Ілияс Жансүгіров – ақын, драмашы, прозашы, оның поэзиясы ұлттық әдебиеттің классикалық байлығының қатарына жатады. Ақынның терең идеялы, көркем мүсінді, эпикалық кең тынысты шығармаларының танымдық, тәрбиелік мәні зор.Олар қалың оқырманның ойына ой, сезіміне сезім қосады, қиялына қанат бітіреді, эстетикалық ләззат беріп, гуманистік адамгершілік идеяларды толғайды.
Ілияс Жансүгіров 1894 жылы бұрынғы Қапал уезі, Ақсу болысында ( қазіргі Тадықорган облысы, Ақсу ауданы) туған.Ескіше хат танитын, шағатай тілдеріндегі кітаптарды жинайтын, аңыз-ертегілерді, батырлық жырларды, тарихи оқиғаларды, әңгіме-шежірелерді жақсы білетін, көкерегі ояу, көзі қарақты, әр түрлі өнерді ұстаған әңгімеші, домбырашы, ұста, көшелі Жансүгір анасынан ерте қалған Ілиясты жетімсіретпей, еркелетіп, жақсы үлгі көрсетіп, тәрбиелеп өсіреді.
Халқымыздың құт-береке дарыған, ежелден ақындық, батырлық, даналық мекені Жетісу өлкесінің перзенті Ілияс көкірегіне жас күнінен бастап ән мен жырдың, өлең мен күйдің небір асыл нұсқалары ұялаған.
Өз үйінде, әкесінен хат таныған, одан соң молда алдын көрген Ілияс біраз уақыт Карағаш деген жердегі татар үлгісіндегі мектептен оқып, әр түрлі пәндерден сабақ алады. Бұдан кейін тұрмыс жағдайы билеп шаруа күйттеп, тіршілік қарбаласына араласып катеді.
Жастық қиял, арман толқулары, ауыл көріністері, табиғат суреттері оның жүрегін қозғап, тіліне ұйқасты сөздер оралып, өлең шығара бастайды.
1920 ж. Ілияс Алматыға келіп, үш айлық мұғалімдер курсын бітіреді. Артынан Ташкенттегі Қазақ ағарту институтының жанындағы қысқа мерзімді курсте бес-алты ай оқығаннаң кейін, денсаулығының нашарлауына байланысты аулына қайтады.
Дауылды жылдардың тартысты тіршілігі жас мұғалімді өз толқынына тартады. Қазақ ағарту институтында, Жетісу облысының Қосшы комитетінде губерниялық оқу бөлімінде, «Тілші»газеті редакциясында қызмет істеу, экспедицияға шығып фольклор үгілерін жинау кешегі ауыл жігітін ширатып шыңдайды. Жас азаматтың кызметтен өзге уакыты түгелдей кітап, газет-журнал оқуға, өз көкірегіндегі сырларды қағазға түсіруге жұмсалады. Алғашқы өлеңдері «Тілші», «Кедей еркі», «Лениншіл жас» газеттерінде, «Жаңа мектеп», «Әйел теңдігі» журналдарында жарияланады. 1927 жылы «Беташар» атты үгіт өлеңі, 1928 жылы «Сағанак» деген тұңғыш кітабы шығады.
1927-1937 жылдар арасында поэзия, проза, драматургия, сын, аударма салаларында жиырмадан астам кітап шығарып, артына аса бай әдеби мүра қалдырды. Оның лирикалық шығармалары, «Дала», «Күй», «Күйші», «Құлагер» поэмалары, «Жолдастар» романы, «Кек», «Турксиб», «Исатай-Махамбет» пьесалары қазақ әдебиетінің алтын қорына қосылған өлмес туындылар. Он жылдың ішінде осынша шығарма берген қалам қайраты, талант табандылығы ғажап.
1928 жылы журналистика институтын бітіріп, елге оралған Ілияс Жансүгіров «Еңбекші қазақ» газеті редакциясында қызмет істеп, қазақ баспассөзінің қалыптасуына көп үлес қосты. Аршынды қаламгер, үлкен мәдениет қайратқері Ілияс Жансүгіров 1934-1935 жылдарда Қазақстан көркем әдебиет баспасында поэзия бөлімін басқарады, ССРО Жазушыларының I съезінде сөз сөйледі, республиканың әлеуметтік өміріне белсене араласады. Жазашының М.Горькиймен шығармашылық байланысы, Сәкен Сейфуллин, Мұхтар Әуезовпен достығы оның қаламгерлік жолында терең із қалдырған.
