Балаға байланысты қолданылатын салт-дәстүрлердің тұрақты тіркестермен берілуі

Нәрестенің шыр етіп дүниеге келгенінен бастап өмір әні мен халық жырын құлағына сіңіріп өсетіні анық. Ата-ананың сәбиді жүрегі елжірей сүюі, әлпештеп, аялап, бағып-қағуы барлығы да жыр тілімен сыртқа шығып отырады. Халықтың тұрмыс тәжірибесінде сәбидің әрбір өмірлік қадамы назардан тыс қалмай дәстүрлі түрде әрқилы ырымдармен аталып өтіп отырады және де олардың барлығы өнер тілімен өрнектеліп, бізге жетіп келеді.

Бала алғаш дүниеге келген кезде оған шілдехана өткізеді. Мұнда «балаңыздың бауы берік болсын» дегендей құтты болсын айтылады, жастар жиналып ән салып, домбыра тартып, өлең, жыр айтады. Шілдеханаға шақырумен де, шақырусыз да бара береді. Шілдехана өмірге адам келгеннің және оған қуанудың бір белгісі. Кей жерлерде мұны шілделік деп те атайды.  Енді мұның дәлелі ретінде көркем шығармадан алынған мысалдарға жүгінейік.

— Аманжол қайда кеткен? – деп сұрады.

— Аманжол Атекем ауылына, шілделікке кеткен.

— Шілделік кімдікі екен?

— Байқадамның келіні ұл тауыпты, соған… [3, 7].

Серғазынікі анау түтіні шығып жатқан үй, онда бүгін шілдехана бар, кеше Серғазы үйіндегі жеңешем ұл тапқан, жаңа шілделікке Атекем ауылына екі шана қыз келді [3, 21].

Ас ішіп болғанша, жан-жақтан шілделікке келген бозбалалар екі үйді лық толтырды [3, 22].

Екінші күні кеш, шілделікке жиналған қыз-бозбалалар кешегіден гөрі азырақ болды [3, 24].

Сөйтіп шілдехана тойға ұласыпты. Той соңында Имаш атам алақан жайып, ел қарияларынан бата сұраған екен [4, 8].

Біздің үй тайлы-тұяғымен көтерілді де, Жантөре мен Айша әпкеме еріп, Аққұлдың ауылына бет алды. Ауылдың ошағынан будақтаған түтін молайыпты. Шамасы шілдехана тойын бүгіннен бастамақ сияқты [4, 176].

Осы келтірілген мысалдардан-ақ щілдехананың қаншалықты той екенін, баланың өмірге келуі қаншалықты маңызды екенін көре аламыз.

Бесік кертпе – отқа табыну ғұрпының көрінісі. Баланы алғаш бесікке саларда қарт аналардың бірі шымшуырды отқа қыздырып, сонымен бесіктің басын, арқалығын қырып кертеді. Бұл отпен оның иесінен жын-шайтан қашады деген сенімнен туған рәсім. Қазақстанның кей жерлерінде ертеде “бесік кертпе құда” болып, қыз бен ұлды бесіктегі кезінен атастыру салты да болған. Мұндайда ұлдың ата-анасы қыздың бесігін кертіп, теңге тағып, жол-жоралғы жасаған. Мысалы:

Біздің аймақта алғашқы қара танып, хат жазуға қолы жеткен қыз – сол әпкемнің жалғыз өзі. Әпкемді байтана руынан Рысқұлбек Омаров дегенге бесіккерті етіп атастырған екен [4, 45]. Осындағы «бесіккерті» деп отырғаны жоғарыда аталған «бесік кертпе құда» болып табылады.

Бесік тойы — нәрестені алғаш бесікке бөлеуге байланысты жасалатын ғұрыптық салтанат. Баланың кіндігі түсіп, кіндік жарасы жазылысымен бесікке салады. Бесік той, негізінен, тұңғыш балаға жасалынады. Одан кейінгі балаларға “бесікке салу” кәдесін ғана атқарады. Бесіктің жасауын баланың нағашылары дайындайды және олар ана мен балаға киім-кешек әкеледі. Осы әкелінген дүние мен бесікті көрсету мақсатында ауылдың ұрпақ өсірген қадірменді әжелері, әйелдер шақырылады.

