Қалайда халықты ояту, оның санасына, жүрегіне, сезіміне әсер ету жолдарын іздеген ақын айналып келгенде, ұлы Абай тапқан соқпақ, орыс әдебиеті үлгілерін пайдалану, аударма жасау дәстүріне мойынсынады. Бұрынғы ескі-ертегі, химия үлгілері емес, енді жаңа өлеңдік форма мысал арқылы, көшпелі елдің жақсы білетін стихиясы – жан-жануар өмірінен алынған шығармалар арқылы әлеуметтік ойға ықпал ету мақсатымен Иван Андреевич Крылов туындыларын аударып, «Қырық мысал” деген атпен 1909 жылы Петербургтен бастырып шығарды.
Бір жағынан қызықты форма, екінші жағынан ұғымды идея, үшінші жағынан, қазақ тұрмысына ет-жақын суреттер ұласа келіп, бұл өлеңдерді халықтың төл дүниесіндей етіп жіберді.
Жүк алды шаян, шортан, аққу бір күн,
Жегіліп тартты үшеуі дүркін-дүркін,
Тартады аққу көкке, шаян кейін
Жұлқиды суға қарай шортан шіркін.
Аудармада мін жоқ, мүдірмей, тұтықпай, есіліп-төгіліп тұр. Ендігі кезең оқырманына қатысты жаңа ой, соны пікір, толғаулы сөзді ақын өз жанынан қосады.
Жігіттер мұнан ғибрат алмай болмас.
Әуелі бірлік керек болса жолдас.
Біріңнің айтқаныңа бірің көнбей
Істеген ынтымақсыз ісің оңбас, —
деп елді тұтастық, ынтымақ жалауының астына шақырады.
Елдің азып-тозуына байланысты сарындарды Ахмет Байтұрсынов жұмбақтап, тұспалдап жеткізеді, кейде ашық, дәл айтылатын ойлар да бар:
Қасқырдың зорлық болды еткен ісі.
Ойлаймын оны мақтар шықпас кісі
Нашарды талай адам талап жеп жүр
Бөріден артық дейміз оның ісін.
Алуан-алуан ойға жетелейтін «Қайырымды түлкі”, «Ала қойлар”, «Үлес”, «Қартайған арыстан”, «Өгіз бен бақа”, «Қайыршы мен қыдыр”, «Ат пен есек” мысалдарында әлеуметтік-қоғамдық жағдайларды мегзейтін оқиғалар, адамдар психологиясымен сарындас әуездер, тағылымды, ғибратты тұжырымдар мол орын алған. Аудармашы негізгі түпнұсқа тексіне орайластырып, көркем ойға ой, суретке сурет қосып, пікірді ұштап, жаңа сарын — әуез қосып отырады. «Қартайған арыстан” мысалына:
Бақ қонса, сыйлар алаш ағайын да,
Келе алмас жаман батып маңайыңа.
Басыңның бақыт құсы ұшқан күні
Құл-құтан басынады, малайың да, —
деген жалғасты түйін жасайды. Бірнеше кісі тіл таба алмай, берекесі кетіп, өртке шалдығып, үлестен құр қалады. Осы «Үлес” өлеңінің түйінінде ақын өз позициясын ашық көрсетіп:
Ойласақ оқиға емес болмайтұғын,
Ел қайда өзін жаудан қорғайтұғын.
Қазіргі пайдасына бәрі жетік,
Адам аз алдын қарап болжайтұғын.
Аңдыған бірін-бірі жаудан жаман
Байқасақ ел белгісі оңбайтұғын.
Бұл белгі табылып жүр біздің жұрттан
Таласып бір-бірінің жүзін жыртқан.
Алданып арқадағы дау-шарына
Кәтерден кәпері жоқ,
келер сырттан, —
деп терең маңызы бар әлеуметтік ой толғайды.
Мысал жанрының қазақ әдебиетіне бойлап ену құбылысы әлемдік көркемдік дәстүрлердің типологиялық ұқсастығын көрсетеді. «Дала уалаяты” газетінде 1894 жылы 14 тамызда И.Крыловтың «Инелік пен құмырсқа” (аударған А.Құрманбаев) мысалының жариялануы – қазақ әдебиеті үшін жаңа бір арнаның басы еді.