Көзі тірісінде қазақ поэзиясының өрен жүйрігі, ақындықтың Құлагері атанған Ілияс Жансүгіров кесепат-кесел репрессияға ұшырап, 1938 жылы опат болды.
Ілияс Жансүгіров — қазақ әдебиетінің барлық жанрларында қалам тартып, елеулі туындылар берген әмбебап дарын. Әсіресе ол өзінің аса қуатты суреткерлік талантын поэзия жанрында көрсетіп, күллі қазақ әдебиетінің мақтанышына айналған туындылар берді.
Ілияс әдебиетке халық фольклоры дәстүрінен, аз оқуымен және біршама кештеу — 20-жылдардың басында келді. Бірақ ол сол кездің өзінде халық өмірін жетік білетін, қазақ тілінің байлығын тамаша меңгерген бозбала еді. Өте қабілеттілігі мен ізденгіштігінің, жігерлілігінің және жаңадан құрылып жатқан қоғамның қоңыртөбел ортадан шыққан талапты жастың оқып, білім алуына жылы қабақ танытуының арқасында, ол біршама қысқа уақыттың ішінде тез жетіліп, аршындап алға озды. Алматы, Ташкент, Мәскеу оқу орындарында жақсы мағынасындағы қомағайлықпен білім алды, өз бетімен де көп оқыды, орыс және әлем классикалық әдебиетін зерттей оқып, үздік туындыларын орыс тілінен қазақшаға аударды. Осы аралықта жазуға да төселіп, қоғамдық жұмыстарға, әдебиет ісіне белсене қатысты. Алғашқы жинағы 1928 жылы 34 жасында жарық көрген Ілияс 5-6 жылдың ішінде қатарынан арындап алға озып, Абайдан кейінгі дәуірдің аса көрнекті ақынына айналды. Прозалық, драматургиялық талантты кесек туындыларын айтпағанда, «Күй», «Күйші», «Құлагер» сияқты классикалық шығармалар тудырды. Ілияс поэзиясы — ойға — қанат, сезімге нәр беретін, ешқашан ескірмейтін, мәңгі жас поэзия.
Өмірбаяны. Қазақтың Абайдан кейінгі замандағы аса дарынды да арынды ақыны Ілияс Жансүгіровті, әдетте, өзі шалқар шабыт, керемет құштарлықпен көсіле жырлаған Ақан серінің Құлагеріне ұқсастырады. Айтты-айтпады, екеуінің дүлдүлдігінде ғана емес, тағдыр-талайында, қайғылы өлімдерінде де ұқсастық бар. Бәйгенің алдын бермейтін қас жүйріктерге ғана тән намыскерлікпен жанын сала зымырап бара жатқан Көктұйғынды омыраулап, кең тыныспен жүйткіп келе жатқан Құла пырақ межелі жер -Жыландысайға еңкейісте, үстіндегі баланың тізгінін босатып, тақымын сәл қымтып қалуы мұң екен, жұлдыздай аға жөнеледі. Сол сәтте қалтарыстан тап берген қарақшы кер құланы маңдайдан айбалтамен періп өтеді де, қайран тұлпар қара жер қақ айырылғандай гүрс етіп құлап қала береді. Кемеліне келіп, ақындық бәйгесінде арындап алға шыққан шағында Ілияс та тоталитарлық жүйенің құрбаны болып, мұрттай ұшты. Әйтсе де әмбебап дарын айналасы 10 жылда проза мен драматургияда, әсіресе поэзияда әдебиетіміздің алтын қорына жататын айтулы туындылар беріп, артына аса мол көркем мұра қалдырды.
Болашақ ақын жерінің бетін жеті өзені өрнектеп, заңғар таулары көкке сұғынған көркем өлкенің әсем бір өңірі -бұрынғы Қапал уезіндегі ағынды Ақсу бойында 1894 жылы дүниеге келген. Анасынан ерте жетім қалған Ілияс әке бауырында тәрбиеленген. Әкесі Жансүгір арабша жақсы сауатты, үйінде көнелі-жаңалы кітаптарды жинап, оқып отыратын, өлең-дастандарды, арғы-бергінің неше алуан қызық әңгімелерін көп білетін кісі болыпты. Оның үстіне домбырашы, ісмер, ұста екен. Баласына да өнерінің бәрін үйретіп, әке орнына — әке, шеше орнына — шеше болып, аялап, әлпештеп өсірген.
