Күштеп немесе психикалық мәжбүрлеу

Күштеп немесе психикалық мәжбүрлеу туралы қазақша реферат

      Жаңа Қылмыстық кодекстің 36-бабының 1-бөлігіне сәйкес егер күштеп мәжбүрлеудің салдарынан адам өзінің іс-әрекетіне ие бола алмаса, күштеп мәжбүрлеудің нәтижесінде осы Кодекспен қорғалатын мүдделерге зиян келтіру қылмыс болып табылмайды делінген. Бұрынғы қолданылған қылмыстық заңдарда мұндай ұғым болған емес. Ұзақ жылдардағы сот-тергеу тәжірибесі көрсеткендей, күштеп мәжбүрлеудің салдарынан  адам қоғамға қауіпті іс-әрекет жасап, азаматтар мен ұйымдардың заңды мүддесіне зиян келтіреді. Жаңа Қылмыстық кодекстегі арнаулы норма күштеп мәжбүрлеудің салдарынан болған әрекеттің заңдылық салдарына баға берген. Осы нормаға сәйкес мұндай жағдайда істеген іс-әрекет қылмыс болып табылмайды деп көрсетілген. Мысалы, далада келе жатқан жүргізушіні қарақшы тоқтатып, көліктен алдап сыртқа шығарып, ұрып-соғып, қорқытып ұрланған бір жылқының етін қыстаққа апаруға бұйырған. Міне, осында келтірілген мысалдағы жүргізушінің әрекеті қылмыс болып табылмайды, өйткені ол іс-әрекетті күштеп мәжбүрлеу салдарынан өз ерігінен тыс,  іс-әрекетін басқара алмайтын жағдайда істеп отыр.

Күштеу — бұл белгілі бір әрекетті істеуге мәжбүрлеу. Мұндай ретте жәбірленушіге күш қолданылып, онын жанын қинайтын, сөйтіп оның еркінен айыратын әрекеттер орын алады. Күштеу тойтарылатын немесе тойтарылмайтын болып екіге бөлінеді. Қылмыстық кодекстің 36-бабының 1-бөлігінде көрсетілген күшпен мәжбүрлеу тойтарылмайтын жағдайда ғана алады. Тойтарылатын күштеуде жәбірленушінің белгілі бір әрекетті істеу мүмкіндігі сақталады. Сондықтан тойтарылатын күшпен мәжбүрлеуге жол бергенде, адамға 36-баптың 1-бөлігі қолданылмайды.

36-баптың 2-бөлігінде мәжбүрлеудің екі түрі – психикалық мәжбүрлеудің, сондай-ақ күштеп мәжбүрлеудің нәтижесінде осы Кодекспен қорғалатын мүдделерге зиян келтіргені үшін соның салдарынан адам өзінің іс-әрекетіне басшылық жасау мүмкіндігін сақтаған жағдайда қылмыстық жауатылық туралы мәселе айтылған. Мұнда сөз тойтарылатын психикалық және күштеп мәжбүрлеулер туралы болып отыр. Мұндай реттерде адамның белгілі бір ерікті тындай алу мүмкіндігі бар, яғни қылмысты істеуге немесе істемеуге. Мәжбүрлеудің осы екі түрі бойынша  адам қылмыстық заңмен қорғалатын мүдделерге зиян келтірген жағдайда ғана қылмыс болып табылады, ал зиян аз болса, ондай іс-әрекетке Қылмыстық кодекстің 34-бабында көрсетілген аса қажеттілік ережесі қолданылып, әрекеттің қоғамға кауіптілігі жойылады