Крыловтан Абай – 14, Спандияр Көбеев – 37, Бекет Өтетілеуов – 12 мысал аударған. Бір мысалдың бірнеше рет аударылғаны да бар. Мәселен: «Аққу, шортан һәм шаян”, «Ат пен есек”, «Қасқыр мен тырна”, «Шал мен ажал (өлім)”, «Айна мен маймыл”, «Маймыл мен көзілдірік” мысалдарын Ахмет Байтұрсынов та, Спандияр Көбеев те аударған. «Ала қойлар”, «Есек пен қамыс (шілік)”, «Бақа мен өгіз” мысалдарының Абай нұсқасы да, Ахмет нұсқасы да бар.
Абай аудармалары Крылов түпнұсқасымен көбіне-көп дәлме-дәл келеді, Спандияр Көбеев 8 мысалды қарасөзбен баяндаған. Ал Ахмет Байтұрсынов аудармаларында сюжет сақталғанмен, еркіндік басым, қазақ тұрмысына жаңа идеялар, заман тынысын танытатын жаңа ойлар айтылады. Түп негізі Федрдан алынған Крыловтың он жолдық «Шымшық пен көгершін” мысалы Ахмет Байтұрсынов аудармасында отыз екі жолдан тұратын жаңа шығарма. «Өгіз бен бақа” орысшада – 17, қазақшада – 36 жол, «Қасқыр мен тырна” орысшада – 19, қазақшада – 76 жол, «Арыстан, киік һәм түлкі” орысшада – 35, қазақшада – 56 жол, «Қасқыр мен қозы” орысшада – 37, қазақшада – 68 жол, «Ағаш” орысшада – 31, қазақшада – 56 жол. Бұл фактілер қазақ ақыны дәстүрлі оқиға, қалыпты бейнелерді ала отырып, ойға ой, суретке сурет қосып, жаңа, ұлттық төл туынды жасағанын көрсетеді. Бұрын емеурін, ишара, мегзеу, астар, мысалмен берілген ойлар «Маса” кітабында ашық, анық, дәлді, нақты айтылады. Мұнда Ахметттің өз басынан кешкен қиын-қыстау күндер, ауыр жолдар, қуғын-сүргін, жетімдік-жоқтық, бірталай өлеңдерге арқау болады; ел тағдыры, халық қамы, бостандық арманы – басты сарын.
Оқ тиіп он үшімде ой түсіріп,
Бітпейтін жүрегімде бар бір жарам.
Алданып жегеніме оны ұмытсам,
Болғандай жегенімнің бәрі қарам, —
деген жолдардың нақты өмірлік материалы әкесі Байтұрсынның 15 жылға Сібірге айдалып, қуғын көруі, бала жүректің тілім-тілім жаралануы. Ал, «Жиған-терген” өлеңіндегі:
Қазағым, елім,
Қайқайып белің,
Сынуға тұр таянып.
Талауда малың,
Қамауда жаның,
Аш көзіңді оянып –
деген сөздерді патша цензурасы кезінде жібермей тастаған. Ақын ашынып сөйлейді, тартыстар, қайшылықтарды көрсетеді.
Бұл бір сөз қасірет айтып хатқа жазған,
Қалмаған түк қасиет қазақ азған.
Байға мал, оқығанға шен мақсат боп,
Ойлайтын жұрттың қамын адам азған.
Күрес идеясы, келешек қамы үшін арпалысу, ел болу мақсаты бар тілектен жоғары қойылады:
Мен бұқтым, жаттым,
Сен бұқтың жаттың,
Кім істемек қызмет?
Ауызбен айтып,
Істерде қайтып,
Жоламасақ не міндет?
Тек жүрсе тоқ жүрмекті
Қиын деме білмекті.
Қазір әлем поэзиясындағы ділмар сөз – афоризм боп кеткен түрік ақыны Назым Хикметтің:
Мен жанбасам лапылдап,
Сен жанбасаң лапылдап,
Біз жанбасақ лапылдап
Аспан қалай ашылмақ, —
деген жолдарының Ахмет Байтұрсынов өлеңімен әуендестігі кісіні таң қалдырады.