Бесік – қасиетті, киелі, құтты мүлік, сәбидің алтын ұясы болып есептеледі. Жаңа туған баланы бесікке салу да халқымыз үшін елеулі дәстүрдің бірі. Бесікке салу жолы үлкен, елдегі тәрбиелі, өнегелі әжелерге, әйелдерге тапсырылады. Ол бесікті отпен аластап, тыштырма жасап алып, баланы бесікке бөлейді. Бесік үстіне жеті түрлі қадірлі таза заттар қойылады. Бесікке салған адамға бесікке салар, яғни кәделі сый беріледі. Осындай қуаныш үстінде «Бесік жыры» айтылады:

Айыр қалпақ киісіп,

Ақырып жауға тиісіп,

Батыр болар ма екенсің?

Бармақтарың майысып,

Түрлі ою ойысып,

Шебер болар ма екенсің?

Таңдайларың тақылдап,

Сөзіңді жұрт мақұлдап,

Шешен болар ма екенсің?

Бесіктің сәби денсаулығына, тазалығына пайдасы зор. Бесіктегі сәбидің бойы, қол-аяғы түзу, ширақ болады. Сондай-ақ, бесік баланы кездейсоқ құлаған заттан, суық пен ыстықтан да қорғайды. Пәле-жаладан сақтасын деп ырымдап, оған тұмар, бүркіт тұяғы, жыланның бас сүйегі, кірпі сияқты заттар тағып қояды [6, 64-65].

Баланы бесікке бөлерден бұрын тыштырма ырымы жасалады. Бесіктің түбек тесігі арқылы бауырсақ, кәмпит және басқа тәтті дәмдер жапа тарамағай астына тосылған алақандарға тасталады. Басқарушы әйел, «тышты ма» дегенде, қасындағы әйелдер іле – шала «тыштым» деп шу ете түседі. Әрбір жақсылықты үнемі шашу шашумен қарсы алатын халқымыздың бұл дәстүрі балаға бесік құт дарытсын деген ниетпен туған рәсім. Сонымен қатар, баланың ұйқысы тыныш болу үшін және жын – шайтанды қуу мақсатымен адыраспанды отқа жағып, түтетіп, баланы бесікке бөлерден бұрын бесікті айналдыра ырымдайды. Кейде бесіктің бел ағашына қыздырылған темір тигізіп, те ырымдайды.

Баланың шілдехана, бесік тойынан кейін қырқынан шығаратын болған. Осы жерде қарқанан шығаруға тоқтала кетейік.

Қазақ халқының ғұмырында жеті, тоғыз, отыз, қырық бір сандары қасиетті деп есептеледі. Мысалы «Жеті жарғы», «Жеті қазына», «Бір тоғыз», «Үш тоғыз», «Қырықтың бірі – қыдыр» деген қағидалар осы сандық ұғымнан пайда болған. Соның бірі – баланы «қырқынан шығару» дәстүрі. Әдетте баланың туғанына қырық күн толған соң оеы ыдысқа қырық бір қасық су құйып шомылдырады. Бұл – ресми дәстүр. Оған үлкен әжелер, әйелдер қатысады, кәде беріледі, дастарқан жайылады. Сәбидің қарын шашы алынып, оны сәбидің өзінің киіміне матаға орап тігіп қояды. Мұндағы мақсат ертеде сурет болмағандықтан баланың сәби кезінен ескерткіш ретінде сақтаудан шыққан. Баланы қырқынан шығарудың тағы бір ерекше маңызы бар. Қырық күннен кейін сәби ширап, көз тоқтатады, құбылыс, дыбысты сезе бастайды. Қырқынан шығару дәстүрі , міне осыған байланысты шығып, ол сәбидің жан-жүйесінің қалыптасып, дені сау болып өсуіне деген ақ тілектен шыққан.

Осы жерде «қырқы» деген сөзге мән беру керек.

Қайтыс болған адамның да қырқы беріледі. Бірақ баланы «қырқынан шығарылды» деп, өлген адамға «қырқы берілді» деп атайды. Мұны шатастырып алуға болмайды.

Бала тәлімі мен тәрбиесіне қатысты ырымдыр мен кәделер де бар. Олар мынадай: құрсақ шашу, жарыс қазан, кіндік кесер, ат қою, бесікке салу, тыштырма, қырқынан шығару, тұсау кесу, тіл ашар, ашамайға мінгізу, аузына түкіру, шідерге сигізу т.б. [6, 68].

