Елдегі тарихи жағдайлар мен саяси-әлеуметтік ахуал туралы қазақша реферат
ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетінің үрдісін сол тұстағы қазақ қауымының саяси-әлеуметтік ахуалынан бөліп қарау мүмкін емес. Әдеби шығармалардың көркемдік-идеялық табиғатын, жанрлық түрлену ерекшеліктеріне дейінгі ішкі құбылыстарын тек қоғамдағы қарым-қатынастар мен сол мазасыз дәуірдегі дүниетаным аясында ғана парықтауға болады. Ал бұл кезең қазақ қауымы үшін аса күрделі тарихи белес еді.
Нақ осы белесте алашшылардың көкейтесті мүддесі бой көрсетіп, біртіндеп қозғалыс қатарын түзеп, Алашорда қайраткерлері ықпалды әлеуетті күшке айнала бастады. Большевиктер партиясының да қазақ жеріне тамыр жайып, белсенді күшке ие болуы қарама-қайшылықты үдете түсті. Сөйтіп екі ғасырға жуық мерзімді қамтыған Қазақстанның Ресейге қосылуының ұзақ процесі аяқталып, Ресейге қанат жайған империализмнің темір құрсауы дала өміріне шеңгелін еркін салды. Капиталистік қарым-қатынас, сауда-саттық, өндірістік баю мүддесі, соған сүйенген қатыгез отарлаушылық саясатының күллі зардаптары шарықтау шегіне жетті. Шортанбай, Дулат болжап жырлайтын зар заман елесі шын көрініске айналды. «Ақша» деген мал шықты. «Қазақ жері дархан бай өлке екені танылып, жыртқыштық түрде пайдалану, талан-таражға салу, тегін пайда, оңай олжа табу аймағына айнала бастады. Кен байлықтары бар жерлерде тұрпайы концессиялар ашылды, пайдакүнемдер ағылып келіп жатты, щұрайлы жерлер тартылып алынды, жергілікті бай-феодалдар мен патша үкіметінің әкімдері елді бұртатпай басқару, тонау, езгілеу, ұлттық ой-сана мен мәдениеттің дамуына мүмкіндік бермеу істерін жүргізу жүйесін нығайта түсті».
Осындай түбегейлі өзгеріс тұсында қазақтың ұлттық әдебиеті де түлей түскедей еді. Солай десек те, ендігі жерде ұлттық әдебиеттің «болғандығы» айқын сезіліп, цензура, қадағалаудың құрсауы қатты бүре түсті. Жаңа-жаңа ашылып, бой түзей бастаған қазақ баспасөзі мен баспа орындары, кітаптары ашық құспаққа ұрынды. Соған қарамастан, ұлттық әдебиеттің идеялық-көркемдік бағыттары, ақындық мектептер мен ағымдар бұрынғыдан да айқындалып жаңа тақырыптарға барды. Жер, ел теңдігі, тәуелсіздік, оқу-ағарту, қалың халықты ояту – бұл аралықтағы әдебиеттің өзекті тақырыбына, өзекжарды сөзіне айналды. ХІХ ғасырдағы күрделі рухани толысу үрдісі әдебиет пен өнердегі ағартушылық, демократтық бағытқа алып келді, одан әрі өрісін кеңейтуге бастаса, енді, ХХ ғасырдың басында, Еуразия кеңістігінде туындап отырған пәрменді саяси-төңкерісшіл дүппулер мүлде жаңа, кей жағдайларда күтпеген тосын мәселелер мен ой-толғамдарды алға тартты. Қоғамдық-саяси партиялар өз алдына дербес буын қатайып үлгермеген, заман үлгісіндегі ел қайраткерлері аз қазақ қоғамында әдебиеттің, әлеуетті әлуметтік көркем сөздің, ақын-жазушылардың қызметі елді ұйытып, бұрын-соңды болмаған бастаушылық мәнге ие болды.