«Маса” кітабына енген өлеңдерде жеке бастың мұң-шері, тұрмыс-салт суреті емес, негізінен әлеуметтік, қоғамдық ойлар, азаматтық идеялар айтылады. Өзін-өзі күйттеген, байлық үшін, мансап үшін ар- абыройын сатқан «жақсылығы өз басынан артылмаған”, «бос белбеу, босаң туған бозбала”, «бір тойғанын ар қылмаған шалдар”, «қайырсыз кеще сараң байлар”, «мәз болып құр түймеге жарқылдаған оқығандар” сыналады. «Туысыма”, «Досыма хат”, «Қазақ қалпы”, «Қазақ салты”, «Көк есектерге”, «Жұртыма”, «Қарқаралы қаласына” өлеңдерінде ұлы Абай сатирасын еске түсіретін сарындар, ойлар, образдар бар. «Анама хат”, «Жауға түскен жан сөзі” – қорлық-зорлыққа мойымаған, бостандық, еркіндік жолында бәріне көнген қайратты ерлер тұлғасын мүсіндеген жырлар. «Масада” Пушкиннен аударылған «Қыздыр дейсің мәжілісті, жан дейсің”, «Ат”, «Данышпан Аликтің ажалы”, «Балықшы мен балық”, «Алтын әтеш”, Крыловтан аударылған «Сорлы болған мұжық”, «Қаздар” шығармалары да берілген.
Қинамайды абақтыға жапқаны,
Қиын емес дарға асқаны, атқаны.
Маған ауыр осылардың бәрінен
Өз ауылымның иттері үріп қапқаны, —
деген жолдарда өз уақытының сыры айтылса:
Тән көмілер, көмілмес еткен ісім,
Ойлайтындар мен емес бір күнгісін.
Жұрт ұқпаса, ұқпасын, жабықпаймын,
Ел бір күншіл, менікі ертеңгі үшін, —
деген уақытта ақын болашақпен сырласқандай, өлместігіне сенеді.
Екі жинақ – «Қырық мысал”, «Маса” – қазақ әдебиетін жаңа тақырыптармен, идеялармен, ойлармен, өрнектермен байытты; Абайдың ақындық дәстүрі ілгері жалғасты, заман талабына сай жігерлі поэзия туды, бұдан кейін талантты ақындардың жаңа буыны тарам-тарам жүлгелерді тереңдетіп, жалғастырып әкететін болады.
Әр түрлі оқиғаларға, халықаралық жағдайға, заң, құқықтану, жер мәселесіне, отарлауға, ғылым-білімге, педагогикаға арналған «Тағы да народный сот хақында” (1911), «Қазақ һәм ІҮ Дума” (1912), «Земство” (1913), «Жер жалдау жайынан” (1913), «Көшпелі һәм отырықшы норма” (1913), «Уақ қарыз” (1913), «Бұ заманның соғысы” (1914), «Жәрдем комитеті” (1915), «Закон жобасының баяндамасы” (1914) (осы мақала үшін Ахмет Байтұрсынов штраф-айып төлеген), «Қазақ халқын билеу туралы 1868 жылы шыққан уақытша положение” (1914), «Губернатор өзгертілуі” (1914), «Соғысушы патшалар” (1914), «Қазақ жерін алу турасындағы низам” (1913), «Қазаққа ашық хат” (1916), «Бастауыш мектеп” (1914), «Қазақ арасында оқу жұмыстарын қалай жүргізу керек” (1923), «Партия һәм кеңес құрылысындағы рушылдық әсері” (1926) сияқты көптеген мақалалар публицист Ахмет Байтұрсыновтың көзқарасы эволюциясын, тарихи білігін, ойшылдық деңгейін, журналистік қарымын көрсетіп, рухани даму кезеңдерімізден мол хабар береді.
Ал ғалымның тілші, әдебиетші ретінде жазған еңбектері бірнеше том боларлық мол дүние, бұлардың ішінде 1913 жылы жазылған «Қазақтың бас ақыны” еңбегі – оқшау, дара тұр.