Ілияс алғашында әкесінің үйретуімен хат таниды, сонан соң ауыл молдасының алдын көріп, медресе үлгісіндегі мектепте де оқиды. Бұдан кейін біраз жыл ауылда тұрып, үй шаруасымен айналысады. Қара танысымен, кітапқа құмартқан Ілиясқа үлкен кісілер қиссалар оқытып, баталарын береді екен. Халқымыздың құт-береке дарыған, ежелден ақындық, батырлық, далалық мекені Жетісу өлкесінің перзенті Ілияс көкірегіне жас күнінен бастап ән мен жырдың, өлең мен күйдің небір асыл нұсқалары ұялаған. Тұтқыр зерделі, тумысынан өнерге бейім, зерек жас өспірім домбыра тартып, ән үйреніп, алдымен жаттап, соңынан жанынан шығарып, өлең айтатын болады. Келе-келе, бір өңірдің «жарып той бастап, таңдап әріптес алып» айтысатын, «түнгі тойды таңға таратпай, ауыл әлеуметін ауызға қаратқан» өлеңшісіне айналады. Сол шамада өлең де жаза бастайды. Бұл кезді талапкер ақынның елдің тарихын, өткен-кеткеннің қызықты хикаяларын, көне әдебиеті мен салт-дәстүрін біліп, халық тілінің байлығын меңгерген, яғни «ауыл академиясында оқыған жылдары десе де болады. Қазақтың байырғы әдебиетімен, қисса, аңыз түрінде қазақшаланып жеткен Шығыс әдебиетімен ғана таныс Ілияс 22 жасында Абай өлеңдерін оқып, қайран қалады. «Оған дейінгі көрген, оқыған әдебиетімнің бәрін Абай кітабы жоққа шығарғандай болды. Ойым ояна бастады. Қанбай, қайта-қайта оқи беретін болдым. Өзімде бір түрлі сергектік, сілкініс болды, жүрегім де жаңалық сезгендей» деп жазады Ілияс «Қысқаша өмірбаянында». Ол енді данышпан ақын жинағын қолынан тастамай оқиды, жаттап та алады. Мұның бәрі ақындық талпынысына игі әсерін тигізеді, оның өзіне тән суретті тілі, арындата, нөсерлете жазатын стилі айқындала бастайды.
Талабына оқуының аздығы қол байлау болатынын сезінген Ілияс 26 жасында Алматыға келіп, қысқа мерзімді мұғалімдер курсын бітіреді. Одан кейін Ташкентке барып, онда Қазақ ағарту институты жанындағы курста жарты жылдай оқиды. Осы екі қалада шығып тұратын мерзімді басылымдарда өлеңдері жарияланады. Бірақ денсаулығына байланысты көп ұзамай еліне оралып, алдымен мұғалім, одан кейін облыстық, губерниялық мекемелерде, «Тілші» газетінде істейді. Қолы бос кезде бас алмай кітап оқып, өзін тебіренткен жайттарды өлең етіп жазады. Алғашқы өлеңдері «Тілші», «Кедей еркі», «Лениншіл жас» газеттерінде, «Жаңа мектеп», «Әйел теңдігі» журналдарында жарияланады.
І.Жансүгіров 1926-1928 жылдары Мәскеудегі журналистика институтында оқып, қоғамдық ғылымдар саласынан терең білім алады. Ақыл-ойы толысқан, өмір тәжірибесі мол, талантты жігіт, әйгілі ғалымдардың дәрісіне өздігінен оқуы қосылып, тез кемелденеді. Әсіресе, орыс және Еуропа әдебиетінің классикалық туындыларын құмарта әрі талдап оқиды. Институттың соңғы курсында оқып жүргенде — 1928 жылы «Сағанақ» атты тұңғыш жинағы жарық көреді. Елге оралған соң, ол республикадағы аға газет -«Еңбекші Қазақта», 1934-1935 жылдары Казақстан көркем әдебиет баспасында жауапты қызметтер атқарады. 1934 жылы КСРО Жазушыларының I съезіне делегат болып қатысып, сөз сөйлейді. Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы болып істейді. Ақынның М.Горькиймен шығармашылық байланысы, Сәкен Сейфуллин, Мұхтар Әуезовпен достығы оның қаламгерлік жолына игілікті әсер етеді.