Бірінші орыс төңкерісінің халық ішіне жеткен дүмпулерінен кейінгі тұста қазақ даласына көптеген газеттер, журналдар мен кітаптар әр түрлі таралыммен түрлі деңгейде жарық көріп таралды. 1907-1917 жылдар аралығындағы он шақты жылда «Қазақ газеті», «Қазақ», «Айқап», «Алаш», «Бірлік туы», «Сарыарқа», «Үш жүз», т.б түрлі басылымдар жарыққа шықты. 1918-1919 жылдары Жүсіпбек Аймауытов пен Мұхтар Әуезов негізін қалаған «Абай» журналы аз уақытта ұлттық әдебиет пен мәдениетті жаңа белеске көтере алды. Бірі жарық көріп, енді бірі тоқтап қалып, үздік-создық сипатта жарияланған бұл мерзімді басылымдарда әдебиет, әлеуметтік мәселелерді негізгі өзекті ұлттық тақырыптардың қатарында көрінді. Түрлі көзқарастар айтылды. Орынбор, Семей, Қазан қалаларындағы баспалардан кітаптардың жарық көруі жиіледі. Бірақ, бетбұрысты серпінмен жариялағандай көрінген басылымдардың көбінің тағдыры ауыр болы. Олар көп табан тіреп тұра алмай, бірінен соң бірі жамылып, бірінен соң бірі тоқтап қалып жатты. Бұл орайда қауым арасында біршама кең қанат жайып, ықпал еткен, қазақ қоғамының шындығын айқара ашқан ұлттық мүддесі жоғары баспасөз орындары «Қазақ» газеті мен «Айқап» журналының тарихи орны аса зор. Ахмет Байтұрсынов пен Мұхамеджан Сералиннің басшылығы мен шыға бастаған газет пен журнал қазақ әдебиетінің, қазақ елінің келелі зәру мәселелерін ұғынықты түрде тарихи ахуал аясында талдап жазып отырды. Тығырықты тұстағы қазақ халқының ары қарай даму, ілгері басу жолдарын көрсетіп беруге тырысты. Екі басылымның арасындағы туындаған пікір қайшылықтары мен айтыс-тартыстар да түптеп келгенде, сол кездегі әлеуметтік-саяси жағдайдың ерекшелігінен туындаған еді. Бұл басылымдар біршама ұзақтау мерзімде тұрақты жарық көріп, ел ішінде зор беделге, ерекше ықпалға ие болса, «Қазақстан» секілді газет небәрі екі жылдай ғана шығып тұрды. Жарық көрген баспасөз материалдарының, көркем публицистика мен әдебиеттің ара жігі тұтасып кеткендей еді. Сөз өнері толайым қазақ ахуалын ,қазақ халін жырлап, сипаттауға, алдағы бұлдыр күндерден жол іздеуге бағытталғандай әсер етті. Әдебиетте қатар түзеген ұлым дәстүрлі суреткерлер тобы көркем әдебиет пен публицистиканы, ұлттық саяси-қоғамдық көзқарасты жарыстыра дамытты.
1904 жылы ұлы Абай Құнанбайұлы дүние салды.
Ақынның шығармаларын хатқа түсіру қолға алынды. Абайдың әдеби хатшысы Мүрсейіт (Нұрсейіт) Бікеұлы 1905 жылы ақын өлеңдері мен қарасөздерін араб әліпбиімен көшіріп шықты. Бес жылдың ішінде ұлы ақын шығармаларының үш қол жазбасы (1905, 1907, 1910) түзілді. 1909жылы бұл шығармалар Санкт-Петербургте «Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбай ұлының өлеңі» деген атпен жеке кітап болып басылды. Жинаққа кірген Кәкітай Ысқақұлы Құнанбаевтың « Абай (Ибраһим) Құнанбайұлының өмірі» атты мақаласы күні бүгінге дейін құнды еңбектердің қатарына бағаланады. Кітапты бастырып шығаруға Кәкітайдың құрдасы, сырлас досы Әлихан Бөкейханов Бастамашы, жебеуші болғаны мәлім. Абай мұралары Орынборда (1916), Қазан мен Ташкентте (1922) жинақ түрінде жарық көрді. Ташкентте жарық көрген басылымды шығарушылар Абайдың бұл кітабы Қазан басылымынан кейінгі үшінші басылымы екендігін, ақын өлеңдері оқушыларға, біілм беру саласына өте қажетті болғандықтан, Білім беру комиссиясы жеделдетіп жариялатып отырғандығын көрсетіп жазды. Кітапты әзірлетуді мойынына алған Нәзір Төреқұловтың «әр түрлі әлеуметтік» істермен қолы тимегендігін айтпады. Абайдың бұл кітабын «дұрыстаушылар: Халил Дос – Мұхаммедов пен Уәли – Хан Омаров». 1916 жылы Орынборда жарық көрген «Абай термесі» жинағын қатарға қоссақ, бұл, әрине, ақын шығармаларының төртінші басылымы. Айналасы он үш жылдың ішінде, төрт қайыра жарыққа шығару сол кездегі жағдайды ескергенде ерекше ықыласты танытады. Бұл, әрине, қазақ елінің рухани өміріндегі ұлы құбылыс еді. Бұған дейін де, сол тұста да қазақ кітаптары әр түрлі дәрежеде жарияланып тұрса да, Бір ақынның шығармашылық өмірі мен қызметіне ерекше ықылас танытып, осындай жүйелілікпен жариялап, насихаттау ұлттық әдебиет тынысындағы ілгерішілдік жаңалық болатын.