында рухани және достық қарым-қатынастар қалыптаса бастады.
Қазақ ағартушылары Шоқан Уәлихановтың, Ыбырай Алтынсаринның және Абай Құнанбаевтың қоғамдық саяси көзқарастары орыстың алдыңғы қатарлы революцияшыл демократтарының әсерімен қалыптасты.
Ш. Уәлихановтың қоғамдық-саяси көзқарасының демократиялық бағытта болып қалыптасуына оның 1860 жылы Петербургте болуының ерекше маңызы болды.
Шоқан Петербургте болған кезінде алпысыншы жылдардың қозғалысын зерттеді. Сол кездегі таңдаулы журналдарды оқиды. Бұл кездегі таңдаулы журналдар А.И. Герценнің шет елде шығарып тұрған «колоколы» , Н. Г. Чернышевский мен Н.А. Добралюбов тұсындағы «Современник» (1854-1862) болатын.
Шоқан Уәлиханов өзінің публицистикалық мақалаларында халық бұқарасының мүддесін қорғады, әділеттік күшін күресті. Мысалға оның «Сот реформасы» деген хатын алуға болады. Бұл өтініш ретінде жазылған жай хат емес, қазақ халқының әлеуметтік шаруашылық және мәдени өмірінің көкейтесті проблемалық мәселелерін қорғайтын публицистикалық мақала.
Қазақстанның Россияға қосылуының прогресшіл маңызын қазақтың ағартушы –демократияның ішінде бірінші болып дұрыс түсінген, қазақ халқының ұлы орыс халқымен дос болуына насихаттаған Шоқан болды. «Орыспен біз тарихи байланыстамыз, онымен біздің қанымыз араласқан»-деп жазды ол.
Сонымен қатар Шоқан өз халқының ұлттық намысын қорғай да білді. Кейбіреулер ойлағандай қазақ халқы «Сондай тағы және дөрекі емес, қоғамдық прогреске бейім және болашағы зор халық» деп танытты ол өз халқын басқа жұртқа. Ол өз халқы мен отанына деген шын сүйіспеншілігін басқа халықтарды, алдымен ұлы орыс халқын, оның озат мәдениетін алдыңғы қатарлы адамдарын сыйлаумен ұштастырды. Орыстың революцияшыл демократ публицисттері сияқты Ш. Уәлиханов өз халқына жаны ашығандықтан оның надандығын, әдеп-ғұрпының зиянды жақтарын ешбір іркілместен қатты сынады.
Сөйтіп Ш. Уәлиханов «Сот реформасы туралы» деген публицистикалық мақаласында тек право мәселелері жөнінде сөз етіп қойған жоқ, сол кездегі шешуді керек етіп отырған басқа да әлеуметтік маңызы бар мәселелерді ғылым-білім, әйел теңдігі мәселелерін де қамтыған.
Гуманист — публицист әйел теңдігі мәселесінде өзінің «Сахарадағы мұсылманшылдық туралы» деген мақаласында да баса көңіл бөлді. Ол қазақтардың балаларын тумай жатып атастырып, балиғатқа толмаған қызын қалың малға сатып, жесір әйелді әмеңгерлік салтымен зорлап қосатын тағылық әдеттеріне қарсылық білдірді. Шоқан мұның бәрін адам өміріне еткен қастандық, оның правосына қол сұққандық деп білді де, әйел теңдігі мәселесін күн тәртібіне қойды. Ол «Қазақтар қыздарын жасқа толмай күйеуге бермейтін болсын, ата-аналары өздерінің балдарын тұрмысқа шығуға, үйленуге күштемейтін болсын» деп ұсыныс енгізді.
Публицистикалық және ғылыми зерттеу мақалаларында Шоқан қазақтың әдебиеті мен тілін дамытудың жолдарын айтып, жөн сілтеді. Ол «Халқымыздың бай және ақындық қасиеттен кен де емес тамаша әдебиеті бар» – деп мақтаныш етті және өзі жақсы білетін халықтың ауыз әдебиеті мұралары мен орыстың класикалық озық әдебиеті қазақтың жазба әдебиетінің жаңа бағытта дамуыныың қайнар көзі, үлгі өнегесі болады деп білді. Ол өз халқының ауыз әдебиеті мұраларын, ақындардың шығармаларын қоғамдық даму процестерімен байланысты зерттеп, келелі пікір айтты [47].
Ш. Уалиханов журналистиканың саяси маңызын, атқаратын ролін жоғары бағалады. Баспасөз жұмысына қатынасу оның ертеден бергі арманы еді. Оның «Абылай», «Қырғыздар туралы», «Жоңғар очерктері « сияқты төрт-бес мақаласы 1861 жылы жарық көрді.
Шоқан еңбектерінің барлығы дерлік орыс тілінде жазды. Бірақ ол бастауыш білімді өзінің ана тілінде алып, хат таныды. Егер де сол кезде қазақ баспасы, қазақша газет, журнал болса, Шоқан мақалаларын, очерктерін, әдеби зерттеулері мен сындарын өзінің ана тілінде бастырып шығарған болар еді. Алайда өз еңбектерін қай тілде жазбасын Шоқан өз халқының қамын ойлап, қалың бұқараның мүддесін қорғады, қайтсе де өзінің артта қалған орыстың озат мәдениетіне жанастыру үшін күресті.