Көріп отырғанымыздай, қазақ халқы бала тәрбиесіне көп көңіл бөлген. Сәбиге бесікте жатқанында-ақ «Бесік жырын» айтып, өз қоғамына лайық тәрбиелі азамат болып өсуін де алғашқы сәттен басты назарда ұстайды. Біз сәби туралы айтқанда «Бесік жырына» тоқталмай кету мүмкін емес. Бесік – қазақ қауымы үшін аса қастерлі, қасиетті мүлік. Оны адами өмірдің бастапқы ұясы деп біледі.Бесік – көшпелі ғұмыр кешкен бабаларымыздан қалған қасиетті мұра. Қазақта “Есік көргенді алма, бесік көргенді ал”, “Бесік көрмеген ессіз болып есікке енеді”, “Есік арқалағаннан бесік арқалаған артық”, “Төрінде бесік тұрса, төре де бас иеді” деген ұлағатты сөздер содан. Көшпелі тұрмысқа бейімділігі сонша, бесікті анасы атқа мінгенде алдына өңгеріп алып жүре береді.

Қазақтар «бесік жырын» «әлди» деп те атайды. Әлдилеу – тербету немесе баланы адына алып бірқалыпты ырғау деген мағынаны білдіреді [31, 38].

Осы ойымызды дәлелдеу үшін келесі мысалға көз жүгіртейік.

Менің қазіргі келіндерім немерелеріме бесік жырын айта білмейді. Бесікте жатқанда құлағына анасының әлди әні сіңбеген баланың көкірегі кейін керең боп қалмаса деп қорқамын.

Ал менің кәрі апам Қызтумас маған ертекті көп айтатын, әлди әнді көп айтатын. Арада неше заман өтті, Қызтумас апамның сүйегі әлдеқашан қурап кетті, ал әлди ән айтқан үні әлі тұр құлағымда [4, 36].

Қазақ халқында, сонымен қатар, жаңа туған сәбиге байланысты «ат қою» ғұрпы бар. Жаңа туған сәбиге ат қою – ерекше салтанатты ғұрыптардың бірі.

Оның ежелден қалыптасқан жүйесі бар. Бала – адамның бауыр еті. Қай ата-ана да өз шаңырағында шыр етіп сәби дүниеге келгенінде оған ең жақсы есімді қоюға тырысады. Негізінен, жаңа туған сәбиге есім таңдауға қазақтан дана, қазақтан шебер халық жоқ. Алайда, әрбір ата-ана баласына ат қоярда өзіне жүктелер жауапкершілікті жете сезініп, оған сақтықпен қарағаны, он ойланып, он толғанып барып қана жүрегі қалаған есімді сәбиіне қойғаны абзал. Өйткені, есімдердің адам өміріне, адам атына планеталардың ықпалы өте айрықша.

Ырымға байланысты ат қою қазақтың салты бойынша, жас нәресте туған кезде ата-анасы ең сыйлы, қатты құрмет тұтатын адамына өз сәбиінің есімін қойғызады. Кейде олар келісе отырып, бала есімін өздері таңдайды. Егерде әке-шешесі, ата-әжесі тірі болса, өз немере, шөберелерінің есімдерін солар қояды. Мұндайда үлкен кісілердің айтқаны – заң. Олар айтқан есімді ата-анасының азан шақыртып, сәбиіне қоюы – бұлжытпай орындалатын міндет. Тек есте болатын бір жағдай, сәбиге ат қойғанда айтылуы қиын, қатаң дыбысты, жақсы да жаман мағына беретін, немесе айқайлап тұрған есімдерді қоймаған жөн.
Біздің дана халқымызда «Балаға қандай ат қойылса, оның болашақ тағдыры соған байланысты болады», — деген наным-сенім бар. Ырымдап ат қою – қазақтың қанына сіңген дәстүрі. Соның ішінде бала туысымен ең алғаш кездескен кісінің атын қою – бұрындары жақсы ырым саналған. Және де ата-бабаларымыз жаңа туған нәрестеге көз тимесін, өмірі ұзақ болсын деген ниетпен баласына әдейі түпкі мағынасы сиықысыз есімдерді де қойған. Қазақ халқында: Жаман, Қиқым, Шоқпыт, Сасық секілді есімдер сондай ырыммен қойылған. Жалпы, Шоқан Уәлиханов ырымды әдет-ғұрыпқа жатқызса,               Сейіт Кенжеахметұлы «Ырым – халықтың жақсы ниетінен туған ғұрып, халықтың сенімі мен ақ ниетінен, шын көңілінен туған ұлттық ерекшеліктің бір саласы»,- дейді. Олай болса, ырымдап ат қоюдың айыбы жоқ. Қайта ол – жақсы дәстүр.