Тұнғыш кітабы шыққаннан жазықсыз жазаға ұшырағанға дейінгі 10 жылға жетер-жетпес аралықта Ілияс Жансүгіров қазақ әдебиетін «Жолдастар» атты пьесаларымен байытады, әсіресе, поэзияда көптеген әсерлі өлеңдері мен «Жетісу суреттері», «Гималай» атты керемет көркем жыр-толғауларына қоса, артынан «Дала», «Күй», «Күйші», «Құлагер» сияқты классикалық поэмалар беріп, ақындық шыңына көтерілді.
Көзі тірісінде ақындықтың Құлагері атанған Ілияс Жансүгіров 1938 жылы жазықсыз жазаға ұшырады.
***
Жансүгіров Ілияс (1894 — 1938)
… Шаттық жыр ағыл-тегіл, жаз қаламым,
Шат өмір шалқуыңа аз ба, жаным.
… Ырысты еркін, азат елім қандай,
Кең байтақ, кен дәулетті жерім
қандай…
Қандай шаттыққа, сенімге толы жыр еді! Осындай риясыз қуанышпен жыр-тұлпарының тізгінін тыймай, еркін ұстаған ақын құдырет-күш тәңірісіндей сымбатты, еңселі адам болып елестейді. Оның жүзі жарқын, жаны жазирадай кең, жанары жарқылға толы болса керек-ті.
Ілияс Жансүгіров Талдықорған (қазіргі Алматы) облысының Ақсу ауданында туған. Алғаш Қарағаш ауылындағы мектепте жадитше оқып, өз бетімен оқи, жаза алатын дәрежеге жетті. 1919 жылы Ташкенттегі екі жылдық мұғалімдік курсқа түсті де, оны бітірген соң өз ауылында мұғалім болды. Онан кейін аз уақыт «Тілші» газетінде істеді. 1922 жылы Верныйдағы Қазақ ағарту институтының меңгерушілігіне тағайындалды. Мәскеудегі Коммунистік журналистика институтына оқуға түсіп, оны 1928 жылы бітірді. Мәскеуден оралғанда «Еңбекші қазақ» газетіне қызметке алынды. 1933-1936 жылдары ҚАССР Орталық Атқару Комитетінің мүшесі болды. Қазақстан Жазушылар Одағының председателі қызметін атқарып жүрген есіл ақынға орынсыз жала жабылып, репрессияның жазықсыз құрбаны болды.
Ілиястың шығармашылығы көп қырлы, алуан сырлы. Ол поэзия, проза, драма саласында өнімді еңбектеніп, өзіндік қолтаңбасы айқын көркем шығармалардың маржан шоғырын дүниеге келтірген құнарлы да тегеурінді қаламгер. Оның шығармаларына арқау болған тақырып өрістері де алуан түрлі. Поэзия, проза, драма салаларындағы шығармаларына өзі ғұмыр кешкен ортадағы нақтылы өмір көріністерінен бастап, тарихи тақырыпқа дейін арқау болып отырады.
Ақын ретінде Ілияс шығармаларының шоқтықты шыңы – оның поэмалары. Оның қаламынан туған «Күй», «Дала», «Күйші», «Құлагер»сияқты он беске жуық көлемді поэмалары қазақ поэзиясының інжу-маржаны болып табылады.
Ілияс Жансүгіровтің прозалық шығармасының ішіндегі көлемдісі «Жолдастар» романы. Мұнда қазақ сахарасындағы еңбек адамдарының тұрмыс-тіршілігін, азаттықты көксеген арман-аңсарын, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінің дүмпуін суреткерлікпен ашып көрсетеді.
Ілиястың драма саласындағы «Кек», «Түрксіб», «Исатай-Махамбет» сияқты туындылары да қаламгер дарынына айғақ шығармалар. Ол әдебиет сыны мен аударма саласында да өнімді еңбектенді. А.С.Пушкиннің көптеген өлеңдеріне қоса, «Евгений Онегин» романын қазақ тіліне алғаш рет толық аударды. Сондай-ақ, М.Ю.Лермонтовтың, А.М.Горькийдің, Н.А.Некрасов-тың, В.В.Маяковскийдің көптеген шығармаларын қазақ тіліне аударды.
