Есімдікердің синтаксистік қызметі туралы қазақша реферат
Есімдіктердің синтаксистік қызметі де олардың тым жалпы түрде берілетін мағыналарының негізінде субстантивтік және атрибутивтік болып келуіне байланысты. Қайбір есімдік сөздер болмасын осы негізгі екі саланың қай бөліміне жататынына қарай, олардың синтакистік қызметі де соған лайықты болып келеді. Мысалы: субстантивтік есімдіктер сөйлемнің барлық мүшесі бола алатын болса, атрибутивтік есімдіктер анықтауыштық қызметке бейім тұрады.
Сөйлемнің өзге мүшелерінің қызметін тек субстантивтенген жағдайда ғана атқара алады.
Есімдік сөздердің жалпы синтаксистік бір ерекшелігі, есімдіктердің өзіне бағыныңқы сөздері болмайды. Яғни есімдіктер сөйлемде қолданылғанда, ешқашан өзіне тән анықтауыш немесе пысықтауыш мүшелерді қажет етпейді.
Сонымен, қорыта айтқанда, есімдіктер–мағыналары тым жалпы, контексте қолдану мақсатына қарай әр түрлі нақтылы мағыналарға ие болатын, субъективті-объективтік нұсқаушы сөздер. Олар – іштей субстантивтік және атрибутивтік болып күрделі екі жікке бөлінетін, соған байланысты бәріне ортақ түрлену формасы жоқ және синтаксистік қызметі де әр алуан болып келетін сөздер.
Дегенмен, сөйлемде есімдіктердің жалпы жұмсалу қызметіне орай бір топ есімдіктер заттық ұғым сөздер орнына жұмсалуына қарай субстантивтік, екінші тобы заттық белгісі орнына қолданылатындықтан аттрибутивтік есімдіктер ретінде екі топқа жіктеп қарауға болады. Мысалы, сен, ол кім?, ол не? есімдіктері заттық ұғымда жұмсалатындықтан субстантивтік, ал бұл, сол, қай? аттрибутивтік есімдіктер тобына жатады.
Міне, осы қасиеттеріне байланысты есімдіктердің грамматикалық түрлену ерекшелігі келіп шығады. Яғни, субстантивтік есімдіктер зат есімдерше түрлене алса (көптеледі, жіктеледі, септеледі, тәуелденеді), ал сын есім орнына жұмсалып тұрған аттрибутивтік есімдіктер грамматикалық жағынан түрленбейді. Сондықтан есімдіктер тұтас сөз табы ретінде ортақ грамматиканың түрленбейтіні осы себепті болса керек. Ал қайсыбір есімдіктердің грамматикалық формаларды қабылдап, түрлену, түрленбеуі жоғарыда айтылғандай олардың субстантивтенуіне, аттрибутивтік қызмет атқаруында болып табылады.