Еуразия материгінің жер бедері

Еуразия материгінің жер бедері туралы қазақша реферат

         Еуразияның жер бедері алуан түрлі. Материктің теңіз деңгейінен орташа биіктігі 840 м, оның ауданының жартысынан астамын таулар құрайды. Еуразияда  дүние  жүзіндегі аса биік  тау жүйелері  орналасқан. Мұндағы 14 шыңның абсолюттік биіктігі  8000 м – ден  жоғары. Олардың 11 – і Гималай тауларында орналасқан, ең биігі – Джомолунгма (Эверест) – 8848 м. Таулардың  аралығын  кең байтақ жазықтар алып жатыр. Еуразияның жер бедірінің тағы бір ерекшелігі, биіктік ауытқуларының зор болуы теңіз  деңгейінен ең төмен жатқан Өлі теңіз  (-403) бен  Джомолунгманың биіктігі  арасындағы айырмашылық 9251 м – ге  жетеді. Еуразия жер бедерінің аталған  ерекшеліктері материктің  даму тарихы мен оны құрайтын  жер қыртысындағы өзгерістермен  байланысты.

Материктің  негізін құрайтын Еуразия литосфералық тақтасы әр  түрлі  геологиялық жастағы   құрлымдардың жымдасуынан  түзілген.  Олардың ең ежелгілері: Шығыс Еуропа,  Сібір,  Қытай, Корей және Оңтүстік Қытай платформалары. Олардың  аралығындағы қозғалмалы бөліктерде болған  кейінгі  тау  жасалу әсерінен платформалар  әр түрлі  өзгерістерге ұшырап, бір – бірімен жалғасады. Соның нәтижесінде  материктің көлемі ұлғайды. Кейінрек оған ежелгі Гондавана  материгінің сынықтары (Арабия мен Үндістан платформалары) соқтығысты. Еуразия  литосфералық тақтасының соқтығысуы жүрген оңтүстік бөлігінде өте күшті  тау жасалу жүрді. Соның нәтижесінде  аса биік, құрылымы  күрделі  Кавказ, армян және Иран таулы қыртаттары, Памир, Тибет таулы қыраты, Гималай таулары қалыптасты. Материктің шығысында Тыңық мұхиттық тақта  Еуразия  тақтасының астына  сыналап енетін бөлікте  аралдар  доғалары  мен мұхиттық терең  шұңғымалар түзілді. Бұл аймақтағы жер қыртысы осы уақытқа дейін өте қозғалмалы болып келеді.