Ілияс Жансүгіров қазақ сөз өнерінің поэтикасын кемелдендірген, көріктендірген қайталанбас дарын иесі. Оның шығармалары қазақ әдебиетін ұдайы көркемдіктің шырқау шыңына бастай беретін мәңгілік үлгі-өнеге.
Бүгінде Жансүгіровтің еліміздегі аса көрнекті жазушыларының қатарына қосылатынына, қазақ көркем сөз өнерінің асқан шеберлерінің бірі екеніне ешкім де шүбә келтіре алмайды. Ақын жырларын халық қастерлеп, жастайынан жаттап өсуде.
Ілияс Жансүгірұлының ұлтымыз өміріндегі орны орасан, қазақ әдебиетіндегі әлемі айрықша. Ол – қазақ жырының тұлпар Құлагері. Ол – туған әдебиетіміздің бір асқар Алатауы, немесе жыр Жетісуы. Иә, ол қазақ әдебиетіндегі қайталанбас, қала берді әлем әдебиетіндегі сирек, сара құбылыс. Оған бұл орайда жетіспейтін жалғыз-ақ нәрсе – бес құрылық халықтары тіліне аударылмай жатқандығы. Бұл жерде баса айтатын бір ерекшелік — өнердің заңы өмірдің заңынан да өргелек. Бейнебір бақи дүниенің қағидасы пәни дүниенің қағидасынан басым түсіп жататындай… Мәселен, әйгілі әлемдік тартылыс заңын кезінде ұлы ағылшын ғалымы Исаак Ньютон зерттеп, зерделеп таппаса да кейіннен басқа біреу міндетті түрде табар еді. Ал, «Евгений Онегинді» тек А.С.Пушкиннен басқа ешкім қалайша жаза алмаса, «Жетісу суреттерін», «Күйші», «Рүстем қырғынын», «Исатай-Махамбетті», «Құлагерді» нақ солайша Ілияс Жансүгірұлынан басқа ешкім жаза алмайды. Осы ретте біз оқырманымызға қатысты Луи Арагонның мына бір сөздерін алға тартсақ түк артық емес: «Біздің ғасырымыздың маңдайына бірнеше ақындардың нұрлы есімдері мөр болып басылған. Англияда ол – Киплинг, Францияда – Апполинер мен Элюар, Германияда – Рильке, Испанияда – Гариса Лорка. Осынау нұрлы күндердің қайсысы сөнсе де, нақ сол күні әлемді қара түнек басқандай болатын. Бірақ олардың қай-қайсысының да соңына қалдырған мұрасы көлеңке емес, жалын, ақ жалын еді».
«Қазақстанда олар – Мағжан Жұмабайұлы мен Ілияс Жансүгірұлы» дегенді қосқымыз келер еді. Ақын бүгінгі егемен Еліне, ерікті де еркін қандастарына қарап тіл қатады:
Астана Алатаудан саңқылдасам,
Жетпей ме жер жүзіне жаңғырығым!
Ақын Ілияс Жансүгірұлының үні жер жүзіне таралып жатыр..
Ілияс Жансүгіровтың «Күйші» поэмасы
Қазақ поэзиясында бүгінге дейін өнер жайында көп жазған және көркемдіктің шыңына жеткізе жазған І.Жансүгіров пен теңдесер қаламгер жоқ. Сонау 20-жылдардың бас кезінде өмірге келген «Әнші» өлеңінен басталған бұл тақырып тек қазақ әдебиетінде ғана емес, қазіргі әлемдік поэзиядағы айтулы туындылар санатындағы «Күйші» мен «Құлагер» сияқты классикалық поэмаларға ұласты. Акынның осы екі аралықтағы шағын көлемді, бірақ керемет суретті, екпіндеп ескен желдегі көтеріңкі лепті туындылары жоғарыда талданды.
