Еуразия материгінің климаты туралы қазақша реферат
Еуразия климаты алуан түрлі. Мұнда солтүстік жарты шарға тән климаттың барлық белгілері байқалады. Еуразия материгі солтүстік жарты шардың барлық климаттық белдеулерін кесіп өтеді тіпті оңтүстік – шығысындағы аралдар оңтүстік жарты шардың субэкваторлық белдеуін алып жатыр. Материкте климаттық жағдайлар солтүстіктен оңтүстікке қарай ғана емес, батыстан шығысқа қарай да өзгереді. Бұл климат қалыптастырушы факторлар әсерімен түсіндіріледі.
Материктің географиялық орнына, әр түрлі ендіктерде орналасуына байланысты күн сәулесі поляр шеңберінен солтүстікке қарай орналасқан бөлігіне аз түссе, оңтүстікке қарай оның мөлшері артады. Сондықтан материктің солтүстік жарты шардың суықтық полюсі орнайды, ал оңтүстігінде қыс мүлде болмайды. Жазда Еуразияның қиыр солтүстіктен басқа бөліктерінде жер беті қатты қызып, ауа температурасы едәуір жоғары болады. Еуразияның жылдық радиация осылай өзгереді: арктикалық аралдарда 60 ккал, Еуразияның батыс бөлігінде 70 – 140 ккал, оңтүстікте – оңтүстік – оңтүстік шығыс Азияда 120 -180 ккал, ал Аравияда дүниежүзіндегі максималды көрсеткішке дейін жететін 200 – 220 ккал. Жылдық радиациялық баланс Еуразияның шеңберінде 10 – 80 ккал дейін өзгереді.
Жер шарындағы жауын — шашынның ең көп түсетін жері Еуразиядағы Гималайдың оңтүстік – шығыс беткейі болғанымен, жалпы алғанда, материктің көпшілік бөлігінде әсіресе ішкі аудандары мен оңтүстік – батысында, климат өте құрғақ. Бұл құрлық аумағының өте үлкен болуына, мұхиттар мен ондағы беткі ағыстардың ықпалына, ауа массаларының қасиеттеріне, жер бедерінің сипатына байланысты.
Материктің батысы мен солтүстігінде жазық өңерлердің басым болуы Атлант мұхитынан келетін жылы, ылғалды теңіздік ауа массалары мен Солтүстік Мұзды мұхит үстінен келетін суық желдердің оңтүстікке қарай еш кедергісіз қозғалуына мүмкіндік береді. Материктің шығысы мен оңтүстігінде биік таулы белдеулердің орналасуы Тыңық және Үнді мұхиттарынан келетін муссондардың құрлық ішіне тереңдеп енуіне кедергі жасап, таулардың жел жақ беткейлеріне ылғалдың мөлшерден артық түспеуіне себепші болады.
Еуразия материгінде едәуір үлкен аумақты алып жатқан биік таулы аудандарда климаттық жағдайлар биіктік белдеу бойынша өзгереді. Биіктік климаттық белдеулер Альпі, Кавказ, Тянь – Шань, Гималай тауларында айқын байқалады. Тибет пен Памирге жылдың басым бөлігі аязды, ал жазы құрғақ болатын биік таулық климат тән.