Сөйтіп Шоқан Шыңғысұлы Уәлихан қазақтың көрнекті ғалымы, демократ ағартушысы болуымен қатар қазақтың публицистикасы мен баспасөзінің негізін салушыларының бірі болды.
Ыбырай Алтынсариннің ағартушылық және демократиялық көзқарастары орыстың қоғамдық ой пікірімен педагогикалық ғылымының алдыңғы қатарлы өкілдерінің – Чернышевскидің, Добролюбовтың, Ушинскийдің тағы басқалардың әсерімен қалыптасты.
Демократияшыл бағыттағы орыс журналистикасы Алтынсаринді қызықтырған, ол XIX –ғасырдың 50-жылдарының аяқ шенінде және 60-жылдардың бас кезіндегі журналдарды қажымай талмай оқып, «Жаңа журналистиканың» бетіндегі шетелдіктермен сөздерді және өзіне керекті фактілерді ұқыпты түрде жазып алып отырған. Жазып алынғандары қалың дәптерге айналған [43].
Баспасөзді халық ағартудың, қоғамдық ой-пікірді дамытудың аса маңызды құралы деп таныды ол. Қазақша газет, журнал болмағандықтан Алтынсарин халыққа жалпы білім тарататын, өнер үйрететін кітап шығаруды талап етті. «Молдалардың оқытып жүрген араб, парсы, татар кітаптарының бәрі де адам баласын дұрыс ойдың бәрінен адастырады, кері кетіреді. Ал басқа халықтар сияқты қазақтарға да олардың өздеріне түсінікті тілде жазылған, оқығанда ақыл беріп, ой түсіретін кітаптар керек» деп жазды ол.
Осындай мақсатты көздеген Алтынсарин 1879 жылы «Қазақ хрестоматиясы « және «Орыс тілін қазақтарға үйретудің бастауыш құралы « деген екі кітабын орыс әрпін қазақша бастырып шығарды.
Алтынсариннің «қазақ хрестоматиясы» әрі оқулық, әрі көпшілікке арналған публицистика және көркем әдебиет шығармаларының жинағы, халыққа әртүрлі білім беретін энциклопедиясының рөлін атқарды.
Алтынсарин 1862 жылғы бір хатында «Қазақ халқы қарапайым, өнері жоқ халық. Бірақ біз қарапайымдылықтың өзінен де көп жақсылық табамыз. Қазақ халқы ұғымтал, ақылды, дарынды, бірақ оқымаған халық. Мәселе оны ағартуды болып отыр» –деп жазды.
Газетте жарияланған мақаларында Алтынсарин қазақ елі отырықшы болуға әлі әзір емес, сондықтан бұл халықтың көшпелі салтын бірден жойып жіберуге болмайды. Ондай шара қолданудан бұрын әуелі сол халықтың өнері мен салтын білген жөн деп қазақтарды зорлап отырықшылыққа айналдыруға қарсы болды.
Алтынсарин қазақ халқының әдет-ғұрпы жөнінде екі этнографиялық мақала жарялады. Біріншісі, қазақтың өлген адамды жерлеу және оған ас беру жөнінде , екіншісі – құда түсу, қыз ұзату және той жасау дәстүрлеріне айналған.
Бұл мақаласында ол қазақтың рушыл – феодалдық салтына негізделген дәстүрлерінің ескірген формаларын, әсіресе қалың мал, әменгерлік сияқты әйелдердің адамгершілік правосын қорлайтын әдеттерін орыстың ориенталист ғалымдарына таныстырды.
Қорытытып айтқанда Алтынсарин қазақтың жаңа жазба әдебиетінің ірге тасын қалаушы болуымен қатар қазақтың бұқарашыл баспасөзі мен публицистикасының негізін салушылардың бірі болды. Ол өзінің шығармаларының ана тілінде және орыс тілінде жазып, қазақтың қоғамдыќ өнерінің келелі мәселелерін баспасөз бетінде көтерген көрнекті публицист болды. Қазақтың ұлы ақыны, ойшылы Абай Құнанбаевтың да қоғамдық саяси көзқарасы озат орыс мәдениетінің әсерімен қалыптасты [31].
Абай өзінің туындыларында оқу- ағарту, философия, педагогика, әдебиет пен өнер , мораль жөнінде және қоғамдық өмірінің проблемалық мәселелері жөнінде сөз қозғады.
Абай қазақ еліне капиталистік элементтердің енуін, осыған байланысты бұған дейінгі тәртіп пен идеялогия шайқала бастағанын өз көзімен көрді. Қазақ халқының ғасырлар бойы артта қалушылық пен надандықтан прогресшіл Россиямен, оның озат мәдениетімен өте тығыз байланысты болған күнде құтылатынын Абай жақсы білді. «Орысша оқу керек, хикметте, мал да, өнер де, ғылым да – бәрі орыста» . Сондықтан орыстың «Тілін, оқуын, ғылымын білмек керек» деп жазды ол.
Алдыңғы қатарлы орыс публицистикасы мен журналистикасынан үлгі ала отырып Шоқан Уалиханов, Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнабаев еңбекші бұқараны қанаушыларка, феодалдық патриархалдық салт-сананың қалдықтарына, кертартпа ағымға қарсы күресті.
Қазақ ағартушылары өз ұлтының жазба әдебиетімен әдеби тілінің, қоғамдық және ғылыми ой-пікірінің негізін салумен бірге қазақтың бұқарашыл публицисткасы мен баспасөзінің негізін салды.