Ілиясты ылғи да ән-күйдің әсерінен туған, өзіне ғана мағлұм күшті сезімдер булықтырып жүретін болса керек. Ол соларды сарқа, ақтарыла бір, құйқылжыта, нөсерлете бір жырлауға біртіндеп жақындай берген тәрізді. Осы жолдағы оның асқан бір айтулы белесі — өзінің қазақ күйлерін жетік білетінін, олардың сыры мен сипатын нәзік сезініп, оларды өздеріне лайық көп бояқты құлпырған тілмен суреттеп бере алатын ерекше талант екенін танытты. Поэманың басты кейіпкерін:
Қобызшы Малқыбай шал Матайдағы
Матайда Кенже, Тұңғат, Сақайдағы
Қазақта қобызшының қалғаны сол,
Жорға еді маймаңдаған бақайшағы, —
деп таныстыруынан-ақ күй құдіретіне елтіп, шарықтаған шабыттың екпіні сезіледі. Осы «жарықшақ үні тозған қаңсыған», «еңкейіп екіндідей күні кеткен» шалыңыз кім десеңіз:
Қобызшы ол «Ақ көбікті» аңыратқан
Боздатып «бозінгенді» күңіренткен.
Малқыбай қобызшыдан ақынның бала кезде тыңдаған «Бозінген» күйінің әсері шер-күйік боп жүрегіне байланып қалғанын сол күй жайындағы поэмада суреттелген аңыздан анық байқаймыз.
Міне, осылайша Ілияс асудан-асу бел асып келіп, 1934 жылы өзінің әйгілі «Күйші» поэмасын жазды. Поэма оқырманды салған жерден тау өзенінің арынды ағысындай үйіріп әкетеді: оқиға Арқадан ауып Жетісуға келген хан Кененің ордасынан басталады. Абылайдың арыстан жүректі немересін ардақ тұтып, сыйлаған халық, Жетісудың ығайы мен сығайы оның құрметіне ту бие сойып, той жасап, ерулік беріп, тарту-таралғы ұсынып, жік-жапар болуда. Поэманың қаһарманы Сарыүйсін руынан шыкқан салт атты, сабау қамшылы бір жігіт сондай той-думанның біріне тап болады. Бар жақыны — жар дегенде жалғыз шешесі ғана. Ел оны күйші деп қана атайды. Ешкім есімін ауызға алмайды, сірә білмейтін болса керек. Бірақ сол аты жоқ Сарыүйсініңіз осында жиналған хан мен қараны тамсандыруда:
Аңқытып ақ орданың бір жағында
Күйші отыр домбыраны дүрілдетіп,
Құмар қып тартқан күйдің ырғағына.
Оның күйін тыңдаған жұрт:
Жып-жым-жырт тыңдағандар тіл кескендей,
Құрыштап құлақтарын үн кескендей.
Сылдырап кейде қамыс, кейде бұлақ,
Қырдағы қоңыр түнде жыр көшкендей.
Оның тартқан алуан түрлі: зарлы, ащы, тәтті күйлері тас бұлақтың суындай лақылдатып, біресе жүректі шымырлатып, біресе көңіл шымшиды.» Асан Қайғы», «Теріс қақпай», «Сарыөзен», «Бозінген», «Қаражорға», «Қорамсақ» күйлері Алатау, Алтай, Арқа, Қыр, Сырды шарлатып, Ұлы Дала аумағында өткен ел тарихын елестетеді. Осыларды автор:
Анқылдап алтын күрек домбырадан
Құйып тұр жазғы жылы жаңбырдай боп, —
деп суретті сөзге көшіреді.
Табиғат тып-тыныш бола қалды.
Қырдағы қоян, құлан құлақ тігіп,
Қамыстан жолбарыс та ыңыранды.
Күн тыңдап кірмей тұрды ұясына,
Бұлт тыңдап, мінбей тұрды тау басына.
Мақұлық жерде, көкте маужырады.
Қараған бір жан болмай шаруасына.
Су ақпай, жатты толқып арнасында,
Қарғалар қалқып қалды жар басында.
Сүйсініп домбыраны тыңдады жұрт,
Тырп етпей тілеулес боп зарласынға.
Осылайша, адам түгіл, жан-жануар, өлі, тірі табиғатты манауратқан Күйшіні ханның қарындасы — » Ақылы дария, алтын басты, әйелдің ақ сұңқары, ханзадасы» Қарашаш — ағасынан басы бүтін сұрап алады. Бишара күйші не күйге ұшырағанын аңғара алмай, ханшаның соңынан сүмірейіп кете барады. Құлағында хан Кененің:
Үйсіннің ерулігі болар бізге,
Бергенім басы бүтін байлап басын, —
деген мұздай сөзі.