Бұрындары балаға есімді бесікке бөлер алдында қойған. Қазақтың салт-дәстүрін зерттеушілердің бірі Ю.Бошняков бұл туралы былай деп жазады: «Баланы бесікке бөлерде күн ілгері ауыл-аймаққа хабар беріліп, әркім қал-қадірінше той жасайды. Тойға жиналғандар балаға қатысты екі шараны жүзеге асыратын болған. Бірінші кезекте балаға ағайын-туысының ұйғарымымен өздері іштей құптап жүрген есімді қою. Мұны сол ауылдың ең беделді азаматы сәбиді қолына алып азан шақырып, үш рет бала есімін құлағына қайталайды. Ал, ақсүйек әулеттердің баласына есімді молда құран оқып, кітапқа қарап қояды. Мұнда көптеген ырым-жорамал бар. Маңдайы нұрлы болып туған бала тіл-көзден аман жүруі үшін оған Итаяқ, Күшік, Жаманбала, Сасықбай деп, әдейі жиіркенішті есім қоя салады. Баламның аты затына сай болсын деп не-бір жаһангер қолбасшы, дінбасы, пайғамбар есімдерін де беретіндер болған. Бірақ, олардың есімін әке-шешесі ержеткенше жасырын атап жүреді. Себебі, бала ол есімді көтере алмай, өліп қалуы ықтимал деп жорыған» [32, 25].

Иә, баласының атын ырымдап қою – ата-анасының ниетін білдіреді. Сәбиге ат қоюдағы салт-дәстүр Негізінен, қазақ халқында балаға ат қойғанда ата-аналардың арқа сүйейтін ең басты он бес салт-дәстүрі бар. Олар:
1. Балаға артық саусағына қарай ат қою.  Есімдері: Артық, Артықәлі, Артықбай, Қосекен.
2. Балаға тіл-көз тимейді деген ниетпен ат қою. Есімдері: Жаманбай, Қойшыбай, Ошақбай, Тезекбай.                                                                                        3. Баланың дені сау, жаны берік болуы үшін ат қою. Есімдері: Тасболат, Тастемір,Шымырбай.

4. Баласы шетіней берген үйде жас сәбиге ат қою. Есімдері: Аман, Аманкүл, Есен, Жүрсін, Тоқтар, Тұрсын, Тұрсынкүл т.б.

5. Бала-шағаларының өмірі ұзақ болсын, көп жасасын деген ниетпен ат қою. Есімдері: Жанұзақ, Жүзбай, Жүзжасар, Мыңжасар, Өмірбек, Сексенбай, Тоқсанбай, Ұзақбай.

6. Бұрын-соңды болған қару-жарақ аттарына байланысты ат қою. Есімдері: Қылышбай, Мылтықбай, Найзабек, Садақбай, Шоқпарбай т.б.

7. Елдің ардақты азаматтарының атын солардай батыр, дана, өнерлі болсын деген ниетпен жаңа туылған балаға ат қою. Есімдері: Абай, Абылай, Ғабит, Жәнібек, Иса- тай, Қазыбек, Махамбет, Сәбит, Сәкен, Сырым, Төлеби, Ыбырай т.б.

8. Ерекше көзге түскен белгілеріне қарай ат қою. Есімдері: Анарбай, Қалдыгүл, Қалдыбай, Құдірет, Меңдібай, Меңдігүл, Сүндет.

9. Ислам дінінің әсеріне байланысты ат қою. Есімдері: Ғали, Жамал, Зылиха, Иса, Мұхаммед, Омар, Оспан, Сүлеймен, Хадиша.