Абайдың тарихи миссиясы, рухани болмысымыздағы орны, көркемдік-эстетикалық сипаттар дұрыс көрсетіліп, терең талданып, алғаш рет қазақ оқырманының алдына тартылды. Өмірдің сан алуан көкейкесті мәселелерін арқау етіп жазған Ахмет Байтұрсынов мақалалары алдымен «Айқап” журналында, 1913-1918 жылдар арасында өзі редакторлық еткен «Қазақ” газетінде, кейін кеңес баспасөзінде жарияланған.
Мақалалар саны көп, олар мерзімді басылым бетінде шашылып жатыр, бұларды жинап, сұрыптап, ой елегінен өткізіп, жүйелеп бастырып шығару арқылы қоғамдық-саяси, әлеуметтік-тарихи зердеміздің қазір ойсырап, үңірейіп тұрған беттерін толтыратын боламыз. Қазіргі қолда бар материалдардың негізіне сүйенгенде қаламгер – оқу-ағарту, оқулықтар жасау, әліппе, емле, грамматика, жер иегері, кәсіп істеу, халықаралық қатынастар, тарих, құқықтану, заң, философия, қоғамдық күрестер, мәдениет, әдебиет, эстетика проблемаларын тереңнен қозғап, өз кезіндегі қоғамдық-әлеуметтік ойға мұрындық, ұйытқы болған пікірлер айтып, тұжырымдар жасаған. 1917-19 жылдар арасында әр қиянды шиырлаған кездерін автордың өзі де мойындаған.
Автордың «Қазақ өкпесі” мақаласында («Айқап”, 1911, № 2) тарихи мәселелерге объективті, ғылыми тұрғыдан қарайтындығы көрінеді, қазақ хандығы неліктен құлады, өз алдына дербес мемлекет болып тұра алмаудың себебі, Ресейге қосылудың негізгі жағдайлары деген проблемалардың жауабы айтылады. «Олжалы жерде үлестен қағылғанымыз, ордалы жерде орыннан қағылғанымыз, жоралы жерде жолдан қағылғанымыз – бәрі надандық кесапаты”, дей келіп, ел мен елді, ұлт пен ұлтты теңгеретін ғылым, өнер екенін айтып, оқуға, ағартушылыққа ден қояды.
Бұл бағытта жазылған, бірі-бірімен сабақтас мақалалар өте көп. «Оқу жайы” («Қазақ”, 1913, № 11) мақаласында өз кезіндегі мектептер ісін тиянақтай отырып, сол тұстағы Қостанай уезіндегі сауаттылық мәселелерін қозғайды, әрбір жүз кісіден 6 еркек қазақша, әрбір мың кісіден 6 еркек орысша, әл әрбір үш жүз кісіден 1 әйел қазақша, төрт мың кісіден 1 әйел орысша хат таныды деген дерек келтіреді. «Қазақша оқу әлі бір белгілі тәртіпке келіп жеткен жоқ, кемшілігі есепсіз көп. Қазақша оқу кітаптары жаңа ғана көрініп келеді. Тәртіппен оқытарлық мұғалімдер аз, оқу программасы жоқ, белгілі оқу жолы жоқ, салған мектептер жоқ, мұғалімдерге арналған айлық жоқ, оқытудың қазақша оқуды аймаққа бірдей жеткілікті ететін жасалған өрнек жоқ, оқыту ғылымын үйрететін даримұғалимун (педучилище) жоқ” деп күйзеледі. Мұның үстіне автор қазақша, орысша, екі тілде білім алу жүйесін ерекше қолдап, «жалпақ жұрттың қолы орысша оқуға түгел жетсін, оқымаған жан қалмасын” деп дәл қазіргі күндегі тәуелсіздік шарттары алға міндет етіп қойып отырған терең білім беру принциптерімен үндес тұжырым жасайды.
Ал, революциядан бұрын жазған еңбектердің басым көпшілігінің негізгі идеясы ағартушылық, демократтық, прогрестік биік нысана, олар біздің азаматтық, рухани дамуымыздағы маңызды, мәнді кезеңдер шындығын ашады, бірқыдыру ойлар, пікірлер дәл қазіргі уақытқа қызмет ететінін көруге болады.