Поэмаға өзек болған негізгі идея — қазақ халқының тоқсан тарау, яғни мың сан күйінің терең өмірлік сырын, көп қырлы эстетикалық қасиетін ашып көрсету. Бұл Қарашаш пен Күйші арасындағы терең психологиялық тартыс, адам сезімдерінің алапат шарпысуы арқылы беріледі.
Ә дегенде Қарашашқа тұтқын, құл болдым деп есеңгіреп қалған Күйші біртіндеп есін жиып, үй ішінің көріністеріне көзін салады. Небір асыл дүние-жиһазбен сәндеген ханша отауының гүл-гүл жайнаған ішкі жасауы Күйші сезімін арбап, көңілін сергітеді. Алғашында айдаһардай әсер еткен ханша енді:
Қара қас, қылан қабақ, кер кұба қыз
Қарашаш, алмас сағақ, құралай көз.
Сырықтай ордадағы сымдай бойы,
Талшыбық қыпша белдің өзі нағыз.
Түлкі қыз қызыл алтай, кер марал қыз,
Ақ қоян, бозша, байтал, ақша нар қыз.
Қымыздай балға ашытқан тәтті қыз,-
болып көрінеді. Оңаша тыныш сәнді отауда осылай елестеген сұлу Қарашаш Күйшінің жүрегінде ғашықтық отын жандырып, құштарлық сезімін лаулатады. Осыдан кейін үйреншікті күй тілі кенет жаңа, сұрапыл, ыстық тасқын боп бұрқайды. Оқырман жалынды жаңа саздың туу сәтінің куәгеріне айналады, өнер психологиясын аңдайды.
Күйшінің жан дүниесін баурап алған құштар сезімді бейнелейтін жаңа шығарма тудырған шабыт құшағындағы кезі былай суреттеледі:
Саусақтар ойнап, орғып, қаздаң қағып,
Суырып ішек тілін, мұңын шағып.
Жүйріктің шын күйі келгенінде
Шығаннан шыға шаппай тұрсың нағып.
Асқақтап, кейде күйді көкке өрлетіп,
Алыстап, шырқап, сілтер, әрі кетіп,
Қайырып, қалықтатып, қайта оралтып,
Бірден-бір ақырын-ақырын төмендетіп.
Ызғытып, өлке өрлетіп, баяулатып,
Соқтырып кейде боран дауылдатып,
Көңілдің асқарынан тұманды айдап,
Артынан нөсерлетіп, жауындатып…
Күй ырғағын, әуен-сазын айнытпай бейнелеп, нөсерлеткен, тасқындай үдей жөңкілген сөз түйдектері кім-кімді де тырп еткізбей, баурап алады.
Домбыра бебеулетті, безілдетті,
Кернетіп кең даланы кезіп кетті.
Біресе қашағанды қырда қуып,
Ән шырқап қоңыр түнде, қой күзетті,
дейді тағы да.
Қазақ күйінің табиғатын қазақ болмысының көрінісі, қимыл-әрекеттерімен мұншама дәл бейнелеу үшін солардын бәрін керемет сезімтал жанмен білу және асқан талант қажет екені көрінеді.
Сұлу қызға көңілі кеткен күйші неше алуан сезім толқындарын, күшті психологиялық толқуларды басынан кешіреді. Сондай сәттерде күйші жігіт біресе түлкі алатын құмай тазы, аққуға түскен тұйғын құс тұрпатты періге де айналып, ханшаны Алатаудың үстінен алып ұшып, жеті дариядан аман өтіп, алтын тауға апарып, кұшып та жатады.
Ал қиял қанаты талып, өзінің шын болмыстағы отырған жеріне оралғанда: ханша — Қарашашты, қарашы Сарыүйсін — өзін көреді. Арадағы тұңғиық — әлеуметтік теңсіздікті көреді.
Күй құдіреті Қарашашты да балқытып, құштарлық жалынына шарпытып, бір сәт басқа дүниенің бәрін ұмыттырып жібереді.
Бұл сорлы Дулат па екен, Үйсін бе екен?
Күйшім боп өміріне жүрсін бе екен?