10. Қыз аттарына аспан әлемінің, аңдардың, асыл тастардың, қымбат маталардың, нәзік өсімдіктердің атын қою. Есімдері: Айман, Алтын, Еңлік, Жібек, Жұлдыз, Күміс, Құралай, Мақпал, Меруерт, Раушан, Шолпан, Шынар т.б.

11. Мерзімінен бұрын дүниеге келген балаға ат қою. Есімдері: Лекер, Шалабай, Шалабек.

12. Мұрат-мақсатыма жеттім-ау деген ниетпен ат қою. Есімдері: Арман, Бақыт, Мақсат, Мұрат.

13. Соңғы балаға ат қою. Есімдері: Кенжебай, Кенжегүл, Кенжетай.

14. Төрт түлік мал, аң мен құстарға байланысты ат қою. Есімдері: Арыстан, Аюбай, Бота, Ботагөз, Бүркіт, Қойшыбай, Сандуғаш т.б.

15. Ұлы жоқ үйде қыз туғанда ат қою. Есімдері: Болған, Тойған, Ұлбала, Ұлтуған, Ұлмекен, Ұлбосын, Ұлтуар, Ұлжан, Ұлту т.б.

Ел ішінде «кіндік шешесі» немесе нәресте туған сәтте оның кіндігін кесетін әйелдер дайын тұрады. Кейде олардың «жол менікі» деп таласатын кездері де болады. Кіндік кесу – мәртебелі, абыройлы іс. Байыпты әжелердің шешімімен кіндік кескен әйелге «кіндік кесер» кәдесі беріледі. Бұл да жолы бөлек кәде. Кейін де «кіндік шеше» деп аталатын әлгі әйел сол баланың анасы есепті құрметке ие болады. Кіндік баласын оның өз анасынан кем санамауы керек. «Кіндік шеше» кейін келіп бала үйінен өз қалауын ала алады [6, 62].

Кіндікті ақбалтамен кесіп, таза жіппен байлап, түбіне күл сепкен. Ақ балтаны өзге нәрсеге пайдаланбай, сақтап қойған. Ер баланың кіндігін ырымдап «үй күшік болмасын» деп қырдан асырып лақтырған. Ал қыз баланың кіндігін «үйдің құты болсын» деген оймен от басы, ошақ түбіне көмеді. Оқымысты болсын деп кітаптың, ат құлағында ойнасын деп аттың жалына байлайды.

Баласы жоқ адамдар біреудің баласын асырап алуы ежелден бар қағида. Мұның да жөн-жоралары бар. Мысалы, жаңа туған баланы асыраушы анасы шаранасынан етегіне салып алады. Қазақтың ежелгі заңы бойынша асыраушы адам жаңа туған балаға атын қойып, оң қолына асық жілік ұстатады. Асық жілік ұстаған бала сол үйдің баласы есептеледі. Кейде баланың өз әке-шешесі балаға таласқан жағдайда асыраушы адам «оң қолына асық жілік ұстатып едім ғой» деп дауласады. Бұл үлкен дәлел, куәлік есебінде жүреді. Баланы «асырап алумен» қатар қазақ халқында «бауырына салу» деген дәстүр де бар.

Әдетте қарт аталар мен әжелер алғашқы немересін немесе жақын кісілер өз туыстарының баласын қолына алып, өз баласындай тәрбиелеп өсіреді, қолқанат қылады. Мұны «бауырына салды» дейді. Бауырына салушы адам өз ата-анасынан ажыратпайды. Баланы екі үйге де тең өсіріп әлпештейді. Әдетте үлкен кісілер мұндай баланың тәрбиесіне өте көңіл бөліп, оларды өнегелі азамат етіп өсіруге, халықтық жақсы қасиеттерді олардың бойына сіңіруге зор ықпал жасайды. Бала ержеткеннен кейін өз отбасына оралуына немесе бауыр басқан үйінде қалуына еркі бар [6, 69]. Мысалы:

Ғайнижамалды қырқынан шыққан соң-ақ бәйбіше Жәкіштен шығарып, бауырына салып, асырап алды [33, 74].

Бұл мысалда қазақтың салт-дәстүріне байланысты қолданылатын «қырқынан шығару», «бауырына салу», «асырап алу» тіркестері кездеседі. Ал олардың мағыналары жоғарыда айтылып кеткен болатын.

