Бұйрықты немесе өкімді орындау туралы қазақша реферат
Қылмыстық кодекстің 37-бабында «өзі үшін міндетті бұйрықты немесе өкімді орындау жөнінде іс-әрекет жасаған адамның осы Кодекспен қорғалатын мүдделерге зиян келтіруі қылмыс болып табылмайды. Мүндай зиян келтіргені үшін заңсыз бұйрық немесе өкім берген адам қылмыстық жауапқа тартылады» делінген.
Құқылық табиғатына сәйкес міндетті бұйрықты орындау қылмысты әрекетке жатпайды. Өйткені мұндай әрекет бастық пен бағыныштының қызметтік қатынастарына, тәртіп талаптарына негізделген. Мұндай бапты Қылмыстық кодексіне енгізу басшылардың, олардың бұрықтары мен өкімдерінің беделін арттырады, сонымен бірге мұндай бұйрықтар мен өкімдерді орындаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Ендігі жерде мұндай орындаушылардың тиісінше берілген міндетті бұйрықты орындаудан орын алған зиянды зардаптар үшін жауапқа тартылудан қаймығатын түгі жоқ. Қылмыстық заң қорғайтын мүдделерге зиян келтірудің негізі болып міндетті бұйрықты және өкімді орындау әрекеті болып саналады. Бұйрық дегеніміз — өкімді органның ресми түрде берген жарлығы. Бұйрық оны істеуге өкілеттігі бар адамы арқылы ауызша немесе жазбаша түрде жүзеге асырылады. Мұндай бұйрықтар мазмұны жөнінен заңсыз, қылмыстық заң қорғайтын мүддеге зиян келтіретін болуы керек. Осындай міндетті бұйрықты орындаушылардың іс — әрекеттің заңға сыйымдылығы мынадай белгілерімен анықталады: міндетті бұйрықты орындаушы бұйрық берген лауазымды адамға бағынышты болуы; міндетті бұйрық соны беруге құқылы лауазым арқылы, тиісті нысанда шығарылса, ал орындаушы қызметі жөнінен мұндай міндетті бұйрықты орындауға әбден міндетті болса; міндетті бұрықты орындау қылмыстық заң қорғайтын әр түрлі мүддеге зиян келтірсе (табиғи ортаға, мысалы, тазаланбаған лас суды бастықтың бұйрығы бойынша өзенге жіберу, ластау, мемлекет мүлкін бей-берекет жұмсау, жарамсыз жабдықпен жұмыс істеп, еңбекті қорғау ережесін бұзу, ұшақты егіс даласына қондырып, егісті бүлдіру т.б. әрекеттер). Мұндай міндетті бұйрықты, өкімді орындаушылар, шын мәнінде, қылмыстық заңда көрсетілген іс-әрекетті жасайды. Бірақ та Қодекстің 37- бабы 1-бөлімінің талабына сәйкес ол іс-әрекет орындаушылар үшін қылмыс болып табылмайды. Мұндай зиян келтіргені үшін заңсыз бұйрықты немесе өкімді орындаған адамдар емес, керісінше заңсыз бұйрық, өкімді берген адам қылмыстық жауапқа тартылады.
Қылмыстық кодекстің 37-бабының 2-бөлігінде:
«Көрінеу заңсыз бұйрықты немесе өкімді орындау үшін қасақана қылмыс жасаған адам жалпы негіздерде қылмыстық жауапқа тартылады. Көрінеу заңсыз бұйрықты немесе өкімді орындамау қылмыстық жауаптылыққа ұшыратпайды» делінген. Осы заңның талабына сәйкес мұндай ретте орындаушы бұйрықты немесе өкімнің айқын, көрінеу заңсыз екенін біледі, сезеді, соған қарамастан соны орындамауға мүмкіндігі болса да оны орындап қылмыс істеген адам ретінде жауапқа тартылады