Сүйкімді жігіттің бұл бұлбұлы ғой?
Қарашаш осыған-ақ тисін бе екен?
Бұл сорлы күйді неге үйренді екен?
Күй ата бұған дарып жүрген бе екен.
Қарашаш мұны қалап алдым десе,
Хан Кене намыстанбай, ти дер ме екен?
дейді бұл сәтте. Бірақ ол да өзі отырған үйдегі шын өмірге оралады.
Жоқ, болмас, ауырдым ба, жындандым ба,
Қараға хан затымды былғармын ба.
Бұл менің басыбайлы бір малайым
Тиюге енді маған құл қалды ма?!
Екеуі де ғашықтық құштар сезімнің құшағында өздерін- өздері арпалысқа түсірген психологиялық тартыс желісін Сапақ оқиғасы үзіп жібереді. Күйші мұның қайсысы — өң, қайсысы — түс екенін ажыратудан қалған. Қарашаштың төсегіне барған мен шығармын, біткен жерім осы болар деп, өлі мен тірінің арасында тұрғанда, Қарашаштың домбырашыға тап берген қызметшісіне: «Қолыңды қоқаңдатпа’ күйшіме!» — деген әмірін құлағы шалып, жан шақырады.
Қарадан шыққан жігіт Сапақ бізді басынды деп, болған-болмағаны белгісіз болымсыз бірдеңе үшін күллі елді қынадай қырып тастағалы отырған ханшаға Кене «қой» демейді, бөлтірікке бөрі ырық береді, арыстан тісі ақсиып , сырттан барлап отырады. Ақыры амалы құрыған, қалың жұртты босқа қырғызғанша, жалғыз құрбандықпен құтылмақ болған үйсін пәлекеттен дулат Сапақты Қарашаштың алдын алып келеді. Қарашаш ақырғы сәтте демін ішіне алып, күйзеліп тұрған ел мен өлі-тірінің аралық халіндегі Сапақтың әкесі Әлімкұлга қарап: «Қайтейін қылышымды қандап соған. Көбіңе қидым», — деп Сапақты жөніне жібереді.
Осы оқиғаның бәрін бастан аяқ көзімен көріп, Қарашаштың каһарына мініп, қан төкпек болғандағы айдаһар сықылды ұсқыны күйшінің жан дүниесінде орасан өзгеріс жасайды: кұмарлық сезімін де, одан от алған жүрек тербетер » жалын күйін де сөндіріп тастайды.
Поэмада әділетсіздікті, зорлықты тізе бүктіретін ұлы күш, бостандыққа, азаттыққа жеткізетін құдірет — өнер деген идеяны ақын тамаша суреттер, поэтикалық көркем образдар арқылы терең толғап жеткізген, сонымен қатар онда ондаған күйлердің әлеуметтік мәні, тарихи негіздері, эстетикалық нысанасы ашылып, олардағы образдар, суреттер айқындалған. Соның бәрін ақынның қалай біле бергені таңдандырады. Және әрбір күйдің өзіндік сипаттарын ашық, бейнелеген кездегі басқа ешкім айтпаған, тек Ілияс қана қолданған, тапқан теңеу, образдар қаншама. «Қоғадай салбырасып, хан, қарасы, намазға ұйығандай отыр тыңдап», «домбыра айналаға, дүбір салды, адақтап жалғыз шапқан жүйрік аттай», «батыр да, хан да, қыз да, қазаншы да – бәрі бір домбыраға мінгескендей», «жыланнан сырға салған жолбарыс қыз», «қалтырап, қырау тұрып жүрегіне», «ыңыранып белі кеткен жолбарыстай», «толғантып тоқсан түрлі қыз көңілің, жүректің жазы шығып, жаңбыр төкті», «Таратып тоқсан күйді жібердің деп» бір жақтан керең бір ой күңкіл қақты», т.б. Ылғи осылай. Бұл теңдесі жоқ ғажайып поэмада: күй — өлеңге, өлең — күйге айналады. Ілиястың өзі ақын — сазгер мен сазгер-ақын болып кетеді. Күй мен өлең бір тілде сөйлейді. «Күйші» поэмасы — романтикалық сарында шалқыған шабытпен, поэзиялық құдіретті қуатпен жазылған, қазақ әдебиетінде теңдесі жоқ үздік туынды.