Баланың сана-сезімін жетілдіру үшін жасалатын тәрбиелік салттың бірі – ашамайға мінгізу салтанаты болып табылады. Жас бала есі кіріп 6-7 жасқа келген соң оған жеке тай атап, ашамай істетіп қамшы өріп «сен азамат болдың» деген сенім ұялатып, үйретілген жуас тайға әсем ашамай ерттеп мінгізіп, жүргізеді. Бұл баланың көңілін өсіреді, басқа балалар алдында мерейі көтеріліп, мақтаныш сезімде болады, тез есейеді. Оны еңбекке, адамгершілікке тәрбиелеудің ұлттық әдістемелік жолдың бірі – осы ашамайға мінгізу арқылы көрінеді. Ақ тілекті аналар шашу шашады. Басқа балалар тайға мініп жарысады. Аяғы шағын тойға ұласады [6, 75].

Осы сияқты кішігірім тойлардың бірі – баланы сүндетке отырғызу. Еркек баланы тақ жасында, яғни 3, 5, 7 жасында сүндетке отырғызады. Бұл мұсылман елдерінде ғана емес басқа діндегі елдерде де бар. Сүндеттеудің денсаулыққа, тазалыққа да пайдасы зор. Баланы сүндеттеу – үлкен рәсім. Ол – әр ата-ананың борышы. Бұл рәсімнің «сүндет тойы» деген сияқты жөн-жоралары болады, «қайырлы, құтты болсын» айтылып, шашу шашылады. Сүндер міндеті бұрын қожа, молдаларға ғана тапсырылса, қазір оны дәрігерлер де жасай береді. Бұрынғы кезде ауқатты адамдар бала сүндеттегенде үлкен той жасаған. Оны «сүндет тойы» деп атайды [6, 80]. Енді осы «сүндетке отырғызуға» байланысты ойымызды мысалдар арқылы дәлелдеп өтейік.

Бөжей мен Байсалға қарап:

— Сендер мұның сүндетке отыртқанда не дегенін естіп пе едіңдер? – деп, аз күліп алды. Абай өзінің балалық, шалалық мінезінің бірін, мынадай суық пішінді үлкендердің ортасында салғалы келе жатқан Қаратйға тіпті ырза емес еді. Қысылып, ұяла бастады. Бірақ тоқтатар шарасы жоқ. Сондықтан, бар тапқаны – ол бала өзі еместей, үндемей сазарып қалды.

Қаратай күле отырып:

— Сүндетке отырғызғанда, ауырсынып жылап жатып: «Құдай-ай, бұл қорлықты көргенше, қыз қып неге жаратпадың!..» депті. Сонда шешесі: «Ақылсыз балам-ау, қыз болсаң бала таппас па едің, содан қиын боп па?» десе, мынау: «Ойбай, онысы тағы бар ма еді?» деп, жылауын тыя қойып, шыдай беріпті, — деді. Үлкендер ақырын мырс-мырс күліп қойды [9, 19-20].

Біреудің баласы туысымен шетіней берсе, яғни баласы тұрмаса, онда одан кейінгі баланы «сатып алатын» ырым бар. Бұл ырым былай жасалады. Елдегі бақсы, белгер кемпір әлгі үйге келіп, «менің баламды ұрлап алыпсыздар, өзім алам» деп нәрестені ата-анасының наразылығына қарамастан алып кетеді. Бір-екі күннен кейін баланың әке-шешесі әлгі кемпірге барып «бала сатып алады». Кемпір баланы керегенің астынан алып береді. Сөйтіп, бұл бала «сатып алынған» бала болып саналады. Баласы тұрмай жүргендерге бұдан басқа да жасалатын ырым бар. Мысалы, әлгіндей баланың өмірі ұзақ болсын деп жеті кемпірдің екі аяғының арасынан өткізіп алады [6, 70].

Бұл жерде «сатып алу» тура мағынасында айтылып тұрған жоқ. Мұнда баланың әке-шешесі бала тұрақтасын деп «сатып алу» ырымын жасаған. Бұдан шығатын қорытынды қазақ бала өсіруді бақыт санаған. Балалы болуды армандаған. Мұны «балалы үй базар, баласыз үй қу мазар» дегеннен-ақ байқауға болады. Баласына жақсы тәлім-тәрбие беру үшін қаншама салт-дәстүрлерді сақтаған.